Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қарашаңырақтан төгілген қара өлең...

16.05.2018 8000

Қарашаңырақтан төгілген қара өлең

Қарашаңырақтан төгілген қара өлең - adebiportal.kz

Қарашаңырақ – қазақ үшін қасиетті ұғым. Оның қасиетті болатыны – отбасылық дәстүр мен танымның атадан балаға мирас болып жалғасатынында. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған бұл рухани қазынаны ешбір байлықпен теңестіруге болмас.

Міне, осындай салмақты құндылықты санасына сіңіре білген Серік Сейітман 14 мамырда Бейбітшілік және келісім сарайында Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қарашаңырақ» атты шығармашылық кешін өткізді.

«Қарашаңырақ!

Сенен асқан кие жоқ,

Атам кетіп, әкем қалған ие боп.

Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,

Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ.

Қазақстан!

Сенен асқан кие жоқ,

Бабам өткен, атам өткен ие боп.

Тасың түгіл, тасбақаң да аманат,

Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ»

– деп тағылымды шараның томағасын сыпырған Серік Сейітман өнерсүйер қауымға ерекше алғысын білдіріп, осы сарындас тағы бірнеше жауһар туындыларын оқыды.

Қара өлең мен қара сөз құстың қос қанатындай қалықтап, әсем ән әуелеген әдемі кешті Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы былайша сабақтады: «Мен бұл ақынды ең алғаш рет Қазақ радиосы арқылы беріліп жататын хабарлардан тыңдай бастадым.

Тәуелсіздік!

Биігін-ай бағаңның,

Аманаттың ақ жолында адалмын.

Бір сен үшін жасын сықты анам мың,

Бір сен үшін басын тікті бабам мың.

Бір сен үшін отқа түсіп жан шыбын,

Бақытынан безді бабам бал-шырын.

Ұйықтамады,

Көз шырымын алды олар,

Маңдайына сабын тіреп қамшының.

Осы жолдарды тыңдаған сайын «қандай жүрек толқынысы мынау, неткен суреткерлік» деп тебірене тыңдап жүрдім. Қазақ тарихын аудара қарасаңыз, дәл осы бейне көз алдыңда тұрары хақ. Ақындық көрегендіктің бір түрі осы емес пе, ағайын? Осынау кең байтақ жерді бабаларымыз осылайша қорғаған, осылайша аманат еткен. Ақын осыны сезінеді. Өлең-сөздің құдіретімен сіздерге сездіреді».

Сонымен қатар, Өмірзақ Айтбайұлы кеш иесін Халықаралық Қазақ тілі қоғамының құрметті мүшесі ретінде қабылдап, мемлекеттік тілді насихаттау мен оны өмірге ендірудегі қайраткерлігі үшін «Ана тілі» төс белгісімен марапаттады.

Кеш барысында Нұрлан Өнербаев, «Дәрібаевтар» отбасы, Арман Дүйсенов, «Жігіттер» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев, Ұлту Қабаева, Салықовтар отбасы, Ибрагим Ескендір, Есет Сәдуақасов, Айгүл Мақашева, Гүлназ Нұрбалина, Мақсат Айтжанов және т.б. өнер қайраткерлері ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Серік Сейітманның шалқар шабыты қаймағы бұзылмаған қазақы тіршіліктің бел ортасынан алынғаны сезіледі. Сондықтан болар, ақжарқын ауылдың мамыражай тірлігі мен асау арғымақтың шабысын жырлауға келгенде ақын алдына жан салдырмайды. Терең толғаныстан туған шайырдың осындай нәркез шығармалары «Қарашаңырақ» кітабына еніп, оқырманға жол тартқаны есімізде.

Арғымағым!
Тимей менің жастыққа жар құлағым.
Тұяғыңның дүбірін ести қалсам,
Қара түнді, көзі ілмей, таңға ұрамын.

Шұбар айғыр!
Арналады өзіңе Құралай-Жыр.
Құба жалың көзіме елестесе,
Ет жүрегім қалмайды жыламай бір.

Тұлпарым-ау!
Сағыныштың сазды әнін шырқадым-ау.
Қанатымнан айрылдым қапияда,
Маңдайымның соры да тым қалың-ау.

Қанатым-ау!
Ішім-күйік болғанда. Дала-қырау.
Көзіңдей ғып төріме іліп қойдым,
Тізгінінде жүгеннің нала тұр-ау.

Сағым Күлік!
Жазғаным жоқ бұл жырды жаным күліп.
Сауырыңа бір қамшы салдырмадың,
Қамшы-саптай ғұмырдың мәнін біліп.

Қазынам-ау!
Бұл өмірге жүрмейді базына-дау.
Бауыздалар сәтіңде
Үйіріңе,
«Қош бол» айтып дауысың азынады-ау?!

Тас қамалым!
Үйіріңді иірді қас қабағың.
Аман болсам,
Көктемде отау тігіп,
Отбасымды дәл сендей басқарамын!

Даланың дархандығы, арғымақтың сом тұлғасы мен тағдыры, оған деген ақынның жүрек сыры – бәрі де бір өлеңнің болмысынан аңғарылып тұр.

Сонымен қатар, кеш барысында Серік Сейітман Есіл жағасында бой тіккен ерке Астана, бабалардан аманат болған бостандық тақырыбында жазылған өлеңдерін оқып, ойлы көрерменнің оң бағасын алды.

Біржан АХМЕР

(Фото: Артем Чурсинов)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар