Әлия Бөпежанова: Қазіргі әдебиет жаңа идеялар мен жаңа кейіпкерлерге зәру

Бөлісу:

15.09.2025 438

         Ұлттың рухани жадын сақтап, болмыс-бітімін, арман-аңсарын айнадай көрсететін ерекше әлем – әдебиет десек, ешкім дауласа қоймас. Бұл әлемнің бүгіні мен болашағына бейжай қарамай, тамырын басып, заманауи тынысы туралы салиқалы пікір айтып жүрген  санаулы тұлғалар бар. Солардың бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет және театр сыншысы Әлия БӨПЕЖАНОВА. Белгілі сарапшыға бүгінгі әдеби тынысымыздың кейбір өзекті мәселелері туралы сауалдар қойған едік.

         - Қазіргі қазақ әдебиетінде бірлік пен ынтымақ тақырыбы қаншалықты көрініс тауып отыр? Бұл тұрғыда қандай шығармаларды атап өтер едіңіз?

         - Әдебиеттің басты миссиясы –  жасампаздыққа қызмет ету. Сондықтан да, меніңше,  шынайы көркем әдебиет өз түп негізінде, адамды, қоғамды зерттейді,  жаңаны көре біледі; жарыққа, кемелдікке ұмтылдыруды мақсат етеді, небір бей-берекет, қайшылық, тіпті катаклизмдерге қарамастан үйлесім-келісімге бастайды.  Демек, өзің айтып отырған тақырып осы үлкен миссияның құрамдас бөліктері ретінде бүгінгі шынайы көркем шығармалардың бәрінде дерлік көрініс табады. Әдебиет белгілі бір деңгейде қоғамның және міндетті түрде жазушы дүниетанымының, мажорлы не минорлы өмірсезінуінің көркем проекциясы болғандықтан, әрине,  әрқилы қалыпта. Сондықтан нақты шығармалардың атын атап, түсін түстеудің қажеті бола қоймас. 

 

Қоғамдық сананың жаңғыруында жастар үлесі мол болуы керек

         - Жастар арасында елге деген сүйіспеншілікті арттыруда әдебиеттің ықпалы қандай? Бұл бағытта жас қаламгерлерге қандай кеңес берер едіңіз?  

Бүгінде елімізде жастарға, демек, жастар шығармашылығына ерекше назар аударылып отыр.  Оларға арналған жобалар, байқаулар жүйелі түрде өтеді. Атап айтарлығы –  екі жылдан бері жастарға Республика Президентінің арнайы гранттық жобасы бар. 

Республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы 18-35 жас аралығындағы жастарға арнаған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы жүзеге асырып келеді. Бұл жоба ең алдымен жас қаламгерлер үшін пайдалы – алған тақырыбын шынайы игерер болса шығармашылық аясының кеңеюіне, дүниетанымдық тұрғыдан толысуына, жастардың өз микроәлемінен шығып, белгілі бір деңгейде макроәлемге көтерілуіне жақсы бір мүмкіндік деген ойдамын. 

 Ал, оқырманнның еліміз өңірлерінің тарихы, жер-су атаулары, аңыз-әфсаналары мен өзге де рухани құндылықтары, бүгінгі жай-күйі туралы білімі толыға түседі. Өткен жылы осы жоба аясында жиырма жас қаламгердің, атап айтқанда, Д.Жылқыбай, Ә.Рахат, Б.Ахмер, С.Есжан, Ғ.Кәдірбай, А,Сағиев, Р.Қабидолдин, Е.Нұрахмет, Ж.Еркін, Н.Тұрғанбек, Ә.Жақсылық, Ж.Әлиман, Б.Қадыр, А.Тілеген,  Ж.Қазымұратұлы, А.Байыс, А.Әлішер, М.Ғилымхан, Ж.Серікбол, Қ.Жазайдың еліміздің әр өңіріне арналған мазмұнды да полиграфиялық сапасы жақсы кітаптары жарық көрді. Биыл жалғасқан және келесі жылы жалғасатын бұл жоба әдеби жас қауымдастықтың елге сүйіспеншілігін арттыруымен қатар, жоба мақсатында көрсетілгеніндей, қоғамдық сананы жаңғырту процесіне қосып отырған үлесі  деуге болады.

Жастарды елін, жерін сүюге тәрбиелеуде жақсы үлгілер керек, Осы орайда тұлғатану мәселесіне көбірек назар аударылса, жас қаламгерлер осы тақырыпқа қалам тартқанда  объектісін жан-жақты ашуға ден қойса деймін.  

Тұлғатану идеясына, өмірі мен шығармашылығы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын қалам және қоғам қайраткерлерінің бейнесін жасауға театрлар сергектеу. Дегенмен де әзірге пьесалардың басым көпшілігінде кейіпкерлердің шынайы бейнесі, тұлғалығы танылады деу қиындау. Жеке тұлғалар туралы оңай жазылып, оңай сахналанатын қойылымдар қатары көбейіп барады. Драматургтар көбіне жалаң компиляция жасауға бейім. Тұлға кеңестік кезеңде өмір кешсе авторға тіпті «жақсы» -- бас кейіпкерге қарсы күш ретінде бір тыңшы немесе көре алмайтын адамды алады да,  сол төңіректе жалған тартыс құрастырып береді. Ал, жеке тұлға туралы жазу автордан көп ізденісті талап етеді. Алдымызда  классикалық үлгі - М.Әуезовтің «Абайы» бар ғой.  Тұлға туралы драма жазбақшы әрбір жас, ең алдымен, осы трагедияны оқыса деймін. Бұл трагедия неге биік тұр? Себебі автор М.Әуезов кейіпкері Абайды, оның қоғам өміріндегі ролін, санаткерлік, Хакімдік болмысын өте жақсы біледі, көркем жеткізеді. Жуырда бір жас драматургтың пьесасын оқыдым, объектісін әбден зерттеген, тұлғалық болмысын жақсы ашқан (есімін кейінірек айтармын.) Көркем қойылымның алғышарты бола алатын мұндай дүниелерді оқу – қуаныш. 

 - Қаламгерге қаламақы қаншалықты оң ықпал етеді? Қаламақының жақсы төленуі шығарманың жазылуына әсер ете ме? 

         - Қаламгер деген анықтамасынан көрініп тұрғандай,   оның еңбегінің өтеуіне  қаламақы төленсе және жақсы төленсе шығармашылығына оң ықпалын тигізері басы ашық жайт.       

Соңғы жеті-сегіз  жыл көлемінде қаламақы мәселесі біршама шешілгендей. Мемлекеттің жазушылардың кітабын қаламақы төлеп сатып алу және басып шығару, тарату жобасы аясында қаншама кітап шығып, авторлары жап-жақсы қаламақы алды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірнеше байқауы, сондай-ақ қоғамдық қорлардың да байқаулары бар. Облыстық әкімшіліктер тарапынан әдеби байқаулар өткізіліп жүр. Бұл орайда әзірше Ақтөбе облысы озып тұр. Алматы қаласы әкімшілігі бастаған жақсы шара – жазушыларға жыл сайын грант беру – Астанада және кейбір облыстарда жалғасын тапты.  Жақсы қаламақы –  ойдағы шығарманы алаңсыз отырып жазуға жақсы мүмкіндік, 6ірақ, жақсы жазудың бірден-бір жолы дей алмаймын. Таза шығармашылығымен күн көретін жазушы бәсекелестік жоғары Американың өзінде көп емес. 

 «Быстрое чтиво» –  бүгінгі жазудың коммерциялық  стратегиясы 

- Елімізде жарық көрген жаңа көркем шығармалар туралы ойыңыз қандай? Оқығанда тартымды болып көрінгенімен, тез аяқталатын сюжеттер – бүгінгі заман талабы ма, әлде авторлардың «еріншектігі»  ме? 

         - Жарық көріп жатқан жаңа кітаптар аз емес. Жаңа туындылар газет-журналдарда, әртүрлі  сайттарда жарияланады. Бұған қоса қаламгерлердің көпшілігінің жеке фейсбук желісі бар.  Мұның бәрін қадағалап оқып отыру беймүмкін. Дегенмен де өзім оқыған шығармалардан қысқаша ой түйгенде, бүгінде жазудың әртүрлі стратегиясы қалыптасқан. Көркем әдебиеттің биік параметрлеріне жауап беретін, жаңа эстетикалық ізденістер аясы кең, жанрлық-стильдік өзгерістерге түскен шығармалар бар. Сонымен қатар өзің айтып отырғандай, желіп отырып жазылатын – оқиғалары тез ауысып, тартыс тез шешілетін, кейіпкерлерінің сұлбасы ғана байқалатын  «быстрое чтиво» бар. Мұндай дүниелер бұрын да болған, кейін де бола береді. Және ол авторлар еріншек емес, керісінше өз алаңында жеріне жеткізе жазады, кейде тақырыпты саудаға салады. Бұл, бір есептен, нарықтың көрінісі, кітаптың коммерциялануына бастар жол болса керек. 

         Қазір баспалар да, жаңа кітаптар да аз емес, сондықтан да оқырманға қазіргі кітап әлемінде бағыт-бағдар беретін басылым қажеттілігі қатты сезіледі.   Кеңестік кезеңде Мәскеуден  ақпараттық-танымдық  жаңалықтар, шолулармен «Книжное обозрение», республикада «Кітап жаршысы» апталықтары шығып тұрды. «Кітап жаршысы» тәуелсіздік кезеңінде де балалар жазушысы, баспагер Қанат Қайымның басшылығымен біраз уақыт жарық көріп, қаржылық қиындықтардан ба, жабылып қалды. 

Мәселеге орай еске түседі. Ертеректе орыс эмиграциясы үшінші толқынының Парижде шығатын «Континент» журналын  жаздырып алатынмын (көрнекті мәдениеттанушы Г.Померанц пен көрнекті сыншы, ғалым А.Жолковскийді қызыға оқитын едім.) «Континентте»  журнал прозасы мен сынына, сол кезең публицистикасына сараптамалық шолулар, жарық көрген кітаптар туралы қысқа ақпараттар жүйелі түрде жарияланатын. Біртұтас ақпараттық-танымдық кеңістік қалыптастыратын жеке басылым  болмағандықтан, оқырманға пайдалы осындай шолулар әзірше біздің газет-журналдарда, сайттарда  жүйелі түрде жарияланса болар еді. 

    

     Әдебиетке бұрынғы әмбебаптық рольдің қажеті жоқ

- Бұрын қоғамда қаламгерлердің ықпалы мықты болған, қазіргі ақын-жазушыларда ондай танымалдылық жоқ. Себеп неде? 

         -  Осы тектес сауалға бұрыны бір сұхбаттарымда жауап берген едім. Сондағы ой жүлгесін қайталар болсам:   жазушы, жалпы зиялы қауым  ежелден ықпалды саналса, қазақ қоғамында ахуал солай болды. Біздер әдебиленген қоғамда өмір кештік. Халық шынайы ақпаратты, яғни  шындықты  жанама түрде, бейнелі түрде тек қана әдебиет пен өнерден алды. Әдебиеттің оқырманы, театр мен киноның көрермені өте көп болуының бір себебі де осында еді.

         Жазушы қауымы өзгелермен салыстырғанда жақсы өмір сүрді, материалдық жағынан қамтамасыз етілді. Мұндай ахуал, мүмкін, әдебиет пен өнер өкілдері үшін жақсы, тіпті қолайлы болған шығар, алайда қоғам үшін өте қолайсыз болғаны анық. Сіздіңше қалай, мысалы, 1000 адамның он пайызы ғана  ойлы, білімді, өнерлі болып, қалған  тоқсан пайызы сол онның аузына қарап отырғаны дұрыс па әлде керісінше, мың адамның барлығы   білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жақсы ма?! Әрине, соңғы нұсқа көңілге жатып, көкейге қонады. Бүгінгі қоғамымызда осы соңғы нұсқадағы ахуал орнығып келеді. Қоғамдық құрылым жетілді, әлі де жетіле береді. Демек, әдебиетке бұрынғыдай әмбебаптық рольдің қажеті жоқ. 

Тәуелсіздік кезеңінде еліміз ғасырға парапар өзгерістерді бастан кешті, қаншама қиындықтары болса да жасампаздыққа бастап, әрбір адамды жеке субъект ретінде тұлғалыққа ұмтылдыратын осы процестер қоғамға да, жазушының өзіне де пайдалы. 

Қазіргі заман жаңа технологиялардың, ашық ақпараттың заманы. Білімнің, кәсібиліктің заманы, жоғарыда айтылғанындай, әрбір жеке адам тұлғалыққа ұмтылатын заман. Қоғам әртектіленді, бұрынғыдай біртұтас әдеби кеңістік жоқ. Мұндай ахуалда ақын-жазушы тек қана ой озықтығымен, көркем шығармасымен өтімді, бәсекеге қабылетті, мүмкін, ықпалды бола алады. Әрбір қоғам әлем мен жеке адам өмірінің әртүрлі үлгісін, мұратын алға шығаратынын еске алсақ, ендігі жерде тәуелсіз де өзіне өзі сәйкес ұлттың еркін әдебиетінің бәсі артады. Дүниетаным көпнұсқалығы күрделі де шым-шытырық әлемде Қазақ әдебиеті де пәлсапалық іргетасы мықты,  көпнұсқалы әдебиетке айналады деген сенім бар. Бүгінгі әдеби процеске көз салғанда осыған келе жатырмыз деуге болады. Осы ахуал толық орныққанда шынайы әдебиет қоғамдағы мәртебелі орнын, мүмкін, басқа қалыпта қайта алып, жазушы шын мәнісінде қоғамның элитасына айнала алады. 

«Нағыз, шынайы» деген анықтаманы қосуға тура келеді 

- Сіз  әдебиет сөзіне де, көркем шығарма тіркесіне де  «шынайы» деген анықтаманы қосып айтасыз. Сонда шынайы емес әдебиет те бола ма? 

         - «Жырларым – жанымның шырылы» деп Мұқағали ақын айтпақшы, жазу, біресептен, адам жанының терапиясы болуы өз алдына, автордың өзін репрезентациялауының да жақсы жолы. Технологиялар заманында адамның өзін репрезентациялаудың жолы көбейді. Әдеби көркем шығарма демейін, әйтеуір жазу, яғни ой-танымын қағазға таңбалау да – бүгінде осының бір жеңілдеу түріне; қал-қадерінше өзін өзі бағалаудың ғана емес, өз өмірін қоғамға трансляциялау арқылы өзін пайдалы сезінудің бір әдісіне айналды. Тез оқылып, тез ұмытылатын әңгіме, повестер, яғни  «быстрое чтиво» жазатындар  өз алдына, пышақтың қалыңдығындай бір жинақ шығарып, «ақын», азды-көпті баяндарынан бір кітап шығарып, «жазушы» атанып жүргендер қарасы көбейді. Осындай жағдайда, әрине, «нағыз, шынайы» дегендей анықтама қосуға тура келеді.  Аналогия жасасақ, кәсіби бокс бар, әуесқой бокс бар немесе кәсіби және әуесқой теннис... Әзіл-шыны аралас айтқанда, мүмкін жазушыларға, дұрысы авторларға да осындай классификация беру керек шығар...

 

Мәселе жас режиссер Гүлназда емес –  тенденцияда

- Сіз тек әдеби сынға ғана емес, театр мен кино  сынына да қалам тартасыз. Мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісованың режиссерлігімен жаңаша форматта сахналанған «Қаракөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымдарының қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. Классикалық туындылар түпнұсқадан өзгертіліп, қасиетті өнерге тосыннан шабуыл жасалды деген сын-пікірлердің астында қалды. Бүгінгі заманға сай өнерге де еркіндік қажет деген қолдаулар да болды. Осы орайда сыншы ретінде дәстүрлі классикалық шығармаларды сахналағанда қандай қағидаларды ұстанған жөн деп санайсыз? 

         -- Әдебиеттегі сияқты қазіргі театрда да сахналық үдерістер көпқырлы. Жаңалыққа жаны құмар жас буын классикамызға небір заманауи интерпретациялар жасауда. Мәскеулік жас режиссер Гүлназ Балпейісованың Қарағанды театрында М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы және Астана театрында белгілі лиро-эпос «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» бойынша қойылымдары  кәсіби ортада да, қоғамда да пікірталастар тудырғаны бар. Ақтөбенің тумасы  Гүлназ атақты литвалық режиссер Р.Туминастың шәкірті. Бунтарьлық, эпатаждық жастық шақта жарасады әрі Мәскеуде көрген өзге де мектебіне  байланысты болуы керек, талантты жас режиссер  классиканы «рахаттана» деконструкциялайды. Қарағандылықтардың «Қарагөзін» көре алмадым, ал, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» «Баян сұлу-Қозы Көрпешке» айналыпты. Режиссер басты акцентті Баянға беріп, мейлінше бүгінгі күнге жақындатады. Қосымша шартты кейіпкерлер, мысалы, отандық та, шетелдік те көптеген қойылымдарда кездесетін; көптеген режиссердің фикс-идеясы дерлік – тағдыр, жазмыш-кейіпкер қосады. Немесе «Қыз Жібек» фильмінде әлі тойы өтпеген Төлеген мен Қыз Жібектің арасындағы мағынасы терең белдік эпизодына қарама-қарсы мағына алатын -- шырыны жан-жаққа шашырап, жарылған қып-қызыл қарбыз сахнасын көруге мәжбүрсіз, тағы да басқа... 

         Қойылымның сценографиясы, жарықтық-визуалдық шешімі қызғылықты, ойын элементтері мол екенін жоққа шығара алмайсыз. Алайда, өкінішке қарай, құнарлы да көркем шығарма қуатынан айрылғандай; қарабайырлау теңеуге салғанда, мереке кездеріндегі бір көрмекке көз алдар, жарқ-жұрқ фейерверк тамашалап шыққандай боласыз. Шығарманың бетінен қалқыған,  мұндай бірөлшемді, «авторитарлы» қойылымдарды эпатажды жас режиссерлердің өсу жолындағы ізденістері деп қабылдау керек шығар. «Қасиетті өнерге тосыннан шабуыл жасалды» деп байбалам салудың реті жоқ, бірақ, бүгінгі ашық әлем жағдайында  ұлттық даралықты сақтауға ұмтылу керектігін, құндылықтар мәселесі алғашқы орында тұруы қажеттігін еске салудың да еш артықтығы жоқ. 

         Бұл тұста мәселе тек Гүлназда емес, осындай бір тенденцияда болып отыр. Бұған театртанушылар Айзат Қадырғалиева, Нартай Ескендір,  өнертану докторы Бақыт Нұрпейістер де «Платон менің досым, бірақ, шындық одан да қымбат» ұстанымымен үн қатты. Бақыттың мұндай ізденіс-жаңалықтардың пайдасы мен зияны туралы «І Республикалық жастар театрлары фестивалі: жас режиссерлер және ұлттық классика» атты көлемді мақаласында (Мәденипортал,16.11.2023) кеңірек сөз болды. Кәсіби маманның көптеген тұжырымын өте орынды деп білемін.  

Қазіргі қазақ әдебиетіне не жетіспейді? 

         - Көркем әдебиет – қоғамдағы тарихи-әлеуметтік, мәдени үдерістер мен өзгерістердің көркем айнасы десек, жеке пікірімде, бүгінгі айнамызда күрделі де қызғылықты заманымыздың көркем бейнесі жетіспейді. Жаңа идеялар мен жаңа кейіпкерлер жетіспейді, бәлкім, жасампаз кейіпкер жасау тәжірибесі жетіспейді. Бұл, әрі-беріден соң бүгінгі жазушының үлкен проблемасы.

         Тәуелсіздік алғалы бері қаттырақ айтқанда, біз сөздің, көркем сөздің инфляциясына ұшырадық. Қаншама кітап жарық көрді, бірақ, пайдалы эсер коэфициенті төмен болды, жаңа тақырыптар, жаңа идеяларға зәрулік үнемі сезіледі (бұл туралы бұрынғы сұхбаттарымда айтқан едім). 

         Бізде жалпы мәдени-рухани ахуалымызға жан-жақты зерттеулер, талдаулар үнемі жүргізіліп отыруы керек. Айталық, тәуелсіздік алғаннан кейін кітап шығару ісінде хаосқа жол берілді – бірталай жазушы бұрын жарық көрген көркем шығармаларын әр баспадан қайталап шығаруды әдетке айналдырды. Және де өзін «сыйлайтын» әрбір жазушы міндетті түрде көптомдық шығаруды әдетке айналды. Және де, шыны керек, тәуелсіздіктен кейінгі көптеген көп томдықтардың, энциклопедиялардың кәсіби стандарттары сақталмай келеді. 

         Осыдан біраз бұрын Республика Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның «Айқын» газетіне берген сұхбаты жарияланды (22.07.2025). Жалпы мәдени өміріміздің өзекті мәселелері көтеріліген сұхбат бүгінгі кітап шығару ахуалы туралы былай дейді: «Біз өткен жылдары егемен тарихымызда алғаш рет республикамыздағы бүкіл кітап­хана қорына тиянақты талдау жүргіздік. Нәтижесінде, түйген түйініміз – елде бар кітаптың саны көп, бірақ саласы жұтаң. Айналдырған төрт-бес автордың бір тақырыптағы кітаптары бірнеше мәрте өзгертіліп қайта-қайта басыла берген. Мысалы, кітапхана қорларында кітап аталымы тұрғысынан белгілі классик жазушымыздың 1 174 кітабы 26 804 данада болса, кітап тиражы тұрғысында ортаңқол бір автордың 1 012 кітабы 34 746 данасымен көш бастап тұр.» Ұзаққа созылған және кітаптың бәсін төмендетіп келген бұл бей-берекеттеу ахуалды реттеуді ресми биліктің қолға алуы көңіл тоғайтады. 

Бүгінгі заман талабы, Мемлекет басшысы айтқандай оқитын ұлтқа айналуды кешенді шешу жолдары сөз болған  сұхбатында  «...қазіргі әдебиетте қазіргі заман адамының көркем бейнесі, Қазақстанның жаңа мыңжылдықтағы келбеті, жаһандану кезеңіндегі ұлттық болмыс, ғылым мен технология тақырыптары әлі де жеткілікті қамтылмай отыр... Сондықтан да осы бағыттағы жұмыс­­тар­ды әдеби орта терең түсініп, оған белсене араласса екен деген тілегіміз бар. Мем­ле­кет­­тік қолдауды қанша ардақты-сыйлы бол­­са да тек жеке-дара ағаларымыз емес, тұ­тас ұлттық әдебиетіміз көрсе екен деген ниет» дей келе министр, қаламгерлер қауымының алдындағы міндеттерді де орынды мегзейді. Бүгіннің заманның жетістіктері де, заманауи да жасампаз кейіпкерлері де аз емес, оларды көру үшін қаламгер қауым микроәлемнен макроәлемге шықсақ игі. Бүгінгі ашық әлемнің құрамдас бөлігі орайында ортақ проблемаларды көре білу, зерделеу бағытында да.

 

Шынайы әдебиеттің өлшемі – Нобель емес

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен жазушылары аз емес. Бірақ осы уақытқа дейін еліміздің бірде-бір жазушысы Нобель сыйлығын алған жоқ. Сіздіңше, бұл сыйлыққа лайық қазақ жазушылары бар ма? Ал, әдебиетімізді әлемге танытудың өзге де жолдары ше?

         - Дана, сауалдарың, демек, әңгімеміз бір қиыпдан екінші қиырға кететін болды ғой.  Бір қызығы –   қазақ қауымын Нобель сыйлығы қатты толғандыратын сияқты. Өйткені бұл мәселе әдеби-мәдени сұхбаттардың басым көпшілігінде міндетті түрде сөз болады, арнайы мақалалар да жазылып жүрген жағдай бар. Мұны әлеуметтанушылар зерттеп көрсе болар еді, бәлкім, ұлттық психологиядағы әлдебір ерекшеліктер ашылуы...

         Сауалыңа оралсақ, нобелианттары жоқ елдер көп және бұл сыйлық суреткерлерге негізінен әлем әдебиетіне әкелген жаңалығы үшін берілетіні белгілі. Мәртебелі Нобель сыйлығына лайық суреткерлер бізде болды –  Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев... («болды» дейтінім – бұл сыйлық дүние кешкендерге берілмейді.)

         Көрнекті суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісов Нобель сыйлығына бірнеше рет ұсынылған –  2013, 2014-жылдары Қазақ Пен-клубы, 2018-жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасы ұсыныпты. Қазақ Пен-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, 2013-жылы ұсынылғанда Нұрпейісов Нобель комитетінің 5 адамдық қысқа тізіміне ілініпті. Бұл едәуір жеңіс десе болады. Шетелдерде Нобель сыйлығына немесе кинода «Оскар» сыйлығына номинант болғандардың өзін мақтанышпен атап жатады. Әрине, Нұрпейісов ондай мақтанға зәру емес-ті. Біздер замандас, біздің буыннан кейбіріміз азды-көпті пікірлесу бақытына ие болған  көрнекті суреткердің аса құнарлы да заманауи шығармашылығы – қазақ әдебиетінің  ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасы. «Қан мен тер» трилогиясы және «Соңғы парыз» романдарымен халқымыздың уақыт пен кеңістіктегі бір ғасырын  бейнелеген  Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы –  қазақ әдебиетінің ғасырлар тоғысындағы көркем трансформациясының да айқын көрінісі. Немістің белгілі сыншысы Л.Кошут жазғандай,  әлемде батыстың басымдығы бел алмағанда  бұл шығармалар баяғыда әлем тілдеріне аударылар және әлем әдебиетінің ұлы туындысы деп бағаланған болар еді.   

         Қазіргі таңда да бұл сыйлыққа  лайықты суреткерлер бар.   Ал, жеке пікірімде, ең лайықты есім – көрнекті ақын, түркітанушы Олжас Сүлейменов. Ол 2022 жылы ұсынылыпты. Демек, ұмтылыстар баршылық. Әрине, шынайы әдебиеттің өлшемі Нобель ғана емес. 

 

          Әлем үшін қазақ әдебиеті – әзірше жабықтау әдебиет 

         - Әдебиетімізді әлемге танытудың өзге де жолдары ше? 

         - Қазақ әдебиеті өз өлшемімізде үлкен әдебиет болғанымен, әлем үшін әзірше аймақтық, дұрысы жабықтау әдебиет. Бұл ахуалдан кету үшін әдебиетте де медиадағы, кино өнеріндегі сияқты глобализация – жаһандану мен локализация – жер­гіліктілік «туындысы» глокализация принциптерін ұстануға әбден болар еді. 

Э.Хемингуэйдің, әдебиеттің мықты болуы мемлекеттің  мықтылығына байланыстылығы туралы пікірі бар. Нобель сыйлығын алу үшін қазақ әдебиеті Нобель сыйлығы сарапшылары оқитын ағылшын, француз, т.б. еуропалық тілдерде жарық көріп, танымалдығы артуы қажет. Ал бүгінге дейін әлем тілдеріне жасалған біршама аудармалар теңіздің тамшысындай ғана және пайдалы әсер коэффициенті белгісіздеу. Амазондағы бірер сатылымдар, бәлкім, авторларына табыс түсірер, бірақ, оны қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі деу қиын. Демек, перспективаға жұмыс жасау керек. Әдебиетіміз әлемге танымал болуы үшін, әрине, аударма ісі жолға қойылуы, ол үшін әлем тілдеріне тікелей аударатын кәсіби мамандардың үлкен мектебі қалыптасуы шарт. 

         Тағы бір өзекті мәселе – қазақ әдеби сыны да әлемдік аренаға шығуы керек, ол үшін мықты сын кітаптарын әлем тілдеріне аудару мәселесі қолға алынса игі. Нобельден бұрын Түркі әлемі немесе Азия әдеби сыйлығы тағайындалса жарасар еді. Осыдан бірталай жыл бұрын  Түркі әлемі әдебиетінің мәртебелі сыйлығын тағайындау туралы мәселе көтерілген. Бұл идеяны Түркі елдері кеңесі аясында жандандырса орынды болар... 

Сұхбаттасқан       

Дана САДЫРҚАН 

«Алматы ақшамы», тамыз, 2025

         

Бөлісу:

Көп оқылғандар