Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Соңғы көш - соны тақырып еді...

30.10.2020 12356

Соңғы көш - соны тақырып еді 12+

Соңғы көш - соны тақырып еді - adebiportal.kz

Жазушының тағдыры, өмірбаяны өзінің жазған шығармасында тұратындығы да заңды құбылыс. Бір жазушының: «Өмір жолымды сұрап неғыласың, бәрі шығармамда тұр емес пе?» - дейтінінің себебі осы ғой. Қабдеш Жұмаділовтің де өмір жолы, ес біліп, ержеткеннен бергі көргені мен түйгені – шығармаларында көрініс тауып жатқаны анық. Бұл тұрғысында жазушы өзінің «Соңғы көш» роман-дилогиясы туралы жазған мақаласында былай деген екен: «Осы ғасырдың жуан ортасына дейін қазақтың көшпенді өмірі сақталып келген сонау Шығыс Түркістан жерінде туып өстім. Цивилизациядан шалғай жатқан елдің тұрлаусыз тағдыры, құландай үріккен көшпелі халықтың шекараларды көктей өтіп, әрі-бері жөңкілуі, ұлттық езгі мен отаршылдық саясаттың небір түрі, қуғын-сүргін, атыс-шабыс, түрме, ашаршылық, ақыры қорлыққа шыдамаған момын халықтың тоз-тоз болып, босқындыққа ұшырауы – бәрі-бәрі бастан кешкен, дәмін татқан жайларымыз ... «Соңғы көш», міне осы оқиғалар арқау болды». Иә, Қабдеш Жұмаділов туындыларындағы оқиға-мазмұны шекараның арғы беті мен бергі бетін бірдей қамтып жатады десек, жазушы шығармашылығының басты арқауы жоғарыда өзі айтқандай мазмұн мен идея ауқымында екендігіне оның алпыс жыл бойы жазған туындыларын шолып өткенде-ақ аңғаруға болады.

Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» роман дилогиясының бірінші томы 1974 жылы жарық көрген екен. Бұл кезең – сонау «Қаһар» (Ілияс Есенберлин) романынан басталған, ұлт қаймақтары болған әйгілі тарихи тұлғаларымызды әдебиетімізге қайта оралтып, санамызға зор сілкініс жасалып жатқан кез болатын. Талай-талай кесек те тамаша романдар дүниеге келіп, қазақ халқы тоқырау кезеңіндегі рухани жаңғыруды бастан кешіп жатты. «Соңғы көш» осы тұрғыдағы алғашқы туынды деп айту – әбестік болар, әрине. Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманай» туындысы бұдан он жыл бұрын жазылған болатын. Бірақ шетелде тұрып жатқан қазақтардың сан қилы тағдырын, арман-мақсатын эпопеялық ауқымда алғаш тарқата жазып оқырманға ұсынған – Қабдеш Жұміділов екені даусыз. Бұл роман-дилогияның мазмұны болып, оның тақырыптық-идеялық тұтастығын құрап тұрған негізгі арқау – Шығыс Түркістан өңіріндегі қазақ және басқа да халықтардың Қытай отаршылығына, қарсы күресі болып тартылады.Романға осы күрес барысындағы алуан түрлі оқиғалар үздіксіз желі тартып, көз алдымызда өтіп отырады. Яғни қазақтың азаттықты аңсауы, елдікті сақтауы – романның басты лейтмотиві ретінде тартылған. Автор қоғамдық қайшылықтарды дәуірлік сипатта қарастыра отырып, сол қоғамдық қайшылықтарды, әлеуметтік теңсіздіктердің қазақ халқының тағдырына жасаған ықпал-әсерін тұтас бір ұлттың және жеке адамның психологиясындағы көрінісі арқылы ашып көрсетуге ұмтылады. Шығарманың жалпы құрылысынан, сюжеті мен композициясынан, сомдалған үлкенді-кішілі образдар қатарынан осы мақсат айқын көрініп отырады.

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ: Қабдеш Жұмаділов - суреткер жазушы

Туындыдағы сюжетке арқау болған оқиғалар шығармадағы кейіпкерлердің қарым-қатынасынан туындауы арқылы, композициялық тұтастық туындап, сол заманның шынайы келбеті, атмосферасы бейнеленеді дейтін болсақ, «Соңғы көш» романы Шығыс Түркістан аталған, түп баба түркінің, одан бергі қалың қазақтың байырғы мекені, бүгіндері жат қолында қалған ұланбайтақ өлкеде жасап жатқан елдің қилы тағдыры, қоғамдық қарым-қатынасы, өмір-тіршілік ахуалының айнасы. Романдағы үлкенді-кішілі образдардың әрқайсысы айқын сомдалған. Ел ақсақалы Қанағат би, Нартай, Жасыбай, Шәкен, Тұрсын – аға буын өкілдері. Олардың ізін басып келе жатқан келешек иелері Нұрбек, Жағыпар, Жолбарыс, Естайлар – өз-өзінің іс-әрекеттерімен оқырманның есінде қалатын образдар. Коммунистік дәуір әдебиетінің түсінігімізге меншіктеп берген бір категориясы – жағымды және жағымсыз образ. Кез келген туындыдағы кез келген кейіпкер бірыңғай жағымды немесе бірыңғай жағымсыз болуы мүмкін де емес болар. Бірақ қалай болғанда да соципеализм салтанат құрып тұрған кезеңнің өнімі «Соңғы көш» романында небір жағымсыз мінез-құлықтардың жиынтығы іспетті образдар бар. Олар ел ішінен шыққан ішмерездер – Нұғыман, Ермек, Шөншік, Қожан Хамитовтар. Бұлар – қайдан тегін жем түседі деп есепқойлықпен өмір сүретін мансапқұмар, дүниеқоңыз адамдар ретінде суреттеледі. Олардың сыбайластары – басқыншы держава Қытайдың жымысқы да өктем дөкір саясатын ел ішінде жүзеге асырушы Ли Хүң, Яан Ке, жаң Жүң Хуалар. Қазақтың психологиясын әбден меңгерген бұл жатжұрттықтардың ретін келсе-ақ ел билеушілерінің ортасына от салып, өктем елдің бағзыдан бергі ұстанымы «бөліп ал да билей берді» қалай ептілікпен жүзеге асырып отырғандығын жазушы түрлі жағдаяттар арқылы шебер суреттейді.

Романда қазақ әйелдерінің сан түрлі бейнедегі галереясы бар. Қазақ әйелі – қоғамдық үрдістерден аулақ, отбасын ғана күйттеген, локальді тіршілік етіп, бала қамын, бай қамын ғана күйттейтін жандар емес. Қазақ әйелінің қоғамдағы орны қашан да биік болғанына романдағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне қарап көз жеткізуге болады. Романдағы Балжан, Жұпар, Дүрия, Торғын, Зипа, Сақыпжамал, Нұрғаным т.б. асыл аналар мен ару қыздар образдары жоғарыдағы сөзімізге дәлел бола алады. Тұтастай алғанда жазушының шығармада бейнелеген образдар жүйесін топтау тәсілін романның идеялық-көркемдік табиғатымен бірлікте алып қарастырған жөн болмақ. Жазушы өз шығармасында адамдардың жеке өмірін, тағдыр жолын бейнелей отырып, оны типтердіре келе, тұтастай бір халық басындағы ахуал деңгейіне көтереді. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» демекші, қазақ халқы соңғы төрт жүз жылдың өзінде ғана қаншама рет құрып кетудің аз-ақ алдында қалды. Автор осы тарихи шындықты көркемдік шешімдер арқылы сәттті бейнелейді. Романда үстем ұлт өкілдері мен өз арамыздан шыққан зорлықшылдардың теперішіне, қиянатына қарсы күрестің ащы шындығын бейнелейді. Шекарадан арыс асып, бері асып, қай жақта мамыражай тірліктің көзі бар, соған тұрақтап түтін түтеткен қойдан қоңыр қазақты жылы орнынан суытып, мазасын қашырған – 1949 жылдан бастап Қытай билігін қолына алған қызылкөз коммунистердің биілігі болатын. Кедейдің күнін жоқтау деген ұранмен келген коммунистер қазақтың дәстүрлі қоғамының тұнығын лайлап, Шәуешек айналасындағы елдің әптер-тәптерін шығарады. Бұрынғы ел ішіндегі Әкпар мен Әбілғазы арасындағы сияқты ұсақ-ұлаң дау-дамайлар мен руаралық кикілжіңдер адыра қалады. Алуан түрлі оқиғалар арқылы кейіпкерлер өз-өзінің мінезімен даралана түседі.

Романда шығарма негізін құраған жеке эпизодтар, қысқа оқиғалар молынан ұшырасады. Жазушы солардың барлығын: эпизодтарды, сюжеттік желілерді бір арнаға біртіндеп жымдастырып әкеліп, бүкіл қоғамды жайлаған әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті шеберлікпен суреттеп, баяндап көрсетеді. Ел ағалары Қанағат би, Нартай, Тұрсын, Жасыбайлардың ұлтына қорған, атына тұрман болсам деп алаңдаған күйлері алуан түрлі оқиғалар арқылы нанымды берілген. Олар елдің басына түскен нәубетті жан-тәнімен сезіне отырып, одан шығар жолды іздейді. Автор әр кейіпкердің аузына елдіктің ұраны болған сөздерді салып сөйлетеді, оқырманды ойландыра отырып, жігерін жаниды.

Алдыңғы жақта атап өткеніміздей, романда жағымсыз образдардың болуы да сөзсіз ғой. «Соңғы көш» романыда жазушы суреттеуі бойынша өздерінің жағымсыз іс-әрекеттерімен көрінетін, жан-жақты анық-қанық суреттеліп, сомдалған образдар жүйесі де өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Олардың бойындағы адам баласына тән жағымсыз қылықтар, психологиялық халдер оқиғамен бірге өріліп, шынайылығымен оқырманның бірде зығырданын қайнатып, бірде еріксіз бас шайқатып отырады. «Жазушының өмірдегі ұсақ-түйек, кездейсоқ жанрлардан аулақ биік талғамы арқылы жинақтау мен даралау әрекетінен әдеби бейне туады. Әдеби бейненің өмірдегі модельдерін өзгерте, құбылта, құлпырта келгенде суреткердің шығармасындағы әр кейіпкердің болмыс-бітімінде бір адамның емес, әр алуан адамның сыр-сипаты жатады», - деп академик З.Қабдолов айтқанындай, романдағы бір адамның бойындағы мінез-құлық, әс-әрекеттің типтік сипатқа ие болуы мен белгілі бір образды сомдауға қолданылған портреттік тәсілдің де осындай деңгейде қарастырылуы – жазушының шеберлік қырын танытады. Яғни, романдағы жағымсыз сипаттағы образдың өзіне тән мінез-құлқын біз күнделікті өмірден көріп жүрген болсақ, ол – жазушының өз шығармасы арқылы шынайылыққа жеткен жетістігі болмақ.

Шығарма сюжетіне мінездің кірігіп кетуі ондағы тартысты ширықтыра түсетін тәсіл болмақ. Өмір шындығының сан алуан қалтарыс-бұлтарысын айқара ашуға себеп болатын адам мінезінің алуан сипаттарын көркем шығармаға түсіру – шеберлікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Суретпен салған портрет адамның сыртқы қалпына қоса, ішкі жан дүниесінің де біршама құбылыстарын бере алуға қабілетті дейтін болсақ, сөзбен суреттеу – одан да күрделі психологиялық тереңдік болмақ. Психологиялық ахуалдың терең нәзік иіріміне бойлай отырып, детальдер арқылы тұтас бейнені біртіндеп аша түсу – Қабдеш Жұмаділовтің жазушылық машығына тән. «Соңғы көш» романындағы типтік образдардың оқырман үшін іс-әрекеті мен мінез ерекшеліктері маңызды ғана емес, олардың алуан түрлі әрекет үстіндегі динамикалық портреттері де маңызды. Алуан түрлі образдарды сомдап, бейнелеудегі олардың әрқилы болмысы мен бітімнің шынайылығы арқылы суреткер жазушының сөзбен сурет салудағы яғни қанық та нанымды портрет құрудағы шеберлігі аңғарылады. «Соңғы көш» роман-дилогияның композициясы арқылы Шығыс Түркістанды мекендеп отырған халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі сымдай тартылған сюжеттік желілер арқылы жүйелі суреттеліп отырады. Жазушы романға көшпенді елдің тұрмыс-тіршілігін негіз етіп ала отырып, заманға сай орын алған түрлі қоғамдық құбылыстардың халықтың мінез-құлқына, әдет-ғұрпына салған қолтаңбасын анық бейнелеп көрсетеді. Романдағы «Саржайлау» бөлімінде бейнеленетін, әлі қаймағы бұзылмаған даланың мамыражай өмірі осының айқын дәлелі. Ел ішіндегі талас-тартыстар біртіндеп ұлғая түскен сайын мамыражай күйдегі даланың тіршілігі де шырқы бұзылып, күрделене түседі. Романнан жазушының өзіне тән суреттеу машығын, уақытты, қоғамдағы құбылыстарды берудегі қолтаңбасын көреміз. «Кешегі Шөпшік», «Бүгінгі Шөпшік», «Кешегі Нұғыман», «Кешегі жайлау», «Бүгінгі жайлау» деген ұғымдарды автор уақытқа байланысты, біртіндеп өзгеріп, бұзылып бара жатқан қоғам мен жеке адамға қаратып қолданып отырады.

Қазақ халқы ХІХ ғасырдың жүзінде толық отарланып болды. Мәнжулік Шың империясы мен Шароссия немесе Патшалық Ресей қазақтың байтақь даласын екіге бөліп алып, біртіндеп баурап, алдымен жерін одан соң ондағы елдің рухын жаулап отарлауға толық кіріскен заман – ХХ ғасыр болатын. «Соңғы көш» романында отаршылдық саясаттың Шың империясының жұртында пайда болған Қытай мемлекетіндегі қазақтарға қаншалықты зардап тигізгенін ашып көрсетеді. Гоминдан билігі құлап, Шығыс Түркістан мемлекетінің күні бітіп, осының бәрін біртіндеп жалмай түскен жаңа биліктің ашкөз қалпы анық суреттелген. Роман оқиғасының негізгі желісі Қытай Халық Азаттық Армиясының Шығыс Түркістанға келуі, ел ішінде сақталып отырған қару-жарақтарды жинауы, өздеріне қарсы шығады-ау деп қауіптенген, ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан күрескер ерлердің тізімін жасауы, оларды біртіндеп жылы орнынан қозғап қуғын-сүргінге ұшыратуы, түрмеге тоғытып жазалауы, ақыры осындай қорлық-зорлыққа шыдаамған жергілікті халықтың, қалың қазақтың сәбет жеріне, яғни Атажұрт Қазақстан жеріне үдере көшуі болып тартылған. Романның өне бойына осы аталған оқиғалар желісіне ұсақ сюжеттік желілер жымдасып қосыла келіп, көлемді роман-дилогиялық сюжеттік-композициялық тұтастыққа қол жеткізілгенін көреміз.

Ұлтымыздың тарихындағы ең өзекті мәселелердің бірі – көшбасшылардың ерік-жігері мен ар-намысына негізделген асқақ рухани күш-қуаты еді. Сол себепті де қазақты отарлауға келген Қытай басқыншылары қарапайым халықтан қауіптенбей, олардың көшбасшы серкелерінен сезіктеніп, олардың көзін жоюды мақсат тұтуы – осыны білгендік еді. Романда қаақтың бай-бағландарын тұтқындап Үрімжіге әкетуі – осыған байланысты туындайтын сюжеттік желі осыны танытады. Қазақтың бас көтерер басшыларын тып-типыл етіп құртатын болса, өзге қалың жұртты қойдай жуасытудың, сөзсіз бағындырудың оңайлығын отаршылар жақсы түсінеді. Романдағы алуан сюжеттер арқылы бұған көзіміз айқын жете түседі. Сол себепті де жазалаушылар алдап-арбау, үркітіп-қорқыту т.б. әдістерге басып, қапысыз қимылдауда. Ел үшін еңіреген ерлер: Нартай, Тұрсын, Шәкендерге ату жазасын беріп, Нұрбек, Естай, Жағыпар, Жолбарыстарды түрмеге қамап, алуан түрлі қорлық көрсетеді. Басқыншыларға жәрдем берген жергілікті екібеткей пысықтар мен залымдар тарих сахнасына шыға бастайды. Халықтың абдырап, көшбасшыларынан айрылған қиын жағдайын қазақ ортасынан шыққан кейбір жетесіз пысықтар жете пайдаланып, ел ішін алатайдай бүлдіріп жатты.

Жазушы осы проблеманы тарихи шындық деңгейіне көтере отырып, тарихи шындықты көркем бейнелеуде кеіперлер іс-әрекетінің, мінездерінің қанық психологиялық дәйектілігіне мән береді. Сөйтіп халық трагедиясы табиғатын ашады. Бұл тұрғыдан алғанда Қабдеш Жұмаділов – қаламы әбден төселген, өзіндік айтар ойы бар, қоғамға берер бағасы бар, кемелдікке келген, алымды да толымды жазушы. Бірақ бір ескерерлігі – автор өз кейіпкерлерін өздеріне тән уақыт пен кеңістіктен тысқары шығандатып, олардың болмыс-бітіміне, прототиптік тұлғаның іс-әрекетіне, қызметіне сәйкес келмейтін деңгейге жеткізіп суреттемейді. Себебі, өз қаһармандарын тым жоғары бағалап, олардың тарихтағы орнын аса әсірелеп жіберсе – жарасымды болмайтынын автор жақсы біледі. Жазушының өзіндік даралығы – көркемдік шешімінің нанымдылығында, шынайылығында дейтін болсақ, ол көркемдік шешім автордың машық шеберлігіне байланысы екендігі де анық дүние.

Жалпы алғанда әр дәуір өз тұлғасын, қаһарманын тудырады десек, романдағы Оспан, Нартай, Тұрсындар – өз заманының тарихы сахнасына көтерілген, ұлт-азаттық көтерілістің басшылары. Ал кейінгі ұрпақтың қаһармандық бейнесі олардан басқаша. Жазушы мұны шығарманың көркемдік шешіміндегі ішкі даму динамика, ішкі заңдылықтар, характерлердің логикасы арқылы айқын танытып отырады. Романдағы ерек тұлға – ел бірлігінің, елдігінің ұйытқысы болып бейнеленетін, бірте-бірте тұлғасы сомдалып, айқын образ болатын Қанағат бидің орны ерекше. Жазушы қазақтың бойындағы ең бір тамаша асыл қасиеттерді осы Қанағат бидің бойына жинақтағанын көреміз. Ел қорғаны, ұлтының арқа сүйер адамы Қанағат бидің алуан түрлі жағдайларда көрініс тауып отыратын биік адамгершілік қасиеті, қандай да бір сындарлы шақтарда қиыннан жол табар көрегендігі, соңынан ерген қара орман халқының қамын ойлаған азаматтығы романда толығынан баяндалып, суреттеледі. Қанағата бидің ата-анадан айырылып жетім қалған Шөпшекті ел қатарына қосып адам етуі, қиындыққа ұшыраған Нұрбектің әкесі Жанғабылдың отбасына қолұшын беріп, төніп тұрған қауіптен құтқаруы, ел арасындағы бітіпсепс алауыздық, дау-жанжалдан әбден тан берекесі кеткен Төлеубайды өз қамқорлығына алып, ауылына әкелуі тағы басқа да оқиғалар арқылы Қанағат бидің биік адамгершілік бейнесі сомдалып, тұлғалана түседі. Қанағат би – коммунистік кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі жағымды қырымен суреттелген ел билеушілерінің бірі болып саналады.

«Соңғы көш» романындағы ерекше сомдалан, көп қырлы сипатқа ие кейіпкерлердің бірі – Нұғыман образы. Нұғыман – сталиндік қуғын-сүргін заманында, Қазақстандағы байларды тәркілеу нәубетінен қашып, арғы бетке асып өткен еті тірі адамдардың бірі. Шындығында Нұғыман образы қазақ әдебиетінде Қабдеш Жұмаділов әкелгенге дейін болмаған, өзіндік жаңалыққа ие сомдалу. Оның сырт көзге момын көрінгенімен, ішкі дүниесі бұлқынысқа, қайшылыққа толы бейне. Оны сұңғыла би Қанағат қан ааңдап қояды. Автор мұны былай деп береді: «Оның кейбір қараңғы қалтарысын, қияндағы қоймасын Қанағаттың ғана сұңғыла назары шалып қалушы еді». Өмірде шыбын жанын сауғалап қалу үшін неден болса да тайынбайтын Нұғыман қажет болғанда өзінің қызы Дүрияның тағдырын саудаға салып, Нартайды сатқындықпен арандатып жібереді. Нұғыман образы – романдағы өзінің күрделі сипатымен ерекше. Романдағы Қанағат би мен Нұғыманның образдары – іс-әрекеттері мен ішкі жан дүиелері арқылы бір-біріне мүлде қарама-қайшы бағытта суреттеледі. Яғни романдағы адамдық пен аярлықтың, жақсылық пен жамандықтың өзара бітіспес жаулығы, мәңгілік арбасуы – осы екі кейіпкердің іс-әрекетіне сыйып тұр деуге болады.

Романдағы біршама характерлердің табиғаты Нартай, Шәкендерді «халық жауы» ретінде қаралау жиналыстары үстінде ашыла түседі. Оларға еш негізсіз, өтірік жала жабылып, ату жазасына бұйырылып жатқанда жандарына араша болар ешбір адам табылмайды. Автор осылайша біртіндеп ширықтыра отырып, оқиғаның шарықтау шегін Нартай мен Шәкенді көптің алдында, ашық алаңда ату оқиғасына алып келіп тірейді. Осы бір қайғылы мезетте Нартай мен шәкеннің өлімін көзімен көрген Дүрия әкесінің қырсығынан жазықсыз төгілген қанның киесіне жолығып, жазылмас дертке ұшырап, жастай дүние салады. Нұғыманның жасаған қиянатшыл ісі осылайша өз ұрпағының маңдайына сор шоқпары болып тиеді. Романдағы ақын жігіт Естайдың рөлін де жеіл бағалауға болмайды. Бірінші кітап пен екінші кітаптың бойында көрініс табатын Естай образы – табиғатынан нәзік жанды ақын адамның бейнесі. Ол қоғамда болып жатқан әділетсіздіктерді көзден кешіп, бастан өткере жүріп, оларға елмен бірге қиналып, күйзеледі. Естайдың шығармашыл тұлғаға тән әсершіл де арманшыл бейнесін автор сәтті сомдаған.

«Соңғы кеш» романында Қазақстандағы тәркілеу, ұжымдастыру науқандарынан қашып өткен Нұғыман, Нұрбек, Жаңғабыл, Жолбарыс, Шаштығалилардың алуан түрлі тағдырлары бар. Сондай-ақ Ресейден қашып шыққан келген Бакиш, Бакич, Тимофей Медведевтердің де іс-әрекеті өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Олар романның жалпы композициясындағы алуан түрлі оқиғалар барысында өз іс-әрекеттерімен көрініс тауып отырады. Қазақстаннан бас сауғалап қашқан халықтың, жеке адамдардың тағдыры, шекара бойындағы олардың көрген қиыншылықтары, аштыққа, тонаушылыққа ұрынуы – ұлт тарихының айқын ақтаңдақтары еді. Мұның бәрі де сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қырағы цензураның сүзгісінен сығымдалып жеткен шынайы шындықтар болатын.

Жазушы тұтас бір дәуірді сол кезеңде өмір сүрген алуан түрлі мінез-құлықтағы адамдар образы арқылы, олардың әрқайсысыынң ішкі жан дүниесі мен сыртқы дүниені қабыстыра,түйсіне қабылдауы арқылы танытуға ден қояды. «Соңғы көш» романының тақырыбы, идеясы да осындай бүтіндікке, бірлікке келіп бекиді. Автордың романды құруы, ондағы негізгі тартыс қалпы – тек сыртқы сюжеттік даму арқылы ғана емес, ондағы үлкенді-кішілі образдардың ішкі дүниесінің қайшылықтары арқылы да ашылып отырады. Бұрынғының бәрін мансұқтап, жаңа қоғамдық құрылыс орнатуға кіріскен қызылдар билік құрған алмағайып-аласапыран уақытта ел өмірін билеп жатқан коммунистік өкіметтің мақсат-мүддесін, идеясын терең зерттеген қаламгер оны екі мемлекеттің тәжірибесіндегі қалып-күйін терең суреткерлікпен көрсете алған.

Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» роман-дилогиясы – «Таңғажайып дүние» мемуарлық романында өзі айтқанындай, үлкен жазушы ретінде көпшілікті мойындатқан, оның қаламгер ретіндегі суреткерлік зор әлеуетін, дүниетанымдық көкжиегін, бай да көркем тіл шұрайын, қаһармандарды көркем бейнелеп, айқын сомдап таныта алу шеберлігін көрсеткен, қазақ әдебиетіне қосылған кесек туынды болды. Қазақ халқының бір бөлігін қармап алып, отаршылдық саясатын жүргізіп отырған Қытайдың бет-бейнесін аямай ашып суреттеген туынды жазылып, жарық көріп жатқанда, Атажұрт Қазақстанның өзінде тіл мен діл «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген аяр ұранның желеуі астында тоқырауға ұшырап жатқан заман болатын. «Соңғы көш» пен «Тағдыр» романдарының көтерген тақырыбы, оқиғалардың өтетін орны шекараның арғы бетінде болғанымен, оның идеялық тұрғыдағы арқалаған жүгі – барша қазақтық, соның ішінде Атажұрттағы қалың қазақтың да арман-мақсаты болатын. Бұл екі томдық романға жүк болған – автордың және оның отбасы мен ауыл-аймағының басынан өткен қилы тағдырдың сұлбасы екеніне «Таңғажайып дүниені» оқығанда анық көз жеткізуге болатындай.

Шекараның арғы бетіндегі қалың қазақтың өмірінен сыр шертетін «Соңғы көш» роман-дилогиясы жазылған соң жазушы бұл тақырыпты жылы жауып қойған жоқ. Бұдан соң оқырманға «Тағдыр» романын ұсынды. Жалпы алғанда Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көші» мен «Тағдыр» романдарындағы ортақ мәселелерді атап өткен дұрыс болмақ Ең әуелгі, ортақтық – аталған екі шығармадағы оқиғалардың бірдей өткен орны – Шыңжан немесе түркілік ұғымдағы Шығыс Түркістан өлкесі. Екіншіден, екі романды да өзара сабақтастырып тұрған кейіпкерлер – Сымайыл, Күдері, Қанағат би, Естайлар. Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы да Шығыс Түркістан қазақтарының басынан өткен қилы-қилы тағдыры туралы жазылған, кесек те көркем шығарма. Тағы бір атап өтерлігі – тарих пен әдебиет егіз деп жатамыз. Бір мәселеге тарих пен әдебиеттің көзқарасы бір болғанымен, оны оқырманға ұсыну тәсілі мен мақсаты мен деңгейі екі түрлі болады. Шындығында кейде тарихшылар бара қоймаған немесе бара қоймайтын тақырыптарды қаламгер жазушы еркін көтеріп алып кететіні, батылдық көрсететіні болады. Сөйтіп отырып, тарихтың әлі айтпағанын әдебиет таныстырып, жұртшылықты тың мағлұматтармен жарылқап тастайды.

Жазушы өзінің «Тағдыр» романын оқиғалық тұрғыда сүйегі аса бір күрделі кезеңнің шындығын өзінің таным көкжиегі арқылы бейнелеуді мақсат тұтады. Орта Азияны тікелей өзінің меншігі ретінде қарастырған Қытай мен Ресей империяларының өзара шекара бөлуілерінің салдарынан екі мемлекетке бөлініп қалаған қазақтың ахуалы, оның ішінде Қытайдың қарамағында қалған бауырлардың кейінгі аянышты халі романға жүк болған. Мұндағы адамдардың мүлде бейқамдығы романда нанымды берілген.

Бергісі қазақтың, арғысы түп баба түркінің қасиетті қонысы болған байырғы мекенді тау жоталары мен өзен-судың аңғары арқылы өзара келісіп бөлшектеп алған екі империя оның нағыз қожасы қазақтардан сұраған да жоқ. Тек қай мемлекеттің қарамағына өтуі керектігі ғана ескерілді. Сөйтіп бір таудың күңгейі мен теріскейін мекендеп отырған бір атаның екі баласының қоныстарын шекара сызығы бөліп, жылдар өткенде олардың ұрпақтары бір-біріне жат болу қаупі туындмасқа амал қалмады. Қытайдың қоластына бағынған қазақтар шүршіт билеушілері мен олардың қол-аяқтары – әскери қауым халдайлардың өктемдігіне ұшырайды. Ата-бабасынан қалған нулы-сулы жерлерді егістік үшін, мемлекет қажеті үшін деп кесіп алғаны аздай, сол жерлерден бір құлақ су сұраған қазақтардың өздеріне астамшылық көрсетіп, қорлайды. Осылайша саяси тұрғыда қолдаушы, демеушісі жоқ қазақтарға билік өкілдері өздері сияқты көшпелі халық, ата жауы жоңғардың ұрпақтарын айдап салып, өзара қырғынға ұшыратып отыратыны аздай, елдің ішінен де сатқын, азығындар шығып қазақтардың берекесін әбден кетіре бастайды.

Романның тағы бір ерекшелігі – жарық көргенге дейін атажұрттық бұқараға белгісіз, көптеген мұрағаттық деректердің берілуі еді. «Тағдыр» романына Мәнжі Шың империясы мен Ресей патшалығы арасындағы Шығыс Түркістан өлкесін бөлісу мәслелесі, шекараны бөлгеннен кейінгі екі бөлінген халықтың тағдыры, яғни ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы оқиғалар арқау болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, «Соңғы көш» романымен байланысы тұрғысында айтар болсақ, «Соңғы көштегі Қанағат бидің әкесі Күдері мен атасы Смайылдың өмір сүрген дәуірі суреттеледі. «Жол торабы» бөлімінде екі мемлекеттің өзара шекараны бөлісу мәселесі қамтылса, одан кейінгі тарауларда осы үлкен оқиғадан кейінгі елдің жағдайы, шекара бөлісінің қазақтың рулық тұтастық құрылымына әсері, қоғамда болып жатқан алуан өзгерістер, қазақ пен мәнжулер арасындағы өзара қарым-қатынастар, т.б. жан-жақты суреттеледі. Жергілікті халықтың да шекара сызығын бөле бастаған кезде зор наразылық білдіргенімен, үлкен қарсылыққа, көтеріліске шықпағаны суреттеледі. Шығыс Түркістан өңірінің тарихындағы осы бір аумалы-төкпелі кезеңді оның ішкі-сыртқы проблемаларымен қоса алып көрсеткен романның сюжеттік-композициялық тұтастығы басты кейіпкер Демежанның басына құрылған. Яғни шығарманың басты кейіпкері Демежан. Ол зорлықшыл да әділетсіз Маншың өкіметінің зорлығына қарсы күресе отырып, елінің, туған халқының ауызбірлігін, ынтымағын сақтап қалу жолында аянбай тер төгеді.

Жазушы Шығыс Түркістан халқының тарихындағы осы бір кезеңді өзінің ішкі-сыртқы қайшылықтарымен көрсете алған. Шығарманың басты кейіпкері -Демежан. Романның сюжеттік-композициялық тұтастығын дәнекерлеп тұрған негізгі арна да Демежан, Сонымен бірге оның қиянатшыл, әділетсіз Маншың өкіметінің зорлығына қарсы күресі. Ол елдің, халқының ауыз-бірлігін, елдігін сақтап қалу жолында тер төгеді.

Жазушы «Тағдыр» романының басты кеййіпкері ретінде Демежанды ала отырып, ол өмір сүрген мезгілдегі қоғам мен әлеуметтік ортаның шынайы бейнесін көрсетуге ұмтылғандығын аңдаймыз. Бұл турасында белгілі ғалым Шерияздан Елеукенов былай деп жазған екен: «Автордың мәселе қоюдағы бірер ерекшелігін айта кету артық болмас деймін. Ол – қазақ қауымының отаршылдық езгіге түскеннен кейінгі жерде адамдардың ішкі жан сарайындағы өзгерістерді зерттеуге деген құштарлығы дер едім». Иә, біздің әдебиетімізде адамның ішкі жан дүниесіне терең үңілу, жан сарайының түрлі нәзік иірімдеріне үңілуден гөрі таптық санаға құрылған біржақты урапатриоттық құбылыс дендеп тұрған кезеңде «Тағдыр» романындағы Демежан тәрізді кейіпкердің өзгеше машықпен сомдалып ұсынылуы – жаңалық болғаны анық еді.

Романдағы басты кейіпкер Демежанды автор есейген жігінт шағынан бастап, шығарма арқауына айналдырып, біртіндеп өсу жолы арқылы тұлғаландыра түседі. Алғашында Ши амбының, әкесінің қалқасында жүрген қарапайым азамат Демежан біртіндеп ел ісіне араласып, қайраткер ел ағасына айнала түседі. Автор Демежанның балалық шағын суреттеп, баяндап отырмайды. Оның жары Бибіге үйленген шағынан, аймақ губернаторы Ши амбының кеңсесінде аудармашы болып жүрген кезден бастап сан түрлі оқиғалардың динамикасында, басты кейіпкер дәрежесіне көтереді.

Романның композициясы Демежанның алуан түрлі әлеуметтік қақтығыстар мен тұрмыстық ахуалдарға қатысуы арқылы, оны Қытай еліндегі бұрынғы-соңды сан түрлі оқиғалар арқылы өрнектеп отырады. Жазушының бұл қолданысы тек Демежанның образын аша түсу үшін ғана емес, Мәнжі Шың билігінен көрген зардаптың түпкі себеп-салдарларын таныту үшін де алып отырғаны анық. Романға арқау болған – сол баяғы қазақтың жері мен елінің шекара сызығын бойлап, еріксіз екі бөлінуі десек, мұны автор көркем тілмен, қанын сорғалата отырып, шебер береді. Романда автордың бұл мәселе туралы былай деп жазатыны бар. «Жерді бөлу ештеңе емес-ау, бәрінен де бір денені екі айырғандай, мал-басы араласып жатқан елді бөлу». Демежанның тағдыры – бір адамның тағдыры ғана емес, тұтастай бір елдің тағдыры. Романға Демежанның талайлы тағдырын арқау ете отырып, оны әр түрлі саяси оқиғалар, жағдайларға араластырады, сан түрлі адамдармен қарым-қатынасқа түсіреді. Өмір тартысының сан алуан қалып-күйлеріне салып, шыңдап шығады. Кейіпкер характерін сюжет дамуы арқылы аша түседі.Романға желі болып тартылған басты оқиғалар мыналар: шекара бөлісі, ел билеушілерін сайлау науқаны, ел ішінен салық жинау жұмысы жүрілуі, Демежанның халдайлармен тартысқа түсуі, Тарбағатайға жаңа әкімнің келуі, Демежанның қаза болуы. Мұның бәрі сан алуан эпизодтар мен детальдер арқылы өрнектеліп, оқиға біртіндеп ширығып, ширай түседі. Романда әсіресе, ел басшыларын сайлау оқиғасы ерекше суреттелген. Жазушы осы оқиға барысында басты кейіпкерлердің бірі – аймақ губернаторы Ши амбы мен қазақ ру билеушілерінің мінездік қырларын ашуды мақсат етеді. Ши амбы қазақ халқы туралы иерең білуді өзіне мақсат етіп қояды. Қазақ тілін жазсы білетін Ли Шаңсыңнан алады. Осы Ли Шаңсыңның қолжазбасы роман композициясына айналған. Аталған қолжазбаны алдырып оқыған Ши амбы қазақ тарихына қатысты дүұниелерді әбден сараптап, зерделеп алуды ұйғарады. Сонда Ши амбы қазақтың көнелі-жаңалы салт-дәстүрлерін мұқият зерттеп, өзіндік ой-пікірін қорытады. Мұның бәрі романда анық берілген: «Апыр-ай, қандай ауыр көріністер. Бір халық құрып бітерде алдымен ауыз бірліктен айырылып, іштей іріп, тоза бастайды екен ғой. Бұл көшпенділердің түбіне жеткен бақкүндестік пен тақталасы екен. Адамдардың болашаққа деген сенімі азайып, ел ішін өзімшіл опасыздық, сатқындық жайлап алатын көрінеді». Ши амбының аузыман айтылаған бұл монолог расымен де Шығыс Түркістандағы қазақтарды тырп еткізбей басқарудың ұстанымы, ел ағалары деп биік санаған қазақ билеушілерінің өзара мән-мағынасыз бақастығының салдары еді.

Демежан – прогресшіл тұлға. Ол мешіт салу, сауат ашу, егіншілікпен шұғылдандыру, рулар арасындағы жікке бөлінуді жоюға талпыну сияқты істері арқылы халқының қалаулысы болып, тұлғанала түседі. Дмежанның әкесі Керімбай – шешен тілді, халықшыл, біртоға, беделді адам. Ол Демежанның алған бағытына көз сала отырып, ұлына бұл жолдың оңай соқпайтынын былай деп ескертеді: «Бірақ сенің жолың тым оңай болмас, әркім өз лағын текешік қойғысы келетін, алтыбақан, алауыз елің мынау, ежелгі салты бойынша қазақты адам орнына санамайтын, керауыз, кердең Халдайларың анау. Түбінде осы екі оттың ортасында шыжықтай шыжғырылатын сен боласың ба деп қорқам». Расымен де әкенің айтқан сөзі романның соңына таман келгенде шындыққа айналады. Керімбай образы – өмірден көрген-түйгені көп, мынау заманның болашақ ауанын дұрыс аңдай білетін қазақтың сұңғыла қартының типтік тұлғасы.

Демежан – түрлі психологиялық иірімідер арқылы жақсы ашылған кейіпкер. Романның басты кейіпкері халық үшін арпалысып жүріп ақыры тұтылады. Гаугаңның көмегімен түрмеден қашып шыққан Демежан өлімге еріксіз мойынұсынады. Өзін өлім жазасына кесіп, дарға асылу мезетін күтіп отырған кездегі оның жан дүниесіндегі арпалыс күйін, үміт пен күдік алмасқан сәтті жазушы үлкен шеберлікпен береді. Осы мезетті жазушы былайша суреттейді: «Тағдыры тұйыққа тірелген ер Демежанға ақ өлім де бұйырмай, өлімнің де бұл өлкеде жоқ, төтенше түрін» жіберген «өкіметтің ісі» арқылы дардың тар түзағында ақтық демі таусылды. Енді, міне, Демежанның тағдырындай бүкіл бір бодан халықтың алып тағдыры да тар шеңбер-шектеулі шегара ішінде шешіле береді. Сондықтан да «тағдырда» адам тағдырлары ғана емес, тарих талғауымен тағдыр қамытын киген халық ғүмырының терең сырлары жатыр».

Ырысқанның опасыздығы салдарынан Назарбек пен Назымнан тірідей, жары Демежаннан өлідей айрылған, елдің иесі болған ері өлген соң, мал-мүлкі елдің талауына түскен Бибінің трагедиялық тағдыры да романның атауымен астасып жатыр. Қабдеш Жұмаділовтің екі романындағы ортқа желі – шекараның арғы бетіндегі қалың қазақтың тағдыр жолы. Бұл өлкеде қазір де қалың қазақ өмір сүріп жатыр. «Тағдыр» романында суреттелгендей тағдырлы да, ел бастар тұлғалар қазір де бар шығар. «Соңғы көште» сипатталғандай, Атажұртқа соңғы көш қашан болатыны, ол да белгісіз. Белгілісі, қазақтың қабырғалы жазушысы Қабдеш Жұмаділов салған, шетелдегі қазақтар өмірін арқау еткен кесек шығармалары ұлтымыздың рухани қазынасындағы айтулы туындылардың ретінде өз оқырмандарымен бірге жасай беретіндігі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар