Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақтөбелік жас ақындардың жырлары

02.08.2018 493

Ақтөбелік жас ақындардың жырлары

Ақтөбе облысының «Әдебиет порталындағы» онкүндігі жалғасуда. Саңлақ ақындардың ізін басқан жас қаламгерлердің аяқ алысы көз қуантады. Бұл топтамада поэзия әлеміне қадам басқан жас сүлейлермен қатар, қалыптасып қалған танымал ақындар да бар екенін айта кеткен жөн. Ендеше, жас өрендерге ақ жол тіледік!

Қуат Әбілқайыр – 1992 жылдың 3 тамызында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ә. Дербісәлин атындағы орта мектепті бітірген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі, тележурналист.

СЕН – КӨКТЕМСІҢ


Көктем – сенсің. Сен – көктем. Егіз ұғым.
Қайтарар сол шақтағы кезімді кім?
Сен кеткен басқа қала көктемінен,
Біздегі сағынышты сезін, гүлім.

Наурыз сайын өзгеше бір күйге өтем,
Жолығысу кездейсоқ - үрейге тең.
Самарқанның сары тасы жібісе де,
Сенің қызыл жүрегің жібей ме екен?

Сенің үнің – дауысы жылғалардың,
Сенбесең, ән салғанда тыңдап алғың.
Ішінен қардай еріп шықпашы тек,
Күлкімен көмкерілген мұң жанардың.

Есімді алад елестеп елден кейпің,
Кемтар қылдың жүректі емделмейтін.
Келеді ертең аққулар бізге ұқсаған,
Бірақ енді, білемін, сен келмейсің.

Көктем лебі, көресің, қарап тұрмай,
Ауылда атыңды айтар, дала тынбай.
Бағыма қонбасаң да желден күтем,
Бір тал шашың қолыма қонатындай.

САҒАН ҰҚСАС ҚЫЗ КӨРСЕМ...


Саған ұқсас қыз көрсем
тұйықталған көшеден, даңғылдардан
естеліктер есте ойнар әр жылдардан.
Дәл осылай сені де жұбата ма,
тербетіп тәлкегінде тағдырлы арман?

Саған ұқсас қыз көрсем,
автобуста кездейсоқ ұшырасып
жанарыңдай жанардың мысы басып,
еңсемді езіп тастайды бейтаныстық,
екпінімді ентіккен құшуға асық.

Саған ұқсас қыз көрсем,
вокзалдағы жолаушы арасынан
ынтыққанда бермейді сана шыдам.
Уақытынан поездың қап қойғандай,
қаламын да көз жазып аласұрам.

Саған ұқсас қыз көрсем,
аэропортта, бортында самолеттың,
орын таппай өтірік қарап өттім.
Бұлтқа сіңіп ұшақтай жоғалатын
неге балғын күлкімді ала кеттің?

Саған ұқсас қыз көрсем,
аудандардан, шалғайда ауылдардан,
бейшарадай қуандым бағым жанған.
Ең бақытты жердегі жігіт шығар
жасыл өңді шыршадай шағыңды алған.

Саған ұқсас қыз көрсем,
университеттердің дәлізінен,
ажыратпай аңдыдым әр ізінен.
Іздегенің іргеден табылмаса
үкілеген үміттің мәнісі кем.

Бет-бейнесі сияқты болар сәттің,
ажарыңмен елестеп алаңдаттың.
Қынжылтады дүниеде жан дүниесі
қайталанбайтыны адамзаттың.

Азамат Әбілқайыр 1994-жылдың 3-тамызында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ә. Дербісәлин атындағы орта мектепті бітірген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі. Гуманитар ғылымдарының магистрі. Облыстық арнада қызмет атқарады.

Ауыл жақтан салғалы іргемді алшақ,
Артта қалды балдәурен, күлген бал шақ.
Таңдайға сап балқаймақ сағынышты,
Жүрмін енді қалада қыр белді аңсап.

Сенесің бе өзіңді шын сағындым...
Өскен ұл ем ішінде құм, шағылдың.
Жыр күреңді ерттеп ап ақын ұлың,
Жайлауында жүр бүгін тұмса мұңның.

Жаным анам, жағдайың қалай қазір?
Көрген жансың тағдырдан талай зәбір.
Сәл сүрінсең үстіңнен аттап өтіп,
Кей адамдар табалап, талауға әзір.

Ана, саған айтайын сырымды қай,
Жеткізбейді жүйіткіп ғұмыр-құмай.
Жан адамға сыр айтпай тек дұғаңмен,
Жаратқанға шағасың мұңыңды ұдай.

Дүр дүниенің есігін жырмен аттап,
Ана, саған сыйлайын гүлдер аппақ.
Тағы бізді ойлаумен көз ілдің бе,
Жанарыңның түбіне мұң қонақтап.

Ана, сені ешкімге теңгермеймін,
Ұлы десін балаңды көргенді үйдің.
Ел аңыз қып айтса да мен өзіңді,
Әжесінен Абайдың кем көрмеймін...


****

Не айтайын, не дейін тағдырға мен?
жалғыздықты дәл бұлай ән қылмап ем.
Елесіңді іздеймін ескі бақтан,
Жанарымда іркіліп жаңбырлы әлем...

Сынаса да біздерді бүгін Құдай,
Таусылмайық бекерге күнім, бұлай.
Қамсыз, мұңсыз болмайды неге бәрі,
Неге бәрі болмайды бұрынғыдай?!

Мен білдім бе өмірдің кереғарын,
Бұрынғыдай болмайды неге, жаным?
Бәрін, бәрін шегерші кейін қарай,
Өзгертуге өмірді келе ме әлің?

Сол өмірге дұрыс па көне салу?
(Гүлге саусақ созады неге сәуір?)
...Өмір деген – біреуге өлу ғана,
Өмір деген – біреуді көме салу.

Амал таппай, құрыдым тағдырға мен.
Сор, мұңымды дәл бұлай ән қылмап ем.
Көше бойлап тағы да қаңғып жүрмін,
Қайда кетті, біз кешкен сол бір дәурен?

Қайда әкетіп барады дүрмек мынау?
Дүрмек мына бізсіз де гүлдеп тұр-ау.
Арыла алмай жүргенде күз мұңынан
Көктем келіп қалғанын білмеппін-ау...

Сымбат Арынова – 1996 жылдың 25-желтоқсанында Өзбекстан Республикасының Науаи облысы, Тамды ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті. Алғашқы өлеңдері 2014 жылы «Өмірім - Өлең» атауымен «Ақжар-АБК» баспасынан жарық көріп, «Ақтөбе» баспасынан 2017 жылы басылып шыққан «Жас қанат» студенттер жинағына, «Жауқазын» жастар жинағына енген.

ЖАЗБАЙМЫН ЕНДІ...

Жазған ең. Жаздың. Жазасың.

Мазаландың-ау.

Дегенмен,

аласың кімнің мазасын

Жапырақ-қағаз өлеңмен.

Бөлістің жұртпен.

Мән қайда?

Қағазға жаздың қайғыңды.

Жазылып тұрса маңдайға

Жазып бітерсің қай мұңды?!

Жемейді-ау ешкім бұлай қам...

Тағы да жаздың өкпеңді.

Жазып болдым мен... шын айтам,

Жазған-ау, жүрек сөкпе енді.

Жүзіме қонған күлкімді

Алады тартып кім менен.

Құбылсын күн, түн мың түрлі,

Жазбаймын енді

...мұңды өлең...

МЕН ТҮНЕРГЕНДЕ...

Мен түнергенде,

Құмырсқадай килігіп бір санама

Ғаламның тұңғиығы кірер демде...

Әншейінде ұялып пана ететін

Қызаруы бетімнің бергісі боп,

Бетім түгіл басыммен кірер жерге

Сыймай кетіп,

Безіп кетем Жер дейтін кілемнен де.

Мен түнергенде,

Тұнжыраған төстегі тар қапасым

Топыраққа сіңгендей сіңер кеңге...

Сен білгенді бес қолдай білем мен де,

Бірақ... Дәл сол кезде...

Төбесінен құс өткен албастыша

Көмейімді тескенше күліп алып,

Жылап қалып жатамын күлер жерде.

Мен түнергенде,

Жұтып алар аспанды түгел демге

Керек қылмай кетемін шабытты да...

Дей шығарсың:

Көкірегі әйтеуір кілең керме.

...Жеткізбей кететінмін жүгенді ерге,

Бірақ... Дәл осы сәт...

Пысқырып та қарамай өте шығар

Анау, мынау, пәленше-түгендерге

Тіпті...

Қаруымды қолыммен бір сілтейтін

Қалмаған ба апыр-ау жігер менде.

Жоқ! Жүрегімде өсе алмай жігер жатыр.

Жұбатпақ боп мүсіркеп, мейірленбе,

«Жыла» деме!

Тек қана «жігерлен» де.

Мендік бұлдыр әлемге еніп кетпей,

Еріп кетсем.

Әкетсе әлеміне

Сол артық мың ерден де.

Кеп қалады, білемін, әне-міне,

Жауап бермей жатсам да сәлеміне

Келтіреді тілімді

Махаббаттың мұнтаздай кәлеміне

Мен түнергенде!

БӘЛКІМ

Қараймын жиі үздіге Күнге,

Тағы түлейді Сүмбіле түнде.

Керегі маған күлкіңіз екен,

Күлкіңіз екен күлдіретін де.

Тоңдырып бәрін ызғар қылатын,

Сізсіз сәт екен сыз қалдыратын.

Ай дидарымен аймалап тұрса,

Жұлдыздар екен қызғандыратын.

(Сезімнің балдай көп уы – ішімде...)

Сағынысудан шаршап ек –

Кәні?

Сағынышпенен қанша рет сүйіп,

Ғашық қыласыз қанша рет тағы?

Алыстықты да аңсар ек пе әлі,

Тағы бір ғашық болу үшін бе?

Тағы бір ғашық болу үшін де!

Бәлкім...

Елдос Жолдығарин – 1999 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде дүниеге келеген. Темір ауданы, Шұбарқұдық гимназиясының түлегі. 2017 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филиология факультетіне оқуға түсіп, қазіргі таңда аталмыш университеттің студенті. Республикалық «Жұлдызға жол», «Жырлайды жүрек» мәнерлеп оқу байқауларының жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының арнайы грамотасының иегері.

Тіршілікте бір жығылып, бір тұрып,
Бұлаң қағып бұлғақтайды-ау түлкі үміт
Сағым болып сарғаяды өткен күн,
Кешегінің тәтті елесін жымқырып.

Кімді жеңдім?
Ал, кімдерден жеңілдім?
Кімді сүйдім?
Ал, кімдерден жеріндім?
Босағасын кім нұсқады қолымен,
Маған арнап ұсынып ед(і) төрін кім?!

Қай досымның берекесін қашырдым,
Қай досымның абыройын асырдым?
Кім ұсынды, маған арнап ақ нанын,
Маған қарай бағыттады тасын кім?!

Мен жарассам, жайсаңдармен жарастым,
Мен сырласпын сырбазымен алаштың.
Жамандардан өн бойымды алшақ сап,
Шамам келсе тек жақсымен жанастым!

ДОСҚА СЫР

Өмір берген еншіңді алға өңгеріп,
Бақыт іздеп, сандаласың, сенделіп.
Мүлт кеткенде төмендетпе өзіңді,
Жүре бара кетесің ғой, жөнделіп.

Сан теперіш көрген кезде тағдырдан,
Адам аз ба, ібілісі азғырған?!
Бірақ, сенің дақ түспесін арыңа,
Деген бабаң: «Арым үшін жан құрбан!»

Сотқар санаң бөлінгенде сан-саққа,
Сары уайыммен өзіңді-өзің шаршатпа!
Намысыңа жанығанда лаулайтын,
Үміт отын сөндірмегін әр шақта!

Ой-шұңқырлар,сай мен жыра жолдағы,
Саған бөгет бола қоймас ол дағы
Өзің сүрген өлшеулі бұл өмірде,
Сүрлеуіңді салып кетсең болғаны...!

Дәурен Тілеухан – 2000 жылдың 28 қазанында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе ауылында дүниеге келген. Жырлары облыстық, республикалық баспасөз беттері мен сайттарда жарық көрген. Республикалық Ақберен байқауының жеңімпазы. Соның нәтижесінде Түркістандағы Яссауи атындағы ХҚТУ-нің болашақ студенті.

АУЫЛ КАРТИНАСЫ

Көк аспан.
Бұлттар жатыр шалқасынан,
Самал жел бұлбұлдардан ән тасыған.
Әр тасыннан табылған көркемдігі,
Табылар ма әлемнің картасынан?

Қолдарың ғажайыпқа созылардай,
Ескі үйлер...
Есіктердің өзі қандай!
Көкте ұшқан құстарға күлім қағып,
Көне шатыр қарайтын көзін алмай.

Жолдар бар сайрап жатқан қыр басынан,
Көше бар...
Сол көшеге күнде асығам.
...Әйтеуір түтін түзу ұшады ылғи,
Біздің үйдің қисайған мұржасынан.

Ауылдың әңгімесін тауыса алмай,
Әйелдер тұр...көрініс көп тағы сондай.
Көкжиектен барады күн еңкейіп,
Өліміне таяған кәрі шалдай...

Кешқұрым қиял саулап қанатымнан,
Көрінді гүл бейнесі жаңа ашылған.
Бір хабар келетіндей төңіректен,
Терезем де ұйықтамай таң атырған...

Жақсылықты жанына қылмай бөтен,
Аталар ақылыңды шыңдайды екен.
Ең адал сезімдерді сақтап қойған,
Бұл-ауыл ғой...
Табылмас мұндай мекен!

АҢСАР

Мүсін бар, бірақ сол жан табылар ма?
Тұрады солғын тартқан сағым алда.
Адамнан ең аяулы айырмайтын,
Ажалдан арашалар дәрі бар ма?

Сағындым сол әжемді,бүгін тағы,
Қу тірлік пенделерді құбылтады.
Әлсін-әлсін елес боп еніп келсең ,
Өзгелер ертегі деп ұғынтады.

Сен барда мен бала боп еркеледім,
Бүгінде өлең дейтін өлкедемін.
Өр кеменің ішінен өзіңді іздеп ,
Сағыныштың отына өртенемін.

Есімде күздің сол бір суық таңы,
Ешкім мені бөлмеге жуытпады.
Сол суық таң әжемді алып барып,
Табыттай тар қуысқа құлыптады.

Қазасы жандарына батты дағы,
Жанарын жасқа малып жатты бәрі.
Сол күні, жерге түскен жапырақ боп,
Мен үшін үзілгендей шаттық әні.

Жыл өтті, күндер көшті көрінбестен,
Қайқы өлім талай жанның жолын кескен.
Ал бүгін кейуананың құлпытасы,
Гүлге ұқсайды бейіттің төрінде өскен.

Ие боп ардақтайтын бір есімге,
Жер астынан жымыйып,күлесің бе?
Шаң басып тұрғанменен суреттерің ,
Сол бейнең тап-таза боп тұр есімде.

Әз ана келмейді ғой қайтып енді,
Ол жоқта Күн күлмеді, Ай түнерді.
Көп жылдың қуанышын қиып тастап,
Айтыңдарш(ы),әжем осы қайтіп өлді?

Солса да сонау күзде гүл әлемің,
Саған құран бағыштап тұрады елің.
Алтын балық қолыма түсе қалса,
Өзіңді тірілтуін сұрар едім,
Мәңгілік өлмейтіндей қылар едім...

АЙЛЫ ТҮН

Мамырдың майда самалы еседі...
мамық леп...
Жұлдыздар тұрды жүрекке баяу ән үрлеп.
Ай нұры тамған ақша бетінен арудың,
Сүйеді жігіт «Жаным!» деп.

Ең жылы сөздер айтылар әсте бұл түні,
Ең ұлы сөздер айтылар әсте бұл түні.
Жігітке сырын ашатын кезде, неге оның,
Төменге қарай түсе береді кірпігі?

Ұға алмай қойдым, түсіне алмадым мұны мен,
Махаббат деген осы ма әлде, шынымен?
...Ұялшақ қыздың деміндей нәзік сезімді,
Екеуі сосын естелік қылды түнімен...

Көңілге жазып бақытты күннің өлшемін,
Сағымға бермей сағынышымның бөлшегін,
...Мамырдың майда самалы ескенде сүйейін,
Ай нұры тамған ақша бетіңнен Мен сенің!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ақтөбе ақындары, аймақтар әдебиеті
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар