Ертегілер – көркем ойдың бесік жыры
Бөлісу:
Ертегілер әлемі – көркем ойдың бесік жыры. Сол әлдимен санаң жаңғырып, ойың ериді. Таңғажайып дүние есігі ашылады. Қаншама заманалар мен құрылықтар, дәстүр мен таным, тарихи оқиғалар бөліп тұрса да, ертегілердің кеңістігі – исі адамзатқа ортақ. Сәби санаңды әлдилеген ертегілерді есейгенде қайыра жаңғыртсаң, түйсігің тұтқырланбаған пенде екенің рас болса, содан өшіп кеткен өмір шындығының әлсіреген шырағының саңылауын танисың. Сол ұлттың, тіпті исі адамзаттың басынан кешкен, не кешіп жатқан, немесе күні ертең кешетін заманақырлық зұлматтар мен қилы – қилы құбылыстарды түйсінесің. Тек соны түсіну үшін ертегінің ішіндегі оқиғалардың желісі мен баяндаушының емеуірінін көркем ойлау жүйесі тұрғысынан саралау лазым. Ертегілердің жемісін «шартты шындық» деп қабылдаймыз. Егерде, ойлау қабілеті пайда болғаннан бері даналар мен оқымыстылардың һаммасы санасын қаншама сарықса да санына жете алмаған, мына біз білетін, көзімізге көрінген ай мен күн, миллиардтаған жұлдыздар қасиетті «Құранда» айтылған 18 мың ғаламның біреуі ғана екен. Сонда қалған 17 мың 999 ғаламның шек – шекарасы қайда?!!. Шексіз кеңістік деген осы. Ал ертегілер сол шексіз кеңістіктің санадағы сәулесі болып табылады. Тіпті біз қазір, сол таңғажайып ертегілердегі оқиғалардың өзін басымыздан кешіп қойғандықтан, көркем қиялымыз бен көркем ойлау жүйеміз тұйыққа тіреліп, ғаламдық ойлау, қабілетіміз тоқырауға ұшыраған заманға тап келген сияқтымыз.
Меніңше біз, жаңаша көркем ойлау жүйесіне көшу үшін осы ертегілердегі құбылыстарды аралап барып, келер күнгі көркем әлемнің бағытын анықтап, жаратылыс туралы мүлдем тосын көзқарасқа көшу дәуірінде тұрмыз. Бізге соны әуелі түйсіндіріп, тұщындырып, содан кейін түсіндіріп беретін философтардың өзі, 18 мың ғаламның тылсымы суалып қалғандай, адамның жетесіне шүйліге жінігіп алды. Сенбесеңіз қараңыз.
Солар қасиетті төрт кітаптағы Жаратқан Ием мен Жалған туралы түсінікке не жаңалық қосты өзі?!! Ең дана, ең ұлы деген ойшылдардың өзі әуелі жаратылған сана ма, жоқ, болмыс па, деп қойып, оқымыстының шапанын киіп, ойшылсынып шыға келіп, «екі көзі бірде аларып» (Абай), бірде жұмылып, ырғалып қойып ыңырана жөнеледі. Айналып келіп сау жүйеңді жегідей жеп, шешілмейтін шырғалаңның ішіне кіргізіп, пәңгіртіп қояды. Соңғы дертке шалдыққан адамды қазақтар «қияли», «оқу соққан», «әпенді», «ләухи» дейді. Біз сол қиялилардың қияли қисынына сеніп, санамыз сандыраққа айналды. Исі адамзаттың қайта-қайта қасиетті кітапқа оралып, содан жұбаныш табатыны да сондықтан. Одан басқа «ақылға сауыт» ( Абай ), ойға – ұйытқы, жүрекке – жұбаныш болатын не қалды?
Ертегі қалды! Иә ертегі! Пәлсафашылардың сауын сиыры - көркем ой. Көркем ойдың ұйытқысы – ертегі.
Егерде әуелі пайғамбарлар болмысы, содан кейін сәуегей де дана ертегішілер мен абыздар болмаса, ойшылдардың күні қараң қалар еді. Олар солардың түйсікпен сезген көркем ойы мен көркем шындығын сауа – сауа ақ жемін шығырды. Тіпті ертегілердің де зықысы мен берекесін кетірді. Өйткені ертегі де ойдың жүйесі мен көркем «шартты шындық» болатын. Енді ертегісіз есейген ұрпақ қалыптасты.
Түйсіктің, танымның, көркем шындықтың уызын таптай жетілген қандай талайсыз тұқым десеңізші! Осындайда: ертегіші ұстаған Абай есіме түсіп, өзі айтып кеткен жұмбағының бір ұшы осында жатқан жоқ па екен?- деп, дала данасының саңлауына сығалағың келді.
Жә! Енді осы ойға жетелеген «шартты шындықты» жүйелеуге көшейік. Ол үшін қазақтың жан дүниесіне жақын және мүлде жат жұрттың - жапон ертегілеріндегі құбылыстарды өз еркімізше жүйелей жинақтайық.
Астафир – Алла! Мына «шартты шындықты» қараңыз!
***
Бұл өзі он жылдан бері санада сағымданып, тура ертегінің өзі сияқты елестеп келіп, елес боп кетіп жүрген тақырып, көкейкесті ой еді. Сар даладығы сағымның көліндей ап-анық көрініп, ойыңды қорытуға тырыссаң болды, сағыммен қоса сусып ғайыпқа айналып кетеді. Ол сағым – ежелгі ертегілердегі сол дәуірден бұрын өмір сүрген ертедегі ел туралы ертегілердің түпкі тарихи шегі туралы қияли тұжырымдар. Арлы-берлі тарихты салыстыра пайымдай алатындай мағұлматы бар адамның кез-келген қазақ ертегілеріндегі оқиғалардың жаңғырығынан нақты тарихи оқиғаның елесін тани алады. Сондай-ақ әр елдің ертегі – аңыздарынан ұқсас тамырлар мен танымды табасың. Бұл жөнінде Ғалым Доскен таңғажайып салыстырулар жасап, тамаша қағидалық тұжырымдарға келіп еді... Өкініштісі, тіршіліктің қабағат толқыны оны ғылыми зерттеуден қақпақылдап, жағаға алып кетті. Мүмкін қайтып оралар.
Мысалы Ғалымның қазақ ертегілеріндегі Бәйтеректің нысаналық белгісі заман деген пікірі мен дәлелі сондай тосын, тың және нақты.
Бәйтерек – уақыт. Ертөстік те, Керқұла атты Кендебай да, Тазша да бәйтеректің түбіне келіп, осы заманға оралады. Олар біз жайлаған кеңістіктен өзге кеңістікте өмір сүріп келген. «Күн астындағы Күнекей қыздағы» алтын ағаш та сондай құдіретке ие. Демек, Бәйтерек – қазақ үшін мәңгілік уақыттың белгісі.
Мұның астарында қандай тарихи оқиға жатыр, аңыздың тегі қайда апарады? «Ежелігі ертегілердегі ертегілер» дегеннің мәнісі де сол сұрақтың жауабына жетелейді.
Бірінші: неге ертегілердегі ертегілер деп отырмыз. «Ертөстік» те, «Керқұла атты Кендебай да», «Күн астындағы Күнекей қыз» да Түрік қағанаты мен Оғыз қыпшақ дәуірінен бұрын шыққан ертегілер. Мүмкін, оқиға құрылымы жағынан өзгеріске ұшырап, бір желі қосылып, бір желі алынып қалған болар. Бірақ та ежелгі дәуірдің нысанасына айналған Бәйтерек аңыздың түпқазығы болып қалған. Бұл нысана «Қозы Көрпеш Баян сұлуда» - Бестерек, «Қыз Жібекте» - жалғыз қурай, қу ағаш (Төлегеннің панасыздығын меңзеу), «Абай жолында» - Шынар, Алып бәйтерек ретінде көрініс тапты. Сонда Бәйтерек ұғымы қай замандағы Уақытты – оқиғаны меңзейді?
Бәйтерек – түркі тектестердің түп атасының бейнесі. Естеріңізде болар, алып бәйтеректің қуысынан табылған баланың аты Қыпшақ емес пе. Бәйтерек – Ата. Қазір де ел ағасы не үй иесі өлсе «Бәйтерегім құлады» дейміз. Бәйтерек туралы ертегінің өзі біз үшін ертегіге айналған заманда туған. Ал сол заманның өзінде Бәйтеректі «Ерте, ерте, ерте де, ешкі жүні бөртеде, қырығауылдың қызыл, құйрық жүні ұзын» замандағы киелі ағаш ретінде қабылдапты. Ал ол дәуіріміз қай дәуір? «Оғыз қаған» дастаны ІХ - Х ғасырда, ал Оғыз қағанның өзі жыл қайыруымыздан бұрынғы ҮІІІ-ҮІІ ғасырда дүниеге келді- міс делінеді.
Алып терегім құлады – деген жол бар. Бұл сөз б.д.д. ІХ-ҮІІІ ғасырда жазылған. Яғни, Бәйтерек туралы аңыз осы «Күнекейлер» шықты деген ертегі заманнан 1000 жыл бұрын бар екен.
Ендеше, «ертегідегі ертегілердің» нақ өзі осы Бәйтерек – Қыпшақ болып шықпай ма? Күн, Скиф, Сақ, түркі, Оғыз – қыпшақ, кеден – қидан, алтын орда, ақ орда, көк орда, қазақ хандығы, Ресей патшалығы, «Алашорда», КССР, Қазақстан, Қазақстан Республикасы дегеніміз тектің емес, мемлекеттің аты. Ал оларды мекендеген ұлыс пен ұлттың түпкі атасы – Бәйтерек, анасы – Көкбөрі, Ашина, Бозғұрт, Қарға бойы Қазтуғанның:
Анамыз біздің Бозтуған,
Келін болып түскен жер – дегеніндегі Бозтуған Боз Ана – Көк бөрі .
Түгел сөздің түбі де, тегі де бір! Осы бәйтерек туралы ертегі өзінің өткенін түркі жұртымен байланыстыратын барлық халық та бар. Тіпті, Жапондардың сакураны (аралдағы тереккке бара-бар ағаш сол ғана): Тәңірім самурайды жаратқан, ал сакура бізді жаратқан-деп қасиет тұтады. Кездейсоқтық та? Күлесіз бе? Күліңіз бірақ келесі дәйектемеде күлкіңізді жия алмай қалып жүрмеңіз.
Алып Бәйтерек – алып атамыз Алып Ер тұңға, оның атасы қыпшақ, тегі түрік. Ишпақай! Ишпақайдың арғы атасы – Тарғытай! Тарғытай да, бәйтеректің саясында, найзағайлы дауылда дүниеге келген. Ал оны Гередот дегдар «Адам ата – Хауа ана» дәуіріне апарады. Ал Адам мен Хауа да алма ағашының жемісін жеген соң біз жаралдық-мыс емес пе. Бұған тағы да он сан мысал табылады. Ойды дамыта талдау түптің түбіндегі мәселе (археологиялық қазбалардағы Бәйтерек, Пазырық қорғанындағы тұс көрпедегі Бәйтерек, Қозы Көрпештегі алтын шырғадағы қос терек т.б.)
Екінші осыларға ортақ тарихи оқиға қайсы? Маған салса - әр оқиға Ертөстік пен Күнекей заманында-ақ елеске айналған өткен өмірдің нақты сағымы дер ем. Дәлел:
Үш ертегіде де жылан патшалығы бар. Патшасы – жылан бап. Бәрінің де сыртқы қабыршағы жылан, тегі адам. Бұл тек ертегілік қияли бейне ғана ма? Назар салыңызшы:
Менің білуімше, атам заманынан – Алып ер Тұңғадан –Ишпақайдан бері күн шығыстан түркі жұрты бес рет төңкеріле көшіпті.
1. Ишпақайдың көші – Мадай (Медея) Қырым – Кемер (кемерліктер) еліне б.д.д. ҮІІІ – ҮІІ ғасырда қотарыла қоныс аударды. Себебі: елін жылан жайлап алған (Гередотта, Страбонда солай жазылған)
2. Ғұн тәңірі құттары да – б.д.д 374-24 жылдары жыландардан ығысқан.
3. Аттила – Еділ патшаның тұсындағы ұлы қоныс аудару (ІҮ-Ү ғ.) кезінде ғұндарды жылы орынынан жылжытқан – жыландар.
4. Түрік қағанаты - Оғыз дәуіріндегі көштің себебі: Жыланбаптармен соғыста жеңіліс тапқан.
5. Құба қыпшақтардың Еуразияға қоныстануы (ІХ–Х ғ.). Сары ханның шежіресі бойынша жыландардан жеңілген. Қазіргі түрік жұртының да қоныс аударуына себепші жылан болған.
Бұл неғылған қаптаған жылан! Бұл неғылған үрей! Жыланнан қорыққан: Ишпақай – Ер Тұңа Иран мен кіші Азияны; Еділ – мен Құнан Қыпшақ – Еуропаны жаулап алады. Бірақ жыланға шамалары келмейді.
Шыңғыс хан Кіші Азия мен Еуропаға бет алғанда: «Әжуси мен Мәжусилер кеп қалды!» - деп шаһардан үрке қашқан бағдаттықтар мен иерусалимдіктер сияқты алды артына қарамай жосқан!
Мәселе – мақұлық жылан да емес, жылан қабын киген жыланбапта! Яғни айдаһарлы ту ұстағандар да. Түркінің түпкі ата жұрты Алтайдың арғы беті. Сарыөзен (Хуанхээ) мен Сарытөс (Ордос) ұлы қорғанның іргесі. Шығысы – Арғын өзені. Солтүстігі – Байкөл! Батысы - Қырым! Ал жаңағы Ишпақай, Тұман – Шөже, Еділ, Құнан Қыпшақтың түріле босқан түп төркіні – Қиыр Шығыстан Қаратеңізге дейін созылған Тәңір – Таудың қос бөктері.
Құнанбай айтқандай Әлмисақтан бері мәлім бір шындық бар.
Ел өседі – жер өспейді. Шарасына толған теңіздің суы сияқты кемелдік кемерінен асқан түркі қауымы лықсып барып Еуразияға – Ұлы далаға лап қойды. Ал «Теңізді түбінен толқытқан» - айдаһарлы ту ұстап, айдаһарлы киім киген, айдаһар пішініндегі алып қуыршақ жасап майданға аттанған ордалы жыландар – қалың Қытай! Әлгі жылан, Қай, айдаһар, хайдар деп аталғандар жылан кейпіндегі табғаш, мәнжу, қидан, шын, машын әскерлері.
1. Ғұн қағанатын (ҮІІ – ҮІІІ ғ.) теңселткен,
2. Б.д.д. ІІІ – ІҮ ғасырда ғұндарды жеңіп, 24-жылы Таласта Шөже Тәңірқұтын талқандаған,
3. ІҮ –Ү ғасырда Түркілерді (Ғұндарды) батысқа лықсытқан,
4. Түркі қағанатының (ҮІ –ҮІІ ғ.) түбіне жеткен,
5. ІХ-Х ғасырда құба қыпшақтарды ығыстырған сол жыланбаптар!
Ұрпақ ауыса келе бәрі әуелі аңызға, соңынан ертегіге айналған.
Ал Күнекей неге күн астында? Ертөстік пен Кендебай ағайындарын неге жылан патшалығынан іздейді? Кейінгі екі ертегідегі теңіздің ортасындағы жапандағы жалғыз аралдағы Темірханның елі қайсы?
Мұнда тарихтың бір тылсымы жатыр. Күннің асты – күншығыс. Жылан патшалығы – орталық мемлекет. Аралдың ортасындағы ел – Жапония! Жапон ғылымы Ширатори «Найман мемлекеті туралы», «Соғды мемлекеті туралы» екі бірдей монография жазып, жапондардың түпкі тегін түркілерден іздеген және тапқаны тегін емес. Жапондардың семсерді сертке ұстап киелі санауында – Тарғытайдың Ақинағы, садақты қасиет тұтуында – Оғыз қағанның алтын, күміс, жез жебелері, Сакурада - Қыпшақтың бәйтерегі жатыр.
Мені таң қалдырғаны – олардың да жылан бейнесіне тіксіне қарауы. Ең бастысы жапон ертегілері мен аңыздарының сондай қазақ ауыз әдебиетімен тамырласып жатқанды. Мысалы: олардың ақ тырна туралы аңызы – қазақтың «Ақ қаз», «Қоңыр қаз», «Сарыала қаз» жөніндегі эфсанасынан айнымайды. Жапонның он ертегісінің үшеуі қазақ ертегісімен түбірлес. Өзгені былай қойғанда мына аңызды ғой бәріңіз білесіздер:
«Сол бір тау туралы аңызды алғаш рет қашан естіп едім? Менің туған жерім әрі балалық шағымның куәсі болған ыстық мекенім Аралтөбе - Жоңғар Алатауының орта тұсындағы тау бөктеріне қоныс тепкен шағын ауыл болатын. Міне, сол маңда, аралдың жағалауын ала созылып жатқан Алатау сағасында бағзы бір заманаларда төрінен көрі жуық кемпір шалдарды тауға апарып тастайды екен дейтін аңыз айтылатын-ды. Шамасы бес алты жасар кезім болса керек, осы әңгімені әлдекімнің аузынан естіп, солқылдап жылағаным есімде. Әжем бе, әлде, шешем бе екен менің даусымды естіген бойда жүгіріп шығып, жұбата бастады. Әрине, мен ол кезде бұл аңыздың мән-мағынасын түсінгенім жоқ, бірақ өзімнің шешемді арқалап алып, алыстағы бір қорқынышты таудың арасына апарып тастайтынымды ойлауым мұң екен, көз жасым көл болып қоя беретін-ді.
Есте жоқ ескі заманда кемпір шалдарға қаны қас бір әмірші болыпты. Ол өзінің қарауындағы елге, жасы жетпіске жеткен қарияларыңды тауға апарып тастайсындар деп жарлық шығарыпты. Күндердің бір күнінде бір кедей шаруаның баласы осы жарлықты орындау үшін кәрі шешесін арқалап алып, айлы түнде жолға шығыпты. Бірақ тауға барған соң, туған шешесін жалғыз қалдырып кетуге қимай үйіне қайтып әкеліпті. Сөйтіп, бұл құпиямды ешкім білмесін деп үйдің астынан терең қылып ұра қазады да, шешесін соның ішіне жасырып қояды. Сол уақыттарда әміршіге көрші аймақтан елші келіп, біздің әміршіміз саған үш түрлі шарт қояды, соны орындай алмасаң еліңді шауып, өзіңнің басыңды кесеміз дейді. Олардың сондағы шарты былай екен: Күлден қалай жіп иіруге болады? Ішінде тоғыз ирегі бар шардан жіпті қалай өткіземіз? Дауылпаз өздігінен қалай үн шығарады? Сасып қалған әмірші сарайдағы ғұлама ойшылдарын шақырып осы үш жұмбақтың шешуін табыңдар деп әмір беріпті. Бірақ олар әрі ойланып, бері ойланып ақыры таба алмапты. Сол кезде әлгі боз бала осы шарттарды ұрада жасырынып жатқан кәрі шешесіне айтып келеді де, шешесі олардың жауабын қолма қол тауып береді. Сөйтіп, бозбала анасының айтқандарын әміршіге жеткізіп, ел-жұрт төтеннен келген қатерден аман қалады. Сонда барып әмірші қарт адамдардың ақыл кеңесі баға жетпес байлық екенін түсініп, өз жарлығының күшін жойған екен.
Енді есіңізге түсті ме? Тек әміршінің елі шөлде адасып, су таба алмағанда елге сауын айтпаушыма еді. Сандықтағы адам – ақсақал еді ау, айтпақшы. Бұл сол ертегінің бір нұсқасы болар. Болса болар, бірақ қазақтың емес бұл жапонның аңызы. Тек «Идзу мүйісін» - Аралтөбе, «Гион өлкесін» - Алату сағасы деп өзгерткен – мен. Сенбесеңіз Иасуси Иноуэнің «Обасутеяма – кемпір тау» атты әңгімесін ( «Қазақ әдебиеті», 6 қазан, 2000 жыл. Аударған Нұрғали Ораз) оқыңыз.
Демек, кемпір мен шалдарды өлтіру туралы аңыз ҮІІІ – ІХ ғасырдан бұрын шыққан. Тіпті Гередот пен Старабон (б.д.д. ІҮ –Ү ғ.) дәл осы оқиғаны скифтердің есте жоқ ерте замандағы дәстүрі ретінде жазады. Ал жапондар аралға осыдан мың – мың жарым жыл бұрын көшкен. Олар өздерінің тегін айн тайпасынан, кейінгі ғалымдары Найман-Керей, Арғын руынан іздеп жүр. Қан құрамы да ұқсас көрінеді.
Бұдан өзге де ондаған дәлелді дәйектер ұсына аламыз. Бірақ мақсат –дәлелдеу емес, ой салу.
Аңыздың түбі ақиқатқа жетелейді. Демек, шығыс елдерінің ертегілеріндегі ежелгі заманның ертегілерінің тарихи, бейнелік, көркемдік жүйесі-зерттеуге тұрарлық, жаңалықтарға толы ғажайып тақырып болғалы тұр деген сөз. Алдағы уақытта салыстырмалы ғылыми деректерді жинақтай жүрген жөн екен. Кім білсін? Иә, кім білсін.
Сонымен, Аяз би кім?
Иә, бұл - қазақ ертегісінің кейіпкері. Ертегінің желісіне қарап, шамамен жыраулар дәуірінде, Жиреншенің тұсында дүниеге келген тәмсіл деп жорамалдайсың. Едіге, Жиренше, Әз-Жәнібек, Әз-Тәуке сияқты дала данышпандарының тұлғасы елес беретін сияқты. Солайы-солай. Алайда сол ертегідегі ақылды хан мен алыстағы хандықтардың көшпелілер әлеміндегі тарихи елесі қайсы?
Бұған жауап іздеу үмітсіз дүние сияқты еді. Сөйтсем, бұл да ертегідегі баяғы бір заманның жұқанасы екен. Тарихи дерекке жүгінсек Аяз бидің өмір сүрген хандығы мен уақытын, ханның атын да білуге болады екен. Мысалы, Атымтай Жомарт ҮІ ғасырдың ортасында өмір сүрген араб ақыны Хатым ат-Тай. Ол өзінің өлеңдерінде шексіз жомарттықты, мәрттікті, меймандостықты жырлаған және өзі де соған ылайық өмір сүрген. «Қисса-и Хатым-тай» атты халықтық роман араб, парсы тілінде кеңінен таралған. Исі түркі әлемі де Атымтай Жомартты сүйсіне жырлаған. Ал Аяз би болса, өзгенің таласы жоқ таза түркі тегінен шығып, мұқым мұсылман дүниесіне таралған халықтық кейіпкер.
«Бахтиярнаменің» малайазиялық нұсқасында да Аяз би – қадии Аяз деп дәріптеліпті.
Аяз би туралы әфсананың тарихи алғы шарты – жоғарыдағы Жыланбаптың Оғыз-Қыпшақты ығыстырған тұсында қаланыпты. Құнан қыпшақтың ұлы далаға қоныс аударуының нәтижесінде Саманид мемлекеті түркі жасағынан жеңіліп, екіге бөлінді. Солтүстік - Шығыста қараханилар мемлекеті орнады. Ал Себік-тегін бастаған түркі жасауылдары Ғазына-Қазына өлкесінде ғазынауилар мемлекетін құрды. Амударияның батысы мен оңтүстігін түгел биледі және мемлекеттің негізгі ұйытқысы-қандай да бір әлеуметтік, саяси, тектік, діни теңсіздікке қарсы ұйымдасқан, бас еркіндігіне ұмтылған ерікті түркі жұрты еді. Ғазынауилер тұсында (977-1187) ғылым мен білім, ықтисат, сәулет өнері, пәлсафа, әдебиет шарықтай дамыды. Әділдік пен теңдікті, парасатты, ел қамын бірінші орынға қойған ғазынауилер әулеті Шығыс пен Батыстың, Тараз бен Бағдадтың арасындағы мәдени көпір болды. Әділет мемлекетінің негізін қалаған Махмуд Ғазынауи (998-1030) сұлтанның билігі кезінде әдебиет пен сәулет өнері шырқау биікке жетті.
Әл-Фараби, Ибин-Сина, Кей-Кабус, М. Қашқари, Ж. Баласағұн, «ақындар патшасы» (Ғазынауи берген) Фаррух, Унсури, Мәнушахар, Аюке, Туси, Руми, А. Бухари, Р. Самарханди, Әнуар, Захариддин Фараби, Әбдді-Разақ Қожа Атан, Баба Кухи, Әбу Хаири, Санаи, Аттар, Әбу Мусин–Насир Қосрау, Ф. Гургани, Хагани, Омар Хаям сияқты ғұламалар тікелей Махмуд Ғазынауидің ықыласына бөленді.
«Ғазынауилік ақындар мектебі», «Ғазынауилік рубаилар үлгісі» қалыптасты. Мұсылман әлеміне танымдық төңкеріс әкелген Әбу-Хамид Мухаммад ибн Мухаммад ат-туси Әл-Шафи Ғазали (1058-1111) де өмір сүрді. «Шахнаманың», «Қанипа мен Динаның», «Сандыбаднаменің», «Гершаспнаменің» жаңа нұсқалары сол Махмұд Ғазынауидің тапсыруымен жазылды. Бұл исі шығыс жұртының рухани түлеуі кезеңі болды. Сол үрдістің соңы Низами, Саади, Руми бастатқан «Шығыстың жеті жұлдызына» ұласты.
Ғазынауилер диқандарға салынатын зекет пен ұшырға шек қойды, өзендерге көпір мен су құбыры салынды. Сарайлар бой көтерді. Ерікті еркін ел атанды. Мұның барлығының қазақ ертегісіне қатысы қанша дерсіз. Тікелей! Иә, тікелей! Себік-тегін мен Махмуд Ғазынауидің Сыр мен Әму бойынан шыққан әділет сұлтаны атанып, мұқым шығыс елінің аңыз- дастанының мәйегіне айналғаны сүйінішті: ал, біз үшін басты сүйініш –сүйікті, әділ, қарапайым Аяз бидің сол Махмуд Ғазынауидің уәзір-кеңесшісі болғандығында. Мұсылман әлемі оны «қадии Хаяз» деп атап, Атымтай Жомартпен тең бағалайды.
Әлеуметтік теңсіздік пен әділет, әдеп, рухани тазалық үшін күрескен мемлекеттің әділетті ханы Ғазынауидің әділ биі – Аяз қадии туралы әфсана түркі тектестерді былай қойғанда, мұсылман әлеміндегілердің көркем жәдігерлеріне айналыпты, тіпті малайазиялық мұсылмандардың «Бахтиярнама баянынан» орын алыпты! Қазақтың атын естісе енді ести бастаған малайзиялықтарға осыдан кемі 5 ғасыр бұрын аты машһүр болған Аяз би туралы аңыздың бір-екі парасын мазмұндап көрейік.
Баяғы заманда әділетті, қайырымды, қанағатшыл Махмұд Ғазынауи деген сұлтан өмір сүріпті. Оның өзіне аса берілген ықыласты Аяз би (Аяз и-ықылас) қызметшісі болыпты. Әмірші оны өте жақсы көріп өзінің жаршысы етіп қойыпты. Әміршінің оған деген ерекше ықыласын байқаған өзге қызметшілер Аяз биге деген қызғаныштан өртеніп кете жаздайды екен.
Бірде әмірші қазына кілтшісін шақырып алып, ондағы барлық алтын-күмісті, інжу-маржанды, әшекей-үшекейді үлкен алаңқайға шығарып, оны әлеуметке таратып беруді бұйырады. Бай-кедей демей алаңға ұмтылады. Ғазынауи:
- Мына қазына – елдің еншісі. Кім қанша алса да еркі,- деп өзі атына мініп, бір дөңестеу жерге барып қарап тұрады.
Қазынашы сандықты ашып қалуы-ақ мұң екен, уәзір мен күзетші, батыр мен бағылан да, бай мен кедей де тұра ұмытылып, бірін-бірі таптап-жаншып, қызыл шеке таласқа түседі. Тек жаршы Аяз би ғана елден оңашаланып, әміршінің қасына келіп тұрыпты.
Ертеңінде сұлтан тағына келіп отырып, уәзірлері мен сарай қызметкерлерінен: «Кеше қайсың олжалы болдыңдар?» - деп сұрайды. Бәрі жамыраса сөйлеп, не алғандарын айтып мақтанысыпты. Аяз би ғана құр қол қалды деседі. Ғазынауи Аязға:
- Сен неге қазынадан құр қалдың. Саған ештеңе тимеді ме? - дейді. Сонда Аяз би:
- Уа, әміршім! Әркім өзіне керегін алады емес пе. Егерде біреуге жауһар бұйырса маған осы жауһардың иесі бұйырды. Енді біреу алтын-күмісті иеленсе, мен сол алтын кенішін иелендім. Үшіншісі інжу-маржанды таңдаса, мен сол інжу-маржанның мұхитын таңдадым емес пе, - деп жауап беріпті.
Аяз бидің өзін таңдағаны туралы емеуіріннен түсінген Ғазынауи сұлтан Аяз биге аса мол тарту сыйлап, алтынға да айырбастамаған сенімі мен адалдығы, ханын жалғыз қалдырмаған парасаты үшін оны өзіне уәзір етіп сайлапты.
Қазақ ертегісіндегі: «Аяз би әліңді біл, құмырысқа жолыңды біл»- дегеннің бір тәмсілі осы емес пе. Ертегіде Аяздың ақыл-парасаты үш рет сынаққа түседі емес пе. Малайзиялық аңызда соның бірі былай баяндалады.
Баяғыда бір адам жолаушы шығып бара жатып ақшасын екінші біреуге аманатқа тастап кетеді. Сапардан қайтып оралғанда екінші адам жолаушының ақшасын бермейді. Ол әділдік іздеп Аяз биге барады. Аяз би ақы иесінен:
- Сен ақша берген кезде маңдарыңда бір белгі бар ма еді? - деп сұрайды.
Сөйтсе ақшаны бір ағаштың саясында тұрып тапсырған екен. Аяз би екеуін беттестіріп тұрып:
- Сен жаңылысып тұрған жоқсың ба? Мүмкін ақшаны ағаштың түбіне көміп кеткен шығарсың. Сол ағаштың түбіне тағы да бір барып, әбден қара, - деп ақы иесін жұмсап жібереді. Біраз уақыт өткен соң Аяз би кенет жауапкерден:
- Қалай ойлайсың, әлгі жетті ме жоқ па, тапты ма жоқ па? – деп тосын сұрақ қояды. Жауапкер мүдірместен: «жоқ» – дейді
- Оны қайдан білесің? – дегенде мүдіріп қалып, сасқанынан ақшаны алғаны рас екендігін мойындапты.
Сиырдың сүтін ішкен сәйгүлік пен хан ұлы мен жарлы ұлының тегін де осындай сынақ арқылы анықтамаушы ма еді, Аяз би. Сондай салыстырмалы саралы ойлау жүйесінің иесі Аяз бидің уәзірлігі тұсында Әл-Фараби, Ғазали, Саади, Омар һаям, Санаи, Аттар сияқты ғұламалардың ақыл-парасаты бүкіл әлем руханиятын жаңа сатыға көтерді.
«Ғазынауилар әлемі» туралы 19 жыл хан хатшысы болған Мұхамед Бейхаки (995-1068) «Тарихи әл-насир» атты 30 томдық еңбек жазған. Бүгінгі күнге оның «Тарихи масуди» атты бір бөлімі ғана жеткен. Алайда ол тарихтағы әфсаналар «Ғазынауилар» туралы аңыз ретінде дастан – хикаяға, ертегіге айналып, бізге жетті. Аяз би туралы ертегі, «Бахтиярдың қырық бұтағындағы» екі хикая соның дәлелі.
Аяз би туралы ертегі тәмсіл Бухари Әл-Жауһаридың «Сұлтандар тәжі» (1603 ж) немесе Нұридин Әр-Раниридің «Сұлтан бағы» (1638) атты хикаялары мен «Бахтиярнаме» қиссаларының желісінде дүниеге келді ме, әлде, Бейхакидің Тарихи әл-Насирінің жаңғырығы бар ма? Мұның түбіне жету үшін арнайы зерттеу – салыстырулар жүргізілуі қажет.
Анығы: 1. Бейхакидің отыз томдық тарихында Аяз би туралы мол мағұлматтың жазылғандығы. 2. Аяз бидің Сыр мен Амудария сағасынан шыққандығы және түркі екендігі. 3. Аяз би Махмуд Ғазнауидан 10-15 жас кіші. Демек Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың бірінші жарытсында өмір сүрген. Яғни, Әл-Фарабидің, Қашғаридің, Баласағұнның, Омар һаямнің, Кей-Кебустің, Бейхакидің, Санаидің замандасы. Бұлардың кейбіреуімен таныс болуы да ғажап емес.
Қазақтың бір ертегісінің сілемі – Жапон аралынан, екінші тәмсілінің желісі – Малайзия аралынан суыртпақ тартып отыр. Таң-тамаша деген осындай-ақ болар. Бірақ тарихтың қамырынан шындықтың қылын суырса, оған да лаж-себеп табылатынына анық көзім жетті.
Ертеде шыққан ертегілердегі ертегілердің тарихи негізі дегеніміз де сол.
Ал кезінде Мұхтар Әуезұлы тұңғыш рет пікір білдірген «Қобыланды батыр» жырындағы Қазан ханға (1295 – 1304 жылдары билеген) қатысты бес түрлі ортақ тарихи дерек ұшыраттым. Көбікті – Кебек хан (1309 – 1362 жылдары билеген). Эпостағы сияқты Қазан ханнан жасы үлкен, әрі туыс. Ол Шыңғыс әулетінің ішіндегі Ғазынауилердің дәстүрін ұстанған тақ иесі. Және бұл екеуі «қызылбастарды» билеген. Жалайыр, қыпшақ, найман, арғын, қоңырат, қаңлы жасақтарымен майданға түскен.
Мұны таратып жатқым келмейді. Ерінбеген «ертекшінің» өзі-ақ сәл қиналса – тауып алады.
Иә, көшпелілердің жады - көшпелілер санасының мәйегі, ал көшпелілердің тарихы – көшпелілердің көркем әлемі. Эпосы жоқ ел - ғұмыр бойы тәуелді өмір сүрген ел. Бұл жағынан алғанда тәубе. Зады рухани тарих осы аңыздар мен ертегілердегі елес тарихты сана сағымынан аршып алғанда ғана қалпына келмек.
Ендеше, ертегі оқиық!..
Бөлісу: