Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ай нұрына да жазар едім бір Өлең!..

20.07.2018 1507

Ай нұрына да жазар едім бір Өлең!..

11423686_1481752012148655_7536626419791701697_n (1).jpg

МЕНДЕГІ ДАУАСЫЗДЫҚ

Алапат қатер мұхитына да қайғымнан қайық салам.

Өйткені, Елімнің бақытына лайық Санам.

Ашу-ызамды да дауыл етемін ізгі арманымның желкеніне.

Жылап жүргендер шаттық жағалауынан бір-ақ шығу үшін ертеңінде.

Өкінішімді де өзгелер өкініштерінің өзендеріне өткел етем.

Сөйтіп, өзімді әдемі өкпелетем.

Ол өкпемді де құрбан етем Өлеңдеріме аңқыма.

Қызғанышымнан мықты қорған да соғып берем халқыма.

Ата жауларыма деген ата кегімнен де орасан кеңістік жаратам,

Ата жауларым да еркін тыныстарлық.

Оған ешқашан да ене алмайды жын-іштарлық.

Қорқынышымды да айналдырам

сырқат көңілдерге арналған ең ғажайып емдік гүлге,

Мінезде де сақталу үшін дарқандық пен ерлік бірге.

Күрсінісімнен де Ай туғызам - пенделердің тойымсыз құлқын бұзар.

Күдігімнен де Күн туғызам - шайтандардың шырқын бұзар.

Әрине, ақыл айтқандай еді тегіннен-тегін кім маған,

Осы шарттардың кейбіреулерінің мүмкін еместігіне де мұңданам.

Сонсоң, сол мұңымнан да қуат жиям, үмітімді үзбеу үшін,

Мүмкін еместерге де мүмкіндік іздеу үшін...

***

Шешенің қамырыққанда да ерен аңқитын өбегін,

Бар патшаның әр күрсінісінің де себебін,

Қалай жаратыларын да Ойлардың сом асыл,

Мыйлардағы діни аурулардың да дауасын,

Соңғы тынысының мағынасын да ғұмырдың,

Сырттандық бейнесін де, көкжал көмейіндегі ырылдың,

Тарихтың кіндік балбалын,

Әр шөптің де Көкке ұмтылғандағы арманын,

Құс көңіліндегі Кійенің де әуенін,

Топырақтағы сырын да тойымсыз дәменің,

Жұмбақ бұлттардағы өзен дұғасын,

Өзімді қашан, қайдан тосып аларын да күнә сұм,

Күннен құпия шалқыған Әннің де бәр Сөзін,

Тәңірінің тылсым қошын түйсіндірер шер Сезім!...

Менің бәрін де, бәрін де білгім келеді.

Тек, сонан соң ғана,

Барша тіршілік үшін, еркін өмір сүргім келеді.

***

Күн нұрынан жаралдым.

Топыраққа орандым.

Тіршілікке жол алдым.

Бәрін солардан үйрендім.

Ендеше,

Шікірейген, шіренген мына түрім кімге, неге шікірә,

Осынау Жалған Дүние былығынан да

Тәңіріме қажетті Ақиқат қорытып ала алмасам!

***

Мыйды ғайыпқа көшіртіп,

Көзді де көзкөрмеске ұшыртып,

Тілді де түнек көмейінде лаулатып,

Жынысты ырғақтардан галактикалар жаратып,

Тынысты ұйқастардан тұмандықтар шұбылтып,

Құйрықты жұлдыздармен қасірет дәтін айқұш-ұйқыш сызғылап,

Құлшынысымен шексіз әлемді тұтас құлпыртып,

Түн Баласы күркірете жазып жатыр Өлеңді!..

Шіркін, мен де сондай Түн болсам,

Ай нұрына да жазар едім бір Өлең!..

БАЛА ШАҒЫМ

Мойнымды балконнан түйеқұсша қабағат созып,

сезімге беріліп бір еділ,

көкжиектегі тау жоталарына ынтыға қарап тұр едім...

Әлде, елес пе екен құсүрей,

сағымды ауа ішінен

бір сәт, Көктемді...

Иә, Көктемді кәдімгідей көріп қалдым!...

Бәрекел...

Тіпті, адам сенгісіз,

не ұл, не қыз екендігі белгісіз,

періштедей көркем бала екен!..

Сондағы әсерімді айтпаңыз:

аңқыған мыйым Аспанға ілініп,

жүрегім атқақтап алақанымда тұрғандай,

әрі жұмақтық, әрі тозақтық күй қандай!..

Дегенмен, тамаша мұң!

Мен Оны жазбай таныдым - бала шағым!

***

Жасампаз әрі өктемдеу,

мінезі жұмбақ мына Көктемде,

жанарлары Жалған Дүниеге жарқ-жұрқ жұтынып;

еріндері қызылтоятмөрленіп;

сыңқылдары сырбаз ауаны да қытықтап;

қызыл-жасыл көйлектері

реңді тұстарынан көркем ойылып,

түленді тұстарынан әсем тілініп;

миығы құпия жымиып;

балтырлары балық жынындай қозданып;

бөкселері құмар биін билесіп...

Басталды енді ақсайтандар маусымы!

Өз сайтандарыңыздан сақ болыңыздар, еркектер!..

НӨСЕРДЕН СОҢ

Жалын мен-Оттан жаралған Сөзді ұғатын қайсың бар?

Абай

Орасан тұла-бойы тұтастай жасылсөзденіп,

Миллиард-миллиард тірідей тамшыкөзденіп,

Дүкеншілерді дүниелеріне бұғынтып,

Дүмшелерді жайнамаздарына тығылтып,

Аршылмаған арықтарды лайлатып,

Сасый бастаған қарағайларды да жайратып,

Қаланың барша моторларына дейін қыңсылатып көктемір,

Күркірей-күркірей, тағы бір тылсым өтті Өмір...

Ел Оның кемпірқосақтанған құйрығына ғана мәз болуда.

***

Қиқоңыз - боқ домалатып барады үйіне.

Гүл мәз болады көбелектің биіне.

Төбемізден күркірейді көктемгі жасындар.

Өлең оқылып жатыр Ақын мәйітінің басында.

Тас та сөйлеуде мүк тілінде.

Сәби шаптырып тұр көне бақ түкпірінде.

Ал, мына жақта, Қазақ мұңының тыңдап сарынын,

Қамығады-ай кеп бір дарын-ұл...

Осыларды санам іші шайқап-шайып жатпаймын. Бәрі - нұр.

Тек, әнеу бір діндар құлдардың

Құдайға тоңқаңдап мүңкігені ғана болмаса...

КӨРІСУ КҮНІ

Әй, қазақтар-ай!

Осы қазір, көктемде,

Бура-бұлттар тау жотасына шөккенде,

Қайырлы да мейірлі от пен дем

Бір-бірінен айырғысыз болып кеткенде,

Көңілдерінің де көк шөбі тебіндеп-өсіп,

Ата Жауына деген көкжасыл кегін де кешіп,

Әнмен самал естіртіп,

Күймен күлік осқыртып,

Жүретіндерін-ай десеңші,

Қошақандармен де бір көрісіп, шеңгелдермен де бір көрісіп...

Күннің ғаламат нұрлы бұрымын да бірге өрісіп...

Енді, кешке дейін бақытты болып жүреді осылай,

Бір-бірінен Құдайдың да амандығын сұрап алайын деп.

Ал, мен оңаша кетіп бара жатырмын,

Осы шаттығымды шөл далаға егіл-тегіл жылап алайын деп...

***

Сыбызғының сыңсыма сазына Қобыздың қоңыр сөзі қосылғанда,

Жаманның жан-дүниесінің құртын қашырғанда,

Жайбарақат есінеп жататындардан қорқам.

Ит тірлік деген ақырстанда,

Ардақтылардың бетіне ақымақтар қақырысқанда,

Жайбарақат нан соғып отыратындардан қорқам.

Ар-ұят түбегейлі соқырланып дөкір қанда,

Атамекені жаппай ашкөздерге сатылғанда,

Жайбарақат аңырайып тұратындардан қорқам.

Аярлардың қанды азуы аңғал елдің ақылынан қапқанда,

Ата Тілі ашықтан-ашық зорланып жатқанда,

Жайбарақат той тойлап жүретіндерден қорқам.

Жай қорықпаймын,

Сол жатқандарын жатқан-жатқан жерлерінде,

Отырғандарын отырған-отырған жерлерінде,

Тұрғандарын тұрған-тұрған жерлерінде,

Жүргендерін жүрген-жүрген жерлерінде,

Қақ маңдайдан атып-атып кетем бе деп қорқам.

Қаруымның болмағанына да тәуба...

***

Уа, Ер Махамбет,

Елім үшін мен де Өзіңдей құз жастанып, мұз төсеніп,

Тәңірі мен Түзге сеніп,

Қырықкүншілік жерге қайратымды құшыртып,

Алтыайшылық жерге ақылымнан нажағай ұшыртып,

Атамекенімді аңдып жүрген басқаның,

Ата Тілімді қорлап жүрген өзгенің

Обалсыз оқжендет дәтін кек сасыған дәретіме де игізер ем!

Әттең, қолымнан келмей жүр.

Келсе,

Дулығасыз-ақ Айдай Дүниеге айналған Басымның

ақуа дұшпан қолында кетпегіне де өкінбес ем!...

***

Туған Елім,

Сенің таусылмайтын қасіретіңе өртене-өртене:

анық білер - барша сырқатты Сөз емін де,

сұғынан - кәдімгідей тайқып қашатын Көз-Өмір де,

бір ғаламат Нұр жаратылған өзегімде!

Барша еңірегендер жұпарынан жұбанардай,

дұшпандар да іші қанжылап құп алардай

сол Нұрды

сыртқа күшене-күшене шығара алмай,

қатты қорланам, өлетінімді сеземін де.

Мен баяғыдан бері солайша күшенген Обал едім.

Ұрғашы болсам, толғатпай-ақ табар едім!...

КӨКТЕМ. ЖАҢБЫРДАН СОҢ.

Тамшылармен тал біткен сырғаланып,

Қақ суына Қара Ағаш тұр қаранып.

Жұмбақ бір сыр айтпақ па қасқа құмырсқа,

Жұлқылайды мұңайған Гүл балағын.

Күн дегенің - құйрығын нұрмен өріп,

Жайлауында көңілімнің жүрген елік.

Самал-көйлек киінген Ару Ауа

Кемпірқосақпен алыпты сүрмеленіп.

Көкейіне дарытқан Тәңірі мұң

Көркем елдің мен де бір шайырымын.

Қаперіме ұрады қою иісі

Қайран Шеше-Қара Жер қайырының.

Жасыл сөзін жайқалтып төңіректің,

Ойға айнала құлпырар өмір өткір.

Нажағайлы жаңбырдай мен де өзімше

Жылап алғым келеді еңіреп бір...

Жаңбыр ауған көкжиек - мұнар барқын.

Бұзылмаса Көктемге құмар қалпым,

Жылайыншы еңіреп,

Әлгі құмырсқа

Сырын маған айтатын шығар бәлкім?!..

КӨКТЕМІМ-АУ...

Ақ жауыннан отырар шарап ұрттап,

Мен бір қара Күз едім алабұртқан.

Көктемім-ау, жүр саған есі кете

Ғашық болып, үрпиген бала мұрттар.

Білмесе де саналарының сансырарын,

Ақ қайыңның тамсайды тамшыларын...

Есер Көңілім сүйрейді мені өзіңе,

Жүрегімді мытиды шамшыл Арым.

Қазынамды қаласаң, қала менен.

Жаным бірге - жусанды Даламенен.

Сөз айтам деп өзіңе...

Жұпарлепті

Шуағыңа түшкіріп қала берем.

Нажағайдың жарқылы араласқан

У ішерлік соңыңда пәле мас бар...

Бала мұрттарды кетерсің еңіретіп,

Кетерсің сен маған да қарамастан!

Көңілімді қайтемін-ау өрекпіген!..

Айтысады Естегі зерек Пірмен!...

Ескен жел боп ойнаған көз алдымда,

Етегіңе жармасып әлекпін мен...

Айпыр-ай!...

ҚАЙРАН СЕМЕЙ...

Мың қаланың ішінде әз Қарашын,

Сенсің бүгін - қайғымның Астанасы.

Мен не күтем қоғамнан...

Ақыл - түнек,

Көңіл - мола, тіл - өлік, көз - қара су...

Адыра қалды, Семейім, Өлең деген...

Лас арықтар - әжімің, тереңдеген.

Арыстарың жоқ енді,

Ақырысып:

Көк пен Жерді Алашқа берем! - деген.

Алғашқы атың қалай ед, "Абылай" ма?...

Тарихшылар тасыңа маңырайған.

Көне үйлерден ұсқынсыз, көше бойы,

Сүйектеріңді сипаймын адырайған.

Болмай тұр ғой бұл тірлік болжамалы.

Кім біледі, бар шығар олжаң әлі?...

Терің - теңбіл,

Шашың - шаң,

Өкпең - түтін.

Жарнамалар - дүмбілез.

Жол - жаралы...

Іштей ғана егілер намыс-қапаң.

Абай еді - "Сөз" деген ғарышқа Хан.

Ата Тілің омалып үйде жатыр.

Алды-артыңнан ойқастап орысқоқаң.

Сұм заманның сұмырай айласын-ай...

Күдігімді сұр түнде байласын Ай.

Қара Ертісіңе бас ие келіп тұрмын.

Қарақошқыл ағады Ой да осылай.

Қайран Семей, тозса егер тозар бұйым.

Сенің үшін қамыға қозар миым.

Аспан-Көкте құзғындар шыр айнала,

Асықпастан билеп жүр ажал биін...

ӨКПЕШІЛ ГҮЛ

Шығармасын деп сенің жел есіңді,

Бөлме ішінде өсірген - Мен - өзіңді.

Өн-бойыңда дірілдеп үркек сезім...

Ынтықтығымды тұрушы ед бүркеп сөзім...

Білдірмей-ақ мұңайсаң қапыла бір,

Айтып маған қоятын жапырағың.

Мен де ішімнен шығармай өз мұңымды,

Ащы жастан тартады көз бұлыңғыр...

Тегін аңқыр маңайға нұр-әтір - сен,

Мәңгілікті ойлауды ұнатушы ең.

Болмай қалып бойымда жалқынды арай,

Қош иісіңнен қорынып қалдым талай.

Ал, кешкісін күлгін Ай... сен де есінеп,

Есінегендегі деміңнен мен де есінеп...

Ұйқыны да әзілдеп мақтайтынбыз.

Ағып кетіп жататын оқтай жұлдыз.

Мен - алыппын, ал, өзің - кішкене қыз...

Түс көреміз, сонан соң, түс көреміз...

Таң алдында ауа да - ая тылсым.

Сені иіскесем... жымиып қоятынсың.

Бүгін мына ит тірлік ат-арбалы...

Тұлымыңнан бір сипап кете алмадым.

Жасырарлық жоқ менде сұрқия сыр.

Келдім міне, несіне бұртиясың?

Мендік өкпе секілді бұртиғаның.

Көрмеппін ғой өзіңдей гүл қиқарын...

Кешіре сал... қойшы енді еркелемей!..

Дәл өзіңдей - Өмір не -көркем емей?!...

ЭЛЕГИЯ

Көктен біреу төбемнен төнетіндей,

Жерден шығып әйтпесе келетіндей...

Жаңа туған жусан боп елегізе,

Жүрегіме бір жұмбақ шер емізем.

Әйтеу маған бірдеме жетпейтіндей,

Маңыранам кәдімгі Сексек-Түндей.

Өзгелерден өзгеше Жан қысымы ем.

Бірге оянып алатын таң құсымен.

Кезіп шыққан секілді Сөз алабын,

Бір сезімнен құпия бозарамын.

Мақтанарлық түк жоқтай ғұмырыммен,

Шошып қалам өзімнің күбірімнен.

Жадыма да сенбесем, қиын тағы,

Жасыл түгін қозғаймын мыйымдағы.

Бұл хәлімнің таппасам шұғыл емін...

Ауаның да көзіне үңілемін...

Біреу ақырын ішімнен жылады енді...

Қайда барып шығарсам күнә-демді?...

БАСТАҒЫ БАҚТЫҢ БІР СЫРЫ

Біріншісі екіншісін азғырып,

Екіншісі біріншісін жазғырып,

Көңілім мен Ақылым солай арбасып!...

Ондай сынды Құдай басқа салмасын:

- Өртенсеңші бір сұлудың демінен!...

- Байланғанмын Жан Жарымның меңіне!

- Ақымақ-ау, бақыт деген - байлықта!...

- Зар боп қалма шүкірлеткен шайлыққа?

- Өкінбес ең, жетіп алсаң бійлікке!...

- Осы сен-ақ көркейіп ал бұйрықпен!...

Ақылды да, Көңілді де қоса аңдып,

Бағжаң-бағжаң отырайын қашанғы.

Жырлап бердім, көкейге қош Сөз қонып!...

Құшақтаса кетті екеуі мәз болып!...

ӘЙ, ПЕНДЕЛЕР-АЙ...

Құдайға арнап саны жоқ сарай салдыңдар.

Әлі де сала берерсіңдер - балтамен де, балтасыз да.

Ал, атойдан да ұйықтап қалатын арқасыз бар.

Мүңкіген зар мен жалынышқа толы сол сарайларыңнан

көңіл азып, қолқа сыздар!

Сендер Тәңірге неге ренжисіңдер?

Тәңірден неге қорқасыңдар?!..

Ол сендерге Тән берді аңқи алатын, Жұмақтың жұпар дәніндей.

Жыныс берді, іңкәрлік оты жайнаған жасыл өрімдей.

Мұрын мен құлақ берді, иіс пен дыбыс атаулының музыкасын да аулауға.

Көз берді, оқтан да жылдам шұғыла болып лаулауға.

Омырау берді, жыланға да емірене аларлық.

Өкпе де берді, қасиеті бар ғайыпқа ұшып барарлық.

Жүрек те берді, аңқыған Ары - жан Нұры!

Ең бастысы -

жасампаз Мый берді ғой, ізгі ойлай білер мәңгілік!

Сондай ғажап - әр Адам!

Адамдықты берсе, қой да қамалмас еді-ау қорада.

Ендеше,

Құдайға арнап салған сарайларыңда

құр босқа еңіреп зарламай,

қырық өтірік айтып, ылақпай,

неге еркін өмір сүрмейсіңдер,

бұ Дүниені айналдырып Жұмаққа?!

Дайындықтың көкесі де сол емес пе - одүниелік сынаққа!

Әй, пенделер-ай!...

ӨМІР МЕН ТЕАТР

Өмір театр емес, әр аншлагын тойлайтын.

Бірақ, бейадамдар Өмірде артист болып ойнайды.

Ал, шын артист театрда да Адам болып ойлайды.

ЭКОЛОГИЯ

Дүниеге Шөп көзімен қарап едім,

арамшөптігіміз көрінді.

Дүниеге Аң көзімен қарап едім,

қорқаулығымыз көрінді.

Дүниеге Құс көзімен қарап едім,

құзғындығымыз көрінді...

Дүниеге Адам көзімен қарап едім,

дереу қазғым келіп кетті көрімді!

ҚАЗАҚТЫҢ КІЙІЗ ҮЙІ МЕН ҚҰШАҒЫ

Кекшиген Лувр мен Эрмитаж,

Ренессанстың микеланджелолық нұсқасы;

Мысыр мен оның жүздеген пирамидасы;

Көнебабылдық қамалдар,

Шамның сақалды жындардан талқаны шыққан пидасы;

Құдыстың сүлеймендік Храмы,

Меккенің аспантастық Кебесі,

Мантраған буддалық Непал сұлбасы;

Бағзы Грекия мен Римнің алтын вазасы һәм азасы...

Қысқасы,

Тарихы - мың ғасыр да мың ғасыр,

әлемнің барша өркениеттік тұлғасы...

Ешқайсысына таң қалмайды бұл Басым.

Бәрі -

Шаңырағынан - Тәңірі,

Керегесінен Ғарыш сөйлеп тұрған

Қазақ Кійіз Үйінің кебежесіне сыйғасын.

Күллі әлем

Кійіз Үй Ійесінің Ұлы Түз аңқыған құшағына да

еркін сыйып кетпек.

Сансыз елдің рахметті де рахметсіз ұл-қыздарын жыйып-көптеп,

Бара жатыр Басындағы Бағы бійік көктеп!

Егер, сол ұл-қыздардың рахметсіздері Қазақты жоқ еткісі келсе,

Шаңырақ-Күн астындағы өз елдерінің Ақыл-ойы азғындап,

Ар-ожданы мәңгіге күйіп кетпек!..

Құдайым содан сақтасын!

АТАМЕКЕН

Шыңғыс Тауларын айтайыншы, Тауларын!..

Солар біледі - Дүние мен заманның қалай аунарын.

Аспанды тыңдап, шежіре сөйлеп жатады,

Кійе-бұлттардың сіміріп алып саумалын.

Сол Таулардың ішінде,

Жұмақтан бастау алатын,

Бақыт өлкесіне ағып баратын "Шыбынды" деген Өзен бар.

Бақалары да бақа емес, - қосмекенді сазандар.

Мен Дүниеге келген сол жердегі

гауһартекті болып келеді әрбір жасампаз тозаң да.

Жапырағын да ешкім жапыра алмайтыны наданша -

қарақаты мен бүлдіргені де ойлай біледі адамша.

Жатқа соғамын ондағы әрбір Құз атын.

Көк шыбындары да алқызыл бал тышатын.

Жалаң табанымнан дәру егіп әрбір тікені,

әрбір құсы да қанатымен басымнан сипап ұшатын.

Бәрін айт та, бірін айт,

Үр-иісін сезсе, аңшы біткеннің үрейден көзі бағжаңдар,

Туған Жерімнің көкжалдары-ай...

Көкжалдар!...

Саптыаяқ маңында қыңсылатып ауылдың мың итін,

Көкке қарап, таңға дейін көктектілігімді ұлитын!...

Қайран Туған Жер!

Жарап тұрушы еді-ау Таулары - Тәңір күмбезін де тіреуге.

Ашкөз қоғам қасиетті сол Атамекенімді де

сатып жіберді ашкөз біреуге.

Енді қарашы,

қу тірліктің митыңы мен итіңі

көше бойы, үй түбі ұдайы қоздыратын түйтігін

менмен Қаланың

мен де қосаяқты бір итімін...

ДӘРМЕНСІЗДІК

"Өмір көшіп барады... Көктем - аман... Күз - есен...

Бірақ, уақыт даңғойлығы мың есе...

Шіркін, бетімен кеткен Елімді түзесем!..

Жынданып жеткен сан кесел

сәт сайын қосуда шерге шер.

Шіркін, жұртымның

жан жарасын Өлеңіммен емдесем!...

Жел-Маясынан айырыл, жете алмай жүр ме бізге Асан?...

Береген болып еді қай қожа?

Көреген болып еді құл қашан?

Қыз-тәйтік те, ұл-масаң!...

Қаракөктектілігімді құртар болды ғой,

тұмсықтарын бұзып беріп тұрмасам!..."

Қай-қайсысы да таппаған істің ретін,

осындай-осындай көп Ойлар Санамды кезіп жүр еді,

айналасын сан жек көріп, аяп сан...

"Шіркін, тым құрымаса,

тоңазып ұйықтап кеткен бір аш шыбынды оятсам!..."

Терезем алды жұпар гүл маған басын изеп, күледі.

КІМДІ, НЕНІ ҰНАТАМ?

Әрине,

ұнатам әуелі, Күнді - ұдайы ойлана, ғажап жайнаған Тылсымды.

Өзім де ізгі Нұр болуға құлшындым.

Қазақтың қазақы әндерін ұнатам,

жан-дүниемді жылатар да жұбатар.

Сонсоң, Көктемде туар титімдей ғана бүршікті ұнатам,

жұпар уызынан - пенделік барша сасық Жан садаға.

Арғымақтарды ұнатам, лапылдап енген көкала көкпар-додаға.

Ұнатам - шөл Даланың Аспанды да түсінер Көзіне айналған таза қайнарды.

Ұнатам - жарқылдарынан Ел Жазмышы да жалт етер нажағайларды.

Қыздарды ұнатам, бола алса қасиетті қызыл гүліндей шеңгелдің.

Қаздарды ұнатам, қаңқылдарымен де аластайтын көлдерді.

Туған Жерімді ұнатам, қаңтарда да Жұмақ самалындай аңқылдақ.

Қарғаларды да ұнатам, дана сөйлейтін, өз тілінде қарқылдап.

Жұлдызды Түнді ұнатам, мыйымды өзіне қалшылдата тартатын.

Тәнімді де ұнатам, онекімүшелі-алпысекітамырлы ол да - Тіл.

Ең бастысы...

Ең бастысы, өзімнің Сайтанымды ұнатам.

Ол да - өзінше бір адам.

Соның ілімін үйрене жиренген сайын, аулақ бола түсем күнәдан.

Түбінде, Оны адал да әдемі Жар етіп алады Періштем.

Қазіргі жағдай - өзара ептеп керіскен...

***

Өңдегі ашкөз ит тірлік.

Ұйқыдағы опасыз түстер тізбесі.

Осы екеуінен өзге түк таппай,

Жалған Дүниеден өтіп бара жатырмыз біз де осы.

Кім кінәлі?

Шайтан ба?

Қоялықшы бір-бірімізді алдауды, қиялдан дұшпан іздесіп.

Өзіміз ғой жүрген, бір-бірімізді мәңгіртіп.

Ақылымызды шайтан-кейіпте қаңғыртып.

Кірестің асты, сәжденің үсті, кітаптың іші - кезекпен

өлеміз солай, Жанымызды сорып тән құрты.

Аңғал да аңғал ел сенер

Ар-ұят немен өлшенер?

Жанымыз құртсыз болар ма ед,

тәнімізді Тәңірі тірідей іреп берсе егер?

Іремесе, уайым - мың...

Іресе іресін.

Өз басым соған дайынмын.

ЖИНАЛЫС

Ел болуға жұмыс істеп жатырмыз.

Істеп жатқанымыз - Жиналыс.

Үйлену тойы дүркіреп жатыр.

Дүркіреп жатқаны - Жиналыс...

Осындай да осындай үздіксіз Жиналыстардан

мен қайтыс болдым.

Жиналыс мүңкіген сүйегімнің басында арабша сөз қозданды...

Жиналыс.

Тағы бір қатын ұл тапқалы жатыр.

"Шілдехана" деп аталатын Жиналыс алдындағы - Қиналыс...

СӨЗ

Ұйқы тұңғиығына Бас матырыла бастаған

қайбір жұмбақ кездерде,

таң қаласың, кейде долдана, кейде зорлана, кейде арлана,

Мый ішінде дабырласа кеткен Сөздерге!

Олар - өзіңіз ғана естіп, түсінер,

түр-тұлғасы көрінбейтін нұрлы Кісілер!

Сыртқы әлемдегіден айырмашылығы - сол ғана.

Пенделік ит тірліктен сәттік қана қол боста,

Сөз бейнесіне де үңіліп үлгерейікші, жолдастар.

Кей Сөздің тынысының өзі - Жұмақ аңқыған мың арман.

Кей Сөздер сөйлей алмай, жыларман...

Кей Сөз - мойныңда тұрған қыл арқан.

Кей Сөз - сұлулықтан да көрікті.

Кей Сөз - тірілте салады өлікті.

Кей Сөз - тағдырыңызды талқандап жіберуге де ерікті.

Кей Сөз - мың есе мәнді Библия мен Құраннан.

Мый ішінде Сайтан-Сөздер де - мың түмен...

Шоқындылардай сап-сары сасық түртінер.

Меңгере алсақ,

Басымызға Бақ та орнататын - солар,

қаптаған жұлдызқұртымен!

Қазір Көктем ғой.

Төбемізден жарықтық жаңбыр алапат сезім құйғанда,

Бұлт түрінде көшіп жүретін орасан-орасан Мыйларда,

тәңірлік мәнісін ұғынатын бір күн Ел,

нажағай-Сөздер күркірер!..

Ойланайықшы, тегінде.

Не Ақылға - Ійе бола алмайтын - не Көңілге,

осы тірлігіміз де өмір ме?

Ертең,

адамша сөйлеп жатқан Ғарыштан ақырымызды күткенде,

атаукереміз ішіліп біткенде,

Қайран Сөз ғана - бізді тік көтеріп әкететін Тәңірге.

***

Тылсымдана, шексіз кемпірқосақтанған Аспан-Түн.

Тебіреніп тұрмын:

баяғы балалық жас қалпым!

Балқып кетердей, көкейімдегі қошқа алтын...

Төңірегімдегі қараңғы жәндіктерге дейін - өз халқым!..

Түн-Аспан.

Тірі Аспан.

Жоқ Дүниеге ұласқан.

Бір тынысы - он ғасыр.

Ұйқыдағы Қара Жердің түсіне енген жұмбақ әуендей алжасыл

шексіз Ойларға да беріледі-ау деймін Өзі,

Құдайдан кейінгі Ғаламат болғасын.

Осы көркем Түндей

еркін өмір сүргім келеді.

Құшқым келеді тұңғиығындағы қара ағаштарын.

Тұрғым да келеді Айындай жалаңаштанып.

Еріккен иті болып та үргім келеді...

Құмалақшы Құдай (барша барлықтан жоғары)

Өмірі мен Өлімі жарасқан жұлдыздармен бал ашқан.

Үздіксіз құлпыруда - орасан жаңару!

О Қара Аспан!..

тұла-бойымды иіскелеп қояды Самалы.

Бұл Түн - сезім атаулы ұйығар Түн.

Бұл Түн - үрейі мен шаттығы, мыйы бардың.

... барлық жарғанаттарын да,

құйрықты жұлдыздарға да қанат ұрып үлгерер

пәруаналарымен қоса,

Санама қотара құйып алдым.

***

Кейде,

иә, кейде, көшеге шыға қалсам,

орыс мұжықтарының оқты көздерінен;

еркекшоралардың боқты сөздерінен;

арсыз саудагерлердің жымысқы миықтарынан;

әкіреңдеген сақшылардың жұлдызды иықтарынан;

сасық-пасық жігіттердің тыртың-тыртың тірліктерінен;

ашық-шашық қыздардың жыртың-жыртың кіндіктерінен;

ақша бұрқыратқан семіз де семіз шайқалыстардан;

амандаса қалсаң да, адырая қалатын бейтаныстардан;

көз жауына көлденең алтынқақпалы менмен тосқауылдардан;

өзге тілде шүлдірлеген тасбауырлардан;

дамбалынан сақалы ұзындардан,

тағы да сол сияқты, сансыз құж-жындардан

өлердей құнысып бара жатқанымды сезіп қалам...

Иә, бара жатам өлердей құнысып.

Өзіммен қоса құнысқан қош Қайғым.

Оған да саспаймын.

Бірақ,

сығымдалған Жаным сығымдала берсе,

Тауды да төңкеріп тастаймын.

***

Мына әлемде білімділер бар, білгіштерді аузына қаратқан.

Батырлар бар, бет-аузы да көрінбейтін жарақтан.

Ғалымдар бар, заттың да к.... н дөп тапқан.

Көсемдер бар, көп үйренген ақымақтан.

Мамандар бар, итақайды да сөйлеткен.

Сұлулар бар, культ жасаған көйлектен.

Саясаткер... саудагерлер, көп діндар...

Бәрі де бар.

Адам ғана жоқ мұнда!

Жалғанша Дүние-ай, жалғанша!

Менің көкейімде де зар қанша!...

Қайда-а әлі -

сындырар дәретім де жұпар болғанша!..

ӨКІНЕМ

Ана сүтінікіндей жұпары сәбилерді де жұбатқан,

Мейірімі - көлеңкедегі қарашұбар мұзды да жылатқан,

Өлең болып та оқылатын құрақтан

Көктемгі Күн шуағы болмағаныма өкінем.

Пенделік мүңкір иісті мөлдірімен-ақ жасыратын,

Жақсы сөзге де бір сәтте мыңдаған шақырым айқара ашылатын,

Қиялға да сәт сайын жасампаз қуат болып қосылатын

Ауа болмағаныма өкінем.

Айдалада бозалаңдаған ақбөкендік жүз мың сүйек сынды,

Немесе,

Еңірек күй кіндігінде дір-дір еткен тиек сынды,

Ай бойына тоқталмас күйек сынды - ерекше мекірең...

Әйтеуір, ел-жұртты бей-жай қалдырмас

сондай Ақ Жауын болмағаныма да өкінем.

"Өмір!" деген сөз оқылар кез келген тасының да демінен,

Қара Жер де - көкіл-өң.

Сол жарықтықтың

Өліктен де гүл өсіретін Топырағы болмағаныма да өкінем.

О Тәңірім,

Көңілім тұрған жоқ көншігелі.

Сан жеткісіз құрттар бар өршімелі.

Пендешіліктен биік қыла көрші мені!

Өкінбес ем.

***

Елім мұхит болса, балығы - мен...

Жарықтық Шешемді аңсаймын,

Жанымды нұрландырған, ақ шашының да жарығымен!

Мойындаймын, - ақылым қатал болса да, көңілім босаңдау.

Жаутаңдаған жан көрсем,

бір құшақтап өткім келеді, қашанда.

Жеткім келеді арманға.

Туған Жердің сасық батпағын да өпкім келеді.

Кеткім келеді ілесіп - санасы таза жандарға.

Өтірік айтсам, өз Арым мені соттасын.

Айналасына аңқып тұрсын деп,

әділ басқарып келем отбасын.

Өкінішіне де өкініп өңге елдің,

қайғысымен де емделдім.

Адам болып қалу үшін, сайтан ілімін де меңгердім.

Келесі өмірге де асықтығым бар.

Соның бәрі -

у ішкен тостағанымды да жуып беріп отыратын

Жан Жарыма ғашықтығымнан.

***

Көмкерердей Жұмақпен ғұмыр шетін,

Мына Көктем о неткен туыс еді!..

Туған Жерін сағынтып жеткен үйрек

Көңілімнің де көлінен су ішеді!

Ал, тау басы ән салып арша бұла,

Пысқырмаған ешкімнің мансабына.

Әр тал шөп те көз ашып топырақтан,

Жармасады әр нұрдың саусағына!

Түсінбестер Көктемнен не біледі,

Түйсігімнің маралы мөңіреді!..

Ермен биін билеген Қыз-Самалдың

Етегінен көбелек төгіледі!

Енді мен де құр қарап тұра алмаспын,

Жартаспен де жап-жасыл мұң алмастым.

Қош Өлең боп аузымнан бұрқырайды,

Сұлулыққа арбалған жын- албастым!

Жаңа туған төл иісі-ай!... шала маспын.

Өз-өзімнен қызғанып, ала қаштым!

Жапырақтары жарыса былдырлайды,

тамырларын сүт кернеп кәрі Ағаштың!

Ойнамасақ, қобыздың өзі-ақ ойнар!...

Бүр шашады мыйымда ғажап Ойлар!

Өмір аңқып тұрғаны-ай моланың да,

Бұлт ішінде жайқалып нажағайлар!..

***

Музыкасына елтіп арайдың да,

бұлтына дейін бүршіктеніп алған Көктемге қараймын да,

тегін дәнге үйреніп алған кептерге,

жолға өсіп шыққан ақымақ шөптерге,

бір де бір тұлпары қалмаған Қамбарға,

Құраннан басқа кітап оқымайтын жандарға,

қызыл сөздерге құрбан болған ақпейіл қағаздарға да,

сүйегін жел кеміріп бітірген кейуана Қысқа да,

Ақылыма көне бермейтін көкалатаз Көңіліме де...

жаным ашиды.

Тым болмаса бір күрсініп алайын десем, -

Ауаны да аяймын.

Сонсоң еріксіз, жаңбыр шақырып,

барлығын да кемпірқосақпен бояймын...

***

Өлерімізді біліп жүрсек те, өлеңдетеміз үнемі.

Жоқ дерттің де бар бір емі.

Таң қалам.

Аңқылдақтар ешқашан байымас.

Діндарлар Құдайды танымас.

Таң қалам.

Сұлулықта - барлығынан тек нақ сайтан-қыз өңді.

Таң-ғажайыпқа да таң қалмайтын болдық біз енді.

Таң қалам.

Кейбіреулер кісілігінің жәндіктен ұсақ екендігін де аңғарам.

Өзіме ақыл айтады заманы бөтен жан балам.

Бақсы да, Жын да басқа емес, - мына мен болам.

Таң қалам.

Таңданамын деп жүргенімде, жоғалып кетіпті даңғарам...

Таң қалмаймын.

***

Өмір - өмір десеңші неғылған,

ойлана білмесе омыртқаң, қамыға білмесе қабырғаң.

Хайуандардан ұят-ты.

Түсінігіміз де қызық:

бір бетінен "Құдай бар!" деген дем ұрған,

бір бетінен "Құдай жоқ!" деген дем ұрған

бір парақ қағаз сияқты.

КЕЙДЕ БАР ҒОЙ...

Кейде бар ғой, көзім мен көңілім сенетін

жаңа қағидалар құпиясын оқығым келеді,

қорқынышым мен күдігімді ұмар-жұмар жастанып.

Бірақ,

кітап атаулы - бәдізшінің мәңгі жазулары секілді тастағы...

Ар жағынан шулап тұрады, әділетке аш халық.

Кейде бар ғой, арақпен бірге,

арзымас ақылымды да сарқа ішкім келеді...

Түрмеге де түскім келеді, ақиқатты айқайлап.

Бірақ,

бір сайтаным жібермейді Қой-Қой!"-лап.

Со кезде құсқым келеді...

Кейде бар ғой, бір жаққа кеткім келеді қаңғырып.

Ақымақтықтан жерініп мәңгілік.

Бірақ, қайда барсам да,

Басымды көре қалып, балта іздей бастайды жаңғырық.

Кейде бар ғой, шоқынып я жайнамаз үстінде құнысып,

болғым келеді әйтеуір бір дін іші.

Бірақ,

Жалғанға бір, Жаратқанға бір жаутаңдар

құлдығы ондай құрысын!

Кейде бар ғой,

бетін шешек өртеген безбүйрек Түннің

тың тыңдап жап-жарық жалғыз құлағы,

Санамда күркіреп

Аңқырым мен Мүңкірімнің сансыз сұрағы!...

Мен сондай аяусыз Ар сотында еңкілдеп ылғи жыладым.

Бірақ,

азанда,

бірдемелері бүлкілдеп қазанда,

Тұрмыс жылмиып тұрады...

ФЕЙСБУКТЕН КӨРГЕН БІР СҰМДЫҚ

... дәулетіне мас болған, сорына - құл,

иттің ғана баласы-ай, жарым ақыл:

еріккендік - Есінде, қолда - мылтық,

мотор мініп індетті Бөріні ақыр!

Қан сійді ме - дегенмен - бұтына сұм,

боратады балағат бытырасын!

Масқараны сондайлық көргенімше,

төзімімнің гауһары шытынасын!..

Қос өкпесін өшірген бөрте сүрең,

садағамын Түзімнің еркесінен!

Қарай берді мылтыққа, айбат шеге,

самдағайлап мың жебе желкесінен!...

Надандағы сумаң тіл - бір қызыл аң...

О сақтай гөр Сананы жын құсынан!

Иттің ғана баласы шошып кетті,

үрей сасып мылтығының ұңғысынан!

Бір атқанда - арс етіп, наза тынды.

Екі атқанда - Кійесі қозатын-ды...

Үш атқанда - шыңғырып көзі ақылды,

перенге өзі атылды!...

Мәртмінезді Ер қайда?

Қайда Құмай?

Қасқырлықты қорға, Күн!

Қорғағын, Ай!

Өз Арының айналып құрбанына,

шайнап өлген мылтықты, Арланым-ай!..

Адамдықтың таба алмай жұрт тамтұғын,

Санадағы түгелдей құрттанды ұғым.

Арсыз қоғам ішінде ырылдайды,

қасқырлығымда сақталған Сырттандығым!..

АМАЛ

Күн ішінде аңқыма... бір Құдай бар...

Көктемдегі көбелек шіркін Ойлар!..

Көңіліңе жасырынған көз қытығын

саусағымен бүршіктер түртіп ойнар!

Өз ішінде құпия Ес те ысқырып!..

Жұрт дегенің жұрт емес - қош-қош қылық!

Жаңа туған жапырақтарға жаутаң қаға,

мүк бітірер бойына, тас та ышқынып!

Әлденені күбірлеп өбек ерін...

Көктемім-ай, көркемім, берекелім!

Самал менен дулы топ....

Айыра алмайсың

қайсысы Сөз, қайсысы Жел екенін!

Қайран-қайран, Өмір-ай, есіл-есіл!..

Аңқытады жадыңнан шежіресін!..

Топырақтан да ерен қош бұрқағанда,

табаныңның да танауын сезінесің!

Иіскей-иіскей мас болып қыр аршасын,

сусылдатар түн бойы құмар шашын!..

Көктем деген - ешқандай әтірсіз-ақ,

тәніңнен де бір тылсым жұпар шашу!

Бұл амалда не болар жаңғырмасақ?

Жайқала өткен жаңбыр-ай, аңқыр ғажап!

Қызық-жасыл үркектеп кірпігі де,

алақаныңнан су ішер Кемпірқосақ!..

ҚОЛДЫ БІР СІЛТЕУ

Әй, Адамзат,

Жан-жақтан жамыраса мыйымды ашытпай, кетіңдерші!

Біз барлығымыз - бір-бірімізді жетім еткен жетімдерміз!

ҚАРҒАМЕН БІР СӘТ ТІЛДЕСУ

– Оу, Қарға құс, санаң бар.

Құр қарқылдай бермей, сен мынаны айтшы онанда:

Ел таба алмай жүрген Жер-Көктен -

үміттісің бе - Тәңірінің Жүзін көрмектен?

Бізден ұзақ жасайтының да содан ба?..

Тегінде, Тәңірінің Елесін

Көктемнің барша нұрын тоғыстыра алсаң ғана, көресің!..

– Айтасың-ау сен де бір...

Ғұмырының қысқа болатындығы пенденің:

көксеместі көксейсіңдер, шерленіп.

Құр бекерге жыланба.

Көктемнің де түгел нұры тоғысады менің ұямда...

Сенің ұяң - Туған Елің!

Туған Елің үшін өле алсаң...

Сонда ғана Тәңірінің Жүзін көрерсің... көре алсаң...

МЕН КІММІН?

Мен кіммін?

Ата Тілін дүбәра ұрпағы жаялық еткен - бір ұлтпын.

Құрсағында болашақтың қайырлы Күні күшенген - Ымыртпын.

Қоңыр Мінезімдегі қоңыр Төзіммен -

қожаланған барша арсыз қонағымның да келеді

мейірімін тірілткім.

Мен кіммін?

Жер-Анасын бөгделер күң еткен бір елмін.

Арыстарымды ардақтаған Ажалыммен - түгелмін.

Көз жасымның көсегелі тамшыларын алақанымда жайқалтып,

айдай Әлемнің де амандығын тілермін.

Мен кіммін?

Кәдімгі бір қазақпын.

Мұң іздеп қайтем, Қазақ тірлігінің өзі-ақ - Мұң.

Ол Мұң Тәңіріге бірде ыңылдай қалса,

топырағы гүлдеп кетеді Тозақтың...

ДЕПРЕССИЯ?

Көктемім-ау, мен сендік Нұрға сенем!..

Бұйра-бұйра жусан-шаш Қырға - сәлем!

Құйрық жүнін құлпыртқан құрға - сәлем!..

Қала қарап отырмын балконымда.

Қала деген немене?

Ұрғашы Әлем!

Ауа қалса оныңа ықыласым,

Ой-санамның айнасы шытынасын!

Көрмейсің бе, Көктем-ау,

көргенсіздеу

көше жатыр саудаға бұтын ашып.

Жан қозданып азанда, кешқұрым - қан,

армандауға аңғалдар босқа ұрынған.

Құйрық-жалы жалпылдап көзге ұрардай

айғыр-қыздар жүр, әне, осқырынған.

Әй, садаға кеткірлер қос бұрымнан!..

Құмар тілі - дыбыссыз... Ол - ғайып тіл!..

Қане, Көктем, дұрыстап байқайық бір:

қатын Қоғам қоздырған олигархия

мүшесі ме - бір сабаз қайқайып тұр!

Тыңдап алып түнімен Ай құсасын,

таңғы арайға нан үшін байғұс асық.

Ақша мүңкіп біреулер өтіп жатыр.

Өтіп жатыр біреулер қайғы сасып.

Қайда - шіркін күлкіге бөленген ел?

Көкейіңе қалайша өлең келер?

Әлденеден түңіле,

әлдеқайда

жөңкілген жұрт!..

Жұрт емес, - көлеңкелер!

Бір-біріне - барлығы - күнәлі адам?!

Бір-біріне - барлығы - шүбәлі адам?!...

Экраннан шүлдірлеп орыс-қожа,

араб-құдай сарнайды мұнарадан...

Көктемім-ау, Жан - қуат, дене - тырбың.

Ал, мен - "Қазақ" аталмыш көне Тілмін.

Өліп кеткен Көңілімді

қош нұрыңа

жуындырып, жерлейін деп отырмын...

***

Соқыр өмір - мына өмір - ақсақ өмір.

Бетсіздіктен басқаны көксемегір!

Ақша-Ақылдың айналып малайына,

айырылды тағынан Патша-Көңіл.

Жателдікке құбылтқан сәби үнін

мектеп те ұқпас Жан мұздап, қан ұйырын...

Қазақ Тілін жұлып ап ашкөз Қоғам,

сүрткілейді ластанған әбүйірін!

Саудагерлері өзара "Қатын-ай!"-лап,

саясаткерлері өзара "Батыр-ай!"-лап,

ойнас Ойлар қоздана,

Патша-Көңіл

көтенінің үстінде жатыр ойнап!

Діндар да көп, өзара "құдай!"-ласқан.

Қазағымның тұнығын ылайласқан.

... Қара Жердің білмеймін не істемегін.

Білетінім - бір күні құлайды Аспан!

МИКРОКОСМОС

Мың сан перінің дауылдатқан сарғылт күшіндей

кеше бір көрген түсімде,

ғарыштана сөйлеп жатқан Тәңір тілімен

миллиардтаған Ойларымның

елеусіздеу бірінен

сайтан-елестер ербеңдеп,

сасық жарқылдарды көріп қалдым мен демде:

адамша зарлап, амалсыз шоқынған алапат Қоңыраулар;

өті жарылғалы тұрған атом бомбалары;

қара Көңілдерден қозғындаған Х-вирустар;

жаппай ұрғашыланып бара жатқан ағаштар;

сандырақтаған Ауа;

кіндігіне құбыр сұғыла, шырқыраған сорлы Жер-Ене!...

Түңілдім.

Іле,

ең титімдей Ойыма да үңілдім:

Бақыт аңқыта балқып Нұр,

таң-ғажайып Мейірімнің Музыкасы шалқып тұр!..

Ғарыштанған Есім ішін шұғыласымен тұтас тербеткен

жұпарлы сол Музыканы (елжіреген шер неткен!)

менің тірі Сазсырнайым ойнауда!

Мәңгілікті - сезім түрінде ойлауда!

Сазсырнайым!... әппақ түгі ен жайқалған Жүрегім!

Үр-Өмір!..

КӨКТЕМ ДЕМІНДЕ ШАЛЫҚТАҒАН БІРЕР ҚЫЗҒЫЛТ СӨЗ...

"Алабұртпа - Құдайдың бұл ғасыры.

Бүр аңқияр, еліртпе нұрға асылып.

Сен де аңқия көресің -

көктемдегі

көлбең қаққан ақсайтан-ұрғашыны!

Түйсігіңді желпінтіп қаз қанаты,

көкшілдене - самал жел - маздар әтір.

Ал, ақсайтан-ұрғашыны көрген көздің

көркем құрт бар - ішінде - қозданатын!

Құрымасын сол бір құрт... құрысын-ай!..

Бір ұрғашы - біртұтас ұлыс-ұмай!

Мыңсандаған, шіркін-оу, көз бен безді

мықынына бөктерген жүрісін-ай!..

Дәтін тосып сұқтарға қара құрым,

Жымияды қулана, ол ақырын.

Көзін саған ауната бір төңкерсе,

ақтарылып қалар-ау бар ақылың!

Көңілауған, әйбәй-әй, көңілауған!...

Көкжиекке көксағым-өмір ауған?...

Жұмақ иісі ұра ма кеңсірігіңе

алмалана жайқалған омыраудан?!..

Әй, ақсайтан-ұрғашы-ай!..

Алмасынан тағы да жегізбек-ау!

Аһ ұрғыза, "Әттең-айй!..." дегізбек-ау!..."

ҚАЙРАН ЖАН ІШІ...

Дүние десе - дегелек

мына біздің

сәби нұрындай ерен шалқуға тиіс Жанымызға не керек?

Қиналғанда -

өзге қасиетті сөздерден де өзгерек

бір ауыз жұпар Сөз керек.

Көз керек - адамдығын үн-түнсіз көркем шыңғырар,

бір жарқ етсе, жылап жіберетін мұңлылар.

Мына Өмір -

сол екеуін

бір-бірімізден аяғандағы сараңдығымыздың жарысы.

Еһһ!...

Сәби нұрындай ерен шалқуға тиіс - қайран Жан іші!...

МУЗА

Алаш Арыстарының Шешесіндей

Семейдің

мұң аңқыған көшесінде,

қарама-қарсы ана беттен,

бір Арудың тостағандай көзін көрдім, жүрегіме қарап өткен!..

Сол-ақ екен,

бір тылсым қуаттан теңселе кеткендегім...

Көктемге сүйсініп, бүршіктерінен өпкендегім;

ит тірліктің жетегінен тартына тұра қалып,

Туған Елімнің көне әндеріне жылағаным;

Жан Жарымды бауырыма басып езілгенім;

немеремнің күлкісі ішінде сәтке көз ілгенім;

Қара Өлеңнен қағаз тірілерде, қаламыма ғана сүйенгенім,

(сонда, Санама сыбырлаған Жұпар Ійем менің...);

періштелердің де сезініп иісін керім,

Дүниенің музыкалы тынысын да түйсінгенім;

мың сан Ойыма кәдімгідей көріне - қиялдағым мен армандағым,

Өмірдің мәнісін ұғына, әп-сәтте нұрлана қалғандағым!...

Бәрі-бәрі (Шілтендер тілегі ме?!..)

асыққандай мейірімді жын еліне:

бір-ақ рет төңкеріле қараған жүрегіме

әлгі Арудың

жанарында кете барды дөңгеленіп!...

Мендегісі - көзі жәудірей, бәріне көнген ерік...

***

Құлпырады Құдайдың жұмыр Күні.

Дір-дір еткен әр сәуле - ғұмыр қылы.

Құлағына құс ілген Көктемім-ау,

Омырауың - мың бүршік, мың үрпілі!..

Арам жер жоқ бойыңда!

Жан қошы бар!

Жауқазыныңдағы майыңның тортасы - бал!

Көкқияқ-тырнақтарың, ол да - жұпар!

Тіпті, Сен шығаратын жел де - жұпар!

Ой да, қыр да - жайнаған рең балбұл!

Көк теңіздей шалғыныңда Кійең бар бір!..

Бірақ,

Маскүнемдер мен қаскүнемдерді де қойныңа алып жатасың!..

Мейлің.

Мен Сені сүйем бәрібір!

01. 03. 2016.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: тыныштықбек әбдікәкімұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар