Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Абай даналығы – халық мұрасы» атты ғылыми семинар...

26.09.2025 163

«Абай даналығы – халық мұрасы» атты ғылыми семинар өтті. 6+

«Абай даналығы – халық мұрасы» атты ғылыми семинар өтті. - adebiportal.kz

25 қыркүйек күні Астана қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Абай даналығы – халық мұрасы» атты ғылыми семинар өтті. 

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орайластырып өткізіп отырған сіргежияр іс-шараға Семейден, Астана қаласының өзінен арнайы шақырылған қонақтар, студенттер мен оқушылар қатысты. 

Ұлттық орталықтың фойесінде бүгінгі іс-шарға арнап дайындаған көрме таныстырылып, бейнефильм көрсетілді. Мұның барлығы да бүгінгі іс-шара тақырыбын ашуға бағытталған екен.

Іс-шараның тізгінін ұстаған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлсім Бисенова ханым бүгінгі басқосудың мән-маңызы жөнінде айтып өтті: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, дамуына шын ниетімен тілеулес болғанын және де осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал елдің дамуын, ілгерілеуінің негізі ғылым мен білімде», - деп Абайдың мақсаты мен мұратын нақтылап, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы қазақ топырағынан шыққан ғұлама, ұлы ойшыл Абайдың 180 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай 1-10 тамыз аралығында Қазақстанның көптеген өңірлерінде онкүндік форматында ғылыми және мәдени, рухани іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы да аталмыш іс-шараға үн қосып, ұлттық орталық қорындағы Абайдың латын қарпіне, төте жазуда жарық көрген шығармаларын және Абай оқыған шығыс шайырлары мен орыс классиктерінің еңбектерін әлеуметтік желіде насихаттаған болатын. 

Сонымен қатар жоғарыда айтып өткендей, Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған он күндік челленджіге үн қосып, ұлттық орталық мамандары  ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін әлемнің сегіз тілінде оқып, халыққа жариялаған болатын. «Бүгінгі «Абай даналығы – халық даналығы» атты ғылыми семинар – осы аталмыш іс-шаралардың заңды жалғасы және қорытындысы десек болады.» 

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD доктор Жандос Болдыков өз сөзінде Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы да өзінің ғылыми-зерттеу, насихаттау бағыты жолында атқарған істері жөнінде қысқаша баяндай келе, бүгінгі іс-шараға келген қонақтарға алғыс-ризашылығын білдірді: «Абайды бәріміз де белгілі бір деңгейде білеміз. Мектептен бері қарай оқып келеміз. Бірақ ең бастысы – Абайды өмірлік ұстаным етуіміз керек. Оны оқып қана қоймай, әрбір сөзін тиянақты оқып, өз өміріне пайдаланған жағдайда, жақсы жолға түсіп, мықты ұлт боламыз деп білемін. Абайды танып білген адамның білімге, әдебиет пен мәдениетке де жолы ашылады, құштарлығы артады. Сол үшін Абай өлеңдерін оқып, насихаттау – бәріміздің борышымыз», - деп атап өтті. 

Бүгінгі семинарға арнайы шақырылған қонақ, Абай облысындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық музей қорығының ғылыми қызметкері, абайтанушы Қайыржан Күзембаев «Жидебай – ұлылық мекені» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады: «Жидебай жалғыз Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Құнанбай ғана емес, иісі түркінің, сонау Шыңғыс ханнан бастасақ, небір ұлылардың табаны тиген қасиетті топырақ. Өйткені сонау Абай туып-өскен жер, Шыңғыстау деген атының өзі Шыңғыс ханмен тікелей байланысты. Шыңғыс хан қазақ елін жаулап келіп, сол Шыңғыс өңірінде бір жыл қыстаған. Сол жерде өзіне бағынған он екі елден бір-бір би шығып, түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» делінген Майқы бастап, Шыңғыс ханды ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ текемет киізге отырғызып, сол Шыңғыс таудың ең биігіне шығарған екен. Содан бері осы тау Шыңғыстау, ең биігі Хан биігі деп аталады. Бұл – әріден басталатын ұлылықтың бастауы», - деп одан бергі кезеңдегі осы қасиетті топырақта өткен ұлы оқиғаларды тізбектеп өтті. Ақтабан шұбырындыдан кейін тобықты елінің 1780 жылдары Сыр бойынан жетіп қоныс қылғанын, осы құтты өлкеде Құнанбайдай дана дүниеге келгенін айта келе, Жидебай атауы – тобықты ішіндегі жуантаяқ руынан шыққан Жидебай батырдың есімімен байланысты екендігін тарқатып өтті: «1846 жылы Құнанбай сол Жидебай батырдың ұрпағына 200 саулық қой беріп,  осы қонысты сатып алады. Сол кезден бастап Жидебай Құнанбай әулетіне ғана емес, бүкіл халқымызға құтты қонысқа айналады. Абай атамыздың балалық, жастық, жігіттік, толысқан шағы осы Жидебайда өтеді. Жидебайдың ұлылық мекені екенін дәлелдейтін тағы бір айғақ – Еуропа мен Азияның карта бойынша дәл контурлық кіндігі екендігінде. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай музейдің алдыңғы жағына осы өлшемді көрсететін тасбелгі орнатылған болатын. Мен үшін Еуразия кіндігі дегеннен гөрі «Ұлылықтың кіндігі» деген жақсы сияқты. Поэзия мен прозаның, мәдениет пен әдебиеттің, тіл мен ділдің, даналық пен данышпандықтың, кемеңгерлік пен ойшылдықтың, хакімдік пен ұлылықтың кіндігі – сол Жидебай. Өйткені Абай шыққан өңірде, Абайдың қаншама шәкірттері шықты, Абай арқылы танылған қаншама ұлы адамдар шықты. Кешегі Алаш арыстары да маңдайларын Абайға тіреді. Абайдың даналығына бас иді», - дей отырып, кешегі қиын-қыстау кезеңде Алаш арыстары «Абай тірі болса – қазақ өлмейді, тарихтан көшпейді» дей отырып, Абайды Мұхтар Әуезовке аманаттап кеткенін айтып өтті. 

«Әуезов Абайды жазды, әлемге танытты. Өзі айтады ғой: «Халық аңсаған биігіне Абайды жеткіздім. Бірақ өкініштісі екі адамның образын дұрыстап жаза алмадым. Біріншісі – әкесі Құнанбай, екіншісі – рухани шәкірті Шәкәрім», - деп. Абай жолы романын жазу Мұхтарға оңай болған жоқ. Тонның сыртын ішіне аударып, Құнанбайдың жақсы жақтарын жаманшылыққа бейімдеуге тура келді. Сол кездегі идеология солай болды. Абай жолы романын жазып болғаннан кейін арнайы Ақшоқыға келіп, Құнанбайдың зиратына келіп, қабірінің басына барып, жылап тұрып кешірім сұрайды: «Қажы аға, кешірім ет! Абай үшін сізді құрбандыққа шалдым!» - дейді. Бұл не? Бұл Құнанбайдың қандай адам екенін ашып жаза алмағаны, Құнанбайдың қандай данышпан екенін танытып, арылып жаза алмады. Әрине Құнанбай қатал болмаса, Құнанбай дара болмаса, дана болмаса, Абай да дара, дана болмас еді. Құнанбай кемеңгер болмаса, Абай хакім болмас еді. 

...Абайдың сүйікті ұлы Мағауия өмірден өткен соң,  қоштасу ретінде айтып кеткен бір шумақ өлеңі бар: 

Бұл Мағаш маған да жоқ, саған да жоқ,

Мағаштай ұл тумас көңілге тоқ.

Аз күнде дүниеден мен де кетем,

Маған да зар боларсың жиылған топ, - 

деген ұлылықтың соңғы нүктесі, ақтық сапары  осы Жидебай болды. 

Абайдың ұлылық көші ешқашан тоқтамайды. Заман өзгергенімен, адамзат өзгермейді. Қазақ халқының киесі, арым мен намысы, ақылы мен жүрегі, ол – Абай. Абайдың ұлылығы мәңгілік жасай береді», - деп, біз бұл ақпаратқа толықтай түсіріп үлгермеген де көптеген тұщымды әңгімелер айтып берген баяндамашы өз сөзін аяқтады.

Келесі сөз кезегін алған Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы, «Абай музейінің» жетекшісі, ақын, абайтанушы, Жазушылар Одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы «Мектептегі Абайтану музейі» тақырыбы бойынша өз ойларын бөлісті: «Абай қазаққа ғана емес, адамзатқа ортақ ұлы тұлға», - дей отырып, «Абай әлемнің жүзден артық тіліне аударылған, әлем елдерінде отыздан артық ескерткіші, елуге жуық көшесі бар екен. Әрине оның ішінде біздің көршілес, алыс елдер де бар. Сондықтан да Абайдың әрбір мерейтойы кезінде әлем біздің Абайды өз деңгейлерінде насихаттайды. Сондықтан да олар Абайдың әрбір сөзін өздеріне ұстаз тұтқаннан кейін осындай деңгейде құрмет тұтып жатыр деп ойлаймыз. Астанаға келгенде мен Абайды өзіммен бірге алып келгенмін. Оған дейін Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында қызмет жасадым. Қарасаңыз, Абайды тану, басқа қырынан насихаттау жауапты іс. Мұхтар Әуезовтің: «Абай Мұхит қой. Мен Мұхиттан шөміштеп қана алдым»  айтатыны бар ғой. Яғни сол Мұхиттың барлығын бізге қалдырды ғой. Енді біз оны басқа қырынан қарастыруымыз керек емес еп? Абайды таныту үшін не істеуіміз керек? Ол үшін Абайды мектептен бастауымыз керек деген бастамамен осы Астана қаласында бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі мектеп аралығында Абайды сатылап оқыту, «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» деген бағдарлама құрып, Абайды қарапайым тілде, бірінші сыныптан бастап абайды толыққанды оқытып жатқан мектеп – Қазақстандағы он үш мыңнан астам мектептің ішінде – біздің мектеп» деп атап көрсете отырып, осы бағыттағы өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Алмахан Мұхаметқалиқызы Абайдың музей ісін алғаш қолға алушы екенін, сондай-ақ Абайдың абайтану ғылымына 120 жыл екенін және осы тақырып бойынша да арнайы ғылыми конференция өткізсе артық болмас еді деген ойын ортаға салды. Сонымен қоса, Абайдың заңгерлік қырын да естен шығармау қажеттігін, биыл әйгілі Қарамола съезіне 140 жыл толғанын да атап өтті.

Алмахан Мұхаметқалиқызының дайындап әкелген шәкірті, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның оқушысы, қалалық «Абай» оқуларының жеңімпазы Ашимбекова Аяжан Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Бүгінгі іс-шараға арнайы келіп қатысқан Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Цуй Инлань ханым өзінің құттықтау сөзінде Астана қаласына келіп қызмет істеп жатқанына бір ай толмағанын, осы мерзімдегі Қазақстан мен Елордаға деген пікірі тамаша екенін айта келе, Астананың кең жолдары мен көркем де зәулім ғимараттары, көкпеңбек ашық аспаны таңғалдырғанына тоқталды. Қазақ халқының меймандос көңіліне рақмет айта келе кеңесші ханым өз жұмысының Абайдай әйгілі тұлғаның өмірі, шығармашылғымен танысумен басталып жатқандығын жақсылыққа балайтынын білдірді. 

Жуықта ғана, қыркүйек айының басында Пекин қаласында Қазақстанның мәдени орталығы ашылғанын, оған Мемлекет басшысының өзі қатысқанын айтқан елші ханым, әзірге өзі онда болмаса да, әріптестерінің сөзінен бұл орталықтың әдемілігін, түрлі іс-шаралар өткізуге қолайлығы екендігін білгенін және мұның өзі екі елдің мәдени-рухани байланыстарын дамыту жолында үлкен мүмкіндік туғызатын жағдай болатындығын айта келе, алдағы кезеңде бүгінгі Абай өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени іс-шараға шақырғаны үшін зор ризашылығын білдірді.

Іс-шараға қатысқан Қазақстанның құрметті журналисі, шығыстанушы, гуманитарлық ғылымдар профессоры Мұхамедқали Баймұханов ақсақал «Сүйгенбай бидің Абайдың алдына баруы» тақырыбында баяндама жасап, Абайдың ел билеудегі бедел-билігіне қатысты тың деректерімен бөлісті. 

Сексен екі жастағы қария бұл әңгімені бірінші рет жариялап отырғанын айтқан еді: «1880 жылдар болған оқиға деп қабылдаңыздар. Қарқаралы елінде Сүйгенбай деген би болған. Ол кісі де өз заманында қажылық сапарға барған, болыс болған адам. Сол 1880 жылдары Қарқаралы өңірінде, қаракесектің бәйгеге қосып жүрген Көкмойнақ деген керемет тұлпары болыпты. Оның иесі Ниязбек леген кісі екен. Күндердің күнінде сол тұлпар жоғалып кетеді.  Бір елдің маңдайына басқан тұлпардың жоғалып кетуі деген – ол уақытта үлкен оқиға. Жүйрікті іздейді. Қазақтардың із кесуге шебер екенін білесіздер. Олар ақыры аттың Шыңғыстау жаққа кеткенін біледі. Сол заманның тілімен айтқанда: «Жүйрікті тобықтының ұрылары алды» дейді. Тұлпардың артынан, оны алған ұрыларды іздеу үшін елдің сөз ұстар алдамы Абайға баруы керек. Абайдың аулына кім бара дегенде, жұмбақтап сөйлейтін шешен, шор Кенже деген кісіге салмақ салса: «Жоқ, мен бара алмаймын. Мен Абайдың әкесі Құнанбаймен сыйлас, тұстас адаммын», - депті. Содан баратын адам шықпай, Сүйгенбай да шешен адам: «Елміз ғой, халықпыз ғой. мен барайын», - деп келісімін береді. Жанына аттың иесі Ниязбекті, өзге қосшыларын алып, Шыңғыстауға төрт-бес күндік сапар шегіп, Абайдың аулына келеді. Абайдың сол уақытта болыс болып тұрған кез екен дейді. Қонақтарды жанындағы үйге түсіріп, екі-үш күн демалып жатқаннан кейін Абайдың алдына келген шаруасын айта келеді. Бұйымтайларыңызды айтыңыздар деген соң, бұлар мән-жайды айтады. «Көкмойнақтың бар болса өзін, жоқ болса көзін аламыз» дегенге тоқтайды. Абай сонда: «Оқытқан баласы жоқ, салдырған қаласы жоқ, мал-мал деп жүріп, әй ақсақалдар, бастарың далада қалады ғой!» - деп айтыпты дейді. Содан үндемепті, қайтадан шығып кетіпті. Екі-үш күннен кейін Абайдың алдына тағы шақырыпты. Келіп қараса, Көкмойнақ аттың өзін, ат-шапан айыбына деп бір ақбоз атты әкеліп қойыпты дейді. Абай мән-жайды айтып-түсіндіріп, Сүйгенбай қажыны серіктерімен жолға шығарып салыпты дейді». Қария бұдан өзге де татымды да тұщымды әңгімелер айтып, тыңдармандарды өзіне берілген уақыт ішінде тыңдармандарын баурай білді.

Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының Задаш Дүкенбаева ханым «Абай әлемі – рухани кемелдік жолы» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде баяндамашы: «Біз кемелдікке жету үшін Абайдай ғұламаның даналығына үңілуіміз керек. Үңіліп қана қоймай, сонымен бірге өмір сүруіміз керек. 

Абай даналығы арқылы ұлттық мұраны қазіргі оң үрдіспен үйлестіре дамытуымыз қажет деген мақсат алдымызда тұр. Себебі, Абайды тану – кемелдіктің айқын бейнесі. Абай – ұлттық мәдениетті көтеруші, парасаттылық мектебі, Абай өз заманынан асып туып, ойшылдығымен, кемеңгерлігімен талай ғасырға өшпес із қалдырды. Интеллектуалды ұлт болып қалыптасуымыздың өзі дана Абайдан негіз алады. Абайды оқып адам толғанады, Абайды оқып көп ісінен ұялады,. Абайды оқып рухани нәр сіңіреді, Абайды оқып өмір сүре білуді меңгереді», - деп атап көрсете келе Абай өлеңдерінің, ғақлияларының мәнін түсінудің маңызына тоқталды: Абай өлеңдері мен ғақлияларында ұлттық мінез, ұлттық болмыс, дүниетаным, дін мен діл жатыр. Абай қазақты жамандап сынға алған жоқ. Өз халқын, ұлтын сүйгендіктен сынға алды. Ол ұлттық сананы қалыптастыру мен мәдениеттілікті жаңа белеске шығаруды арман тұтты. Соның ішінде қазақ жастарын көп жырлады, ұлтжандылық сезімдерін оятуға талпынды, елі мен жерін сүюге шақырды. Ол осы арқылы әділетті, саналы қоғамның пайда болатынын білді. «Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деп Маңғаз Мағжан ақын жырлағанындай, Абай елдің санасында өмір сүруі қажет. Өсиет пен өнегеге толы Абай мұрасы адамзатқа рухани азық сыйлайды, жан дүниесіне кемелдік дәнін себеді, саналы өмірге есік ашады»

Өз сөзін тарихшы ғалым: «Өмірді, дінді, ділді, қазақты таныту үшін Абайды тану жеткілікті. Абай әлем ойшылдарынан артық айтпаса кем түспейтін ойлар айтты. Өз мұрасы арқылы парасаттылыққа жол нұсқайтын даналық темірқазығына айналды. Өміршең өлеңдерге, баға жетпес ғақлияларға толы Абай мұрасы ғасырлар бойы рухани кемелдіктің өзегі бола бермек», - деп түйіндеді.

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия оқушысы, «Бала Абай» оқуларының, қалалық «Абай» оқуларының жеңімпазы Жанатхан Рахматуллаһ Абайдың он төртінші қара сөзін мәнерлеп жатқа оқып берді.

Астана халықаралық университеті, Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі. Меруерт Тлепалдиева – «Абай мұрасы – тарихи тәжірибе және қазіргі ұрпаққа аманат» тақырыбында семинарға қатысушылар алдында тартымды баяндама жасап, өз ойларын, іс-тәжірибелерін бөлісті.

Осылайша Астана қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында өткен «Абай даналығы – халық мұрасы» атты ғылыми семинарға қатысушылар ұлы ақын және оның туған өлкесі, айналасындағы белгілі тұлғалар туралы көптеген ақпараттарға қанық болып, үлкен рухани тағылым алып қайтқаны анық. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар