Мәрлен Ғилымхан. Қанша уақыт жазылғаны емес, қалай жазылғаны маңызды...

Бөлісу:

18.11.2024 267

– Мәрлен, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша еңбектенгеніңізден хабардармыз. Әрбір еңбектің нәтижесі болады ғой, жұмысты неден бастадыңыз, қайда бардыңыз, алдымен осы жөнінде айтсаңыз.

– ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша Ақтөбе қаласына бардым. Бірден іске кірісіп, облыс орталығында орналасқан «Өнер» және «Руханият» мұражайындағы, Әлия Молдағұлова музейіндегі жәдігерлермен таныстым. Екі сағатқа жуық уақыт ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мейірхан Ақдәулетұлының әңгімесін тыңдадым. Мейірхан аға менің өлеңдерімді 2016-2021 жылдар аралығында жарыққа шыққан «Адырна» журналына бірнеше мәрте жарқыратып жариялаған еді. Сол кездерде телефон арқылы тілдесіп, амандық-саулық сұрасып жүрдім. Шығармашылық сапарларда кездесіп қалған сәттерде де жылы қабақ танытатын. Ол мені құшақ жая қарсы алып, батасын берді. Өзінің қос томдық таңдамалы шығармалар жинағын сыйға тартып, Ақтөбе өңіріне қатысты бір қап кітапты арқалатып жіберді. Аталған облыстың тарихына тоқталып, осы аймақтың біртуар перзенттері туралы біраз мағлұмат айтты. «Жас кезінде адамның бәрі жақсы. Жас кезінде адамдар жараланбауы керек» дейді Мейірхан аға.

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ертай Ашықбаевпен де кездестім. Ол түрлі тақырыпта әңгіме өрбітіп, Ақтөбе өңірінің киелі жерлері жайлы сөз қозғады. Ертай ағаның мен тұратын қала туралы әдемі өлеңі бар. 

«Орал-ғалам, о, шіркін, Орал-ғалам, 

Көне музей секілді тоналмаған». Бұл өлең жолдары жадымда жатталып қалғалы қашан?!

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов ақыл-кеңесін айтып, іссапар құжаттарын реттеуге жәрдемдесіп, қолдау білдірді. 

Ақтөбе облысы Алға ауданының құрамындағы Бестамақ ауылының маңында орналасқан Есет Көкіұлы кесенесіне табан тіреп, батыр баба рухына зиярат еттім. Айта кетейін, Есет Көкіұлы – қазақтың даңқты батыры, Әбілқайыр ханның сенімді серігі. 17-18 жасында қолына найза алып, Еділ қалмақтары мен Жайық казактарына қарсы тұрған.

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері Рысжан Қарағұлова мен Балагүл Бақиеваға алғысым шексіз. Олар ұсынған мақала-материалдардың, түрлі жинақтың пайдасы тиді. 

Біраз ізденіп, үзіліссіз жазуға тура келді. Нәтижесінде «Төбелер стихиясы» атты кітап жазылды. Жинаққа Ақтөбе өңірінің арғы-бергі тарихына, белгілі тұлғаларының өмір жолына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты өлең-жырлар, поэмалар енді. 

«Дала гүлі» поэмасында қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірі жан-жақты қамтылды. Оның ойынан кетпеген өлі бала бейнесі кейіпкер ретінде майдан даласында атой салады. Әлияның көз алдында көз жұмған бала... Кітап көп ұзамай жарыққа шығады. Сол себепті поэманы бүге-шүгесіне дейін тарқатып айтуды жөн санамаймын. Оқырман қауым өздері ой елегінен өткізе жатар. Кейбір өлең-жырға ел мүддесі үшін еңбек етсе де, заманнан зәбір көрген тұлғалар ғұмыры негіз болды. Батырлардың ерлік істері суреттелді. Сондай-ақ «Ноталар қалықтайды» поэмасында Ахмет Жұбанов бейнесі бар. 

– Сапар шегіп жүргенде немесе ізденіс барысында басқа бір жаңа ой, идеяның келетіні бар, осы жолы діттеген мақсаттан бөлек тапқан олжаңыз бар ма? 

– Мен өлеңді өте сирек жазатынмын. Осы сапар, осы ізденіс көп жазуға болатынын, көп жаза алатынымды ұқтырды. Сапар демекші, аталған кітапты жазуға кірісе бастаған уақытта әдеби турға қатысып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Alqa» әдеби жастар клубының мүшелерімен бірге Алматы, Жетісу облыстарын араладым. Жас қаламгерлер қос өңірдегі тарихи маңызды жерлерге барып, мәнді-мағыналы шаралар өткізді. 

– Белгіленген мерзімі қысқа көрінді. Жалпы бұндай жобалар не береді, осының себебінен жақсы дүние жазылып қалды деп сеніммен айтуға бола ма?

– Меніңше, көркем туындының қанша уақыт жазылғаны емес, қалай жазылғаны маңызды. Мұндай жобалардың пайдасы көп. Кез-келген қаламгер үнемі ой үстінде жүреді. Шығарманы қысқа мерзімде жазып бітіруі үшін ақынның немесе жазушының ішкі дайындығы мықты болуы керек. 

– Енді сіздің ақындығыңызға келейік. Бір уақыттары әуелі атыңызды естіп, сосын өлеңдеріңізді оқып едік, әуелі назар аудартқаны – «Шизофобия», «Аномалия», «Туннель», «Архетип» деген сияқты аты бөлек екен. Бұл сіздің ізденісіңізден бе, әлде, өлең тумас бұрын аты бірінші келе ме? 

– Жоқ, бұлар мүшәйраларға, әдеби байқауларға ұсынылған өлеңдер емес. Атаулары ғылымиланып тұрғанмен, өлеңдер қарапайым. Адамның қорқынышы, баянсыз қарым-қатынас, өзге кеңістіктер және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы. 

– Поэзияны түсіндірудің қажеті жоқ, оны оқу керек. Десек те, «Менің шынайы күрсінген дәуірім қайда?» деп өзіңіз айтпақшы, бүгінгі ақындардың мұңы кейде жасанды көрінетіні бар бізге. Әлде кейже ақын біткеннен күрескерлік күтеміз бе? Сіз қалай ойлайсыз, ақындар мына қоғамдағы әділетсіздіктермен күресуге әзір ме, әлде оларға алыстан бақылап, не сезінгенін жырына қосса жетіп жатыр ма? 

– Ақынның міндеті – жазу. Немен шұғылданып жүріп жазады, ол тағдырына тікелей байланысты дүние. Әйгілі неміс жазушысы Гессе Германның «Кітапқа айналған адам» атты эссесінде бір оқырманның тағдыры баяндалады. Балалық шағында көп қиындық көрген жігіт күні-түні кітап оқиды. Театрға барған күні Шекспирмен танысады. «Отелло», «Ромео мен Джульетта» пьесаларын парақтауға кіріседі. Санасында көне рим мәдениеті туралы ойлар, есте жоқ ескі замандағы сұлбалар жосып жүреді. Заманауи әдебиетті ұнатпайды. Достоевскиймен, Толстоймен, Гамсунмен, Августинмен жиі сырласады. 

Өз-өзіңді тануға шақыратын грек ұранын оқыған кезде біраз жасқа келіп қалыпты. Лезде өткен шағын есіне алады. Шаң басқан қағаздарға көмілген уақытын көреді. Сансыз сауалға шырмалған күйі Уайльдты, Флоберді оқиды. Сөредегі кітаптардың құлағаны, адамзат бастан кешкен небір зұлматтың құлап бара жатқан кітаптардан ұшып шыққаны түсіне енеді. Қағазға айналғанын, нағыз өмірдің қабырғаның арғы жағында екенін ұғынады. Эссе соңында ол жас қызбен кездесіп, жан сырын ақтарады. Оны осыншама ойлантқан грек ұраны. Бір-ақ ауыз сөз адамның бүкіл өмірін өзгертеді. Гессе Германның жеткізгісі келгені осы. Қысқасы, ақынның сөзі ешкімді адастырмауы тиіс. 

– Ізденіс демекші, осыдан алты жыл бұрын порталға «Космос хиромантиясы» деген дүниеңіз шыққан екен. Арғы-бергі заманның данышпандарына үңілуге талпыныс қылып, өзіңіздің де толғанғаныңыз байқалады. Мүмкін, проза жазып көрмекші болды ма екен дедік. «Болжам» деген циклдық дүниеңізді де оқыдық, жалпы осы әлқиссасын әуелі қара сөзбен бастап, толғанып келіп, арасында өлеңмен өрнек салып отыруды жаңа форма демесек те, ерекше көрінеді, бұл оқырманға қалай әсер етеді екен? 

– Бұлар танымдық дүниелер ғой. Менің жанрым – поэзия. Мен өзімді өлеңнен тапқан жанмын. «Космос хиромантиясында» адам жанының салмағы жайында сөз қозғадым. Мен осы тақырып аясында көп іздендім. Зерттей берген сайын тұңғиыққа батып бара жатқанымды сезіндім. Ал «Болжам» ақын Әділ Ботпановтың жұмбақ өмірі жайында. 

Маған ерекше әсер еткен бірқатар көркем туынды бар. Оның біріншісі – Эмиль Золяның «Шабыт» романы. Екіншісі – Акутагава Рюноскенің «Тозақ азабы» новелласы. Үшіншісі – Оноре де Бальзактың «Үзілген үміттері». Бұл қатарға Раймонд Моудидің «Өлімнен кейінгі ғұмырын» қосуға болады. 

– Сіз психологиялық пьеса (драма) жазып, ол облыстық драма театрында қойылыпты деп естідік, «Жусан» деген дүние болу керек, өз көңіліңізден шықты ма? Жалпы драматургия бағытындағы қарымыңызды байқаған шығарсыз, өзіңіздің берер бағаңыз қандай? Тағы пьеса жазатын жоспарыңыз бар ма? 

– Иə, бұл пьеса 2019 жылы Батыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша жазылды. Алайда, осы тақырып төңірегінде бұрыннан ізденіп жүрдім. Спектакль көрерменнің көңілінен шықты. Сынағандар да болды. Психологиялық драманы жазу барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен, дін мамандарымен кеңестім. «Жусан» операциясымен елге оралған əйел адаммен сұхбаттастым. Шизофрениялық, галлюцинациялық бейнелердің арасында адасқан, сандырақтаудан, жабырқаудан, үрейленуден шаршаған жас жігіттің жай-күйін, бастан кешкен оқиғаларын суреттедім. Бұл психологиялық драма облыстық театрда әлі күнге сахналанып келеді. Жаңа пьеса жазуға әзірге талпынып жүрген жоқпын. Бәрі болашақтың еншісінде.

– Қазір өлең өзгерді дейді, жалпы поэзияны дамыту дегенді қалай түсінуге болады? 

– Шыны керек, мен жай ғана жазуды аңсаймын. Басқа ештеңеге бас ауыртқым келмейді. Ақынды шығармашылық кештер, түрлі концерттер дамытпайды. Ақынды ізденіс өсіреді. Ақынды ой өсіреді. Кітаптың ғажайып әлемі оны шыңдайды. Поэзияны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Поэзия сезімге, адам жанына қатысты ұғым. 

Ақын шулы қалада өткенін еске алумен, жалғыздықта күн кешеді. Ол осы оңашалықтан алыстамайды. Сол бір күйден, поэзиядан жырақтауға ұмтылмайды. Сондай-ақ талантты екенін дәлелдеуге де талпынбайды. Мүлде жазбауы да мүмкін. Бірақ, ерекше бір күй кешіп жүреді. Ол күндердің бір күні жазады. Меніңше, поэзия осылайша дамиды. 

Ақын аласұрып, өз-өзін іздеп жүрген уақытта той-думан, ойын-сауық жалғаса береді. Ол сол шудың ортасында отырып та өзінің ғаламат кеңістігінде санасындағы сұлбалармен тілдесуін жалғастырады. 

– Әңгімеңізге рахмет.

***

Уақыт

 Уақытты тыңда,
уақыттан есті барлығын.

Күз бенен жазды,
Жаныңа тыныштық іздеген жазды.

Өзенге неге баратыныңды,
Ұмытқың келген кезеңді неге
есіңе жиі алатыныңды,

Қиялмен қырдан асатыныңды,
Өткен өмірдің елестерінен
Түсіңде неге қашатыныңды,

Олардың қашан жоғалатынын,
Олардың қашан оралатынын,

Уақыт айтады;

Жалғыздық жыры оқылатынын,
Қасыңда кімнің отыратынын,

Ашынғаныңды,
Кеудеңе нені жасырғаныңды,

Жүректің қашан тоқтайтынын да,
Біреудің қатты жоқтайтынын да,

Біреуді қатты аңсайтыныңды,
шаршайтыныңды,

Тұншығатыныңды,
Түнектен шығып кетуге құлшынатыныңды –

Уақыт айтады;

P.S. Сұрағын пенде қайталап өлер,
Сәттері жауап қайтара берер.

Сен неге кері қайтпайсың, Уақыт,
Сен не нәрсені айтпайсың, Уақыт?!

 

Жолдар

 Мен жиі өз үйіме асығамын,

Несіне оны көптен жасырамын?

Есімде –

өртенгенім ыза-кекке,

Есімде –

шалқығаным,

тасығаным.

 

Қиялмен дамыл табам соған барып,

Гүлденем бір сәулені санам жағып.

Тағдырлар –

сейілгенде бұл тылсым күй,

Кеткені-ай сан бағытқа тарамданып.

 

Ойынға ала жаздай тоймайтынбыз,

Бұл дәурен бітпейді деп ойлайтынбыз.

Сенделдім МИ ішінде –

ҮЙ ішінде,

Сырғыды толғантуды қоймайтын күз.

 

Ғұмырда несібесін таңдайды кім?

Барлығы бақытты еді қандай бұрын.

Қайғының құшағына құлатпаған

Ұмытсын сәттерінің жан қайбірін.

 

Сол үйде – өмірді енді бастағандар,

Сол үйде – өз-өзінен қашпағандар.

Түбінде жүрегімнің жатқанымен,

Бүгінде иесі оның – басқа адамдар.

 

Түс көруші

 Cансыз жұмбақ жауабы –

сұp бөлмемде,

Cыpтқа шығар әлемім гүлденгенде.

 

Таңcәрiде жалғанаp көк пен дұғам,

Бәлкім,

бәрiн өміpден өткенде ұғам.

 

Аян оcы жүйенiң мәні кімге?

Оянбаған екенмін әлі күнге!

 

Алмағайып заман мен кей ғұлама:​

«Бұлыңғыр түс – бұл ғұмыр» дейді маған.​

 

Әлдекімнен аңдауcыз алданғаным,

Ұcтанымды төзiмнің қарманғаны,

 

Шын сүюге біpеудi талпынғаным,

Шағаладай қиялдың шаpқ ұрғаны,

 

Опынғаным,

күйгенiм,

тоpыққаным,

Ойымды ашық жазуға қоpыққаным –

 

Бекер ме екен,

расында бекеp ме екен,

Жоққа айналып баpлығы кетер ме екен?!

 

Жорамалдаp өңімде бүpсеңдейдi,

Түстерімде pиясыз күлсем деймiн.

 

Кейбіреулер күнәдан таза болаp,

Кейбіреулер аяуcыз жазаланаp.

 

Ғалам аңыз айтады cана жайлы,

Жүйесіз cөз иесін жаpалайды.

 

Үнсіз көшіп баpады қайда бәрі,

Қай маңайда cұлбаға айналады?

 

Өткеpумен қапалы шақтарды көп,

Cауал шұңғымасына батқан Жүрек,

 

Мені түс көрушінің қасына апар!

Ол маған аппақ нұрын шашыpатар.

Мәрлен Ғилымхан,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар