Ән сөзінің әміршісі...
Бөлісу:
Несіпбек Айтұлының поэзиясы жайлы біршама қаламгер сөз сабақтап, қалам тербеген екен. Досы Тұрсын Жұртбайдың «Ақын досқа ашық хат, (2017 жыл) «Нарқызыл», (2025 жыл) сол секілді Таласбек Әсемқұловтың «Көкала үйректің зары» іспетті мақалалары ақын шығармашылығына қатысты жазылған дүниелердің бір биігі десек асыра айтқанымыз емес.
Айтпақшы Н. Айтұлының «Рухымның падишасы» деген поэзия кітабы бар. Осы жердегі «падиша» сөзін мен ақынның ән мәтіндеріндегі әлеуетіне қатысты аттай қалап, арнайы қолданып отырмын.
Расымен де жүзге жуық ән әуендеріне сөз жазған Несіпбекті ән мәтіндерінің «әміршісі» немесе «падишасы» деуге әбден болады.
Ілгеріде бір жазбамызда «Қара өлең – ықылым заманалардың елегінен өткен, бір ғана автордың емес, тұтас ұлттың рухани генефоны. Дәлірек айтсақ, тектік негізі мен жаралымы. Эпостарға ес жұпарлап, қара өлеңге кіндік байламайынша қолға еш қалам алуға болмайды. Емлесі (жазылуы) қазақша дегеніңіз болмаса, ойын (мазмұнын) адам түсінбейтін, бейнебір тәржіма іспетті тексіз (генетикадан ада) өлеңдердің қаулап кетуінің түпкі тіні де осында жатыр» деген едік. Он жыл бұрын жазылған осы ойымызды қайыра есімізге салған да Несіпбектің шығармашылығы еді. Жалпы әдебиет пен өнерде этножазу, этностиль деген жекелей ұғым бар.
Рас, Несіпбек поэзиясы эпостардан ес жұпарлаған, жыраулардан терең тамыр тартып сол арқылы әбден жілік майы жетілген нағыз қазақы өлең.
Несіпбек өлеңінің бүкіл қайнар бастауы қара өлеңде жатыр. Әрине, ақын өлеңдерінен бұған мың дәлел келтіруге болады. Айтұлының эпикалық тынысы мен қиял кеңдігін көрсететін тағы бір өлшем оның поэмалары дер едік.
Сөз жоқ, поэма Несіпбек поэзиясының бір биігі. Әйгілі «Көк ала үйрек» поэмасы жайлы жазушы Таласбек Әсемқұлов: «Поэмадағы басты бейне көкала үйрек – сөз киесінің символы. ...Тағы бір замана айналғанда сол ұшып кеткен көкала үйрек ақынның соңындағы жалғыз тұяққа ғана емес, бүкіл алаш ұлына бұйырмай кетті. Зорлық пен зомбылық, жәхилдік пен надандық жайлаған өлкеден үркіп кеткен сөз пірі, өнердің, өлеңнің пірі көкала үйрек...» дейді.
Бірден айтайын, біз бұл шағын жазбамызда Айтұлы өлеңдерінің көркемдік қырлары мен эпикалық тынысына тоқталып жатпаймыз. Несібектің ән мәтіндеріндегі әлеуеті мен шеберлігіне қатысты аз-кем сөз өрбітсек дейміз...
Асылық айтты демессіз, қазақтың халық әндерінің әсерімен туған, немесе музыкадағы пентотоникалық дыбыстар құрылымындағы композиторлардың ән мәтіндеріне келгенде дәл осы Несіпбектің алдына түсетін ақын некен саяқ. Әсіресе Ақселеу Сейдімбек пен Тұрсынжан Шапайдың әндеріне келгенде ақын өлеңі ұзақ сапырған қымыздай нағыз бабына кіреді. Байқасам ақын ән сөздеріне келгенде, әуелі әуеннің өзін ұзақ естіп, соған барынша ыңғайланып жазатын секілді. Мұны айырықша айтып отырғаным, ән сөздерінде кездесетін жуан, жіңішке; ұяң, қатаң; ашық, қысаң; еріндік, езулік: дыбыстар композитор сазымен етене үйлесім тауып, оның әнші ауызынан еш кедергісіз шығуына барынша әрекет жасайды. Сөйтіп саз бен сөз бірдей жымдасып тыңдарманды ғажайып әсерге бөлейді. Осылайша ән мәтіндерінің позициясы, ерекше есте қалатын образдар арқылы алдыңғы шепке шығады.
Бір сөзбен айтқанда Абайдың «...Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» шартын ақын үнемі қаперінде ұстайды. Біз мұндай щедеврлердің қалай, және қандай жағдайда дүниеге келгенінен әрине, еш хабарсызбыз.
Әр әннің өмірге келу тарихы адамның ғұмыры секілді тым аяулы ғой.
Осы жерде ақынның құлын-тайдай бірге өскен досы, күллі өмірінің куәгері Тұрсын Жұртбайың бір үзім естелігін назарларыңызға ұсына кетсем деймін.
«...Өткен ғасырдың аяғында, жаңылыспасам, жетпіс тоғызыншы жылдың қарашасында Абай ауданының сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы, Жәнібек екеуміздің өнер жолындағы тілеушіміз Мейрамбек Жанболатов аға Сәуле жеңешеміз екеуі Алматыға демалысқа келе қалды.
...Мейраш аға: «Мына бір әуен де мазалап жүр. Сөзі келіссе, жөнге келетін сияқты», – деп домбырасының құлақ күйін келтіріп, ыңылдай бастады. Жәнібек қайталап шертті. Буыны мен ырғағы көрсетілді. Сонымен Несіпбек пен Жәнібек жарты сағаттан астам уақыт «құрдың ойнағы» құсап құрқылдасып, күңкілдесіп, бірі ыңылдап, бірі күбірлеп, ақыры домбыраның тұрақты қағысына ұласты. Жәнібек барған сайын қағысын жылдамтып, бәсеңсітіп барып, өзінің майпаз дауысымен:
...Қоңыр күзде қоңыр әнге басайын.
Сал домбыра,
Жан, домбыра,
Бүлкілдесін көмейің.
Қоңыр қазым,
Көңіл сазым,
Енді саған не дейін! – деп еркелете аяқтағанда, бәріміздің дыбысымыз шықпай қалды.
Ғажап! Қандай сазды, қандай назды, қандай мағыналы ерке үйлесім. Ән де, әннің сөзі де, орындаушы да, тыңдаушыны сондай бір мамыражай күйге түсіреді. Міне, кейін бүкіл қазақ даласын мамырлатқан «Ән-домбыра» атты ән осылай өмірге келіп еді» дейді.
М. Жанболатовтың «Еркелейік еркін бір», «Сағыныш» секілді өзге де әсем әндерінің сөзін Несіпбек Айтұлы жазған. Айталық, «Сағыныш» әнінің сөзін ақын былайша толғайды.
«Көңілім сені ойласам алып ұшты,
Қиялым тәтті үміттің балын ішті.
Қайдасың, кеттің қайда, ерке сәулем,
Мендегі сезесің бе сағынышты?
Билейді құстар келсе сезім бөлек,
Ойлаймын соның бірі өзің бе деп.
Үңілем жаңбыр жауса мөлдір шыққа,
Өзіңнің мөлдіреген көзің бе деп.
Сарғайдым, жүрегіме мұң байланып,
Қараймын суретіңе күнде ойланып.
Гүл едің үлбіреген, нәзігім-ау,
Әлде сен кеттің бе екен гүлге айналып?
«Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Осы орайда өз орындауымдағы Мейрамбек Жанболатовтың «Сағыныш» әнін назарларыңызға ұсына кетейін.
Енді Тұрсын Жұртбайдың тағы бір естелігіне кезек берейік. Бұл Ақселеу Сейдімбектің әйгілі «Дәурен-ай» мен «Сарыарқа» әндеріне қатысты. Осыбір алапат әндердің өмірге келу тарихына байланысты Тұрсын аға ағынан жарылып былай дейді:
«...Бірде барсам, Ақаңның алдына, қашанғы өлең жазғандағы әдетімен «шашын бір талдап жұлып» Несіпбек отыр. Жәнібек желкесінен төніп тұр. Ара-арасында домбырасын қағып қойып, әлде бір ширыққан әуенді шертеді. Ақаңның да қолында қалам. Сөйтсем, үшеуі бірігіп, «Аспандап алатын, асқақ қанатын» талдырып, «Дәурен-ай» әнін шығарып отыр екен. Мен де бірдеңе деп міңгірлеген болдым. Ал Жәнібек орындаған кезде жаңағы әнді мүлдем танымай қалдық. Келесі жаттығудың толғағы, тіпті, ауыр болды. Домбыра біреу емес, екеу бопты. Жәнібек өзінің қалақбас қол домбырасын ала келіпті. Үшеуі де шүйліге шүйіркелеседі. «Мына сөз келіспейді, мына ара пәсең айтылды. «А-ааай»» дегенде иесіз далаға қарай есі кете айғайлай шапқан қазақтың өлермен дауысы сияқты, асаудың басына лақтырған бұғалықтай шұбатыла шырқалуы керек», – деп Ақаң да өзеуреп болмайды. Несіпбек те жазуын бір өшіріп, бір көшіреді. Ақыры тоғыздан кете «Аңыз дала, қобыз дала, Сарыарқа!» деген жолдар қағазға түскен соң дауыстары саябырсыды. Жәнібек ыңылдай жаттығып барып, бар дауысымен айтқанда, тоғыз қабатты ғимарат күңіреніп кеткендей болды. Әні мен сөзі, орындаушысы бір-біріне келіскен мұндай туынды сирек қой, шіркін! Ән әсерімен, ондағы арманды-өкініштің сарынын ыңылдап отырып, өзімше көсемсіп:
«Қайырмасын»:
Кермиығым,
Шер-күйігім,
Сөз түйінім, Сарыарқа! –
деп айтса, мазмұны, тіпті, тереңдеп кетер еді. «Жез киігім» – деген сөз әнді жеңілдетіп жіберетін сияқты. Ал «Шер-күйігім» деген салмақты, ойға жетелейді, – деп қалғаным. Бұл сөзім орынды болды ма, жоқ па, білмеймін, бірақ дегенім рас. Әуеліде, үшеуі де дуылдаса қостағанымен, Ақаң да, Жәнібек те, тіпті, Несіпбектің өзі де кейін кібіртіктеп: «Қырын көз (цензура) «Қайдағы шер-күйік бұл» деп пәле салар», – деп жүрексінетінін айтты. Сонымен бұл мәтін еркін отырыстарда «шер-күйігім» деп, таспаға жазғанда және сахнада «жез киігім» деп орындалып жүрді. Қазір әркім әр қалай айтады. Мейлі. Менің парызым – әннің шығу тарихын жеткізу» дейді Тұрсын аға.
Рас, әр әннің өмірге келуі бір тарих қой. Ермұрат Үсенов, Секен Тұрысбек, Жарылқасын Дәулет, Бағлан Бәбіжан секілді өзге де танымал сазгерлердің әніне жазылған өлең сөздерін айтпағанда, Несіпбек Айтұлының Тұрсынжан Шапайдың әніне жазған бір шумақ қайырмасына қайран қалмасқа амалым жоқ.
...Ахау, жалған,
Арман, арман,
Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесің шерге толған.
«АҚҚУДЫҢ КӨЗ ЖАСЫНДАЙ КӨЛГЕ ТАМҒАН», дәл осы бір поэтикалық жол бүкіл шығарманы шарықтау шегіне дейін көтеріп, алапатын асырып-ақ тұр. Ал Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай» әніндегі «Сабадан асырмас сайран өмір-ай, арыны басылмас, беу, шіркін, қайран көңіл-ай...»
я болмаса, «Сырыңды мен қалай, қалдым аңдамай, анамның сүтіндей, беу, шіркін, аппақ таңдар-ай....».
«Сарыарқа» әніндегі «Бозторғайы қоңыраулатқан, бозжусаны омырау қақан Сарыарқа...» деген өлең жолдарына адамның тебіренбеуі еш мүмкін емес. Тұтас тұла бойың мен жұлын-жүйкеңді шымырлататын мұндай төгіліп түскен тіркестерге қалайша дән риза болмайсың енді. Ал осындай сөздердің шырайын кіргізген ән әсерін айтсақ, ол енді бөлек әңгімеге жүк.

Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев секілді саңылақ әншілердің үнімен ел құлағында қалып, аңсаған жанның жүрек сарығын басатын бұл әндер халқымыздың рухани қазынасына айналғалы қашан...
Осы орайда Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурен» туындысы жөнінде бір ауыз сөз айтпасақ ұжданға сын болатын тәрізді.
Жаз ғұмырдың жапырағы селдіреген суретін, немесе адам басынан ауған ғапыл дәуренді мынадай екі-ақ ауыз сөзге сыйғызу Несіпбек секілді мықтылардың ғана қолынан келеді.
Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін, қанатым жоқ, қалып барам.
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам.
Жаз көшіп омырауын алтындаған,
Айдын көл мұңаяды салқындаған.
Басынан Төлегендей ғашықтардың
Айналып алты қаздай қаңқылдаған,
Дариға-дәурен!
Ойыңды он саққа жүгіртіп ойландыратын не деген сырлы, не деген ғажайып сөздер мынау...
Осы екінші шумақтың бастапқы екі жолы халық әні «Бекзатым-ай» әнінде айтылатын «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, кең жайлау құлазиды ел кеткен соң» сөзімен, сол секілді Сәдіқожа Мошанұлының «Сары бидай» әніндегі «Басыңда тұрмас жаз дәйім» жолымен де мензелдес.
Әрине, «жаз көшіп салқындаған айдын көлмен», «ел көшіп құлазыған кең жайлау» суреті көшпелі өмірді көзімізбен көрген біздерге етене таныс. Күзеуге ел еңкейген шақта, кешегі жайлаудың құлаққа ұрған танадай өлі тыныштығынан шынымен-ақ адам шошиды.
Бірақ мәселе басқада тәрізді. Меніңше бұл жайлау туралы туынды емес, жанның қамырық жайы туралы ән. Сіз бұл пікірлермен толықтай келіспеуіңіз де мүмкін. Сонда да айтайын. Дәл осы күй маған жайлаудан гөрі қазақтың хан базары тарқаған бүгінгі рухани ақуалына да келетін секілді. Тұрсынжанның осы әнінде Ақан сері әндерінің сырлы ағысы, ал философиясында «Шырмауық» әнінің ұлы салмағы бар. Ақанның «Шырмауығын» айттық... Ендеше сөзбұйдаға салмай, әннің тек қайырмасын ғана келтіре кетейін.
Дүние жалған,
Бітер ме арман?
Сұм тағдыр шырмауықтай,
Шырмап алған.
«Шырмауық» – орыс отарлығы... оның ішінде бұғауға түскен жан мен жүректің әлемтапырық халі. «Шырмауық» – Ақан сері арқылы айтылған алаштың кешегі шері. Бұл Тұрсынжан мен Ақан ұқсайды дегенді білдірмейді. Қайғының қанша дәуір өтсе де назы мен шерінің «тілі» бірдей. Бұл бұлжымас заң. «Дариға-дәурен» Тұрсынжан көкірегіне ұйыған бүгінгі қазақтың өзінің шері. Шынымен-ақ щедевр туынды...
Рас, адам ғұмыры да құстардың алысқа керуен тартқан тізбегі секілді ғой... Қайда барасың, неге сіңесің мұны енді ешкімде тап басып айта алмайды.
Тек бір ғана дүние ішіңді жылытады. Ағайын туыс, ата-анаң аттанған сол бағыт сенің де бейнебір өз мекенің секілді. О дүниені білмеймін, әйтеуір осыны ойлағанда іштей жаным тыншиды.
Апыр-ай, ақыннан сөз қалған ба еді!?
Секен Тұрысбектің өмірден ерте үзілген Анар мен Жанар есімді қыздарына арнаған «Қос жұлдызым» атты жоқтау зарына жазған өлеңінде Несіпбек Айтұлы былай дейді:
...Арманға қашан, сірә, адам жеткен,
Жалғаннан жақсы да өткен, жаман да өткен.
Шошынба, құлыншағым, қараңғыдан,
Ол жаққа мекендеуге бабаң кеткен.
«...Бұрынғылар түскен жүрі жол, бұрылып соған түсті дегейсіз» (Доспамбет жырау). «Бес ғасыр жырлайды» (30 бет).
«Жүрі жолға» түскен жыр перзентіне де екі жылдың бедері болыпты. Ажалға қылар амалың бар ма? Адам кеудесінен шыққан шыбын жан да ұшқан «құс» есебінде ғой. Құс дедік… Мына қос жол өлең де осының айғағы секілді…
«...Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам
Дариға-дәурен!...»
Бөлісу: