XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі драма жанры
Бөлісу:
Бар ғұмырын қазақ әдебиеті мен ғылымының дамуына арнаған Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ұлы ұстаз, ғалым Рымғали Нұрғалидің туғанына – биыл 85 жыл. «Талант тағдыры» «Өнер алды қызыл тіл», «Қазақ драматургиясы», «Әдебиеттің эстетикалық мәні», «Телағыс», «Әуезов және Алаш» іспетті елуден астам кітаптардың авторы. Сондай-ақ ол Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесі мен Н.Погодиннің «Салтанат жыры» пьесасын, Ә.Кешоковтың «Соңғы шақырым» драмасы мен П.Брагиннің «17 жайлы хикая» повесін қазақ тіліне тәржімалаған еді. Ілгеріде Р. Нұрғалидың «Драма өнері» монографиясының негізінде жазылып еш жерде жарық көрмеген мына бір жазбамды порталымызда жариялауды жөн санап отырмын.
Болашаққа бет бұрған кез келген халық өзін-өзі бағалау, сақтау, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа беру жолында тек ғана төл болмысына жүгінетіні анық. Ұлт тілінде жазылған әдеби шығарма – бұл ұлттың, ол өмір сүретін бүкіл қоғамның шынайы мәнін көрсете алатын көркемдік құрал. Соның ішінде М. Әуезовтің «Жанрлардың ішінде ең қиын жанр драма жанры» дегенін ескерген жөн. Осы тұрғыдан алғанда драматургиялық шығармалар көркемдік шындықты жеткізуде ерекше рөл атқарады.
Әдебиетте драмалық шығармалар басқа жанр шығармаларынан айырықша ерекшеленіп тұрады. Біріншіден, олар адамзаттың рухани шындығындағы шынайы сезімдер мен құмарлықтарды оқырман мен көрерменнің эмоционалды тәжірибелерімен психологиялық тұрғыдан үйлестіреді. Қазіргі заманның мәселелерін мүмкіндігінше нақты сипаттаса, екінші жағынан драмалық шығармалар оқырманға көркем шығарма (мәтін) түрінде жетеді. Әрине, оларды бір-бірінен еш ажыратуға болмайды.
ХХ ғасыр басынадағы қазақ қаламгерлерінің шығармалары классикалық әдебиеттің үлгілері болып саналады. Атап айтқанда, қазақ топырағында драматургия саласын дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шаниндер болды. Осылайша ұлттық классикалық дәстүрлер желісін қалыптастырды Кейінгі толқын жазушы-драматургтердің шығармашылығы да осы тұлғалар арқылы сабақтастық тапты десек қателесе қойпаспыз. Қазіргі қазақ әдебиетінің драмалық шығармалары тәуелсіздік жылдарынан кейін өзіндік өрнек, терең мазмұнымен ерекшеленеді.
Белгілі ғалым Р Нұрғалиев атап өткендей: «Қазақ драматургиясының заманауи жаңашылдықтарына, даму үрдістеріне назар аударған кезде мазмұны мен формасы арасындағы диалектикалық байланыстың күрделілігіне назар аудара отырып, бірнеше салаға ерекше назар аудару қажет. Көркемдік құралдар, әдеби дәстүрлер оңай, тез өзгеруге мүмкіндік бермейді, бірақ дүниетаным, суретшінің тақырыпқа келуі, кескін жасау бұл, сайып келгенде, болмыс, өмір ағымынан алшақтай алмайтын құбылыстар» дейді.
Бұл күні драматургияда Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, Т.Нұрмағанбетов, С.Балғабаев, И.Оразбаев, И.Сапарбаев С.Асылбеков, Е.Аманшаев, Р.Мұқанова, Р.Отарбаев шығармаларын ерекше атауға болады.
Қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалардың поэтикасына, оның ішінде драма жанрына жан-жақты және терең зерттеу жүргізген ғалымдар З. Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев, Б.Майтанов, Т.Есенбеков, Т.Тебегенов, А.Зекенова, Р.Сұлтанғалиева есімдерін атамай өтуге болмайды. Бұлар көркем шығарманы поэтикалық зерттеудің әдіснама моделін ұсынған білікті зерттеушілер болды.
Поэтиканың негізгі категориясы тұтастай алғанда жанр болып саналады. Өйткені кез келген жұмыс белгілі бір жанр түрінде ғана көрініс береді. Қазіргі уақытта әлемдік әдебиетте, оның ішінде қазақ әдебиетінде драматургия жанрларының поэтикасына қатысты зерттеулердің өзектілігі анық байқалады.
Драма (грекше drama - әрекет) - эпикалық және лирикалық бейнелеу тәсілдерін біріктіретін әдебиеттің бір түрі. Драмалық шығарманың негізі қақтығыс, оның мазмұны актерлердің ойыны арқылы ашылады.
Драма адамдарға өмірдің шиеленісті сәтін көрсетеді, мінез-құлық, іс-әрекеттер, оның қозғалысы арқылы ашылады.
Драмалық шығарма әрекеттер немесе актілер деп аталатын бөліктерге бөлінеді. Драмалық жанрларға қатысты мәселелерді шешуге ең алдымен Аристотельдің «поэтикасы» үлес қосты. Ол драма теориясын, оның әр элементінің функционалды табиғатын ғылыми түрде тұжырымдады.
Драма жанрында айтылған оқиға, яғни сюжеттік сызық кейіпкердің сөзі арқылы ашылады. Автор жақша ішінде шығарма кейіпкерлерінің әрекеттерін білдіретін түсініктемелер береді. Мұндай белгілер автордың астыртын ескертуі деп аталады. Сюжеттік желінің дамуының негізгі бағыты болып саналатын шығарма кейіпкерлерінің сөйлеуі, яғни репликалар негізінен диалог түрінде, кейде монолог түрінде беріледі.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі драма жанрында жазылған шығарманың басты ерекшелігі – күнделікті өмірдің түрлі құбылыстарын жан-жақты көрсету.
Әр түрлі шайқастар драмалық ауыр шайқастарға салынып, оның рухани-адамгершілік күшін сынап көреді. Қойылған мақсат үшін күресте белгілі бір мақсат адамдардың мінезінің әртүрлі қырларын ашады. Уақыт талаптары, әлеуметтік жағдайлар, «шекарадан» тыс және «шекарадан» өту арқылы қалыптасқан нормаларды бұзу сияқты әрекеттер жанжалды, психологиялық жағдайларды тудырады.
Қазақ әдебиетіндегі драма жанрының қалыптасуы туралы ең елеулі еңбектің бірі ретінде Р.Нұрғалидың «Драма өнері» монографиясын атауға болады.
«Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүниежүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан көп ауытқымайды. Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілік қуатын сынап жүреді, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күрес үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады» дейді.
Мысалы Р.Нұрғали С.Сейфуллиннің 1922 жылы Орынборда басылып шыққан «Қызыл сұңқарлар» пьесасын бірден драма деп көрсетпей, революциялық пролетарлық әдебиет принциптерін ұстанып жазылған туынды деп қарайды. Ғалым бұл туындының бірнеше рет өзгерістерге түскені, 1936 жылы өңдеу мен өзгертулер негізінде қайта туғаны жөнінде мәлімет бере отырып, «Әдебиет майданы» журналына шыққан нұсқасының жалпы сюжетіне тоқтала кетеді. С.Мұқановтың «Қызыл сұңқарларды» қазақ драматургиясының тарихында саяси тақырыпқа жазылған алғашқы пьеса деген пікірін құптай отырып, түркі халықтарында осы тақырыптағы пьесалардың С.Сейфуллин туындысынан уақыты жағынан кешірек туғанын ескере келе драматургтің бұл пьесасы арқылы түркі тілдес әдебиеттер тарихында жаңа бетбұрыс жасалды деп үлкен баға береді. Сөйтіп пьесаның тақырыбы, идеясы, образдары деген мәселелерге тоқталады. Ал І. Жансүгіровтің драматургиясын талдамас бұрын ғалым алдымен жазушының драматургияға келу жолын зерделейді. Диалог үлгісінде жиі жазылған өлеңдерін мысалға ала отырып, оларды драматургия жанрына барар алдындағы жемісті ізденістері, алғашқы барлауы деген пікір айтады. Драматургтің туындыларын шағын және көлемді пьесалар деп шартты түрде екі салаға бөліп қараған Р.Нұрғали, І.Жансүгіровтің мұрасына біршама зерттеу жүргізгені мәлім. Драматургтің әйел теңдігі мәселесін жаңа қырынан көтерген «Райхан» драмасы мен «Кек» драмаларын талдауда әсіресе «Кек» драмасына кеңінен тоқталады. Кейіпкер характері, драмадағы тартыс мәселелеріне тоқтала келе «Өмір мен өнер қоян-қолтық келген, бұрын таптаурын болмаған тың объектіге қаламгер тұңғыш барлау жасаған алғашқы тәжірибе» деген көзқарас тұрғысынан қарап, оның ішіндегі композиция, сюжет пішініне тоқталады.
«Кек» драмасының соңғы бөлімдері туралы айтқанда «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Жолдастар» секілді күрделі туындылармен ортақ жанды суреттері бар екенін де баса көрсетеді. Шығармадан классикалық драматургияның бірнеше белгілері кездесетінін, әлемдік шедеврлермен еркін танысып, Шекспирден сабақ алғандығын да ғалым бірнеше мысалдармен келтіре отырып, үлкен баға береді. Тіпті «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантық, «Түнгі сарындағы» Жантас, Жүзтайлақ пен «Кектегі» Аятбай, Кәрісті салыстыра отырып тұңғыш барлау Ілиястікі екенін айтады.
Мысалы Қ. Мұқашевтің «Дала балладасын» «Кек» драмасының сарынымен жазылған дей келе ортақ сюжеттік негізі, өмірлік материалдар мен қаһармандар әлемінің ортақтығын айтып, дәлел ретінде мысал келтіреді.
Ал «Түнгі сарын» драмасын талдауда Әуезов мұрағатын талмай ақтарған ол «Түнгі сарынның» қолжазбасының арасынан бұрын оқырман қауымға белгісіз болып келген «Тұман айығарда» романының эскизін тауып, оқырманға ұсынады. «Түнгі сарынды» талдауда алдымен жазушының шығарманы жазар алдында пайдаланған жоспарын, оның Әуезовтің шығармашылық лабораториясының құпияларын ашуға көмегін тигізген кілт екенін айтқан ғалым оның себебін былайша түсіндіреді. «Драматургияның үлкен бір қиындығы – характерді конфликт үстінде көрсету, осы екеуінің өзара әсерінен туатын тартыс десек, мына жоспарда болашақ пьесадағы айтылмыш компоненттер төбе көрсетеді Әуезов қаһармандар арасындағы қақтығыстар қалай өтетіндігін, ситуацияның дәлді қалпын, әрбір адамның психологиялық күйін айтады Кейіпкердің киімі, жүріс-тұрысы, сөйлегендегі бет құбылыстары, дене-қимылы – осы сияқты негізінен режиссер белгілейтін жәйттер де бірқыдыруы қағазға түседі» дейді.
Әрі қарай жоспар мен кітаптағы нұсқа арасындағы сөздер, ситуациялық жағдайлар, кейіпкерлердің психологиясы арасындағы ұқсастық, айырмашылықтарды салыстырады. «Түнгі сарынның» орыс тілінде қойылған қазақтың тұңғыш пьесасы екендігі жөнінде тың мәлімет береді.
Сонымен қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен, ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою – жемісті арна екендігінде шүбә жоқ. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия заңдылықтарын Европа нұсқаларынан үйренген қаламгерлеріміз өмірлік материалды сұрыптап шығарма мақсатына орай пайдалануға келгенде, төл топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады. Осы жерде комедия жанры жөнінде де бір ауыз сөз айтпасақ болмайды.
Р. Нұрғали алғашқы қазақ комедияларының авторлары Б.Майлин, Ж. Шанин туындыларын халықтың күлкілі әңгімелерінің сюжетін пайдалана отырып жазылған дейді. Зерттеуші бұл пікірінде қазақ драматургиясының барлық жанрларының күре тамыры ауыз әдебиетінде деген тұжырым жасайды. Әлем әдебиетінде әртүрлі күлкі тудыру ерекшеліктеріне қарап комедияның түрлерін ажыратып жатады. Лирикалық, қаһармандық, отбасылық-тұрмыстық, сатиралық, комедия-буффонды, комедия-фарс және тағы басқа түрлері... Р.Нұрғали қазақ комедиясын сатиралық және лирикалық деп үлкен екі топқа бөледі. Сатиралық комедияның түрлеріне Ж.Шанин, Б. Майлин сияқты ірі қаламгерлердің туындыларын жатқызады. Әсіресе Бейімбет Майлин, драматургия жанрының профессионалдық дәрежеге көтерілуіне ерекше еңбек сіңірді. Б. Майлин осылайша қазақ драматургиясындағы комедия жанрының негізін қалаушылардың бірі ретінде қазақ әдебиетінің тарихында қалды.
Бөлісу: