Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: Ақынның көз жасы немесе Бодлерді мазалаған сұрақ

11.02.2017 1432

Аягүл Мантай: Ақынның көз жасы немесе Бодлерді мазалаған сұрақ

                          83112d6a083f165beade6196b31b2f68.png


Бодлердің адам жанының терең иірімдерін, жан арпалысын шынайы суреттейтін өлеңдерін оқып отырған сәтте көз алдыма жылап отырған ақын келеді. Ылғи да осы картина... «Зұлымдық гүлінің» авторын тірі кезінде де, дүниеден өткеннен кейін де «зұлым, мейірімсіз, оқырманын аямайтын оңбаған ақын» деп айыптағандар аз болған жоқ. Бірақ сол «оңбаған ақынды» жұрттар жарысып оқыды, оның шығармашылығын «мойындамайтындар» жасырып оқыды.  Замандастары «Жүйкесі тым әлсіз, ашуланшақ, адамға жұғымы жоқ» деп суреттеген ақынның жүрегінің тым нәзік екенін, өзінің қарама-қайшылыққа толы болмысынан жапа шеккенін туған анасы да түсінген жоқ.

  Барлық бала секілді Шарль да балалық шағында анасын қатты жақсы көрді. Бодлер әкесінің алпыс жасында көрген перзенті.  Жозеф-Француа білімді, бақуатты кісі еді. Әкесінен алты жасында айырылған ақын шығармаларында әкесін емес, тірі анасын жиі іздейді. Бір қалада тұрып жатқан анасын сағынып, мұңайып, өлең жазады, «мені іздемейді, қатігез» деп ренжиді. Анасы екінші рет тұрмыс құрған кезде кішкентай Шарль қымбат адамын мәңгілікке жоғалтып алғандай аласұрды. Енді анасының мейірімін сезбейтіндей қиналды. Өгей әкесіне мейірлене қарап тұрған анасының образын қабылдай алмай, қиналды.

  Өгей әкесі, әскери қызметкер Опиктің өз кіндігінен перзенті болған жоқ. Ол Шарльдің жақсы лицейде білім алып, әскери қызметкер болғанын қалады. Ол үйінен алыстап, басқа қалада пансионатта жатып оқыған кезден бастап, анасын, үйін сағынып, ана мейірімінен Опик айырып жатқандай өгей әкесін жек көре бастады. «Ол мені үйден, анамнан алыстатқысы келіп, мені осында жіберді» деп ойлады. «Егер туған баласы болсам, мені басқа қалаға, айдалаға жібермес еді» деп қамықты. «Неге анам оның айтқанынан шықпайды, неге мені қорғамайды» деп анасына ренжіді. Әкесінің бірінші әйелінің баласы,  шешесі бөлек ағасы Альфонсқа жиі хат жазып, сырласады.  Табиғатынан зерек бала сәл уақыт болса, мектеп бағдарламасын тез меңгеріп алатын. Қырсық, бірбеткей, жалқау, ерке Бодлер анасына ренжіп, ұзақ уақыт кітап бетін ашпай қоятын. Анасы жазған хаттардан мейірім сезінгенде қанаттанып, сабағына көңіл бөліп, Опикті «әке» деп  атайтын.

  Ақшаны үнемдеп жұмсай алмайтын, ереже мен тәртіпке бағынғысы келмейтін Шарльді анасы мен Опик «бір қалыпқа» сала алмай шаршады. Анасы берген ақшаны бір-екі күннің айналасында шашып жіберетін Бодлер кімге қарыз болмады?! Анасы мен өгей әкесінен қорыққан кезінде ағасы Альфонстан қарыз сұрап, «үйдегілерге айтпашы» деп жалынады. Бодлердің қарызын көріп, Альфонстың көзі атыздай болады. Інісінің есерсоқтығын мүлдем қабылдай алмаған ағасы, әрине, қарызын төлеген жоқ. Керісінше «Өгей болса да, Опик мырза сен үшін бәрін жасап жатыр. Ал сен өте әділетсізсің. Анаңа да жаның ашымайды» деп сөгеді. Бодлердің қарызы 2370 франк еді. Бұл ол кезде өте көп ақша болатын. Бодлерге мұндай ақшаны ешкім бермесі анық еді. Өгей әкесі Шарльдің бұл еркелігіне де кешіріммен қарады, «Жасөспірім ғой, есейе келе басылады. Қазір отбасы болып, көмектесуіміз керек, оны сынып кетуден сақтауымыз керек» деп барлық қарызын төлеп, кемемен әлемді аралап, саяхаттап келуге жібереді. Өлең жазып, шалықтап жүрген ақынның саяхаттауына отбасы 4000 франк жұмсайды. Опик өгей баласының құлағына «Әдебиет саған ешқашан нан болмайды. Нан табатын кәсіппен айналысу керек» деген ақылды құлағына құюды да әсте ұмытпады. Бодлер әлемді шарлап, саяхаттауын саяхаттады-ау, бірақ Опиктің өгей баласын «әдебиеттен алыстату туралы операциясы» іске аспады.

  Балаларының әдебиетпен қатты ауырып қалғанын және бұл дерттен ешқашан айықпайтынын ол кезде, әрине, ата-анасы білген жоқ.  Теңізде жүзіп бара жатқан кеменің үстінде болашақ ақын өлең жазып кетіп бара жатты...  Ол әдебиет теңізінде өзінің алып кемесімен жүзетініне бек сенімді еді.

  Шарльді «әскери қызметкер етемін, менің жолымды қуады» деген Опиктің үміті ақталмады. Өзінің туған әкесінен қалған мұраны Бодлер оңды-солды шашты. Баласының ешқашан «түзелмейтінін» білген ата-анасы нотариус арқылы, онда да шешесінің рұқсатымен ғана ала алатындай етті. Осы сәттен бастап  Бодлер анасына жалынып, жиі ақша сұрап, хат жазатын болды. Оның жазған хаттарының бәрі бір-біріне ұқсайды. Тіпті анасына ренжіп, тіпті «өлемін» деп қорқытып, жазған хаттары да аз емес.

  Каролина ана ғой, баласының еркелігінен шаршаса да, шыдады, ал Опик  өгей баласының «ақылсыздығынан» шаршағаны сондай, ол туралы естігісі де келмеді. Біресе, баласына аладаған, біресе, күйеуінің қас-қабағына қараған Каролинаға да оңай болған жоқ. Баласының ақша сұрап, жазған хаттарына да жауап бермеген кездері де бар. Опиктің қызметі өсіп, ақсүйектер қауымымен араласатын, сән-салтанатына жарасқан балдарға жиі баратын Каролинаның кейде баласына көңіл бөлуге қолы да тимейтін. Бодлер анасымен арасы суып бара жатқанынан қатты қорықты, өзінің жалыздық әлемінде тұйықталып қалған сәтте бәрі де осылай болу керек секілді қабылдады.

   Бұл сәтте Жаннамен тұрып жатқан Бодлердің мойнында жеңілтек әйелдің бүкіл шығыны мойнында болды. Ол Жаннаға аз ақша шашқан жоқ, егер ақшасы болмаса, Жаннаның өзімен ешқашан тұрмайтынын да білді. Ол Жалпы Жаннаны сүйді ме? Ол арасын өзі де білмейді. Рас, бір кезде жақсы көрді, өмірін онсыз елестете алмайтындай, одан айырылып қалатындай қорықты. Өзге еркектермен ашық жүретін Жаннаның «еркелігін» де көтерді. Жанна Бодлердің әйгілі «Зұлымдық гүлінің» негізгі кейіпкері, егер Жанна болмаса, ол бұл шығармасын жаза алмас па еді, кім білсін?! Уақыт өте келе ауру Жаннаны қатты аяды. Бір кезде өзінің жүрегін ауыртқан және содан ләззат алған әйелді тастап кете алмады. «Ол қазір қатты ауырып жүр. Оны қатты аяймын. Оны үйден шығарып жібере алмаймын» деп жазады анасына. Осыдан-ақ «Зұлымдық гүлінің» авторының жүрегі тым нәзік болғанын, оның жүрегінің  түкпірінде мейірім жасырынып жатқанын, тек оны көрсете алмағанын байқауға болады. Ол бізге әр жаңа өлеңін жазған сайын өзінің жүрегін, өзін, оқырманын аяп жылағандай көрінеді...

  Бодлер Эдгар Поның талантын өте жоғары бағалады, ол туралы мақала да жазды. Өзінің өлеңдеріне қарағанда, Эдгар По туралы мақаласына жоғары қаламақы алады. Ол өзі мен Эдгар Поның арасында үлкен ұқсастық барын білді. Расында да, өзін-өзі таппай аласұрған, кедейліктен, қарыздан көз ашпаған екеуінде біраз ұқсастық бар еді. «Әдебиетте тағдыры қиын адамдар бар: олардың маңдайында, қалың әжімдерінде «Сәтсіздік» деген жұмбақ жазу бар»  деп жазады ол Эдгар По туралы мақаласында. «Салмақты, тәртіпті Гёте мен Скоттқа қарағанда маған кедей, жанкешті, алқаш Эдгар По көбірек ұнайды» дейді.

Соншалықты талантты, бірақ жолы ауыр америкалық жазушының тағдырын, жалғыздығын сезініп жазады. Себебі, Бодлер де көптің ішінде жалғыз еді, жалғыздық мұңына қамалып өмір сүрді, ол маңдайдағы «сәтсіздік» деген жазуды өзіне де қаратып айтады.

Анасы хатында әкесімен татуласуын, үйге қайтып келуін сұрағанымен, Бодлердің жүйкесі мұндай сарындағы сөзді көтере алмады. «Жо-жоқ, бұл туралы айта көрмеңіз» деп тыңдағысы да келмеді.

Ақша үнемдеуді ешқашан үйрене алмаған, өзі шақырған кедейшіліктен қажыған ақын ломбардқа көйлегін, етігін өткізген кездер де аз емес. Анасына біресе күйеуіне айтып, біресе күйеуінен жасырып, баласына қолынан келгенше көмектесті. Бірақ Бодлерде әрқашан анасының көмектескені аз көрінетін, ол кейде өзін қанағатсыздығы үшін жек көретін.

Бодлерді өмір бойы бір сауал мазалады: «Оның құлағына өлеңді сыбырлайтын Құдай ма, әлде Ібіліс пе?». Ол осы сұраққа бас қатырып, жауабын таба алмады. Бодлер өзіне қойған сауалды әдебиетшілер де аз талқыламады. Бірақ олар да жауабын тапқан жоқ...

   Аягүл МАНТАЙ 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар