Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Зияш Телеуова. Шал мен шам...

12.09.2025 140

Зияш Телеуова. Шал мен шам

Зияш Телеуова.  Шал мен шам - adebiportal.kz

Алладиннің сиқырлы шамын іздеп, аласұрған жалғыз мен бе десем, қателескен екем, үйінділерге еңкейген қария жанына таянғанымда белін жазды.

– Армысыз,– дедім, – сіз де бір нәрсе іздеп жүрмісіз?

– Иә, ескі май шамымды іздеп жүргенім....

– Оны қайтесіз?

– Балам науқас. Кемпіріме май шаммен ұшықта деп аруақтар аян беріпті. Май шам – әулетінің пірі.

– Сатып алмадыңыз ба?

– Оған осы ата-жұртының шамы керек екен.

– Оны таба алсаңыз...

– Табам.

– Анау сіздің ұлдарыңыз ба?

– Иә, үй тігіп жатыр. Осы араға бие байлап, вирус жұқтырғандарға саумал ішкізбекші. 

Аяғым бірдеңеге тигендей болған соң, отыра қалып қос қолдап қазып жібергенімде, жез шамның томпиған бүйрегі көзіме шалынды.

 –Таптым, – дедім дауыстап. 

Үлкен кісі елең етті:

– Япыр-ай, бірнеше күннен бері әуре-сарсаңға түскенбіз, сен бала қалай таба қойдың? Өзің аспаннан түстің бе, жерден шықтың ба? –деп таңырқады.

– Осы жердікімін ғой...

– Дегенмен, іздегеніміздің үстінен дөп түстің! Шешемнің ескі шамды сарайға қоятынын талай көргем. Бұл сарайдың орны.

 – Жүр онда, асықпасаң, май шамның тарихын айтып берейін,– деді қария.

 *** 

Таудай ақсақалға еріп, анадай жердегі төбе басына аяңдадық. Шілде. Аспан жерге түсердей күйіп тұр. Айнала ми жазық. Көкжиектен белдеу-белдеу сағым бұлдырайды..Қатты аңызақтан даланың өңі кеберсіп, шөбі сарғайып, қуаң тартып құлазиды. 

– Бір кезде осы арадағы ақ шаңқан үйлер алыстан көзге шалынатын. Бүгінгілер жан-жағына қамал соғып, әр үй өз алдына бөлек республикаға айналды ғой... Е-е, шырағым, мүмкін, «жоғалған пышақтың сабы алтын», деп отырған шығармын, дегенмен көңіліміздің кеңдігі де, адамдардың теңдігі де, сол дуалсыз үй соғып, дуалы сөз айтқан, ақ адал еңбек еткен кезеңдермен келмеске кеткендей, көңіліміз қоңылтақсиды. Шамның тарихын айтайын деген едім ғой. Ол әріден келе жатқан хикая. Кешегі Қазан революциясынан бұрын болған. Кемпірімнің төркін жұртының шежіресінен басталады.

Шешесі Гүлжайнар он жетіге толғанда, көрген жанның көзі түсетін көркімен ауызға ілігіпті. Шіріген байдың жалғыз қызының көңілі неге ауса, соны істеп, бозбалаларша киініп, аңға шығады екен. Бір күні нөкерлерімен киік аулап жүрсе, жүйрік мініп, тазы ерткен көрші ауылдың жігітттері де аңға шығып, жолдары қиысады. Дала кең, аң көп, қыздар қуған киік қиялай тартып, қасарыспа қасиетімен аңшылардың алдын кес-кестеп өтпек болғанда бүйірден қосылған мырзаның серіктері садақ тартып, қыздың олжасын қолды қылыпты. Бұған ашуланған сұлу : 

– Жекпе-жек,– деп алға суырылады.

 Жігіт те ентелеп:

 – Жекпе-жек, даланың аңы қуғандікі емес, бұйырғандікі, – деп садағын қолына ала бергенде, ауыл арасы жақын бай баласының көмекші сарбазы:

 – Батыр, қызбен жекпе –жек шығып, қылышыңды тасқа соқпағын,–деп тоқтау айтыпты. Осыдан соң мырза:

– Сауға, мерген қыз, сауға, алдыңды кесіп, садағыңды сансыратқаным үшін айыбым мойынымда, – деп олжасын қыз алдына лақтырыпты.

Сол арада жаңа туған айдай жарқыраған сұлуға ғашық болған бай баласы да атынан түсіп, қыздың қолын алып, ормалынан шығып кеткен қолаң шашын сипапты.

Ол кезде бойжеткеннің шашынан сипаған жігіт оның болашақ жары болып саналады екен. Екі жас солай кең даланың төсінде киік қуып жүріп танысып, одан әрі әзілдері жарасып, бір-біріне ғашық болыпты. Жайлауда малы, қыстауда басы қосылған екі бай бір аста ат жарыстырып, бәйгеге таласып, аяқ астынан келісе алмай қалады. Малдың буы, жердің нуы қойсын ба, екі байдың да ашуы қатты, менмендіктері басым болса керек. Сол арада сәл нәрсеге ат құйрығын кесісіп, «мен сені, сені мені көрмейік» деп араздасып тарасады. Қыздың әкесі келген бойы «көрші ауылмен арада шыбын ұшпасын, барыс-келіс тоқтатылсын» деп бұйрық береді. Бірін-бірі бір күн көрмесе тұра алмайтын қыз бен жігіттің басына осылай ақырзаман орнайды. Ақыры ақылды қыз айла тауып, ауылдың жанындағы қарағаны қалың боп өскен сайдың ішіне барып, май шамын жағып, жігітіне кездесу белгісін беріп тұратын болған. Бір күні екі жас қол ұстасып, құм ішін қоныстанған ішкі елге өтіп кетеді. Із-түзсіз зым-зия жоғалған ғашықтарды рулы ел боп іздейді. Арада біраз уақыт өткенде, қыз бен жігітті қуғыншылар іздеп табады. Ол кезде нәрестелі болған екі жасты есігінде жалшы етіп ұстаған бай аулы жаздым-жаңылдым деп үстеріне үй тігіп, алдарына мал салып, шығарып салады. Екі жақ ұлан-асыр той жасап, бұрынғы ашу-араздығын ұмытып, татуласыпты.

 

Енді кемпір екеуміздің тағдырымызға да май шамның шарапаты тиді. Біздің үйдегі бәйбіше де уақытында ауызға іліккен бойжеткендердің бірі еді. Сұлу қызға қызықпайтын жігіт бола ма? Жоғары білім алып, инженер болып келгенімде, біздің кемпір,–ақсақал күліп жіберді, – ол уақытта қыз ғой, қыз болғанда адам қызыққандай, жүзіктің көзінен өткендей медбике. Бүкіл ауылдың бозбаласы «ауру», медпункттен шықпайды. Бір күні мені де желік билеп, қызды көрмекке бас сұқтым. Қыз шынында да үріп ауызға салғандай әдемі екен. Бірден ғашық болдым. Ол да кет әрі емес. Не керек, ауылда кино жоқ, саябақ жоқ. Айлы түнде ауыл сыртында кездесеміз. Бір күні солай кездесіп, қызды үйіне шығарып салып қайтып келе жатқанымда сол ауылдың сотқарлары маған тап берді. Біреу емес, екеу емес, бірнеше жігітке қарсы тұра алмадым. Олар мені сілейтіп сабап, бір қораның тасасына сүйреп тастады. Бибіғайша үйіне кіргенмен, бір сұмдықты іші сезген бе, тыныш отыра алмапты. Қолына май шамын алып, көшеге шығып, алыстан төбелесіп жатқандардың дауысын естіп, өкпесін қолын алып жүгіреді ғой. Қолындағы май шамның жарығымен бір қуыста бүк түсіп жатқан мені тауып алып, көмекке адамдар шақырып, түн ішінде облыс орталығына жеткізіп, ажалдан арашалап қалды. Онымен де қоймай, бірнеше күн бойы жанымда тапжылмай, бетіме қарап отырды. Ішімнен сотқарларға алғыс айтып жатырмын. Олар күн құрғатпай келіп, кешірім сұрауда. Ақыры бірнеше ай дегенде, аяғымнан тұрып, ауруханадан шыққан бойы үйлену тойын жасадық. Сол шам біздің үйде тұрушы еді. Кешегі көші-қонда көз жазып қалдық. Көшкен жұртта ұмыт қалдырыппыз. Кемпірім екеуміз талай рет іздеп те келдік. Таба алмадық. Мына тәжтажалға тап болып, үлкен баламыз ауруға шалдыққанда, кемпір састы. Тіпті түн болса «шам», «шам» деп сандырақтап, аласұрып ауыратынды шығарды. Аруақтар аян беріп, «балаңды шаммен ұшықтау керек» депті. Не болса да, ата-қонысқа барып емдетейік деген соң, осылай қарай жол тарттық. Осында келгелі баламыз басын көтеріп, саумал ішіп, беті бері қарады.

 – «Сабақты ине сәтімен» деп, қарағым, ата жұрттан жоғалған шамымды тауып бердің, енді біздің үйге жүріп қонақ бол,– деп сақалын тарамдады.

 – Әне, қатарымызға тағы бірнеше үй көшіп келді, мынау індеттің беті қатты, дәріден қайыр болмаған соң, қаладан аулақтап, далаға қоныс аударып, жансақтауға көшкендердің қатары күннен-күнге көбейген. Олар бөтен адамдар емес, осы араға бұрын ата-бабалары, әке-шешелері қоныстанған, солардың артындағы ұрпақтары. Жандары қысылғанда ата жұртқа келіп паналауда. Туған жердің ауасымен еркін дем алайын деп қазығына оралғандар.

 – Сіз бұрын қызметте болған адам екенсіз, қазіргі биліктегілер мен бұрынғылардың айырмашылығы бар ма?

– Е-е, шырағым-ай, ол бір ұзын-сонар әңгіме ғой. Бұл ара шаруашылығы дамыған үлкен кеңшардың бұрынғы қонысы..Онда алты мыңдай қой, жүздеген ірі қара бағылды.. Үш жүзге жуық халық тұрды. Бұрынғы билік басындағылар халық үшін еңбек ететін. Көптің қамын ойлайтын. Ол уақытта үкіметтің меншігі – халық меншігі. Бірде-біреу үкіметтің, халықтың меншігіне қол сұға алмайтын. Қара басының қамына жарата алмайтын. Бастық та, басқа да көппен көрген ұлы той деп, көппен бірге еңбек етіп, көппен бірге өмір сүрген уақыт болды. Ол уақытта бүгінгідей біреу бай, біреу жарлы деген ұғым болған емес. Қазір қоғам бай мен жарлы боп екіге бөлінді. Кім пысық болса, сол байыды. Олардың қалай, қайдан байып жатқанымен заңның да ісі жоқ. Сөйтіп, қолынан келгендер қонышынан басатын кезеңге тап болдық. Қарап отырсам, қазіргілердің туған жерге, елге деген ыстық ықыласы, сүйіспеншілік сезімі басылып, байлыққа бағынышты болып қалғандай. Бәріне көнген қазақтың бұлай жуасып қалуы, ұр тоқпаққа ұшыруынан ба деп қаласың. «Ұра берсең, құдай да өледі» дегендей, өктемдік өрісін тарылтып, өркөкіректік өзегін езіп, халық өзіне-өзі келе алмай, езінді болып қалғандай. 

Өзім кешегі өліарада амалсыз қалаға көштім. Әйтсе де, тағдыр тірілей жазалағандай, ата -жұртымды аңсаумен, шарлы шаһардың құндағына сыймай қойдым. Оның нөпір көлігі, «танымасты сыйламас» томаға-тұйық тұрғындары көңілімнен шықпады. Көкейімді уақыт сынына төтеп бере алмай, шырағы сөнген туып-өскен өңіріме деген сағыныш тесті. Адамдары қайда жүр екен, жайлы қоныс тапты ма екен, жұмыс тапты ма екен деп, толғандым. Кей кезде «япыр-ай, осы айрандай ұйыған ауыл-елді таратып, көнкөрісінен айырғандардың түп-тегі қайдан шыққан екен?! Егер ауылдан болса, «қанына тартпағанның қары сынсын» деп, соншама елді тым-тырақай етіп, жиған-тергендерін талан-таражға салуға дәттері қалай барды» деп ойланам. Олар осы жердің топырағынан жаралған пенде болып елін-жерін сағынып, тебіренбейтін болғаны ма, әлде қалдыққа тойған тексіз төбеттер тәрізді, ұяласын ұмытып, құтырып кеткені ме?! Адам тойынса, жан-жануардан да бетер болады деген рас екен-ау. Жыртқыш емей немене, мынау қазақтың маңдайына біткен жалғыз байлығы жерінен қысып, бар байлығын сорып, жат жерліктерге сатып, өз халқын қайыршылыққа ұшыратып, халықтың қарғысына қалып жатқаны не сұмдығы?

 Таудай қарт ойымды бұзба дегендей қалың қабағын түйіп, самарқау жатқан сар далаға сүзіле қарады.

– Япырай, ә... сонау жылдары осы кеңшарды бірнеше жыл басқарып директор болғанымда, қалай күпсінбегенмін, қазіргі билік басындағылар сияқты қалтамды ойлап, халықты ысырып қойып, неге қамсыз тірлік етпегенмін?!. Біз халықтың алдында «бетегеден биік, жусанан аласа» болатынбыз. Ауыл ақсақалдарын жинап алып, ақылдасып отыратынбыз. Шопандар төл алып болған уақытта «қай шопанға не береміз, жүз саулықтан жүз қозы алды» деп, алқа-қотан жиын шақыратынбыз. Біреудің үйінде ұрыс-керіс болса, біреу тентектік жасап қойса, мынаны не істейміз деп, үлкендерден ақыл сұрайтынбыз. Сонда сол уақыттағы атқа мінерлердің өз ақылы өзіне жетпеген бе? Ақсақалдардан ақыл сұрайтын.. Ол кезде бәсекелесіп үй салып, бәсекелесіп қымбат көлік мінуді дегенді білмейді екенбіз. Ол кезде бір шаңырақтан сәбидің үні шықса, бүкіл ауыл соған қуанып, қолындағы барын сол үйге ала жүгіретін. Ол үй бұрын сәбиге зар болып жүрген болса, ел болып қуанатын. Қайда сол қуаныш? Қайда сол бөліс? Қаладағылар балалы болса, біреуден ұрлап алғандай, қырық күн бойы адамға көрсетпей тығып қойып, қырық күннен кейін шілдехана жасайды екен. Шілдехананы қырық күннен кейін жасағанды атам қазақ қайдан көріпті? Шілдехана сәби дүниеге келген күні жасалып, жас босанған әйелге қалжа сойылып, сол күні көрші-көлем ойын сауық жасап, таң атқанша тілек тілемеуші ме еді? Қазір адам біткен тонын теріс айналдырып киіп, басқаша ойлап, басқаша өмір сүретін тәрізді.

Басқаны қайдам, өз басым жайлы ортадан жабайы ортаға күмп ете қалғандай, есеңгіреп есімді жия алмаймын. Далада бұрынғы күй жоқ, қалада бұрынғы сый жоқ. Қайда барып қалған өмірімді өткермекшімін? Мына Қытайдан таралған коронавирус дей ме, қала тұрғындарын қарбаласқа салды, ауруханаларда орын жоқ, кеудеден қысқан тажалдан тырп ете алмай жанталасқандардың саны сағат сайын өсуде. Үлкен балам өкпе қабынуына бірден шалдықты. Дәрі-дәрмек қат. Карантинге шыққаны карантинге шығып, шықпағаны бір-бір компьютерге шұқшиған балаларым жандары қысылғанда, маған келіп, «Әке, енді не істейміз, қайда барып жан сақтаймыз?»– дегенде ел-жұртымды сағынып жүрген мен :

 –Аурудың беті қайтқанша көшеміз,– дедім. Кемпірім жақтырмай , қабағын шытты.

– Алдыңнан қазан көтеріп, үй тігіп қарсы алатын біреуің бар ма еді?,– деп баж етті. Екі иығынан дем алып ентігіп қалған үлкен балам:

 – Құрып қалсын, көшсек көшейік. Әке, әркімдерге қосқан малдарың бар еді ғой. Биелерің бар ма, мына дертке саумал ем деп жатыр. Саумал ішіп, таза ауамен дем алмасам, қысып барады. Ауруханаға барғандардың да жазылып жатқаны шамалы. Дәрігерлер әлі емін таппай жатыр деседі.

Сол күні көш басталды. Бұрынғы ата-баба қонысына үй тігіліп, бие байланды. Содан бері қаладан қашып, даланы паналағандар легі толастар емес.

*** 

Таудай қарт тәжтажалдан үдере қашып, айдалаға үй тігушілерді сырттай бақылап, төбеге шығып, ертеден кешке дейін қақшиып отырады. Іштей қауқылдасатын бір шал табылса деп көксейді. Сосын өзімен-өзі өткен өмірін мен бүгінгісін салыстырады. 

 Әлі күні маза бермейтін бір сауал. Қағынан жерінген құлан құсап, кеңшар мен ұжымшарды жекенменшікке айналдыруды кім ойлап тапты екен? Баяғы Сталин заманы болса, сол ойлап тапқанды «халық жауы» деп атып жіберер еді-ау. Қаншама халықтың маңдай тер, табан ақысы желге ұшты. Қаншама сүттей ұйып отырған отырықшы ел сүйікті кәсібінен айрылып, қаңғыбас, қайыршы атанды. Көшенің бас жағындағы үйде ауыл мұғалімі тұратын. Таудай оның білімінің қандай болғанын білмейді. Ол кездегі балалар сыйынып-сыйлайтыны да мұғалім еді. Бастықпын деп қайқамай, мектепке жиі кіріп шығатын. Көздері жәудіреген балалар орындарынан атып тұрып, «саламатсыз ба , ағай?» деп шулап қоя береді. Директор әрқайсының басынан сипап, –Амансыңдар ма, әке-шешелерің сау ма, оқуларың жақсы ма? – деп сұрайтын. Дәлізге еріп шыққан мұғалімге :

– Сізге ешнәрсе керегі жоқ па, оқу құралы жеткілікті ме?– деп , айтқан өтініштерін қойын дәптеріне түртіп алатын. 

 Қазір солай әр мектептке кіріп, мұғалім мен баланың жағдайын сұрайтын басшы бар ма екен өзі? Әй , қайдам... Ол бастық болса да, қай үйде қария бар екенін жатқа білетін. Қолы қалт етсе, соларға кіріп шығуды, амандасуды ұмытпайтын. Бүгін өзі солардың қатарына іліккенде, өзінің жағдайын сұрап, сәлемдесетін бір бас көтерер азаматты кездестірмегеніне таң қалады. Балалары әке ренішін сезіп, олардың уақыты жоқ деп жұбатады. Ойпыр-а-ай, шіркін, не істеп жатыр екен? Мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып егін егіп жатыр ма? Одан да қарттықты қадірлей білмейтін ұрпақ өсіп жетілді десеңші. Бір кезде совхоз директоры болғанмен, бұл күнде тұғырдан түсіп отырған кәрі шал кімге керек? Үлкенге сәлем берсе, тақтарынан түсіп, тақырға отырып қалатындай, кілең өзімсінген өркөкіректер сол мінезін қара халыққа да көрсетіп, көздерін шел басып, көкіректерін май басып, кердең-кердең етеді.

Әй, қара халқың болмаса, билігіңді кімге жүргізесін, бишігіңді кімге үйіресің? Солардың арқасында алшаңдап жүргеніңді ұмытпасаң етті.

Таудай ақсақал өзі бастық болып жүргенде, қарттарға кірсе, олардың көңілін қимай, шай-су ішіп, әңгімелерін тыңдап отырып қалатын. Е..дүние.. ай...олардың бәрі ана төбенің басында жатыр ғой, жарықтықтар. Мына біз көрген құйтырқыларды көрмеді ғой...Алайда олардың да көргені аз болды ма? Соғысты көрді. Ашаршылықты көрді. Ал, қазіргілер мылтықсыз майданда жүргендей..., ақыры қайырын берсін. Бұрынғы үлкен кісілерді қашан көрсе де, газет-жорнал оқитындықтан, көздері ашық, көңілдері ояу сайрап тұратын. Бұрынғылардың көрген күні күн екен ғой. Қазір оқитын газет-жонал да таппайсың. 

Бұрын шет елге шығу деген ақыр замантұғын. Осы ауылдан біреу шет елге барып келіпті дегенді Таудай ақсақал қанша бастық болып жүріп естімепті. Өзі басқарған кеңшардан бірде-бір баланың шет елде оқымағаны да анық. Өзі шет ел тұрмақ, мына тұрған Мәскеуді көрмепті ғой. Бұрын шет елде қалып қойған адам елін, жерін сатқан сатқын саналатын. Отанына опасыздық жасады деп, ауыр жазаға ілігетін. Ал қазір, шет елге шығу шемішкі шаққан құрлы көрінбей, шет елге бала оқыту екінің-бірінің еншісіне тиді. Шет елде тұрып қалып, сол жақтың азаматтығын алып жатқандар қаншама! Оларды кім дейміз, кімге балаймыз? 

 Таудай ақсақал осының бәрін ойлағанда, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырудан қалып, кімге кінә артарын білмей, салы суға кетіп отырады. Сонда бұл елдің болашағы не болмақ?

Атақты Махмуд Қашқари бабамыз: «Билік тізгінін ұстағандар жат елден өзіне арнап сарай салдырып қойса, бұл жаман ырым. Түбі басына қиын-қыстау күн туса, қашып барып паналаймын дегенді білдіреді. Бұл халқыңның алдында жасаған сатқындығың. Өйткені қарапайым елдің барар жер, басар тауы жоқ. Сен әкім болғаныңмен, одан артық емессің. Бір топырақта тудың екен, ендеше бірге өле де біл, –деп өсиетнама жазып кетіпті. Айтқаны ақиқат-ақ. Бұл заманның қолына билік тиген шенеуніктері мен байыған мырзалары шет елден үй сатып алып, бала-шағаларын сол жаққа жіберіп, жат елден жақын іздейтін болған. Өз еліңнен таппаған жақынды жат елден таба қойсаң жақсы ғой. Әй қайдам, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деп , салт-дәстүрін білмейтін,жері бөлек, суы бөлек елге сіңісіп кету оңай емес шығар. Бірақ ақшаның күші, биліктің буы қайда жібермей жатыр...

Таудай ақсақал өмірінде бірінші рет бәйбішесін алып, онда да балалары қояр да қоймаған соң, курортқа барғаны бар. Қазір оның аты да есінде қалмапты. Онда да , бәрін жақтырмай, кемпіріне «Қой, елге қайталық, мынаның суы жақпайды. Ауасы қапырық» дегені есінде. Әйтсе де, ол бір кермет жер. Жер үстіндегі жұмақ дерсін. Ағаштың неше түрі, тағамның неше түрі сонда. Қызметшілері де аяғы жерге тимейтін мейірбан жандар. Ем-домның да нешесін жасады. Алайда, он күнді он жылдай көріп, еліне жеткенше асыққан жалғыз сол ғана. Елдің бәрі арқа-жарқа боп, күндерін созып алып, өлгенде көрген ұлы той дегендей, кеткісі келмей жатқанда, бұл өзі жұмақ артында қалғандай үйге жеткенше асыққан.Содан соң курортыңнан үзілді- кесілді бас тартқан.

Таудай ақсақал бүгін де төбе басында. Он шақты күннен бері көш легі тоқтар емес. Өтпелі тұста ел-жұрт үдіре көшкен ескі жұртқа қаптаған ағаш үйлер тігіліп, бие байланып, қазан-ошақ көтеріліп, қаңсық болып қалған дала әп-сәтте таңсық болып, айдалаға жан бітті.

 Бірінен соң бірі көшіп келіп, ағаш үй тігіп жатқандар төбе басында жапалақтай жарбиып отырған қартқа келіп сәлем береді.

 – Көш көлікті болсын, ал, қай ауылдың баласысын десе, «пәленшенің баласымын» деп таныстырғанда, әке-шешесі осы ауылдың бұрынғы тұрғыны болып шығады.

 – Ее.. сол кісінің баласы екенсің ғой, немене ауру алғаның бар ма?

 – Анам ауырып қалды. Сол кісіні әкелдім. Өзі осында апарыңдар деген соң, алып келдік.

 – Анаңның аты кім ?

 – Ажар.

 –А... а..а... Аж..ар. ма? Әкең қайда ?

 – Қайтыс болған.

 – Анаңның беті бері қараған соң айтарсын .Кіріп шығармын.

 Таудай ақсақал өзінің қол астында көп жылдар есепші болып қызмет жасаған Ажардың есімін естігенде, қай-қайдағы есіне түсіп , елеңдеп қалды. Күйеуі қызғаныштан ішімдікке салынған келіншектің қиын тағдыры көз алдында. Арада жылдар өткенде, жол қиылысуы қатты толғандырды. Шіркін, атына заты сай сұлу келіншекті күйеуі директордан қатты қызғанатын. Көзсіз қызғаныш деген қызыл иттің кесірінен күйеуінен талай таяқ жеген әйел көгерген беті-жүзін көлегейлеп көрсетпеуге тырысатын. Бір күні жұмыс бөлмесіне кіріп :

 – Күйеуімнен айрылам ,– дегені есінде.

 – Не болды? Неше балаңыз бар ,–деп сұраған.

 – Төртеу.

 – Төрт баланы әкесіз жетім ету оңай емес, ақылға салыңыз ,– деп басу айтқан. 

 – Шыдап көрдім. Бұдан әрі шыдамым жетер емес.Оны сүймеймін ,– келіншектің жүзі лып етті.

 –Ажар, сіз ақылды жансыз. Мұндай мәселеде ақыл айту оңай емес. Бірақ балалалар үшін әлде де, шыдап көріңіз.

 – Ол сізден қызғанады. Жұмыстан шықпасаң, айрылысам,– дейді –келіншек қыстығып, жылап жіберді.

 –Менен?!

 –Мені сүймейсің, директорға ғашықсың. Бүкіл ауылдың әйелі соған ғашық. Сен де солардың бірісің, бәрің соған тиіп алыңдар... тағы.. тағы..сондай ..ақымақ адамның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықпай ма?

Ажар өңін бермейтін ажарлы әйел. Күйеуі де келбетті. МТС –те механик. Өте шебер жігіт деп ел мақтайды. Таудай бұрын-соңды көңіл бөле бермейтін-ді, сол жолы Ажарға дұрыстап қарады.. .Бидай өңді, қыр мұрынды, үлкен қой көзі мұңдана қарайтын қас сұлудың өзі екен. Төрт баланың анасы демейсің, сұңғақ бойлы,сымбаты көз тартарлық. Осы ауылдың бар көрікті әйелін өзіне таңып қоятын өсекшілдердің сөзінен бұрыннан хабардар. Сол жел сөз Ажардың күйеуінің құлағына да жеткен екен.

 –Жақсы, жұмыс орныңа бара бер, –деді де , орнынан тұрып, терезеден көрініп тұрған машина трактор стансасы жаққа қарады. «Бұл батырмен оңаша сөйлеспесем болмас» деп түйді. Гаражға келгенде, ондағылар қызу жұмыс үстінде екен. Барлығымен амандасып, әңгімелескенен кейін , Ажардың күйеуінің жанына келіп:

 – Реке , былай шығайық .Сөйлесетін шаруа бар ,–деді.

Жігіт сасыңқырап, қолын сүртіп, соңынан ерді.

 – Ажар – қызметін жетік білетін маман. Ол бүгін маған келіп, жұмыстан шығам ,–деді.– Отбасыңызда бір нәрсе болды ма?

 Жігіт күмілжіп:

– Білмеймін маған айтқан жоқ, – деді.

 – Қанша жыл тұрасыңдар?

 – Он бес жыл.

 – Неше бала бар?

 – Төртеу.

 – Әйеліңіз бұрын сізге айрылам деп айтты ма?

 – Енді ұрысып қалсақ, ашу үстінде болады ғой..

 – Жиі ұрысасыздар ма? 

 – Иә.

 – Неге?

 – Ол мені жақсы көрмейді.

 – Сіз оны жақсы көресіз бе?

 – Иә.

 – Неге солай деп айтпайсыз?

 – Ммм..мен енді ер адаммын ғой..

 – Бір-біріңізді сүйіп қосылдыңыздар ма?

 – Иә.

 – Рахат, әйеліңіз жұмыстан шығам, оған қоса күйеуімнен айрылсам дейді. Былай қарасам, сен де жаман жігіт емес сияқтысын. Балаларың бар. Өмірге бала келген соң, өзімшілікті қойып, солардың тағдырын ойлау керек. Қызғаныш деген қызыл ит. Оған жол берсең, жұлмалап жеп қояды. Мысалы, менің әйелім үйде отырады. Мен билік басында жүрген соң, сыртымнан сыпсың өсек ереді. Сондай өсекке ермесін деп, өзін баяғыша жақсы көретінімді білдіріп, анда-санда гүл сыйлаймын. « Мен сені ешуақытта, ешкімге айырбастамаймын» деп айтып қоямын. Адам құлағынан семіреді демей ме, оның ішінде әйел адам су құйсаң құлпыратын гүл сияқты, жылы сөйлеп, жақсы көретініңді жиі білдіріп тұрсаң, ол да жібиді.. Отбасын ұстау оңай емес. Оған да бір аздаған саясат керек. Арызын алып қалдым. Бірақ, ойласып шешіңдер. 

 – Сонда айрылам дей ме?

 – Қызғанып қолыңды ала жүгірсең, сүйегінен өтетін сөз айтсаң, кез келген әйел солай дейді.

 ***

 Сол Ажар ауырып, балалары оны да осында әкеліпті. Оның атын естігенде, жүрек түбіндегі құпиясын біреу біліп қоярдай, айдалада жан-жағына күдіктене қарады. Директор мен есепшінің қызметі байланысты. Таудай Ажарды күнде емес, сағат сайын шақырады. Кассирі жас босанған келіншек болған соң, шопандарға айлық таратқанда көлігіне мінгізіп, ферма аралайды.. Бірде адам жетпей жатқан соң шоферін сақманшы етіп жіберді де, өзі рөлге отырып, Ажарды жанына отырғызып, жайлаудағы шопандарға айлық таратуға жол жүрді. Ой, дала қандай, жанына отырғанда, жүзі бал-бұл жанып жайнап шыға келетін Ажар қандай еді. Сүйгенінің жанында отырған әйелден сұлу әйел жоқ шығар. Таудайдың баритон даусы бар. Айдау жолға түскенде Абайдың «Көзімнің қарасына» салды. Сызылған даусымен Ажар қосылды. Келіншек көзінен мөлдір тамшылар сорғалап, әнді жан-тәнімен айтты. Жылап отырғанын өзі де аңғармайтындай.

 – Ажар,– директор көлігін кілт тоқтатып, –Жыламасаңшы!–деді.

 – Тау аға, мен жылап отырмын ба ? .

 – Жылап отырсың..

 Ол келіншектің үлбіреген жүзін алақанымен сүртті. Жаны елжіреп құшағына тартып, құшырлана сүйгісі-ақ келді. Әр жақтан: «Тоқта! Сен осы елдің басысың, балық басынан шриді. Біреудің шаңырағын шайқалтсаң, елдің бетіне қалай қарайсың?» деген үн естілгендей, бойын тез жиып алды.

 – Абайдың әні құлақтан кіріп, бойды алады. Абай мәңгі ғашық болып өткен Тоғжан сұлуға осы әнін арнапты.Тоғжан сұлудың арманы жоқ шығар.

 –Абай сүйгеніне ән арнай білген бақытты адам,– деді Ажар.

– Ал қазақ әйелі көбіне сүйген жанына сезімін де білдіре алмай, ішқұса болып өтеді.,

 – Рахат жақсы жігіт, – деді Таудай, – сені өте жақсы көреді. Бір жағынан, міне, әлдебіреумен жолға шығып, ән салып келе жатырсын, қалай қызғанбасын? Менің әйелім осылай жүрсе, мен де қызғанар едім. Жалпы, келесіде сені алып жүрмеуге тырысам. Қазір сақман уақыты. адам жетіспейді. Жүргізушімді көмекшілікке жібергем.

 –Маған өзіңізбен бірге жүру, жүзіңізге қарау бақытын да қимағаныңыз ба? –Келіншектің даусы әрең шықты.

 – Ажаржан, сенің сезіміңді де, өз сезімімді де сыйлаймын. Бірақ , біз өзімізден басқа да, бізді сүйетін адамдардың бар екенін, олардың бізді күтетінін ұмытпауымыз керек. Мен үшін сенімен бірге жүру де бақыт. Әйтсе де, отбасымызды бақытсыз ете отырып, бақытты бола алмайтынымызды мойындауымыз керек.

 ...Сол жүрегін жаулаған жасырын сезімі дертке шалдығып, жолдарының қиылысуы тағдырдың бұйрығы ма, Ажардың көңілінің қалауы ма, кім білсін... Таудай Ажардың ақша ұстаудағы адалдығына әлі күнге дейін таң қалады. Ол біреудің бір тиынын алмайтын. Талай шопандар ұсақ тиын-тебенін тастап бара жатса, ұрысып, қайтарып беретін. Мүмкін, осы судай таза, сүььей ақ әйелдің адалдығы мен адамдығы Таудайды талай сындардан сүріндірмей өткізген шығар. Талай комиссия келіп, кеңшардың есеп-қисабын тексергенде, бір де-бір ауытқу таппай таң қалатын. Сонын бәрі Ажардың қызметіне адалдығының арқасы еді. 

 Таудай қарт аяғын санап басып, тігіліп болған ағаш үйге беттеді. Көптен тамшы тамбаған даланың таңдайы қаталап жатқанын сезіп, бір шөкім бұлт жоқ аспанға қарап, басын шайқады. Шіркін, өткінші төгіп өтсе, айналаның өңі кіріп, шөптің шөлі қанып қалар еді. Шыжғырып бара жатқан күн мынау. Ағаш үйдің жанына жеткенде, үйден шыққан жас келін иіліп сәлем етті.

– Бақытты бол, кірсем болар ма екен,–деді жөткірініп.

 – Аға, бұл әлгі Қытайдан келген тәжтажалмен өкпесі қабынған науқас. Ауру жұқтырарсыз, кірмеңіз, – қағілез жігіт алдын кес-кестеді..

 – Қорқатын жастан өттік қой. Маскам бар. Шашатының болса, шашып жібер. Амандасып шығайын. 

Жігіт антисептик әкеліп , бұрқыратып, үлкен кісіні ішке бастады.

Ағаш керуетте жатқан Ажардың өңі солып, көзі кіртиіп, ауыр дем алып жатыр екен. Қолын сілтеді. 

 – Сізге жақындама, – деп белгі беріп жатыр.

 – Тау аға, – кемпірдің үні булығып шықты.

 – Ажаржан, қалайсын ?– Сырқат басын көтеріп алды:

 – Сіздің бір ауыз сөзіңіз бәрін шешетін еді-ау... Мен сізді өлердей ұнаттым ғой, Тау аға..Сізге рахмет.

 – Ажаржан, сенің орның мен үшін бөлек. Енді қайтесің, тағдырға қарсы тұра алмадық. Сен менің сөнбейтін шырағымсың. Тезірек жазыл! – деді үні бұзылып.

– Енді арманым жоқ. Туған жерден топырақ бұйратын болды. Сізбен кездесіп, бақұлдастым. 

 – Жоқ. Сен жазыласын. Берілме! – қарт үйден шығып, үйдің жанында тұрған жігіттің қарсылығына қарамастан, қалтасына ақша салып, қалаға дәріге жөнелтті. Өзіне таныс аптекарблардың адресін жазып, мен сұрап жатыр деп айт деп нығырлады.

 ***

 Үй жағына қарай аяғы аттамаған қария төбешіктің үстіне барып, қайта жайғасты. Үстіне талай құс қонақтаған қой тастың қай заманнан қалғаны белгісіз. Тастың үстіне тақымына басар кішкене көрпесін ала келіп төсеген. Күн бесіннен ауған. Таудай Ажардың баласы қаладан дәрі-дәрмекті тауып, тезірек жетсе деген тілек үстінде. Әшейінде адам алмайтын парацетомал мен аспирин бағасын да өсіріп жіберген дейді. Бұл адамнан имандылық деген кеткен ғой, біреу жақын-жуығынан айрылып, қан жылап жатса, екіншісі саудасын қыздыруда. Ертең өзі сондай ауруға шалдықпасына қалай көзі жетіп отыр екен десеңші.. .Япыр-ай, қазақ мұндай емес еді, бұларға не болған? Қолындағы бір тілім нанын бөліп жейтін дархан халықты аз уақытта нарық заманы аздырып үлгерген бе? Егер солай болса, ондай заманнан не қадір-қасиет қалды? Әр адам өз қара басын ойлап, қарнын қабақтай етіп шіреніп, шырт түкірген ақыр заман деген осы ма? Сірә, солай шығар..

 Қара жолдың бойынан көзін алмай, бел жазайын деп тұра беріп, калошына оратылып қалған жыланның қабығын көріп тітіркенді. Жылан түлеген кезде түскен қабығы, демек, ол құрғыр осы маңайда . Ол түсі суық болғансын ба, жыланнан қатты сескенетін. Жылқының тері иісі мен қылтанақ қылынан қашпайтын мақұлық жоқ көрінеді. Қараңғы түнде үрей тудыратын ібіліс пәлекеттер де айғырдың ащы теріне жуй алмайды. Алыстан көліктің шаңы көрінді. Ол орнынан атып тұрды. «Ә, сәт , дәрісін әкеліп, жазылып кетер күн болса...» деп емпеңдеп етекке түсті.

 Ажардың үйіне жақындағанда, үйден келіндердің жоқтауын естіп, төбесінен біреу суық су құйып жібергендей, қалт тоқтады. «Бұл жолы да үлгермедім, Ажаржан, ол жолы ма... ол жолы үлгеретін едім-ау, тәуекел ете алмадым. Ішімнен бір әзәзіл «өзің диуанасың, кімге пір боласың», осы елдің басшысымен деп жүріп, біреудің некелі жарына көзіңді сүзіп, құшағына құлайтын болсаң, не беделің, не білігің қалады?» деп, кежегімді кері тартты емес пе? Ол өзен жағасына аялдайтын кештен кейін еді ғой. Сен тебірене сөйлегенсің: «.. Тау аға, мен сіздің жаныңызда жүріп, қызметіңізді орындағаным үшін шексіз бақыттымын. Сіз білмейсіз, менің күнде кеңсеге баруым – театрға барғаныммен бірдей, сіз үшін боянамын, сіз үшін неше түрлі сәнді киім киемін. Сол үшін де құдай қосқан жарымнан сөз естимін. Оған да бойым үйренді. Тек сіздің назарыңызға іліксем, тіршіліктің басқа тынысын ұмытып, шылауыңызға жармасып өмір сүруге дайын едім ғой. Мен білем, мұның бәрі дұрыс емес, сіздің отбасыңыз, бала-шағаңыз бар. Менің күйеуім, балаларым бар. Бірақ, мен сізді көргелі – сіз үшін ғана жаралғанымды сезіндім. Сіз көзіме көрінбесеңіз, далада қалған жетім лақтаймын. Үнемі жұрттың сіз туралы айтқандарын тыңдап, сіздің мәртебеңізге мәз болып жүремін. Қанша өзіме-өзім ұрыстым, қанша өзімді-өзім ұстауға тырыстым. Бірақ сіздің үніңізді құлағым шалса болды, үкідей ұшып жаныңызға жетіп барғым келеді. Ал жұмыстан соң ілгері басқан аяғым кейін кетіп, үйіме қайтқым келмейді. «Күйеуіңмен арада сезім болды ма», – дейтін шығарсыз. Болды. Бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Бірақ сол сезімнің қашан суығанын аңғармай қалдым. Мүмкін сізді көргеннен соң болар. Біз қаладан көшіп келдік қой. Сіздің қарамағыңызға қызметке тұрдым. Күйеуім жүргізуші. Енем марқұм балажан кісі болатын. Бала туған бойда өзі бауырына салып, төрт баланы да сол кісі бағып-қағып өсірді. Мен совхоздың есеп-қисабын жүргізіп, көбіне кеңседе, сіздің жаныңызда болдым. Әлбетте, сол күндері сіздің батыр тұлғаңыз, ер мінезіңіз, көпшілікті басқарудағы көсемдігіңіз, әйелдерге ерекше ілтипатыңыз, ел арасындағы бекем беделіңіз менің нәзік жанымды байлап-матап, басыбайлы табынушыңызға айналдым. Бара-бара, күйеуімінің бар қылығы сізге қарағанда ұсақ-түйек, өзі де көзге қораш болып көрініп, суына бастадым. Отбасымыздағы жанжал да сол кезде шаң бере бастады. Егер сіз ыңғай бергенде, бәрін тәрік ететін едім. Соған дайын едім. Бірақ сіз сезімге берік, бірбеткей жан болып шықтыңыз. Ғашықтықтан есі шыққан әйелдің бойында дегеніне бағынбайтын бір алапат күш болады екен. Әйелді отқа салатын да, суға салатын да сол. Ақыры қалаға жылдық есепке іссапарға барғанымызда, сізді қонақ үйге шақырдым. Үстел жасап, екі шырағдан жағып, сізбен романтикалық кездесуге дайындалдым. Оның артын да, алдын да ойлауға мұршам болмады. Бар арманым– сізбен бірге болу. Шақырғанымда, сіз тіл қатқан жоқсыз. Сол үндемеуіңізді келіскендік деп ұғып, жанымды шүберекке түйіп күттім. Бірақ... бірақ сіз келмедіңіз. Күте-күте жастығымды құшақтап,төсегіме құлағаным ғана есімде..» 

 Таудай сол бір кешті уысынан шығарып алғанына талай өкінген. Ол да Ажарды сүйді. Жып-жинақы жүретін келіншектің сәуле шашқан жанарымен жанары тоғысқанда тұла бойын ыстық құштарлық билеп, өзін қоярға жер таппайтын. Қилы-қилы мәселелерге тіреліп, шешуін таба алмай отырғанда да, қанатымен су сепкен қарлығаштай Ажар жетіп:

 –Тау аға, оған қиналмаңыз. Оны былай шешеміз,– деп жанына жалау болатын.

 

 Керемет уақыт екен-ау. «Тау аға». Бұлай деп Ажар ғана айтатын. Сол ғана айта алатын. Бұл оның солай айтқанын жан-тәнімен қалап тұратын. Сиқырлы сезімінің уысында тұңғиыққа тіреліп, кеудесін тәтті үмітке толтырып, тағаты таусылып, талай отырған. Кейде жанын бебеулеткен жадау тіршіліктен безініп, сүйіктісімен қол ұстасып, көз көрмес, құлақ естімес қиянға кетіп қалғысы келетін. «Сенің олай етуге хақың жоқ» деген Ұят деген Ұлықпаны алдынан кес-кестеп шыға беретін. Сол жаны қаласа да, ары аттатпаған Ажар жарық дүниемен мәңгі қоштасты. 

 Целлофан қалтаға дәрі-дәрмек толтырып келген жігіттің:

 – Апатайым, анажаным, – деген үні бебеулеп шықты. Орнынан қозғалмаған ақсақалдың жүзін жас жуып: – Аяулым, асылым, қол жетпеген құсым, қош бол! – деуге ғана шамасы келіп, жоқтау айтқан үйдан қашықтай берді. 

 Тағы бір жігіт ағасы иіліп сәлем берді. Бүгінгі көш бұрын осы ауылда атақты шопан атанған орденді шал Бақбердінікі. Ол да ажал аузында екен. Екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей шопанды есіне алды. Ол кезінде еңбекқорлығымен алдына жан салмаған, совхоздың маңдай алды шопаны. Бойы белінен ғана келетін , пысықтығымен «тас қайнатар» деп аты шыққан бәйбішесі бар еді. Еріне сыйлық, марапат берген сайын әзіл-шыны аралас «маған неге бермейсіндер, мен болмасам, Бәкеңнің әуселесін көрер едім», – деп өкпесін айтып қалатын. «Жеңгей, сізге отдельно» деп алдап-сулап құтылатын. Ол уақытта даланы төрт түлікке толтырған қазақ мал баққыш, әйелдері бала тапқыш еді. Қазіргі қазақ жалқау, көбісі ошақ қасы, от жаққыш, әйелдері базардан шықпайтын ақша тапқыш. Далада мал болмаса, қазақ несін бақсын? Баласын бағатын нәпақасы болмаса, әйел қайдан бала тапсын! Күйе жағу оңай, күйін түзеу қиын болған заман-ай! Бақберді дей ме, баяғы бес қасқырмен белдескен жігіт қой. Е, бес қасқырды жеңгенде, мына короновирус деген бәлені жеңбей не бопты деп іштей тілегін тіледі.

 ***

 Таудай жас директор. Облыстың, ауданның басшылары малдың басын өсір, өсірмесең басыңмен жауап бересің деп қадап жіберген. Кеңшардың фермалары қашықт. Күн құрғатпай мамандарын жібереді, өзі жиі бара алмайды. Сондай бір қыстың қақаған аязында Бақбердіні қасқар талапты деген суық хабар сумаң етті. Жедел жиналып, мал дәрігерін қасына алып жеткенде, қойшының әйелі дауыс салып қарсы алды. 

 – Ойбай, арысымның түбіне жеттіңдер! Түбің түскір Амандос, көмекші берем дедің бермедің, мылтығыңмен өзің атылып өл! Аңды атса, айдалаға кететін бытыра мылтық беріп, желдің өтіне, жалмауыздың аузына салдың-ау,– деп зарлады. Амандосы мал дәрігері. 

–Жеңгей, сабыр сақтаңыз, Бәкең өзі аман ба?– дей бергенде, мал дәрігерінің мойнына асылып үйден шығып келе жатқан бет-аузы қан-қан үй иесін көріп, үні шықпай қалды. Осы кезде шопан : 

– Әй, зарламашы, өлген жоқпын ғой. Жаман ырымды бастамай,– деп ақырды. Әйелі жым болды.

 Оны тірі көргенінен қуанған директор:

 – Ойбай, Бәке, аман қалсаңыз болар. Қойлар түгел ме ? – Соңғы сөзінің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.

 

 –Міне, бұларға адамнан мал артық. Құрып қалсын .Қорада тұр ана қойларың. Ертең санап ал! Болар енді. Асыраушымнан айрыла алмаймын. Ана бес қасқырдың аузында кеткенде, мына бес жетімді кім өсіреді?– деп шопанның әйелі тағы қақсап қоя берді.. 

 – Әй, мына заржақ қоятын емес қой. Аман, аман, қойлар түгел. Соғыс қораның сыртында болды. Қақаған аяз. Қой қорада. Қасқыр аш. Аштық шыдатсын ба? Кешкілік байқағанмын. Осы айналада қасқыр ұлып жүрген. Балама айттым:«Әй, осылар қораға түсейін деп жүр-ау, аң болу керек, мылтықты дайындап қой», – дедім. Бала ғой ұмытып кетіпті. Түннің бір уағында тап құлағымның түбінен аш қасқырдың ұлығаны естілді. Шала-пұла киініп, далаға атып шықсам, дым көрінбейтін ақбасқын боран. Қораны бір айналып шығайын деп, адымдап жел жағынан айналып өтпек болып едім, анадай жерде бүрсеңдеп аш қасқыр жүр. «Ойбай, атаңа нәлеттер, басынайын деді ау, үйдің іргесіне келіп, әлгі мылтық қайда екен», деп үйге жүгірдім. Балам шырт ұйқыда. Оятсам оянбайды. Сонда мылтықтың қорада қалғаны есіме түсті де, сегіз өрмемді алып далаға жүгірдім. Жыртқыштың ішінде аңғарымпазы, ақылдысы қасқыр. Қолымда мылтық емес, қамшы екенін білгендей, жан- жақтан қапсырып, қаптап кеп қапты. – Әй , Жолбарыс, айтақ дегенімде, ит те жетті арсылдап, бірақ тісі ақсиған бес бөріні көргенде құйрығын жымырып, қыңсылап үйге қарай қашты. Мені құтқарған Бәтіш қой, ол ұйықтамайды ғой, баланың үлкенін жұлқылап, тұрғызып алып, айырды, күректі ұстап айқай салсын кеп. Ашынған аш қасқыр қоя ма, біреуі келіп үстіме шапшыды. Сегіз өрме қамшымен қақ маңдайдан тарттым. 

– Қой қайда? 

– Қой қорада ғой, әйелім мен баламды құтқару үшін алыстым. Оларға да тап-тап береді. Жан-дәрмен жолдарын бөгеп, ұлымды қораға өткіздім.

 Қойдың иісін сезген аш қасқырдан өлермен жыртқыш болмайды. Іштері ұлып, ауыздарынан сілекейі шұбырып, қораға қарай шабуылдамақшы. Әйелім әрқайсының бүйірін айырымен түйрейді. Мен қамшымен ұрамын. Біреу кейін шегінсе, екіншісі ұмтылады. Не керек, қан майданға салдық. Бір ауық мылтықтың даусы гүрс етті. Әлгі бала 13 -те ғой. Жүрегіміз тас төбемізден шықты. Мылтықты оқтап, қасқырды көздеп атып тұр. Біздің түрімізді көріп, байғұс бала тәуекелге бел буған екен. Бәтіш айырды тастай салып, баласына жүгіріп, бауырына басты. Жүрегі ұшып кете ме десе керек. Мылтықтың дауысы естілгенде бес бөрі анадайға барып аңтарылып тұрды. Тап әкеңнің аузын, қорықпайтынын қарашы деп, асықпай көздеп атып біреуін ұшырып түсірдім. Арланы екен. Екіншісін де сұлаттым. Не керек, сол арада ашумен бесеуіне де тигіздім. Қасқырлар сұлап жатты. Ет қызуыммен байқамаппын. Қасқырдың тырнағы тимеген сау жерім қалмапты. «Әкем кәдімгі кинолардағы боевик сияқты қасқырларды лақтырды ғой», – деп баласы күлді. Жараларын медбике таңып берген соң, кетуге ыңғайланған, Бәтіш жеңгей тағы шап етті.

 – Немене, көріп кетуге келіп пе едіңдер? Отырып, қонағасы жеп, мына кісінің аман қалғанын тойламайсыңдар ма? – деді. Сол күні шопанның бір қозысын жеп, қона жатып, қонақ болып кетті. Сол бес қасқырға берілмеген Бақбердіні тәжтажал қандай мықты болса да, ала алмас деп ойлаған Таудай көптен мал аяғы баспаған айналаның жусан мен бетегеге, изен мен бұйырғынға тұнып, дөңкиген шағылдар мен шытыраның қаптап кеткенін байқады. Аспан мен жердің арасындағы жаршыдай күн қызара құбылып, көкжиекке еңкейді. Бір заманда төрт түлегі жайлауды жайнатып, қаз-қатар үйлер тіршіліктің буын бұрқыратып жататын даланың иесіздігі көңіліне уайым ұялатып, жүрек тұсы шым етті. «Е, бәлду-бәлду бәрі өтірік» деген» осы екен. Енді ол күндер қайта оралып, даланың басына бақ қонатын дәуренді көруі екі талай-ау...

Айтпақшы, Бақберді герой ғой, Социалистік еңбек ері, оны да өзі алып берген. Ол да әлі есінде. Мамыр айының аяғында, ұмытпаса, жиырма тоғызы, өңменнен өтетін ызғарлы суық желмен қоса қар аралас жаңбыр жауған. Шопандардың жай қозғалатындары қыстақтан көшпеген. Бақберді сияқты пысықтары жайлауға ығыса бастаған. Ауа райының бұзылғанын байқаған кеңсенің атқамінерлерінің бәрін шопандарға жөнелткен директор өзі Бақбердінің отарына асықты. Қыстауға келсе, көшіп кетіпті. «Қап, мына тілбезер неге асықты екен? Әшейінде көшіп болмайтын еді. «Шығасыға иесі басшы» болмаса болар еді» деген оймен тұрғанда, алыстан шауып келе жатқан шопанның баласын байқады. Келе асығыс атынан домалаған бала:

– Аға, құрыдық. Күйек уақыты аналықтар жаппай қоздап, қозылары мына суыққа шыдамай қатып жатыр. Енді не істейміз? – деп жылап қоя берді.

– Алыстасындар ма?

– Жоқ. Мына қырдың асты. Бірақ жел қарсы. Қойлар желге қарай баспайды.

 – Жүр, – деді машинаға асығыс отырған директор. Жынды жел, қар аралас жаңбыр, айнала алай-түлей.

 – Япыр-ай, жаз шығып тұрғанда, қырылып қалмаса болар еді,– деген оймен Таудайдың маңдайынан суық тер сорғалады. Екі шақырымға әрең деп жеткенде, ыққа қарап үйіріле берген бір отар қойды желге қарсы айдап борша-боршасы шығып жүрген шопанды, қоздап жатқан қойлардың қозыларын жинап, сабылып жүрген әйел, бала-шағасын көрді.

 – Қозыларды машинаға салыңдар,– деп айқай салып, жалаңбас, жалаң аяқ жүрген Бақбердіге көлігінен плащ әкеліп, басына бас киім тауып кигізді.

 – Мынау не сұмдық! – деді жыларман болған шопан.

–Жаз шығып тұрғанда қырды ғой, мынау, қырды ғой...

Сол күні екі шақырым екі жүз шақырымдай болған... «Қарға адым жер мұң болған» деген сөздің мағынасын Таудай сонда ұққан. Қанша айдаса да желге қарай аттап баспай желімделіп қалғандай бір орында шыр айналған қойларды әрең жылжытып, жаңа туып жатқан қозыларды көлікке лақтырып, қыстауға әрең жеткен. Сонда Директор Бақбердінің қайратына таң қалған. Ол қар мен жауын аралас боранмен алысып, атқа да отырмай, қойларды біртіндеп желге қарсы сүйреген. Қыстауға жеткенде тұла бойына тер қатып, үсті-басы мұз таудай жылтырап тұрды. Япырай , мұндай мықты адам болады екен деп таң қалды. Сол күнгі боранмен арпалыстан кейін Таудай ауруханадан бір шығып, алты ай емделіп шыққан. Сонда ғой, аудан басшысы шақырып:

 – Таудай Болысбаевич, сізді Социалистік еңбек ері атағына ұсынғалы отырмыз, – деген.

 – Не үшін ,– деп директор таң қалды.

 – Боранмен алысып, бір отар қойды аман алып қалдыңыз. Жалпы... еңбегіңіз бар.

Көп рахмет. Бір отар қойды аман алып қалған мен емес. Шопан- Бақберді Хұсманов. Ол жыл сайын жүз қойдан жүз он қозы алады. Соған берейік. Соған беріңіз. Ең алдымен еңбек адамын құрметтейік. 

Аудан әкімі амалсыз келіскен. Ол уақытта ол үлкен атақ еді. Сол еңбек ері жиырма бірінші ғасырдың зауалына ұрыныпты, осыны жеңсе, осы заманның қаһарманы атанбақ. Ол жеңеді. Мұндайдың талайын көрген тарлан ғой. Таудай қарт орнынан тұрды. 

 Осы кез қала жақтан құлайтын қара жолды бұрқыратып, вагон сүйреген КамАЗ-дың келе жатқанын көріп, сол жаққа көз тікті. .Артында жедел жәрдем. Оның артында тізбектелген неше түрлі жеңіл көлік. Е-е, індеттен қашып, қала солайым көтеріле қозғалған ба, немене... Қала тірлігі қарбалас, біреуді-біреу кінәлаған таусылмайтын дау-жанжал. Пенде бірінен-бірі көреді, бәрін өзім жасаймын деген Алла Тағалам. Халық биліктен сұрап, билік дәрігердің шалғайына жармасып, осы шөре- шөренің ортасында шүрегей боп нәубетке іліккендер жанталасады. Дәрі-дәрмектің жоқ, дәрігердің жетіспей, тосынан соққан індетті тоқтатуға мүмкіндік бермей састырды. Бір жағынан дархан далада еркін өскен ерке халықтың бетіне маска байлатып, үйқамақта отыруға үйрету қиынның-қиыны. Ал тойға бармау, өлгенге қайыр болсын айтпау деген қазаққа ең ауыр жаза. Бұл халық бір жерде той болады десе, үйінде отыра алмайды. Бір жерде біреу қайтыс болыпты десе, қаймана қазақ барып қайыр айтпаса, қолы іске жүрмейді. Әй, қайран, халқым-ай, сені қалыпқа салу оңай болмас. Бірақ, басқа түссе баспақшыл деген, нарық заманы саудаға үйретті. Соның салдарынан бұрын сауданың не екенін білмейтін халық жаппай саудагер атанды. Дәріні қымбаттатып, «өлмесе өміреп қапсын, өзім байысам болар» деген қараниетті Қарабайлар қаптап кетті. Бұрын тиын болған бет пердені безс жүз теңгеге дейін апарды. Бұрын тиын болған дәріні бірнеше мың теңге. Солар елдің бетіне қалай қарайды десеңші. Содан соң қалай «елімді, жерімді сүйем» деп сайрайды десеңші! Е, қара су теріс аққан заман болды ғой.

 Айдау жолды бұрқыратқан КамАЗ ағаш үйлердің шет жағына тіркеген вагонын ағытты.Таудай ақсақал солай қарай аяңдады. Алдынан қарсы шыққан жас жігітке:

– Амансың ба, балам, – дегенде:

– Здрасти, ата, кіруге болмайды. Тут короновирус, – деді. Қазақ жігітінің орысша жауабына шамданған үлкен кісі.

 – Казақ емеспісің? – деді жақтырмай.

 – Ата, я городской, қазақша білмей...

 – Бұл кім ?

 – Вагонда ма? Президент компании – Тұрсын Абубакирович. Заболел короновирусом. И приехал лечится кумысом. 

 – Ем болсын.

Ақсақал Тұрсын деген есімді бұрын бір жерден естігенін, бірақ, қайдан естігенін есіне түсіре алмай әуреленді. Үйіне келгенде баласы алдынан шығып:

– Көрдіңіз бе, батырға да жан керек .Бұрын сіздің орныңызды басатын директор ғой. Қазір бизнесмен. Сіз білесіз...

 – Бәсе, аты-жөні таныс .

– Кеңшарды талан-таражға салған осылар.

– Е, солай де. Бұл ауру адамның кім екендігіне қарап жатқан жоқ. Анау бізде бұрын атақты шопан болған, герой Бақберді де ауырып, балалары осында әкеліпті. Оған да кіргізбеді. 

 – Сіздің орныңызда болатын директор жекешелендіру кезінде алатынын алып, салатынын салып, қалаға барып супермаркет ашты. Онысы гүрлеп тұр. Одан басқа да не ашып алғанын бір құдай білсін. Әйтуір, ақшасы көп. Әне, көрдің бе, оны «жедел жәрдем» алып келді. Қалада вызовқа шақырсаң, келмейді. Жеке дәрігері де бар шығар. Жұртқа жетпей жатқан жасанды дем алдыру аппаратын сатып алыпты. Сол аппарат жетпегендіктен, сырқатқа шалдыққандар ауа жетпей тұншығып өліп жатыр.

 – Ажалдан қашып құтыла алмайсың, балам. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер деген. Ажалы осы жерден болса, ол да құтылмайды,–деп қарт басын шайқады.

 – Әке, білмеймін, ақшасы барлар ажалды да айналып өтпекші. Олар ажалды да ақшасымен ауыздандырып жіберіп жатқандай....

 – Қой балам, қайтесіғ, «Малым – жанымның садағасы» – деп қолдан келгенін жасап жатқан болар.

 – Ә ,білмеймін әке, – қазір жаным – арымның садағасы, – дейтін адам табыла қояр ма екен.

Адалдық қай заманда да, қай кезеңде де, өмірдің ең басты қағидасы. Біз «біреудің ала жібін аттама» деген аталық өсиетті тыңдап өскен ұрпақпыз.

– Ол сіздер болатынсыздар, ал қазір жемқорлық, саудагерлік, жағымпаздық жайлап алғандықтан, халық қайыршылыққа ұшыраған. Сіз өмір сүрген дәуірде әділдік, адамгершілік үстемдік етіп, әркім өз қалауынша, қабілетінше еңбек етуге, тегін оқуға, тегін дәрігерлік қызмет алуға құқылы болатын. Ал, қазір не болып жатыр? Қазір өмір сүру үшін, балаңды оқыту үшін, тіпті емдету үшін, қыруар ақшаң болуы керек? Оны қалай табуға болады? Ондай жалақы табатын жұмыс жоқ. Ұрлыққа ебіміз жоқ. Енді қалай өмір сүруіміз керек?

 Ұлының сұрақтарына Таудай ақсақал да жауап іздеген. Ол жоғары оқу орнында оқып жүргенде, Эзоптың бір дәйек сөзін үнемі жатқа айтып жүретін : «Тәккапар да қиқар бәрін де өзінше жасайды, ешкімнің ақылын қажет етпейді. Бірақ түбінде өз қателігінің құрбаны болады». Егер сондай адам билік басында отырса, ол тек өзі ғана құрбан болып қоймайды, соңына ерген қара құрым халықты да құрбан етеді. Осы біз сондай тәккаппар да қиқар жанның қателігінің құрбаны болып, жылдар бойы жиған-тергенімізден айрылып, ол ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан жоқ па екен деп өзі де жиі ойланатын. Олақтарға қараған өмір опатпен тең. Олай десек, тек қана өзіміз опат болмай, ұрпағымызды жар басына жақындатып, күйкі тірліктің күйзелісіне салып, ақыры өмірден түңілдіріп, тұқым-зәузатымызды тұмаққа тіреп қойсақ, ондай заман не береді? Мына құлазып қалған қу-медиен даланың иесі біз емес пе едік? Ата-бабамыз оны бізге қалдырған жоқ па? Жерін сатсын, астындағы байлығын әркімге үлестіріп, мұнайымен қысық көзді асырасын демеген шығар... Күн шығыстың жер қайысқан елін байытып, өзіңнің он сегіз миллионға жетер-жетпес халқыңды қайыршылыққа ұрындыр демеген шығар...

 ***

Ескі жұртқа көшіп келген үй саны біразға таяп қалған. Қаладан келетін кенже баласын күтіп, далаға көрпе-төсек жайдырып жатқан Таудай қарт өзі отыз жыл басқарған кеңшардың бүкіл өмірін көз алдынан өткізіп, көзі ілініп кетіпті. Баласының көлігі келіп тоқтаған екен. – 

 – Ернармысың,– деді.

 – Иә, әке , қалайсыз ?

 – Сені күтіп жатқаным.Әлгі сводкаң не дейді. Ауру азайды ма?

 – Иә, әуелгі қарқынға қарағанда басылып, өлім-жітім азайып келеді дейді. 

 – Әй бір нәубет болды ғой. Балам, қызып жатқан тәріздімін. Ана қызу өлшейтініңді салып жібер. 

Шошып кеткен баласы атып тұрып, дәрі салған қорапшасын алып, градусникті әкесінің қолтығына тығып, маңдайын ұстады. Күйіп тұр екен. Баласының жүрегі дүрсілдеп, қол-аяғы дірілдеді. «Япырай, бұл пәле келіп қалса қайтеміз? Күні бойы төбе басынан түспейді. Мүмкін күн өткен болар. Ағасының беті бері қарады. Ал мына кісі...

 

 Ол тағатсызданып, қызу өлшегішті алғанда онысы қырыққа жақындап қалған екен.

 – Апа! 

 – Не болды, тәйірі, соншама дауыстап.

 – Әкем ауырып қалған сияқты. Қызуы жоғары, дәрі бер. – деді.

– Күн өткен-дағы. Күн ұзағына төбе басынан түспей, келген-кеткенді түгендеумен отырады. Айтқанды тыңдамай, науқастарға да барып шықты. Шалының басын ұстаған кемпірі шошып кетті.

– Ойбай, балам-ау, күйіп кетіпті ғой. Мұнда дәрігер де жоқ. Енді қайтеміз? Қалаға апарамыз ба? – Таудай қолын сілтеді.

– Кемпір, сен баланың қасына бар. Маған жолама, маскаңды тастама, – деп сыбырлады. – Ернар, сен де маған жақындай берме, балам. Бала-шағаң бар. Мен Алланың салғанын көрермін. Басымды биіктет! – деді.

– Ернаржан, азамат болдыңдар. Әкең бұл аурудан жазылмас. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, анау осы аурудан қайтқан ауылдасым Ажардың қасына жерлеңдер. Байғұс бұл дүниеден жалғызсырап кетіп еді. О дүниеде жалғызсырамасын.

 Әкесінің тынысы тарылып бара жатқанын байқаған баласы вагонға қарай жүгірді. Ана бизнесменнің жасанды ауамен дем алатын аппараты бар. Сұрап көрмек. Вагонның бір қабырғасын алған телеэкранға қарап жатқан төртбақ қара жігіт басын көтеріп алды.

– Ассалаумағалейкум аға, әкем қысылып жатыр. Аппаратыңызды бере тұрмайсыз ба ?– деді Ернар аптығып. 

– Ә, әлгі Таудай ақсақал ма? Күндіз жүгіріп жүр еді. Жұқтырып алған ғой. Үлкен кісілер үйден шықпай отырса қайтеді екен. Бұл менің бірнеше мың долларға сатып алған аппаратым. Тек өзіме. Және ауық-ауық дем алмасам, тынысым тарылады. Бере алмаймын. Ал, ол кісі нешеде?

– Сексенде..

 – Уһ... бірталайға келген екен ғой. Өзіміз ондай жасқа жетсек..

– Аға, бере алмайсыз ба? Таң атқанша жан сақтасақ, ертең біз де іздейміз ғой.

Қайдан іздейсің? Мен шет елден алдырдым. Ал қалада мынадай аппарат жетпейді. Дәрігерлер қарттарға қоймайды да, себебі ең бірінші жастарды құтқаруға жан салуда.

– Сау тұрыңыз, – тамағын өксік қысқан жігіт далаға атып шықты.

«Азғындар, ақшаның құлдары! Елдің аузынан «бұл директор сенің әкеңнің басқан ізіне татымайды» дегенді талай естіген. Енді өзінше ақыл айтып шіренеді. Әй, қасқа, әкем-ай, қолыңдағы билікті пайдалана алмадың ғой. Бір балаң осындай бизнесмен болып, ақшаны көпіртіп отырғанда, саған да аппарат сатып алып беріп, жаныңды сақтап қалар ма едік... Әрқайсысы әр жерде «шықпа жаным шықпамен» күн көріп жүр. Өзі бір көлік тұрағын ашқан. Онымен де байып кетіп жатқаны шамалы.. Әкесінің қызуы түспепті. Сандырақтап сөйлеп жатыр.

Таудай қарт болса, бұл сәтте малындырып ақ көйлек киіп жанына келген Ажардың қолынан ұстап, кешкі ауада серуенге шығып бара жатқан-ды. 

 Таудай қарт таң сыз бере бұл дүниемен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанды. Оның өсиетін орындап, төбе басында шошайып жалғыз жатқан Ажардың бейітінің қасына жерледі. Бибіғайша шалы жанынан тастамайтын кіп-кішкентай май шамды көп іздеді. Апа, не іздеп жүрсіз? – деді баласы.

– Май шамды қайда қойып кетті екен?

 – Бұл жұқпалы ауру болғандықтан, бірге көміп жібердік.

 Сол күні ел ұйықтағанда бейіт жаққа қараған Бибі бәйбіше індеттен қайтыс болған марқұмдардың бейітінің басындағы әлсіз сәулені көріп, кәлимесін қайырды. 

Қос төмпешіктен шашыраған сәуленің май шамның жарығы екеніне күмәні қалмаған... 

 

 

 

 

 

 

       

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      

 

                       

 

 

 

 

 

(хикаят)

 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар