Бақыт Бәйтібаева. Диастың періштелері

Бөлісу:

15.09.2025 164

Қаламгер Бақыт Бәйтібаеваның үш әңгімесін балғындарға базарлық ретінде жариялап отырмыз.

ҚОНЖЫҚПЕН ОЙНАЙМЫН

Исабек теледидардан зообақта кішкентай қонжықты көрді.

- Әке, қонжықты көргім кеп тұр, барайықшы, - деп әкесі жұмыстан келгенде арсалаңдай мойнына асылды.

- Жексенбі күні барамыз.

- Алақаааай! Қонжық көреміз! – Исабек қонжықпен қалай ойнайтынын елестетіп, қуанып кетті.

Жексенбі күні Исабек әкесімен зообаққа барды. Алақұландарды, керіктерді, жолбарыс пен арыстанды көрді. Маймылдар тұрған жерде балалар көп жиналыпты. Бір апай маймылдың баласын сыртқа алып шығыпты. Соны ойнатып, бәрі қызықтап жүр. Исабек те маймылдың кішкентай баласын қызықтап, қолдарынан ұстап, басынан сипап мәз болды. Зообақты аралай жүріп, аюлардың  тұрағына да келді.  Адамдар тек сырттай тұрып қарап жүреді екен. Аюлар жүрген жердің ауласы кең көрінеді. Үлкен ене аю көк шөпте жүр. Қонжық көрінбейді. Исабек көздерімен қонжықты іздей бастады. Әзірше көрінбей тұр. Исабек мазасызданып әкесіне қарайды. Әкесі жымиып, саусағымен  шеткері жақтағы қалың өскен шөптің тұсын нұсқады.

Исабек қонжықтыкөрді. Ол шөпке домалаңдай аунап ойнап жүр. Қандай кіп-кішкентай.   Ене аю қандай үлкен. Таңданыстан Исабектің аузы ашылып қалған. 

- Ана қонжықпен ойнағым кеп тұр, - деді Исабек қонжықтан көзін алмай.

- Қонжықпен ойнауға болмайды. Ол ойыншық емес қой,- деді әкесі.

- Ауылда, атамның үйінде күшікпен, қозы-лақтармен ойнаймын ғой! - деді Исабек бұртиып.

- Олар - үй жануарлары. Қонжық - түз тағысы. 

- Түз тағысы деген не? – деп сұрады Исабек қонжықтан көзін алмай.

- Түз тағысы деген – ауылдан, адамдардан жырақта, биік тауларда, қалың ормандарда, адам аяғы баспайтын  жазық далада тіршілік ететін жан-жануарлар дегенді білдіреді,- деп әкесі түсіндіріп жатыр.

Бақтың ішіндегі кішкентай қонжық біресе домалаңдап, біресе әлденеге тырбаңдап ойнап жүр. Бір кезде бір жыраға домалаңдап түсіп кетті.  Ене аю қорбаңдап жыраға түсті. Домалаңдап жатқан қонжықты тұмсығымен түрткілеп тұрғызып алды. Қонжық жырадан шықпаққа тырбанып жатыр. Аю ене қонжығын тұмсығымен түрткілеп, жырадан шығуға көмектесіп жүр. Шықты-ау әйтеуір жырадан. Қонжық қуанып жүрген сияқты. Жүгіріп аю енесінің қасына барып, әрі аунақтап, бері аунақтап қояды.

Исабек те қуаныштан қолдарын шапалақтап жіберді. 

- Әке, қарашы қандай сүйкімді қонжық. Өзі тура менің марғауым сияқты ойнағанды жақсы көреді екен! - дейді Исабек қонжыққа сүйсіне қарап.

- Әрине, енді ол да кішкентай емес пе, - әкесі күліп жіберді.

Исабек кеш батқанша қонжықты қызықтады. Арасында жирафтың жаңа туған бұзауын, еліктің лақтарын, түйеқұстарды, қолтырауындарды барып қызықтап, қонжыққа қайтып келеді.

- Әке, түз тағысы болса аю мен қонжық неге орманда немесе тауда жүрмейді? Олар неге мына жерде жүр? – Исабек қонжықтан көзін алмай әкесінен сұрап қояды.

- Біздер көрсін деп балам. Жан-жануарлардың сүйкімді екендерін, олардың да ойнағысы келетінін көрсін, оларға қамқорлық жасалу керегін ойлансын деп осында әкелген.

- Оларға орманда немесе тауда қамқорлық жасауға болмай ма? – Исабек біресе әкесіне, біресе қонжыққа қарайды.

Әкесі Исабектің басынан сипады.

- Болады, балам. Жүр, кеш боп қалды, үйге қайтайық.  Ертең зообақ ашылғанда тағы келеміз, - деп Исабектің қолынан ұстады.

Исабек әкесінің қолынан ұстап, шығар тұсқа беттеді. Өзі кішкентай қонжық туралы ойлап бара жатыр.

ДИАСТЫҢ ПЕРІШТЕЛЕРІ

Диас жаңа туған бұзаумен кеш батқанша ойнады аулада. Бұзау сондай сүйкімді. Құлақтарын түртіп қалса, ербең-ербең еткізеді. Диас соған сақылдай күліп, бүкіл ауланы басына көшіріп жүр. Кешке табыннан  сиыр келіп, апасы сиыр сауғанда бұзауын қызықтап қасында қарап отырды. Одан кейін атасы шақырып алып, екеуі бақша суарды.

Күні бойы ойынның қызығына беріліп, кешке сирақ жуар кезде апасы қолына бір кесек сабын алып, Диасты қолынан ұстап  бұлақ жаққа бастап бара жатыр. «Бармаймын, жумаймын!» - деп бақырады Диас.  Апасы ерке немересінің бетінен бір сүйіп алып, былай деді:

- Сирағын жуып жатқан балаларға түнде періштелер келіп, ән салып, тербетіп кетеді екен. Сол періштелерді мамаң қалада жүргенде көріпті. Жүр, екеуіміз бірге барып жуып алайық та, түсімізде періштелерді көрейік. 

Диасқа періштелер деген сөз жақсы естіліп кетті. Жаңа ғана бақырып тұрған Диас  апасының алдына түсіп алып, бұлақ жаққа қарай  томпаң қағып, жүгіріп барады.

Апасы Диастың тілім-тілім болып жарылып кеткен қол-аяғын жұмсартатын крем жағайын десе,  тағы сол көрініс, бақырып-тепкіленіп, көздері  жасқа толып шыға келді.

- Тек! Періштелерді үркітпе! Ол, әне, келіп тұр ғой қасымызға. 

Апасының бұл сөзі Диасқа қатты әсер етті. «А» деп періштелерді іздеп жан-жағына қарап, көз жасын  жеңімен сүртіп, апасына қарай қолдарын созды. Жарылып кеткен қол-аяққа жағылған крем дуылдатып ашытып бара жатыр. Диас үндемей, шыдап бақты.

- Бүгін періштелерім келеді ғой, иә?

- Әрине, келеді, - дейді апасы немересінің көрпесін қымтап жатып.

- Онда періштелер туралы ертегі айтып берші.

Апасы Диас ұйықтап кеткенше әдемі әлемде, Көк жүзінде қалықтап ұшып жүретін, Диасты, атасы мен апасын желеп-жебеп жүретін көркем періштелер туралы ертегілерді майын тамыза айтып берді.

Диас түсінде көгілдір түсті киім киген, аспанда ұшатын қырандар сияқты қанаттары бар, өздері сондай көңілді періштелерді көріп, қуанып оянды.

Таңертең төсегіне тұра сала, сөреден түрлі- түсті бояу қарындаштарын алып, сурет дәптерінде бірдемелерді сала бастады. Пысылдап, әдемілеп бояп қойды суреттерін.

- Ата-а-а-а, апа-а-а-а, - Диас аулаға атып шығып, шаттанысқа толы дауысымен аулада шапқылап жүгіріп жүр. 

- Ата, міне, періштелерді салып қойдым, - деп суретін атасына көрсетіп жатыр.

- Кәне, мен де көрейінші? - дейді апасы көзілдірігін киіп жатып. 

Суретте атасы, апасы, қалада жұмыс істейтін, ауылға сирек келетін әкесі мен анасы және өзі салынған. Суреттің жоғарғы жағында күн шығып тұр. Айналасында құстар қалықтап ұшып жүр.  Немересінің алғашқы суретін апасы төрдегі кілемге апарып іліп қойды. 

Көк бояумен боялған, бала қолымен салынған  сурет сондай тартымды көрінеді.

ҚИЯЛШЫЛ СӘУЛЕ 

Біріншіні бітірген Сәуле жазғы каникулда мамасына еріп Алматыға барып қайтты. 

Ауылға келісімен, бірге ойнайтын алақандай ауылдың балалары Сәулені тұс-тұстан қаумалап  алған.

- Сәуле, Алматы қандай екен?

- Сәмәлөтке отырдың бар?

- Алматыда алма көп дейді ғой, сол рас па? –  Балалардың бәрі Сәулеге қарап, ентелей түсуде.

Өзіне қызыға қараған балаларды ботадай мөлдіреген көздерімен бір шолып, түштиген танауын бір тартып қойып, Сәуле әңгімесін бастады.

- Біз ауылдан шыққасын ауданға бардық. Ауданнан қалаға барып, сәмәлөтке отырып, Алматыға ұштық. Сәмәлөт таудай үлкен, тура кинодағыдай әппақ, жарқырап тұр. Ішінде орындық та бар, диван  да бар, телевизор да бар.

- Қойшы-ей! - деді балалардың біреуі таңданып. 

- Иә. Мамам диванға жатып, ұйықтады. Мен терезеден қолымды шығарып, бұлттармен ойнадым. 

- Бұлттарды ұстадың ба сонда? Қандай болады екен? - көрші қыз көзін жыпылықтатты.

- Бұлттармен ойнадым деп отырмын ғой. Олар мамық сияқты жұп-жұмсақ, үлпілдеп тұрады екен. Қолыңа ұстасаң былп-былп етеді. Сендерге әкелгім кеп бір шетінен үзіп алып, қалтама салып қойғам. Сәмәлөттен шыққанда қалтамнан түсіп қалыпты, - деп Сәуле мұрнын бір тартып қойды.

Балалар тым-тырыс. 

- Сәмәлөт таудың үстімен ұшады дейді ғой. Тауды көрдің бе? – деді тампыш мұрын сары қыз.

- Ой, таудың үстінде сәмәлөтіміз қонып, сонда қонақ болдық.

- Ысқыртпа, - деді ұртында құрты томпиған бір бала.

-Тау халқы дегенді естіп пе едің? Уот, сол тау халықтары тұратын тауда болдық. Олар үстеріне бұлт жамылып жүреді екен. Көйлектері де бұлттан, шалбарлары да, жемпірлері де бұлттан. 

- Мәә, олар қалай сонда, бұлтты киіп жүре ме?

- Кірлеп қалса қалай жуады? 

- Бұлт емес пе, кірлемейді, сосын жумайды. Маған да бұлттан бір көйлек тігіп берген. 

- Қане, көрсетші! - деді қызығып кеткен секпіл бет қыз.

- Сендерге де бір-бір көйлек алғам. Әлгі қалада болғанда, лифтімен әрлі-берлі зуылдап жүргенде күнге еріп кетіпті, - деді Сәуле аспанға қарап. 

- Бұлт ери ме? Ол мұз емес қой? – шашын тықырлай алған бала көзін көлегейлей аспанға қарады.

- Бұлт па? Ериді екен, тура қораның төбесіндегі мұз сияқты. 

- Онда суық болған шығар?

-Жоғи, тіпті суық емес. Таудың үстінде,  қарлардың арасында күшті гүлдер өседі екен! - деп Сәуле қалтасынан кәмпит алып, қасындағы достарына үлестіріп, сытырлатып қызыл мұз кәмпиттің  орауын аша бастады.

- Қаланың үйлері үлкен болады дейді ғой. Сондай үйлерді көрдің бе? – деп сұрады қызыл бантик таққан қыз.

- Көрмегенде ше. Біз сондай үйде тұрдық. Алматыдағы үйлердің бәрі үлкен, бірінің үстіне бірі салынған. Міне былай: Жұпардың үйінің үстінде Әсемнің үйі, оның үстінде Саматтың үйі, оның үстінде Мақсаттың үйі. Біздің ауыл сондай бір үйде тұруына болады, - деді Сәуле достарын атаған сайын, саусақтарын бүгіп.

- Сонда, қораның төбесіне шыққан сияқты баспалдақпен шыға ма? – бұны сұраған, қора жаққа жыпылықтата көз салған Мақсат. 

- Жоқ, олай емес, - Сәуле басын шайқап, кәмпитін сора түсті, - Басқа, зуылдаған баспалдақ болады. Оны лифт деп атайды. Ішіне кіріп, көк түймені басып қалсаң, зу етіп үстіге шығасың. Жасыл түймесін бассаң, зу етіп, қатар-қатар тұрған көп үйлердің төбесінен бір-ақ шығасың, - деп Сәуле әңгімесін қыздыра түсті. 

- Олар малдарын қайда ұстайды? – деді Еркін таң-тамаша түрмен кекілін сипалап.

- Зообақ дегенді естіп пе едіңдер? Қаланың жұрты қойларын, сиырларын, жылқыларын сонда ұстайды екен. Кешке жұмыстан қайтқанда, бәрі қолдарына бір-бір шелек алып, зообаққа барады. Сол жерден сиырларын, биелерін сауып, сүттерін пісіріп, үйлеріне ала келеді. Ет жегілері келсе, шыны-табақтарын көтеріп, тағы барады хайуанаттар  бағына. Онда қой соятын арнайы жер бар.  Бас-сирақтарын үйітіп, ішек-қарындарын тазалап, етті сөмкелеріне салып, бір-ақ қайтады екен, - деп Сәуле тәмпіш мұрнын тағы бір тартып қойды.

- Ой, өтірікші. Хайуанаттар  бағында аю, қасқыр, арыстан дегендер болады емес пе. – Жұпар қолдау іздеп жан-жағына қарады, - Мен бір кинодан көргем.

- Дұрыс айтасың, - Сәуле басын шұлғып қойды, - Қаланың сиырлары барып тұрған батырлар, олар қасқырларды үркітіп, зообаққа отырғызып қойыпты. Арыстан - солардың бастығы. Ақырып қалғанда маймыл біткен шапқылап, малды қаланың шетіне шығарып, жайып, кешкісін қайта айдап әкеледі. Мал егіндікке түсіп кетпес үшін, ақ аю, қара аю, жолбарыс жабылып егіндікті күзететін көрінеді.

Бұрынғы бұрынғы ма, енді Сәуле балаларға айдаһарды жеңген батырдай болып көрінді.

- Алмаға тойдың ба? – деді Әсем, - Мен де үлкен болғанда Алматыға барам, алмаға тоям.

- Алматыда алма дегенің жерде шашылып жатыр. Көптігі сондай, сүрініп-шалынып жүре алмайсың. Жаңбырдың орнына алма жауады. Бірақ, тез жеп қоймасаң, еріп кетеді екен, - деп Сәуле маңайындағы балалардың аузының суын ағызды.

- Соқтыртпа, алма деген ерімейді. Былтыр ағам әкелген, түк те еріген жоқ, - деп ұртын бұлтита сөйледі кәмпиттен беті қожалақ-қожалақ болған сары бала.

- Дәп солай, ауылға әкелетін алмалар әдейі ерімейтін етіп жасалатындар. Алматының алмалары тіптен басқа, тура қыста жауатын қар сияқты, міне мына секілді үлпілдек болады екен, - Сәуле қасындағыларды сендіре айтып,   мамықты ұстағандай саусақтарымен ауаны абайлай ұстап, көрсетіп жатыр.

- Серікке бардың ба? – Жұпар ентелей жақындап сұрап жатыр, - қызық дейді ғой.

- Серік? – Сәуле аңтарыла қарады. 

- Ой, ішегім-ішегім, - балалар тұс-түстан сықылықтай күліп жатыр. Секпіл бет бала топыраққа аунай кетіп,  селкілдей күлгенде шаң бұрқырап, секпіл бет баламен қоса күлді. 

– Циркті айтасың ба? Цирк деген бір керемет. Ондағы пілдер кәдімгі біз сияқты сөйлейді. Жыландар ирелеңдеп, домбыра тартып, өлең айтқанда, қабыландар, түлкілер қатар-қатар тұра қалып билегенін көрсеңдер, ммм, - Сәуле көзін жұмып, тамсанып, басын шайқап қойды.

Біраз отырғаннан кейін:

- Шіркін, ағам Семейде емес, Алматыда оқығанда ғой, мен де барар едім, - деді Гүлжан жыламсырап.

- Ертең тағы қызық айтам, - деп Сәуле қалтасының түбінде қалған қызыл-жасыл қағаздағы кәмпиттерін тез-тез үлестіріп, ауласына қарай жүгіре жөнелді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар