28 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Алма Түсіпбекова. Сәттерім бар...

10.05.2018 620

Алма Түсіпбекова. Сәттерім бар...

ҚАРА СЫМ...

Керім-күннің есіңе алып қалыбын,

Сен де мені ойлайсың ба әлі күн?

Сенсең егер, мына жалған өмірдің

Кермек дәмін сен арқылы таныдым.

Кермек дәмін...

Жетпей қалып тәттісі,

Қанатынан қайырылып бақ құсы.

Тағдыр маған қара көйлек кигізді,

Жыртысының жетпей қалып ақ түсі.

Қара көйлек, қара жолақ, қара гүл,

Өзегімде өткен күнге нала жүр.

Сұрқай өмір салып жатса табанға,

Серпілер ме, сұрғылт тартқан сана бір?!

Қара нөсер қара аспаннан төгілген,

Қара түнге үйір бопты көңіл де.

Қара түсті көзілдірік – көзімде,

Қара әйнектен қарап тұрам өмірге.

Өмір өзі тартса түстің қарасын,

Қара түстен табайын ба жарасым?

... Ой орманын кезіп жүріп сүріндім,

Сүрінгенім не екен десем – қара сым...

ТАЛШЫБЫҚ

Жапырағынан жас емес-ау, зар шығып,

Қара күздің жаңбырына малшынып.

Қалтырайды суық желдің өтінде,

Сен екеуміз отырғызған талшыбық.

Өктемдіктен өне бойы майысып,

Қаталдықтан кеткен екен қайысып.

Қара нөсер жапырағын жұлқылап,

Қояр емес сайысып.

Соққы болған жаз көңілге гүл шырын,

Басып озған қара нөсер тырсылын.

О, құдайым!

Айқын естіп тұрдым мен,

Талшыбықтың тамырының дүрсілін!..

Талшыбықтың, шайған жанның айнасын,

Көктен келіп сүртпесі анық ай жасын.

Қорған болшы, қаталдықтан қорғашы,

Қайдасың сен?

Қайдасың?!

...Мөлдір мұң кеп жапса-дағы көзімді,

Талғажау ғып жүрмін әлі төзімді.

Қарап тұрмын біздер еккен шыбыққа,

Аяп тұрмын оны.

Сосын өзімді...

Елу сегіз

Жаһаннамның жойқын суы тасып ед.

58.

Есіңізде бар ма әлі,

Жазықсыздың жанындағы қасірет.

58 – сұм-тағдырдың тұзағы,

Бейбіт күннің шырқын келіп бұзады.

Жарқын өмір тұрғанменен жарқырап,

Басылған жоқ ол жылдардың сызы әлі.

Дала төсін жаралаған сан қабір,

Тарихымның тәніндегі таңба бұл.

58 – бейдауа бап, емі жоқ,

Тартатұғын кінәсі жоқ жан жәбір.

Дүр сілкініп жатты дала, таныс бақ,

Ақберен ұл ақиқаттан қалыс қап.

58 еңіретіп елімді,

Түнек басты тіршілікті қарыштап.

Сол заманның сорын бір сәт ойлашы,

58.

Қасіреттің қоймасы.

Осы баптың аты шықса, сол кезде,

Ағайынның батпайды екен бойға асы...

Жазықсыздар!

Құлағандар жарға олар,

Белгілерің – алаулаған ар болар.

...58!

деп айқайлап қалып ем,

Қарқылдады қорымдағы қарғалар...

ҰЛЫТАУДЫҢ БҮЛДІРГЕНІ

Төзген өмір дауылына,

Басшы мені бауырыңа.

...Жетсем екен сағым болған

Бала шақтың ауылына.

Дұға қылып сан атыңды,

Алыстатқам қара түнді.

Дархан дала!

Сен емдеші,

Құзғын қиған қанатымды.

Қаулап қырдың қияқтары,

Көңілімнен күй аққаны...

...Бүтіндеуге келеді ме,

Тұлпарымның тұяқтары?

Қалықтайын, көкте бір күн,

Көркін қара, көктемімнің!

Өзегімнен суырып ал,

Өксік үнін өткенімнің.

Кезетұғын үнім ғарыш,

Құлын кезім...

Құлын-жарыс.

Қаракеңгір, қасқая аққан,

Алып кетші, мұңымды алыс!..

Кәне, мені күлдіргенің?

Бұлдыр-үміт.

Бұлдыр белім.

Кермек-күнге қарсы қоям,

Ұлытаудың бүлдіргенін!..

Төздім тағдыр дауылына,

Басшы мені бауырыңа.

...Кетем ертең ертелетіп,

Аруана-ауылыма!..

ЖЕТЕДІ!..

Жетеді қинағаның!

Мені бақыт балымен сыйла, жаным.

Өзің барда өмірім гүл атқанмен,

Өзің жоқта жоғалтқан сый да мәнін.

Жетеді жылатқаның!

Қасиетін сен де біл, бұл ақ таңның.

Сен болмасаң тарылып мына ғалам,

Сен бар кезде қалады жырақта мұң.

Жетеді өкінгенім!

Жөн болар, сезім, саған бекінгенім.

Сен барда арман қонып айдыныма,

Сен жоқта жалғыз аққу секілді едім.

Жетеді күйінгенім!

(Мен әлі үкілі үміт үйіндемін).

Тек сені тағдырыма баладым мен,

Тек сені баға жетпес сыйым дедім.

Келе ғой, келші маған!

Мен екем, жан-жүрегі ең сірі адам.

Өзегім толғанымен өкінішке,

Махаббат!

Түбі сенен еншімді алам!

Жаратқан жайсыздықтан айырғасын,

Өткенім су түбінде қайырласын.

... Бақыттың әні естілді жағалаудан,

Екеуміз бірге айтайық қайырмасын!..

БАЛБАЛ ТАС

Мұнар күннің мұрасы,

Тілін білсең – сұрашы.

Қыр басында балбал тас,

Сан ғасырдың куәсі.

Ғұмыр кешкен сенделе,

Соры қалың пенде ме?

«Дуаланған қарғыспен» -

Деп айтады ел неге?

Тұлғасында – байыбы,

Батырға ол да сай, ұлы.

Туған жерде – тамыры,

Тас демесең – айыбы.

Тұғыры бар мәңгілік,

Жадында оның – жаңғырық.

Жел кептірер көз жасын,

Шөлін жаңбыр қандырып.

Жанға түйіп жақсы ісін,

Әліп артын бақты шын.

Тыныштықты күзетіп,

Тұрғандайын тас мүсін.

Жанардан жас төгілсе,

Сенен ме едің, егілсе?

Осы тастың жүрегі,

Бар секілді, меніңше...

Сырын ұғып бөктердің,

Шежірені төккен кім?

... Балбал тастан естідім,

Қобыз үнін өткеннің...

СӘТТЕРІМ БАР...

Кейде
Сезімге ерік беріп,
Көз жасымды алатын төгіп-төгіп,
Арылатын мұңымнан көбік-көбік
Сәттерім бар.

Кейде
Шаттанатын,
Бейдауа тіршіліктен бақ табатын,
Арман қуып алысқа аттанатын
Сәттерім бар.

Кейде
Тарылып мына абат-ғалам,
Ғаламдық тартылыстар тарап маған,
Жанымды шабақтаған
Сәттерім бар.

Кейде
Сырғып аққанда сынап-арман,
Сүрініп жыралардан,
Құдайдан жоқ қайғыны сұрап алған
Сәттерім бар.

Кейде

Көңіл-қалам жазғанда наза-дастан,

Шаттығымды долы жел ала қашқан,

Біле тұрып бәрін де жаза басқан

Сәттерім бар.

Кейде

Құламайтын жерлерде құлайтұғын,

Жыламайтын жерлерде жылайтұғын,

Тағдырды да сынайтұғын

Сәттерім бар.

Кейде

Сол бір жанды жаныма балайтұғын,

Алдануды жаныммен қалайтұғын,

Уәдеден шығуға жарайтұғын

Сәттерім бар.

Кейде
Дауыл болып теңізді тербететін,
Жауын боп селдететін,
Көк тәңірге жүрегін емдететін
Сәттерім бар.

Кейде...

ЖАУ ЖАҢБЫР...

Кетіп ед, өксік басып өмірімді,

Жау, жаңбыр!

Жушы менің көңілімді.

Тамшының құлаққа ұрған тырсылын-ай,

Домбыра секілденген қоңыр үнді.

Тамшы үні!

Осы сенен дерек үзіп,

Жүрген ем елеңдеумен елегізіп.

Санамды сойылдаса сансыз ойлар,

Ақылым алағызып, дене қызып.

Ашылсын көңілдердің сан құлыбы,

Жауа бер!

Кереметсің, жаңбыр үні!

Тілгіле, найзағай боп көк аспанды,

Жанымның жапандағы жаңғырығы!

Тамшылар!

Көңілімнің демделгені,

Жанымның жарасының емделгені.

Сезімнің жетер енді сенделгені,

Болмаймын ауыр ойдың енді ермегі!

Жан емен тілегені теріс келер,

Сырларым!

Іште қалса – беріштенер.

... Көңілін бір ақынның таптық-ау деп,

Көктегі жылап жатыр періштелер...

СЫНЫҚ ҚАНАТ

Қорықпай көрінгеннің табасынан,

Тағдырдың ұстап алып жағасынан.

Мен саған арнағанмын өмірімді,

Сезімім асқан күні сабасынан.

Сен болсаң, күліп қарап,

(Осы бір күлкің сенің ырықты алад).

Ару ем.

Сезіміме татымадың,

Аққуға айналдырдың сынық қанат.

Біреуге су төгілмес жорға сынды,

Мен қайтем қасіреті мол ғасырды?

Қанатым сынған күні жылады аспан,

Сезімнің шынысы да сонда сынды.

- Басыма салғанын-ай, құдіреттің!

Осылай оңашада күбір еттім.

Өзіңді өзінен де биік қойған,

Айтшы сен, жазығы не, бұ жүректің?!

Сезімнің қалған едің наласына,

Тау-тасқа басымды ұрдым аласұра.

... Түс көрдім.

Тағы жүрсің дәл қасымда,

Тұз сеуіп жалғыздықтың жарасына...

КИІК ЛАҒЫ

Қалайша елжіремей тұра алайын,

Өзіңде – бар нәзіктік, сірә, дәйім.

Жалғанның жаурадың-ау желінен сен,

Келе ғой жақынырақ, құралайым.

Келе ғой, жақынырақ, аялайын,

Жүрегін жылуымның аямайын.

Үркесің...

Мына тағдыр жақсылығын,

Көруге жазбаған-ау, сірә, дәйім.

Кел енді...

Жаныма кел, жасқанбағын,

Сенбісің, сан адасқан, қашқан бағым?

... Елжіреп қоя бердім сені көріп,

Қайтадан оралғандай аспандағым.

Құралай!

Айналайын көздеріңнен,

Табармын мұндай жанар өзге кімнен?

Сөзсіз-ақ сырын айтар көз барлығын,

Қалайша тіршілікте сезбедім мен?!

Сен қандай ғажап едің, керемет ең!

Санайын мен өзіңді неге бөтен?..

Мейірге шөліркеген мына әлемге,

Сұлулық мына сендей керек екен...

Тірлікте ең жазықсыз – тек сен бе екен?

Кеш мені, бір әрекет етсем бөтен.

... Нуына нәзіктіктің ену үшін,

Айналып ақбөкенге кетсем бе екен?..

МӘН

Шақырмас шалқар көлің де,
Қызықтырмайды төрің де.
Түсінген жанға тереңдеу,
Өмірдің мәні - өлімде!

Бұл сөзім саған тосындау,
Өз еркің – ойға қосылмау.
Өмірге бірақ келген соң,
Өлімнен керек шошынбау.

Мәңгілік ғұмыр күтпеші,
Тірліктің осы - нүктесі.
Айтады ел сонда бағаңды,
Көңілдің қалмай бүкпесі.

Бұл ажал емес нағашы,
Болмасын елің табашы.
Маңдайға жазған ғұмырдың,
Шығады солай бағасы.

Ойланғын түсте, кешкісін,
Ойымды, мейлі, кеш түсін.
Тірліктің өтіп тестісін,
Ұпайын сонда естірсің!

Қарсылық жасап табанды,
Жыртқанмен бүгін жағаңды.
Өліп бір кеткен кезіңде,
Береді қазақ бағаңды!..

ШӨЛДІ КЕЗЕМ СЕН ҮШІН

Келем деп ең – келмедің,

Хабарыңды бермедің.

Қалды дейсің, жаным-ау,

Сенен басқа менде кім?

Сағындырдың соншалық,

Мен отырмын томсарып.

Шөлді кезем сен үшін,

Қара нарға қом салып.

Сағындырып сан атың,

Жанардан жас таматын.

Көкті кезем сен үшін,

Сұрап құстың қанатын.

Обал – сезім текке өлсе,

Сүю керек тек менше.

Сағынамын мен сені,

Жер астына жеткенше...

ҰҚСАСТЫҚ

Жылап аққан сылдырындай жылғаның,

Түсінемін тірі жанда сыр барын.

... Байқап қалдым, қоқыс терген әйелдің

Гүлге қарап, мұңға батып тұрғанын.

Жүдеу өңді, төменшіктеу назары,

Ерте көшкен секілді өмір-базары.

Қайыршының күнін кешкен сол жанның

Қоқыстағы гүл дестеде – назары.

Гүлге оранған күн түсе ме есіне,

Гүлге сонша тесіледі несіне?

Солған гүлге сонша қарап тұрғанша

Кешкі асына іздемей ме несібе?..

Құлы болған жан ба еді, әлде, теңгенің,

Қатал тағдыр салған, сірә, шеңгелін.

Тағдырының тайқы ма екен тақтасы,

Сұрқай-өмір ерте алды ма сенгенін?..

Бақытының шыт көйлегі тозғасын,

Сезген сәтте тағдырынан озбасын,

Өткен күндер тілгілеп бір өзегін,

Жертөледе сыққан болар көз жасын.

Санасында – сағым болған сая-бақ.

Гүл дестені жақынырақ таяп ап.

Өткен күнін – көктем күнін сипайды ол,

Тілімденген қолдарымен аялап.

Құлақ салсаң сырға толы сөзіме,

Бір ойды анық ұялаттым өзіме:

Солған гүл мен сол әйелде ұқсастық,

Бар секілді көрінгені көзіме...

ДИАЛОГ

- Байқағаным – күрсіндің.

- Бұл өмірді қасіретпен бір сүрдім.

Өткендерін есіне алып өкситін,

Махаббаттың жолындағы қыршынмын.

- Қуанасың аз неге?

- Менен алыс кеткен қазір жаз-кеме.

Жанымыздың жауқазыны секілді,

Өткен күннен қалған жүрмін сазды өре...

- Серігің бе – үнсіздік?

- Жаратпаған құдай мені мұңсыз ғып.

Маңдайыма жазылғаны тағдырдан –

Махаббатқа қырсыздық.

- Маңдайыңда іздері бар сан жылдың,

Теперішті көп көрдің бе, жан құрбым?

Көзіңде – жас, айтшы, неге жылайсың?

- Жас емес ол.

Тамшысы да – жаңбырдың...

ТІС ДӘРІГЕРІНЕ

Салқын қанды, сұрғылт түсін бұзбаған,
Күн кешемін мына әлемде сыздаған.
... Түсі жақсы жан едіңіз жайдарлы,
Тістің жайын айтыңызшы, сіз маған!

Жалтақтықтың жағасына түстеніп,
Жүрген жанмын, тексіздерге тістеніп.
Айналама аңтарылып, таңырқап,
Мен жүремін шет-шегі жоқ түс көріп.

Тірлігінде жұлдызы бір жанбаған,
Мені көрсе мұңаяды маң далам.
... Күштеп алу мүмкін емес жағдайда,
Тістеп алған жанды көріп... таңғалам!

Таныдым ба, оңым менен солымды,
Топқа түсіп сөз айттым ба толымды?
Ақыл тісім бола тұра маржандай,
Ақылдылар күнде кескен жолымды.

Халық құдай көріп жүрген кісінің,
Өзгергенін байқадың ба түсінің?
Шырылдаған шерлі даусын ұнатпай,
Шырт түкірді, арасынан тісінің.

Тәубесінің тор төбелі жоғалған,
Ағайыннан әлі алғысым жоқ алған.
... Жөндем жауап ала алмадым, дал болдым,
Тісі сынып, сақау болған қоғамнан...

ҰЯТТАН КҮН ТҰР ӨРТЕНІП...

Аққудай аппақ дүние,

Жаралған маған, саған да.

Ғаламат отқа күн ие,

Жылуын сыйлар ғаламға.

Шуақтан бойға нұр сіңіп,

Таранады кеп тіршілік.

... Жасаған кейде жөн шығар,

Көктегі күнге құлшылық...

Жылуын жерге сыйлаған,

Күн берді көңіл-күй маған.

... Жер басып жүр-ау кей адам,

Жылуын жұртқа қимаған.

Ізгілік үнін жоқтаған,

Көңілде әлі көп-ті алаң.

Жылуы несі?

Солардың

Іштері – тоң ба деп қалам!

Сезімнен кеткен суынып,

Байлықпен қатқан буыны.

Жүзінен ұрып тұрады,

Саяздығының суығы.

Санаға сауал салмаған,

Жан-жағын түгел жалмаған.

Таң қалам күнге – тексізден,

Шуағын аяп қалмаған.

Жәдігөйлерден жиіркеніп,

Қасиет кеткен ерте өліп.

... Істеп жүр надан білгенін,

Ұяттан күн тұр өртеніп...

ЕСІМДЕ

Тұралаған тірліктің,

Тараймын кеп тұлымын.

Шейіт болған шындықтың,

Жемдеп жүрмін құлынын.

Жертөледе – мейірім,

Маңдайынан сипадым.

Пәтері жоқ – пейілім,

Дәмі ұмыт боп құйқаның.

Талабым ба?

Тұр әне,

Тасқа ұрылып тағасы.

Ұлықтардың ұраны,

Болыпты оған табашы.

Алдан самал есе ме?

Өң мен түсті айыршы.

Қанағатым – көшеде,

Атаныпты қайыршы.

Жол болмайды кіл неге?

Сайтан, білем, жолықты.

Адалдығым түрмеге,

Отыратын болыпты.

Бақыт кеткен қаңғырып,

Келімсекпен.

Есімде.

... Әлі отырмын мәңгіріп,

Ойдың көлеңкесінде...

ҒАЖАП ПА ЕДІҢ, ЕЙ ӨМІР?!

Арқау болдың жыр-ағынға,

Тұнжыратса тұнық түн.

Құшағыңа құладым да,

Бар мұңымды ұмыттым.

Ұмыттым мен бар мұңымды,

Сездім өмір кеңдігін.

Тарғыл түсті тағдырымды,

... Сүйіп қалдым мен бүгін!

Жарып шықты жүрегімді,

Сезім деген бір шыбық.

Қабыл еткен тілегімді,

Керемет пе ең, тіршілік?!

Көзге жас ап жәудір аспан,

Дейді - өмірді сүйе біл!

Махаббатпен маужыратқан,

Ғажап па едің, ей, өмір?!

Жаным осы қалып-күйді,

Көтерумен тұр әрең.

Бізбен бірге талықсиды,

Мазасыздау мына әлем.

Бақыт!

Қандай байтақ, ұлы?!

Ақыл-естен жаңылдым.

Азабының қайтарымы –

Бар екен ғой, Тәңірдің!..

ҚАЗАНАТ КЕРМЕДЕГІ КІСІНЕЙДІ...

Жалыңды тартып мінген азаматым,

Айналдым, атыңыздан, қазанатым!

Кісінеп жібергенде сен қиырдан,

Рухым кесірліктен тазаратын.

Аңыз боп сан айтылған, сазы құнды,

Қасиет айналып жүр қазығыңды.

Кісіне!

Тағы да бір кісінеші,

Кең дала қайталасын әз-үніңді.

Адамның саясат боп – алысқаны,

Тіршілік, өмір деген – жарыс бәрі.

Тақымын қысып отыр мына ғасыр,

Ат мініп, Алашының арыстары.

Заманның тұлпар ақсап қияғынан,

Көңілден көз жасындай күй ағылған.

Құлагер құба жонда көріне ме,

Тексізге тас боратып тұяғынан?

Күндердің қайта оралтып кіл сағымын,

Шабандоз!

Шындық әнін шырқа, күнім!

Батыраш басын шапса – шаба берсін,

Рухы өлмек емес тұлпарымның!

Ұлтының ұлылығын ұл аңдады,

Бабалар атқа қонды, ұрандады.

... Қазанат кермедегі кісінейді,

Қайдасың, еркін елдің ұландары?!

ТУҒАН КҮНІҢ...

Қасіреттің қуған мұңын,

Аңсамайды думанды кім?

Бақытымның базарындай,

Бүгін сенің туған күнің.

Майдалықтан азат ерсің,

Сен туған күн – ғажап дерсің.

Бір жүрейін қасыңызда,

Мейлі, құдай азап берсін!

Есімді алған елес пе екен?

Келешекті елестетем.

Тағдырымыз бір нүктеде,

Қиылысып, теңессе екен!

Сені ойлаймын.

Ойлай берем,

Армандарға тоймай келем.

Жүрек сырын жырмен айтам,

... Тұңғиыққа бойлайды өлең.

Тереңіме үміт тұнып,

Сені ойлаймын күліп тұрып.

Маған деген сезіміңмен,

Қойғандайсың сыр ұқтырып.

Шаттық жайлап реңімді,

Есіктен бақ күле кірді.

Туған күнің...

Сыйлыққа мен

Ұсынамын жүрегімді!..

СЕНІҢ БЕЙНЕҢ

Сенің бейнең – сый-көрік,

Көңіл берді күйге ерік.

Сағынумен өзіңді,

Мен отырмын күйзеліп.

Көңіліме ем көре,

Сені іздеймін мен неге?

Ұқсаймын ба, мен осы,

Жұмыр басты пендеге?

Осы болар несібе,

Жатыр бақыт кешіге.

Күрсінемін несіне,

Сен түскенде есіме?

Өзгелерге бақ берген,

Маған мұңды шақ көрген.

Мен не жаздым өмірге,

Шөл далаға ап келген?

Бақсаң істің байыбын,

Сені сүйем – айыбым.

Иірімге бет алды,

Ескегі жоқ қайығың.

Шат болса да айналам,

Мұңлы ғұмыр сай маған.

... Тағдырым-ай!

Біздерді

Бір жіппенен байлаған!..

РАС ПА?..

Өкінішті сейілтіп,

Қасіретті сұйылтып,

Жолдама алып ертеңге,

Бақтан орын бұйыртып,

Келгендігің рас па?

Келмес деуші ем, бақ тіпті,

Мендік көңіл аптықты.

Арман тауы жағынан,

Алып маған шаттықты,

Келгендігің рас па?

Аңсауменен таң нұрын,

Мұңмен өткен әр күнім.

Айту үшін тек маған,

Махаббаттың барлығын,

Келгендігің рас па?

Кейде бордай езілдім,

Сүрінетін кезім мың.

Тербеу үшін мәңгіге,

Әткеншегін сезімнің,

Келгендігің рас па?

Жақсылықтың жемісін,

Тердің – сенің жеңісің.

Арман-күдік аралас,

Мына өмірге мен үшін,

Келгендігің рас па?!

Рас па?..

ОРТАСЫНДА АРАЛДЫҢ?

Мен сен үшін жаралдым,

Сен мен үшін жаралдың.

Неге қалдым енді мен,

Ортасында аралдың?

Жаныма мұң салғыздым,

Иен арал.

Жалғызбын.

Тағдырыма тырнақты,

Бақытымды алғыздым.

Арал.

Арал.

Аралда,

Жаным жалғыз қалар ма?

Көзіңді сал, сүйіктім,

Мөлт жанарлы маралға.

Жаным!

Маған лайықты ең,

Жанымды ұғын, байыппен.

Теңіз кешіп, оралшы,

Желкеніңді жайып кең.

Қиял, қалай самғайсың?

Өмір, түс боп қалғай, шын!

Жарасатын құдайға,

Жалғыздық-ай, қандайсың?

Жанды азапқа жегейін,

Мейлі, бейнет шегейін.

... Елегізген сені іздеп,

Жүрегіме не дейін?..

АҚ ОРАМАЛ – АДАЛДЫҚТЫҢ АЙДЫНЫ

Бабам менің баға берген асыра,

Салтым менің!

Баға жетпес асыл, ә!

Иман нұры ақ жүзіңде ойнасын,

Таға қойшы, орамалды басыңа.

Оттай жанып қарашық,

Орамалың тал бойыңа жарасып.

Өткенімнен өксіп жеткен сағыныш -

Салт-дәстүрім сенімен тұр санасып.

Ақ орамал!

Ар-намыстың көзі ме ең?

Босап көңіл, бордай болып езілем.

Айша бибі анам, аунап түстің бе,

Домалақтың жас домалап көзінен.

Ақ орамал!

Инабат пен иманым,

Бар байлығым, бар асылым – жиғаным.

Жылылығын сеуіп тұрған жүрекке,

Ұлылықтан бізге жеткен ұйғарым.

Рухсыздық тамыр жаймас сыз жерге,

Қасиетім қанаттансын ізгі елде.

Орамалда – инабат пен ізгілік,

Қанша ғасыр арман болған біздерге.

Өрге бет ал, бағыт алма еңіске,

Орамалың – АРЫҢ десем, теріс пе?!

Ақ орамал – адалдықтың айдыны,

Басыңа кеп қонып жатыр періште...

КЕЙДЕ...

Кейде

Жанымды су мен отқа салатын,

Сүйгені бір сәт жоқ болса – налатын,

Бағынбай өзгенің айтқандарына,

Жүрекпен жиі соттаса алатын

Сезімді тілдеймін.

Кейде

Бәріне-дағы шыдай беретін,

Беретін әр кез шырайға бетін,

Сабырлы жанды құдай көретін,

Төзімді тілдеймін.

Кейде

Әділетсіздікті көріп қалатын,

Жақсылықты іздеп өліп-талатын,

Өзгенің мінін бірден-ақ байқап,

Сұлулыққа ғана серік болатын

Көзімді тілдеймін.

Кейде

Тегіс жерде жүріп сүрінетұғын,

Ісінен мінезі білінетұғын,

Өзінің жанын жегідей жеумен,

Бермейтін ешбір күніне тыным,

Өзімді тілдеймін.

ҰЗАМАЙДЫ ОСЫ МЕНЕН НЕГЕ МҰҢ

Көңілімнің күн тұтылған кезі мың,

Әл үстінде жатты менің сезімім.

Қалай ғана ғұмыр кешем мен енді,

Санамды кеп соққылайды сезігім.

Сәл ысытқан...

Содан кейін тоңдырған,

Қайда жүрсің, сол бір жан?

Қайырылмай кете бардың.

Күтумен

Арманымның ақ қайыңын солдырғам.

Ұзамайды осы менен неге мұң?

Өмір!

Саған соншалықты не дедім?

Ұзақ түнге көз ілмедім, жыладым,

Білесің ғой себебін...

Желкен де аппақ, толқын да аппақ, жаға аппақ,

Арман деген – алыстағы абат бақ.

Сен жүрген жер, сен салған ән – бәрі де,

Тұрады әр кез жүрегімді шабақтап.

Бұл сағыныш жығады екен алыпты,

Жел де сәлем жолдауымнан жалықты.

Жаз түгілі күз де бітіп, құдай-ау,

Сезіміме сүңгі қатып қалып қалыпты.

Өмірімнің көркі едіңдер тек сендер,

Көңілімде құрбан болған көктемдер.

... Сезімімді жерлеп келдім кеше мен,

Көңіл айтып жатыр маған көк пен жер...

СҮЙЕМІН СЕНІ

Сүйемін гүлді,

Бөліскен менімен сырды,

Аялап тұратын жырды.

Сүйемін көкті,

Нұр суын төкті,

Жауыны бетімнен өпті.

Сүйемін тауды,

Тәкаппар тұлғасы асқақ,

Басынан ақ бұлттар ауды.

Сүйемін өзіңді, дала,

Жаныңда болса егер жара

Емдейді ол!

Оны дос сана.

Сүйемін сені, жер-ана,

Тірлікте, толғауы тоқсан,

Тірегім бір өзің ғана.

Сүйемін, көлдер, өзен,

Керіп ап аппақ желкен,

Қайықпен арман кезем.

... Сүйемін сені,

Азапқа салсаң да мені,

Бір өзің – көңілдің демі.

Сүйемін сені...

Сенің жасың емес пе екен?..

Аспан маған аңтарылды,

Ал, сезімім қаңтарылды.

Жүрек!

Қалай көтересің,

Тастан ауыр қанша мұңды?

Біте ме деп мына дастан,

Сәлден кейін жылады аспан.

Аспан менен мендік мұңға,

Жан болмады құлақ асқан.

Аспанменен бір жыладым,

Күрсіндім мен.

Тұнжырадым.

Бағым болып келдің-дағы,

Сағым болып бұлдырадың.

Сен болған соң сөздің басы,

Төгіледі... көздің жасы.

Көктемді айтып қуантшы бір,

Өткенді енді сөз қылмашы.

Сол күндер-ай!

...басталмақ-ты ән,

Көңіл қалды қашқан бақтан.

... Күмістейін мөлдір тамшы,

Құлап жатыр аспан жақтан.

Сен де бақпен теңес бекем,

Сені көзге елестетем.

... Көктен тамған мына тамшы,

Сенің жасың емес пе екен?..

СЕН БАРСЫҢ ЖЕР БЕТІНДЕ...

Санама саялады үміт-арман,

Мен сені мәңгілікке ұмыта алман.

Көп келем бірге кезген күзгі баққа,

Жанымды осы ой ғана жылыта алған.

Сен едің арайлы шақ – атырабым,

Күзгі бақ.

Жел тонаған жапырағын.

Сені ойлап, көп күндерді батырамын,

Сені ойлап көп таңдарды атырамын.

Санамда сартап болған елес – біреу,

Ол – сенсің!

Теріс болған емес тілеу.

Күлімдеп тұрушы еді көз алдымда,

Суретің неге бүгін көмескілеу?

Тұрғандай зор бақыттың тосып үні,

(Біз ек қой – қос ғашықтың қосылымы).

Жанымыз бірге гүлдеп тұрушы еді,

Сен мені ойлайсың ба осы күні?

Өзіңді ойлай берем мен де күнде,

Сертіңді беріп жүрсің емге кімге?

... Кетіп-ақ қалар едім аспан жаққа,

Қимасым - өзің барсың, жер бетінде...

ЖАСАНДЫЛЫҚ

Тауға біткен тастардан қашап жүріп,
Жасап алдық біз бүгін жасандылық.

Жасандылық ұғымын біліп терең,
Күл дейсің бе?
Өтірік күле берем.

Көңіліңді кезбесін құмай-алаң,
Жыла десең өтірік жылай алам.

Дарытпасын көп аса бойға алаңын,
Ойлан десең – өтірік ойланамын.

Әртістікті бойыма сай қыламын,
Қайғыр десең – өтірік қайғырамын.

Осы ісіме мен іштей мақтанамын,
Шаттану ма?
Өтірік шаттанамын.

Қандай жанмын?
Оны да білсін елім,
«Елім-ай» -лап өтірік күрсінемін.

Орашолақ, оспадыр не біледі,
Шындай қылып сапырам шежірені.

Жете бермес білімі қолы бардың,
Ел жоқшысы осылай болып алдым.

Тауға біткен тастардан қашап жүріп,
Жасап алдық біз бүгін жасандылық.

ЖАРАТҚАНҒА ТІЛЕК

Имандылық!

Қандай ерен күш едің?

Сены ойласам ғажап күйге түсемін.

Естимісің?

Аспан жақтан әлдекім,

Шертіп жатыр мәңгіліктің ішегін...

Бөлінбесін бақастықтан сан ірге,

Имандылық бағынбайды әмірге.

Әр ақ таңды көргені үшін бабалар,

-Тәубе-депті, басын иіп тәңірге.

Қатыгез дос қайдан болсын қол маған,

Көп нәрсеге енді көңіл болды алаң.

Жетім көрсе, жебеп жүрген бабалар,

Біздің елде жетімхана болмаған...

Аспанымды жәдігөй бұлт торлаған,

Мейірім-ай!

Арнасына толмаған.

Қариясын сыйлапты олар құдайдай,

Біздің елде қарттар үйі болмаған...

Әр ақ таңда аманатын жолдаған,

Ел едік қой ақ бесігін қолдаған.

Кесірліктің кебіне оранған

Біздің елде жезөкшелер болмаған.

Кешір мені!

Қасиетті, өр бабам,

Салтым емес, мен шығармын сорлаған.

Тентектерін тезге өздері салыпты,

Біздің елде түрме деген болмаған...

Санамызда болмаған соң сый егіз,

Амал нешік?

Отқа осылай күйеміз.

... Пендеңізге ынсап пенен парық бер,

Жаратушы иеміз!..

КЕЛІҢДЕР, ҚҰЛЫНШАҚТАР, ҚҰШАҚТАЙЫН...

Шаттықтың Шалқұйрығын тұсадың да,

Берілдің бесігіңде құса-мұңға.

Жалғанның желі сені тоңдырды ғой,

Кел маған, алайыншы құшағыма.

Зарлы үнмен желі соқса замананың,

Кілт тияр баяу ескен самал әнін.

Тәндегі табылады ем жараңызға,

Жаныңның кім сезеді қанағанын?

Салатын серкелері сайран дара,

Бұл қоғам айналғандай айналмаға.

Тексізі төрде отырса кеуде керіп,

Кім көрер көз жасыңды, қайран бала?

Мейірден тамшы тамбай кенезеге,

Телміріп тағы отырсың терезеге.

Қалтаның қамын жеген көркеуделер,

Бағынбас бабам айтқан ережеге.

Пайым мен парасаттың сыйы кімде?

Отырсың, көңілімнің күйігінде.

Білемін, қашаннан-ақ сен зәрусің,

Киім мен тамақ емес – мейірімге.

Бақыттың сағымданып таныс бағы,

Адамнан мейір неге алыстады?

Көзіңнен жылжып аққан тамшы жастың,

Салмағы жүрегімді жаныштады.

Жалғанның жаманатын тұсап дәйім,

Сен жайлы жасатпайын ұсақ пайым.

... Бәріңнің аналарың мен болайын,

Келіңдер, құлыншақтар, құшақтайын!..

КІРПІ

Жортса – дала, орман кең,
Көп жәндіктің бірі еді.
Сырты түрпі болғанмен,
Жұмсақ еді жүрегі.

Қасиетке құлқы жоқ,
Қалай жағар пендеге?
Жиырылса кірпі боп,
Сөз етеді ел неге?

Құт қашырар қабарса,
Бұл адамның сыры не?
Тікендері қадалса,
Тексіздердің тіліне...

Қасиетін байқарсыз -
Жүр ол жүкті мол артып.
Қорғануға қауқарсыз,
Көп сорлыдан ол артық.

Атағы жоқ ұранды,
Тым биікте тұр бірақ.
Өзі өлтірді жыланды,
Арқасына ұрғылап.

... Бағалама, қарап ап,
Түрі менен әріне.
Қорқауларды, жараған,
Шабақтауға әлі де...

...Көрінгенмен сыртының,
Тікені көп көзіңе.
Жарасады кірпінің
Кірпілігі өзіне.

ҚҰМЫРСҚА МЕН ИБРАҺИМ ПАЙҒАМБАР

Сен өмірде көріп пе едің құсаны,

Сені өмірде толқытты ма құс әні?

... Тірілерге тағылымы тым терең,

Айтайын ба мысалы?..

Серік етсең шаттық пенен күлкіні,

Қаулап өсер көңіліңнің бүртігі.

... Серуен құрған Ибраһим пайғамбар,

Құмырсқаға жолығыпты бір күні.

Шағылмаған ешбір жаннан тауаны,

Мынау еді пайғамбардың сауалы:

- Ей құмырсқа!

Бағыт алдың қай жаққа,

Сауалымның болар ма екен жауабы?

Бейнет кешіп келесің-ау лайым,

Аузыңдағы тамшы су ма, құдайым!

Тамшы судың не қажеті болды екен,

Екінші бір сауалды да сұрайын!

Еңбекке әр кез ауатұғын ауаны,

Былай болды құмырсқаның жауабы:

-Залым Нәрмуд Ибраһим иемді,

Алаңдағы отқа апарып салады!

Пайғамбарға тәу етуші ем қуанып,

Естігенде қалдым мұны қуарып.

Алаңдағы алаулаған сол өртті,

Сөндіруге кетіп барам су алып.

-Күнін кешіп көрмеп едім кесірдің,

Күліп қойсам, сен құмырсқа, кешіргін.

Тамшы сумен алаңдағы алауды,

Қалай ғана келеді екен өшіргің?

-Имандылық түсіп жатыр талауға,

Шамам менің жетпесе де алауға,

Жетіп жатыр жалғыз тамшы

Дегенмен

Ниетімді білдіруге жарауға!..

ТІНТІНІС

Сеземісің, жаныма шық тұнғанын,

Тінтемін кеп, жанымның жықпылдарын.

Сыйластықтың сағасын көктеп өтіп,

Алмадым ба өзгені өкпелетіп?

Мекерліктің малтығып сыз қарында,

Әлдекімді көре алмай қызғандым ба?

Тіршіліктен тірмізік тойғанымда,

Жақыныма жамандық ойладым ба?

Тасырқатып тұлпарды құлаттым ба,

Жетімдерді жалтақ қып, жылаттым ба?

Санап жүріп сезімнің сатыларын,

Адалдардың жедім бе ақыларын?

Жалғандықтың қосылып жарысына,

Тимедім бе, арлының намысына?

Сенен басқа айтамын сырды кімге,

Әділ бола алдым ба тірлігімде?

Қылғаныммен қашаннан арды мекен,

Басқаларды кешіре алдым ба екен?

... Адалдық бер, Жаратқан – шын тілегім,

Кейде осылай күбірлеп, тінтінемін...

ТАМШЫ

Тағдырын-ай, тамшының!

Мына әлемнің жиып алған сан шығын.

Мінезі бар өрімінде – қамшының,

Өреліге өмір берген бал-шырын.

Жаралған соң тамшыдан,

Санамда отыр, «Сабыр» деген қаршығам.

Тамшы-үмітті талғажау ғып тірлікте,

Арманымның арналарын аршығам.

Бар болса да байлығың мен қанша ісің,

Жаратқанға жалғыз ғана тамшысың.

Жаман болсаң – көңге сіңген сусың да,

Жақсы болсаң – ізгілікке жаршысың.

Маңдайдағы – тарыдай бақ, тамшы мұң,

Тамшы-ғұмыр, салмағыңмен жаншыдың.

... Тамшы тамбай тірлігіме бір түйір,

Сарша тамыз, сарғайттың-ау!

Қаңсыдым.

Сеңгір-үміт, селдіреме.

Сенемін,

(Мен де өзімше жақсылармен тең едім).

...Тамшы болып келдім мына өмірге,

Кімге тиді, тамшыдайын көмегім?

Аспанымнан төніп тұрған бұлт, аушы,

Санам менің!

Сезіміммен бұрқаншы!

...Тамшы-ойларым айналғанда теңізге,

Жанарымнан тамып кетті бір тамшы...

Қия беттен қадағанда ар сұғын,

Арқамнан кеп осып өтті қамшы-мұң,

... Жанарыңнан шығар ма екен тамшы жас,

Астында қап өліп кетсем тамшының?..

ШЫРМАУЫҚ

Ұмытпайық – қайырымды, кәдені,

Тектіліктің тамырына жыр құйып.

... Ал, шырмауық гүлмен бірге әдемі,

Жерге шықты жас өскін боп, қылтиып.

Жүрегіңнен иман нұры тамғанда,

Жақсылықтың арта түсер салмағы.

Аялады жас өскін деп бағбан да,

Арам шөп деп жұлып тастай салмады.

Аспанымда әуелемей асыл ән,

Бақ тұра ма, кесірлерге бұйырып?

Өзге гүлдер өздерінің қасынан,

Орын берді шырмауыққа иіліп.

Төнген кезде басыңызға шын қауіп,

Көңіліңіз аңсар сонда күлкіні.

Жер-анадан қуат алған шырмауық,

Шырмап алды айналасын бір күні.

Айтар болсақ тек шындықты айталық,

Келешекке қалау үшін шың-белгі.

Кеше ғана қатар өскен жайқалып,

Буындырды қасындағы гүлдерді.

Қалай ғана бұндай жайға барды екен,

Жұпар шашқан талай гүлді солдырды.

Арсыздықтан ауырады ар-мекен,

Қатыгездік!

Суығымен тоңдырды.

Кесірлікке шырмалғанда бар ғалам,

Жаратқаннан талай медет сұрағам.

Шырмауықтай болмайықшы бар адам,

Болайықшы иман жүзді бір адам.

Жасайықшы ізгілікке мың қадам...

ҚАБЫЛ БОЛСЫН ОРАЗА

Еске салар бақиды, көр азабын,

Он екі айда бір келер оразамын.

Иманыңның өлшемі, өресімін,

Бар айлардың қашаннан төресімін.

Нәпсіңді де осы айда тыясың да,

Бар ләззатты Алла үшін қиясың да.

Араласпа дау-дамай, іске бөтен,

Адалдықтың белгісін түсте бекем.

Аялағын арыңның ақ шыбығын,

Асып жатсын басыңнан жақсылығың.

Ағайынның кешіргін бар айыбын,

Сонда ғана әлемге тарайды үнің.

Ауа қармап қалмасын алақаны,

Жетімдерден аяма садақаны.

Машақаттың дертінен емделіп мыың,

Ауылынан аулақ қон пенделіктің.

Анық біліп қадірін әр ақ таңның,

Сауабына батасың Жаратқанның.

Жәмиғатқа жақсы ісің болады аңыз,

Қабыл болсын – ОРАЗАҢЫЗ!..

МЕНДІК ШЫДАМ ҮЗІП КЕТЕР ШЫЛБЫРЫН...

Қатыгездің қанған кезде құмары,

Жүрегіме бар әлем кеп тұнады.

Ар мен дардың алаңына айналған,

Менің жаным – шыдамдылық сынағы.

Көзіне ілмей көкте жүзген күн-айды,

Дәлдүріш кеп шыдамымды сынайды.

... Тамырына балта шапса тексіздер,

Қарағай да құлайды.

Ер болсаңыз төзіп көрші мынаған,

Арам – анау, қалталыға үнаған.

Әділдігі әл үстінде жатқанда,

Адал – анау, шашын жайып жылаған.

Көз ашпаған сынақтан,

Көрмәдіктер осы «салтты» ұнатқан.

Қасиеттің қағбасындай қарт әні,

Естіледі жырақтан.

Жебірлері жұлқыласа бір-бірін,

Не тындырар жалғыз шыққан тұлдыр үн?

Дегенмен де...

Шырылдаса шындығым,

Мендік шыдам үзіп кетер шылбырын!..

КҮЗ АСПАНЫ. ТЫРНАЛАР.

Көңілсіздеу бар алап,

Сезіміме кім қарар?

… Жүрегімді жаралап,

Тыраулайды тырналар.

Сұр бұлт – күздің аспаны,

Сіркірейді жаңбыры.

Сені аңсайды жас жаным,

Тамылжыған таң нұры.

Тыраулайды тырналар,

Зеңгір көкте тізіліп.

Жаздан күткен бір хабар,

Көңілім тұр бұзылып.

Жүрген сәттер наздана,

Оған жетпес ешбір күн.

Бақыт деген аз ғана,

Ғұмыр екен.

Кеш білдім.

Қонып жанға шық түннен,

Ойға баттым күнімен.

… Тірлік сырын ұқтым мен,

Тырналардың үнінен…

АЛАС, АЛАС ЖАМАНДЫҚ!..

Сыртылдатып сабырдай сағатыңды,
Тауысты ма, мына қыс тағатыңды?
…Қарсы алады сағынып біздің ауыл,
Қасиетті әз Наурыз, жаңа күнді.

Екі мезгіл еріктен тыс бүлініп,
Қыс пен көктем бастады күшті бүлік.
Қаруланған шуақпен кербез-көктем,
Қыр басына тастады қысты қуып.

Қарсы алған соң наурыздың ақша таңын,
Әкем ертең күйттемек бақша қамын.
…Көктемгі бұлт секілді Қызыр баба,
Саумалайды жібектей ақ сақалын.

…Жібермесін жаратқан жай-кеселін,
Көңілімнің ескегін қайта есемін.
…Бала жігіт ұсынды аруына,
Жинап әкеп көктемнің бәйшешегін.

Гүлін ашып, көктемді бау мақтады,
Алас, алас, жамандық!..
Аулақ бәрі!
Қатал қыстың босанып құрсауынан,
Сылдырайды ақ бұлақ тау жақтағы.

Алыс қашып бойдағы пендешілік,
Мөлдір аспан қарайды жерге күліп.
Жер дүние жатқандай баяу ғана,
Әуенімен құстардың тербетіліп.

Ұнады ма көктемнен алған ақпар?
Көріністі ғажайып қармалап қал!
Басын иіп ару-күн келбетіне,
Бүр жарады көктемде тал-дарақтар.

«Келер күннің шырағын жақтың шырын,
Көргеніме шүкір, – деп – бақтың күнін».
Ошағына орнатып құт-қазанын,
Әжем таңнан қағады қаптың түбін.

Шашасына салтымның шаң жұқпады,
Ұлыс күні жыр менен ән құт-тағы.
Атам да жүр іліп ап иығына,
Жасыл ала шапанын сандықтағы.

Шұғыла-нұр жаныңа жиылып бек,
Бақыт тұрсын басыңа бұйырып тек!
…Наурыз көже – бас дәмге осы күнгі,
Ақ құюда ақ жеңгем иіліп кеп.

Жаратқаным жаны иіп мол-ақ берер,
Қазағымда қашаннан қомақты өнер.
…Ақ дария пейілді ауылыма,
Қонаққа кел, наурызда қонаққа кел!..

ЖАЗАМ ТАҒЫ БІР ӨЛЕҢ

Бұзса тағдыр ережемді,
Мен де түндей түнерем.
Кептіріп ап кенезеңді,
Жазайын ба, бір өлең?!

Жазайын ба, бір өлеңді,
Рухыңды көтеріп?
Таныт сосын шын өреңді,
Кеткен кезде ет өліп.

Сол өлеңде – еркелік те,
Сол бір сері сағынған.
Сол өлеңге шертелік те,
Сырды, өрілген лағылдан.

Сол өлеңде – мөлдір мұң да,
Айтылатын... сол жанға.
Көңілге ойды қондырдың да,
Сене алмадың болжамға.

Сол өлеңде...
Бәрі, бәрі,
Өміріңнің өлшемі.
Тағдыр отқа қарығаны,
Шын сүйген кез ол сені.

Бұзса тағдыр ережемді,
Мен де түндей түнерем.
Кептіріп ап кенезеңді,
Жазам тағы бір өлең!..

КІМ БАР?..

Сансыз сауал санаңызды тесе ме,
Қиналсаңыз, оны өзгелер ұнатар.
... Анау бір жан жылап тұр ма көшеде,
Кім бар, оны жұбатар?

Ал, сүріндім.
Мерейіңіз өсе ме?
Мен шығармын, түнектейін түнді емер.
... Анау бір жан құлап жатыр көшеде,
Қолтығынан кім демер?

Қасіретке қайырлай ма, бар кеме?
Оралайық адамилық жайтқа мың.
... Анау бір жан айтпақ болды әлдене,
Кім тыңдайды айтқанын?

Тиын шығар, біреулерге бағасы,
Дөкей көкем алтын түйме тағыпты.
... Анау бір жан кеткен, сірә, адасып,
Кім көрсетер бағытты?

Төгіледі дейсің ғажап жыр қандай,
Тағдыр соры татып тұрған таңдайдан?
... Анау бір жан жетімсіреп тұрғандай,
Кім сипайды маңдайдан?

Көз жасы боп, шарасынан төгілдім,
Музамменен қосылыпты мұң бүгін.
Өксігінен өлең туды көңілдің,
Кім кеседі кіндігін?..

ІБІЛІС

Жаратқанның күшіне,

Таңдан.

Күй ғып шерте біл.

...Ібілістің ісіне,

Табынады кей тобыр.

Жанын жаулап өзгенің,

Ірітеді ібіліс.

Шел басқанға көздерін,

Ібілісің – құбылыс.

Періштеге сенбейді,

Ібіліске сенеді.

Айтқаныңа көнбейді,

Ал, сайтанға көнеді.

Көздің жасы тамады, ә,

Жүрек қайтіп жан бағар?

Сайтан сарып санаға,

Кеткеннен соң бар ма амал?

Бақастықтан басталған,

Жердің беті – қайшылық.

Пенделерге аспаннан,

Қарап тұрар ай сұлық...

Жын көрінді көзіне,

Жаратқаным жай қалып.

Ібіліске өзі де,

Кетті сосын... айналып...

АЙТЫҢЫЗШЫ

Тымырсық.
Жел де әрең дем алады ыңырсып.

Күнім бар ма, атанардай «әйкәпір»?
Жерден жеріп, шалқасынан ай жатыр.

Қайнайды екен осындайда зығырдан,
Жұлдыз біткен бұлт астына тығылған.

Дегендейін – осы жанды ұзатпа,
Шалғым менің айналғаны тұзаққа.

Бұрағандай қозғалыстың тетігін,
Тегіс жолға басар емес етігім...

Қарамастан жанардағы жасыма,
Сауысқандар саңғып кетті басыма...

Қара әйнекті сүртіп едім қолменен,
Алақаным баттасқаны сорменен.

Бітпес, сірә, тіршіліктің таласы -
Қара әйнекке түк болмады, қарашы...

Таң ата ма?
Таусылды анық тағатым,
Қарап едім – тоқтап қапты сағатым...

Оралтайын орманыма сыйлы күн,
Уақыттың қалай алам билігін?..
Айтыңызшы...

ПАРНАС

Ит талаған етегін,

Бұл қоғамға не етемін?

...Бәрін тастап шығам да,

Парнас тауға кетемін.

Жырға толы етегі,

О, Музалар мекені!

Құшағыңа ал!

Шаршатты

Жәдігөйдің жетегі.

Жанса үміттің шырағы,

Қаулар көңіл құрағы.

Қандыр, менің шөлімді,

Касталия бұлағы!

Кезсем таудың бөктерін,

Сарай тапсам көп-көрім.

(Қамқоршысы өнердің,

О, Аполлон!

Текті едің!).

Жанның сен боп күн-айы,

Сені ес көрдім ұдайы.

Құшағыңды аш, Аполлон-

Көктегі күн құдайы!

Өзге ақылын ұғам ба?

Кеттім, білем, шығанға.

Арманымның ақ тауы -

Парнас!

Саған шығам ба?..

ЖЫР ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ

Көкте күн күлімдеп тұрғасын,

Болған соң жүректе жыр басым,

Тектінің көрген соң тұлғасын,

Жыр жазғым келеді!

Қасірет алысқа қашқасын,

Гүл жұпар иісін шашқасын,

Көңілді қуаныш басқасын,

Жыр жазғым келеді!

Бұлақтар сыңғырап күлгесін,

Бақыттың бағасын білгесін,

Шаттықтың алған соң жүлдесін,

Жыр жазғым келеді!

Өмірдің алған соң олжасын,

Тәтті үміт жаныма толғасын,

Жақсылар жанымда болғасын,

Жыр жазғым келеді!

Жанымның жасантып жылғасын,

Сезімім зорайтып сұлбасын,

Бар әлем ән салып тұрғасын,

Жыр жазғым келеді!

Туған ел болған соң еңселі,

Керіліп келешек желкені,

Көңілдің басылып кемсеңі,

Жыр жазғым келеді!..

ӨКПЕ

Талғамыңа талап беріп таңсәрі,

Тіршіліктің тылсым сырын тағы аңда.

Аспан жаққа ауа берген аңсары,

Ой салар ма, мендік мақсат саған да?

Тағдыр сөлі татығанда таңдайға,

Сабыр қылам, талғажауға тоямын.

Көк Тәңірім жазып қойған маңдайға,

Адамдықтың сырын ойлап қоямын:

Судың-дағы сұрауы бар тегінде,

Аманатқа адал болғын лайым.

Бар адамға жылу шашсын дедің бе,

Жүрек бердің, құдайым!

Шұғыласы нұрдай болып тараған,

Жаныңызға жарық құйсын әр ақ таң.

Бір ананың баласы деп бар адам,

Бауыр бердің, Жаратқан!

Дүрдәраздау дүниенің дерегі,

Санама әкеп салар кейде сауалын:

Бізге өкпенің бар ма еді осы керегі?

... Таптым оның жауабын.

Тілеп тұрар өкініштің дауылын,

Деп ойлама!

Онда мұңға жеткенің.

Оң тілеуде болса жүрек, бауырың,

Қорқынышы бола қоймас өкпенің!..

МЕН ҚАҒАЗҒА ТАҒДЫРЫМДЫ КӨШІРЕМ...

Қара түн кеп басқан кезде иықтан,

Мұң келеді, күліп қойып миықтан.

Сосын... жанның жақпарынан жай ұшып,

Сезім тұрар, қабырғасы қайысып.

Жан-жағымнан қаумалайды көп сұрақ,

Қараңғылық.

Жағатұғын жоқ шырақ.

Өркөкірек өзгелердің зауалын,

Өзіме алам.

Күткен емен сауабын.

Тұңғиықтың ашам-дағы есігін,

Сен үшін де сұрай салам кешірім.

Аяқ асты қылсаң егер арыңды,

Қоятұғын жер таппаймын жанымды.

Бар шаттыққа сен лайық – білгенім,

Басқаларға тосын сыйлық – күлгенім.

Өзімді-өзім ұзақ түндер қажадым,

Таусыла ма, осы менің азабым?..

Бітер деме, бар азабым осымен,

Мен қағазға тағдырымды көшірем...

ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ

Қыран... Ол өте биікте самғайды, мына күнәлі топыраққа қонғысы да келеді, қонғысы да келмейді. Егер тартылыс заңы болмаса, сол аспанда қала берер ме еді?..

М.Мақатаев

Жанымның отпен аздай-ақ шарпылысқаны,

Топыраққа қарай тартады тартылыс заңы.

Рухым менің көкте жүр, ал, тәнім – жерде,

Жанарым ашық, тексіздің талтаңын көрген.

Айналған сәтте тиынға құны даланың,

Аспанға қарап, жасымды сығып аламын.

Сұйылса қайтем, жаужүрек жұртымның жыры,

Жақсысы – жалтақ, басқасы – құлқынның құлы.

Көк бөрім ұлып, жатса да қан құсып елік,

Рухым жерге қарайды... қонғысы келіп.

Қонғысы келіп, қайтадан көкке кетеді,

Себебі оны пенделер өкпелетеді.

Түсіңде көрсең бір ару, келбетінде мұң,

Мен шығармын ол, әлі күн – жер бетіндемін.

Жанымның отпен аздай-ақ шарпылысқаны,

Топыраққа қарай тартады тартылыс заңы.

Қалайша құдай ісіне теріс келермін,

Өкпелемеңдерші, көктегі періштелерім!..

ТҮС. ТҮСІНІКСІЗ ТҮН.

Әлденеге келетіндей жылағым...

Қайда көшіп кеткен менің тұрағым?

Маң далаға маңып барам түсімде,

Көз алдымда көлбеңдейді құладын.

Құладынды ойлаушы едім өлген деп,

Қайдан ғана шыға келді көлбеңдеп?

Құладыным кетті айналып құзғынға,

Ғұмырымда мұндай сұмдық көргем жоқ...

Салмақты еді, өзек болған дастанға,

Сабыр кетіп қалды осы сәт тастан да.

Құзғын енді айналды да қыранға,

Сіңіп кетті аспанға...

Аспан болса, көлгірсіп

Сәл тұрды да, төкті маған мөлдір шық.

Ой, анашым!

Қашан келген қасыма,

Ол да аспанға қарап қапты, қолда – ұршық.

Арманымның арнасы енді толмай ма,

Бұл сиқырдан шығатұғын жол қайда?

Қыран енді бұлттан шығып, бұлт етіп,

Кетті айналып, қаптап жатқан торғайға...

Сұрақтарым жанды жатыр ұңғылай,

Болады деп ойлады екен кім бұлай?

... Көзімді ашам – үйде екенмін.

Бір құзғын

Мола жақтан сұңқылдайды.

Сұмдық-ай!..

МҰҚАҒАЛИДЫҢ КҮНДЕЛІГІНЕН

Кейде ғажап гүл өрем,

Кейде бұлттай түнерем.

Өзен сынды өмірде,

Бар жазғаным – бір өлең.

Сол өлеңде – шаттығым,

Басылмаған аптығым.

Сол өлеңнен сезілер,

Жан жылуы – жақсының.

Қарсы тұрар айбынға,

Сол өлеңде – қайғым да.

Мұнартқанда тауларым,

Мұңға құшақ жайдым да...

Жиғам арман керімін,

Сол өлеңде – сенімім.

Сеніміме телідім,

Ертеңімнің елігін.

Өзегінде - өктем үн,

Сол өлеңде - өткенім.

Ескі күннің елесі,

Өшпейді екен теп-тегін.

Жылағаным, күлгенім,

Құлағаным, жүргенім.

Жүрегімде жазылған,

Өлеңімде, бір менің.

... Кейде ғажап гүл өрем,

Кейде бұлттай түнерем.

Өзен сынды өмірде,

Бар жазғаным – бір өлең...

БІР КӨШ КЕТІП БАРАДЫ...

Бір көш кетіп барады,

Соңында із бар қаралы.

Қыр астында жел сыңсып,

Жоқтау-әнге салады.

Ешкімді де тоспай ма,

Барады бұл көш қайда?

... Жөн сұрасам, арқамнан,

Қамшы-тағдыр оспай ма?!

Қалмас енді сөзде құн,

Ойыншықтай өзге мұң.

Көкке ұлыды көк бөрі,

Қан шылапты көздерін.

Көрінбеді құмбыл ай,

Айтты сырын күн жылай.

... Рухымның сүйегін,

Көмбекші екен!

Сұмдық-ай!..

Шықпай қалып тағы үні,

Бізден қашқан бақ ұлы.

... Арасынан қорымның,

Қараяды қабірі.

Енді үмітім сөнбекші,

Торыңды құр, өрмекші.

.. Рухымның сүйегін,

Қара жерге ... көмбекші...

Алла-ай!..

ЖЫРЫН, ХАКІМ АБАЙДЫҢ...

Әр адамы – бір құдай,

Қала осы ма?

Құрғыр-ай!

Бабын таппай бәрінің,

Күн кешемін жындыдай.

Кететіндей қашып іс,

Бәрі асығыс...

Асығыс.

Алып-ұшып келіп ем,

Тапты көңіл басылыс.

Білмейтін ел өреңді,

Қайтсін, мендік өлеңді.

Байқамайды биікті,

Байқамайды тереңді.

Жұтты әлемнің жарты әнін,

Қаладағы салт-ағым.

Басты орында тұрады,

Қалыңдығы – қалтаның.

Қайда екен деп ар-айдын,

Айналама қараймын.

Жатқа оқиын көшеде,

Жырын, хакім Абайдың:

«Қалың елім, қазағым...»

ҚАР БАСЫП ҚАЛЫПТЫ ҚАЛАНЫ...

Түн ауған.
Тағы да жалғызбын,
Жанымды торлаған жалқы мұң.
Құлақ сап үніне қар-қыздың,
Мен-дағы қар болып қалқыдым.

Қалқыдым, қар болып қалықтап,
Көкте едім...
Төменге құладым.
Ашуды тұрады алып қап,
Бойымда тулаған бір ағын...

Өзіне нағыз дос тапқандай,
Сезімім ақ қардан тоңбайды, ә?!
Қара жер...
Соры оның батпандай,
Аспанға қайтатын жол қайда?..

Шаттықтың көйлегі тозғасын,
Ұштың ба мәңгіге, бастан бақ?
Қар-қыздың моншақтай көз жасын,
Көрдің бе, аспан жақ?..

Мекенім – баяғы ар-мекен,
Серік қып жүргенім наланы.
... Сілкінер күш онда бар ма екен,
Қар басып қалыпты қаланы...

ЗАУАЛ – ЗАМАН

Жұғып елге шатағы,

Пейілімді матады.

... Абай айтқан бес дұшпан,

Дүрілдеуде атағы.

Өрттей лаулап еседі,

Елден - елге көшеді.

Өсек озған бүгінде

Ақ мамықтан – төсегі.

Төменде сәл отырып,

Төрге шықты - өтірік.

Өрім-өрім шындығым,

Жылап отыр өкіріп.

Таққаны ылғи – ақ моншақ,

Тойға барды мақтаншақ.

...Үйі түгіл қорасын,

Алған екен бақтан сап...

Жайын қайтсін ұлтыңның?

Суалтпайды ұртын мұң.

«Тіріліпті» еріншек,

Құлы бопты құлқынның.

Таусылмайтын амалы,

Мал шашпақ па?

Бар әлі.

Мал жиюда ол алдап,

Өз жұртынан, жаралы.

... Ақылыңды айт егіз,

Шөлім басар қай теңіз?

Төрге шықты бес дұшпан,

Абай ата!

Қайтеміз?..

ТЕК АДАЛДЫ ҚАБЫЛ АЛАР ЖАРТАҚАН...

Адалдық пен мейірімнен есілген,

Мұсылмандық – мейірімнен құралған.

Садақа бер, жетім менен жесірге,

Жаныңызға медет болар бір Аллам.

Ұлылардан өнеге боп сый қалды,

Оқысаңыз жанға жүрер ой сала.

... Қолындағы садақаны – дирхамды,

Иіс суға салады екен Айша ана.

Айша анадан, қашаннан-ақ алды кең,

Сұрады жұрт, бұл жағдайға еліткен:

- Садақаны жұртқа бермей, алдымен

Иіс суға салуыңыз неліктен?

Айша анашым, шуақ төккен көзінен,

Ақ жүзіне мейірім мен шырай кеп.

Жәмиғатқа – жауап күткен өзінен,

Күлімсіреп жауап берді былай деп:

Адалдықтың ақ жолына түстім де,

Ғұмырымды ғибратқа әкеп жалғадым.

Садақаны бермес бұрын міскінге,

Ұстатамын мен қолына –Алланың!

Алла есімі қашаннан- ақ – тазалық,

Мына әлемге мейіріммен қараңдар.

Сондықтан да қолдағымды таза қып,

Ұсынамын, жарандар!

Кеудеңізге жақсы үмітті жағайын,

Жаныңызға шуақ берсін әр ақ таң.

Ниетіңіз таза болсын, ағайын,

Тек адалды қабыл алар Жаратқан...

МІНІСТІРДІҢ МОНОЛОГЫ

Оу, ағасы!..

Маған неге сансыз айып тағасың?
Бар бәлені бетіме әкеп жағасың.
... Елім үшін егілемін, езілем,
Кім біледі, еңбегімнің бағасын?

Менен басқа қалмаған ба ісіңіз?
Сабыр, сабыр!
Сабаңызға түсіңіз!
Осы мені аңдымасаң бірер күн,
Ауыра ма, ішіңіз?!

Мен жаралған жан шығармын «азапқа»,
Әр ісімді айналдырма мазаққа.
Шетел ассам – еріккеннен жүргем жоқ,
Жайлы қоныс іздеп жүрмін қазаққа!

Көне қоймас жанымдағы дерт емге,
Мен еліткен жан емеспін селтеңге.
Ақша жесем – еріккеннен жегем жоқ,
Қазақ үшін сақтап қоям ертеңге!

Қайран елім!
Қандай ғана сүйікті ең,
Мен өзіңді қашан көрем биіктен?
Шарап ішсем – еріккеннен ішкем жоқ,
Ішкенім рас – қазақ үшін күйіктен!

Мен дегенде дайын екен керісің,
Келісейік!
Сәтті болсын келісім!
... Бүгін тағы түн қатамын ұйқысыз,
Сенің қамың!
Бәрі-бәрі сен үшін!..

ТАУЫҚ ЖЫЛЫНА ТІЛЕК

Алдан күткен ақ арманы көріне,
Қадам басқан өркениет өріне.
Еркіндіктің жайлау қылған жазығын,
Тауық жылы, төрлет, қазақ төріне.

Санасына сәуле құйған бесіктен,
Тарықтырма, тарлан елді несіптен.
Алаулаған айдарыңнан жел есіп,
Кербез басып енші, қане, есіктен.

Екі шоқып, бір қарайтын сақ қалпың,
Түсінгенге талай сырды ақтарсын.
Менің бабам дәл өзіңіз секілді,
Ерте тұрып, іс қылғанды мақтар шын.

Ырыс бассын, ернеулеген қазанды,
Таңсәріден шақыр тағы азанды.
Шоқып алғын, қағып өткін қанатпен,
Ала таңнан алса өзгелер мазаңды.

Жақсылығы биік тұрған желкенмен,
Туған елдің шежіресін шертем мен.
... Түсіңізге тары кірсе – дұрыс та,
Алатұғын несібеңіз ертеңнен.

Қасіретті салып қой да құлыпқа,
Қасиеттің сандығын аш – ұмытпа.
... Ерте оянған, ырысы артық еліме,
Саф алтыннан сыйлаңызшы жұмыртқа!..

ӨЗЕГІНДЕ ҚҰРТЫ БАР...

Болып жатса есе кем,
Жағамнан ап жұлқып ал.
... Өмір деген осы екен,
Өзегінде құрты бар.

Құрт тессе егер өзегін,
Соры емес пе, өндірдің?
Деп – бәріне төземін,
Сабырымды көндірдім.

Ақ жарылып, апалап,
Жанымда отыр жалқы мұң.
Сығымдады сапалақ,
Ақылымның алқымын.

Бұл өмірге келдің бе,
Қойғаның жөн бұғуды.
... Елім дейтін ердің де,
Бір саусағы бүгулі.

Өзегінде құрты бар,
Біз - өмірдің пендесі.
Тұрған сәтте үркіп ар,
Кіре ме елдің енді есі...

Ұлысымның ұланы,
Қала көрме тұралап.
... Болашағым тұр, әне,
Босағадан сығалап...

МЕН ЖАЗБАҒАН БІР ӨЛЕҢ...

Кейде бұлттай түнерем,
Кейде ғажап гүл өрем.
Түсіреді сан күйге,
Мен жазбаған бір өлең.

Айтқан кезде аспан ән,
Қияларға бастағам.
... Жанарымнан, сол өлең,
Жаудырады жасты әман.

Тұрған жандай табыттан,
Мұң көгенін ағытқам.
... Қуантады сол өлең,
Сәттерімде жабыққан.

Сезімдердің шынары ең,
Біздер ғашық бір әлем.
... Алпыс екі тамырды,
Әлі айналып жүр өлең.

Сүрлеуі оның – ойымда,
Оқылар ма тойымда?!
Салған мені күйге ерен,
Бір өлең бар бойымда.

Кейде бұлттай түнерем,
Кейде ғажап гүл өрем.
Жарқыл қағып қанымда,
Әлі де жүр бір өлең...

ЕЛЕСІҢДІ ІЗДЕДІМ

Сездіргенмен сыз-демін,

Ойымды ұғар күз менің.

...Нөпір елдің ішінен,

Елесіңді іздедім.

Ақ түс сыйлап ақ таңым,

Сені іздеп ем – таппадым.

Тамып кетті көз жасым,

Қауызына мақтаның.

Жыр құятын тілге ерек,

Сен сыйлаған гүл бөлек.

Есенғали* ағамның,

Құстары, айтшы бір дерек...

Қуарғандай құрағым,

Суалғандай бұлағым.

Дерегіңді көктегі

Жұматайдан* сұрадым.

Көз жасы боп күндердің,

Оңашада мұңды емдім.

Табасың ғой іздесең,

Жырым болар – шын белгім.

Көзге ілмеп ем өзгені,

Мұны жаның сезбеді.

...Еніп келші, бейнеңе,

Алғаш көрген кездегі...

Өкініш немесе айыпталушының соңғы сөзі

АБАЙ

Көрдей қара түнек
Бармағымды шайнағам.
Өткен іске өкінумен отырмын,
Сот алдында,
Тура жолдан таймаған.

– Қалғаның ба, мола құсап қаңырап,
Шайқалдың-ау, шалдан қалған шаңырақ!
...Қарап алып кісендеулі қолыма,
Анам отыр шашын жайып, аңырап.

Алыс қашып «арман» деген бір елік,
Тіршілік тұр қабақ шытып, түнеріп.
Сот залының бұрышында тұнжырап,
Жарым көңіл жарым отыр – тірі өлік.

Жарым менің.
Басыңды иіп «ноқтаға»,
Түстің суға, жанып тұрған отқа да.
Саған қояр ешбір кінәм жоқ менің,
Алған беттен таймассың-ау...
Тоқтама!

Ес жоғалтып, тірлік кештім есіре,
Түрме наны – енді тартар несібе.
Мен жайында сыр ашпайсың, білемін,
Алсаң болды, кейде ғана есіңе...

Әттең, әттең, қателік!
Қателігім жарға соқты әкеліп.
Қос құлыным, кешіріңдер әкеңді,
...Қайдағы әке?!
Құн қалды ма, әкелік...

Қос құлыным, арай-нұр,
Рухыңды тек төзімнен қалай біл.
Әкесіне еркелеген балаға
Қарап тұрып, мұңаярсың талай жыл.

...Еш ақылын тыңдамап ем ешкімнің,
Зауалы – осы, тірлік деген бес күннің.
Адалдыққа құшақ ашқан тіршілік,
Қадіріңді енді білдім, кеш білдім...
Ахх!..

көрсету талап етіледі.

ЖЕТІ САНЫ

Баршасы ағайын-дос, ізгі бауыр,

Құшағы кең даладай – біздің ауыл.

Ұнатпас ұлықсынған Ұлтан құлды,

Құлатпас қарағайын күзгі дауыл.

«Қадірі – қанымда» дер бар ағайын,

Салтым ғой – тамыр жайған қарағайым.

Дәстүрі діңгегімнің – біздің ауыл,

Ернеуі төмен түспес шарадайын.

Мен қалай ауылды айтпай басылайын?

Тек өрге домаласын тасы дәйім.

Сұрайды жеті атаңды Жетібай қарт,

Салып ап ерініне насыбайын.

Жас келіп, көп болса да – қажығалы,

Ұмытпас серіліктің сазын әлі.

«Сал» дейтін үлкен-кіші Сәмет аға,

Түгендер әлі жеті қазынаны.

Жеменей, отырып ап есік алды,

Сөзіне бағыт-бағдар етіп арды,

Жанына жүз пайызға жайлы қылып,

Шығарып алыпты өзі «Жеті жарғы».

Алмадай сипап қойып екі бетін

Аса отыр.

Әңгімесі – жеті жетім.

Жеті қат жер астынан тыным тапқан

Бабам-ай…

Ойлап кейде кетілесің...

Бала шақ!

Сынсам – сен деп бекідім мың,

Желменен таралғаны-ай, кекіліңнің!

... Жетіге жаңа жеткен Жексен бала,

Санына жете алмай жүр жеті күннің.

Көк белдің сан бойлаған киесіне -

Шөп артты Шалғыбай ер түйесіне.

...Сол жылдың қаңтарын-ай, қылшылдаған,

Алады жеті жұтты жиі есіне.

Ауылым!

Жұт келмесін бет үсіре,

Бақ тілеп тұрам әр кез тек ісіңе.

... Тай мінген Тайжан бала

бір кісінің

Шақырып келген екен жетісіне...

ОҒЫЛАНДЫ ОТҚА САП ОТЫЗ ЖЕТІ...

Құсаланып көңілдей құба белім,

Қайғы жұтып, ішінен тынады елім.

Оғыланды отқа сап отыз жеті,

Орға жықты рухтың Құлагерін.

Қарық болып көрмеді-ау қағанағым,

Запыраны ішімде-замананың.

Саясаттан көрмедім сұрқияны,

Анық байқап, арысты қанағанын.

Нәумез күннің бейдауа наласынан,

Ине жұтқан иттей боп аласұрам.

Аттарыңды атауға қорықты елім,

Шыға жаздап көздері шарасынан!

Серпілсін деп басынан түнегі елдің,

Ерте ояндың.

Ту алып түрегелдің.

«Жаусың» деді жандайшап, кісен салып,

«Ел үшін ғой» дедің де... жүре бердің!..

Шайқалумен шерлі елдің шаңырағы,

Қасиеттің қамбасы қаңырады.

«Ерім» деді Есілің егілумен,

Ақ Жайығың аһ ұрып аңырады.

Басқа түсіп тағдырдың сан сүреңі,

Адалдықтың өртенді шамшыл өңі.

Арыстарын жоқтаумен аспан құлап,

Үгітілді құм болып тау сілемі.

Жоқтау үнін желменен жарыстырып,

Зар жылады кең дала дауыс қылып.

... Мерейімді әлемге үстем етті,

Өзіңді елмен Еркіндік табыстырып.

Келгенімен тағдырдың сұрапылы,

Текті жанның қашаннан мұраты ұлы.

... Есіміңді егіліп есіне алып,

Жыр оқиды еліңнің бір ақыны!..

ЖАУАПТЫМЫН БӘРІНЕ

Музам болсаң айқара ашқын есікті,
Қайғымсың ба?
Әкел маған несіпті.
Селдетемін, ойнатамын жай отын,
Тербетемін мына ғалам-бесікті.

Қайтем енді?
Осындаймын.
Сондаймын,
Үскірік пе?
Жібере бер, тоңбаймын.
Бірақ кейде өзгелердің қайғысын,
Өз қайғымдай көремін де – сорлаймын.

Қарсыласам тағдырымның кәріне,
Күле бергін, қарамаймын әліме.
Бірақ, бірақ...
Мынау ақ зер әлемде,
Жауаптымын бәріне!

Жауаптымын тыныштыққа, мүлгіген,
Жауаптымын – жұлғызбаймын гүлді мен!
Аналарды алақанда аялап,
Сәбилердің шаттығымен бір жүрем.

Өмір сырын барлық адам ұққанша,
Қасіретті қасиет кеп жыққанша,
Бейдауаның беті қайтып, бұққанша,
Жауаптымын – шыбын жаным шыққанша!

... Ұстап көрші, тіршіліктің тамырын,
Не әкелді, сенің айтқан әмірің?
Жауапсыздық...
Сәл қаттырақ айтқанда,
Қазу деп ұқ, келешектің қабірін...

Жауаптымын...

ЖЫЛҒАЛАР...

Үмітке толған әр күнім,

Ескексіз қайық секілді.

Кешкенім – күні жартының,

Бақытым мұңға бекінді.

Сыртыңды бердің, сырлы әлем,

Құшағың еді – күткенім.

Әлемнің әнін тыңдар ем,

Тізеңді, тағдыр, бүк, - дедің.

... Өзектегімді ақтарсам,

Өрт қаптар еді жаныңды.

Жазғанымды, дос, жатқа алсаң,

Қаламмен төгем қанымды.

Жадыла, мені, жарты әлем,

Тұтаспын!

Сендей жарты емен!

Азабыңды да тартар ем,

Қашпастан ешбір дертеден.

Алайда, түсін, мені сен,

Ауыр сын толған – жолымда.

Жібімейтұғын беріш ем,

Өлеңнің кеткем соңында.

Ойымды орап, қаусырдым,

Таңдайда – тағдыр кермегі.

«Ішім өлген, сау сыртым»,

Абайдың күйі – мендегі.

Аяғын тұсар арманның,

Сұстанған салқын сұлбалар.

Жібітші, мұзын жалғанның,

Жанымнан аққан жылғалар...

КІНӘСІЗДЕР ҚОРЫМЫ

Алланың бақ болған соң ұсынғаны,

Елімнің көгершін бе, ұшырғаны?

... Ана бір төмпешік не, айтыңызшы,

Теректі мекенінің тұсындағы?

Шерлендім, шаттығымнан құлаш үздім,

Жанымды жай таптырмас мына сыз күн.

Қария сөйлеп кетті өксік үнмен:

- Қорымы бұл төмпешік – кінәсіздің.

Тағдыр-ай!

Пендеге не «сый» етпеді?

Жандар ед, таза еді ғой ниеттері.

Степлаг – тамған жас нақақ көзден,

Төмпешік – жазықсыздың сүйектері.

Күткен соң теперіш пен көресі алдан,

Оларға болып еді елес – арман.

Сұмдық-ай!

Ажал құшқан сорлыларды,

Осында бетін жауып көме салған!

Өзгенің отқа салған күш-дарынын,

Жөн дедік, жәдігөйдің ұстанымын.

Степлаг – жарасы бұл жалғанның,

Қорымы – рухымның пұшпағының.

Маңдайда өтке күннің дақ-таңбасы

Тұрғанда,

Досым менің, мақтанбашы.

Қария құран оқып отыр, әне,

Сорғалап сақалынан аққан жасы.

Заман-ай!

Саналыны зарлатады,

Дәлдүріш, қару берсең – арды атады.

... Көздерін шоқитұғын іздеп мүрде,

Қарғалар қонып отыр талға тағы...

Сеннен қалған мейрімнің сандығы

Ұлағатың болып бізге ұлы ұғым,

Аяладың бала-көңіл тұнығын.

...Сенен қалған мейірімнің сандығы,

Ешбір адам аша алмай жүр құлыбын.

...Қолыңызға бермейтұғын дертені,

Өмір деген қандай шолақ, келте еді?!

Бауырыңа басып алып біздерді,

Ұзақ түндер айтушы едің ертегі.

Жолын тілеп аққудайын арлының,

Тыңдайтынмын талайлының зар-мұңын.

Өркөкірек қауып әр кез өмірем,

Жігерлі жас жеңетұғын барлығын.

Содан кейін сүйіп мені ақырын,

«Арлы бол» деп айтатұғын ақылын.

Ертегінің бір қуандым ерімен,

Тапқандай боп көп күттірген жақынын.

Күлшелінің батпандайын бағы бар,

Пенде-өмір – ай!..

Тіршілікке бағынар.

Жылу шашқан сенің алақаныңның,

Маңдайымда әлі күнге табы бар.

...Сан адамды салатұғын сынаққа,

Мына тірлік толып кетті-ау сұраққа.

Сен де кеттің мәңгіліктің еліне,

Мен де кеттім арман қуып жыраққа.

Арманымды ақ жолымнан жарып ап,

Теріс қарай домалады тары-бақ.

...Өткен күнді көп ойлаймын мен бүгін,

Өлеңімді өлі түнге малып ап.

..Тіршіліктің пендесіне сыйы не?

Құлақ қойып мәңгіліктің күйіне,

Айдалада аңызақ жел кептірген,

Келіп тұрмын ай құлақты үйіңе...

...Сеніп тұрмын бақилықтың күйіне...

КЕШ СІЛТЕДІМ... ҚОЛЫМДЫ

Қайыр қылдым өктемге,

Сый боп маған кешіру.

...Бәсіре боп кеткен бе,

Осы маған... кешігу?..

Асыққанда өзіңе,

Қинап сезім шөлі мың.

Күн ұялап көзіме,

Кеш келгені... көлігім.

Бақыт!

Маған келдің бе,

Мұңнан ғана жаралып?

Көп көрешек көрдім де,

Кеш келеді жаңалық.

Сан сызылып санамнан,

Өтіп жатыр апталар.

Ауылдағы анамнан,

Кеш келеді хат-хабар.

Жанды тербеп жақұт-үн,

Арайлай ма бақ-күнім?

Кеш келе ме, бақытым,

Кеш келе ме... шаттығым?

Терлегенмен тұла-бой,

Қай ісім бар орынды?

... Сенен кейін, ҰЛЫ АБАЙ,

Кеш сілтедім... қолымды!..

АЯУЛЫ МЕНІҢ АУЫЛЫМ

Жанымның жайып желкенін,

Гүл едім, өскен төсіңде.

Ауылым!

Ғажап ертегім,

Жаңғырдың бүгін есімде.

Қалаға барар қара жол,

Несіне арман болды екен?

Жүректі баурап алады ол

Аяулы ауыл – сол мекен.

Түсінер дейсің енді кім,

Қанығар мендік жайға кім?

Сағынып жүрмін мен бүгін,

Ауылдың қайран айранын.

Ауар ма, бастан, енді ақпан,

Кетер ме менен, қусам мұң?

Жел соқса, ауыл, сен жақтан,

Сезілер иісі жусанның.

Жел тарап кекіл, бұрымды,

Түлеген сенен аз ба адам?!

Өзіңнен алған жырымды,

Қалаға бұлдап мәз болам.

Кез болдым долы дауылға,

Алда ма әлі көресім?

Рухым қалған ауылда,

Қалада жүрген - өңешім.

...Түсімнен таптым тоятты,

Жазира-жайлау, тау іші.

Ұйқымнан мені оятты,

Шыңғырған құлын дауысы...

МЕНІ ІЗДЕСЕҢ...

Жырларымды оқы, мейлі, жыла да,

Тек жайымды сұрама!

Кей сәттерім жұлдызды сәт болса егер,

Кей сәттерім жақын шығар кінәға.

Жырларымды оқы.

Сосын күрсінгін,

Күрсініспен мен де өмірді бір сүрдім.

Кей сәттерде жерді құшып жыладым,

Кей сәттерде мына өмірге құлшындым.

Жырларымды оқы.

Сосын мұңға бат,

Жанарыңнан мөлдір тамшы жылғалап.

Қиялыма құлаш ұрдым

Көңілдің

Парағына салып алған сұлбалап.

Жырларымды оқы.

Сосын қуан бір,

(Өзегінде өзің сүйген жыр-ән жүр).

Көкке мені ап кетеді кей кезде

Тұяғымен жер тарпыған құлан-жыр.

Жырларымды оқы.

Сосын толқығын,

Орындарын толтырып бір олқының.

Жырларымның жанды жерін табарсың,

Сезімдердің сүзіп көрші толқынын.

Тіршілікті өз әлімше толғадым.

Мені іздесең – жырымды оқы, сондамын.

Шыңға шықсам , көз тігем де қияға,

Ұшпақ болып қанатымды қомдадым.

Жырымды оқы – сондамын...

ТУҒАН ЖЕР, ТУҒАН АУЫЛ

Сағынып қалған екем,

Қанатым сағыныштан талған екен.

Туған жер!

Маңдайымнан сүйші менің,

Еркеңді құшағыңа ал да бекем!

Сен барда ауылы алыс күшті алаңның,

Ауылым!

Сенде қанат ұштағанмын.

Өлеңнің өзеніне желкен құрған,

Арманын құш балаңның!

Тағдырым тұншықтырып сыз демімен,

Көктемнен өте шығып, күзге кіргем.

Төсіңнен іздейінші, туған жерім,

Бақытты бала шақтың іздерін мен.

Мендегі мұңнын атын тұсадың да,

Кеудемді толтырдың сен күш-ағынға.

Құдай-ау!

Қайда кеткен кісілігім,

Балаға айналдым мен құшағыңда.

Ауылым, аспаның да бөлек екен,

Таудағы тастарың да бөлек екен.

Туған жер!

Саған деген қарызымды,

Жырыммен төлеп өтем!..

Қиялын құлатпаған күзгі дауыл,

Айналдым ниетіңнен, ізгі бауыр.

... Жыр іздеп өзге жақтан неғып жүргем,

Өлеңнің өзегі екен біздің ауыл!..

ДАЛА, МЕНІ ҚҰШАҒЫҢА АЛ...

Төзген өмір дауылына,

Басшы мені бауырыңа.

...Жетсем екен сағым болған

Бала шақтың ауылына.

Дұға қылып сан атыңды,

Алыстатқам қара түнді.

Дархан дала!

Сен емдеші,

Құзғын қиған қанатымды.

Қаулап қырдың қияқтары,

Көңілімнен күй аққаны...

...Бүтіндеуге келеді ме,

Тұлпарымның тұяқтары?

Қалықтайын, көкте бір күн,

Көркін қара, көктемімнің!

Өзегімнен суырып ал,

Өксік үнін өткенімнің.

Кезетұғын үнім ғарыш,

Құлын кезім...

Құлын-жарыс.

Қаракеңгір, қасқая аққан,

Алып кетші, мұңымды алыс!..

Кәне, мені күлдіргенің?

Бұлдыр-үміт.

Бұлдыр белім.

Кермек-күнге қарсы қоям,

Ұлытаудың бүлдіргенін!..

Төздім тағдыр дауылына,

Басшы мені бауырыңа.

...Кетем ертең ертелетіп,

Аруана-ауылыма!..

СЕНЕН ҚАЛҒАН МЕЙРІМНІҢ САНДЫҒЫН...

Ұлағатың болып бізге ұлы ұғым,

Аяладың бала-көңіл тұнығын.

...Сенен қалған мейірімнің сандығы,

Ешбір адам аша алмай жүр құлыбын.

...Қолыңызға бермейтұғын дертені,

Өмір деген қандай шолақ, келте еді?!

Бауырыңа басып алып біздерді,

Ұзақ түндер айтушы едің ертегі.

Жолын тілеп аққудайын арлының,

Тыңдайтынмын талайлының зар-мұңын.

Өркөкірек қауып әр кез өмірем,

Жігерлі жас жеңетұғын барлығын.

Содан кейін сүйіп мені ақырын,

«Арлы бол» деп айтатұғын ақылын.

Ертегінің бір қуандым ерімен,

Тапқандай боп көп күттірген жақынын.

Күлшелінің батпандайын бағы бар,

Пенде-өмір – ай!..

Тіршілікке бағынар.

Жылу шашқан сенің алақаныңның,

Маңдайымда әлі күнге табы бар.

...Сан адамды салатұғын сынаққа,

Мына тірлік толып кетті-ау сұраққа.

Сен де кеттің мәңгіліктің еліне,

Мен де кеттім арман қуып жыраққа.

Арманымды ақ жолымнан жарып ап,

Теріс қарай домалады тары-бақ.

...Өткен күнді көп ойлаймын мен бүгін,

Өлеңімді өлі түнге малып ап.

..Тіршіліктің пендесіне сыйы не?

Құлақ қойып мәңгіліктің күйіне,

Айдалада аңызақ жел кептірген,

Келіп тұрмын ай құлақты үйіңе...

...Сеніп тұрмын бақилықтың күйіне...

БІР...

Адалдыққа тұнса деймін аймағым,

Адал жанға құшақ болды – жайғаным.

Бір-ақ рет берілетін өмірде,

Тәуекел деп, тура жолдан таймадым.

Жасырмадым, жүректегі сырды аштым,

Білесің ғой, бір өзіңмен сырласпын.

Алтын анам кел дегенде қасыма,

Бір жасымда тәй басқанмын.

Бір бастым!

Қандай ғана ұшқыр едің, жүрдек-күн,

Ұстаз маған «сана» - десе, «бір» - деппін.

Бала шағым көрген түстей, міне, енді,

Қорқау-уақыт, оны-дағы кірлеттің...

Бір үміттің жібін үзбей, жалғайық,

Тіршілікте тақпайықшы арға айып.

Сезімімді салқын ұрып сол күзде,

Жапырақтай сала бергем сарғайып...

Тексіздердің тілгілеген түнегін,

Найзағайдай – кейде менің мінезім.

Бір Алла бар – табынарым, сенерім,

Содан кейін сенетінім – бір өзім.

Кейде біздер махаббатқа өктембіз,

Енді мені қызықтырмас көктем-күз.

... Бір-ақ рет ғашық болып өмірде,

Бір арманның жетегінде кеткен қыз...

ӘКЕ

Сенде, менде - өзге мұң,

Ал, армандар туралған.

Сен сүйетін көздерім,

Жаспен бүгін суланған.

Ағып өткен ағын боп,

Күндерін-ай, көктемнің!

Көздерімде сағым боп,

Бұлдырайды өткен күн.

Қатталады десте-мұң,

Шайпау тірлік шалғанда,

Шаттық өмір кешкенім,

Шын ба еді, өзі, жалған ба?

Рас, білем, шаршадым,

Тағдырменен тіресіп.

Арман!

Сені аңсадым,

Тұратұғын гүл өсіп.

Өтіп жатыр күн-айым,

Жағып алып мұңды арға.

... Айтшы маған, құдайым,

Жасым кебер күн бар ма?..

ӘКЕ ТІЛЕГІ

Қимай сені – кетілдім,

Қызым менің, кекілдім.

Еркелігі қалмаған,

Әлі бала секілдім.

Қызыл гүлім –төрдегі,

Кәусарым-ау шөлдегі.

Сағынам-ау, сені ертең,

... Қинайтыны сол мені.

Лағындай еліктің,

Сені баққа теңеппін.

Бойжеткенің жайында,

Кеш түскені-ай деректің.

Ілестірмей шаңына,

Шапты уақыт тағы да.

... Бағынам да, қайтейін,

Мына өмірдің заңына.

Жанарыңда –мейірім,

Аппақ болсын пейілің.

Тамсанта бер тірлікте,

Ағайынның дүйімін.

Іздеп бақыт дерегін,

Ұғып алғын керегін.

Қолдап жүрсін аруағы,

Ұмай ана, Зеренің.

Алдан бақыт, тосады ән,

Берік болсын босағаң.

Ақ жаулықты ана бол,

Қосағыңмен қоса ағар!..

КӨЛЕҢКЕ

Өксігімді басуға,

Келген едім өлеңге.

...Етегімді басуда,

Еріп жүрген көлеңке.

Жаза алдым ба, жырды нық,

Күн алыс па – қорымнан?

...Сол көлеңкем бір жүріп,

Қалған емес соңымнан.

Алыс қалса қайтеді,

Менен нені ұғады?

Еріп жүру жай, тегі,

Алдыма да шығады.

Бұл бейдауа бейнеден,

Талай мұңға жолықтым.

Іздеп оны кейде мен,

Елеңдейтін болыппын!

Бірге туған жандайын,

Адамзатпен аталы.

Пенделіктің әрдайым,

Атын жемдеп жатады...

... Ар атамның еліне,

Жолға шығам мен ертең.

Тастама,- деп, - мені де,

Тағы ермекші... көлеңкем...

ТӨЛЕГЕНШЕ ТОЛҒАНУ

Мен сендерді алдамаймын, адамдар...

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

Құпиямды айтайыншы, саған бар:

Ақын едім, өмір мәнін бағамдар.

Тағдырымнан тепкі көріп жүрсем де,

«Мен сендерді алдамаймын, адамдар»!

Қашаннан-ақ қасиеттің пәрмені ем,

Алдамаймын!

Егіз туғам арменен.

Шағынарым, табынарым – жыр еді,

Түнектерде жалын болып жанды өлең.

Даралардың дастан етіп жақсы ісін,

Адалдықтың аяладым ақ құсын.

Мейірімге шөліркеген жүрегім,

Ізгіліктен өз орынын тапты шын.

Көңіліме көрік берген кең далам,

О, адамдар!

Алдамаймын!

Сен маған.

Адамзатты алдамауға шақырған,

Төлегеннің қарындасы мен болам!

Жалғандық – от.

Жақындама отқа тым,

Алдамаймын!

Оған менің жоқ хақым.

Тура жолдан тайып кетсем егерде,

Тәңір маған тапаншасын оқтасын!

Өмір – осы, жыласам да, күлсем де,

Мақсатымның мән-маңызын біл сен де.

«Мен сендерді алдамаймын, адамдар»,

Алдамаймын!

Сан алданып жүрсем де...

ТУҒАН ЖЕРІМ – ТҰМАРЫМ

Жанның болып жалауы,

Берген әр кез күш маған.

Адалдықтың алауы -

Туған жерге ұқсағам.

Шаттанамын мен бүгін,

Ұқсап балғын балаға.

... Пейілімнің кеңдігін,

Ұқсатамын далама.

Жебе болған жауына,

Бабаларым – байрағым!

...Туған жерім, тауыңа,

Намысымды қайрадым.

Арман, арман, тым биік,

Талай тылсым күйге ендім.

... Тереңдікті тұңғиық,

Көлдерімнен үйрендім.

Арды адамға – сый депті,

Даналардың дастаны.

Тұнықтықты үйретті,

Туған жердің аспаны.

Асыл арман – ақықты,

Айтам арай-таңдарға.

Менен асқан бақытты,

Дүниеде жан бар ма?!

ТҰЛПАРДЫҢ ӨЛІМІ

Аңыз еткен бар аймақ,

Тұлпар еді бір кезде.

Енді жаман сарайда,

Сүйелдей боп жүр көзге.

Барын салып баптаған,

Сері еді ғой иесі.

Тектілікті жақтаған,

Бар еді ғой киесі.

Таусылды да тұз-дәмі,

Иесі өтті өмірден.

Тіршіліктің ызғары,

Шалды мұны көңілден.

Керек етпес жұрт мұны,

Ұқпай тұлпар қадірін.

Іздеп тапты бір күні,

Иесінің қабірін.

Жас сорғалап көзінен,

Талай күндер жылады.

Әл қашқан соң өзінен,

Қайран тұлпар құлады.

Талайлардың асында,

Шапқан күндер, қызынып!

... Иесінің қасында,

Кетті сосын... үзіліп.

... Қайта тумас жұлдыз-күн,

Жанымда енді өзге мұң.

... Шоқып отыр бір құзғын,

Хас тұлпардың көздерін...

ЖАНАРТАУ

Тау еді бұл, асқақ ед,

Мінезі де жасын, ә?!

Жаудың бәрін жасқап ед,

Жақындатпай қасына.

Сезбей тірлік дауылын,

Тәкаппар боп тұратын.

Тау мінезді тау ұлы,

Тауға ұқсатқан мұратын.

Өкінбеді ол өткенге,

Кімге қашан сыр ашты?

... Етектегі көп пенде,

Күндейтіні рас-ты.

Асқақтығын күндеді ел,

Бар айыбы – биік-ті.

Ашулану білмеді ол,

Сабасына сыйыпты.

Өткен күннен жырлы ұран,

Жазылған-ды тасына.

... Жаймен жылжып бір жылан,

Шықты бір күн басына.

Масайрады сосын ол,

Биін билеп ирелең.

Пайда болды тосын ер,

Ешкімге бас имеген.

Тау еді ол самарқау,

Тектілік-ті торабы.

Оянды да жанартау,

Отпен оны... орады.

... Таудан тәлім ал, дәйім,

Құлағың сап ескі үнге.

Ал, жыланның хал-жайын,

Сұрамады ешкім де...

КИІКТІҢ МОНОЛОГЫ

Адамзат, жанарыңа сыйып-күліп,

Жалғанның жайын жүр ем, жиі ұқтырып.

Азғындап кете ме деп, адам қылсам,

Құдайым жаратыпты киік қылып.

Танып ал, таныр болсаң ең дараны:

Киік ем, мекен еткен кең даланы.

... Аралмен бір тартылды пейілдерің,

Адамдар, ашамыз-ау енді араны.

Көркіммен серік болып сан арыңа,

Сыйдырғам мына әлемді жанарыма.

Тіліме бал боп тиген киікоты,

Көзімнен аққан жасым тамады ма?

Саулатқан көңілдерден күй-ағынды,

Текті едім, мөр ғып басқан тұяғымды.

Ұмытпа!

Менің атым – киік-күйік,

Көріп қал, құлап жатқан сияғымды.

Жаныңа кіріп әлі сыналай мұң,

Сендерді әлі талай сынар ай-күн.

...Адамдар кінәлі емес өліміме,

Салқыны ұрды деймін құралайдың!..

Сұмдықтың қызыл шоғы қоздағанда,

Сарыарқа!

Нең қалды енді тозбағанда?

... Тірілем бір күндері рух болып,

Кең далам сағыныштан боздағанда...

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ

Өткенінен өкпек ұрып тұратын,

Жеңе алмаған ешкім, бірақ, мұратын,

Қазақ деген халықпыз!

Суға батпай, отқа салса жанбаған,

Қиялымен қияларға самғаған,

Қазақ деген халықпыз!

Қасиетін аңғарыңыз қанынан,

Арын биік қоятұғын жанынан,

Қазақ деген халықпыз!

Төр ұсынған досы түгіл - қасына,

Ақ құятын жыланның да басына,

Қазақ деген халықпыз!

Рухымды қандай дұшпан баса алған?!

Найзасына үкі таққан қашаннан,

Қазақ деген халықпыз!

Жүрегімде – тұнып тұрған мейірім,

Даламды көр!

Далама ұқсас – пейілім,

Қазақ деген халықпыз!

Жаны ауырса - әнмен, жырмен «емделген»,

Еркіндіктің құшағында тербелген,

Қазақ деген халықпыз!

Танып әлем – бағалаған, жол берген,

Келешегі күлімсіреп, қол берген,

Қазақ деген халықпыз!..

ТІРШІЛІК

Құлата да салатын,

Жылата да салатын-

ТІРШІЛІК.

Қуанта да салатын,

Жұбата да салатын-

ТІРШІЛІК.

Күлдіре де салатын,

Бүлдіре де салатын-

ТІРШІЛІК.

Шаттандыра салатын,

Мақтандыра салатын-

ТІРШІЛІК.

Мұңдандыра салатын,

Тұлдандыра салатын-

ТІРШІЛІК.

Үмітке де салатын,

Күдікке де салатын-

ТІРШІЛІК.

Тамсандыра салатын,

Ән салдыра салатын-

ТІРШІЛІК.

Жүректегі жыршы-үміт,

Тілектегі құлшылық,

Бәрі сенде – ТІРШІЛІК!..

ОЙ САЛА МА, САНАҢА ?

Айтар болсам – жан сырым,

Өмір – сабы қамшының.

Жанарымнан жас болып,

Тамып кеткен тамшы-мұң.

Тұтамдайын тірлікте,

Бауырдай боп жүрдік пе?

Таусылса дәм

Тәңірім

Қоя салар… бір нүкте.

Аз ғана осы ғұмырда,

Тұрса адалдық – тұғырда.

Сыйып тұрса ізгілік,

Тек адами ұғымға!

Ақылшым –ау, бәйтерек,

Ақылыңды айт ерек.

Бар адамдар бақытты,

Ғұмыр кешсе...

Қайтер ед?

Ашып қойып есігін,

Төрде отырса – кешірім.

Алаш анам тербесе,

Ақ үміттің бесігін.

Тамылжыған тіршілік,

Жанға сыйла, жыршы-үміт!

Жыламасын жүректер,

Қасыреттен күрсініп.

Бет алғаны – биіктер,

Сен не дейсің, кейіпкер:

Ой сала ма, санаңа,

Жапан түзде...

Бейіттер?..

АЙ-ӘТКЕНШЕК ТАҒДЫРЫМ...

Бәрі өзгерді,

Мен де, мынау көктем де.

Анау жатқан бүлдіргенді бөктер де.

Ай-сырласым, айтшы маған:

Осы мен,

Жалтақтаймын не себепті өткенге?

Өткен күнді еске алмақ боп кейде мен,

Қиялымда сапар шегем күймемен.

Бала шақтың бейнесі боп күнәсіз,

Сол әткеншек түсіреді күйге ерен.

Ай-сырласым, саған шаққам мұңымды,

Айғақсың ғой бала шаққа тұлымды.

Мақпал түнде терезеге телміріп,

Өзгеге емес, өзіңе айтам мұңымды.

Сол күндердің сәулесі бар санамда,

Балғын шақтың құс жолы бар ғаламда.

Сағыныштың маздатқанмен сан отын,

Сол дәуреннің баспалдағын табам ба?

...Өмір өтті.

Қазір, міне, өзгердім,

Өзіме-өзім қанша мәрте сөз бердім.

...Әткеншек-ай, саған үнсіз телмірген,

Әткеншекті бір аруға кез болдым...

Кез болдым да, тұншығып мен жыладым,

Санамды кеп соққылады сұрағым.

Көкке барсам тербетер ең сен мені,

Жерде болып қалғанын-ай тұрағым?..

АҚЫН ОТЫР...

Мұңға салып арманы мен мұратын,

Түн жамылып отыр, әне, бір ақын.

Тілім-тілім жүрегінде, жанында,

Сезімдері қайнап жатыр сұрапыл.

Тағдыры кеп тырнағанда жараны,

Ақ қағазға қан құсады қаламы.

Ақылсыздың ашылғанда араны,

Талықсиды талабы.

Жерді құшып, құлағанда жыршы-үміт,

Жүрегі оның сала берер түршігіп.

... Үлкендердің ойынына бас шайқап,

Әне, аспан тұр күрсініп.

Керек етпей досы түгіл қасын да,

Ақын отыр.

Азапты ойлар – басында.

Санасында сойқан жүрген сәттерде,

Айналады ол жасынға.

Содан кейін күйге түсіп тылсым бір,

Қанында оның қағады екен жыр сыңғыр.

...Ақын жыры!

Аспандатшы арлыны,

Көрсоқырды күрсіндір!

... Арайлы таң түн пердесін түргенде,

Құлпырады дүр-дүние бір демде.

... Ақын отыр жанын қажап.

Әйтсе де

Мәз болады өзге біреу күлгенге...

АҚҚАЛА

Балалық шақ.

Қуаныштан шаттана,

Аппақ қардан жасаушы едім аққала.

Қардан да аппақ көңілі бар балаға,

Аспан тұрды ақ мамығын ақтара.

Сол аққала болып адал досымдай,

(Айтшы, қане, досың бар ма осындай?)

Тірі жанға шығармаған тісімнен,

Сырларымды соған айтқам тосылмай.

Ал, аққала, шелегі бар басында,

Берік еді жолдастыққа, расында.

Тереңдігі теңізбенен өлшенер,

Ой болатын, көздегі екі тасында.

... Арманымның бағынтпақ боп асқарын,

Ерте есейдім.

Бүгінде мен – басқамын.

Түсіме енді ауылдағы аққалам,

Анық көрдім көзден аққан жастарын.

Өлең болып бағым, сосын... сорым да,

Сан құладым соқпақ-тағдыр жолында.

Тылсым үнмен жігер берді түсімде,

Сол аққала, сыпыртқысы қолында.

Таңым атып, келген сәтте екінді,

Жауыр жаным бір әуенге бекінді.

...Ауыл сырты.

Қыр басында мұңайып,

Сол аққала мені күткен секілді...

БҰЛ ДҮНИЕДЕ ЕҢ ТӘТТІ НЕ БІЛДІҢ БЕ?

Жанды тербеп жақсылықтың сый-үні,

Мойындайды мұны жұрттың дүйімі.

Адамзатқа әлімсақтан құдірет,

Ана деген - ұлылықтың биігі.

Ақиқатты қоя алмайды бүгіп ар,

Арқамызда аманаттың жүгі бар.

Мына әлемнен мейірімді іздесең,

Ол – ананың жүрегінде.

Ұғып ал.

Тілгілесе жанымды егер өткір мұң,

Көз жасымды жаулығымен кептірдім.

Ау, адамзат, адалдықты іздесең,

Ол - өзіңнің асыл анаң деп білгін.

Қашаннан-ақ қасиеттің мысалы,

Бауырына бар адамды қысады.

Кеңшіліктің баламасын іздесең,

Ол – ананың құшағы.

Жаныңызды шайған кезде сан ағын,

Серпіледі сартап болған сана мың.

Бұл дүниеде ең тәтті не, білдің бе?

Ол ақ сүті – ананың.

Мейірімсіз мына тірлік солады, ә...

Көңіліңіз осы айтқанға тола ма?

Жер бетіне шуақ шашқан күндейін,

Кешірімді жанды таны.

Ол – ана.

Жанды тербеп жақсылықтың сый-үні,

Мойындайды мұны жұрттың дүйімі.

Адамзатқа әлімсақтан құдірет,

Ана деген - ұлылықтың биігі!..

ҚАЗАҚПЫН

Айтқан сөзі даритын,

Тасқа жазған тарихын,

Тағдырыңның өзегіне жармасқан,

Сөздері ше!

Тіліп түсер алдаспан –

Қазақпын мен!

Ақ үмітпен ататұғын әр таңы,

Ерен ерлік қалқаны,

Ұмытпаған туған жерге парызды,

Батылдықтың синонимі тәрізді –

Қазақпын мен!

Бойын буған күш-ағын,

Досына ашқан құшағын,

Санасына ұя салған ізгілік,

Адал досым!

Саған тұрған үздігіп –

Қазақпын мен!

Қынға салып қылышын,

Осы – менің тұрысым!

Өктемдігің көңіліне жақпаған,

Дүниені табанымен таптаған,

Қазақпын мен!

Еркіндігім – Алла берді сыйымды,

Көр, бүгінгі күйімді!

Жомарттықпен бағалаған табысын,

Әлем білген абырой мен дабысын,

Қазақпын мен!..

ҚАЙТА ҚОЛДЫ ҚОЛЫСА...

Жатақхана.

Жарым түн.

Жалқы бақыт,

Күзгі уақыт – қашаннан салқын уақыт.

Тал басында отырған тоқылдақтар,

Таң атқанша тастардай тал құлатып.

Оятардай мендегі мұң-шабытты,

Қала бүгін көрпесін қымтаныпты.

... Көктен қазір түседі қос періште,

Әкеледі алдыма жыр-табытты.

Қос періште.

Мен болып – мәпелері,

Жыр-табытты алдыма әкеледі.

Ібілістер қуанар.

Періштелер

Жылайды кеп, өлгендей әкелері.

-Атыңыздан айналдым, періштелер,

Сендер емес – тілегі теріс келер.

Аян берсең түсімде, болар еді,

Домалатқың келсеңіз еңіске егер?

Белгілі еді жайың да,

Сырың ... бәрі,

Табыт жайлы айтпап ең бұрындары?

-Жаратқанның әкелдік жазуымен,

Асықпағын.

Жаза тұр жырыңды әлі...

Деді-дағы періште қақты қанат,

Айтқанынан бір сәтке таптым абат.

Ұшып шықты кеудемнен ұлар-жырым,

Баратұғын нүктесін нақтылап ап.

Жанымдағы мұңымды аңдамастан,

Құшағына қысардай заңғар аспан.

Қайта қонды қолыма, қалықтап кеп,

Үмітімнің үкісі, таңда қашқан.

Құлап кетіп құзар шың аңғарынан,

Ақ арманым, болдың ба таңда құрбан?

... Өлең арнап отырмын өлі түнге,

Періштелер қаумалап жан-жағымнан...

Жо-жоқ, сәл шатасып кетіппін,

... Өлең арнап отырмын келер күнге.

ҚАЙТАРЫМ...

Адамзаттың зерттеп көрші мінезін,

Жаратқаннан кем санайды кім өзін?!

Бір-бірімен алысудан жалығып,

Іштей өзі жанығып,

Көзіне ілмей басқаны,

Табиғатқа жауығуды бастады.

Ормандар мен тоғайларды өртеді,

(Содан оның өседі ме өркені?)

Соны істесе артатындай думаны,

Өзен-көлді, теңіздерді улады.

Тағы да бір жаңалық бар қаралы,

Кең даламыз – сынақ жасау алаңы.

Санамыздың осы болды жеткені -

Қалыңдауда «Қызыл кітап» беттері.

Табиғатқа не табамыз ұрынып?

Аң мен құстар азаюда, қырылып.

... Отыр «АНАУ» көңілін бір бекемдеп,

Не бүлдірсем екен деп...

Бірақ....

Бірақ...

Бар еді бір айтарым,

Жаратқаннан болады бір қайтарым.

Арқаңды осар обал-сауап дырауы,

Себебі оның – судың да бар сұрауы.

Қатыгез жан!

Сорың сенің бес елі,

Табиғат та қайтарады есені.

Жанына көп сала берсең нала егер,

Сілкінеді қара жер.

Сөнеді онда көңіліңнің шырағы,

Теңіздер кеп толқынымен ұрады.

Тұтылады аспандағы күн-ай да,

Осы саған ұнай ма?..

Ал, ендеше, өзіңді бір қолға алып,

Көрші, өзің бір ойланып.

Биік қойсаң болашақты, елдікті,

Бұзба, тепе-теңдікті!..

СЕН ЕДІҢ ҒОЙ, АҚ ҚАҒАЗҒА ҚАН ҚҰСҚАН

Айналайын қаламым!

Сен – емі едің, жанымдағы жараның.

Бет пердесін өзің аштың – аланың,

Сен бар жерде сейіледі алаңым!

Көзім жазып қалған кезде ар-құстан,

Сен едің ғой, ақ қағазға қан құсқан.

Қасірет кеп қадалғанда көзіме,

Жанарымның жасын құйдым өзіңе.

Жәдігөйлер салған кезде жат ұран,

Сен арқылы төккем талай запыран.

Мөлт-дүние сыйлағанда мөлдір мұң,

Қалам!

Сені жазуға оны көндірдім.

Бұлдыр-күнде маған серік – сен ғана,

Тұлдыр-түнде маған серік – сен ғана…

Айлы түнде қанат біткен қаламым,

Не аңғардың сұлбасынан сананың?..

НЕСІНЕ...

Несіне аспандаймын,

Асып жатыр әлі күн бастан қайғым.

Бақытының тамырын балта шапқан,

Тасмаңдаймын.

Несіне төмендеймін,

Тартамын тұңғиыққа – тереңдеймін.

Бесігі ұлағаттың ұлтым үшін,

Елеңдеймін.

Несіне қуанамын,

Қуарып бара жатыр бұла-бағым.

Халықтың көтеруге жарадым ба,

Мұң-азабын?

Несіне қайғырамын,

Жаныма жапырағын жайды бағым.

Қазақтың қасіретін маңдайынан

Тайдырамын.

Несіне жыр жазамын,

Арқалап адамзаттың күллі азабын.

Дегенмен...

Арман бар ма, жырдан соқсам,

Алаштың таңдай қағар бір ғажабын?!

Жыр жазамын...

КӨКТЕМГІ ЭЛЕГИЯ

Тағдыр-сахна.

Тақырыбы – өткенім,

Басты рольде мен ойнадым теп-тегін.

Өткенімнен өрнек іздеп жүргенде,

Сен де келіп қалғаның ба, көктемім?

Туралықтан түсер неге құным кіл?

(Саған сырды айтқандағы түрім бұл).

Бір тамшы жас жанарымда мөлдіреп,

Мына ғалам тартып кетті бұлыңғыр.

Ей, аспан жақ, күркіре,

Жаным менің жонылуда түрпіге.

Жылғалардан сылдыраған бұлақтар,

Ұқсайды екен, бір кездегі күлкіме.

Қасарысып, алға басып бір адым,

Сүріндім де, құладым.

Қуаныштан жылағанда көк пен жер,

Мен қосылып жыладым.

Қоңырауын қаққанменен тіршілік,

Қыр астында қуаныш жүр қырсығып.

Көзі сенбей, көктем келді дегенге,

Күнгей беттен қылтияды бір шыбық.

Жүрегімді мазалайды жай талай,

Аулақ барып, жасын төгіп қайтады ой.

... Қар астынан сенің ізің көрінді,

Сен қайдасың?

Айта ғой...

ДОС ІЗДЕП ЖҮРМІН

Жайыңды айтқызбай-ақ түсінетін,

Сабырға ашуыңды түсіретін,

Қоятын әр кез биік мұратын,

Адалдықты жанымен сүйіп тұратын

ДОС ІЗДЕП ЖҮРМІН.

Жасысам қайрайтұғын намысымды,

Адалдығы аққудың ары сынды,

Сырымды соған ғана ақтаратын,

Бәтуалы тірліктен бақ табатын

ДОС ІЗДЕП ЖҮРМІН.

Жылаған сәттерімде жұбататын,

Рухты сәттерімді ұнататын,

Шаттанғанымды қалап тұратын,

Сүйеу болуға жарап тұратын

ДОС ІЗДЕП ЖҮРМІН.

Арманы арманыммен үндесетін,

Қиялдың күреңіне мінгесетін,

Жел кернегенде желкендерімді,

Іздеуге бірге аттанар ертеңдерімді

ДОС ІЗДЕП ЖҮРМІН.

Көргенде жоғым түгенделетін,

Жалғыздық мәңгіге жүгенделетін,

Көрмесем бір сәт сағына беретін,

Адалдыққа әр кез табына беретін

ДОС ІЗДЕП ЖҮРМІН...

ҰЛЫ ОТАН

Алауыртып атқан кезде құба таң,

Кең даламды, ен даламды ұнатам.

Кіндік қаным саған тамған – ыстықсың,

Атыңыздан айналайын, Ұлы Отан!

Бабалардан аманат боп жеткен жер,

Тіршілікте тірегімсің – тек сендер.

Бауырыңда – күнге ұмтылған көктемдер,

Тереңіңде – өксік толы өткендер...

Шыңдарыңа сан қайралған айбыным,

Сенсің менің баға жетпес байлығым.

Шуағыңмен маңдайымнан сипадың,

Айналайын, ай-күнім!..

Өмір деген осы екен ғой, бәрі – ағын,

Өздеріңе ойға батып қарадым.

Тынып ақтың, тереңіңе сыр бүгіп,

Өр мінезді өзендері даланың.

Қандай сырды бір өзіңнен жасырам?

Туған жерім!

Тек өзіңе бас ұрам.

... Қап тауының қап алтыны көп төмен,

Туған жердің түйір қара тасынан!..

ТЫЛСЫМ ТҮН

Айналамды тұмшалады соқыр мұң,

Ай жылады.

Жасын сүртіп отырмын.

Бір дәруіш күбірлейді дұға оқып,

Шіркеу жақта шоқынады шоқындың.

Қанжығама жүргендей-ақ сый байлап,

Түннің жайын қоямын мен кейде ойлап.

Түнгі аспанға ізін тастап ақ жолақ,

Жұлдыз ақты.

Өтті өмірден бір бейбақ.

Түнгі өмірдің талақ еткен дастанын,

Көктегі айға аң-таң боп тұр аспаным.

Тал тағы да сұлық қалды қимылсыз,

Жапырағын сілкіп алып қас-қағым.

Тұтып еді осы түнді дос-үлгі,

Мендік көңіл тағылықтан шошынды:

Тылсым-түннің тыныштығын тілгілеп.

Қарға үніне байғыз даусы қосылды.

... Ұсынады өмір маған өрін кіл,

Болады екен қай ғасырда төрім гүл?!

... Байғызыңның басып озып сұңқылын,

Ит ұлыды.

Қу басыңа көрінгір!..

... Ерке құс, қайталашы ертегіңді...

Анамның еске салып ертегісін,

Қалқып кеп қоншы маған, ерке құсым.

Оралмай көптен маған кетіп едің,

Бүгін бір ғажап сырды шертемісің?

Келе ғой!

Келші, қане, қон қасыма,

Айналшы, мәңгі менің жолдасыма.

... Бақыт құс бұрын маған келген еді,

Қайта ұшты сәлден кейін ол да асыға...

Ұмытам (шын айтамын) келте мұңды,

Ерке құс, айтып берші ертегіңді.

Көрмеп пе, ертегіңнің кейіпкері,

Жоғалтып алған сонау желкенімді?

Кейіпкер жауыздықты жеңіп пе екен?

(Мен кейде ертегіге еніп кетем).

Алданып қалмапты ма, жалмауызға,

Аңқаулау болмысымен сеніп бекем?

Ерке құс айтқан менің кейіпкерім,

Көрдің бе, махаббаттың биік белін?

Жаныма мұң сыйлаған менің Музам,

Көңлімнің жайып жүр ме киіктерін?

Бақыттың мекен-жайын жол қыламын,

Арманды айдыныма қондырамын.

... Ерке құс, қайталашы ертегінің

Жететін арманына...

Соңғы жағын!..

ЖАСИДЫ ТЕК ГҮЛ БІТКЕН

Сәл күте тұр – мәңгілікке айналам,

Жалыққанмын мына жебір тірліктен.

Мойытпайды мені сосын қайғы-алаң,

Жасиды тек гүл біткен.

Суалғанда сарқыраған кенерем,

Сексеуілдер сыбырласар түздегі.

Шашын жайып жылары анық тек өлең,

Ескен кезде күз лебі.

Аспан сол күн түсері анық айналып,

Қазбауыр бұлт шөккен кезде жерге кеп.

Жәдігөйлер сала берер жайланып,

Қабірімнен берген кезде мен дерек.

Жылап аққан өзендері даланың,

Кемерінен асып кетер осы күн.

Аждаһа-уақыт ашқан кезде аранын,

Қатады анық көркеуделер қосып үн.

Өтінемін, тілегім бар сұрайтын:

Жылар болса риза емеспін, кімде-кім.

...Ақ қағазға жасын төгіп жылайтын,

Қаламымды аяп кетем – шын жетім...

ҚАРА ГҮЛ

Түсінгенге – тағдырында,

Көз жасындай нала жүр.

Шалықтырар жанды мұңға,

Қырда өсетін қара гүл.

Жауыздықты бақ көреді,

Жия алмаған жұрт есін.

Пейілі оның ақ гүл еді,

Жасын қалай сүртесің?

Қара гүлді аялайтын,

Пенделер аз тірлікте.

Таптайтұғын, аямайтын,

Көз орнында бір нүкте.

(Көңілдерден күй ақтарып,

Сен де ғұмыр кештің бе?).

Өзге гүлдер сияқтанып,

Сыйланбады ешкімге.

Гүл жылады, гүл жылады,

Баса алмастан солығын.

Тұнық аспан тұнжырады,

Көріп көңіл қорымын.

Кім ұғады, кім ұғады,

Айтыла ма жан сыры?

Ақын байғұс құмығады,

Гүлден көріп тамшыны...

Тағдырында – қара таңба,

Қырқада өскен қара гүл.

Алдым оны алақанға,

Күткені оның - дара өмір.

Түсінгенге – тағдырында,

Көз жасындай нала жүр.

Шалықтырар жанды мұңға,

Қырда өсетін қара гүл...

М. ЖҰМАБАЕВТЫҢ «ЖҮСІП ХАН»

ДАСТАНЫН ОҚЫҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ

Жаратқаным!

Берші маған – мүмкіндік,

Құдірет бер бір күндік.

Сонда бұлттан ашар едім аспанды,

Састырар ем асып, сосын тасқанды.

Қара ойлардың ағартар ем түстерін,

Қорқаулардың қағар едім тістерін.

Ақ түстерге ғұмыр сыйлап мәңгілік,

Теріс ойды жіберер ем жандырып.

Адалдарды шың басына шығарам,

Арамдарды азаптауды құп алам!

Ізгілікті оздырамын төріме,

Қатыгезді айдап салам көріне.

Жақсылардың сылып алам қайғысын,

Еңбегіне орнатамын сай мүсін.

Жамандардың жай ойнатам басына,

Таяп қойып барлық сорды қасына.

Шаттығына куә болып шартарап,

Әділдік бір құрар сонда – салтанат.

Жаратқаным!

Берші маған – мүмкіндік,

Сыйла маған құдіретті бір күндік!..

Жаратқаным!..

ЖАПЫРАҚТЫҢ ЖАНАЗАСЫ

Арқа жаққа қыс келіп,

Қатыгездік төріме озды тістеніп.

Өз мезгілі теуіп кетіп өзекке,

Күз жатқандай түс көріп.

Кездеспесе кездеспесін көп арай,

Сізге менің айтатыным жоқ, ағай.

... Тек ана ағаш қалың қарды көтермей,

Морт сыныпты.

Обал-ай!

Ал, жапырақ ажал қысып ақылын,

Дем алады баяу ғана, ақырын.

Жапыраққа жаназа-жыр оқуға,

Барар емес батылым.

Бойымда еді мәрттігіңнің дәнегі,

Есігіңіз ашық па екен, ар елі?

Бір-ақ түнде үсік шалып өлердей,

Жапырақтың не жазығы бар еді?..

Нәзіктігім түскен кезде талауға,

Айналады жаным менің алауға.

... Дәтім менің жетер емес, құдай-ау,

Жапырақтың жанарына қарауға...

Тағдыр шіркін тартады кеп түнекке,

Тіршілікте жеткен кім бар тілекке?

Дегенменен... жердегі анау жапырақ,

Ұқсайды екен жүрекке...

ЖАС АҚЫНҒА...

Көрмек болып дүниенің дауылын,

Таңдадың ба, ұлы өнердің ауырын?

Ақындықтың жолын таңдап тайқылау,

Арманына қадам басқан бауырым!

Ақиқаттың жаға білген алауын,

Құлатпайды қасиеттің жалауын.

Сені алысқа апарады әрдайым,

Адалдықты жанға жақын санауың.

Мекен етіп келеді оған ар әлі,

Қашаннан-ақ жүрегі оның жаралы.

Өзгелердің бақыты үшін ақындар,

Өз бақытын құрбандыққа шалады.

Түңілдің бе, тұрлаусыздың ісінен?

Жан бауырым!

Жағдайыңды түсінем.

Бақыттылар тізімі, әне!

Есімің

Табылмайды ол тізімнің ішінен.

Шың басына шырағыңды жаққасын,

Мұң-керуен саған бұрар ат басын.

... Қағып тұрған кім болды тағы да,

Сезіміңнің қақпасын?

Ақынынан үміт күтер ұлы елім,

Жанарыңда бір ұшқын бар – білерім.

Ақиқаттың дара шыңы басында,

Орының бар.

Соған жеткін – тілегім!..

ӨКІНІШТІ!

Арманға сене алмай жүретініміз,

Өп-өтірік күлетініміз,

Пайданы ғана білетініміз –

ӨКІНІШТІ!

Жақсылық жасауға асықпайтынымыз,

Тектілікті төгіп, қасықтайтынымыз,

Жамандықты жасытпайтынымыз –

ӨКІНІШТІ!

Жақсы адамдарды көрмейтініміз,

Ізгілікке сәлем бермейтініміз,

Мейірімге әр кез шөлдейтініміз –

ӨКІНІШТІ!

Ақылдының сөзін алмайтынымыз,

Батагөй қарияға бармайтынымыз,

Күлтөбедегі жиыннан қалмайтынымыз –

ӨКІНІШТІ!

Басқаны балақтан қабатынымыз,

Болашаққа балта шабатынымыз,

Пейілден бәрін табатынымыз –

ӨКІНІШТІ!

Ана тілімізді ұмытқанымыз,

Көзді шел басып, құныққанымыз,

Рухты көкке ұлытқанымыз –

ӨКІНІШТІ!

ӨКІНІШТІ!!!

СОҚЫР ГИТАРАШЫ

Күні өтсе де арман толы, үмітті,

Көңілінен қуып шыққан күдікті.

Екі көзі су қараңғы, көрмейтін,

Күнде көрем гитарашы жігітті.

Төгіледі гитарадан мұңлы әуен,

Күндер өтті мұңлы әуенді тыңдаумен.

«Сен де кешкен мына тірлік – бір дәурен,

Мен де кешкен бір дәурен...».

Өтіп жатқан толассыз ел

Ән-жырға

Риза болып тиын тастар қалбырға.

Соқыр жігіт қалықтаған әнімен,

Тас атады тағдырға.

Кешіріпті көп иттердің үргенін,

Кешігіпті бақытынан – білгенім.

Осы жанның қайғырғанын көрмедім,

Осы жанның көрген жоқпын күлгенін.

Қасиетін осы жанның білгейсің,

Бай, кедей ме?

Оның үшін – бірдейсің.

Сырын оның көрмесең де көзінен,

Жырын оның жанға тоқып жүргейсің.

Текті жанды тануға да бұл бір сеп,

Қандай ғажап – асылдарды шын білсек!

... Гитарашы көрінбейді соңғы кез,

Орнында оның...

Кәуап сатқан дүңгіршек...

ТАУМЕН СЫРЛАСУ

Таулар!

Биіксің, сосын пайымды,

Өзіңе айтам жайымды.

Шерімді шаһар ұқпады,

Жимады тіпті айылды.

Қанатым бар ед күмістен,

Топшымнан мені қайырды.

Жақсымен таппай жарасым,

Тырнаған жанның жарасын,

Асқақпын дейді біреулер,

Алалық жайлап санасын.

... Бала отыр, ақ пен қараның

Айыра алмай арасын.

Халықтың қамы жай қалып,

Қонғандай «көкем» айға анық.

Биікке шыққан біреудің,

Жүргендей басы айналып...

Өркениеттің ғасыры,

Барады бізді қайда алып?..

Аяққа басқан алыпты,

Талайлар естен таныпты.

(Болам деп сендей тым биік,

Аласарғаны анық-ты).

Жалығып басын шұлғудан,

Қарағай-елің қамықты.

Сырбаздық тұнған – салтыңда,

Бергісіз тұлғаң алтынға.

Бұлттарға айтып сырыңды,

Тұрасың маңғаз қалпыңда.

... Етекте, анау төменде,

Түсуде әлі ар сынға...

ӨЛЕ СҮЙЕМ МЕН ӨЗІҢДІ, ӨМІРІМ!...

Тәңірім!

Екі болып көрді ме екен әмірің?

Махаббаттың мазағына ұшырап,

Қасыреттің илеп жүрмін қамырын.

Жолын тостым жақсылықтай жаршының,

О, адамдар!

Осы менің – бар шыным.

Мұңмен егіз тусам керек мен, тегі,

Шаттық маған шашып кетті шалшығын.

Тағдырыммен мені күтіп тұр егес,

Көз алдымда – сағымдайын бір елес.

Сені аңсаумен қарайлаймын артыма,

Күндерім-ай, күлегеш.

... Адалдыққа құшақ болып – жайғаным,

Бірақ мен де тура жолдан таймадым.

Қара өлеңмен салып қалдым қарына,

Қалқығанды, қасиеттің қаймағын.

Келер күннен тосын сыйды тос ерен,

Түбінде бір көгерер-ау көсегең.

Бір сыр айтам, егер маған сенсеңіз,

Жанарымды сүрткен менің осы өлең!

Бермесең де тәкаппардың көңілін,

Өршілдіктің кезем ұдай өңірін.

... Өзегіме жабыса бер, өзің біл,

Өле сүйем мен өзіңді, өмірім!..

ҚОШ БОЛ...

Қош бол, қыр, бетегелі,

Мені өлең тым алысқа жетеледі.

Ұлытау!

Бағым ерен,

Қош болғын, сағынғанда тағы келем.

Қош болғын, ерке өзенім,

Сағыныш сырларының шерт еренін.

Ақ қайың!

Мұңаймашы,

Оралам, бітсе өмірдің сын – айласы.

Беткейлер, бүлдіргенді,

Жазбапты тағдыр бізге бір жүргенді.

Аман бол, жазық далам,

Ол жаққа сен жайлы жыр жазып барам.

Бастауы сен едің ғой – даналықтың,

Қош, ауыл, бал бесігі – балалықтың.

... Мен кеткем осылайша ауыл жақтан,

Тірлікке неге асықтым дауылдатқан?

...Жүргенде жүрегімнен мұң арылмай,

Өлеңім...

Туған жердің тұмарындай.

Сипайды сор баттасқан маңдайымнан,

Егізім, тағдырласым, сыңарым-ай!..

ҚҰС ТІЛІМЕН ХАТ ЖАЗАМЫН БАУЫРҒА...

Ізгіліктің құдіреті зор дәйім,

Үйіме кір, жаным салып қорғайын.

Басқа құстар жылы жаққа кетті ұшып,

Сен неліктен қалып қойдың, торғайым?

Мейірімін тірлігіңе ем көре,

Сенгенің бе, екі аяқты пендеге?

Шатыр астын мекен еттің бір өзің,

Жылы жаққа кетпей қалдың сен неге?

Құс – адамның досы еді ғой, қорғаймын,

Бұйығасың.

Бар ма еді әлде зор қайғың?

Тереземді айқара ашам, төрлет, кел,

... Бақ шығарсың, кейпіне енген торғайдың?..

Таң атады.

Күн батады.

Сабылыс,

Келді, міне, ақ қылышты тағы қыс.

Бұл әлемде сенде ғана қалған-ау,

Қимастық пен сағыныш...

Кеткің келді, сен де өзіңді қинадың,

Білем, білем.

Туған жерді қимадың.

... Кей адамға дарытса ғой, шіркін-ай,

Осы құстың санасына жиғанын.

Жұдырықтай кейпіңменен ауырға

Қайыспадың,

Қар мен мұзға, дауылға.

... Құс тілімен хат жазамын күні ертең,

Туған жерін сағынбайтын бауырға...

АЙТЫЛМАҒАН СЫРЫМ ҚАЛДЫ...

Ұйқымды түн ұрлады,

Шаттығымды мұң ұрлады.

Жазымды қыс ұрлады,

Назымды сұс ұрлады.

Биігімді аласа ұрлады,

Мамырымды қараша ұрлады.

Қара түс ағымды ұрлады,

Баукеспе бағымды ұрлады.

Қайғы кеп қуанышымды ұрлады,

Тағдырым жұбанышымды ұрлады.

Тексіздер тереңдігімді ұрлады,

Бетсіздер ерендігімді ұрлады.

Әлгі жан...

Махаббатымды ұрлады,

Шерлі әлем шапағатын да ұрлады.

-Не қалды деймісің?

-Жанымда жырым қалды,

Айтылмаған сырым қалды...

Тыңдаймысың?..

ПАРАЛЛЕЛИЗМ

Алма бірақ үмітіңді босқа үзіп,

Өмір деген – түйіспейтін қос сызық.

Жақсылықтың жаны неге жаралы?

Жамандық та қатар шауып барады.

Ататыны бір-біріне жай тасы,

Күн мен түннің бітіспей тұр шайқасы.

Айтайын ба, у секілді нала-сыр,

Аққа келіп жағылады қара сыр.

Қалай атсын қасиеттің бақ-күні,

Ащы келіп бұзып жатыр тәттіні.

Биіктігім...

Қашаннан-ақ жаралы,

Аласа кеп аяғынан шалады.

Мейірімнің сыңғырласа алқасы,

Қатыгездің қайралады балтасы.

Шаттығым-ай!

Үзілдің-ау сағадан,

Қуанышты қайғы алады жағадан.

...Темір жолдың секілденген табаны,

Біздің бақыт қос жолменен барады.

...Беймәлімдеу оңымыз бен солымыз,

Түйісе ме, екеуміздің жолымыз?..

СЕН БОЛШЫ ҚАСЫМДА!..

Мен оянғанда,

Әлем ғажап сәулеге боянғанда,

Жан-әлемім бір сәтке жасын сүртіп,

Мендік көңіл шаттыққа тоя алғанда,

СЕН БОЛШЫ ҚАСЫМДА!..

Мен қуанғанда,

Қолыма құламайтын ту алғанда,

Уақыттың жалына бір жармасып ап,

Бақыттың бағын қайта суарғанда,

СЕН БОЛШЫ ҚАСЫМДА!..

Мен күлген кезде,

Қуаныш қырын кезіп жүрген кезде,

Көңілдің азап-мұңын серпіп өтіп,

Өмірдің ғажаптығын білген кезде,

СЕН БОЛШЫ ҚАСЫМДА!..

... Мен мұңайғанда,

Көңілім қалған кезде күн-айдан да,

Мына әлем айырылып ақыл-естен,

Мына әлем айрылғанда шырайдан да,

СЕН БОЛШЫ ҚАСЫМДА!..

Мен... іздегенде,

Қайрылмай кетіп қалмай күз-кемеңде,

Тастамай уысына жалғыздықтың,

Жанымды көп жауратпай сыз дегенге,

СЕН БОЛШЫ ҚАСЫМДА!..

СОЛ СӘТТЕ МЕН БАҚЫТПЕН

ТҮЙІСКЕН ЕМ

Телефоның сөнулі, үн қатпайды,

Мазалайды мені бір жұмбақ қайғы.

Сөнбеді ме сезімің маған деген?

Көгершіндей...

Жем іздеп саған келгем.

Маңдайымнан сен едің иіскеген,

Сол сәтте мен бақытпен түйіскен ем.

Жанарыңнан нұр көргем, шуақ көргем,

Өзің ғана жаныма қуат берген.

«Жаным» дедің аймалап, баяу ғана,

Көңілдегі еттің сен қаяуды ада...

Еркелеттің.

Тағы да еркелеттің,

Жазғы аспанын жанымның көркем еттің.

Ерінімнен ақырын өпкеніңде,

Қайта оралғам он сегіз көктеміме.

...Көңіл бөлмей байлықтың түйіріне,

Пейіліңе шөлдедім, мейіріңе.

Сөндірулі телефон өкінерім,

Тез оралшы, тек сенен өтінерім!

Талай төзген тіршілік дауылына,

Алшы мені құшаққа, бауырыңа!..

ҒҰМЫРЫМДЫ ҚЫЛАР ЕДІМ АЙЫРБАС

Жаным менің!

Сезгенімде дертіңді,

Қасірет кеп байлап алды еркімді.

Музам менің әкелді де мөлдір мұң,

Шемен – шерім өлең болып шертілді.

Тоқмейілге төр ұсынған тіршілік,

Екеумізге сала берді қырсығып.

...Көргенімде солғын тартқан жүзіңді,

Жаным қалды түршігіп.

Төзімімнің терезесін сындырып,

Жүрегіме кеткендейін мұң кіріп.

Күміс күлкім күңіренді, күрсінді,

Ал, шаттығым жібергені шыңғырып.

Жаратқаным, тебем десең – дайын бас,

Тағдырым – ай!

Азаптаудан тайынбас.

...Жаным, сенің жалғыз сәттік күлкіңе,

Ғұмырымды қылар едім айырбас.

Тағдыр – осы, мызғымайтын тас қамал,

Уа, дәрігер, дертке бар ма басқа амал?

Асылымның қиналғанын көргенде,

Жанарымнан жылжып ағып жас тамар.

...Оралайын өзің жайлы жайтқа мың:

Жаным менің!

Не тілейсің?

Айт бәрін!

...Құс кеп жатқан көктем еді бұл мезгіл,

Бақыт құсы, жөн болмайды қайтқаның!

Келер күннен күтем ізгі мен дерек,

Шаттық әні, қала көрме кенжелеп.

...Жаным менен жүрегімнің бөлшегі,

Айта көрме «енді маған келме» деп...

Жаным менің, жатырсың – ау қинала,

Сен жазылсаң – болмас маған сый дара.

...Асылыма шипаңды бер, шипаңды,

Жаратқаным!

Лә иллаһи илаллаһ!..

БІЗ ЕКЕУМІЗ

Мына-өмір күліп оған миықтан,

Қара түн кеп басты тағы иықтан.

Жігіт отыр, жанарынан жасы ағып,

Шыға алмады тағдыр салған тұйықтан.

Бірақ ол – сен емес!..

Солдырды ма, өмірінің өкпегі?

Өзегіне өрт боп түскен - өткені,

Ару отыр, терезеге телміріп,

Сағындырып сол бір шақтың көктемі.

Бірақ ол – мен емес!..

Жүруші еді арқаланып, жалданып,

Махаббаттың мазағына қалды анық.

Жігіт отыр, жараланған жүрегі,

Екі жүзді тіршілікке ... таң қалып.

Бірақ ол – сен емес!..

Қайраңдатар қуаныштың кемесін,

Қасіреттің болжамы осы неге шын?

Ару отыр, сағыныштан сарғайған,

Сол бір жанның әлі іздейді елесін.

Бірақ ол – мен емес!..

Алғы күннен тұрғаннан соң тосып ар,

Сыннан өтіп, сағынышпен қосылар.

Ғашықтар бар мына ғажап ғаламда,

Біз екеуміз – осылар!..

Біз екеуміз – осылар!..

ДИАЛОГ

- Байқағаным – күрсіндің.

- Бұл өмірді қасіретпен бір сүрдім.

Өткендерін есіне алып өкситін,

Махаббаттың жолындағы қыршынмын.

- Қуанасың аз неге?

- Менен алыс кеткен қазір жаз-кеме.

Жанымыздың жауқазыны секілді,

Өткен күннен қалған жүрмін сазды өре...

- Серігің бе – үнсіздік?

- Жаратпаған құдай мені мұңсыз ғып.

Маңдайыма жазылғаны тағдырдан –

Махаббатқа қырсыздық.

- Маңдайыңда іздері бар сан жылдың,

Теперішті көп көрдің бе, жан құрбым?

Көзіңде – жас, айтшы, неге жылайсың?

- Жас емес ол.

Тамшысы да – жаңбырдың...

ОҚЫ, МЕНІҢ КӨЗІМНЕН…

Ер ең ғой, еңкеймейтін, байтақ-ерен,

Мен саған бәрін қалай айта берем?

Сен-дағы сырымды ұқсаң айтқызбай-ақ,

Мен-дағы жай табар ем.

Тіккен соң зеңгір көкке ай шатырын,

Самал жел алды бір сәт қайта тыным.

Аспанның жұлдыздары аз болады,

Көп жердің құмынан да – айтатыным.

Сен жүрген жолмен келем, сырымды ар ғып,

Санама салады әр кез ұғымдар жүк.

Сен жоқта басады да иығымнан,

Сен келсең қашып кетед мұңым барлық.

Ілігіп жүргеніңмен сан күдікке,

Өзіңсіз арайлаған таң күліп пе?

Махаббат мекенінің тұтқынымын,

Жазамның мерзімі ме?

- Мәңгілікке!

Сезімнің сеңгірлерін сағалаған,

Айтарың бар ма маған, адал адам?

... Тәңірім бұлт бүркенген бұл пендесін,

Ақын ғып...

Ғашық қылып жазалаған!

Шабақтап, еңкіш тартқан ез ұғымды,

Жанымның солықтаған кезі мұңды.

... Көзімнен оқысаңыз болар еді,

Сөзіме сыймай қалған сезімімді...

МЕН БАРМЫН ҒОЙ!...

Санамалап сезімдердің түр-түсін,

Жабығумен күте көрме, жыл құсын,

Керек етпе, өзгелердің күлкісін -

Мен бармын ғой!

Бұйдаланбай бойды буған ерікке,

Көрінгеннің келбетіне елікпе.

Ұқсайтұғын ерке мінез елікке -

Мен бармын ғой!

Көздеріне көп қараумен өзгенің,

Күн өткізбе.

Ұялатпа көзге мұң.

Өзің жақтан алатұғын өз демін -

Мен бармын ғой!

Тамылжыса арайлаған таңдағы ән,

Сағыныш боп саған қарай самғаған,

Бар ғұмырын бір өзіңе арнаған -

Мен бармын ғой!

Арбалып қап адастырар арманға,

Не дей алам, қара басы қалғанға?

... Сені ғана сүйетұғын жалғанда -

Мен бармын ғой!..

«ҰМЫТПА» ДЕП АЙТА АЛМАДЫМ МЕН НЕГЕ?..

«Қош» - дедім мен.
Кеттім сосын егіліп,
«Жалған» атты бораздаға жегіліп.

(Өзің едің өмірдегі ар-мекен,
Мұны айтуға қалай аузым барды екен?..)

«Бақытты бол» - дедім сосын тістеніп,
Әлдеқайдан өн-бойыма күш келіп.

(Бақытты едік бірімізбен-біріміз,
Не болады, жаным, енді күніміз?...)

«Аман жүрші» - дедім тағы күбірлеп,
Көңілімді қимастықтың мұңы үрлеп.

(Амандығың – көңілімнің желкені,
...Не болады мұңлықтардың ертеңі?..)

«Теңіңді тап, - дедім сосын – тірліктен»,
Осы ма еді біздер көптен күн күткен?

(Тең едік біз, кеттік неге ажырап?
Өткен күнге көз салайық азырақ...)

Кейде айтарын ұмытады пенде де,
«Ұмытпа» - деп айта алмадым мен неге?..

МЕН СЕНІ КЕШІРЕМІН

Мен сені кешіремін,

Жанымның таппасаң да есіл емін.

Күзбенен қатар келіп күрсіндірер,

Түспесін бұдан кейін есіңе мұң.

Ұмытшы өткендерді,

Есіңе ал, гүлін терген көктемдерді.

Шаттықтың шағаласын ұшырайын,

Куә ғып бақытыма көк пен жерді.

Ұмытшы, бәрін,бәрін,

(Онсыз да жабырқаулы жарым жаным).

Біз осы біраз жайды жаздық, білем,

Тағдырдың дәптеріне қалың-қалың.

Кел, жаным, қуанайық,

Баладай, бар бақытқа уанайық.

Кешірім...

Керек пе екен қажеті оның,

Махаббат тұрған жерде, тұра ма айып?!

Екеуміз – ерте тұрып, кешке күлген,

Жұпарды сезіп тұрмын десте гүлден.

Қайық тұр, арман-теңіз жағасында,

... Сен енді айырылма ескегіңнен.

ҒАШЫҚ ЕКЕНМІН...

Сағынып сені жүрмін мен,

Ой мені мұңға жегеді.

Жарасын жанның білдім мен,

Себебі мынау, себебі -

Ғашық екенмін!..

Түсімде көрем мен сені,

Өзіңе ғана бас ұрам.

Сенімен арман – еңселі.

...Сырымның несін жасырам-

Ғашық екенмін!..

Тербелген самал желменен,

Сырымды ұқшы, тал-қайың.

Жай таба алмай сенделгем.

... Себебін саған айтайын-

Ғашық екенмін!..

Мұңлықтың күнін кештім мен,

Айрылып бұл күн төзімнен.

Емеурін күтпей ешкімнен,

Жайымды ұқшы көзімнен-

Ғашық екенмін!..

Аққулар жүзген жайменен,

Айдынды сүйгем жасымнан.

Жайымды демен, сайлы ерен,

Сырымды сенен жасырман-

Ғашық екенмін!..

Құдірет бардай бір сенде,

Асылым!

Таудай еңселі.

Жанымда менің жүрсең де,

Сағына берем мен сені.

Себебі – Ғашық екенмін!..

МАХАББАТ МҰҢЫН ІШТІМ...

Арман-ай!

Тәттісімен қызықтырған,

Жалған-ай!

Жолымды әр кез үзіп тұрған.

Көктемім маңдайымнан сипағанда,

Өткенім өкініштен сыз ұқтырған.

Көктемім өткеніммен сайысты ма,

Сол кезде сезімімнен жай ұшты ма?

Кінәмшіл жанға қашан жағамын деп,

Шаттықтың қабырғасы қайысты ма?

Жанымнан қашқаннан соң жырақ бағым,

Әйтеуір таусылмады сұрақтарым.

Шынысын шыдамымның шытынатып,

Тағдырым дайындауда сынақтарын.

Шын ғашық бар сынаққа төзеді ерен,

Махаббат мұңын іштім көземенен.

Адами аралдардан алыс жатқан,

Осында алып келген өзі еді өлең...

Таусылмай осы менен алашағы,

Қағып тұр тереземді нала, тағы.

Күн сайын меніменен бір күрсініп,

Ай ғана баяу жүзіп баратады...

СЕНІҢ КҮЛКІҢ

Иығымнан жүк түсірген жүз батпан,

Көз жасымды құрғатқан.

Сәлем алып келген маған нұр-бақтан –

СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Арманыма ақ қанатын қақтырған,

Тылсым сырлы бір сезімге тап қылған,

Үмітімнің шырағданын жақтырған –

СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Қабағыма тұрған сәтте мұң қатып,

Тұңғиыққа баратқанда шым батып,

Табындырған, бір сәт қана тыңдатып –

СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Ойға батып, үнсіз жүрген кезімде,

Жан бітірген мына сырлы сезімге,

Мені үйреткен қиындыққа төзуге –

СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

О, махаббат!

Бізге ғажап сый неткен?!

Қаталдықтың қақпасын кеп күйреткен,

Сор артында бақ тұрарын үйреткен –

СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Сен бар кезде гүлге оранар жер демде,

Сен болмасаң күй кешемін шерменде,

Күліп келші, жаным, маған келгенде!..

СЕНІҢ КҮЛКІҢ...

АСПАН ЖАҚҚА ЖАЗАМЫН ЕСІМІҢДІ!..

Іздемесең ғарышқа кетіп қалам,

Жұлдыз-үйдің төріне жетіп барам.

Сәуле болып көзіңе шағыламын,

Айдан алқа мойныма тағынамын.

Сезу үшін тұңғиық – ғажаптығын,

Көкті кезем, болған соң азаттығым.

Көктен сенің бейнеңді танып тұрып,

Жіберемін ақ қардай мамық – қылық.

Сағынышым жаныңды қозғасын тек,

Ақ жауынды, түсінші, көз жасым деп.

Жалау етіп жаныма бекемдікті,

Жай отымен соғамын мекерлікті.

Бағыт қылмай қан түсті құбыланы,

Көктен түскен қабыл ал шұғыланы.

Сезіміммен тек саған сыр ұқтырам,

Қара маған!

Күн болып күліп тұрам.

Айтшы, мендік сезімнің несі мұңды:

Аспан жаққа жазамын есіміңді!..

ТҰҢҒИЫҚ КӨЗІМДЕ...

Сезімімді бағаламағаныңды,

Махаббатымды табалағаныңды,

Өзіңнен көр.

Сені шексіз сүйетіндігімді,

Сен үшін отқа күйетіндігімді,

Көзімнен көр.

Мені мұңға батырғаныңды,

Шарасыздықты шақырғаныңды,

Өзіңнен көр.

Бақытыма сені балағанымды,

Шұғыла болып тарағанымды,

Көзімнен көр.

Биік деуші едім, аласалығыңды,

Кеудеңе толған нала-сарынды,

Өзіңнен көр.

Тұңғиық сынды тереңдігімді,

Сезімге берік ерендігімді,

Көзімнен көр.

Жанымның шамын сөндіргеніңді,

Төбемнен түнек төндіргеніңді,

Өзіңнен көр.

Сені мәңгіге кешіретіндігімді,

Жібек самалдай есілетіндігімді,

Көзімнен көр...

Көзімнен көр!..

КӨКТЕМ ЕКЕН...

Көңілшектеу көк аспан,

Жасын төкті тағы да-

Бағытынан адасқан,

Жете алмаған бағына.

Жер сабырлы қалпында,

Басу айтты аспанға.

Күн күледі алтындай,

Жылу есіп тастан да.

Жасын сүртті жылы жел,

Көңілшектеу аспанның.

Тұңғиықтың жыры – көл,

Толқынды би бастады.

Тұр, тағдыр-жел өтіне,

Қажет емес қайта есеп.

... Шықты жердің бетіне,

Қарды жарып бәйшешек.

Қайта оралды көңілге,

Құстарменен, текті арман.

... Шаттық болып төгілген,

Көктем екен, кеп қалған...

ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Жамырады ақшам да,

Ай тағыпты алқасын.

Түн жазатын дастанға,

Жер тосады арқасын.

Талайға түн болды бақ,

Табыс тауып тұрды үміт.

... Темекісін сорғылап,

Тыпыршиды бір жігіт.

Қараңғыға қадалып,

Қарайды өзі тесіле.

Қара түннен шам алып,

Іздеп жүр ме несібе?

Салмақ салып жүрекке,

Жүрген жан-ау сыр бүгіп...

Телмірердей түнекке,

Не жоғалтты бұл жігіт?

Күйге еніпті мазасыз,

Айрылыпты сабырдан.

Қалмаған жан жазасыз,

Қандай айып тағылған?

Бақыт барда – деп түйгем,

Алыс қашар күрсіну.

... Шыға келді шеткі үйден,

Сылаң қағып бір сұлу...

ҚОҢЫРАУ ШАЛ

Кетсең-дағы жыраққа,

Сенің үнің келе берер құлаққа.

Ұмытқым кеп, алдап көрдім өзімді,

Болмады олай бірақ та.

Мен өзіңсіз баса алмаймын алшаңдай,

Бір өзіңе кім қойды екен арқандай?

Тәңірімдей табындырып тұратын,

Осы сенің қасиетің бар қандай?

Көзін байлап «бақыт» деген киенің,

Сезімдердің салып қойдың тиегін.

Мен өзіңді, білесің бе, жек көрем,

Мен өзіңді сүйемін ғой.

Сүйемін!

Бір махаббат, келіп кеткен асығыс,

Көңілім-ай, жасығыш!

Түнгі бардың болсаң егер қонағы,

Шарап емес, жанарымның жасын іш.

Пенжак киіп пенделік,

Көше кезіп жүрсің бе, әлі, сенделіп?

Аспан жақтан секілденіп атқан оқ,

Жұлдыз ақса, оны-дағы мен деп ұқ.

Салып мені сынаққа,

Бағыт алдың қиырларға, жыраққа.

Жүрегімнің жолыменен жүрмесең,

Кете бергін.

Қоңырау шал бірақ та...

ӨШІП ҚАЛДЫ АСТАНАНЫҢ ШАМДАРЫ...

Осы ма еді тірліктегі «сый» маған,

Тағдырым-ай!

Айылын еш жимаған.

Жақындасың – созсам қолым жететін,

Бірақ...

Саған қолым жетпей қиналам.

Күнін кешіп жүрсем-дағы арлының,

Неге, құдай, мен бақытқа жарлымын?

Өзгелерге өмір беріп өзгеше,

Махаббаттың маған арттың бар мұңын.

Шамырқансам – кешір мені, шартарап,

Жүрмін әлі мұңның жүгін арқалап.

Саған, жаным, жеткен кезде

Тосын күш

Жігерімді жібереді жаңқалап.

Өзегіме өртін құйған өмірім,

Табаныма тосып тұрған шөгірін.

Жанарымнан жас тамады, еріксіз,

Қан жылайды көңілім.

Жылындырған жанымды әр кез жыр-демі,

Бақыт!

Менен салдың ба аулақ іргені?

Жалғыз ғана сүйгеніме әлемде,

Өкінішті – қолым жетпей жүргені.

Ғашықтарға ғаламат боп жеткен сыз,

Білем, білем.

Мендік ғұмыр – көктемсіз.

Көз жасыммен хат жазайын, тыңдашы,

- Жүре алмаймын тек сенсіз.

Айналайын, арманымның аңғары,

Қатал ма, әлі, махаббаттың заңдары?

... Бөлісіп ем, көтере алмай қайғымды,

Өшіп қалды бұл қаланың шамдары?..

МАХАББАТ, МЕН САҒАН ҚАРЫЗДАРМЫН!

Біреуге ғашық қылғаның үшін,

Арманға асықтырғаның үшін,

Теңіздей тасып тұрғаның үшін-

Махаббат!

Мен саған қарыздармын!..

Тұңғиық сезімге батырғаның үшін,

Таңдарды ұйқысыз атырғаным үшін,

Айықпас мұңға шатылғаным үшін -

Махаббат!

Мен саған қарыздармын!..

Күттіріп мені, сағындырғаның үшін,

Бейнеңе мәңгі табындырғаның үшін,

Беймаза күйге бағындырғаның үшін –

Махаббат!

Мен саған қарыздармын!..

Шаттық боп маған келгенің үшін,

Қуаныш кілтін бергенің үшін,

Ертеңгі күнге сенгенім үшін –

Махаббат!

Мен саған қарыздармын!..

Кей кезде мені жылатқаның үшін,

Жауаптары жоқ сұрақтарың үшін,

Дегенмен...

Мені ұнатқаның үшін –

Махаббат!

Мен саған қарыздармын!..

Мұңға батқан... бұрымды...

Табиғаттан жанға таптым миятты,

Табиғатпен жаным егіз сияқты.

Өміріммен өзектессің, көк пен жер!

... Көңілімнен өзен болып күй ақты.

Тырс-тырс тамған сырын ұғын тамшының,

Тылсымына ұялатқан бал шырын.

Пенделіктің сыпырайық ноқтасын,

Бұл ғұмырда, сабындай-ақ қамшының.

Сатыр-сұтыр найзағайдай - әлемім,

Жанымды ұғар неткен ғажап жан едің?!

Аппақ жүзім кеткен шығар алаулап,

... Қара өлеңнің бойындағы қаны едім.

Мына аспанның күрсіністей күркірін,

Мен деп ойла, сен деп шыққан шыр-пыры.

Естіле ме?

Құлағыңды түріп көр,

Жанарымнан тамған жастың сыртылы.

Көк аспанның құйып алған тұнығын,

Жалт-жұлт еткен жанарымнан сыр ұғын.

Өткенімді жұбатам да жырыммен,

Келешектің тарап қоям тұлымын.

Желп-желп еткен жанымдағы жалауым,

Айлы түнде ардың жаққан алауын.

Құбылаға көзім талған қараумен,

Құдайым-ау!

Қайда жүрдің, қалауым?!

Сылдыр-сылдыр аққан бұлақ – жылғадан,

Бақыт тілеп баратқандай бір маған.

Бақыт, маған қайта айналып келдің бе,

Уайымсыз күндерімді ұрлаған?

Бұрқ-сарқ еткен тау өзені, бақ тіле,

...Бұл өмірде махаббаттан тәтті не?

Уақытқа қол қойдырды сабырым,

Өткен өмір - өкінішті актіге.

Гу-гу еткен жел де ұғады сырымды,

Жаным менің!

Саған айттым сырымды.

... Маған ұқсап кеткені анық кешегі,

Әне бір қыз...

Мұңға батқан... бұрымды...

СЕН БАРДА ...

Сен барда, жарық айым,

Тірлікте не нәрседен тарығайын?

Сен барда, жарық күнім,

Таяна алмас маған табыт-мұңың.

Сен барда, биік таулар,

Қадамды тұсай алмас тұйықтаулар.

Сен барда, терең көлім,

Келеді қашаннан-ақ ерен болғым.

Сен барда, биік аспан,

Көңілдің болар әр кез күйі – дастан.

Сен барда, дархан далам,

Торысын іштарлықтың арқандағам.

Сен барда, найзағайым,

Қадалам көркеудеге найзадайын.

Сен барда, нөсер ерен,

Басынан парықсыздың төпелер ем.

... Сен барда, армандарым,

Қурамас қыр астында қалған бағым.

Сен барда, жаным менің,

Жырымның тауыса алман лағыл-кенін.

Сен барда, өзің барда,

Жеңдіріп келем әр кез сезімді арға.

Жанымның тартып көр де жеребесін,

Қақшы кеп, махаббаттың терезесін.

Ұлытауда-сезімдер де ұлы екен!..

Махаббаттың маздап жанып шырағы,

Сезімдерге ерік бермей ғашықтық.

Біздер үшін-биіктіктің тұрағы,

Қол ұстасып, тау басына асықтық.

Көңілімнің көбелегін аулаған,

Сиқырлы бір сезім бардай үніңде.

Жанымызды ұлы сезім баураған,

Ұлытаудың сол бір айлы түнінде.

Тау басында-армандардың ақ туы,

Ақ сезімнің жария қып санатын.

...Менің үшін-махаббаттың аққуы,

Ұлытаудан қаққан еді қанатын.

Өшпестей боп жазылған-ды жүрекке,

Сол күндерді ән етемін, жыр етем.

Тіреу болған, арман менен тілекке,

Ұлытауда-сезімдер де ұлы екен!..

Құдайым-ау!

Бүгін бізді елеңіз,
Қоңыр күзде бақты кезіп келеміз.
... Сенің айтқан жылы сөзің – керемет,
Жанға салған өшірілмес терең із.

Сендер емес – сезімімнен тысқары,
Ән салыңдар, алтын бақтың құстары.
Бозторғайым, сенің салған әуенің
Боз таңдарда қаламымды ұштады.

Аяулым-ау!
Куә болсын мына бақ,
Мені құшқан мына бақта тұра қап,
Сүйем деші, айқайлашы сүйем деп,
Құлақ түрсын мына алап!

Сүйемін деп айқайлашы
Дауысың
Дүр сілкінтсін, манаураған тау ішін.
Құлақтансын күлгін түсті мына әлем,
Күн мен түннің аралығы – ауысым.

Жүрегіңді алшы, жаным, қолыңа,
Мен құрбанмын жалғыз сенің жолыңа.
Құшағымды ашамын да бағыма,
Қырын көзбен қарап тұрам сорыма!

Артымда қал – азабым,
Құс боп енді қанатымды қағамын.
Жаным менің!
Сүйем деген сөзіңді,
Алқа қылып мойыныма тағамын!..

Бар ма, айтатын тағы әнің?..

ҰШАҚ АҢДЫП, ТЕЛМІРДІМ АСПАН ЖАҚҚА

Келем дедің.

Содан бастап сен жаққа елеңдедім.

Бақытты өмір тағы да басталмақ па,

Ұшақ аңдып, телмірдім аспан жаққа.

Іздесеңіз табасыз мені бақтан,

...Қызыл көйлек – үстімде, сен ұнатқан.

Қарсы тұрдым қанша жыл қанша мұңға,

... Сен сыйлаған сол жүзік саусағымда.

Мойынымда - әдемі тасты алқам да,

Ас үйдегі жаюлы дастархан да.

Сені көрмей қалайша жай табамын,

Сүйем деген сөзіңді қайталадым.

Саған деген сезімім – табынысым,

Сары түске боялған сағынышым.

Жаным!

Жаным!

Мен сенің – құрбандығың,

Ұшқышқа айтшы, арттырсын жылдамдығын!..

БАҚЫТ СИЯҚТЫ...

Мән берместен сөзіме,

Кеттің тірлік солына.

Тамшы толды көзіме,

Жуа бітіп жолыма.

Аласарды аспаным,

Ай тұтылды тағы да.

Жазылмады дастаным,

Жырым қалды жабыға.

Жалған мені жасытты,

Жігерімді құм қылып.

Келген бақыт асықты,

Сағымды да сындырып.

Өксіп менің өткенім,

Шыдамымды тауысты.

Көңілдегі көктемім,

Қоңыр күзге ауысты.

Бермес бұған жан шыдас,

Самғасам да талмай шын.

Тасқа тамды тамшы жас,

...Тіршілік-ай, қандайсың?..

Тек...

Сенімен ғажап күн,

Көңілімнен күй ақты.

...Сенен көрген азаптың,

Өзі бақыт сияқты...

ТЕК ӨЗІҢНЕН БАСҚАНЫҢ

Қызмет пе?

Бар менде,

Кірі сынды қолымның.

Жан емеспін шерменде,

Бәрі жылтыр – жолымның.

Денсаулық па?

Ол да бар,

Шүкіршілік құдайға.

Жан емеспін жан бағар,

... Мұным қалай?

Ұнай ма?!

Ақша дейсің...

Табылар,

Мәселе емес ол-дағы.

Байлық саған ағылар,

Есеп білсең болғаны.

Жатсам – жайлы төсегім,

Көйлегім көк, тоқ қарын.

Қорқытпайды өсегің,

Үркітпейді ноқта-мұң.

Жан емеспін тарығар,

Тіршілікте қас-қағым.

Менде, ЖАНЫМ, бәрі бар,

Тек... ӨЗІҢНЕН басқаның!..

ДЖУЛЬЕТТАҒА ХАТ

Джульетта – сезімнің тәңірі,

Құсаңды сезіндім іштегі.

Тағдырдың кездейсоқ әмірі,

Сезімнен қалайша күшті едің?!

Кей кезде мұң толып көзіме,

Баз кешіп кетемін тірліктен.

Бекінем, бармақ боп өзіңе –

Көз қадап тұратын бір нүктем.

Салмақ сап жыр толы жүрекке,

Жанымның жабығыс-наласы.

Жетемін мен қашан тілекке,

... Қайдасың, Верона қаласы?!

Түске еніп, Джульетта, есімің,

Өзіңе бет алғам мен-дағы.

... Таппаған махаббат есігін,

Адасқан жанмын мен, кем – бағы.

Тірліктің сан тарау – жолдары,

Сені іздеп адастым.

Жыладым.

Оң келіп уақыттың толғағы,

Табам ба бақытты – сұрағым?

Джульетта – музасы сезімнің,

Өлместей жаныма гүл ектің.

Сан соқпақ адасқан кезімде,

Бағдары сен болдың жүректің.

Тұрмайды маған бас иіп күн,

Бет алған бағытым – ағыс кіл.

Дертінен айықсын сүйіктім,

...және оны менімен табыстыр.

Сен жақта екен ғой мекені,

Бақыттың ақ қанат құсының?

Өзіңе қай күні жетемін,

Арманға айналды-ау мүсінің.

Махаббат құшаққа қапсырар,

(Елестер сондай сәт көзіме).

...Үйіңнің сыртына жапсырар,

Хат жазып отырмын өзіңе...

ЕЛЕСІҢДІ ІЗДЕДІМ

Сездіргенмен сыз-демін,

Ойымды ұғар күз менің.

...Нөпір елдің ішінен,

Елесіңді іздедім.

Ақ түс сыйлап ақ таңым,

Сені іздеп ем – таппадым.

Тамып кетті көз жасым,

Қауызына мақтаның.

Жыр құятын тілге ерек,

Сен сыйлаған гүл бөлек.

Есенғали* ағамның,

Құстары, айтшы бір дерек...

Қуарғандай құрағым,

Суалғандай бұлағым.

Дерегіңді көктегі

Жұматайдан* сұрадым.

Көз жасы боп күндердің,

Оңашада мұңды емдім.

Табасың ғой іздесең,

Жырым болар – шын белгім.

Көзге ілмеп ем өзгені,

Мұны жаның сезбеді.

...Еніп келші, бейнеңе,

Алғаш көрген кездегі...

Есенғали*- ақын Есенғали Раушанов

Жұматайдан*- ақын Жұматай Жақыпбаев

СЕГІЗІНШІ НАУРЫЗДА

Ел қуанса-менде мұң,

Сатулыдай- күлгенім.

Парықсыздау пенденің,

Бірі ме едім?

Білмедім.

Сондай сәтте қысылып,

Өп-өтірік күлемін.

Жаным содан ұшынып,

Қысылады жүрегім.

-Адамдар ғой, ел сендей,

Артықпын ғой деп пе едің?

...Көңлім содан кемсеңдей,

Жабырқап жан- көктемім.

...Бағым ба еді?

Сорым ба?

Атын оның ән қылып.

Бір арманның соңында

Кеткен едім... мәңгілік.

Жүрек үні- ар бұзба!

Күтуменен солды үміт.

Сегізінші наурызда,

Гүл сыйлаған... сол жігіт.

...Содан көңіл-дүрбелең,

Сені ойлаумен өтті өмір.

Гүл сыйладың.

Гүлменен

Мұң сыйладың мөп-мөлдір.

Ерте аштырдың есігін,

«Арман» атты ақ таудың.

Гүл қураған.

Есімің

Жүрегімде сақтаулы.

...Ұмытпаймын әлі күн,

Есіміңді жаттауды...

Күткенінен кешкені көп...

ЖАЛҒЫЗ СЕНІ СҮЙГЕНМІН...

Жалғыз сені сүйгенмін...

Содан ернім күйіп қап,

Сезімімді қойдым мәңгі тұйықтап.

Тырнағыма татымайсың деді де,

Көшіп кетті, жүгін буып, жиып бақ.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Содан түк жоқ есімде,

Уақыт кеш пе, бесін бе?

Тағдыр мені қағып қойып арқамнан,

Дайындауда, жалған ғұмыр кешуге.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Балын жұттым күнәнің,

Түк естімей, бітіп қалды құлағым.

Әңгүдіктің күйін кешіп арылмас,

Мәңгіліктің құзына кеп құладым.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Кеттім сосын... өртеніп,

Қыр астында жылап қалды еркелік.

Көңілімде күн тұтылды кейіннен,

Санам менің жазылмайтын дерт еміп.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Тыңда мені, құлақ сап.

Содан бері мұңсыз өмір жырақ қап.

Сені құшқан сәтім менің – қас-қағым

Ғұмырымның мәні де осы – бір-ақ сәт!..

ЖЕЛ ҰШЫРЫП КЕТТІ МЕ?

Жанды ауыртып, қайтқан құстың тізбегі,

Жаным менің бір бейнені іздеді.

Жаз мінезді жайраңдаған көңілді,

Басады кеп күз лебі.

Есіл жатыр бұрынғыша есіліп,

Өткен күннің өкінішін кешіріп.

... Жүрегіме жалын берген уақыт,

Болар оның несі ұмыт?

Құшақ ашқан жылпос пенен ептіге,

Тағдырым-ау, жараттың ба тепкіге?

Жанға айтпаған сөзің менен сезімді,

Жел ұшырып кетті ме?

Бақыт гүлі өскен кезде бағыма,

Мұң келгені, мөлдір моншақ тағына.

Аз көрді ме, тағдырымның талауын,

Бұл қоңыр күз мұң әкелді тағы да.

Өткен өмір көңілімнен жырақтап,

Ертеңімнің еліктері жылап қап,

Жалғыздықтың күркесінде жапанда,

Қала бердім тұрақтап.

Аққу құстың әуеніне қосып ән,

Жүретұғын күндерді ойлап тосылам.

... Жырға айналды көп өксіген өмірім,

Шүкір дейін осыған...

ХАТ

Сен боп басы – биіктің,

Сезіміңе ұйыппын.

Қашықтасың қазір сен,

Халің қалай, сүйіктім?

Мені ойлаумен жүрсің бе?

Күрсінбеші.

Күрсінбе.

... Ғашық болып көрмеген,

Біздің жайды білсін бе?..

Салғаны да – сыз белгі,

Бөлді тағдыр біздерді.

Сен бар кезде жаз еді,

Қазір, міне, күз келді.

Айтсам егер жайымды,

Не дей алам пайымды?

Естен кетпей елесің,

Серік еттім уайымды.

Күтуменен арай күн,

Құс жолына қараймын.

Сипай ескен самалды,

Өзіңе әр кез балаймын.

Сен едің ғой тірегім,

Тілеуіңді тіледім.

Тым алыста жүрсең де,

Өзіңмен бір – жүрегім.

Сенсіз өткен шақтарым,

Қара түнек, қап-қалың.

... Сезімімді алып ұш,

Қанат біткен хаттарым!..

МАХАББАТТЫҢ ЖАЗАСЫ

Сен – айыптысың.

Жазаға тартыласың,

Содан кейін мәңгілік талқыдасың.

Білесің бе, жаным-ау, айыбыңды,

Махаббаттың қашаннан жайы мұңды.

Замананың айналған ермегіне,

Кінәлісің - өмірге келгеніңе.

Жүрегіңе сыйдырып шапағатты,

Кінәлісің – маздаттың махаббатты.

Сабырымды әкетіп – айшылыққа,

Сезімімді қалдырдың қайшылыққа.

Қайырлады қайраңға төзім-кемем,

Кінәлісің – түніме, көз ілмеген.

Тыныштығым үрікті, тағылымды,

Кінәлісің – сарықтың сабырымды.

Айналғансың махаббат аңшысына,

Кінәлісің – көзімнің тамшысына.

Шарпығандай жанымды тылсым демің,

Тағы кінәң – ол менің күрсінгенім.

Арманымның аумағы – байтақ ерен,

Кінәлісің – атыңды айта берем.

Таппай қалдым шешімін тең есептің,

Кілтін «ұрлап» алыпсың келешектің.

Әлемдегі ең тәтті азабым-ау,

Тағылатын өзіңе жаза – мынау:

Жегілеміз, сезімнің жетегіне,

Бір барамыз махаббат мекеніне.

Берілмейміз ешқашан қайғы-мұңға,

Бір барамыз аққулар айдынына.

Бақыт құсын алмаймыз өкпелетіп,

Жанымызды жүреміз көктем етіп.

Түнектерді серпеді алауымыз,

Ал, адалдық – көктегі жалауымыз.

Бірімізді-біріміз аялаймыз,

Мәңгіліктің мекенін саялаймыз.

Сенің салған әніңе қосыламын,

Махаббаттың жазасы – осы, жаным!..

БҮГІН СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢ..

Бүгін сенің туған күнің,

Бара алмаймын гүл алып.

Көзімді жас жуған бүгін,

Шаттанбаймын қуанып.

Мәз шығарсың сыйлықтарға,

Өзге біреу сыйлаған.

Тәңір жазған бұйрықтарға,

Қайтем енді?

Иланам.

Сен туған күн мына маған,

Келді дейін мұң алып.

Мені көрдің сынақ-алаң,

Сынап көрдің қуанып.

Ойыншық қып сезімімді,

Отқа, суға салғансың.

Ішке түйдім сезігімді,

Үмітке ердім алдамшы.

Бекер екен барлығы да,

Тура жолдан тайғансың.

Көндім тәңір жарлығына,

Маған құшақ жайған сын.

Туған күнің...

Бара алмаймын,

Сыйлық алып үйіңе.

... Тірі адам жоқ аралдаймын,

Қанықсаңыз күйіме.

Біздер енді жат адамбыз,

Ұмытамын сізді мен.

Бір бақытсыз атанармыз,

Қалтыратып күзгі дем.

Бақытты бол тіршілікте,

Бұлттай көшсін бар уайым.

Алдан күткен жыршы-үмітке,

Күліп қара әрдайым.

Алып ұшсын тағы да арман,

Бақыт бағын саяла.

Бұл өмірдің мәні болған,

Махаббатты аяла...

ТЕК СЕНІҢ ЕСІМІҢДІ АЙТА БЕРДІМ...

Болсын деп сол мазасыз шақтар ұмыт,

Мен саған сырымды айтам ақтарылып.

Екеуміз еркін жүріп сырласайық,

Құдайым салмасыншы баққа құлып.

Шалшығын шердің кешкем балақ түріп,

Күн маған күлімдеді қарап тұрып.

Ертеңің – ертегі, - деп сыбырлады,

Самал жел шаштарымды тарап, күліп.

Тоңсам да тайынбастан түнгі ызғардан,

Сен жайлы сыр сұрадым жұлдыздардан.

Естідім арманыңның асқақтығын,

Шаншылып көктен төнген шың-құздардан.

Соқпас деп сендерге енді қайғы лебі,

Жатып ап шалқасынан ай күледі.

... Мендегі мына сезім есіміңді,

Жер түгіл аспан жаққа әйгіледі.

Жанымның жарасының айтам емін,

Сенсеңіз – мен өмірге қайта келдім.

Өз атым ауызыма түспей бүгін,

Тек сенің есіміңді айта бердім.

Бір өзің – арманымды биіктеткен,

Өмірді өзің едің сүйікті еткен.

Жаным!

Мен өзіңді алғаш көрген сәтте.

Махаббат жалынына күйіп кеткен.

МҰҢҒА БАТҚАН БҰРЫМДЫ...

Табиғаттан жанға таптым миятты,

Табиғатпен жаным егіз сияқты.

Өміріммен өзектессің, көк пен жер!

... Көңілімнен өзен болып күй ақты.

Тырс-тырс тамған сырын ұғын тамшының,

Тылсымына ұялатқан бал шырын.

Пенделіктің сыпырайық ноқтасын,

Бұл ғұмырда, сабындай-ақ қамшының.

Сатыр-сұтыр найзағайдай –әлемім,

Жанымды ұғар неткен ғажап жан едің?!

Аппақ жүзім кеткен шығар алаулап,

... Қара өлеңнің бойындағы қаны едім.

Мына аспанның күрсіністей күркірін,

Мен деп ойла, сен деп шыққан шыр-пыры.

Естіле ме?

Құлағыңды түріп көр,

Жанарымнан тамған жастың сыртылы.

Көк аспанның құйып алған тұнығын,

Жалт-жұлт еткен жанарымнан сыр ұғын.

Өткенімді жұбатам да жырыммен,

Келешектің тарап қоям тұлымын.

Желп-желп еткен жанымдағы жалауым,

Айлы түнде ардың жаққан алауын.

Құбылаға көзім талған қараумен,

Құдайым-ау!

Қайда жүрдің, қалауым?!

Сылдыр-сылдыр аққан бұлақ – жылғадан,

Бақыт тілеп баратқандай бір маған.

Бақыт, маған қайта айналып келдің бе,

Уайымсыз күндерімді ұрлаған?

Бұрқ-сарқ еткен тау өзені, бақ тіле,

...Бұл өмірде махаббаттан тәтті не?

Уақытқа қол қойдырды сабырым,

Өткен өмір - өкінішті актіге.

Гу-гу еткен жел де ұғады сырымды,

Жаным менің!

Саған айттым сырымды.

... Маған ұқсап кеткені анық кешегі,

Әне бір қыз...

Мұңға батқан... бұрымды...

ТҮС. ТҮСІНІКСІЗ ТҮН.

Әлденеге келетіндей жылағым...

Қайда көшіп кеткен менің тұрағым?

Маң далаға маңып барам түсімде,

Көз алдымда көлбеңдейді құладын.

Құладынды ойлаушы едім өлген деп,

Қайдан ғана шыға келді көлбеңдеп?

Құладыным кетті айналып құзғынға,

Ғұмырымда мұндай сұмдық көргем жоқ...

Салмақты еді, өзек болған дастанға,

Сабыр кетіп қалды осы сәт тастан да.

Құзғын енді айналды да қыранға,

Сіңіп кетті аспанға...

Аспан болса, көлгірсіп

Сәл тұрды да, төкті маған мөлдір шық.

Ой, анашым!

Қашан келген қасыма,

Ол да аспанға қарап қапты, қолда – ұршық.

Арманымның арнасы енді толмай ма,

Бұл сиқырдан шығатұғын жол қайда?

Қыран енді бұлттан шығып, бұлт етіп,

Кетті айналып, қаптап жатқан торғайға...

Сұрақтарым жанды жатыр ұңғылай,

Болады деп ойлады екен кім бұлай?

... Көзімді ашам – үйде екенмін.

Бір құзғын

Мола жақтан сұңқылдайды.

Сұмдық-ай!..

АУДАРМАЛАР:

БӘРІ ДЕ МАХАББАТТАН БАСТАЛАДЫ

Р.Рождественскийден

Бұзылып қара сөздің тас-қамалы,

Барлығы махаббаттан басталады!

Барлығы махаббаттан басталады:

Гүлдің көзі, баланың жанары да,

Әлгі жұмыс, билеген сананы да.

Не сезім бар бір одан асқан әрі,

Барлығы махаббаттан басталады!

Махаббаттан!

Мен оны дәл білемін,

Махаббаттан жүрегім жанды менің.

Барлығы – махаббаттың қарымтасы,

Өшпенділік – махаббат қарындасы.

Махаббаттан басталған арманың да,

Шарап ішіп шалықтап қалғаның да.

Қорқыныш...

Оны жеңген ұнтағың да,

Жететін сағындырып нұр-таңың да.

Тағдырдың таусылмайтын талқысы да,

Жабырқау тіршіліктің жалқысы да.

«Өмір сүр!»

Көктем солай сыбырласа,

Түрегел, намысыңыз жығылмаса.

Сонда сен тіктелесің, теңселесің,

Тірлігін тауқыметтің еңсересің!

Тағдырдың ашылғанда қас-қабағы,

Бәрі де махаббаттан басталады!

...Бәрі де махаббаттан басталады.

ӘЙЕЛ ҚОЛЫ...

Е.Евтушенкодан

Есіркейтін, аздап жақсы көретін,

Жұбататын, әр кез жәрдем беретін.

Өзі жеңіл, өзі салқын әрдайым,

Әйел қолы жасайды ердің бар жайын.

Ұйқымды да оған сеніп тапсырып,

Ақымақтау басымды оған қапсырып.

Иығына, көп күнәмді көтерген,

Ернімді алам жапсырып.

Көзіне де ілмейді өзі өзгені,

Мен мұңайсам көреді оның көздері.

Қиындықты басу үшін қараған,

Жанарын-ай, сол бір сәттік кездегі.

Дегенмен... бір әйел қолы болады,

Тәтті өмірдің секілденген жолағы.

Секілденген тағдыр менен мәңгілік,

Аралының торабы.

Дегенмен... бір болады әйел иығы,

Секілденген сезімдердің құйыны.

Бір түнге емес, ғұмырыңа берілген,

Бақытыңның секілденген ұйығы.

Алайда бір көз болады әйелде,

Мұңдана кеп қарар өзіне сай ерге.

Махаббат пен ар жанары – мұндай көз,

Бар деп едің қай елде?!

Ал сен болсаң...

Ғұмыр кештің қарысып,

Кесірлікпен қатар жүріп, жарысып.

Сол көз бенен сол иық-ай!

Сатсаң да

Арамдықпен келеді әлі алысып.

Енді есе алар жаңбыр сенен тамшы боп,

Бұтақ ұрар бетіңізден қамшы боп.

«Сатқын» дейді жаңғырығып орман да,

Шығар сонда бетіңізден сансыз от.

Күйзелесің, абыржисың, мұңайып,

Тұнжырайсың, тартып бір сәт шын айып.

Кешіреді сонда сені нәзік қол,

Кешіруге санап сені лайық!

Кешіреді.

Кешіре де береді,

Сол еді ғой саған-дағы керегі.

Мұңлы көздер - өткеніңнің өкпегі,

Мұңлы көздер – келешектің қорегі...

ДҮЙСЕНБІ. ЖИЫРМА БІРІ. ҚАРАҢҒЫ ТҮН.

Анна Ахматовадан

Дүйсенбі. Жиырма бірі . Қараңғы түн.

Уақыт сырғиды,

Ал, Астана тыныштықта мүлгиді.

Жалқаулықтың бал-шәрбатын шайқап ол,

Махаббаттың бар екенін айтады ол.

Жалығу ма, жалқаулық па – беймәлім,

(Тылсымды ашар болмай қалар кейде әлім).

Бірақ, бірақ махаббатқа табынып,

Пәк сезімге жатады әр кез жағынып.

Шайқап ішіп сезімдердің шарабын,

Күтеді әр кез кездесудің алаңын.

Көңілдегі көрсоқырлау үрейі-

Махаббатты балталайтын дүлейің.

Сондай сәтте жүрек айтып азабын,

Шертері анық махаббаттың ғазалын.

Содан кейін құпия әлем ашылып,

Мынау әлем қалар бір сәт басылып.

Махаббатқа маталғаным енді анық,

Ғұмыр бойы қалдым соған бас ұрып...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікірлер

Абылай

14.05.2018 13:35
Алма Түсіпбекованың өлеңдерінгде шынайлық бар. Өлең шумақтары қысқа әрі мазмұнды жазылады. Ең бастысы оқырманға ой салады. сол үшін осы ақын қызды жақсы көрем!
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар