Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәкен Сыбанбай: Бақытты адам

15.02.2017 354

Сәкен Сыбанбай: Бақытты адам



І


Қаланың шеткерілеу мүйісіндегі мүлгіген саябақтың ішінде кітап оқып отырғанымда осылай қарай аяңдаған егделеу екі кісі назарымды аударды. Екеуі аяқ астында пырдай шашылған алтынсары жапырақтарды аяғандай ақырын ғана басып, таяу маңдағы бос орындықтардың біріне тақап келеді. Ұзын сұр плащ киген, басында көнетоздау қара қалпағы бар, бозғылтым сақал-мұртын ұқыптап бастырған кісі әлденені күле әңгімелейтін сияқты. Жанындағы – сірә, кемпірі болар – тәртіпке бағынудан қалған қашаған ақ шаштары жаулығының әр тұсынан шашырай сығалап, мейірім шашқан аққұба жүзіне өрнекті әжімдерінің өзі жараса кеткен келісті кейуана шалының сөзін ықыласпен тыңдап, анда-санда айналасына ынтыға көз жібереді.

Күзгі бақтың дәл осы сәттегі келбеті де қараған жанның жанарын арбайтындай ғажап сұлу еді. Сылаң қаққан сыршыл қайыңдардың аппақ діңі шолақ етекті сылқым арудың тоқ балтырындай көз тұсап, көңіл қытықтайды. Алабұртқан қызғылт жапырақтар желөкпе желдің өсегіне өзара сусылдаса сыбырласып, үн қатысады. Терек басын тербеген леп дәм-тұзы таусылған күзгі жапырақтарды кейде қауырсынша қалықтата үзсе, енді бірде тобымен саудырата төгеді. Жердің беті тұтасқан сарыала, бозкүрең, өртқызыл кілемге айналған. Табиғаттың қатал заңына әзірге үйеңкінің жиегі ептеп сарғыш тартқан түйетабан жапырақтары мен мәңгі жасыл шыршаның қошқыл ніл қылтандары ғана төтеп беріп тұрғандай.

Орындыққа жайғасып, арқасын мизамның кемпіршуағына қыздыра төңіректегі сұлулыққа сұқтанған қос қарияның бойында да осы күзгі табиғаттың келбетіне келіңкірейтін ұқсастықтар бар. Бұлар да өмірінің қырмызы көктемі мен қызықты жазын артта қалдырған, жүріп өткен жолына қайта үңіліп, зу ете түскен өз ғұмырының мәні мен мағынасын салмақтауға ден қояр кезеңдегі адамдар тәрізді. Бәлкім, олар тап осы саябақта бұрын да қол ұстаса қыдырған, тап осы орындықта қыз-жігіт болып ұзақ түн сырласқан шығар? Дәл осы жолдарды кезінде сан рет таптап өткен де болар? Бірақ қазір ол іздерді табу мүмкін емес, өйткені, соншама уақыттан бері бұл бақта кім жүрмеді, мына жолдарды кім баспады? Бұ күнде қос қария – көкейде орнығып, көкіректе қатталған өмір мектебінің ілімін перзенттеріңнің санасына сіңіріп, тіршіліктің ендігі мазмұнын ұрпағыңның қызығымен байланыстырар, ғұмыр мәнін әр күніңді ризашылықпен, тәубемен өткеруден іздер шаққа аяқ басқан. Қысқасы, өмір күзінің жолаушылары...

Кенет санамда «жауабын таппай жүрген жалқы сұрақты неге осы кісілерге қойып көрмеске?» деген ой жылт етті. Расында да, талайдың басын қатырып, бірақ ешқайсысынан көңіл көншітер түйінді сөз ести алмаған кеудемдегі түйткілдің жауабын өмірден түйген-тоқығаны мол осындай қариялар ғана айтып бере алса керек-ті. Сол әбден сандалтқан сауалды мен кімге қоймадым, кімдердің соңынан жүгірмедім десеңізші...


765cba5f854376327a38592bb6c74404.jpg



ІІ


  Ол кезде режиссер-документалист ретінде түсірген алғашқы фильмім көркемдік кеңесте тоңқалаң асып, торығып жүрген едім. Сонда да, шамама қарамай, келесі туындым үшін таңдап алған тақырыбымның зілмауыр салмағына қараңыз – «Бақытты адам»! Қатарластарымның мырсылдап күлгеніне де, бастығымның «тағы да оңбай омақасайын демесең, басқа тақырып таңда!» деп ескерткеніне де қарамастан, қасарысып отырып алдым. Ақыры бекітпеске амалы қалмады.

– Өз басым мұндай ауқымы кең ауыр тақырыпты документалистикада жан-жақты ашып көрсету мүмкін емес деп есептеймін, сол себепті қалай тыраштансаң да, жақсы дүние шығаратыныңа күмәндімін. Егер нашар боп шықса, онда бұдан былай сен тек мен тапсырған тақырыпты ғана түсіресің. Келістік пе? – деп бастығым маған қолын ұсынды.

– Келістік! – дедім мен де бәйгеге басын тіккен адамдай саңқ етіп.

Содан дайындық басталып кетті. Ең алдымен баспасөзден, кітаптардан, ғаламтордан ақын-жазушылар мен ойшыл-кемеңгерлердің бақыт туралы не айтқанын тауып, жазып алдым. Шынында да, бақыт дегеніміз не өзі? Былай қарасаң, оп-оңай-ақ сұрақ сияқты. Бірақ көпшілігінің сүйегі де қурап қалған, кейбірін суретінің өзінен тану-танымауым неғайбыл әлгі данышпандар осы бір қарапайым сауалдың жауабын сан-саққа жүгіртіпті. «Бақыт – тек бүгін ғана бар, бірақ біз ешқашан бүгінмен өмір сүрмейміз: өткенді сағынамыз, болашаққа асығамыз» депті бірі. «Өмірімізге уайым-қайғы араласқанда ғана біз бақыттың қадірін білеміз» депті екіншісі. Маған әсіресе «Тіршілікте қаншама бақытсыздықтардан аман қалсаң, солардың бәрінің қосындысы – бақыт» деген сөз қатты ұнады. Кей кемеңгерлер тіпті «Өмірде бақыт деген жоқ, іздеп әуре болмаңдар» деп, қабағын шытып, қарадай шошытты. Әрқайсысы әр тарапқа сүйреп, ойшылдар менің басымды әбден әлекке салды.

Қойын дәптеріме үңілсем, ғалымдар тіпті сала құлаш анықтама беріп тастапты. Оны оқып отырып, бақыт деген ұғымның бағытынан ажырап қала жаздадым. Сипаттамаға сенсек, бақыт дегеніміз – «жарық дүниеге келгендегі арман-мұратының толық орындалуына, өмірінің мәнді де мағыналы болуына, көңіл қанағаттанарлық тұрмыс жағдайына әбден разы адамның бастан кешер сезімі» екен. Осындай да былжырақ бола ма? Егер өзінің үйленгелі жүрген қызына: «Жаным, екеуімізді алда тек қана бақыт күтіп тұр!» – дегісі келген жас жігіт, мәселен, «бақыт» деген сөздің орнына әлгі анықтаманы қойып айтса, не болмақшы? Не болатынын қайдам, әйтеуір той бола қоймасы анық.

Ұққаным: бақыт дегенді әркім өз таным-түсінігінің төбесінен, ақыл-парасатының биігінен танып-біледі екен. Ендеше мен бақыттың нақты сипаттамасын анықтап, соған сәйкес адам іздеп, әуре болғанша, неге әуелі бақытты адамның өзін тауып алмаймын? Бақыттың анықтамасын маған сол кісінің өзі-ақ айтып беруі мүмкін ғой?!

Сөйттім де, бәрін қойып, бақытты адамның ізіне түстім. Жатпай-тұрмай, жалықпай іздедім-ақ. Мәселен, халық алақанына салып әлпештейтін атақты өнер жұлдызынан артық қандай бақытты адам болуы мүмкін?

Ардагер әнші апай сұхбатқа тез келісті.

– Мен – бақытты адаммын. Әндерімді ел сүйіп тыңдайды. Халқым барда менің атым да, өнерім де өлмейді! – деді. Үнемі айтып жүрген сөзі ғой, жаңылған жоқ. Бірақ жатталған тақпақтай тақылдап, тым жансыз естілді.

– Әйтсе де, осындай дәрежеге жету үшін көп қиындық көрдіңіз ғой! – деймін сөйлете түскім келіп. «Бақытын әңгімелеймін деп отырып, байқаусызда бақытсыздығын да айтып салар ма екен?» деген дәме-дағы. Алайда сахна жұлдызы да талай қуды көрген тарлан емес пе, сүріндірмек пиғылыма пысқырған да жоқ:

– Өнер шыңы жолындағы азап – тәтті азап қой! – деді ерекше екпінмен.

– Сол шыңға ұмтылыс талай өмір қызығынан да құр қалдырған шығар?

– Өнер құрбандықты талап етеді. (Ол кісі байқамай «Искусство требует жертв» деп орысша айтып жіберіп еді, қажет тұсын қайта түсірдік).

– Бүкіл жастық шағыңыз түрлі сахналарда, гастрольдік сапарларда өтті. Солардың жеке өміріңізге тигізген зияны болған жоқ па?

– Менің өмірім – өнерім. Отбасым осыны ұға білді.

Сахна жұлдызы, қырағы қақпашы секілді, қай сұрағымды да қолма-қол қағып алып, қашырта жауап қайырып, үстіне су тигізбей аман шықты.

Түсірілімнен соң әнші бізді – жанымда жарық түсіргіш Бекнұр мен оператор Ерғали бар – асүйіне шайға шақырды. Дастархан басында, жалпы былайғы өмірде ол кісі тіптен ашық жарқын екен. Әсерленіп отырып, біраз әңгіменің тиегін ағытты. Соңында ұлының есірткі дертіне шалдығып, диспансерде емделіп жатқанын, қызының шеше сөзін тыңдамай шетелдікке тұрмысқа шығып, мұхит асып кеткенін, қазір өзін Жер бетінде жалғыз қалғандай сезінетінін сыр ғып шертіп, көзіне жас алды. Бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыты болмағанын айтып, ақталды. Өміріндегі осы қасірет туралы ешкімге тіс жарғысы келмейтінін ұқтырып, бізден де соны өтінді. Камера өшірілген, құрал-жабдық түгел қатталып-жиналған, амалымыз қайсы – келістік...


* * *


«Байлық – қолдың кірі, ақшаға құнықпаңдар!» деген ақылды, неге екені белгісіз, негізінен... байлар көп айтады. Сірә, «тұяғын тарпыса алтын-күміс шашылатын ақбөкенімізді тауып алып, жайлауымызға ортақтасып жүрмесін» деп бізді әдейі жолатпайтын болар. «Байлық – қолдың кірі» екенін баяғыдан-ақ естіп келе жатырмыз ғой, бірақ соған өз қолын да кірлетіп барып көз жеткізуді кім көксемейді дейсіз!

Сондай «қолы көптен жуылмаған» аса қордалы бір кісіні тауып, пікірлестім. Рас, қазір ондай байлар аса көп іздетпей-ақ алдыңнан өзі шыға келеді. Маған керегі – бақытты адам. Ал қаламызда бірінен-бірі өткен әсем бес пәтері, тау баурайында төрт қабатты коттеджі, жекеменшік зауыты, сауда үйі, мейрамханалары бар (ұсақ-түйектерін есепке алмаймыз – ұят-ты) ауқатты адамның бақытты болмауы мүмкін бе?

Таспаға жазылған әңгіме тағы да тақ-тұқ болды. «Мені, бауырым, жай ғана кәсіпкер деп таныстыра сал, қарапайым адамбыз ғой» деген ағам қандай сұрақ қойсам да, бәрін «өкіметіміз бен партиямызға» жауып құтылды. Еліміздің күннен-күнге гүлденіп, көркейіп, өркендеп бара жатқаны да, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман тыныштығы да, өзінің осындай дәрежеге жетуі де, жеке шаруасын дөңгеленте жүргізуі де, тіпті түтін түтетіп, үй болғаны да – сол ел басшыларының көрегендігі, жатса да, тұрса да халықты ойлайтын өкімет пен партияның тынымсыз еңбегінің арқасы екен. Қанша жетелесем де, бақыт туралы әңгімеге баспады. «Бақытты адамсыз ба?» деген сұраққа ғана жауап берді. «Бақыттымын, – деді. – Мен ғана емес, елім бақытты. Осылай төбемізде ашық аспан жарқырап тұрған жарқын кезеңде емін-еркін сұхбаттасып отыруымыздың өзі – бақыт! Бұл да көреген көсемдеріміз бен ел үшін етегіне сүрініп... і-і... сүрлігіп жүрген...».

Кетті. Тоқтата алмадым.

Сұхбаттан соң, ағамыз түсіру тобын мейрамханасында жақсылап күтті. Барған жерінен құрауыз қайтпауға тырысатын біздің жігіттердің құдайы беріп, қутыңдап шыға келді. «Бақытты адамның» өзі де барынша сілтейді-ақ екен, қонақасы соңында әжептәуір қызып қалды. Тарқар алдында мені балпиған қарнымен тұншықтыра құшақтап тұрып, мұңын шақты. Әбден әккі боп алған жан емес пе, әрі-сәрі жағдайына қарамастан жан-жағына алақтап, тек қана сыбырлап сөйледі. Бас шұлғығаныммен, сөзінің біразын қауашағыммен қамти да алмай қалдым. Әйтеуір «түнде тыныш ұйықтай алмаймын» деген уайымын ғана ұғып үлгердім.

Осы сөз өзгесінен қаттырақ шықса керек, қасымдағы әлгі екі қу да естіп қалыпты.

– Ұйқысының шырқы бұзылатындай бір шикілігі бар да, сірә, – деді қайтып бара жатқанымызда Бекнұр.

– Онысы да өкіметіміздің арқасында болып жүрмесін, – деді тілінің уыты бар Ерғали.

– Қойыңдар, жігіттер. Бас жаққа барыспайық. Қайдан білесіңдер, бәлкім, түнде әйелі қатты қорылдайтын шығар?

Екі мастың лықси ақтарылған дарақы күлкісі тыныштық құшағындағы түнгі көшені басына көтерді...


* * *


Неше ықылым заманның ілім-білімін оқып тауысқан, «арғы-бергі дүниеде ол білмейтін ештеңе қалған жоқ, сірә» деп сипатталған бір академик ақсақалды ұстап алып, сөйлеттім. Әуелі теледидарға түсіретінімізді білгенде, әжептәуір қуанып, костюмінің өңіріне медаль-төсбелгілерін тағып, қалған-құтқан шашын тараған болып, кәдімгідей әбігерленген. Ғылым дүниесінде қалдырған ізі мен атқарған ісін санамалап, тәрбиелеген шәкірттерін тізбелеп, біраз көсілген. Қыза келе «өте бақытты адаммын» деп те салды. Алайда, бақыт ұғымының мәнін тарата бастағанда, шал шалқасынан түсті.  

– Өнбес дауды қуған, өлмес жаумен жағаласқан өлермен екенсің өзің бір! – деді сосын қатуланып. – Басқа тақырып құрып қалғандай, «бақыт», «бақыт» деп тақылдап қоймадың ғой. Жас күнінде өмірден бақыт іздеп, көп сандалғанның бірі – мына көкең. Дүниенің тылсым сырын білуге тырыстық, тіршіліктің құпиясын ашуға құлшындық, бақыттың мағынасын ұғуға ұмтылдық. Көп білсек, көп оқысақ, көп ізденсек – өмірдің мәнін табамыз, бақыттың кілтін қолға түсіреміз деп ойладық. Жас едік, мақсаткер едік. Адам санасының қозғаушы күші – алға ұмтылу. Сүрінген-жығылғанымызға қарамай, жанталаса жылжи бердік, ілгерілей бердік. Алдымыздан кездескен кедергілер мен қиындықтарды бақытқа жетер жолда жігерімізді шыңдап, шынықтыра түсетін қайрақ деп білдік. Бір-бірімізге биік асулар тіледік, сол шыңдарды бағындыру жолында қандай тауқыметке тап болсақ та, жеңіп шығуды мақсұт еттік. Студент шақта мен тіпті бір жақын досыма мынадай шумақ та арнағам:

«Мінезің-ай!

Мінезің – аңғал да әсем.

Мен шықпаған шыға ғой заңғарға сен!

Төзе білсең – бақ-бақыт қонар сонда,

Мен қиындық тілейін. Таң қалма сен!»

Міне, осындай романтик едік. Қазір ойлап отырсам, нағыз ақымақ болған екенбіз. Дені дұрыс адам досына қиындық тілей ме? «Жақсының айтқаны емес, жаманның сандырағы келеді деген, сенің тілеген қиындығың өмір бойы соңымнан өкшелеп қуып, өлімші ғып шаршатты, аузыңа бір оңды тілеу түспегені-ай!» деп қалжыңдайды қазір қартайған досым.

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өміріміз өршелене алға өңмеңдей берумен өтіпті, тынымсыз қозғалыс, қауырт қарбаласпен заулай беріпті. Бір пәс кідіріп, тіршіліктің тынысын сезінуді, жақсы күндер мен тәтті сәттердің қадірін білуді ескермеппіз. Ал бақыт деген – шуақты күн сияқты нәрсе екен. Маңдайыңды қыздыра сүйіп, жүзіңе нұрын төгіп, бойыңа жылуын сіңіретін сәулелі сәт екен. Ал мұндай күн, мұндай сәттер үнемі бола бере ме? Кейде тіпті күнделікті күйбеңмен жүріп сондай шуақты кезеңнің келіп кеткенін де аңғармай қалатынымыз рас қой. «Биылғы жаз қалай тез өте шықты-ей? Келер жылы армансыз қыдырып, алаңсыз тынықпасам ба осыдан?!» деп жатамыз. Келесі жазда тіршіліктің қамытынан босамай, тағы да ұмытып кетеміз. Бақыт та солай: сәтінде сезініп, дер кезінде ұғып қалдың ба – бағың бар екен; ал байқамай өткізіп алдың ба – ешкімге ренішің болмасын.

Сен мені дүние сырына қаныққан білімдар адам деп отырсың. Ал осы оқымыстылық маған не берді? Мені бақытты етті ме? Жоқ. Өмірде көп нәрсеге көзің жеткен сайын сен үшін тіршіліктің қызығы да азая бермек. Өйткені, өмірді терең білген сайын айналаңда қаншама әділетсіздік, қаншама қараулық, қаншама қиянат барын көресің. Ең сорақысы – сен сол жамандыққа қарсы шығуға бойыңнан жігертапқаныңмен, бәрібір оны жеңе алмайсың! Себебі, қанша заманнан бері ізгілікпен қабаттасып, айқасып келе жатқан қатпары қалың, жаны сірі жау ол. Ал осыны біле отырып қалай бақытты боласың? Айтасың, айғайлайсың, аттандайсың. Күйесің, күйзелесің, күрсінесің. Ақыры тегеурінің жетпейтінін біліп, тек жүруге көшесің. Өз дәрменсіздігіңді сезіну де – бақыт болып па? Баяғы басыңның суы кеппеген балаң шағыңда «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», «Бұл өмір абақты ғой саналыға» деген сөздерге күле қараған болсаң, енді соны айтқан кемел тұлғаның кемеңгерлігіне таң қалып, тақияң жерге түскенше тағзым етесің...

Әу баста жаймашуақ басталған сұхбаттың соңы осылай көңілсіздеу аяқталды. Мұндай мұңлы монологты болашақ деректі фильмнің қай тұсына кіріктірерімді білмей, басым қатқан күйі шалдың үйінен шай ішпестен шығып кеттім.


   ІІІ


– Сұрағың қиын екен, шырағым, – деді ұзын сұр плащ киген, басында көнетоздау қара қалпағы бар, бозғылтым сақал-мұртын ұқыптап бастырған кісі әңгімемді мұқият тыңдап болған соң. Мейірім шашқан жүзіне өрнекті әжімдерінің өзі жараса кеткен жанындағы кемпірі де дымқыл жанарын түу алысқа қадаған күйі қалың ойға шомыпты. Мен әлгінде бұл кісілердің қасына келіп, басымнан өткен хикаяларды баяндап, сосын «Ал сіздер бақытты адамсыздар ма? Бақыт деген не?» деп сұрағам.

– Меніңше, бақыт деген – адам көңілінің қанағат табуы, – деді ақсақал сөзін жалғап. – Егер пенде баласы өзінде барды қанағат тұтса, соған шүкіршілік етсе, сөз жоқ, бақытты болар еді. Бірақ екінің бірі өз нәпсісін бұғаулай алмайды. «Басым аман, бауырым бүтін, ата-анам сау, ел-жұртым есен болса болды, басқа ештеңенің керегі жоқ!» дейді де, артынша-ақ осы ниетін ұмытып кетеді. Сосын басталады – «анау керек», «мынау керек», «анау жетпейді», «мынау жетпейді». Жан-жағындағы жұрттан қалып кетпеу үшін жанталасады келіп. Әу бастағы қанағат сезімінен жұрнақ та қалмайды. Ашкөздік, дүниеқоңыздық, пайдакүнемдік, сараңдық, ынсапсыздық, тәкаппарлық, мансапқорлық – бәрі де осы қанағатсыздықтан өрбиді.

– Сонда ақша адамды бақытты ете алмайды дегіңіз келе ме? Бақуатты да, бақытты да адамдар бар шығар? – дедім шыдай алмай.

– Өтірік көлгірсіп қайтейін: рас, ақша адамның бақытты болуына көмектеседі. Бірақ бақыт – ақшадан әлдеқайда биік ұғым. Қап-қап ақшасы бола тұра шын бақыттың не екенін сезіне алмай жүргендер қаншама! Алла-Тағала саған көл-көсір дәулет беріп, сол молшылықтан ешкімге ешбір пайда тимесе, қалай бақытты боласың? Байлық та – бақ сияқты, қонар жерін таңдамайды. Ақшаның қадіріне жететін, айналасына жақсылық жасай алатын ақжүрекке де, қалтасына түскенін оңды-солды шашатын берекесізге де, қолына тиген соқыр тиынынан тас боп айрылмайтын сараңға да бұйыра беруі мүмкін. Кім осы басына қонған бағын бағалай біледі, Құдайдың өзіне жіберген нығметін дұрыс ұғынады – соның ғана бақытқа барар жолы ашық. Әрі бай, әрі бақытты бола алсаң, әрине, керемет! Бірақ үнемі олай бола бермейді ғой.

– Атаң ақиқатын айтып отыр, айналайын. – Сөзге әжей де араласты. – «Адамның күні – адаммен» деген. Айналаңа пайдаң тимесе, жақыныңа жақсылық жасай алмасаң, көпке көмектеспесең – бай болғаның, бар болғаның кімге керек? Ондай адамда қаңғып жүрген қайдағы бақыт? Мейлі, бай болмай-ақ қой, бірақ жүрегіңдегі ізгілік сөнбесін, мейірім қатпасын. Ішкі бақай есеппен емес, ешқандай себепсіз біреуге титтей жақсылық жасашы – сол адамның жүзі бал-бұл жанып қуанғанын көргенде, сенің де тұла бойыңды бір тылсым толқын керней жөнеледі! Жаның рахатқа бөленеді! Бұл – бақыт емей, немене?

– Қап, қанша уақытым құр өтіпті, қанша бейнетаспам шығын болыпты! – деп күлдім мен. – Атақтыны да, ақшалыны да, ақылгөйді де іздемей, тура өздеріңізге кездескенімде ғой, шіркін! Сіздер туралы фильм түсіру керек!

– Қой, қарағым, бізді түсіріп қайтесің, – деп жымиды ақсақал. – Біздің өміріміз кімге қызық? Кино үшін қым-қиғаш тартысқа толы қиын тағдырларды таңдау керек шығар. Адамдар нағыз бақытты ғұмыр деген сондай болуға тиіс деп ойлайды. Кітаптан оқып, экраннан көретіні – кілең басын тауға да, тасқа да ұрып, көрмеген құқайы, кешпеген хикметі қалмай, ақыры өлдім-талдым дегенде бақытқа әрең қолы жететін бейбақтар болған соң, солай ойламағанда қайтсін. Өмірде дәл сондай тауқымет шеккен адамның бақытты болғанын көргенің бар ма? Әлгі тартқан азабының әупіріммен аяқталуының өзі бақытқа бергісіз сезілетін шығар, сірә. Әйтпесе... Бұл – көрермен мен оқырманды қызықтыру үшін қолданылатын тәсіл ғана ғой. Шын бақытты адамның өмірін киноға айналдырса, оны ешкім де көрмес еді. Мысалы, мына кемпірім екеуіміз туралы фильм түсірсең, бастапқы он минутынан кейін-ақ көрермен не ұйықтап қалар еді, не сыртқа шығып кетер еді. Неге? Өйткені, шиеленіскен шым-шытырық тағдыр жоқ, іш пыстырады. Нағыз бақытты адамның ғұмыры – сырт көз үшін емес, оның өзі үшін ғана қызық болады. Себебі, шын бақытты өмір – барша рахаты мен ләззаты сол өмірді сүруші адамдарға ғана сезіліп, дала өзені секілді беті ғана шымырлай, тыншып ағады...

– Жә, балам, бір оталса тоқтауы қиын атаңды көп сөйлетіп шаршата берме енді, – деді кенет орнынан күлімсірей түрегелген кейуана. – Біз біраз сейілдеп қайтайық.

 – Ал жақсы, шырағым, аман жүр! – деп ақсақал да маған қолын ұсынып, қоштасты. – Бақытты бол!

– Сау болыңыздар!

«Қандай керемет адамдар! – деп соңдарынан қызыға қарап, біраз тұрдым. – Бірақ мұндай бақытты жандар бізде неге аз? Неге «тек мен ғана болсам, мен ғана байысам» дейтін менмен пенделер көп? Неге «өзім аман болайын, бірің өліп, бір қал!» дейтін тасжүректер көп? Неге «тегін олжа қайда бар?» деп жалаңдап тұратын жандайшаптар көп? Неге? Неге?!».

Мен өзімді бақытсыздар елінде тұрып жатқандай сезіндім.


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар