Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Асанәлі Әшімұлы: «Актермін мен, мың өліп, мың тірі...

11.09.2025 277

Асанәлі Әшімұлы: «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» 12+

Асанәлі Әшімұлы: «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» - adebiportal.kz

Алматыда Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, қазақ өнерінің қара нары – Асанәлі Әшімұлының жаңа еңбегі – «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл күнделік-еңбекте қайраткердің өмір жолында көрген-білгендері, толғаныс пен тебіреністерінен туған түйінді ойлары топтастырылған. Кітап – тұлғаның рухани дүниесінің айғағы, ұрпаққа қалдырған тағылымды мұрасы.

Шараға зиялы қауым өкілдері қатысты

Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының кандидаты Мамай Ахетов, Тұран университетінің ректоры, профессор Рахман Алшанов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Арман Халбеков, саясаттанушы Әміржан Қосанов, театр және кино актері Азамат Сатыбалды және өзге де зиялы қауым өкілдері мен оқытушы, студенттер қатысты.

Кешті белгілі журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай жүргізді.

Сөз алған жазушы Мереке Құлкенов Асанәлі Әшімұлының бұған дейін де 10-нан астам еңбегі жарық көргенін атап өтіп, жаңа кітаптың ерекшелігіне тоқталды:

«Бұл кітаптар да, бүгінгі тұсауы кесіліп отырған еңбек те – бәрі нақты көркем әдебиеттің талабына толық жауап бермегенімен, көркем әдебиет көтеріп жүрген жүкті арқалап тұрған дүниелер. Өйткені, әдебиеттің өзегі – адам, оның ойы, сезімі мен тағдыры болса, Асанәлі Әшімұлының күнделіктерінде осының бәрі бар. Бұл кітап – оқырманға ой салатын, өнеге беретін рухани олжа», – деді ол.

Асанәлі Әшімұлы – қазақ театр және кино өнерінің тірі шежіресі. Оның сахнадағы сомдаған рөлдері мен кинодағы бейнелері – ұлт руханиятының асыл қазынасына айналды. Жаңа кітаптағы әрбір ой, әрбір естелік – өнердің ыстығы мен суығын көрген қайраткердің шынайы болмысынан сыр шертеді.

Кешке қатысқан студенттер қазақ өнерінің алыбымен тікелей жүздесіп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Асанәлі Әшімұлы олардың барлығына тұшымды жауап беріп, өмірлік тәжірибесінен тағылымды ойлар айтты. Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар