Асылдың тұяғы, алтынның сынығы алпыс жаста
Бөлісу:
Бір басына сан түрлі өнерді, мамандықтарды сыйғызған арда азамат, тектінің тұқымы Әлішер Сүлейменов алпыс жасқа толды. Асқаралы алпыс – талтүсімен құттықтай отырып, журналист Айна Задабектің Әлішер Асқарұлымен жасаған сұхбатын жариялап отырмыз.
– Әлішер Асқарұлы, ең алдымен уақыт тауып біздің студиямызға келіп қонақ болғаныңыз үшін рақмет айтамын. Сұхбаттымызды шығармашылық адамы ретінде, айналысып жүрген жұмыстарыңыз туралы сұраудан бастасақ деймін.
Бірінші сұрағым: сіз әрі журналиссіз, әрі өнер саласының адамысыз, әрі жазушы, әрі драматург, әрі тележүргізушісіз, сонымен қатар идеолог, саяси технологсіз. Сізді бір сөзбен сипаттау өте күрделі, әрине. Сіз өзіңізді қалай сипаттаған болар едіңіз?
– Сіз кімсіз? - деген сұраққа бір сөзбен немесе екі-үш сөзбен толықтай қамтып жауап беру қиын әрине. Және бұл – менің алдымнан жиі шығатын сұрақтардың бірі болғандықтан, оған берілер жауап та дайын. Қазағымның бір тамаша сөзі бар ғой: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген. Бірақ осыны менің жеке басымдағы сипаттарға алып келетін болсақ, «сегіз сырлы, бір қырлы» деуге де болатын шығар. Егер адамның бір қырын саралайық десек, онда мамандық мәселесіне тоқтала отырып, жалпы кеңістіктер жайлы әңгімеге еріксіз көшуге тура келеді.
Мәселенки, ең алдымен кино саласын таңдап, Мәскеуде институтты тәмамдадым. Бұл салада меңгерген бірнеше мамандығым бар. Олар: драматургия, кинодраматургия, режиссура, актерлік шеберлік, сазгерлік. Осы алты мамандықты қамти алдым деп ойлаймын. Бұл алтауынан өзге, телевизия саласында, ақпараттық кеңістікте де сәтті қадам жасадым десем болады. Яғни продюссер, тележүргізуші ретінде авторлық хабарларды жүргіздім. Редактор ретінде жұмыс істедім, басқару жүйесінде жүрдім. Клипмейкерлікпен де шұғылдандым. Бұларды да жеке мамандық деуге болады.
Ал қоғамдық қатынастар, пиар саласындағы жұмыстарға тоқталсақ, бұлар – өз алдына жеке-жеке мамандықтар. Пиар дегеннің өзі мемлекетпен, ондағы сан алуан қарым-қатынастармен, саяси технологиялармен, коммуникациямен және басқа да қосымша мамандықтармен байланысып жатыр ғой. Осының бәрін шамамша қамтуға тырыстым деуге болады. Басында менде бұл мамандықтарды кәсіби түрде үйренем, оқимын деген ұмтылыс болған емес. Өмірдің, тіршіліктің тынысының өзі осы мамандықтарға жетелеп алып келді. Тоқсаныншы жылдардағы жұмыссыздық жайлаған кезде, еліміз егемендік алып енді-енді ес жинап еңсе көтере бастағанда осы мамандықтарды игере бастадық. Сондықтан бұл мамандықтарды маған үйреткен – өмірдің өзі. Ал «сегіз сыр мен бір қырдың» құпиясы оңай. Ол біріншіден – еңбекке, екіншіден – адамгершілікке негізделеді.
– Бала Әлішердің арманы қандай еді? Оның сол кездегі қиялдаған образы кім еді?
– Ең алдымен, бала кезімде ғарышқа ұшқым келді. Ғарышкер болуды армандадым. Содан кейін отбасымыз, әкем өнер жолында өмір сүрген адам болғаннан кейін, біртіндеп аттың басын өнерге бұра бастадым. Сөйтіп кино саласын аңсадым. Содан кейін сол кино саласымен шұғылданып кеттім. Сондай бір ерекше нәрсені армандадым дей алмаймын. Бірақ кішкентайымнан-ақ мына қоршаған ортамыздың, жалпы айнала дүниенің көп қырлы, көп сырлы екенін түсіне бастадым. Әр нәрсе қызық болды. Соның сырын білуді армандадым. Мысалы, құмырсқалардың ешқашан ұйықтамайтынын жақында ғана білдім. Құстың қалай ұшатынын, балықтың қалай өмір сүретінін, жалпы табиғатымыздың ерекшеліктерін білгім келді. Түсінгім келді. Міне, арманым сол болған шығар. Әрине, балалық шаққа тән бір қиялдар болды. Ел қатарлы біз де қиялдадық, бірақ мен әкеме ұқсағым келді. Міне, арман, қиялымның шыңы сол болған шығар.
– Әкеңізге мінез жағынан ба, әлде жұмыс істеу қабілеті жағынан ұқсағыңыз келді ме? Бәлкім, сіз жазушы болуды армандаған шығарсыз?
– Әкемнің ішкі жан тазалығын, мейірімділігін, парасаттылығын, мінезділігін – осы асыл қасиет-қабілеттерін игерсем деген арманым болды. Ал ол кезде баламын, әкемнің жазушылығын, ойларын, психологиясын, философиясын түсінерлік жағдайда емес едім ғой. Түптеп келгенде әкем мен оның айналасындағы достары, сан түрлі шығармашыл азаматтар қарындасым екеуімізді осы бағытқа бұрып, сол леппен тәрбиеледі деуге болады. Сол ғажап орта бізді тәрбиеледі. Мысал үшін, ол кезде бес-алты жаста едім. Әкем екеуімізде күйтабақ айналдыратын радиола болатын. Кешке жақын соның алдына отырғызып қойып, әкем маған қазақтың күйлерін тыңдататын. Қазіргі күні ойласам, сол кезде біз тыңдамаған күй қалмаған шығар. Сонау Сүгірден бастап Құрманғазыға дейін, Төлеген Момбековтен бастап, күні бүгін аты шығып жүрген, туындылары елдің алтын қазынасына айналған талай күйшілерді тыңдатты. Домбыра былай тұрсын, қобызды да көп тыңдадық.
Бұдан өзге, классикалық музыканы тыңдап өстік. Бетховен, Бах, Шопен, тағы біраз күйтабақ әуені бір құлағымыздан кіріп, екінші құлағымыздан шыққан жоқ, жүрегімізге түптеп орнықты. Содан болар, музыкаға деген бейіміміз, ұмтылысымыз ерте қалыптасты. Бұл жалпы баланы тәрбиелеудің әдістерінің бірі шығар. Тәрбиеміз солай болды.
– Жаңа сіз әкеңізді суреттеген кезде ол кісінің жан тазалығына, парасаттылығына тоқталып өттіңіз, ол кісідегі сол бір ізгі қасиет-қабілеттер қайдан келген деп білесіз? Сіздің өмір философиясына деген көзқарасыңыз әкеңізден деп айтамыз. Сол сіздің әкеңіздің образындағы осы бір парасаттылық, шынайылық ол қайдан пайда болған? Ол бір Жаратушының сыйлаған қабілеттері ме, әлде қандай бір ортадан алатын тәрбие ме?
– Бұның бәрі де бірге деп білемін. Бірақ ең алдымен ол – Жаратқан иеміздің берген дарыны. Менің түсінігімде әрбір адамға Жаратқан иеміздің өзінің үлкен мейірімі, зор үміті беріледі. Бұл мейірім мен үміттің аты – өмір. Өмірлік уақыт. Жалпылама айтатын болсақ, адам баласы сол өмір мен қуаттан құралған. Сіздің қуатыңыз, денсаулығыңыз, өміріңіз, ол – уақытыңыз, яғни өмір осы екі нәрседен құралады. Ал осы бір нүктеден екінші нүктеге дейінгі қашықтық – адамның келу мен кетудің арасындағы өмірі. Егер бұл қабілеттер мынау өмірде бүршік атар, гүл қауызын жарар шаққа тап келетін болса, адамға әрине, дарын іштегі құпиясы ашылмаған ерекшеліктер арқылы беріледі. Бұл ерекшелікті уақытында дамыту қажет болады. Әрине, адамға орта көп нәрсені береді. Мысалы, бізде үйіміздегі үлкен дастарқанның төрінде әкеміз отырса, оң жағында мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев көкеміз, сол жағында даңғыл жазушы Әбіш Кекілбаев аға, мына жағында әйгілі прозаик Қалихан Ысқақов аға отырады, мына жерде атақты композитор Нұрғиса Тілендиев аға отыратын еді. Осыны көріп өсудің өзі неге тұрады? Сол сияқты еліміздің, мәдениетіміздің алтын қорын, асыл қазынасын, інжу-маржандарының бәрін көріп өстік. Біз сол аға-апаларымыздың бізге деген ілтипатты көзқарасын, олардың сөз саптауын тыңдап, сезініп өстік. Олардың айтқан сөздерінің артында қандай ой жатқанын, ойының ар жағында асқақ рух жатқанын, осының бәрін біз бала кезден сезініп, бойға сіңіре бастадық. Оларға қатысты күлкілі сәттерді де, қиын да қызықты жағдайларды бәрін көрдік. Сол кеңістік, сол орта бізді тәрбиеледі.
– Әлішер Асқарұлы, қазіргі уақытта сіз қазір жастармен көп жұмыс істеп жүрсіз. Ол туралы да сұхбат барысында әңгімелесеміз. Сан алуан жастармен жұмыс істеу барысында қазіргі уақыттағы жігіттер үшін жалпы әке образы қандай деп ой түйесіз? Біз сол бұрынғы әкелерде болған парасаттылықты, жомарттықты қаншалықты ұстанып келе жатырмыз деп білесіз?
– Мен бұл орайда әке образы демес едім. Әкенің асылдығы, ата-ананың асылдығы дер едім. Әке бір бөлек, ана бір бөлек. Егер әке жайлы айтатын болсақ, әке – әрине, отбасындағы зәулім бәйтерек. Қазақ киіз үйін тіккен кезде шаңырақты бақанмен көтереді ғой. Сол шаңырақты көтеретін, уықтарын шаншитын, керегелерін таңатын, бақанын тірейтін – әке. Бұл уық, кереге, бақан деп отырғанымыз – тұтастық қой. Ол адамның руханияты, отбасындағы моральдық құндылықтары. Бұл не нәрсе? Ол ананың сүтімен, әкенің қанымен келіп тәрбиеленетін адамгершілігі. Біріншіден, мейірімділігі, тазалығы, намысы, намыс деген ұғымның талдауы қандай? Оның ар жағында әкенің өмірге деген құштарлығы, үміткерлігі, құрбангерлігі, пәктігі, тазалығы, жалпы адамгершілігі, жалпы берер рухани азығы жатыр ғой. Әкенің бұл орайда, балаларына беретін үлгісі орасан зор. Әке ешнәрсе айтпаса да, бір қарағаннан түсінетіндей асыл балапандарымыз өсіп жатыр қазір. Сондықтан бұл – әкенің бейнесі, образы емес. Бұл қасиет – әкенің, асылдығы, ерекшелігі күші дер едім. Ол қашанда болады, ұстанып та келе жатырмыз деп білемін.
– Сіздің кейінгі уақыттағы еңбек жолыңызға қарап отырсақ, өте бір қызықты болып көрінеді. Өйткені үнемі қарбалас шығармашылықпен шұғылданып жүресіз. Бір сәт саяси тұлға болып жүресіз. Бір сәт өлең жазып, клиптер түсіресіз. 2015 жылы сіз «Ай Күнді сүйеді» деп аталатын қысқа метражды фильміңіз шыққаны есімде. Таяуда сіз Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болдыңыз. Иә, бұның себебі не? Әлішер Асқарұлы – жан-жақты тұлға: біресе шығармашылықта, біресе саясатта, біресе пиар саласында жүр деген пікірлер айтылып жатады...
– Фильм Канн фестиваліне қатысты. Мұны көрермендерге атап өткен қызық болар. Екіншіден, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшілігіне дейін мен екі жылдай Қорғаныс министрінің кеңесшісі болып жұмыс істедім. Ерекшеліктер көп. Сұрағыңызға жауап оңай: жалпы мен өзіме қызық деп саналған нәрсемен шұғылданамын. Егер өзіме ұнаса, қызықты болса, сол жұмысты бар ынтаммен атқарамын. Менің ойымша, адам баласына жалпы өміріне, қоғамдық өмірінде еш шектеу жоқ болуы тиіс. Оны таңдайтын адам бар ғой. Біреулер кейде айтады: «Сіз неге музыка саласында қала бермедіңіз? Сол музыкамен шұғылданбайсыз ба? Бұл қалайша?» - деп сұрайды.
Менің бұл жөнінде айтарым: «Жалпы музыка мен кино – мен үшін әуесқойлық нәрсе. Хобби. Былайша айтқанда, қолымыздан келіп жатса, егер іштен бұлқынып жатқан бұлақ сыртқа шығамын десе, неге шығармасқа? Жиырма жеті жылдай марқұм Батырхан Шүкеновпен дос болдық. Арамыздан ши шықпайтын, ажырамас достар болдық. Батырханға ілесіп, серіктес болып бірге жүріп, серілік құрып жүрген шақтарымыз көп болды. Әрине, Батырханның өзінен үйренген нәрселерім көп болды. Оның студиясында өлеңдерін жаздым, музыка жаздым, онымен бірге жүрдім. Әндеріне, шығармашылығына аздап септігім де тиді. Бірақ, бір жағынан қарайтын болсақ, ол менің ұстазым болды деуге болады. Егер ұнаған нәрсеңе қабілетті болсаң, ешқандай шекара, ешқандай шектеу жоқ. Соны жасау керек. Бірақ мен алдыма ерекше бір мақсат қойып, мысалы, Канн фестиваліне барамын, болмаса бірінші дәрежелі «Ел қорғаны» деген медальді аламын деген мақсат қойған емеспін. Бұл – жасалған шынайы еңбектің нәтижесі. Жалпы өзіңе бұйырып тұрған нәрсені шектемеу керек. Кетіп бара жатқан нәрсеге жармасып тоқтатудың да қажеттілігі жоқ. Өмірдің ағысы, толқындары арқылы мына табиғат қалай түрленіп дамиды? Адам да сол табиғаттың бір бөлігі. Біз де сол ағыспен жүруіміз керек. Себебі адам – табиғаттың, Жер шарының тәжі емес. Ұшып бара жатқан анау шағаланың ішінде дәл өзіңіздің жүрегіңіздегі өмір жатыр. Шағаланың да өмірі, сіздің де өміріңіз – бір ғана өмір. Біз әлеуметтік, қоғамдық өмірді психологиялық тұрғыдан өзімізге басымыздың ішіндегі бір дүние деп есептейміз. Ал анау жерде, Африкада жүрген пілдер сіздің дүниеңізді түсінбейді. Олардың өз дүниесі бар. Бірақ егер бүкіл Жер шарын, барша адамзатты тұтастырып отырған қоғамымызды, елімізді, Қазақ елін, Африка елін, басқа елдерді біріктіріп отырған өмір деген ұғымды түсінетін болсақ, кейбіреулер өмір мен өлімнің қас-қағым ғана екенін түсінер еді. Кейбір жандар жарықтықтың сол өлшемін тағы да өнерге арнайды. Бәрі де «Ө» әрпінен басталып тұр ма? Иә, бірақ өнер де адам баласының, дарынының Алла берген адам парасатының бір ғана қыры ғой. Өмір – Өнер емес, өмір – әлдеқайда кең, әлдеқайда орасан қуатқа толған ұғым. Құпиялы ұғым. Егер сізге өмір осындай қырларын, сырларын ашып беретін болса, онымен неге шұғылданбасқа? Неге дәмін татып көрмеске? Түсініп отырсыз ба, егер адам баласы мысалы, тек қана журналистикамен шұғылданатын болса, дәл бүгінгідей сіз азаннан кешке дейін сол бір сорпаны ішіп отырғандай болар едіңіз. Ал қазы-қартасы қайда? Қойдың басы қайда? Түсініп отырсыз ғой, мысалымды?
– Мысалы, сіз осыдан бір он жыл бұрын берген сұхбатыңызда: «Мен қазіргі уақытта он бес түрлі мамандық иесімін» деп айтқан екенсіз. Жаңа соның бір жеті-сегізін атап шықтыңыз. Содан бері де он жыл өткен екен. Содан бергі уақытта қандай да бір жаңа, тың мамандық меңгердіңіз бе? Әлде бәлкім ойша жоспарлап отырған да боларсыз?
– Жоқ, ешнәрсені жоспарлап отырған жоқпын. Мынаны айтқым келеді: ежелден белгілі нәрселерді қазір жаңаша атап жатыр. Мысалы, видео блогерлер, тиктокерлер, жасанды интеллектімен шұғылданатын жігіттер шығып жатыр. Бұларды да жеке мамандық деп жатыр. Түптеп келген кезде бұның бәрі – коммуникация. Яғни коммуникация деген – байланыс деген сөз. Коммуникация саласы, коммуникаторлық мамандық дейікші. Қазір мұны тың сала деседі. Медиация – тың сала, медиаторлар тың мамандық деп есептеледі.
– Мемлекеттік қызметте жүрген кезде нені ойға түйдіңіз? Біз әлі де нені жасай алмай жатырмыз? Қоғамда мемлекеттің атқарып жатқан жұмыстары қалай?
– Біріншіден, мен мемлекеттік қызметпен Шығысқа барғанда емес, Шығыста жұмыс істеген кездерде десек болады. Иә, бір жарым жылдай жұмыс атқардық. Ең алдымен ел көрдім. Шығыс Қазақстан – жалпы қазақ елінің, Қазақстанның су байлығының қырық пайызын иеленген өңір. Ең таңғажайып, тұмса табиғат та сол жақта. Шығыстағы қаламен қоса алғандағы он үш аудан бар десек, бір аудан екіншісіне ұқсамайды. Алтайдың ерекше шипалы көлдері мен өзендері, таңғажайып табиғатында қандай адамдар туып, өсіп-өнуі мүмкін? Дәл сол өлкедегі адамдардай дер едім. Жапатармағай бәрін мақтағаным емес, бірақ шынымен де солай, ғажап! Мен үшін Шығыс жүрегімнің ерекше есігін ашқандай болды. Соншалықты сабырлы, өмірге соншалықты ғашық халықтың ақтарыла сырласқанын көрдім. Шығыста әлі игерілмеген қаншама орасан мүмкіншіліктерді, ондағы ерекше бір мәдениетті көрдім. Мәдениет дегеніміздің өзі – тек қана өнер емес, бұл фундаменталды ғылымы, тарихы, дәстүр-салты, ділі ғой. Қат-қабат шаруалардың арасында жүріп, осындай құндылықтарды жұмыс бабы бойынша іздеп табуға тырыстық.
Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі болған Ермек Беделбайұлы Көшербаевтың тапсырмасымен жасалған үлкен бір-бір ғана жобаны айтайын. Күршім көпірі жайлы айту шарт емес. Бұл, әрине, бүкіл республикалық деңгейде атқарылған Президентіміздің тікелей тапсырмасымен орындалған жоба. Бұл көпір аяқталғанда елдің қуанышы шексіз болды.
Айтайын деген жобамыз: сонау Кеңес Одағында ғана емес, жалпы кеңес билігі орнағаннан бастап асфальт төселмеген ауылдарды кездестірдік. Шамалап алғанда сол жүзге таяу шалғай ауылды бас-аяғын жинастырып шоғырландырып, облыстық бюджеттен ықшамдап ақша жинап, жүз, екі жүз, үш жүз метр болса да, өте сапалы асфальт жол төсетіп, оның жан-жағына адам жүретін тротуарларын салып, көгалдандырып, жарық беріп, шамшырақтарын орнатып, қалпына келтіру қажет деген жобаны қабылдадық. Менің ойымша, сол жүзге таяу ауылдың қазір қырық бесінде жоспарлаған шаруа орындалды деуге болады.
Мінеки содан не өзгерді деп ойлайсыз? Мен сізге айтайын, кешке жақын ауылдағы отағасы ең сүйікті, бойға қонымды костюмін киіп, бүкіл жанұясын ертіп алып, жұбайымен, балапандарымен сол жолды жағалап серуендеп жүр. Одан кейін қарасаңыз, тұрғындар үйін, үйінің қоршауын түзете бастады. Кітапханалар, мәдени орталықтар, медициналық көмек көрсететін пункттер жөнделді. Осы сияқты қарапайым ғана жұмыстың өзі осы жобадан күш алды деген сөз.
Егер біздің бұл істі республикалық деңгейде үлгі ретінде пайдаланатын болса, көп нәрсе өзгерер еді. Осындай игі қадамдарға қарап интернет келе бастады. Мынау «Старлингті» білесіз. Егер осындай игіліктерді жасай беретін болсақ, жастар да ауылдан көптеп кетпес еді. Өйткені жайлылық жасасақ ауылда жастардың баспана, жұмыспен қамту мен отбасын құру мәселесі де тезірек шешілер еді. Сондықтан ойымды тұжырымдайтын болсам, Шығыс Қазақстан маған бір жағынан үлкен күрделі тәжірибе мектебі болды. Екінші жағынан ерекше рухтандыратын, жүрекке бір рух беретін кезең болды. Мен шындығында қазір Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан деп бөлмес едім. Бұның бәрі – Атырауда, Мақтааралда, Петропавлда жүрсем де, қазақтың жері, біздің Қазақстанның, еліміздің жері. Бұл орайда айтарым мынау: «Біз мына рулық санадан биік болуымыз керек дер едім. Түсініп отырсыз ба? Біз мінезді де, мінсіз сұлу, қайсар, қайратты, әр қазағы бір Құлагер баптаған арыс сияқты қасиетті елміз. Осы елдің бүгінгі күні біздің қолымызда. Осыны қастерлеуіміз керек. Менің ойымша, осыны түсіндім.
– Иә, басқа өңірлерде бұл проблемалар әлі де шешілмей жатыр? Қаншама уақыт өтті ғой. Бұл дүниелер неге енді ғана қозғалып жатыр? Осы уақытқа дейін не кедергі болды?
– Мен енді басқа облыстар жайлы айта алмаспын. Менің ойымша, біраз облыстарда көптеген жұмыстар жасалып жатыр ғой. Бірақ оны насихаттау аз. Сондықтан мұның бәрін ақпарат құралдары арқылы жайып, жеткізу керек. Біз елде болып жатқан, жаңалықтар жайлы, жақсы жаңалықтар жайлы ақпараттық ағымды көбейтуіміз керек сияқты. Менің ойымша, бұл біріншіден. Екіншіден, көш жүре түзеледі дейді ғой қазір қазақ. Бірақ ол үшін көш жүруі керек. Жүре түзелетін болсақ, соны жүргізетін мен сізге айтайын, аспаннан салбырап ешкім келмейді. Шетелден даңғырлап ешкім келмейді. Оны өзіміз жүргізбесек, білек сыбанып жұмыс жасамасақ, ешкім жасамайды. Менің ойымша, осы елдік, қоғамдық, азаматтық көзқарастың, сөздің, ойдың іске айналатын кезі – дәл қазір. Өйткені жаңарып, жасарып жатқан еліміздің ырғақтары, әрине сезіледі. Қазір менің түсінігімде солай. Бірақ сол ырғақты біз кеңейтуіміз керек, күшейтуіміз керек. Сіз бен біз қалай, қандай құралдарды пайдалануымыз керек? Әркім өз саласында шығармашылықпен, белсене жұмыс істеуі керек. Өз саласының, былайша айтқанда кәсіби деңгейін көтеруі керек, біліктілікті арттыру керек. Жасап жатқан еңбегіңнің шебері болу керексің. Шебері болғанда еліміздің деңгейінде емес, жалпы дүниежүзілік деңгейге ұмтылуымыз керек. Өйткені қазір еліміздің жаһандық интеграцияға енуі ол сөзсіз жасанды интеллектіден, ақпараттық ағымдардан бастап барлық салаларды қамтып отыр. Ал геосаясатқа, басқа нәрселерге келетін болсақ, көршілес елдеріміз бен барша Жер шары бар, қарыштап алға басуда. Қазақ елі осы Жер шарында жасалған, шығып жатқан жаңа технологияларға, жобаларға неге аттың басын бұрмасқа? Неге қарамасқа? Неге қолданбасқа? Әрине, қолданып та жатырмыз. Бүгін енді алпысқа тақаған шағымызда біз де жасарып еңбек жасап жүрміз. Неліктен? Өйткені ұрпақтар сабақтастығын үзбеуіміз қажет. Ол не деген нәрсе? Ол – дәріс беру, дәстүрді жеткізу. Дәстүр дегеніміз анау оттан кейін қалған күл емес, дәстүріміз жастарға беретін, жанып тұрған, лаулап тұрған сол оттай шоқты қолыңа алып, өсер жасқа ұстату. «Күйген кезде шыдай тұр, жүрегіңе сал» деу. Сонда көп нәрсе өзгереді.
– Әлішер Асқарұлы, бағана, сізге сұрақ қойдым ғой. Ары қарай қандай жаңа бір мамандықтарды меңгеріп жатырсыз? Менің ойымша, сіздің қазіргі бағытыңыз – философиялық ойшылдық. Яғни пәлсапалық ойларды айту, жастарға жеткізу деген жұмыспен айналысып жатқан сияқтысыз.
– Ең негізгі үйренейін деген кәсіп – адам болу. Осы сауалға жауап қайтарайықшы. Адам деген не? Адам болу деген не? Егер осы сырды ашатын болсақ, кез келген кәсіп, кез келген білім, кез келген ілім сізге ашылады. Өйткені бүкіл мамандықтар мен ілім-білімдердің бәрі – адами нәрсе. Адамның шығарған түсініктері, ұғымдары. Адам өзін-өзі зерттеу керек, өзіннің потенциалын ашуы керек. Адам деген – бүршік. Ашылмаған бүршіктен кейбіреулер мүлдем ашылмай қалады. Әркімнің өз ашылар уақыты болады. Ашылатын уақытында адам гүлдеуі керек. Егер гүлдейтін болсаңыз, ертең-ақ бүкіл құпия сыр ашылады. Жасанды интеллект деп айтып қалдыңыз. Осы орайда қазір бұл жасанды интеллект ең бірінші кезекте тұрған, өте өзекті тақырып. Қай жерге барсақ та, қай жерде сөйлессек те – бірінші кезектегі сұрақ. Жасанды интеллект құралдарын пайдаланасың ба? Біреулер: «Пайдаланба!» дейді, енді біреулер: «Пайдалану керек», - деп айтады. Біздің өзімізде, компанияда, медиакомпания ішінде жасанды интеллектіні пайдалану – кәдімгідей міндетті жұмыстарымыздың бірі.
– Сіз үшін жасанды интеллект адамның бүршік атуына ықпал ете ме? Жасанды интеллект бойынша пікіріңіз қандай?
– Өте оңай. Жеке басым жасанды интеллект шыққалы бері шұғылданып жүрмін. Ол Қытайдың дипсигі, сосын ChatGPT-дің ең соңғы бесінші варианты – ақылы. Әрине, жұмыста кәсіби қолданатын шаруаларымыз бар. Кейде ой үшін. Бірақ былайша айтқанда, жасанды интеллект – адам парасатының, интеллектісінің туындысы. Соны бірінші түсіну керек. Екіншіден, жасанды интеллект жеке өзіңнен бөлек жүретін интеллект емес. Ол – сенің құралың. Жер шарындағы ең мықты гаджет. Ол – жасанды интеллект. Смартфон тағы бір нәрсе емес, ол – сіздің санаңыз, миыңыз. Біз күніне он сағат, жеті сағат, бес сағат смартфонға қарап өмір сүретін болсақ, осы жөнінде кішкене ойланайықшы. Ал сізге Жаратқан берген ең мықты гаджет – парасатыңыз, миыңыз, ақылыңыз. Сол ақылды қашан қолданасыз? Қанша уақыт қолданасыз? Соны ойланайық.
Смартфонды шектеп, қойып, кішкене өзіміздің гаджетімізді – миымызды пайдаланайық дейсіз ғой. Бұл – үшінші-төртінші көзқарасым. Жасанды интеллект – айна сияқты. Сіздің алдыңыздағы айна – өте сұлу. Мысалы, сіз жасанды интеллектіге қарап отырып, қай деңгейде талап қоясыз, сол деңгейде жауап қайтарады. Егер мақсатыңыз, талаптарыңыз төмен болса – төмен деңгейде жауап береді. Егер биік болса – ғылым, өнер, психология, өмірдің мәні жайлы сұрақтар қойсаңыз, сол деңгейде жауап береді. Бірақ қалай болса да, бұл – айна. Егер күлсеңіз – ол да күледі. Жыласаңыз – ол да жылайды. Ұрыссаңыз – ол да ұрсады. Бұл жағынан өмірдің кейбір ерекшеліктеріне ұқсайды. Адам өмірі кейде таудағы жаңғырық сияқты. «Өй, әкең!» - десең, ана жақтан «Өй, әкең!» деген жаңғырық келеді. «Айналайын» десең, жаңғырық «Айналайын» дейді. Өмірде де солай. Қарның тоқ болса – бәрі жақсы. Қарның аш болса – көңілің бұзылады. Ашулансаң – басқа адамдар саған ашуланады. Егер өмірге ашық қарасаң – өмір де саған ашық қарайды. Бұл орайда жасанды интеллектінің де баламасы, ұқсастығы бар. Сондықтан түбегейлі көзқарасым: жасанды интеллект – адам баласы қолданатын технологиялық құрал. Соны есімізде сақтауымыз керек. Оның құрал екендігін, гаджет екендігін, технологиялық әдіс екенін ұмытпауымыз керек.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда үлкен бір жиында: «Қазақстан елі жасанды интеллекті толыққанды пайдаланатын мемлекетке айналуы керек», - деген болатын. Осы орайда елге суперкомпьютер әкелінді. Бұл – Орталық Азия елдеріндегі ең үлкен жетістік. Енді көзіңізге елестетіп көріңізші. Бес жылдан кейін, болмаса он жылдан кейін Қазақстан қандай мемлекет болуы мүмкін?
– Мен сізге былай дер едім: қазіргі тенденция, яғни бағыт-бағдар бойынша Жер шарында жүріп жатқан компьютерлер мен нейрожүйелердің, оған қоса жасанды интеллектінің бірігуі жақындап келе жатыр. Бұл үш нәрсе біріксе, әрине, адам баласының өмірі күрт өзгереді. Бұл – бір. Екіншіден – жасанды интеллектімен цифрландыру мемлекетті, мемлекеттік жүйені көп нәрседен қорғайды. Біріншіден, транспаренттік пайда болады. Коррупциялық элементтерден арыламыз, ол сөзсіз. Үшіншіден – бюрократия азаяды, яғни іс қағаздарын, заңнамаларды әзірлеу, орындауда көп нәрселер жеңілдетіледі. Жасанды интеллект бәрін автоматты түрде жасайды. Менің ойымша, алдағы он-он екі жылда, қазіргі күнделікті өмірде кезігіп жатқан отыз пайызға жуық мамандықтардың бәрі, гендік инженерлерден бастап көбісі жойылады. Жаңа мамандықтар пайда болады. Егер біз осы бағдарды ұстанып отырып, елімізді үйлесімді түрде дамытатын болсақ, бүгінге дейін қалыптасып отырған, қазір қарқынды дамып келе жатқан транзиттік стратегиямыз сөзсіз ілгерілейтіні анық.
Ойша елестетіп көріңізші, егер бұлай болатын болса, біз болашақта жалпы Еуразия кеңістігінің Швейцариясы, қаржылай-технологиялық, цифрлық орталығы, үлкен хабына айналамыз. Жер шарындағы ғарыштық технологиялар, блокчейн, әскери технологиялар, жасанды интеллект – осы сияқты жаңа технологиялар жайлы ақпараттың тоқсан тоғыз пайызы ағылшын тілінде жазылған. Егер біз ана тілімізді, қазақ тілін қазық қылып, арқатірек қылып ала отырып, ағылшын тілінің де дамуына көбірек зейін қоятын болсақ, бұл технологиялық та, қоғамдық та, саяси да кеңістіктердің алдыңғы қатарына шығуымызға септігін тигізер еді. Бұл ойымды жастарға жеткізгім келіп отыр. Өйткені Қазақстан үшін жаңа байлық көзі туындап отыр. Президенттің де қайта-қайта әрбір жиналыста айтып жатқанының да себебі сол. Өйткені бұл – алда тұрған үлкен мүмкіндік.
– Өзіңіздің өнер адамы болғаныңыз себепті, жасанды интеллект тақырыбы бойынша соңғы бір сұрақты көп созбай өзіңізге қойғым келіп отыр. Өнер адамдарына тән осыған қатысты бір үрей бар. Атап айтқанда өлең жазу, музыка шығару, басқа да шығармашылық адамына тән дүниелерді жасанды интеллект жасай алатын болды. Тіпті суреттерді әдемілеп салып жатыр. Қазіргі қалыптасып келе жатқан бұл үрдіске өнер адамы ретінде не айтар едіңіз?
– Жасанды интеллект ешқашан адам баласының жанында, жүрегінде жатқан шығармашылықты толығымен қамти алмайды. Өйткені жасанды интеллект жасалған нәрсені жаңадан құрастырады. Ал өнерде олай емес. Өнердің бір ерекшелігі бар: егер нағыз өнер болса, ол – әрқашан тың нәрсе. Мысалы, әйел адам бала табады. Бірақ әрбір бала ерекше, тың нәрсе, тың ұғым. Неге бұлай? Бір әйелдің баласы екінші әйелдің баласына ұқсамайды ғой? Бірақ жалпылама алатын болсақ, иә, жалпылама бір әйел заты, жалпылама балалар бар дейміз. Сондықтан шығармашылықтың ерекшелігі де сонда. Өнер туындысы – бала тапқандай. Өнердің туылғаны, өнер туындысының өмірге келуі – бала туғанмен тең. Жалпы суреткер адам кем дегенде үш бейнелі. Біріншіден, бұл белден тамып жатқан бір жас тамшысы – әкесі. Екіншіден, құрсағына түйнек байланып, тоғыз ай оны толғатып күткен, сосын қиналып өмірге келтіретін анасы. Үшіншіден, соған көмектесетін акушер-гинеколог. Ол да – суреткер. Осы үш тұлға, үш бейне суреткер адамның ішінде. Мұны жасанды интеллект қалай қайталайды, қалай жасайды? Ал сіз айтып отырған пікірлер – өнерді жете түсінбеген адамдардың пікірлері. Жай ғана бетіндегі көбігін, дәмін көріп жүрген адамдардың пікірі. Әрине, пікірін айтсын. Пікір деген – толқын сияқты: келеді, кетеді. Ал жағалау мен судың тазалығы қалады. Керемет пікір дегеннің өзі толқын сияқты келеді, кетеді.
– Енді идеология тақырыбына ауыссақ деймін. Сізді еліміздегі ең танымал, мықты идеологтардың бірі деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені біріншіден, сізбен жұмыс істегенмін, білемін. Екіншіден, сіз саяси технологияларды өте жақсы пайдаланасыз. Саяси науқандарда жүрдіңіз. Қазіргі уақытта идеология мәселесі қалай жүзеге асып жатыр? Осы уақытқа дейін нені байқап жүрсіз? Өзгерістер бар ма? Әлде өзгерістер шамалы, сол бұрынғы қалпында ма? Жаңа технологиялық құралдар енгізілді ме? Бірдемені әлі де жасай алмай жатырмыз ба деген сияқты сұрақтарға жауап берсеңіз.
– Басынан бастап айтайын. Бізде әрине, өзгерістер көп. Біз қазір өзгерістердің қақ ортасында жүрміз. Оның ішінде идеологиямызда, қоғамдық, экономикалық, саяси өмірімізде көп нәрсе өзгеріп жатыр. Бірақ сол өзгерістердің соншалықты жылдамдығы себепті, біз соның қай жерінде жүргенімізді әлі де түсінбей, аңғармай жүрміз. Түптеп алған кезде сол өзгерістердің түп-тамыры – біздің мәдениетіміз, идеологиямыз, мәдениетіміз деуге болады. Ал біздің мәдениетіміздің түп-тамырында, сүйек майында не жатыр? Әрине, адамзаттың руханияты жатыр. Руханияты деген не? Ол – адамгершілігі, мейірімділігі, сабырлығы, жақсылығы, кішінің үлкенге құрметі. Иә, баланың ата-анаға, атаның балаға ізеті, ер адамның әйелге, ағасының қарындасына, әпкесінің сіңлісіне деген көзқарасы, сыйластығы және көптеген нәрселер жатыр. Бұл нәрселер – жалпы адами имандылықтың өзегі. Егер: «Біздің идеологиямыз қандай?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, ол – осы адами құндылықтар, осы асыл ұғымдар. Осы ұғымдарды қоғамға қалай жеткізуге болады? Қоғамдағы әрбір адамға қалай жеткізуге болады? Міне, мен өз басым идеологиялық мақсатымыз осындай деп түсінемін. Бұл үшін әрине, мемлекеттің саяси, ақпараттық технологиялары бар технологиялары бар, соның бәрін орнымен қолдануымыз керек. Әлеуметтік технологиялардың бәрін әлеуметтік инженерия дейік. Осы нәрселерді егер сапалы түрде, биік деңгейде қолданатын болсақ, қоғамымыздың, әсіресе жастардың өмір тынысы, өмірге деген көзқарасы, қоғамдық өмірге, азаматтық, саяси белсенділікке деген көзқарасы өзгереді.
Жастардың мәселесін қарастыратын болсақ, бұл орайда жастарымыз үшін ең үлкен екі-үш проблема бар. Ең алдымен – білім, екіншіден – баспана, үшіншіден – жұмыс. Одан артық не керек? Егер қоғам осыны аңғаратын болса, әрине біз қоғамның мемлекетке талпынуын, ұмтылуын қолдауымыз керек. Сол арқылы мемлекеттің абыройы көтеріледі. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін менің түсінігімде мемлекет ашық болуы тиіс. «Балам» дейтін ел болуы керек. Осы принциптер, осы бағыт-бағдарлар туралы күнара Мемлекет басшысы айтып жүр. Рухани құндылықтарды дамыту – бұл әлеуметтік дамудың негізгі принциптерінің бірі. Жалпы мемлекет дамуының негізгі принциптерінің бірі – адамның руханияты, адамгершілігі.
Ал бұл жайлы сұраққа қарайтын болсақ, қазір не болып жатыр? Кейбір жерлерде біздің мейірімділігіміз, руханиятымыз қайда? Анау көшеде не болып жатыр? Осының бәрін түсіндіріп, ұғындырып, үйлестіріп, нәтижеге келтіретін технологиялар бар. Осыны қолдануымыз керек.
– Қазір осыған бір-екі мысал келтіре аласыз ба?
– Екі жылдан астам уақыт ҚР Қорғаныс министрлігінде, біздің қазақ әскерінде, Қарулы күштерде министрдің кеңесшісі ретінде қызмет атқарған кезде біз бір ғана шағын жобаны жүзеге асырдық. Бұл жоба бұйрық бойынша қабылданғанына, қолданылып жатқанына үш жылдай болды. Оған дейін әскерде жүрген біздің жас жігіттеріміз күніне он бес минут телефонмен күніне әрі кетсе бес-он аудио байланыспен жанұясымен сөйлесетін. Әрине, сенбі-жексенбі күндері сәл көбірек сөйлесетін еді. Олар отбасын: анасы балаларын, балалары әкесін сағынады. Осы жобаны біз бәріміз ортақтасып дайындадық. «Отбасымен бейнебайланыс» деген жүйені бұйрық ретінде Қарулы күштерімізге енгіздік. Сол кездегі Қорғаныс министрі осы бұйрықты қабылдады. Яғни, жауынгерлер аптасына екі-үш рет бейнебайланысқа шығып, жанұясымен тікелей сөйлесуге мүмкіншілік алды. Бұл Қарулы күштерде бұрын болмаған. Сосын осыған орай техникалық тұрғыдан толығымен жабдықталды, планшеттер сатып алынды. Ең алғашқы сюжет: жас жауынгердің анасымен сөйлескені – біздің десанттық-шабуыл әскерлер құрамасында өтті. Анасы баласын, баласы анасын көрген кезде көздерінен жас шығып, мына жақтан баласын қасында жүрген жігіттер қолдап: «Апа, жыламаңыз, балаңыз жанымызда. Бұл біздің бауырымыз. Ешкім ренжітіп жатқан жоқ. Ренжітпейміз, біргеміз», - деп айтқаны бар. Бұл жайлы ақпараттық сюжет түсіріліп, бүкіл арналарда көрсетілген сияқты. Міне, бұл бізбен тікелей орындалған, жүзеге асырылған технологиялық жұмыс. Мұны жасадық. Осы сияқты, осыған ұқсас балама жұмыстарды жасайтын болсақ, біздің адамгершілігіміз, руханиятымыз осылай дамиды деп есептеймін.
– Әскери тақырыпты өзіңіз бастағаннан кейін, бұл сұрақты да қоймасқа болмайды. Қазіргі уақытта әскери тақырып өте бір өзекті, қоғам ішінде жағымсыз әсер қалдырып жатқаны рас. Әскерде қайғылы оқиғалар болып жатқаны да үлкен бір проблема болып отыр. Оның себебі не? Және де бұл проблеманы қалайша шешу керек? Нақты айтқанда қазіргі уақытта көп жағдайда әскери әскерге барған балалар ата-ана баласын әскерге жіберуге қорқады. Жастар мектепті бітіргеннен немесе университетті аяқтағаннан кейін көбісі әскерге барғысы келмейді. Шетелге кеткісі келеді, не болмаса басқа жол іздейді. Жастарды күштеп машинаға салып, әскерге алып кетеді деген сияқты жағдайлар да кездеседі. Міне, осындай қоғам арасында үлкен бір талқыланып жатқан дүниелер бар.
– Бұл жаңа нәрсе емес. Мұнымен талай рет кезіктік. Ал енді мен сізге жауап берер алдында бір сұрақ қояйын. Ал әскердің, әскерге барған жігіттердің жақсы жағын айтыңызшы? Мен айтсам: әскерге барған ұлдар батыр, мықты, тәртіпке берік болып шығады. Жалпы Қазақстан елінің Қарулы Күштері – бұл біздің мемлекеттік құндылықтарымыздың бірі. Біздің Қазақ елінің туы бар емес пе? Құндылығымыз ба? Әнұранымыз бар ма? Бар. Қарулы күштеріміз де – сондай құндылық. Әскердегі жүрген жігіттердің күнделікті өмірінің ең үлкен жақсылығын сізге айтайын. Бұл – бейбіт өміріміз. Өйткені бұл жігіттер қазір еліміздің бейбіт өмірін қорғап жүр. Ең үлкен құндылық, ең үлкен жақсылық осы. Ал сіз айтқан мәселелер, яғни әскерге баруға қорқады, күштеп алады, анау-мынау деген жағдайлар кездеседі, әрине. Осы орайда айтарым: бұл жерде әрбір болған уақиға жайлы транспаренттік, ашықтық керек. Қызмет атқарған кезде біздің әскери бөлімшелерге ата-аналардың келгендері көп болды. Қазір де келіп жатыр. Кез келген казармаға, кез келген бөлімшеге алдын ала хабар беріп баруымызға, қарауымызға болады. Балаңыз қай жерде жүр, қай жерде жатыр? Тамағының сапасы, жалпы оқуы, қызметі қалай болып жатыр? Әскери дайындығы, психологиялық жағдайы қалай, тынысы қандай – осының бәрін қарауымызға болады. Бұл орайда жалғыз ғана шешім – бұл оперативті түрде, транспарентті, ашық түрде әрбір нәрсені елге жеткізу керек. Ел де ашылуы керек. Әскер де заңға сәйкес нәрселерге жүгініп, ашылуы керек. Ашылып та жатыр. Қарулы күштерімізде де даму, кеңею процесі жүріп жатыр. Менің ойымша, әрине, мәселе әлі де бастан асады. Шешілмеген нәрселер әлі де көп. Бірақ менің түсінігімде біздің жастарымыздың, жалпы еліміздің жігіттерінің қайсарлығы мен қайраты, рухы Жер шарындағы ешбір елден кем түспейді. Бұны, деңгейлері қандай екенін халықаралық байқаулардан көріп жатырсыздар.
– Алдағы уақыттағы өзіңіздің жоспарларыңыз қандай? Бағана тоқталып өттім ғой, өнер саласында, шығармашылықта, болмаса саяси салада жүресіз. Ендігі бағытыңыз, он бесінші жылы шыққан фильмнің әрі қарай жалғасы бола ма? «Әли Шер» деген ютубтегі арнаңызды жұртқа қайтадан ашып, жауып тастаған екенсіз, алда қалай болады? Әрі қарай не күтсек екен?
– Біріншіден, ютубтегі арнам жабылған жоқ. Бірақ біраз видеоны жауып тастадым. Бұл – бір. Ол жұмыс істейтін арна. Енді бес-алты мыңдай өзімнің көрерменім бар. Демек, бірақ мәселе онда емес. Не күту керек дейді? Жалпы, ең алдымен адам. Мен де сол адам ретінде күнделікті өмір сүремін. Әрбір таңертең тұрғаннан кейін басталатын күн – жаңа күн, былайша айтқанда жаңа өмір. Не күту керек?
Осы жақын арада, кезінде 2000-2002 жылдары «Әлішердің ақ кітабы» («Белая книга Алишера») деген кітабым шыққан. Әңгімелер жинағы. Енді осыдан жиырма үш жылдан кейін «Әлішердің қызыл кітабы» («Красная книга Алишера») деген шығармашылық жобам осы жақын арада шығуы керек. Құдай қаласа, алпыс жылдығыма орай шыққалы жатыр. Сол мен үшін бір жаңалық. Ал ең негізгісі – ертең таңертең таң атса, Жаратқанға, үйімізге, өмірімізге рақмет деп, бір-бірімізге үлкен қуанышпен, сеніммен, мейірімділікпен қарайық. Міне, жоспарым сондай. Айна, сіз айнасыз ғой. Сондықтан мен айнаға күлімсіреп, мейірімділікпен қараймын. Сізден де келетіні осы сияқты. Керемет, көп рақмет!
Бөлісу: