Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Орыс отаршылдығы

02.02.2016 6440

Орыс отаршылдығы

Язык оригинала: Орыс отаршылдығы

Автор оригинала: Мұхтар Мағауин

Автор перевода: Аябек Байниязов

Дата: 02.02.2016

Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe) 



Орыс отаршылдығы1.jpg


ХIХ және ХХ ғасырларда әлемнің алтыдан бір бөлігін шеңгеліне түсіріп, бұған да қанағат етпей, жарым дүниеге өктемдік жүргізген, соның өзін аз көріп, бүкіл жер шарын жаулап алуды басты мақсатына айналдырған Ресей империясы әуел баста Москва княздігі дейтін, шағын ғана мемлекет болғаны көпке белгілі. Қолайлы тарихи жағдайлардың есебінен күш алып, төңірегіндегі көршілерін тынымсыз тықсыру нәтижесінде, епті саясат арқылы, көбіне-көп жаулаушы соғыстар, аяусыз қырып жою, боданға түскен халықты қу сүйегіне дейін кеміріп, тонау, құтын қашырып, санадан айырып, езіп-жаныштау арқылы ұлан байтақ империя құрылды. Бұл да әмбеге мәлім жағдаят. Ақиқат шындықты өткен ғасырларда жасаған, Ресей мемлекетінің даңқы артуына, патшалық өкіметтің нығаюына қалтқысыз қызмет еткен орыс тарихшыларының өзі мансұқ етпеген. Солай болды және сөйту қажет еді деп ашып айтқан. Өйткені, патша заманындағы өктем ой, шовинистік көзқарастағы тарихшылардың өзі адамдық ұяттан біржола айрылмаған, білімдар кісілер еді.


Советтік коммунистік Ресей ұят дегенді, түйсік дегенді біржола жиып қойды. Отарлық жаулардың барлығы қосып алу, көбіне өз еркімен қосылу деп жарияланды. Ресей өзінің түстігі мен шығысындағы жабайы, надан, қанқұйлы халықтарды мәдениетке, игілікке жетелеуші болып шықты, қанды істер ақталып, зұлым саясат мадақталды. Бірақ сол, советтік заманның өзінде Ресейдің бірте-бірте ұлғайғанын, кейін империя құрамына енген аймақтардың басқа патшалық, басқа бір халықтардың мекені болғанын ешкім теріске шығармап еді.

Енді міне, ХХ ғасырдың соңғы жылдарында жаңа Ресейдегі әріптестеріміз – орыстың жаңа ойшылдары қоғамдық танымның өзгеше бір белесіне көтерілген сияқты. Бұл ерекше танымның негізгі арқауы – “бәрі менікі!” дейтін парықсыз байбалам.

Біздің ежелгі мемлекетіміз он бес бөлікке бөлініп кетті дейді.

Украин деген халық жоқ, бұл – немістердің айтағымен Малороссия, яғни Кіші Ресейдегі буржуазияшыл ұлтшылдардың 1918 жылы ойлап тапқан былшылы, қазір Украина деп жүргнеіміз - Ұлы Ресейдің бір бөлшегі дейді.

Балтық жағалауы – ежелгі орыс жері, қанымыз төгілген, қаражатымыз шыққан дейді.

Молдавияны түріктерден босатқан біз едік, Грузияны қатерден құтқарған біз едік, ендеше, олардың бөлінеміз, ел боламыз дер құтыруы – нағыз азғындық дейді.

Ал Қазақстан жөніндегі сөз қысқа әрі нақты. Қазіргі Солтүстік Қазақстан деп жүргеніміз – бір облыс емес, бірнеше облыстан құралған кең өңір – ежелгі Ресей жері, большевиктер қазақтарға кесіп берген дейді.

Ресейдің көп жері қатеден Қазақстанға кетіп қалды деген лақап қазір Мәскеуде шығатын басылымдарда жиі айтылатын, үйреншікті әуенге айналды. Бірақ кей-кейде бүкіл Солтүстік аймақ аз көрініп, орыстың атамекен жерінің қатарына Жетісуды да қоысп қоятын болды.

Украин деген халық жоқ, Балтық бойы- ежелгі орыс мекені, Қазақстан Ресейдің қаншама жерін тартып алған – осындай қисынсыз сандыраққа кеңінен жол ашып, жүйелі түрде, үздіксіз әңгіме қозғап отырған “День” газетін, “Молодая гвардия” журналын, “Наш современник” журналын оқығанда редактродың авторлардың ақыл-есінің түзулігіне күмәнданасыз.

Бұрын империя бағауында болған халықтарды, енді ғана ірге көтерген көрші мемлекеттерді айтасыз, “Наш современник” журналы жақында ғана (өткен 1992 жылдың 11 санында) Американың өзіне ауыз салды, “Россия Алясканы сатқан жоқ, жалға берген” деп жазды. Содан соң, әйтсе де, біз Америкадан жер дауламаймыз деп қояды. Жомарт тығын қараңыз. Мұхиттың ар жағында тұрған Американың бәсіре бір штатын өзімдікі деп жариялайды, содан соң кеңшілікпен қайтып береді. Өйткені ол – Аерика, қуатты, құдыретті мемлекет. Ал біз ше? Бізде, яғни, Қазақстанда кетіп қалған “ежелгі орыс жерлерін” қайтпек? Бұл тарапта жаңағыдай кеңшілік жоқ. Мақала авторы мәселені ашық қалдырады.

Бірақ мақсат айқын. Біз бөліп атап отырған “день”, “Молодая гвардия”, “Наш современник” сияқты басылымдар ғана емес, Мәскеуден таралатын баспасөз бер кітап беттерінде үнемі қайталанып жатқан, бұрынғы одақтас республикаларға кесіліп кеткен Ресей жерлері туралы әңгіме арсыздықтан туғанымен, ақымақтың ісі емес есердің, есіріктің аузынан шыққанымен, ескерусіз қалар кеп емес.

Әрине бодан елдер бөлініп шыққаннан соңғы Ресейдің өзі де жер көлемі жағынан болсын, халық саны, қару-жарақ қуаты тұрғысынан болсын, әлі де күшті мемлекет, әлемдік империя. Мықтылардың өзімен терезесі тең. Бірақ теңдіктің өзін қорлық санайтын орыс шовинистері кешегі кенеусіз өктем күндерін қия алмайды. Жата-тұрса сол заманның қайта оралуын армандайды. Егер бұрынғы Совет Одағын құраған халықтар арасында, енді тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттер арасында қазіргі кезде әр жерде тұтанып жатқан өрт жалындай қаулап, жалпақ дүниеге жайылса, әрине, Ресей ұтысқа ие болады, бұйдасын үзіп кеткендерді бұғаулап, қайтадан құлдыққа жегеміз деп дәмеленеді. Тіпті, олай болмаған күннің өзінде тапшылыққа, таршылыққа ұшырап отырған халқының назарын басқа жаққа аудару қажет. Ең бастысы – ана жер де сенікі, мына жер де сенікі, бүкіл дүние сен үшін деген шовинистік көзқарасты жұртшылық санасына сіңіру. Қазір болмаса кейін, күндердің күнінде, ғасырдан ғасыр өткен шақта кез келген көршісін біз үшін піскен ас деп жалмай салуға негіз дайындау.

Бірақ ондай күн келмеске кеткен, Солженицын, Шафаревич, Распутин, Белов, Бондаренко, Казинцев сияқты дүмбілез жазармандар Ресей тарихын байыптамағаны, ал адамзат тарихын мүлде білмейтіні көрінеді. Жылап, қара жамылып отырып мойындау керек: мәңгілік империя жоқ, Вавилон мен Египет те құлаған, Карфаген мен Рим де құлаған. Ұлы Түрік қағандығы мен Алтын Орда да ыдыраған. Австро-Венгрия империясының бөлшектенуі, Британ империясының достас, тәуелсіз мемлекеттер бірлестігіне айналуы күні кеше ғана. Қандай жағдайда болмасын, өзара жауықпай, аман-есен айрылысуға болатынына осы соңғы екі империяның тағдыры айқын мысал. Әсіресе, Британ Ұлттар бірлестігі.

Орыс империчсы онсыз да өзіне тарих кесіп берген мерзімнен жетпіс бес жыл артық ғұмыр кешті. 1917 жылғы февраль революциясынан соң, тату-тәтті қалыпта, бейбіт жағдайда, әрбір ұлыс өз туын көтеруге тиіс еді. Бірақ ақтар да, қызылдар да бұған жол бермеді. Өзара қырқыса отырып бір мәселеде ынтымақ танытты - ұлт аймақтарындағы қозғалыс атаулыны тұншықтырды. Ақыры, әлемдік қасапта ешкімді аямаған большевиктер өкімет билігін жеңіп алды. Бостандық, теңдік, бұ дүниедегі ұжмақ деген жалған ұрандарды жамылып, жер бетінде бір-ақ халықтың - орыс халқының билігін орнату жолындағы қанды жорығын бастады.

Өкіметтің өзгергені рас еді. Романовтар кетіп, олардың орнына большевик-коммунистер өкіметі орнады. Бірақ бұл – орыс отаршылдығының жаңа кезеңі, ең жоғарғы сатысы ғана болатын.

Билікке жетер-жетпестен-ақ большевиктер өкіметі ыдырап сөгілген ежелгі империяны қалпына келтіру жолындағы күреске кірісті. Ақтарға қарсы соғыс ұлттар бостандығына қарсы жорыққа ұласты.

Тәуелсіздігін қайта жариялаған Украина талқандалды.

Қазақстандағы Алаш өкіметі заңсыз деп табылды, Қоқан автономиясы, Бұқар әмірлігі жойылды, бүкіл Түркстан империя ғұзырына келтірілді.

Енді ежелгі мемлекетін қайта көтерген поляктарға қарсы соғыс ашылды, бірақ тізгін үзіп кеткен поляктар Варшава түбінде қызыл армияны қиратып, өздерінің еркіндігін сақтап қалды.

Осыдан соң әлем жұртшылығы алдында бар беделінен айрылған большевиктік өкімет алас-қапас, азамат соғысы кезінде тәуелсіздік алып, Ресейден іргесін аулақ салған Латвия, Литва, Эстония мен Финляндияға қарсы қимылын ірікті.

Бірақ көп күткен жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс бұлты қоюланған шақта гитлерлік үшінші рәйхпен келісе отырып, Балтық бойын басып алды, содан соң Польшаны паршалады, келесі кезекте Финляндияға шабуыл жасады. Ержүрек фин халқы Қысқы соғыста өзінің азаттығын қорғап қалды; дүниежүзілік қасап аяқталған шақта Польша да өзінің мемлекеттігін қайта орнатты.

Совет Одағы аталатын Ресей империясы бұл кезде Ұлы Отан соғысы ұранымен жолындағының бәрін жапыра келіп, батыс пен шығыста тағы қаншама жерге ие болды. Қаншама жұртты кіріптар етіп, жарым дүниені бөріктіріп, бүкіл жер шарын тітірентті. Содан Ауғанда тұмсығы тасқа тигенге дейін өңмендеп алға ұмтылуын бір сәт те тоқтатқан жоқ.

Ақыры, жаманшылыққа ғана қызымет еткен кенеусіз күш, талау мен тонаудан басқаны ойламаған ұрдажық саясат ешкімді де мұратқа жеткізбеді. Империя ыдырады, империялық идея адыра қалды. Бірақ қожайын болған, билік құрған славян әулеті өктем ой, зорлықшыл пиғылдан бас тартпады.

Шынында да, бұдан жүз қырық жыл бұрын бір орысы болмаған Жетісуды орыстың ата-мекен жері деп жариялап жатса, қарқылдап күлесіз бе, зіркілдеп ашу шақырасыз ба. Алғашқысынан не пайда, соңғысынан не қайыр. “Әлі келген алып та жығады, шалып та жығады” дейді ғой. Алып та, шалып та жығып жүрген кезде бойға сіңген, күні өткен кемтар ұғымның іріп-шіріген бір көрінісі. Өздерін орыс патриотымыз дер жүрген әріптес ағайындар ең алдымен өз тумаластарының дүние танымын лайлап отыр, өз халқының ақыл-ойын тұсап отыр; бірақ ауыз өздерінікі, басқа ел, басқа жұрт деп үндемей отыра беруге тағы болмас.

“День” газетінің куәландыруынша, қазіргі азат Украинаның белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі ашу-ыза үстінде : “Россия өзінің Москва княздігі кезіндегі шекарасына қайта түскенге дейін, біз өзімізді қауіпсіз деп санай алмаймыз”, - деген екен. Бұл арада Москва княздігінің - яғни орыс жұртының әуелгі , байырғы шекарасы туралы сөз бекерге айтылмаған.

Осы орайда Ресей мемлекетінің отаршылдық тарихы туралы аз-маз мағлұмат бермей болмас.

Түрік тектес тайпалар ортақ ту тігіп, орда көтерген, жер көлемі жағынан алғанда да, халқының саны, әскери күш-қуаты тұрғысынан алғанда да екі жүз жылдан астам уақыт бойы Еуразиядағы ең ұлы мемлекет болып келген Алтын Орда XV ғасырдың алғашқы жартысында көптеген тарихи, қоғамдық себептер нәтижесінде біржола ыдырайды.

Еділ дарияның орта ағысында, ежелгі бұлғар-түрік жерінде Қазан хандығы құрылады.

Қара теңіздің терістік беті, Қиян Дала мен Қырым түбегі Қырым хандығы аталады.

Еділдің төменгі ағысы Хажы-тархан хандығы болып бөлінеді.

Еділ мен Жайық, Жем арасындағы ел Нoғай Ордасы деген ұлыстың туын көтереді.

Сібірдегі түрік тайпалары Сібір хандығын негіздейді.

Алтын Орда заманының өзінде дербестікке ұмтылған ежелгі Көк Оpда жерінде, қазіргі Қазақстан шегінде Қазақ Ордасы құрылады.

Алтын Орданың мәйекті ұйығы – Еділ мен Тән, яғни Дон өзендерінің аралығындағы, түстікте Қапқаз жотасына, терістікте орыс ормандарына дейін созылған кең даланы жайлаған мың сан жұрт Ұлы Opда деп аталады.

Сөйтіп, жарым жалғанға билік құрған Алтын Opда өзара тәуелсіз жеті бөлікке бөлінеді.

Бұлардың жерінің көлемі, халқының саны, даму дәрежесі мен күш-қуаты әртүрлі деңгейде болатын. Бірақ қай-қайсысы да өз туының астында, өз бетімен ел болып тұрарлық дәрежеге жеткен . Тек туыстық, бауырластық, өзара көмек керек еді.

Өйткені дәл осы кезде іргеленіп, күш жиып, төңірегіндегі мордва, коми, карел, удмурт халықтарын кіріптарлыққа түсіріп, енді шығысқа қарай аяқ басуға бекінген Москва княздігі әжептәуір қатерге айналған.

Алтын Opданың мұрагерлері әлі де қуатты еді. Қырым хандығы бірме-бір келгеннің өзінде Ресейдің аяғын қия бастырмайтын. Ал Ұлы Opда жалғыз өзі-ақ үш жүз мың әскер шығара алатын.

Амал не, діні бар, тегі бар, әдет-ғұрпы ортақ, тілінде болмашы ғана айырма бар туыстас түрік-қыпшақ тайпаларының бауырмалдығы кем, ауызбірлігі шамалы болды. Керісінше, іргедегі қатерді көрмей, өзара қырқысқа бейім тұрды.

Сырттан емес, іштен жау тауып, сүттей ұйыған ұлыстар бүлінді. Ақыры, Алтын Opданың тікелей мұрагері саналатын Ұлы Opда ыдырады. Ноғай Ордасы тозып, әлсіреді.

Ит ырғылжыңмен арада жүз жыл өтті, кеше ғана әлемді тітіреткен Алтын Орда заманы көрген түске айналды.

Бұл кезде бодандықтан біржола құтылған, енді өзін Мәскеу княздігі емес, Русия деп атай бастаған орыс мемлекетінің күші әбдентолысқан болатын. Шығысқа жол ашу үшін, кеше ғана құдыретті мемлекет құрып отырған түрік тектес қауымды бір-бірлеп талқандап, мәңгілік бұғауға түсіріп, баяғы Византия үлгісіндегі әлемдік империя құру үшін ең алдымен іргедегі Қазан хандығын талқындау керек еді.

Ашық соғыстың үлкен шығынға түсетінін аңдаған Ресей әуелде Қазанды саяси тұрғыдан бағындыруға тырысады. Қазан хандығының ел билеушілері арасындағы алауыздықты пайдаланып, неше түрлі айла-шарғы жасап, көрші жұрт тағына өзінің жандайшаптарын отырғызбақ болады, елінен безген сатқындардың көмегімен бір-бірлеп ұлыстың игі-жақсыларының көзін жояды. Бірақ қазан хандығының түрік қауымының ынтымағы күшті, рухы биік еді, жұртының тәуелсіздігін бәрінен де жоғары қойған халық батыстан төнген қатерді кәміл сезінеді.

Алыстан айбынғаннан ештеңе шықпасына көзі жеткен Ресей ашық соғыс жолына түседі. Алайда, әуелгі жорықтарының бәрі де сәтсіз аяқталады. Ақыры, бүкіл орыс патшалығы түп көтеріледі, Иван Төртінші патша 1552 жылы 19 август күні ауыр қолмен Қазан қаласының түбіне келіп жетеді.

Орыс жасағы бір жүз елу мың әскер еді. Жүз елу зеңбірегі болды, мыңдаған мылтығы болды.

Ал қазан қамалында небәрі отыз мың әскер бар еді. Жау адам саны жөнінен бес есе артық, ал қару-жарақ жөнінен жиырма-отыз есе басым болды.

Құлдық өмірден ақ өлімді артық санаған қасиетті Қазан халқы ақырына дейін күресуге бел байлайды. Иван патшаға қайтарған жауап хатында Жәдігер хан: “Қанды тойға келдіңдер, соғысқа әзірміз, күтіп аламыз!” – деп жауап береді.

Тынымсыз ұрыс үстінде, арада екі-үш күн өткенде Қазан қаласы темір қоршауға алынады, біздің туыстам түрік халықтарының бұрынғы-соңғы тарихындағы ең қанды, ең қайғылы, сонымен қатар кейінгі ұрпаққа үлгі, даңқты шайқастардың бірі басталады.

Қамалдағы әскердің ту ұстаушы көсемдері Құлшәріп молда, Нoғайлы Изенеш би, Түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншіәлі батыр және қазақ жырларында ардақталатын, Қазан соғысының қарсаңында, 1549 жылы қайтыс болған атақты Нәрік ұлы Шора батырдың бірге туған інілері Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей батырлар болады. Ескерте кету керек, бұл кезде татар, башқұрт, ноғай, қазақ деген сияқты ұлттық жік әлі айқын емес еді, сондықтан Қазанды қорғаған әскердің ішінде Еуразиядағы түрік руларының барлығының да өкілдері болды десек, қателеспейміз.

Аяусыз соғыс қырық күнге созылады. Қазандықтар оқтын-оқтын қамалдан шығып, орыс әскерлерін ойрандап кетіп отырады. Бірақ бір кісіге бес кісі жабылған қанды шайқаста жаудың қатарын тоздырғанмен, ойсыратып жеңе алмайды.

Алғашқы аптада қамал іргесінде Ислам батыр мен Сүйіншіәлі батыр шәйіт болады. Қорғанысшылардың қатары күн озған сайын селдірей түседі.

Әйтсе де Қазанды қорғау - үмітсіздің ісі емес еді. Еділдің ұзына бойында, Жайықтың екі жағында, Сары Арқа мен Сырда қалың ел жатқан, мың сан қол жатқан. Тек жер шалғай, Қазанды орыстардың қамағаны туралы хабар жеткенше қаншама заман өтпек. Бірақ дәл іргеде, екі апталық аймақта қаймағы бұзылса да қауқары қайтпаған Ұлы Ноғай Opдасы, яғни, Ноғайлы елі тұрған.

Ноғайлының әміршісі ұлыби Жүсіп ары кетсе он күнде екі жүз мың әскер шығара алатын еді. Жүсіптің жаужүрек отыз ұлы бар еді, әрқайсысы екі-үш мыңнан бес-он мыңға дейін әскер ұстайтын; Қазанға қатер төнгені туралы хабар жетісімен-ақ жиылып келіп, әкесінен рұқсат сұрайды, шұғыл аттанайық, Қазан құласа, бәріміз де құримыз дейді. Бірақ Жүсіп дабыл қақпайды, ұлдарының да атқа мінуіне қатаң тиым салады. Бұл Жүсіптің өз заманында-ақ сұлулығымен аты шыққан, кейінгі тарихта ақыл-парасатымен, өзгеше мінезімен аңызға айналған Сүйінбике деген қызы бар еді, Қазанда хан бәйбішесі болып тұрған; осы Сүйінбикеден шапқыншы жетеді, жау жақындап қалды, алмай қоймайды, аяушылық болмайды, елім бар десе, балам бар десе, тезінен әскер аттандырсын деген. Жүсіп бұған да қайспайды.

Мүмкін, ақылынан алжасты, мүмкін, Қазан құласа құласын, Ноғайлының жері кеңиді деп ойлады.

Ал Жүсіптің жауынгер ұлдары рұқсат сұрап, күн сайын дерлік аяғына бас ұрып, табалдырығын тоздырғанымен, әмірші әкенің жарлығынан аттап кете алмайды. Сөйтіп, күш жетіп, мүмкіндік болып тұрған шақта дәл іргедегі Қазанға қалың әскер шықпай қалады.

Алайда, жекелеген ерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Кешегі бағы қайтқан Алтын Орда ұлысының әр тарабынан өз бетімен көмекке аттанған аламандар Қазанға қарай жол шегеді.

Бұлардың көпшілігі қажетті мезгілде жетіп үглгермейді, ал жеткендері Жапанша деген бектің басшылығымен небәрі жеті мыңдай ғана қол құрайды. Қазанды темір құрсауға алып жатқан орыс әскерінің ту сыртынан келіп тиеді. Шебін бұзбаса да, тынымсыз шабуыл жасап, жауды көп шығынға ұшыратады, қамалдағы қарындастардың тынысын кеңейтеді.

Бірақ көптің аты көп. Ақыры Жапанша бастаған жасақ қалың қолдың қоршауына түсіп, бірі қалмай түгел шәйіт болады.

Осыдан соң-ақ Қазанның жағдайы қиындайды. Орыс әскерлері от-дәрі қойып, қамал қабырғасын бұзады. Бірақ бірден ала алмайды, кері қуылады. Тағы бұзады, тағы да ішке ене алмайды.

Ақыры, қамалы түгел қаусаған, әскері түгелге жуық қырылған Қазанға ең соңғы жойқын шабуыл басталады. Қырық күн бойы қан кешіп қорғанған қамал құлайды, орыс әскерлері тау-тау өліктен аттап, қамал ішіне басып кіреді.

Бұл кезде Қазанда қару ұстауға жарарлық алты мыңдай ғана ер азамат қалған екен деп жазады орыс шежірелері. Оның өзінің көбі жаралы. Сонда да бас имейді.

“Еліміз бар еді, ойрандалды, қаламыз бар еді, қирады ендігі тіршіліктің бізге керегі жоқ, - депті Қазанның ең соңғы батырлары орыстарға айқайлап. – Сендерге қан керек болса, кең далаға, ақырғы шайқасқа шығайық!” – депті.

Қамалға кірген жау қатарын бұзып-жарып, іргедегі кең алаңға өтеді. Осы арада, мың сан жаудың қоршауында ақырына дейін шайқасып, қаншама дұшпанын жер жастандырып, түгел қаза табады.

Орыс әскерлері Қазанды біржола иеленеді. Иван Төртінші патшаның өзі кішкене балалар мен әйелдерді ғана қалдырыңдар, қалған жұртты тегіс қырыңдар деген қатал жарлық береді. Қамалда қалған ес білетін еркек заты жас жеткіннен қаусаған шалға дейін тегіс өлтіріледі.

Бас көтерген еркек атаулыны қасапқа шалған, ұзын етек әйел атаулының арын төккен, содан соң ішін жарып, найзаға отырғызған қанды қырғын, кенеусіз айуандық неше күнге созылады.

Қаланы қорғаушылардың мәйіттерін тау-тау қылып үйіп, отқа өртейді, одан қалғанын жүздеген сал буып, басы кесілген, паршаланған қалыпта осы салға байлап, Еділдің екі жағасын жайлаған қалың Ноғайлы үрейленуі үшін, төмен ағызады.

Мұншама қанды қырғын тек түрік халықтарын ғана шошытпайды, алыста жатқан, көзбен көрмей, ұзынқұлақтан ғана естіген Еуропа жұртшылығын да тітірентеді. Рим папасы орыс патшасына арнайы хат жазып, мұншалық жауыз, қаныпезер іс адамшылыққа жатпайтынын, христиан дінімен де сыйыспайтынын мәлімдейді.

Қазанның құлауы бауырлас түрік халықтарының санасында ауыр із, айықпас жара қалдырды. Арада үш-төрт ғасыр өткен соң қағазға түскен қазақ жырларында Қазан соғысы айрықша орын алады. Ноғайлы-қазақ батырлары Қазан қаласын кәпір қамап жатыр деген хабар алысымен жорыққа аттанады, жауды жеңіп, Қазанды азат етеді. Мәселен, “Шора батыр” жырында Нәрік ұлы Шора:

Қазан атты қаланы

Кәпір алды деген соң,

Қайтіп шыдап тұрайын, - дейді.

Ата-анасының, сүйген жарының жылап-сықтағанына қарамастан, қатерден тартынбайды.

Мен қазанға барғанша

Қан жаумасын, қар жаусын,

Мен Қазанға барған соң,

Қар жаумасын, қан жаусын! – дейді.

Шора батыр да, басқа жырларындағы басқа батырлар да кәпірдің қалың қолын жеңіп, Қазанды жау шеңгелінен құтқарады. Бұл – халқымыздың өз кезінде орындалмай қалған арманы ғана емес, сол замандағы түрік бірлігінің көрінісі, Алтын Орда елесі өшпегенінің, міллетіміздің кеудесі басылмағанының айғағы. Осы арада еске сала кеткен артық емес, татарстан жұрты төрт жүз қырық жылдық аяусыз езгіден соң, өткен 1992 жылы өздерінің тәуелсіздігін жариялады және Қазанды ерлікпен қорғаушыларды жадына алып, шәйіттердің аруағына арнап дұға жасады. Бұл тек татар халқына ғана емес, қазақтарға да, басқа түрік халықтарына да тікелей қатысты өзгеше оқиға болды.

Қазан – бүкіл Еуразияны, бауырлас түрік ұлыстарын ғана емес, осы құрылықты мекендеген барлық жұртты қорғап тас қамал, биік асу еді. Қазан құлаған соң Ресей топан суындай қаптай төгіліп, жарым дүниені түнекке көметін кенеусіз күшке ие болды. Шексіз байлыққа жол ашылды, талауға, тонауға жол ашылды, Еуразияны мекендеген барлық халықты қырып-жоюға, бодандықта ұсстауға, біразын жер бетінен мүде өшіріп жіберуге жол ашылды.

Арада екі-үш жыл өтер-өтпесте Еділдің бойын ен жайлаған он сан ноғайлы ту талақай болды. Өзара қырқыс етек алған қуатты ұлыс шылпара ыдырады. Заманның түзу кезінің өзінде орыс патшасына сүйеніп билікке жеткісі келген Алшы Смайыл Тобаяқ би өзінің үлкен шешеден туған ағасы, қатерлі күндердегі босаңдығына орай ел ішіндегі бар беделінен айрылған Жүсіпті қапыда өлтіреді. Жүсіптің орыспен соғысудан аяғын қалың әскері, тартыншақ әке сөзінен аса алмаған айбарлы ұлдары, бір шеті терістік Қапқазға ауса, енді бір бөлігі ел-жұрты, ордалы руымен Қазақ хандығына өтіп кетеді, яғни, қатерлі өлкеден аулақтап, жаңа көтеріліп келе жатқан, тегі бір тілі бір, аталас рулас халықтың құрамына енеді.

Сонымен, Еділ дарияның ұзына бойы бір жағы қырғын мен сүргіннен, бір жағы ел ауған, жұрт тозған бүліншіліктен мүлде дерлік қаңырап қалады. Ұлы дарияның етегі жыртылып сөгіледі. Қазан құлағаннан соң арада толық төрт жыл өтер-өтпесте Ресей Астрахань, яғни Хажы-тархан хандығын да жаулап алады.

Қазан мен Хажы-`Тархан қайта тұрмастай болып құлағаннан соң, Ресей шегінде, шеңбер ішінде қалған башқұрт жұрты біржола қырылып кету қаупінен сескеніп, орыс бодандығын мойындайды. Тағы бір түрік жұрты шыуаштар, олармен жері іргелес черемистер мен удмурттар да ақ патшаны өздерінің бірден бір әміршісі деп таниды. Бір кездегі Алтын Орда оның ізбасары ұлы Ноғайлының орнында қалған, халқы он есе кеміп, бар қонысынан айрылып, береке-бірлігі қашқан Ноғай Ордасының әміршісі, туған ағасының қанын ішкен Смайыл да өзін ақ патшаның құлымын деп біледі.

Сөйтіп бүкіл Шығыс Еуропа жаңадан құрылған алып империя Ресейдің табанына түседі.

Жерінің көлемі және байлығы тұрғысынан алғанда, сол 1560-жылдардың өзінде-ақ Ресей әлемдегі аса зор мемлекетке айналады. Жаңа қоныс жаулаушы басқа империялардан бір артықшылығы – Ресейдің отарлары мұхиттың арғы жағында, әлдебір құрылықта, әлдебір аралдарда емес, дәл іргесінде тұрған. Қаптай жайылуға, халқының саны өсе келе жаңа жерлерді біржола иеленуге мүмкіндігі мол. Ең бастысы, бұл - отарлық империяның алғашқы қадамдары ғана болатын. Келесі ғасырларда жарым Азияны жалмап жұтуға бет қоймақ. Және жер ыңғайына қарағанда Жайықтан аттап өтіп, Қазақ Ордасына басып кіруге тиіс.

Бірақ олай болмады. Қазақ халқы ет жақын туысы Қазан хандығы құлағаннан соң екі жүз елу жыл бойы өзінің тәуелсіздігін сақтады. Ресей, әрине, Қазандағы қырғын, Еділдегі ойраннан соң жаңа жер жауларын да, ондаған халықты отарлауын да тоқтатқан жоқ. Бірақ қаншама заман бойы Қазақстанды табанына түсіре алмады.

Есіркегеннен емес. Орайын таппағаннан.

Қазан хандығы құлағаннан соң, Хажы-Тархан алынып, Ноғай Ордасы ыдырағаннан соң мол байлыққа кенелген, араны ашыла түскен Ресей империясы шығысқа қарай тоқтаусыз жылжып, ұзына созылған Орал тауына бір-ақ жетеді. Еділдің басынан аяғына дейін кеме тартап, Каспий теңізі арқылы Иранға, Орта Азияға барыс-келіске жол ашылады. Енді бүкіл Азияның қақпасы болып қалған қазақ даласы арқылы бір жағы Ауған мен Бұқарға, бір жағы Қорасан мен Үндістанға керуен тартуға мүмкіндік туады. Бірақ бейбіт қатынас, сауда-саттық емес, тартып алу, тонап алу арқылы ғана байлыққа жетуді мұрат еткен жыртқыш империя ең оңай, ең тиімді тәсіл ретінде жаулаушылық жолын таңдайды.

Бұл кезде Жайық бойындағы Ноғайлы жұрты рулы елімен, іргелі жерімен қоса Қазақ Ордасының құрамына енген. Еділдегі Ноғайлының қоныстан ауған қаншама халқы, сол заманның тілімен айтқанда, қазақ шыққан, яғни, өздерін қазақ деп жариялап, олар да Қазақ Ордасына құйылған. Ескі қоныста қалған, орыс бодандығын таныған Ноғайлының биі Смайыл өзінің Иван Төртінші патшаға жазған бір хатында: “Менің ағам Жүсіпке қарасты жұрттың көпшілігі қазақтарға ауып кетті, енді менің өзіммен жауласа бастады, жағдайым өте ауыр”, - деп шағынады.

Осыдан жиырма жылдай ғана бұрын шығыста Моғолстанға, түстікте Бұқарға қарсы екідай күресте сәтсіздікке ұшырап, әлсіреген Қазақ Ордасы бұл кезде Хақ-Назар ханның билігімен үлкен күш-қуатқа ие болған еді. Батыстағы қонысы қазіргі Қазақстан шегін түгел қамтыған, бүгінгі Ресейдің Орынбор облысының жерін еркін жайлаған қазақтар Орал тауының оңтүстік жотасына, Мұғажжарға иелік етеді, тіпті, орыс бодандығына мойын ұсынбаған башқұрттардың бір бөлігі Хақ-Назар ханның билігін таниды. Қазақ Ордасы - қуатты мемлекет еді.

Әрине, от қарулы орыс патшалығының құрығы ұзын. Бірақ дәл сол жылдары ауыр әскер түзіп, жойқын жорық ашу оңайға түспес еді. Қару мен қаражат жайы, ырғын қантөгіс өз алдына, жер шалғай, дала кең, Иван Төртінші патша мойнын теріске бұрып, батыс халықтарының Балтық жағалауын тартып алу ниетімен Ливон соғысын ашады, бар күш, бар әскер сол атырапқа төгіледі.

Алайда, шығыс шепте жауланған жерлерді біржола игеруге кіріскен, күн озған сайын пайданың жаңа көздерін қарай бастаған орыс алпауыттары қолдағыны қанағат тұтпайды. Сондай, байлығы мол, жері кең, қарауында қаншама халқы бар, тіпті, өз әскері бар алпауыттардың ішінде Строгановтар әулеті айрықша көзге түсетін.

Строгановтар иелігіндегі жерін кеңейте беруге және еркін пайдалануға ақ патшаның өзінен рұқсат алған болатын. Осы ретпен Орал тауының батыс беткейіндегі қаншама жердің бар байлығын пайдаланып отырған Строганов әулеті енді шығысқа, кертпеш таудың арғы бетіндегі Сібір хандығына қол салу жайын ойластырады.

Сібірді жаулау үшін, әрине, біраз әскер керек еді. Ұзамай ол әскер де табылады. Бұл кезде патша дәргейіне қараған Еділ бойында және Дон бойында жүріс-тұрысқа, сауда-саттыққа, шет жұрттармен қатынас атаулыға кесел келтіретін, орыс демей, басқа демей қырып-жойып, тонайтын қарақшылар көбейіп кетіп еді. Қарақшы болғанда, кәдімгі казактар. Қаншама топ, қаншама жасақ. Әр топ, әр жасақтың өз атаманы бар. Иван Төртінші патша Дон мен Еділ бойын қарақшы казактардан тазарту үшін әлденеше кемемен көп әскер шығарады.

Патша жасағы қарақшы казактарды қырып-жойып, қолға тірідей түскендерін тексеру-тергеусіз дарға тартып, екі-үш жыл ішінде Дон мен Еділді тазартады. Бірақ қарақшыларды қырып біте алмайды. Қолға түспеген біраз адам қашып-пысып жан ауғалап жүреді де, қайтадан топ құрайды, бірақ бұрынғыдай үлкен жолдардан аулақтар, олжаның басқа бір түрлерін ойластыра бастайды. Ақыры, әскер жиып жатқан Строгановтармен табысады.

Строгановтарға қызметке жалданған қарақшылардың ұзын саны бес жүз қырық кісі болыпты, ең үлкен атаманының есімі Ермак екен. Бұл Ермактың шын аты-жөні белгісіз, кейбір зерттеушілер Ермолай дейді, кейбір зерттеушілер Василий дейді, соған орай туған жері де, шыққан тегі де күмәнді. Бірақ сол кездің өзінде-ақ атағы зор екен. Зорлығының белгісі - әрқайсысының өз жасағы болған, қарақшылық даңқы жер жарған, Ресей өкіметі сыртынан өлім жазасына кесіп қойған қандыбалақ атамандардың барлығы да Ермакты ең үлкен басшы деп таниды. Қарақшының қандай екенін осыдан-ақ біліңіз.

Бір суыртпақ жіп болса да олжа табатын жерде мұсылман демей, христиан демей, қан төгуді кәсіпке айналдырған Ермактың батыс пен шығыстағы бұрынғы-соңғы барлық қарақшыдан озған бір ісін айта кету артық емес.

Строгановтардың қол астында пана табар қарсаңда 1581 жылы жазда Ермак бастаған казактар тұтқиылдан Жайықтың сағасындағы Сарайшық қаласын шабады. Бір кезде сәулетті болған, сәнді болған енді шалғай жатқан, жау күтпеген қалада небәрі екі мыңдай халық қалған екен. Казактар сұлу келіншектерді ғана олжалап, өзге жұртты тегіс қырады, бар байлықты тонап, барлық үйді өртейді. Неше күн бойы тойлап, ары тапталған әйелдерді түгел азаптап өлтіреді.

Мұның бәрі - қарақшы үшін үйреншікті іс. Ең кереметі, енді қирататын, өртейтін ештеңе қалмаған кезде Ермак бастаған казактар сәулетті күмбездерді мол ежелгі зиратты талқандайды, мұнымен де тоқтамай, қабірлерді қазып, қураған сүйектерін жинап, тау қылып үйеді. Тау қылып үйілген, алды неше жүз жылдық қу сүйекті мол ағаш жағып, түгел өртейді...

Бұл – тарихи құжаттарда таңбаланған анық ақиқат іс. Өшпенділіктің, ашу-ызаның нәтижесі емес, ауру жанның, сырқат сананың көрсеткіші.

Қанішер Иван Төртінші патшаның өзі мұндай сұмдықты естігенде жағасын ұстапты. Кейінгі патшалық заман тарихшыдары кінәлай сөйлейді, ұяттан безгендері айтпай, аттап кетеді. Ал совет заманының тарихшылары, коммунист тарихшыларымыз өзгеше бір ерліктің үлгісі ретінде тамсана отырып баяндайды. Бұл да түсінікті. Ұрыға қарының ісі оң болып көрінбек.

Сонымен, тақсыз патша болып отырған алпауыт Строганов әулеті бес жүз қырық казакты қызыметке алады. Ұзақ қыс үлкен жорыққа дайындық үстінде, барлау, байқау үстінде өтеді. Көктем шығысымен Строгановтар Ермактың қан ішіп туған, қан кешіп өскен, кісі өлтіруден басқа кәсіп білмейтін, құдайдан да, шайтаннан да қорықпайтын бес жүз қырық қарақшысына өздерінің, олар да қаруға машықты, жергілікті коми, вогул халықтарын жаныштап үйренген үш жүз жасауылын қосып беріп, Орал тауынан асырып, Сібірге аттандырады. Кейбір деректерде Ермактың жасағы бес мың адамнан құралған еді деп көрсетіледі. Кейінгі тарихшылар осы сегіз жүз қырыққа тоқтайды.

Сегіз жүз қырық адам! Аз ба, көп пе? Егер осыдан алпыс жыл ғана бұрын испандық қарақшы Кортестің төрт-ақ жүз адаммен Мексиканы жаулап алғанын, бұдан соң Альваро, Писсарро сияқты конкистадорлар небәрі екі жүз, үш жүз адамдық жасақтармен батыс құрылықтағы қаншама патшалықты талқандағанын ескерсек, Ермактың сегіз жүз қырық қарақшысы – жүз мыңдық қалың қолға татитын.

Мәселе белгілі бір нәсілдің артықшылығында, жергілікті жұрттың нашарлығында емес. XVІ ғасырда батыс құрылықты да, шығыс құрылықты да еркін жаулаған еуропалықтар от қарумен жарақтанған еді. От шашып, қорғасын төккен, қандай берік сауытты болмасын қақыратып, бұзып өтетін мылтықтың, басқасын былай қойғанда, құлақ жаратын даусының өзі үрей туғызатын. Осындай ғаламат қару ұстаған, түрі бөтен, рақымсыз адамдар дию-пері болып көрінген.

Еpмактың мұздай қаруланған жасағы қанша айбарлы болғанымен, сібірлік түріктер, кейінгі заман тілімен айтсақ, сібір татарлары қаймықпай қарсы шығады. Ермак жолындағының бәрін жайпап, алға жылжыған сайын қарсылық көбейе береді. Кейсі екі-үш күнге созылған әлденеше қанды шайқас болады. Бірақ жебенің суылынан мылтықтың гүрсілі әмәнда басым шығады.

Үш ай бойғы тынымсыз шайқастан соң мың сан адамынан айрылған Көшім хан Сібірдің түпкіріне шегінеді. 1582 жылы 26 октябрь күні Еpмак селдіреген, қансыраған қарақшы жасағымен Сібірдің астанасына – халқы кетіп, иен қалған Ескер, немесе Қашлық қаласына келіп кіреді. Бұл күн, бұл оқиға жыртқыш Ресей империясының Сібірді бағындырған, енді жарым Азияны жаулайтын отаршылдық дәуірінің басы деп есептелсе, біздер үшін, яғни, қаны бір түрік халықтары үшін қазыналы, қасиетті Қазан патшалығы құлаған 1552 жылғы 2 октябрьге парапар, неше мың жылдық ұзақ әрі даңқты тарихымыздағы ең азалы күндердің бірі деп есептелуге тиіс.

Сібір жері орыс патшалығының табанына түсті. Ермак тонап алған, тартып алған, жиып алған мол қазынаның бір бөлігінен үлкен керуен түзіп, орыс өкіметінің өзі сыртынан өлімге кескен атақты қарақшыларының бірін бас қылып, Мәскеуге аттандырады.

Мол қазынаны көрген Иван Төртінші патша қарақшылардың бұрынғы, өз мемлекетіне қарсы жасаған қылмыстарының бәрін кешіріп, қаншама тарту-таралғы беріп, оның үстіне Еpмакқа арналған алтынды шапан және екі бірдей сауыт салып, алыстағы, қылмыскерден қаһарманға айналған кәззап жасақтың оқ-дәрі, қару-жарағын, тағы басқа қажетін түгендеп, салтанатпен кері қайырады.

Қайтар жолда Ермактың кісілеріне, сол заман тарихшысының сөзімен айтқанда “Гулящие люди” – яғни, мекен-тұрағы, арнайы кәсібі жоқ қашқындар мен ұры-қарылар, жем іздеген кезбе, орманда бұққан қарақшы – бір сөзбен айтқанда қаншама қағылған-созылған қарулы жұрт қосылады. Бұлардың саны туралы нақты дерек жоқ, бірақ сыңайына қарағанда, әлденеше мың болса керек.

Біз жаңа Ермак Сібір жерін басып алды дедік. Бірақ халқын бағындыра алмады, ханын бас игізе алмады. Жауынгер Көшім хан өзінің қарсылығын тоқтатпады. Ақыры арада екі жыл өткенде, Ескер қаласына әбден орныққан, енді кезекті жорығына шыққан Ермактың қарулы жасағын жаңбырлы түнде, Ертіс өзенінің жағасында тарпа басады.

“Жортуылшының басы жолды қалады” дегендей, осы, түнгі ұрыста қарақшы Ермактың жаны жаһаннамға аттанады, қасындағы бар әскері қырылып, хабар айтуға қалғандай, жалғыз-ақ адамы аман құтылады.

Осыдан соң Ермактың бұрынғы-соңғы әскерінен тірі қалған жүз елу кісі түп көтеріліп, кері қашады, қым-қиғаш далбасалап жүріп, әрең бас сауғалайды. Сібір біржола тазарғандай көрінеді.

Бірақ жол ашыл,ан еді. Жер бедері белгілі. Бүкіл Сібір – таусылмас, тегін қазына екеніне көз жеткен. Патша өкіметі жаңа жасақтар аттандырады, айналасы екі-үш жыл ішінде орыс жаулаушылары Сібірге біржола орнығады. Ұлан-байтақ өлке Ресейдің бөлінбес бір бөлігі деп жарияланады.

Сібір хандығын жаулап алғаннан кейін Ресей Қазақ Ордасымен бетпе-бет шектеседі.

Осы арада Ресей Сібірді шауып жатқанда қазақтар не бітірді, қайда жүрді деген сауал тумағы заңды. Қазақ, әрине, бауырлас болса да, өз туын көтерген бөтен мемлекет еді. Бұл кезде Алтын Орда заманындағы ортақ мүдде ұмытылған, ортақ ұран көмескіленген. Батыстағы түрік текті қауым ауызбірлігінің кемінен қарап отырып Қазанды жауға берсе, шығыстағы қарындастар өзара соғысып кеткен. Бүкіл Opта Азияны қаратқан, Ауғанстанның жарым жерін, Иранның қаншама уәлаятын қосып алған, өзін баяғы Ақсақ Темірдің мұрагерімін деп санайтын бұқарлық Абдолла хан осының алдында ғана қазақ даласына қарай жойқын жорықтар ұйымдастырған. Оңы-солын түгендесе, бес жүз мың әскер құрай алатын Абдолламен қан жалдап соғысып жатқан кекзде қазақтардың ту сыртынан, терістік тараптан Көшім хан келіп тиісіпті. Қазақтар Көшім ханды талқандап, кері қуады, Абдолланың бетін әрең қайырып, тура отыз жылға созылған, ақыры 1598 жылы, ұлы жеңіспен аяқталған ұзақ соғысқа кіріседі.

Сібірге қарауға мұрша жоқ еді. Оның үстіне Көшім ханның кеше ғана етектен алған жаулық ісі ұмытылмаған. Алайда, Қазақ Ордасы Сібір мәселесін мүлде естен шығармайды. Сол замандағы орыс жылнамалары қазақтардың Сібір хандығына барлық уақытта да азды-көпті көмек беріп тұрғынан айғақтайды. Ермактың басы жойылған түнгі ұрысқа қазақтардың да қатысқаны күмәнсіз. Қазақ аңыздарында, халық жырында Жармақ қарақшының, яғни атаман Ермактың басын шапқан - қазақтың Сәтбек батыры деп көрсетіледі. Бұл – ел әңгімесі дейік. Нақты таңбаланған тарихи дерек – орыстар Сібірге қайта оралып келген 1586 жылы қазақтар Көшім ханның жауы, таққа талас Сейіт-Ахмет (Сейдақ) бекке көмекке көп әскер береді. Бұл әскерді бастаушы – Тәуекел ханның інісі, батыс пен шығыстың барлық тарихи әдебиетінен аты мәшһүр Ораз-Мұхамед сұлтан болады.

1588 жылы, күзде, бейбіт келіссөз кезінде Сейіт-Ахмет пен Ораз-Мұхамед опасыздықпен тұтқынға алынады, бұдан соң Ескер қаласы қайтадан орыстардың қолына өтеді, ал 1598 жылы Көшім ханның ең соңғы жасағы қазаға ұшырағаннан соң Еуропаның әлденеше мемлекеті еркін сиятын байтақ Сібір біржола бағындырылады. Бірақ олжаға құныққан, қанға тоймаған империя мұнымен тоқтай алмайды. Бұл кезде батыс елдері Америка құрылығын біржола жаулаған, байлығы тұнған шығыс елдеріне оның ішінде ертегідей Индияға жол ашқан. Жылы теңіздерге шыға алмай отырған Ресей үшін бүкіл шығыстың кілті Қазақстан болатын. Қазақ жерін баса көктей өтсе, берісі Орта Азия, арысы Ауған мен Үндіге тіке жол ашылмақ. Империя кенеусіз байлыққа, шексіз билікке жетпек.

Тек Қазақ Ордасын жаулап алу керек...

Осындай ниет қана емес, нақты жоспар да болғаны байқалады. Бірақ дәл сол заманда кеудесі биік, қаруы қатты қазақты тізе бүктіру мүмкін емес еді. Орыс воеводалары патша ағзам атына, Посольский приказ деп аталатын сыртқы істер әкімшілігіне жазған мәлімдеме хатында: “Кең даланы саны өте көп, әскери қуаты күшті, жауынгер халық мекендеп отыр, оңтүстік тарапқа қарай жылжу мүмкін емес”, - деп жазады.

Сібірдің оңтүстік тарабын, яғни, қазақ даласын жаулап алу мүмкін емес, ал шығыс бет ашық болатын. Ел бар, бірақ халқы тайпалық құрылымнан шықпаған, әрі сирек орналасқан. Орыс жаулаушылары сол, Сібірді басқан екпінімен, лек-лек болып, шығысқа қарай аттанады.

Жазықсыз қаншама жұртты қырып, тірі қалғандарын өз еркімен қосылды деп жариялап, айналасы елу жыл ішінде Тынық мұхиттың жағасынан бір-ақ шығады.

Ресей патшалығы қазіргі Ресей федерациясының жерін түгелдей дерлік алып болған соң, қайтадан оңтүстікке, қазақ даласына көз тігеді. Бірақ от қаруға қолы жетпей отырса да, қазақтың іргесі берік еді.

Қанша қуатты десек те, Сібірді жаулап алғаннан соң тура жүз елу жыл бойы Ресей империясы Қазақстан шегіне кіре алмайды.

Аңдысу, арбасумен, тынымсыз жүргізілген ұтымды саясат арқасында, тағы бір елу жыл озды.

Ақыры, 1781 жылы Абылай хан өлгеннен соң ғана Ресей Қазақ Ордасын өзіне қарата бастады.

Ұлы хандығынан айрылған, жан-жақтан түгел талауға түскен қазақ елін біржола бағындыру үшін тағы сексен жыл керек болды. Нәтижесінде Ресей Орта Азияға XІX ғасырдың алпысыншы жылдарында ғана аяқ салды.

Қазақ даласынан үш жүз жылда әрең асса, Орта Азияны үш-ақ жылда жаулап алды.

Бір сөзбен айтқанда, біздің Қазақ Ордасы деп аталатын ұлы мемлекетіміз, біздің қазақ жұрты, алаш ұлы деп аталатын ер халқымыз тура үш ғасыр бойы бүкіл Орта Азия қауымын Ресей басқыншылығынан қорғап тұрды. Қаншама заман бойы өзінің тәуелсіздігінен айрылмады, туы жығылғаннан кейін де қарсылығын тоқтатпады, сөйтіп, үш жүз жыл бойы іргедегі өзбек пен қырғызға, түрікпен мен тәжікке ғана емес, алыстағы ауған мен парсыға, пұштұн мен үндіге қатерлі жаудың қарымын жеткізбеді. Қазақ Ордасының, біздің туған жұртымыздың әлем халықтарының тарихынан лайықты бағасын алуға тиіс ұлы істерінің бірі, міне, осындай.