Сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл

Бөлісу:

19.09.2025 105

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сатирик ақын, қоғам қайраткері Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл толды.

ХХ ғасырдың әдеби-мәдени өмірінде ерекше орны бар ақын Асқар Тоқмағамбетов 1905 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Сол замандағы барлық дерлік талапты шәкірттер тәрізді, ол да алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашады.

Білімін кеңейтсем деген арман жетегінде кейін Ташкент политехникумында білім алады. Бұдан соң ол Мәскеудегі полиграфия институтын тәмамдаған. 

Жасынан жергілікті, республикалық газет-журналдарда қызмет істеп, «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» басылымдарында, сондай-ақ «Ара» сатиралық журналында еңбек еткен. Осы қызметтер Асқар Тоқмағамбетовтің публицистикалық әрі сатиралық дарынының шыңдалуына игі ықпал етті.

Талантты ақын Асқар Тоқмағамбетовтің шығармашылығы тек сатирада ғана емес, қазақ поэзиясының түрлі жанрларын қамтиды. Дегенмен оның әдебиеттегі айрықша орны – сатира мен мысал жанрларындағы еңбектері екендігі даусыз. 

Сатира қашанда қоғамның өткір шындығын ашып көрсететін ұшқыр жанр. Сондықтан да Асқар ақын өз дәуірінің әлеуметтік-саяси шындығын өткір сатира тілімен жеткізіп, қоғамдағы көрініс тапқан түрлі кемшіліктерді аяусыз әшкереледі. Оның сықақ өлеңдері, фельетондары, мысалдары арқылы бюрократия, жалғандық, жалқаулық, ұрлық-қарлық сияқты келеңсіз құбылыстар сын садағына алынды. Қай қоғамда болмасын, Абай айтып кеткен бес дұшпанға орын жоқ екені белгілі. Асқар Тоқмағамбетов өзі өмір сүрген қоғамның мүшелерін солардан қашық болуға, өзара татулық пен бірлікке, еңбекқорлыққа, әділдікке, адалдыққа шақырды. Әсіресе, кеңес дәуіріндегі моральдық нормалар мен адамгершілік мәселелерін көтеруі оның туындыларына терең әлеуметтік мән берді.

Ақынның тырнақалды өлеңдер жинағы «Еңбек жыры» деген атпен 1928 жылы жарық көрді. Осы үрдіспен кейінгі жылдары Асқар Тоқмағамбетов поэзиясы өз дәуірімен үндесе отырып, кең ауқымды тақырыптарды қамтыды: ұжымдастыру жылдарындағы ауыл өмірі, Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің ерлігін дәріптейтін патриоттық жырлар, «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен аянбай еңбек етіп жатқан тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығын суреттеу, соғыстан кейінгі жылдардағы қоғамдық өзгерістерді насихаттау – барлығы да оның шығармашылық тақырыбына арқау болды. Проза жанрында да қалам тербеген ақын «Ақмоншақ» хикаятын (О.Бодықовпен бірге), «Әке мен бала» (кейін «Қарбаласта» деген атпен басылған) шығармасын жазып, қазақ әдебиетінде прозалық сатираның да үлгісін қалдырды. Оның тарихи-тақырыптық «Жыр күмбезі» романы ХІХ ғасырдағы ақындар өмірін суреттейтін маңызды туынды болып саналады.

Асқар Тоқмағамбетов сатирасының ерекшелігі – тілдік өткірлік, халықтық юмор мен иронияны орнымен қолдану, әлеуметтік сынның айқын бағыттылығымен сипатталады. Оның кейіпкерлері көбіне қоғамдағы типтік мінез-құлықтарды бейнелейді. Әдетте жиі кездесетін жағымпаз, жалқау, пайдакүнем, әділетсіз әкім, өз мүддесін ғана ойлайтын шенеунік – барлығы автордың сын садағына ілігеді. Ақын сатирасында халықтық ауыз әдебиеті элементтері: мақал-мәтелдер, астарлы әңгімелер, мысалға құрылған шағын сюжеттер молынан ұшырасады. Бұл ақын шығармаларының көркемдік әсерін күшейтіп, оқырманға етене жақын ете түсетінін көреміз.

Асқар Тоқмағамбетовтің әдеби мұрасы – қазақ әдебиетінің құнды қазынасы. Ол қазақ әдебиетінде сатиралық поэзияның дамуына үлкен үлес қоса отырып, кейінгі буын қаламгерлерге, әсіресе Шона Смаханұлы, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкірұлы, Мыңбай Рәш сияқты көрнекті сатириктерге шығармашылық өнеге болды. Асқар Тоқмағамбетовтің сатиралық еңбектері қоғамды тәрбиелеу, азаматтық позицияны қалыптастыру құралы қызметін атқарды. Сатира арқылы әлеуметтік әділетсіздікке қарсы үн көтеріп, халықтың санасын ояту – оның басты мақсаттарының бірі еді.

2025 жылы Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл толуы – қазақ әдебиетінің тарихына қайта үңілуге, қазіргі күні кенжелеп қалған сатира жанрының даму заңдылықтарын жаңаша бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл мерейтой ақын мұрасының заманауи қоғамдағы маңызын айқындап, жас ұрпаққа өнеге ретінде ұсынуға жол ашады. Қазіргі кезде де қоғамдағы кейбір әлеуметтік мәселелер – әділетсіздік, жемқорлық, жауапсыздық қатарлы ақын көтерген тақырыптар өзекті екендігі даусыз. Бірақ оны қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінде қалай ұсына білу керек? Мәселе осында. Сондықтан қазақ сатирасының бастауында тұрған буын өкілі Асқар Тоқмағамбетовтің туындыларын оқу, насихаттау бүгінгі күнде де тәрбиелік, танымдық маңызға ие.

Асқар Тоқмағамбетов – тек сатирик емес, ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері. Оның қаламынан туған әрбір туынды – әдебиет тарихының бір парағы, халық рухының айнасы. 120 жылдық мерейтойы ақын шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерттеуді тереңдетіп, оқу бағдарламаларына кеңірек енгізуге, мәдени іс-шаралар арқылы көпшілікке насихаттауға түрткі болуы тиіс. Ақынды туған жері Сыр бойынан бастап, бүкіл еліміз еске алуы тиіс деп білеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар