Мақсат Тәж-Мұрат. Күлгін проза немесе әдебиетіміздегі әйелдер шығармашылығы туралы толғам (жалғасы)
Бөлісу:
Эстет, эссеист қаламгер Мақсат Тәж-Мұраттың қазақ әдебиетіндегі әйел жазушылар прозасы туралы көлемді мақаласының жалғасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қатындардың көз жасына буаз болса қара жер,
Туар еді-ау аждаһа...
Ғабит Мүсірепов. «Ақан сері-Ақтоқты»
Қатындардың көз жасына буаз болса қара жер, / Туар еді-ау аждаһа... Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) ақ өлеңмен жазылған «Ақан сері-Ақтоқты» драмасындағы осы қос жол бүгінде біздің қазақ қоғамында бітеу күбірткедей сыздап, от тигендей күлбіреп тұрған бір жараның аузын ашады.
(Мақаланың басқы бөлігін мына сілтеме бойынша оқыңыз.)
Ол – қазірде қай кездегіден де жиірек, қай кездегіден қызуырақ талқыға алынып жатқан «Озбыр қазақ еркегі және қорланған, қор болған қазақ әйелі» тақырыбы. Ғылым бабымен жіберсек, тұрмыстық гендерлік зорлық-зомбылық, харрасмент. Протагонистер – нәзік әйелдер қауымы, антагонистер – аусар еркектер.
Неге бұлай болып отыр?
Елдегі демографиялық ахуалды қазып қарап жіберсең, түп тереңінен бірнеше себеп қалқып шыға келеді. Негізінен мынадай: атылмаған жанартаудай сесті жүретін яки өзіне сенімді (жағдайлы, әлеуетті) жігіттердің сан жағынан аз болуы себепті және сол аздың өзін пысық та жолы болғыш қыз-қырқын бөліп алып қойғандықтан оң жақта отырып қалған қыздардың қатары көп. Онсызда азбыншы әлгі жігіттердің басым бөлігінің үйленбей бойдақ жүріп қалуы; өмірлік сыңарын табуда қателескен әйелдер (статистика: еліміз ажырасу жағынан Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында, негізгі себептер: тума-туыстың араласуы (61%), моральдық шектеулердің болмауы (41%), ажырасу рәсімінің жеңілдігі (25%) – стоп-линиядан шығып кетудің нарқы небәрі жиырма мың теңге, ажыратқаны үшін алынатын төлем екі мың теңге).

Екіншіден, ене мен келіннің арақатынасы, психологиялық піскілеу: манипуляциямен сапырылыстырудан тұратын газлайтинг, түрікше айтқанда, Берибанның жыры, немесе керісінше, тугис келіндерге қолбала болып қалған енелер. Үшіншіден, Шахановша айтқанда, «екі адамның сана биігінде табысуының», яғни махаббаттың болмауынан кейде бұйырған серігімен өмір сүре беретін әйел, жарасып қосылмағаннан кейін күндердің күні көңілінде қалған түйткілден азап шеге бастайды, кеуіліне «Қара жер жұмсақ жамбасқа, махаббатсыз төсектен» деген күйікті ой келмей тұрмайды. Сөйтіп, бейшара әйел сүймейтін адамымен бір шаңырақтың астында өмір сүру жалғыздықтан да өткен азап екенін сезінеді. Сезінеді де, сүттің ақ майы тасарында кенерленетіні сияқты терең ойға жұмып, осынау келеңсіздіктердің шығу төркінін ізерлейді. Біреуде көбірек, біреуінде азырақ оқыған-тоқығандары бар, баяғы өткен заман, сол заманаларда хатунды аңқылдатып сабап келген феодал ата-бабалар, соны күшейтіп, отқа май құйып жіберген исламның азған, шөжіген соңғы ишандық кезеңі... қат-қабат ойға оралып, жанға терезе бермейді. Теңге тоқалдардың иығына мініп алып, қос емшектен тебініп келе жататын жексұрын Кейқуаттар жасқа шыланып, ауыр мұңға тұнған көздерінің алдында бейне жан алғыш Әзірейілдей тартылып кеп тұра қалады... Нумбер уан ледиінен кенет жалығып кетіп тоқал, пардон, кішіжар алам деп өрекпу, болмаса, жезөкшелермен, сори, көшеде шұнаңдаған әлеуметтік жауапкершіліктері төмен әйел затымен сәулелену, ол да әлгі керзаманнан қалған өңезе сарқыншақ емес пе?! Көшеден таяқ жеп келіп, үйдегі хатунын сабайтын жандар да осы санатта. Әйелге ғана күші жететін, «Байы бар қатынға фингал да авторитет» деп білетін, тіпті тұлып қып сабайтын қазанбұзар үй тентектерді де ұмытпайық.
Қандай да болсын әйел адамның осылай ойлауы заңды да. Қараңызшы, әрқандай нәзік жаратылыс иесі – әсем жан үшін ғашықтық, сүйіспендік сезімі жай бір тәжірибе, өмір өткізер ғамал емес Әйел үшін бұл – ғажайып басқа бір күйге бөлену. Өзгеру. Жасану. Құлпыру. Трансформация. Сонда ол бейне гүл сынды қауызын ашады, гүлдейді, жүзі бал-бұл жанады, сонда ол өзінің ең әдемі, ең жарқын версиясына айналады. Сөздің тура мағынасында Әйел болып трансформацияланады. Себебі, «Қыз өмірі – бір арналы. Бақыт – оның ізгі арманы». Ал әйел бақыты деген не? Ол – еркегінің, баяғыша айтқанда алтын астаудан ас ішкізуі, жібектен киім кигізуі. Бүгінше жіберсек, күйеуі зайыбы қолын жаралап алмас үшін таңдап жүріп тікенексіз раушан гүлін әкеп сыйлауы. Мүмкіндігінше күніге. Мәпелеуі. Уалауы. Сонда бір үйдегі екеу рухани түйсік табады. Әйел жүрегі жайланады. Міне, осы, әйел бақыты дегеніміз. Бір шоқ гүл. Күнде, ну, жетісіне бір рет. Тек тікенексіз, көңіл тікенегінсіз, риясыз сыйланатын.

Көп жерлерде, әсіресе ауылдық жерлерді мекендейтін әйел затының арасында негізгі көңіл-күй шамамен осындай. Алайда аудан орталықтарынан, қала тұрпатты село-кенттерден былайғы, өркениеттің иісі шығатын қалалық жерлерге барсаң, жағдайдың бәрі осындай деп айта алмайсың. Олардың асқақтай саңқылдаған дауыстарын естіп оқып отырғаныңда жай ғана зайып, жай ғана ана болып қоюға келіспейтіндерін, одан да басқа, одан да зорырақ бірдеме болғысы келетіндерін, әлдене өңге нәрселерді аңсайтынын бағамдайсың. Оны айтасыз, кейбір жағдайда әлгі көңіл толмаушылық, ішкі жайсыздық еркек затын ұнатпайтын, кейде тіпті жек көретін мизандрияға ұласып кететінін аңыстайсың және бұл өз кезегінде еркектер тарапынан қарсы реакция тудырып, әйелдерді жыныстық белгі бойынша кемсітетін мизогинияға әкеп соқтырып жатады. Осылайша, қоғамда гендерлік теңсіздік туғызған жыныстық бақастық орын алып отыр.

Протагонист әйелдердің пайымдауында еркектің ойындағы бүткіл шірік, іріңді нәрсе әйел оған тәуелді болған кезден басталады. Еркектік логика: Әйел өзінен кетпейтін болса, оған қамқорлық жасап не керегі бар?! Әйел әлден торға қамалып тұрса, оны құрметтеп қажеті не?! Сондықтан, әйелдер, әмияныңда, есепшотыңда әрқашан өз қаражатың жатсын, сонда қайда кетем, қалай өмір сүрем деп бас ауыртпайсың. Ие, сен сүйе аласың, сен еркегіңнің жанында бола аласың. Тек онсыз өмір сүре алсаң. Әйтпеген күнде бұл махаббат емес, қорқынышқа айналады. Үреймен өмір сүруге айналады. Ал үрейде іргетас болмайды. Есіңе сақта, екі адамның мызғымас одағы – өздерін өздері қамтамасыз қыла алатын екі адамның одағы. Басында баспанасы, қалтасында кредит картасы, өз қаражаты бар екеуінің одағы. Бұлар болмаса сенде таңдау да болмайды. Таңдау болмағасын сенікі өмір сүру емес, жан сақтау ғана. Ал еркектің жанында жүріп жан сақтайтын әйел – бұл енді сүйіспеншіліктің тақырыбы емес, мұқтаждықтың тақырыбы...
Қысқаша осы. Қылшықтанып, таралып кете беретін бірнеше версиясы бар, әйелдік бүгінгі эмансипацияның өмірлік философиясы. Мен, мен... менің еркіндігім. Бала, отбасы мәселелері осы әйели хұриеттің тасасында, жайына қалған. Себебі, Баян Алагөзова айтқандай, әйел алдымен әйелдің өзіне керек. Әйел өзінен басқа ешкімге, достарына да, тіпті күйеулеріне де керек емес! Өзін-өзі құрметтей білген әйел айналасын да өзін құрметтеуге мәжбүрлейді. Әйел де адам боп жаратылған. Ол еркектің нәпсілік қажетін өтеу, бала туып, ұрпақ өрбіту үшін ғана жаратылмаған. Сүймей тиген мақпалдар мен сенсей баяндардың мұндай сентенциялары аткөпір, оның бәрін келтіріп жатуға бұл жерде орын тар болуы себепті қалам мұжылып тұр.
Өрмегімізді одан әрі тоқуды бір жағдайдан: жалпы қазақ еркегі – қазақ әйелі арақатынасының тарихи қалыптасқан менталдық программасынан бастайық.
Бұл енді ер адамдарымыздың санасына ғасырлар басқан өзінше бір ентаңба. Омар Жәлелше жіберсек, «Әйел – еркекке келетін сегіз зұлматтың бірі», «Ежелден ерге бейнет ұрғашыдан» деп келетін тавро. «Әйелді бастан, баланы жастан» деп үй-ішін, әсіресе зайыбын қатты, қатыгездікпен ұстау ұстанымынан бастау алып, одан әрі ұрғашыға азар беріп, жапа шектіретін, қол қашыратын, тіпті ара-арасында тұлып қып таяққа жығып алатын озбырлық. Үй-ішіндегі бұйда теңдей бөлінбеуден, билік табыскер яки дене күші артық адамның қолына шоғырланудан туатын абъюзерлік. Қыздарын «Еркекке сенбе, екі босағаңа сен», «Еркектің бір ұрты арам» деп үйрететін шешелер, «Еркектің қойнына жуда жылан кіреді» дейтін енелер асқындырып жіберетін зорлық-зомбылық. Салдарынан хатундар аузына ие болмай еркектің намысын шабақтайды, еркек хатунды аузына ие қылмай, жүйкесін жүн етеді. Міне, осы менталдық архаик мөр біздің заманымызға дейін етекке жабысқан шөңге сияқты ілесіп келіп отыр. «Әйелдің үлкенін ал – үлкен аяқ киім қажамайды»; «Әйелдің үлкеніне қызықпа – кәрі сиырдың бұзауы кішкентай болады»; «Әйелдің ірісін алма – семіз тауық жұмыртқа таппайды»; «Шағынын алма – кішкене шәйнек тез қайнайды»; «Семіз әйел – еркектің төсегі» – тик-токтың бетін бермей жүрген әзіл-шыны аралас осы тектес арзан нақыл сөздер онсыз да ызақор, шая мінезі ішкілікке, заңсыздыққа, тыйымсыз жүгенсіздікке үстеліп жүрген, онсыз да психикасында кінәрат бар аусар еркектерді қалай құтыртатынын тек көзге елестетуге болады.

Бұрынырақта, жапырақтың ғұмыры тал басынан түскенше заманаларда қашанда жүзінен мейірім төгіліп жүретін, шәй құйғанда қонаққа тіке қарамайтын апаларымыз, аналарымыз «Басқа салды – біз көндік» деп, тіпті еріксіз қосылған ерін соңыра үнсіз сүйіп кететін, осынау басқашарақ, көнбіс сүюлерді сол замандарда айтылған «Шынашаққа күйеуге шықсаң да, ол шынашақ – сенікі» дейтін сөз дәл бейнелейді. Ол «шынашақ», өз кезегінде, әйелді жұдырығымен емес, қас-қабағымен, әйел адамды ықтырып жіберетін айбар-сесімен ұстайтын. Әл-Бұхари ан-Насаидан жеткен мына бір руайат: «Расында да, әйелді қабырғадан жаратқан және сен оны (толықтай) түзеткің келсе сындырып аласың, ал жөніне қалдырсаң, әлгі қисықтығы онымен бірге тұруға (және осыдан рахат табуға) жеткілікті болады». Міне, жүзі иманмен нұрланып, игі ниетпен шуақтанған, мүмін мүләйім қыздарымыздың дәуірінде, ілгері қазақ тарихында өзін сабағаны үшін күйеуін сотқа берген (биге, қазыға жүгінген) бірде-бір әйелді кездестірмейміз. Жүгінген болса, «Әйелді сабахпен (тіс шұқуышпен) сабауға болады» дейтін қази сөзсіз талапкердің жағынан табылар-ды. Осындайда, байы сабаған бір апамыздың «Жүдә рақаттанып қалдым ғой» дегені еске түседі. Өзін ұрған сайын рақат табатын гедонизм бе, әлде күйеудің таяғы бойын буған әйелски жынды қуып шыққасын жаны жай тауып қалады ма екен, бәлкім, қатесін түсініп, артынан өкінгеннен солай дей ме екен... Өкініштісі, бұл хақында қария тауарих ләм-мим...
Осы хикаяттарда еркекке максималистік талаптар қоя бергіш, эмансипацияланған, бостан және прогрессивті бүгінгінің әйелдері ескере бермейтін яки әдейі ескергісі келмейтін бір жағдай бар. Ол – әйел адамға жаратылысынан, табиғатынан берілген сынықсу. Еркектің қайырусыз жылқыдай арда мінезін, бұла құлқын көнбістік делінетін сынық мінез, көркем сабырмен басып отыру. Әлгі спорт комментаторлары айта беретін айласын асыру. Шынында да, қолыңда қай еркекті де жер тірентетін, иегіңмен өргізіп, қабағыңмен жусататын зор қару – көз жасы тұрғанда күйеумен сөз таластырып қажеті қанша? Одан да «Білмейм, мен қайдан білейін» деуді үйрен. Ақымақтау болып көрінуден арланба. Ақылды болсаң, бүткіл проблема өз еңсеңе артылады. Ал бұл саған керек пе, онсыз да әйелдік міндет-парызың шаш-етектен.
Бір сөзбен айтқанда, заманның алдындағы заманаларда өте есті аналарымыз, әжелеріміз бір үйдегі екі адам махаббатқа, сезімге қоса отбасының тірлігімен де сыналатынын жақсы білген. Соған сәйкес келін боп түсіп, шаңырақтың түтінін түтете келе бір ошақтың басынан тарап, бірге өрудің практикалық ғамалдарын терең игерген. Еркектің ерсі мінезіне мән бермегендей қалып танытар болса, өздерінің де әйелдік мінездері кешірілетінін кеуде сарайларына құлта қылып түйген.
Кейде отырып ойлаймын, осы неге бізде, қазақ қоғамында отбасылық озбырлық, абъюзерлік әлі күнге тұрақты константа болып тұр, басылудың орнына неліктен одан әрі өршіп барады деп. Атышулы «Бишпакет» уақиғасы, ондағы Салтанат Нүкенованың қасіретті өлімі қоғам үшін бетбұрысты жағдайға айналып, бүткіл жұртшылық жұмған жұдырықтай түйіліп, әйелдерге қарсы әділетсіздік атаулыға қарсы тұрса да, Қабандық-Қуандыққа мақтамен сырған күпәйке кигізіп жіберсе де, бізде отбасылық қатынастарды реттеу әжейдің асүйдегі қара табасын ала жүгіруден аса алмай тұруы неліктен?! Неге қыз-келіншектеріміз әліге дейін фейспалмдық дәрменсіздік тағдырынан шыға алмай келеді?!
Себебі, біздің қоғамда бұрынғы базалық опциялар кеткенімен, Еркек пен Әйел арасын реттейтін жаңа опциялар жасалмай отыр.
Бұл проблеманы «Бишімбаев уақиғасынан» кейін қабылданған отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатуға және оның алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама да, отбасылық-тұрмыстық зорлықты қылмыс ретінде тану да шеше алмай келеді. Білекті еркектерді түрмеге тоғытудан проблема шешілмей, қайта абъюзерліктің үдеп кетуін немен түсіндіруге болады?!
Негізі әлгіндей бағдарлама біздің өз қолымызда. Әр үйде. Әр шаңырақта тұр. Бір үйдегі екеудің – Ер мен Әйелдің қолында тұр. Яғни екі адамның бір мезгілде жақсы жағына қарай өзгеруі, бірін-бірі өзгертуі. Осы жерде салмақ ең алдымен ер адамның иығына түседі. Ол өзін жалғыз тал қара қабырғасына өктем сөйлеп, үкімдар жарлық үнмен қайырылудан тыюы керек (қолына ие бола алмай, «махаббатты шаштан сүйреуді» айтпағанда). Қысқаяқты әйел затының, балаларының анасының теңізден де терең жанын түсініп, жоғыңды бар қылатын, барыңды зор қылатын сол «қабырға» екенін ұғыну және үлгілі отағасы болу, соның ішінде алдымен әйеліне өзінің үлгі көрсетіп, тәрбиелеуі. «Жақсы еркектен әйел кетпейді» деген сөз бар ғой, сәл түзету: әйел үй-ішін сабыр-сесімен имендіретін мысы бар еркекке қоса, алғанын еппен айтып жұбатып, жөнге салып түзетіп отыратын еркектен кетпейді. Әйел адамның ері алдындағы бағыныштылығын еркек оны жақсы көруімен, үйдің жетекшісі ретіндегі сапа қасиеттерімен, солар арқылы әйелдің сеніміне ие болуымен еңбек сіңіріп жеңіп алады. Басқаша айтқанда, әйел өзін түсінетін, өзіне сенетін және өзіне қамқор болатын еркекті қаперсіз сүйеді.
Әйелді сүйіспендік сезіміне киіндіріп қойсаң, ол саған сол сүйіспендігіңнің жылуын еселеп қайтарады.
Жоғарыда «Жақсы еркектен әйел кетпейді» деген сөзді келтірдік қой. Осының «Жақсы әйелден еркек кетеді» деген сыңары бар екен. Демек, әйел мен еркектің әу баста бас қусырған сәттен пайда болатын өзара аманаты бар, ол бір-бірінің өзара жауапкершіліктерін сезіне алуы. Әрқайсысының құқы деген мәселе осы жауапкершіліктен кейін барып келеді. Әлгі құқық-хақы дегеннен туындайтын міндеттеме, міндеткерліктен де соңыра пайда болады. Таразының, шеккінің басында, авангардында – жауапкершілік дейтін аманат, өзіне әйел етіп, күйеу етіп алғандығы аманаттары тұрады, себебі махаббат дегеніміз – екі адамның бір-біріне аяушылығы, аяуы. Өзін, тағдырын, өмірін сарп етіп саған сеніп тапсырған жанды аялауы.
Жуырда миллиардер Джефри Безос өзінен пәленбай жас кіші Санчес дейтін келіншекті алды. Себебі, әрқандай еркек өзімен өрелес, жанында теңдес тұра алатын әйелді таңдайды, сөйте тұра оның әрдайым әйел болып қалуын қалайды. Ұзақ жыл жазушы ретінде күнделікті өмірді бақылап, фб-дағы төрт жылымда толып жатқан пост, комменттерді оқып, әжептәуір пәлсапашы боп қалған автор ретінде айтайын, ер адамға әйелден көп нәрсенің керегі жоқ. Ең бастысы, әйел еркегінің ісін орнымен бағаласа болғаны. Еркек өзіне әйелдің мұқтаж екенін сезінсе болғаны. Себебі, ер адам әйел адамға көмек беру үшін жаралған. Әйел де өз кезегінде еркекке көмек береді, бірақ ол басқаша береді: күйеуіне, еркегіне айрықша жағдай жасайтын, яғни ер адамның ер кісі болып қалуын қамтамасыз ететін әйел ешқашан бақытсыз болмайтынына тарих турашы.
Бұл – өз өміріңді басқа біреумен бөлісу. Үлкен кітапта айтылғандай, «Сендер бір-біріңненсіңдер». Бұл турада «жеке өмір», «жеке кеңістік» шартты ұғымға айналады. Адамдар ренжіткенде айқайласып кетеді. Себебі жүректері алыстайды. Ал екі адам өмірлерін өзара бөліскен кезде олар ақырын сөйлеседі, тіпті сөзсіз-ақ көзбен ұғынысады. Жүректері жақындағандықтан. Синергиялық теңшеу – екі басқа екі адам, а бірақ тұтас бір дене. Өзара контакті деңгейі, рухани, мәдени деңгей сәйкестенеді. Қиын түгі де жоқ – бір қолыңмен шапалақ ұра алмайсың ғой. Сол сияқты екі адам өзара керексінген нәрсе де ешқашан жоғалмай сақталады. Арабтар айтатындай, еркек пен әйел қашанда бірін-бірі жанасалай, жақын жүреді. Су мен сусаудың, шық-шылам мен шөлдеудің қатар жүретіні сияқты. Судың сусаусыз, сусаудың сусыз күні жоқ.
***
Ілгеріде бар пәленің басын еркекпен жау жағалас жасап жатқан феминизм, феминистік комплекс қылып едік. Сол сөзімізді тірілтейік.
Феминизм мен маскулизм – таза еуроамерикан цивилизациясының өнімі. Соның ішінде әйелдік эмансипация, Батыста үй бибілерін, немесе қызмет істесе де еңбекақы теңгерімсіздігіне ұшыраған әйелдерді тәуелділікке түсірген еркектер гегемондығына қарсы қозғалыс ретінде дүниеге келген. Капитализм кіріп, адамдардың өзара қарым-қатынасы нарықтанған итке сүйек қарыз өмір басталғанда не нәрсе де сатылатын және сатып алынатын рыноктық экономикаға әйелдерді ең өтімді де, ең осал да тауарға айналдырды. Қоғамда әйелдерді жеңіл-желпі қабылдайтын, оларды басшылық қызметтерге тағайындағысы келмейтін, табыскер нәзік жыныс өкілдерін бағаламайтын сексизм үлкен проблемаға айналды. Ақыры әйел қауымы ұзақ жыл күресе жүріп, өздерін ер адамдармен теңестірген гендерлік теңдікке қол жеткізе алды. Кебір жерге теңелді, әйел ерге теңелді. Осынау флюорисцентті күлгін (феминизмнің фирмалық түсі) кеудеше киген бостандық сүйгіш, еркін құлықты асау да тарпаң әйелдік мінез, феминистік менталдылық жүре-бара не нәрседен де өзіне жау іздейтін, нан тебетін ұрыншақтыққа ұласты. Фэт-феминизмнен бастап, тіпті ұл баланың дүниеге келуін қабылдамайтын шектен шығу дүмеді. Әйел адамдарды күшейтіп, еркектерді бір пәсте сұмпайыға айналдыру ақыры дәстүрлі отбасы институтының кенеуін кетіре бастады. Әйел табиғатын, өмірлік бастау-қайнарын жоғалтып, шалбар киіп, өзін дөрекі ұстап, еркектерше сөйлегеннен кейін еркектерге де бір пәсте сүйкімсіз, қызықсыз боп қалды. Оны айтасыз, арадағы біржарым феминистік ғасыр ақыры Батыс еркектерінің әйелге қол қатуын жоя алмады (мысалы, Брэд Питт ажыраспай тұрғанда Анджелина Джолиге қол көтергені кейін белгілі болды).
Бүгінгі оқыған қазақ әйелдері актив қолданатын сексизм, виктимблейминг тәрізді терминдер анық батыстық феминизмнен ауысқан. Сол сияқты «Күйеуімнен ақша сұрағанда нервім ұстайды» деп келетін сөз орамдарының, ресторан-кафеге барғанда «тарелочница» емеспін деп еркекке төлетпей, өзі төлеудің, т.б. жаңалықтардың қай жақтан келгенін, желдің қай жақтан соғып тұрғанын білу үшін көп ақылдың керегі жоқ.

Сонымен бірге бүгінгі қазақ әйелдеріне солтүстіктегі көрші елдің, оны мекендейтін көзі тіп-тік, сөзі аптық Хауа ана ұрпақтарының да әсері айқын. Ол елде толық анаеркі билігі (матриархат) сонау Бірінші Петр заманынан бері келе жатыр. Орыстың еркегі мәтіби хатунын қанша жерден әуектеп, еркелетсе де, ол қашанда үйінде екінші планда, ал бедірей маржасы бала туып бергеннен кейін орыс еркегі төртінші, бесінші орынға түсіп қалады. Бір балақан айтыпты деген сөз бар ғой, «Папым тауға, мамым теңізге барғысы келеді, ақыры теңізге баратын болдық, тек папым шаңғысын ала жүреді» деген, осы тәмсілдің шыққан ізі дәуде болса Мәскеу жақ. Орыстың еркектері неге шетінен маскүнем болып кеткен? Олар үйді әйелі басы бүтін билегеннен кейін стреске түсіп, іштегі шерін ащы сумен басады. Ақын Андрей Дементьев марқұм кішіжарына қарата мақтана айтып кеткен осынау «латентті өкшенің» тепкінің заманында шетелдіктер де байқаған, мұның бір мысалын орыс аудармашыларының өздері тамылжыта тәржімелеп берген Эрих Мария Ремарктың мына бір сөзінен көреміз: «Я заметил, что иммигрантки-русские дамы обладают гениальной способностью предъявлять ложные обвинения ни в чем не повинным мужчинам. По их мнению, это не дает угаснуть любви». Ал керек болса!
Осыдан көрінеді, еркектерді қырып салғысы келіп отыратын әйелдеріміздің қандай «құнарлы» топырақтан нәр алып жүргені? Ең алдымен, өзіміздің тәлімбақтарымызда орысша тәрбиеленген «озық ойлы» инфузорий-фифалардан – Баян, Динара Сәтжан, Тансари, Дана Орманбаева, Әсел Сәдуақасова, Шолпан Есмағамбетова секілді жел бергіш сенсейлер мен коучерлердің күнделікті қақсауларынан нәрленеді. Бұлардың, олардан тән алып жүрген қыз-келіншектеріміздің бір айырым белгісі бар, ол – жалын атқан шыңылтыр эго. Амбиция. Жүректегі қыңырлық. Әр сөзіңнен тікен іздейді, әр сөйлеміңнен сексизм көреді, сәйкесінше беттеріне қаны теуіп, төске ұрып, шабалаңдап шыға келеді. Қит етсең серіппедей ширығып, беттен шармай алатын, бұрынғы алдыңды кесе өтпейтін сабырлы, салиқалы қазақ әйелінде болмаған «шыбық тимей шыңқ етер» біртүрлі мінез. Өжеттікті бетпақтықпен шатастырып алу. Президент Тоқаев жуырдағы кезекті Жолдауында белдеуінде ылғи да ырғай сапты найзасы шаншулы тұратын осындай қазақ әйелдерін тілдеріне ие болуға шақырып, «Әйелдердің жанжал шығарып, орынсыз сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер жасауы мәдениетті, өркениетті қоғамда қабылданбайды және еліміздің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіреді» дегені жайдан жай емес. Осы вирус бет-аузымен жағаласып қалған яки күйеулерін жамандап тағдырына шағынатын тоғышар әйелдерден бөлек, шәй ішіп отырып кітап оқитын зияткер сұлуларымыздың арасында да тамыр жая бастағанын, әйелдердің шағынып тамған көз жасы – прозалық шығармаларға да кері әсер етуін көргенде өзегің өртенеді.
Ал енді бар ма, осылай бола тұра, біздің феминист әйелдер қауымы (егер бізде шынымен де осы терминге жауап берерлік сондай қозғалыс болса) өздерін секс-нысан ретінде объектілеуін немен түсіндіруге болады?! Әлбетте, өз келбетіне өзі ғашық болып жүру әйелдерге жалпы тән нәрсе, бір есептен осының өзі әсем жандарға жарасып та тұрады, бірақ еркін, бостан болуды, өзіңді соншама жақсы көруді, сүюді фотоларыңды әлеужеліге тынымсыз орналастырумен, оның ішінде жартылай жалаңаш ашық пин-ап стилінде шығарып қоюмен ауыл-үй қатар қондыру еш сабаға симаса керек. Өзіңді жақсы көру, еркін сезіну пин-апқа сылтау емес. Бұл жұмсартып айтқанда, арзан гендерлік ойындар.
***
Бізде алтын қапастан қисық бұтақты артық көретін еркіндік құстары – қыз-келіншектердің хұриет қозғалысы Батыстың ықпалымен болып отыр дедік қой. Ол алдымен арамызға Турандот образы боп келіп ұя салды, соңыра Бетти Фридэннің фирмалық күлгін түсті феминизмі деген атпен орнықты. Бізге сол жақтан тікелей де, Түркиядағы шафакшылар (жазушы Элиф Шафактың фанат қыздары) арқылы да ауып келген қозғалыс. Бұл жерде феминизм – «үшінші қатар» елдеріне батыстық деколонизация саясаты ретінде, яғни Ресей ықпалына қарсы контрпрограммалау мақсатында ұсынылғанын есте ұстау жөн. Адам құқы, азаматтық қоғамның жұртшылыққа қатысты мәселелерді шешуге атсалысуы дейтін жалпыадамзаттық, демократиялық идеологемма ретінде. Дегенмен, қазақ әйелдері дәл осы идеологияның ғана тепкінімен қанасынан таси бастады десек, тағы да қателесер едік. Ешбір өзгеріс, реформа – ол қандай құйтырқы, жымысқы айлакер болмасын – елдің, халықтың өз ішінде сұраныс, тілек болмай жүзеге аспайды. Біздегі феминизм де бұдан шет тұрған жоқ. Эмансип мұнда триггер. Оны алдымен өмірге әкелген нәрсе – Қазақстанның өз ішіндегі жүйелік былықтар. Кеңірек орағанда, отбасындағы зорлық-зомбылық пен озбырлық – елде орын алып отырған зорлық-зомбылық пен озбырлықтың, бетімен кетушіліктің айнаға кері түскен бейнесі. Ер адамның шарасыздыққа түсуі, әйел адамның әрі-сәрі дағдарысы – қоғамның дағдарысқа ұшырауы, тығырыққа тірелуі. Құндылық координаттары жүйесінің дағдарысы. Алда түйіліп келе жатқан қара дауылдың, қорқынышты апаттың алды, хабаршысы.
Бір әйел адамның әлеужелідегі шафакшылар туралы постқа комментін жазып алыппын. Со күйінше келтірейін: «Любовь к себе – это конечно же основа. Почему мы с ней не рождаемся? Потому что природа в ней незаинтересована. Любовь к себе – это только сознательный выбор каждого человека и этот выбор внутри необходимо делать каждому, потому что это и есть момент пробуждения нашей души».

Қалай жақсы айтылған! Өзіңді іштей жақсы көр, бірақ соны сыртқа дабыралап қайтесің. Ұнап кеткені сонша, соңына реплика қосыппын: «Когда женщина никогда не любила. Только её любили. Это потребность, заменённой любовью». Әлбетте, жақсы көруге, махаббатқа зарыққан әйел өзін жақсы көруден, өзін сүюден басқа не істейді?!
Осы мақаланы жазарда жоғарыдағы жазбаларымды тағы да қарап шықтым. Сосын ойладым, бәлкім мен қателесіп отырған шығармын, мүмкін бұл қазақ сияқты салыстырмалы түрде жас ұлттың бойында болуы тиіс толымсыздықтың, жетімсіздіктің уақытша сырқауы шығар, тіпті мұндай көңіл ауаны әзелде жоқ болуы, мен өзім түймедейді түйедей етіп отыруым да мүмкін ғой деп.
Солай болсын дейік. Алайда бүгінгі күннің шындығы сонда, қазақ әйелдерінің феминизммен ауалануына дәл қазір бізге ерте. Орысша әліптегенде, роскошь. Абъюзерлікке тосқауыл қою керек, ол рас, ал бірақ жел сөзі мен желігі көптеу батыстық феминизмді ұлттық топыраққа таза күйінде көшіріп әкелуге болмайды. Мәселе дәстүрлі қоғам екендігімізде ғана емес. Гәп қоғамымыз онсыз да қырық пышақпен қыржыңдап тұрғандығында. Менталитетіміз, діліміз дайын емес. Мың да қырық бір бөлікке, жікке бөлшектеніп кеткенбіз. «Батыс жігіттерінде кеңістік деген ұғым жоқ. Сен қайда жүрсең де ұшып келіп, сюрприз жасайды, романтикалық кеш ұйымдастырады, ал қазақ жігіттеріне ашық емеурін білдірсеңдер де түсінбейді» деп жазыпты Соррентода демалып жүрген бір келіншек (айтқандай, өзі талантты жазушы). Осы сөзді онша ұқпадым (өңге жігіттер де түсінбегеніне сенімім кәміл). Демек, қазақ жігіттері әлгі еуропалық деңгейге жете қойған жоқ, қашан жететіндері де белгісіз. Осы және басқа да жағдайлар жинала келіп, біздегі әйел – еркек қатынасын берекеден бұрын әрекеге әкеп соқтыруы мүмкін.
Ең қиыны, біздегі қазіргі феминистік, эмансипациялық шалықтауларды оқып, естіп жүрген жеткіншек қазақ қыздары есейіп, ақыл-ойлары орын теуіп үлгергенше ер адамдарды да жек көріп үлгереді ғой, одан әрі бақытты қарым-қатынас жасауға мүмкіндіктері де қалмайды.
Ие, бүгінгі жағдайда біздің қоғамда батыстық сипат басымырақ. Алайда халқымыздың көпшілік бөлігі мұсылман болғандықтан, онда ер адам ықпалдырақ боп келетін исламдық сипат та бар. Ендеше, бұл екі араға белгілі бір жік, сызық тартылуы тиіс. Иман дейтін «ми түзеуші» сызық ең ұлығ «мозгоправ». Ішкі күш, іштегі қуат – бөтеннің шалған сазына құрметпен қарайсың, сөйте тұра өз биіңді билейсің. Ешкімге, еш жаққа – соның ішінде Батыс жаққа да – жалтақтамай, алаң болмай. Көптеген елдер өз проблемаларын өздері шешіп жүр ғой, біз де солай етейік. Соның ішінде отбасы, әйел-еркек мәселесінде де. Үйімізде, көшеде, қоғамда баланс ұстап, теңшеп отыратын жүйемізді жасау арқылы. Әсіресе екі адамның, екі жыныс өкілінің – Әйел мен Еркектің арасындағы көрінеу-көмес жүріп жатар дуализм, тұрмыстық дуализм, бұлар алып баратын қоскіндік дүние тылсымын реттеп отыратын мүлдем жаңа Жүйе жасау арқылы. Каббалада жазылғандай: екі адам – әйел мен ер өзара қарым-қатынасқа «қолғабыңды шешіп тастап», жүректі жалаңаштап, алқын-жұлқын тіке байланысқа түспейді, қайта «қолғабын шешпей» – эгосын бүркеп, шын сезімдерін жасырып түседі. Өзара сыпайы, аялы қарым-қатынас, бірақ мұнда «ашық алақан» болмайды, екі жақ «боксер қолғабын» киіп алып құшақталады, сүйіледі және т.б. жақындық қылады. Арақашық сақталған, қорғалған, мәдени кодтармен құндақталған жақындық. Дәл қазіргідей уақытта қазақ әйелі мен қазақ жігітіне шамамен осындай бір «шок терапиясы» керек шығар.

Әрине, бұл оңай-оспақ іс емес. «Әйел мен Еркек» дейтін нақты геолокациялы қарапайым архетип атаудың терең түкпірлерінде, бұл екеуінің жоғарыда өзіміз айтып өткен мәңгілік дуализмнің, қос кіндік тұтас әлемнің астарында нағыз реал өмірдің қатаң хронотопы жатыр. Дүние шатырының астындағы жападан-жалғыз Екеудің – Әйелдің, Еркектің – тіпті өзіне де сеніп аша бермейтін сырлары болады. Бұлардың үдесінен шығу жер-әлемде бір ғана феноменнің – көркемөнердің ғана қолынан келеді. Соның ішінде жеке тағдырлар талайының өте интим құпияларын, адамның жеке әлемінің шымылдығын ашу және жараның аузын қанатпай ашу дағасы (миссиясы) еңсесіне жүктелген көркем әдебиет қана шыға алады бұл үдеден. Көлдетіп жазылған романдарда, көздің тамшысындай мөлт етіп түскен әңгіме-новеллаларда адам сезімінің сыртқа шықпас нәзік қылында жатқан, сол ғана түсінетін, сол ғана ұғынатын адам табиғатын ойдан алынған шын өмірде бар линиялармен, кейіпкерлердің эмоцияларын, жүрек қағысын, тамыр бүлкілін, ең шыңылтыр өзгерулері мен метаморфозаларын дәлме-дәл суреттеп, әр түрлі ассоциацияларға түсіретін реңк, нюанс, обертондар көмегімен образға бөлеп көрсету, осынау тағдырлардың аржағына жасырынған тарихи өрісті, олар өмір сүрген / сүріп отырған дәуірдің трансформациясын, күйреуін, жаңадан пайда болуын суреттей отырып, қаңырығы түтеген Әйел мен Еркектің – Су мен Сусаудың метафоралық тарихын жасайтын ұлы мәртебелі әдебиеттің қолынан келеді бұл іс. Соны көркем шығарма арқылы ой елегінен өткізіп, саналау, саналай отырып, «Өнердің ең басты міндеті – адамдар арасында жаңа байланыс, жаңа қарым-қатынас іздеу» деп Лев Толстой айтып кеткендей, өнер, әдебиет арқылы архетиптік Екеуге үміт сыйлау. «Қорғансыздың күнінің» шеңберінде қамалып қалмау. Сықсыңдап жылай бермеу. Өрекпи бермеу. «Құдайға бастап әкелетін жолы болмаса, ол қалай Құдайдың үйі болады?!» деп Тенгиз Абуладзенің бір кейіпкері айтқандай, иманға, демек, бірлік-берекеге бастап әкелмесе, ол неғылған әдебиет, неғылған шығарма!?
Ойымша, мұнымен қатар қазақ әдебиеті, оның ішінде біздегі әйелдер прозасы жараны іріңдеп кетуден сақтайтын асептиканың рөлін мойнына алуы тиіс. Бұл жердегі асептикалық дауа – «гендерлік неоконсерватизм». Дәлірегі әйел бейнелері ұяң да көмбіс Пикассо мен оған ырық бере қоймаған өзіне-өзі сенімді, күшті Бриджит Бардоның «арба сындырмас, өгіз өлтірмес» ұнасымды аралық үлгісі. Креатив пен консерватизм аралығының екі басын тең ұстау.
Ең бастысы, әйел тақырыбы прозамызда, әсіресе әйелдер прозасында схематизмге айналып кетпесе дейсің. Қыздарымыз осы орайда бадырайтып тіке жазбай, хемингуэйлік «айсберг» техникасына, идеостильге назар тіктегені дұрыс.
«Әйелдер неге еркектерден ұзағырақ өмір сүреді? Өйткені олар уақытынан бұрын кете алмайды: бұл дүние тіршілігінде әйел адамдардың шаруасы көп-ақ» (Саманта Вильр, Сара Брун. «Бүкіл дүние өзіңе қарап қалғанда қалай өмір сүруге болады»).
Мен осы сөзді «Әйелдердің бұл дүниедегі шаруасы шаш-етектен» деп өңейтер едім. Солардың бірі де бірегей – осынау талмас-қажымас талантты Хауа ана нәсілінің дүрілдеп тұрған дүние аспанын бұлттан айықтырып, бейшара елімізді Күннің жалқын нұрына бояй алатындығы. Таң атарда қараңғылық басады, бірақ Күн шықпай қоймайды. Осылай боларына аққұла сенемін. Еншалла!
Бөлісу: