Тарыдай болып кіресің...

Бөлісу:

01.09.2025 399

Жаңа оқу жылы басталды!

Мінеки, жаз мезгілі де ресми аяқталып, жомарт күздің алғашқы айы – қыркүйектің бірі күні қалалар мен ауылдар ерекше бір көңілді абыр-сабырға толады. Көшелердегі көлік саны да күндегіден күрт артқан. Әр тұстан ата-анасы қолынан жетектеген, мектеп формасын киіп, ақ бантик тағып, шашын мұқият қидырған бүлдіршіндер сөмкелерін асынып, құшағындағы гүлін ұстазына беруге асығып келе жатады.

 Бар кітапқа бас болған,

Әліппе – ғылым анасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы, -

дегендей, «Әліппеден» басталатын, инемен құдық қазғандай қызықты да қиындықтарға толы білім жолы оларды алда күтіп тұр. Ата-аналармен сәл де болса, қимай қоштасып, мектеп табалдырығын имене аттап сыныпқа беттеген бірінші сынып оқушыларының алдағы төрт жылда сол қызықтар мен қиындықтарды бірге бөлісер ұстазы өткізетін бейбітшілік сабағының орны тіптен ерекше!

Бұл күннің өзі – ерекше күн! Бірінші қыркүйек – Білім күні. Дәл осы күні еліміздегі 341 мың бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттады. Жоғарыдағы өлең жолдарына қоса: «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың!» - деп Мұқағали Мақатаев аталары айтқанындай  білім сапарына жолға шыққан кішкентай ғана бүлдіршіндердің оқу-білім, өнер мен спортта үздік болып, биылғы жылы мектеп қабырғасындағы соңғы қоңырауы соғылатын 240 мыңнан астам аға-әпкелерінің жолымен он бірінші жылдық белеске аман-есен жетуіне тілектестік білдіреміз!

Осы ретте ашық ақпарат көздеріндегі 2025 жылдағы білім беру саласының жалпы ахуалы жайындағы мәліметтерді де шолып өтелік.

Елімізде биыл сегіз мыңға жуық мектеп білім беру нарығында қызмет етіп жатса, олардағы оқушы саны төрт миллионға жуық екен. Бұл мектептердің үш мың екі жүздейі мемлекеттік мектептер болса, сегіз жүзге жуығы – жекеменшік мектептер екен. Бұл мектептерде екі жүз елу мыңнан астам оқушы білім алатыны белгілі болды. Яғни осыған қарағанда еліміздің білім нарығында таңдау да, бәсеке де бар деген сөз. Оның нақты айғағы – НЗМ, БИЛ, т.б. беделді мектептердің оқуға іріктеу емтихандарына деген қызығушылық пен бәсекенің жыл-жылда өте жоғарылығы. Оның себебі: әрбір ата-ана өз баласының сапалы білім алуына мүдделі екендігінде. Әрине бұған қарап жекеменшік мектептерде ғана білім беру үрдісі жолға қойылған, ал жалпы білім беретін мектептердегі білім сапасы төмен деген ой туындамауы керек. 

Мемлекеттік мектептер де, жекеменшік мектептер де жалпыға бірдей бекітілген мемлекеттік оқу стандартын басшылыққа алатыны белгілі. 

Ондағы айырмашылық дейтін болсақ, қалалар мен ірі елді мекендердегі жекеменшік және мемлекеттік мектептердің әр сыныбында оқитын оқушы санының аз-көптігінде шығар.

Оқу сапасын арттыру жолында елімізде 2019 жылдан бергі кезеңде бір миллион оқушылық сыймдылықтағы мың екі жүз жаңа мектеп ашылған екен. Бұл деген – үлкен алға басушылық. «Жайлы мектептердің» өзі қалалар мен ауылдарда молынан пайдаға беріліп жатқан жоқ па? Дегенмен ата-аналардың алаңдауына да негіз бар. Еліміздің көптеген өңірлерінде, әсіресе ірі қалаларда үш ауысыммен оқитын мектептер баршылық. Мұның себебі – еліміздегі демографиялық ахуалдың әлі де болса тартымды деңгейде тұрғандығы және урбанизацияның яғни халықтың қалаға көшу үдерісінің қарқындылығы болып отыр.  

Үш ауысыммен оқыту мәселесі әлі де бар болған жағдайда білім сапасын арттырудың күрделі болып қала беретіні сөзсіз. Бір немесе екі ауысыммен оқыту, мұғалімдердің апталық жүктемесі деңгейін азайту, сондай-ақ сыныптағы оқушы санын жиырманың төңірегінде ғана болдыру мәселелерін шешкен жағдайда ғана мектептегі білім сапасының жоғарылығы, қойылатын физиологиялық-гигиеналық, экологиялық талаптардың мүлтіксіз орындалуы сияқты мәселелер күн тәртібінен түсері анық.

Ғаламтордан алынған дереккөздерге сүйенетін болсақ, 2025 жылы елімізде үш ауысыммен оқытатын қырық мектеп бар екен. Және ҚР Үкіметі мен Оқу-ағарту министрлігі алдағы жылдары осы мектептердегі үш ауысымды толықтай жою жолында қыруар іс тындыруды жоспарлап отырғаны да айтылыпты. «Көш жүре түзеледі» дегендей, білім жолында жоспарланған істердің бәрі алдағы жылдары толығымен жүзеге асарына сенім зор. 

«Бар жақсылық – балаларға» деген бір тамаша айтылым бар. Бұл – дәуірлер жүзінде құнын жоймайтын сөз. «Ең өзін өзі ақтайтын инвестиция – баланың білім алуына салынған инвестиция» деген сөзді халқымыз жадына мықтап тоқыған. Қалай болғанда да ұрпағының оқып білім алуы үшін бар мүмкіндігін, қолда барын аямайтын халқымыздың ізгі қасиеті тұрғанда еліміздің болашағы жарқын екендігі сөзсіз.

Білім нарығындағы бәсеке – әлемдік бәсеке. Қай ел жас ұрпағына сапалы білім, саналы тәрбие бере алады – сол елдің болашағы да жарқын, қайсы салада болмасын, беделі де үстем. Биыл мектеп табалдырығын аттаған мың-мыңдаған жас ұрпақ еліміздің ертеңін барынша нұрлы ететін білімді де білікті, туған жерін, елін, оның тілін, тарихын, салт-дәстүрін сүйетін саналы азаматтар болғай! Сәт сапар, балапан білімгерлер!

Бөлісу:

Көп оқылғандар