Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Жүрегімде қалған өкініш

23.12.2015 1093

Жүрегімде қалған өкініш

Язык оригинала: 留在心灵的遗憾

Автор оригинала: Шүй Шиу Ли

Автор перевода: Мақпал Сембай

Дата: 23.12.2015

Бір іс менің жүрегімде мәңгіге қалды. Тіптен сол оқиғаның өткеніне біраз уақыт болса да, мен әлі ұмыта алар емеспін. Ол оқиға есіме түссе болды, қиянат іс істегендей азаптанамын.  Сол күні туыстарымның үйіне жұмыс бабымен баруға автобусқа отырғанмын. Автобус жүре бастағанда, біреуді жазғырып, қатты шығып жатқан дауыс естідім: «Тез, түс автобустан! Тез! Тез!». Мен бұрылып, дауыс шығып жатқан жаққа қарасам, кондуктор түрін бұзып, бір жас балаға ұрсып тұр екен. Ол баланың түр-әлпетінен жат жерлік екенін аңғаруға болады. Үстінде ұсақ гүлдері бар ескілеу жатар киімі, қолында матадан тігілген сөмкесі бар, меніңше, күнделікті тұрмыста қолданатын заттары болуы керек. Түрі бозарып кеткен, ауру адамға ұқсайды. Кондуктор қатал даусымен баланың автобустан түсуін талап еткенде, бала әлсіреген, шарасыз даусымен: «Кешіріңіз, менде расымен де ақша жоқ. Мен екі аялдамадан кейін түсіп қаламын. Жаңа ғана ауруханадан ине салдырып келемін, таңғы асымды да әлі ішпедім, сәл ғана рақым етіңізші?...», - деп сұрады. «Бос сөз сөйлеме! Ақшаң жоқ болса, неге мінесің? Біраздан кейін тексере, біздің обалымызға қаласың және бізге айыппұл төлетуі мүмкін... Енді автобустан түс! Өйтпеген жағдайда, көпшілікті жолдан қалдырасың», - деп кондуктор кесіп айтты.  Оның түрі одан ары түнеріп кетті. Автобус ішіндегі адамдар өзіне көмектеседі деген үмітпен, көмек сұраған жалынышты көздерімен автобустың ішіндегі жолаушыларды шолып шықты. Бірақ ешкімнің ешқандай да жаны ашымады. Кейбіреулер менсінбей, оны мазақ етіп: «Түһ, ақшасы жоқ болса, неге жолға шығады екен?», «Тез, автобустан түс, біздің уақытты алдың», «Жат жерліктер ылғи өздерін кедей адамдарша көрсетеді. Кім біледі, мүмкін бұл бала өтірік бейшараға ұқсап, елдің садақасын алмақшы шығар...», «Кім біледі?..»... - деді.  Неғайбыл, бала көпшіліктің өзі жайлы айтқан бос сөздерін түсінді ме, жоқ па? Ол басқа адамдардың бет-әлпетінен өзіне көмектесуді қалайтын адам жоқтығын байқады. Еш амалсыз, автобустан үндемей түсіп кетті.  Автобус жүріп кетті. Түк те болмаған сияқты. Бірақ мен аяқ астынан, не себепті өзімнің соншалықты «тас жүрек» болғаныма таң қалдым. Себебі, сол бала көмек сұрап, жәудіреген көздерімен маған да қарады ғой... Мен сол көздерге қарағанда, расында, ол үшін билет алып беруді ойладым. Бар болғаны бір-екі юань емес пе? Біз үшін екі юань ақша болып па? Әйтсе де, мен бұл ойымнан тез бас тарттым.  Бұл бір сәттік оқиғаға еш қатысым жоқтай, ештеңені де, ешкімді де елемегендей отыра бердім. Шындығын айтқанда, мен сол бір-екі юаньды қимадым емес, алдымен, өзімнің «жеке басымның пайдасын» ойладым: біріншіден, кондукторды ренжітемін бе деп. Ол «қара бет», яғни жаман адамның рөлін ойнады, ал егер мен «қызыл бет», яғни жақсы адамның рөлін ойнасам, кондуктор мен жайлы не ойлайды? Екіншіден, автобустағы жолаушылар мен туралы не дейді: «Жақсы адам болғың келді ме?», «Көмекке зәру жандар көп, сен солардың бәріне көмектесе аласың ба?»...  Бәрібір, мен аз уақыт ішінде көп дүние ойладым, қайта-қайта оқталдым. Бірақ соңында, мен «тас жүрек» образын ойнағанымды түсіндім. Оңай-ақ көмектесуге болатын істен бас тарттым. Бүгінде өзіме қалдырғаным мәңгілік өкініш пен мазасыздық. Мүмкін, кейбір адамдар маған өз-өзіне әурешілдік тапты, түймедейді түйедей етті, деп күлетін шығар. Алайда, менің ойым: егер мен жат жұрттық болсам, басқа адамның көмегіне зәру болғанда, оның үстіне, басқалардың кінәлауына, келемеждеуіне ұшырасам, қандай сезімде болар едім, мен қалай ойлар едім? Онымен қоса, бұл түрлі көмек, әсілінде, өте мардымсыз көмек. Кез келген адамның қолынан келетін көмек. Соны істеуді ешкім де қаламайды және істеуге батылы бармайды.  Адамдар арасындағы сүйіспеншілік қайда кеткен? Сол тағы кондукторды айтсақ, билет алмасаң, автобусқа отырмауың керек болса да, соншама ойланудың еш қажеті жоқ еді. Сенің билет алмаған адамды автобусқа отырғызбауыңда еш қателік жоқ. Егер сенде азғантай ғана мейірбандылық болғанда, жолаушыларды үгіттеп, бұл жат жерлікке билет алуға жетерліктей ақша жинап берулерін сұрағаныңда, жағдай басқаша болушы еді... Біз, венджоулықтардың көбі бауырмал, басқалардан көмегін аямайтын жандармыз. Газет және басқа ақпарат құралдары көпшілікті ақшалай көмек беруге үгіттегенде, аттарын қалдырмай кеткен сан мыңдаған мейірбан жандар да болып еді ғой? Тақырыптан алыстап кеттік, қысқасы, менің бір сәттік өзімшілдігім өміріме ешқашан да орны толмас өкініш қалдырды.