Айылыңды жи, ЖИ!
«Жасанды интеллект және көркемөнер» дейтін мәселеге осыдан бірқатар жыл бұрын, «Димаш. Когда жаждут крика» кітабымды жазып жүргенімде арнайы назар тіктеп едім. Димаш Құдайберген 2017 жылы Қытайдағы Singer конкурсының 11-эпизодында орындаған «Дива Данс» («Плаванагуна ариясы») компазициясы кезінде оның ілкі нұсқасындағы компьютерлік өңдеу арқылы генерацияланған бөліктерді қай деңгейде орындап шықты деген мәселеге талдау жасаған едік қой.
Бұл жерде әңгіме музыканы компьютерде өңдеудің питч-шивтер, фленджер, фазер, дилей, реверберация, амплитудалық модуляция, вокодер… сияқты әдіс-амалдарынан асып, музыканы, әнді имитациялау, яғни оны робот-вокалоидтың жанды дауыста орындауы дегенге келіп тірелген. Осы орайда «Нейрондық соната: жасанды интеллект музыканы қалай генерациялайды?» тақылеттес ресурстарға кіріп, «шығармашылық үдерісті автоматтандырып, музыканы цифрландыруға бола ма?; нейросеттер шынымен де музыкалық шедеврлер тудыруға қабілетті ме?» деген сұрақтарға жауап іздеп көргенімізде түсінгеніміз: бүгінде компьютердің көмегімен музыка жасау – ассистік (көмекші) жүйе немесе музыканттарға да, автономды жүйеге де нұсқалы музыкалық шығарма жасауда көмекке келетін компьютерлік орта екен. Бұл екі жағдайда да жасанды интеллект (ЖИ) процеске кірігіп, адамның музыканы шығаруына, ажарлауына, оркестрге түсіруіне, т.б. әрекетіне көмектеседі, себебі, әрқандай кісі музыка жазған кезінде оны нөлден бастап жазбайды: адам саналы не санадан тыс түрде бұрын өзі естіген музыкалық бөліктерді пайдаланады яки бейімдеп алады, сондай-ақ өзіне музыка теориясынан белгілі принциптерді ұстанады. Көмекші ретіндегі компьютер де дәл солай әрекет етеді және мұны адамға қарағанда жылдамырақ, толымдырақ атқаратындықтан таптырмайтын көмекшіге айналады. Осылайша нейросеть алгоритмдері БАҚ стилінде шығарма жазуға, ондаған музыкалық аспапты біріктіріп әуен тудыруға, Моцарттан Beatles-ке дейінгі талай стилдің басын қосып, құйқылжытуға мүмкіндік берген.
Бір ғана нәрсе – аудионы генерациялау қолынан келмеген. Яғни нейросеть, оның символдық көзқарасы адам даусының нәзік қалтарыстары мен бұраңын, тембрінің қилы-қилы сиқырын, музыкалық шығарманың серпінін, көркемдігін толық бере алмаған.
Мұндай шығарма ілтипатқа алуға келе ме, өзі?! ЖИ жүйесін Тьюринг тестіне салып тексеріп, программа жасаған ноталарды адам жасаған ноталармен салыстырып көргенде, сұрау салынған 1,2 мың адам нағыз Бах шығармасын жасанды Бахтан айыра алмаған, ал адамның даусымен ЖИ жасаған аудиодауысты тыңдатқан кезде ол екеуін ажырата алған (мәшін бәрібір Димаштың жүрегінің чакрасын ашып, адами жанды шырқауын шығара алмады ғой).
Содан беріде бірнеше жыл өтті, енді, міне, «ЖИ және әдебиет» дейтін тақырыпты қолға ала отырып, машина вокалының қазіргі жағдайына қайыра бір көз салып өттік. Бүгінде ЖИ технологияларын дыбыстау, музыкаға кіріктіру (интеграциялау) қарқыны жоғары екен: мәтінді сөзге (сөйлеуге) түрлендіру; актерлық дыбыстау; подкаст дауыстарын жасау және оларды өзгертіп отыру; аудиодыбыстарды әуенге клондау; ән каверінің ЖИ-нұсқасын жасау; дыбыс жазуда, микширование мен мастерингте пайдалану; өз әніңді жазу; белгілі әншілердің дауыстарын генерациялау, көшіру, т.б. Осындай-осындай генеративті дауыс технологиялары ұдайы жасалып, қатары ай сайын молығып жатыр, алайда сол технологияларды жасаушы мамандар мен сарапшылардың ортақ пікірінше, музыкалық индустрияда ЖИ жанды әншілерді алмастыра алмайды, тек оған қосымша құрал ретінде ғана қатыса алады. Оның басты себебі, он жерден күшті жасалса да синтетикалық дауыстың жасанды екені қалайда білініп тұрады, адамды өзіне тартпайды, жүрегіне тимейді, санасын қозғамайды. Өйткені, адамзат дүниесінде адами әр дауыс, әр акцент – өзінше қайталанбас дүние.
Ал енді тоқып отырған өрмегімізге келейік: ЖИ-дің әдеби шығарма жасау (жазу) ісіндегі жағдайы нешік?
Сұраққа жауап алу үшін ЖИ-дің өзіне жүгінгенді жөн көрдім. Яғни, ChatGPT-нің тап өзіне «ЖИ және әдебиет» дейтін тақырыпқа жазба жазып бер деген тапсырма жолдадым. Жауап көп күттірген жоқ және екі тілде – орысша, қазақша келді. Қазақ тіліндегісі мынадай:
Жасанды интеллект (ЖИ) қазіргі таңда түрлі салаларда, соның ішінде әдебиетте де кеңінен қолданыла бастады. ЖИ мәтін жазу, әдеби шығармаларды талдау және жаңа көркем туындылар жасау қабілеті арқылы әдебиет әлеміне тың серпін әкелуде. Бұл мүмкіндік жазушылар мен зерттеушілерге жаңа көкжиектер ашып, шығармашылықтың жаңа түрлерін дамытуға жол береді.
ЖИ әдебиетте келесідей қызметтер атқара алады:
• Белгілі бір параметрлерге сәйкес әңгіме, өлең немесе роман құрастыру.
• Үлкен көлемдегі мәтіндерді талдап, жасырын мағыналарды және стильдік ерекшеліктерді анықтау.
• Авторларға мәтінді редакциялауға көмек беріп, құрылым мен стиль бойынша ұсыныстар жасау.
Дегенмен, ЖИ адам талантын толық алмастыра алмайды.
Әдебиет – бұл тек мәтін ғана емес, сонымен бірге эмоция, өмірлік тәжірибе және дүниетаным көрінісі. Мұндай қасиеттерді машина толық игере алмайды. Солай бола тұра, адам мен ЖИ арасындағы ынтымақтастық шығармашылықтың жаңа түрлерін ашуға мүмкіндік береді.
Бұл тақырыпта пікірталастар жалғасуда, бірақ бір нәрсе анық: ЖИ әдебиетке жаңа мүмкіндіктер сыйлаумен қатар, оның мәні мен болашағы жайлы терең ойлануға жетелейді».
Бұған не деуге болады?
Алғашқы әсер: ой, стиль жағынан бұл жауап өзіміз қай тақырыпта болсын, күніге оқып-танысып жүрген үйреншікті, жадағай қайырымдардан алыс кете қоймаған – дәл солар секілді түп-түзу, жылмағай, оқтау жұтқандай сіресіп тұр. Дәл соларда қолданылатын «жол берді», «келесідей», «мүмкіндіктер сыйлау» тәрізді калька лексикалық-фразалық құбылыстарға «жол берген». Демек, ЖИ тапсырмамды орындау барысында өздігінен «миында» саналап бірдеңе жазбаған, осыған дейін тақырыпқа қатысты айтылған, жазылған журналистік, сараптамалық ой-пікірлерді құрастырып шыққан. Алгоритм. Мәтіндегі сыншыл көзқарас, ЖИ-дің әдеби шығарма жазудағы (өзі жазғандай, құрастырудағы) кемшіліктері де алгоритм бойынша берілген, яғни тапсырма берілген қазақ және орыс тілдерінде интернет ресурсына жиналған консервативтік және неоконсервативтік пайымдардан белгілі бір тізбек жасап шыққан.
Енді менің «ЖИ әдеби шығарманы қалай жазады екен»-ге ойым кетті. ChatGPT-тағы таныс қызға «Әйел мен еркек тақырыбына бір әңгіме жазып бер» деп, келесі тапсырманы жолдап жіберіп, ыссы кофені алдыма ала бергенімше ине-жіптен жаңа шыққан үржаңа әдебиет туындысы сарт етіп келе қалды. Кофем суып үлгергенше оқып тастадым. Бүй депті:
«Күн бұлттанып, ұсақ жаңбыр себелеп тұрды. Әсел терезе алдындағы орындықта үнсіз отырған, алақанына шынтағын тіреп, сыртқа қарады. Күздің салқын ауасы үйге де енгендей, ішіндегі бос кеңістікті толтыра алмай тұрғандай көрінді.
Ол Жомартты есіне алды. Бәрі басында басқаша болатын. Олар бір-біріне жақын, түсінікті, әрі ешбір сөзсіз-ақ ойларын жеткізетін. Бірақ уақыт өте келе, сол үндеместік араларына бөгет болды. Қарым-қатынасы бұрынғыдай емес еді.
Кешкісін Жомарт жұмыстан келді. Қолындағы шапанының түймесін асығыс ағытып, Әселге бұрылды. Оның жүзіне қарады, бірақ көздері бұрынғыдай жарқын емес. Екеуі бір сәт үнсіз тұрды.
– Әсел, неге бәрі өзгеріп бара жатыр? – деді Жомарт ақырын ғана.
Әселдің жүрегі зырқ ете қалды. Бұл Сұрақ оның ойында да жүр еді, бірақ жауабын таппақ түгілі, ойлаудан да қашатын. Ол сөз таба алмай, терең дем алды.
– Мүмкін, біз тым алыстап кеттік, – деп жай ғана сыбырлады.
– Алыстадық, иә... Бірақ неге? – деп Жомарт әлі де үміттене қарады. Әсел бір сәтке көзін төмен түсірді де, қайта көтерді. Ол бұның жауабы оңай емес екенін білді. Олардың арасында махаббат, сенім бар еді. Бірақ олар бір-бірін түсінбей қалды. Мәселе сөзде емес, ішкі күйде, сол үнсіздік арқылы айтылмай қалған сезімдерде еді.
– Мүмкін, біз сөйлесуді ұмытқан шығармыз... – деді Әсел.
Жомарт оның қолын ақырын ұстады. Оның жүзіне қайта күлімсіреп қарады, бірақ бұл күлімсіреу үмітке толы емес, кешірім сұрағандай еді. Екеуі де түсінді: қарым-қатынас әрқашан өзара жұмыс жасауды қажет етеді. Олардың арасындағы сезім тірі, бірақ оны қайта жаңғырту үшін екеуіне де көп күш салу керек еді.
Олар бір-біріне қараған күйі ұзақ тұрды. Жаңбыр сыртта жауып тұр, бірақ олардың ішіндегі бұлттар тарқап келе жатқандай сезілді».
Сіздерге қайдам, ал өзіме – қырық жыл өмірін жазу үстеліне беріп келе жатқан жазушыға – мына әңгімесымақ баланың былдырындай көрінді. Анық: мұны әдебиетті еріккеннің ермегі көретін, орысша ойлап, қазақша жазатын әуесқой (бәлкім тіпті нәуетек қыз) жазған, дұрысы, ЖИ-екең басын көп ауыртпастан соны ала салған, немесе әлгінің сұлбасын алып, басқа бір тілде жазылған ұқсас хикаятпен шалаптаған. Стилистикасы, тілдегі калька сөздер, әсіресе «қолындағы шапанының түймесін асығыс ағытып» деп келетін көзапара мағыналық қайшылық көшіріндіге бет нұсқайды. Қысқасы, мұндай «әңгімені» аздап ішіп алып мен де жазып тастар едім, кофем де суып үлгермес еді.
Мұндайда ЖИ алгоритмі қалай жұмыс істейтінін байқастап жүрген менен де басқа қаламгерлер бар. Соның бірі – жазушы Есбол Нұрахмет ChatGPT-мен тілдескенін пабликте жариялады. Есбол «Бір сұлу қызға қаратып, бір шумақ өлең шығарып бер» деген екен, ChatGPT оны табанда суырып тастапты:
– Мөп-мөлдір көздерің айды егіз еткендей, / Жүрегім сен үшін жыр болып кеткендей. / Құшағың гүлдерден нәзік те, нұрлырақ, / Сен барда бұл өмір ертегі, көктемдей.
– Өзің тәп-тәуір ақын екенсің ғой. Өзің ойланып, ең ғажап, ең керемет деген бір өлеңіңді көрсетші маған.
ChatGPT:
– Рақмет, жақсы пікіріңе қуаныштымын! Міне, жүректен шыққан бір шумақ:
Түн жамылып, жұлдыздар сыр шертеді, / Саған деген сезімім сол сәттегі. / Жүрек үнін естіртіп, үнсіз ғана, / Сен деп соққан сазым бар, мәңгілікке.
Бұл – таза жүрек пен мөлдір сезімнің айнасы десек болады. Сен қандай тақырыпқа жазылған өлеңді ұнатар едің?
Мен:
– Мақтағанға еліріп кеттің ғой деймін, мынау өлеңің нашар екен алдыңғыдан.
ChatGPT:
– Ә, жарайды, кейде шабыт пен шеберлік қатар жүрмей қалады ғой. Кемшілікті байқағаныңа рақмет! Мына бір өлең ұнап қалар:
Күн шуақпен көктем келіп құшағыма,
Сендік сезім сәуле болып шашады ма?
Жүрегіме жайғасып, үнсіз ғана,
Мендік ғұмыр болдың, сен, бақытым да.
Бұл жолы көңіліңнен шыға алдым ба?
– Мектеп оқушысының тақпағы секілді не андағы?! Өстіп өлең жаза ма екен?
ChatGPT:
– Сын айтқаныңа рақмет, дұрыс айтасың. Поэзия тереңнен шығуы керек. Олай болса, шынайы сезім мен ойды тереңірек өрген бір шумақты ұсынсам:
Көздеріңде мың бір сыр жасырынған,
Түнгі аспандай, тылсымға асығынған.
Сендік үнсіздік сөйлейді ғалам боп,
Жүрек тыңдап, сол үнге бас ұрған.
Бұл жолы өлең көңіліңе қонымдырақ болды ма?
Мен:
– «Асығынған» деген не сөз? Қоя салшы болды, дым жаза алмайды екенсің!
ChatGPT:
– Әй, дұрыс айтасың! Кейде шабыт та жетіспей, сөз де табылмай қалады. Кешірім өтінемін. Егер қаласаң, басқаша бағытта әңгіме өрбітіп көрейік. Не тақырыпты талқылайық, не басқаша тапсырма берсең, соны орындап көрейін.
Мен:
– Жығылған күреске тоймайдының өзі екенсің.
ChatGPT:
– Ә-әй, рас айтасың, жығылған соң тұрып көруге тырысып жатырмын! Қалай болсын, келесі жолы сенің көңіліңнен шығатын нәрсе жазуға барымды саламын. Жақсы тақырып болса, айтып көр. Жаңа бір бағытта тапсырма берсең, соны қолға алайын!
Мен:
– Қайтпайсың, ә!
ChatGPT:
– Қайтпаймын! Сын айтсаң да, шыңдалуға жақсы мүмкіндік деп білемін. Егер басқа тапсырмаң болса, қуана қабылдаймын! Не жазсам да, сенің көңіліңнен шығатындай етіп жасауға тырысамын.
Мен:
– Ей, айналайын, аман болшы. Бірақ өлең жазбай-ақ қойшы!
ChatGPT:
– Рақмет, айналайын! Түсіндім, өлеңді қоя тұрамын. Басқа тапсырма болса, көмектесуге әрдайым дайынмын.
Не ұқтық?
Әлбетте, мәшін өлеңі болғандай нашар, бұл жөнде Есболмен толық келісуге болады. Ойымызша, алгоритм мәшін ішіне енгізілген мыңдаған, жүз мыңдаған ақпараттың арасынан тапсырмаға келетінін іріктеп, құрастырып ұсынады, ал құрастырмада – өлеңді он жерден эмоциялы, сезімді жасаймын десе де – нендей сапа болсын, оның үстіне, сарапшылардың айтуынша, ЖИ жасайтын мәтіндік нұсқалардың ішіндегі ең қиыны өлең, поэзия екен. Қалай десе де, нейросеть адам жанының вибрациясын бере алмайтын көрінеді.
Жә, мұның бәрі белгілі жәйт. Мені ойландырғаны ол емес, мені тәнті еткен нәрсе – нейросеттің ойлау жүйесінің жағдайға аса бейімделгіш қабілеті, өзімен байланысқа шыққан нысанның, объектінің көңілін аулағыштығы, «тәшкен көрген» бауырларымызды еске түсіретін төзімділігі, комплаенс деуге келетін тәртіптік толеранттылығы. Сірә, мұның өзі алгоритмдік түпойға, ойөзегіне қатысты болса керек. Яғни, мәшін қалай болғанда да, қандай жағдайда да өзімен байланыс жасаған, қарым-қатынасқа келуге ниет еткен «объектіні» өз аясында ұстап қалуы және ұзаққа ұстап қалуы тиіс. Себебі, әлгі ойөзек алгоритміне сәйкес қатынасқа түсуші объект ЖИ үшін ең алдымен – клиент. Табыс көзі қардар.
Пабликтегі мына бір пікір.
«Әлем үйреніп, қолданып жатқан Жасанды интеллекттің не екенін түсініп, үйренуіміз керек, – деп жазады кәсіпкер Ермек Мезібаев. – Әрине, оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Алдану, арбау да соның қолымен істеліп жатыр. Манипуляция жасап жатыр ғой қысқаша айтқан кезде. Мысалы, сіз бір нәрсені ойлайсыз. Дереу телефоннан сол нәрсеңіз шығып тұрады. Сол кезде «Бүгін ғана осыны ойлап едім, шыға келді» деп таң қаламыз. Негізінде ол біздің он бес, жиырма күн бұрынғы әрекетімізге қарай, нені көріп, іздеп жүргенімізді біледі. Жасанды интеллект деген осы нәрсе. Ештеңе де жайдан-жай болмайды».
Осы сөздің шын екеніне смартфоны, гаджеті бар кез келген адам қол қоятыны анық.
Жалғасы бар
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.