Бүгінде ақынның достары мен үзеңгілес замандастары оның өмірге құштарлығын, рухани сергектігін және шексіз ізденімпаз болмысын ерекше бағалайды. Ол қазақ поэзиясына көркемдік тұрғыдан жаңа тыныс әкеліп, пішін мен мазмұн үйлесімін жетілдіре түсті. Ойлы да зерек, кең құлаш дүниетанымымен және терең мәдени болмысымен шоқтығы биік ақын екендігін байқатады.
Ал, композиторлық тұлғасы өз алдына бөлек әңгіме. Оның сырлы жыр жолдары әуенге айналып, ән болып шырқалуда. Ақын өз лирикасында ішкі жан әлемін нәзік бедерлей отырып, оқырманымен лирикалық кейіпкер ретінде сыр бөліседі. Біз танитын Ерқожа Тілепбердиев – дәл осы шынайылығы мен поэтикалық тереңдегі арқылы дараланып тұратын қаламгер.

Ерқожа Әлғожаұлы Тілепбердиев – 1960 жылы Алматы облысы, Тәңіртау етегінде дүниеге келген. Ол «Мұқағали» журналының Астанадағы өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы төрағасының орынбасары, С.Сейфулин атындағы музейде, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығында, ҚР Ұлттық банкі, ҚР Парламентi және т.б. көптеген лауазымды қызметтерді атқарды. Ақынның халық батырлары Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетовке, ақиық ақын Мұқағалиға және т.б. арнаған өлең жолдарын оқырмандары жатқа айтады.
Жалпы алғанда ақын өз шығармаларына ұлтымыздың өткенін, тарихын, қайғысы мен қуанышын, махаббат пен шаттығын, болашағы мен арманын арқау еткен.
Ақындық эгоизм. Ол қандай?
Ерқожа Тілепбердиев – терең ойлы, ерекше мінезді, көкірек көзі ояу және биік асуларға бағыт алған ақын. Оның өлеңдерінен азаматтық ұстаным байқалады, оқырманын еріксіз баурап, поэзияның құдіреттілігін жан-дүниеңе ұғындырады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжанов ағамыз автордың ақындығы жайлы былай деген екен: «Дүниеде қанша мінез болса – сонша шындық болады. Әркім болмысқа, мына өмірге, тіршілік пәлсапасына өз биігінен қарайды, сол биіктен бағасын береді. Әйтсе де барша парадокс сонда – қай-қай тіршілік иесі болмасын, өз кеудесінің биік болғанын қалайды. Біз таныған Ерқожа Тілепбердиевтің ақындық эгоизмі – ақылға қонымды, ұстаз айтқан «Паңсымай, жайдақсымай ірі жүрмек» дегенге саяды, өзімдікі жөн деп өзеуремейді, өзгешерек болуға, ерекшелеу еркінсінуге үндейді».

Әр адам өмірге, шындыққа, дүниетанымға өзіндік көзқарасымен, ішкі дүниесі мен тәжірибесі арқылы баға береді. Ақынның адами болмысы оның азамттық ұстанымы мен деңгейіне байланысты. Сол тәсілмен шындықты өзінше қабылдайды. Ерқожа Тілепбердиевтің ерекшелігі сол –ақындық «эгоизмі», яғни өзіндік мені ақылмен, парасатпен үйлесіп жатады. Әркез оқырманын пайыммен ойлауға, ерекшеленуге, өзгеше болудан қорықпауға, тәкәппар, тым қарапайым да болмай, байыпты, парасатты болуға шақырады. Ерқожа Тілепбердиевтің ақындығы терең, өзгеге сыйластықпен қарайтын, өзіндік даралығы бар поэзия.
Мен ешкім де емеспін, Жамбылмын, Ұлы Абаймын,
Қара өлеңді қазақтың көк туына балаймын.
Мен найзаның ұшымен жыр жазған Ақтамбердімін,
Отты жырымды жасық ұлдардың кеудесіне қадаймын.
Ол өзінің осы өлеңінде «ешкім де емеспін» дей отырып, ұлы тұлғалардың рухани мұрагері екенін меңзейді. Сондай-ақ, өзін шындықты тайсалмай айтатын, әділет жолындағы адам ретінде сипаттайды, рухты оятушы, сөзімен елін серпілтуші ретінде көрсетеді. Батылдық пен ұлттық намысты қорғаушы рөлін өзіне телиді. Бұл - автордың ішкі рухани биігін, тарихи тұлғалармен үндестігін білдіретін көркем іс. Ақын өзіне «ешкім де емеспін» деп бастап, кейін өз сөзінің, ойының күшімен кім екенін көрсетеді. Міне, поэзияның құдіреттілігі де осында жатыр.
Ән зергері
Ақынның шетел композиторларының шығармаларына жазылған өлеңдері Еуропаның, Азияның үлкен қалаларында шетел әртістерінің орындауында айтылып жүр. Сондай шығармалардың бірі – Карл Дженкинстің «Тілеп» атты 90 минуттық композициясы. Одан басқа Александр Бородиннің «Половецкие пляски» операсынан үзінді, Алексей Мозговой, швед RnB орындаушысы, композитор Махер Зейннің және т.б. шетел композиторларының шығармаларын қазақшаға аударған.
Е.Тілепбердиев бірнеше жыр-жинақтардың, үш жүзден аса эстрадалық, дәстүрлі, классикалық шығармалардың ән мәтіндері мен елуге жуық әндердің авторы. Сондай-ақ, 5-ші дүниежүзілік Көшпенділер ойынында орындалған «Біз біргеміз!», композитор С.Еркімбековтың Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай арнап жазған «Дала қызы», Ұлы Отан соғысының 80-жылдығына арналған «Қарулы күштер», «Ардагерлер», «Қауіпсіздік қорғаны», «Әскери керней» атты шығармалардың мәтіні мен әндерін жазған. Ол «Талқайнарым тамырым», «Табындырған Тәңіртау», «Дөңгеленген дүние», «Аққулар әуені», «Ана шуағы», «Жүрек үні», «Бақытым байтақ далам», «Балалық шақ бақытым», «Менің әнім – Мұқағали», «Менің рухым – Райымбек» және т.б. жыр жинақтары мен партитуралардың авторы.

Е.Тілепбердиевтің дәстүрлі ән сарынында жазған әндері де аз емес. Оның ішінде «Беу дүние», «Жер сұлуы Қарқара», «Аттанғанда» әндерін ерекше атауға болады.
Өнер иесінің балаларға арнап жазылған өлеңдері және музыкалық шығармалары еліміздің көптеген өнер ұжымдары мен қайраткерлерінің репертуарларынан орын алған. Атап айтқанда, «Дархан далам», «Мектебім – алтын бесігім», «Жетіген үні», «Төрт түлік мал – қазына», «Үйренейік өнерді», «Театр», «Күзгі әуен», «Көктем келді» және т.б. әндері бар. Бұлардың арасында бесік жырлары, танымдық тақпақтар, ізгі қасиеттерді бағамдау, табиғат мезгілдері, ұлт аспаптары, сондай-ақ, балалардың танымы арта түсетін және жаттауларына лайық туындылар бар. Балалардың шаттыққа толы өмірі, болашаққа үміті мен армандары автор туындыларының негізгі өзегіне айналған.
Сонымен қатар Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында қойылып жүрген «Дон Кихот» спектаклінде «Бесік жыры» әні орындалады. Бұл туындыда ата-ананың ұрпағына артқан сенімі, оның өмірлік мақсаты мен азаматтық жауапкершілігі көрініс тапқан. Сәби бесік жырын есту арқылы ата үні мен ана әлдиін жүрегіне сіңіреді, ана тілімен алғаш танысып, рухани азық алады. Демек, дана қазақ халқы баланың туған тілін бесіктен бастап үйретудің маңызын терең түсінген. Ақын «Бесік жыры» атты әндер жинағында осы идеяларға мән берген.
Е.Тілепбердиев балаларға арналған өлеңдер мен ән мәтіндерін жазғанда ерекше шабытпен қалам тербейді. Оның балаларға арналған шығармалары көркем тілімен, тәрбиелік мазмұнымен және жеңіл оқылымымен ерекшеленеді. Ұлттық рухты ояту, тіл мен дәстүрге деген сүйіспеншілікті ұрпақ санасына сіңіру – ақынның негізгі мұраттарының бірі.
Ата заңға 30 жыл!
Биыл ҚР Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осыған орай жақында 31 тамыз күні елордада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ақын-сазгер, Мәдениет саласының үздігі, республикалық патриоттық әндер байқауларының бірнеше мәрте жүлдегері Ерқожа Тілепбердиевтің «Рух қанатында» атты шығармашылық кешін ұйымдастырады.
Іс-шараның мақсаты – Ата Заңымыздың 30 жылдығын атап өту, оның маңыздылығын насихаттау, азаматтарды мемлекетке адал қызмет етуге шақыру, бірлікке, ынтымаққа және отансүйгіштікке үндеу.

Концерттік бағдарламада автордың көпшілікке беймәлім, әскери-патриоттық, классикалық, лирикалық және эстрадалық әндері шырқалады. Сондай-ақ, Ерқожа Тілепбердиевтің өлеңдеріне ән жазған композиторлар мен оның әуендеріне сөз жазған ақындардың да танымал туындылары орындалады. Кеш барысында «Әскери керней», «Жұмақ мекен», «Сапта тұрған сақшы қыз», «Қазақстаным – Отаным менің», «Офицер мырзалар», «Ұландар маршы», «Абылай хан», «Беу дүние-ай», «Сағынышым туған жер» және т.б. әндер көрермен назарына ұсынылады.
Іс-шарада Қазақстанның өнер жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серік Еркінбеков, Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Нұрболат Арзамас, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев, танымал опера әншісі Айзада Капонова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айбек Әбдіашимов, Біржан Айтахмет, Айдос Саниязбек, сондай-ақ, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдерінің бишілері, «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театры мен «Халық Қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері және мәдениет майталмандары өнер көрсетеді. Сонымен қатар кешке ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен ҚР Ұлттық Ұланының ән-би ансамблінің солистері және әскери оркестрі, «Ерлер» хоры, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі өнерпаздары, ҚР ҰҚК «Шекарашылар» ән-би ансамблі және Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпаздары қатысады.
Айта кетерлігі, бұл кеште алғаш рет «Қазақконцерт» әртістері мен ҚР Қарулы Күштері құрамындағы өнерпаздар бірлесіп өнер көрсетеді.
Бәлкім біреу білер, біреу білмес, Ерқожа Тілепбердиев Райымбек батырдың жетінші ұрпағы. «Райымбек батыр» әнінің сөзін өзі жазған, ал «Райымбек батыр» поэмасы оқырман жүрегінен ерекше орын тапқан. Ақын үшін ата-баба рухына арналған мадақ жырлар жазу - оқырман алдындағы аманат әрі парыз.
Тұтастай алғанда, ақынның шығармашылық әлемі тақырыптық тұрғыдан бай әрі сан қырлы. Ол өз туындыларында бабалар рухына тағзым етіп, туған жер мен атамекенге деген сағынышын, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін жырлайды. Қоғамдағы әлеуметтік құбылыстар, адам мен табиғаттың үйлесімі де ақын туындыларында кең көрініс тапқан. Оның әрбір өлең жолынан терең ой мен сыр, рухани байлық пен өмірлік философияны байқауға болады. Осы арқылы ақын тек поэзия әлемінде ғана емес, ұлт руханиятының дамуына да сүбелі үлес қосып келеді.
Әсем Сағиқызы,
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт»
мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының
баспасөз хатшысы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.