Мен тарихқа қалай келдім?
Бөлісу:
«Қаламгер ұстаханасы» жобасының аясында ғалым, тарихшы Қойшығара Салғара «Түркінің көне тарихы» атты тақырыпта лекция оқыды. Бұл лекция Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы негізінде жасалып отыр. Ұйымдастырушы Бауыржан Бабажанұлы қонақты оқырманмен таныстырып: «Бұл дәрісті күллі жұртшылық, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі адамдар, тіпті болашақ ұрпақ та өзінің қажетіне жарататын болады», - дей келе дәрістің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
Мен ештеңе көріп отырған жоқпын. Шамасы менен жас балалар, жас азаматтар сияқты. Айналайындар, аман-сау, барсыңдар ма? Бұл кездесу маған ерекше әсер ететін сияқты. Өйткені мен қаламдастарымның алдында арнайы осылайша сөйлеп көрмеппін, бірнеше рет конференцияда, мамандармен де жекелеген тақырыпта сөйлеп жүрміз ғой. Ал қалам иегерлерімен кездесу бірінші рет екен. Сәтімен болсын бәрі! Кездесуіміз бүгінгінің тарихы, қазақтың көне тарихы жөнінде екен. Кез келген халықтың тарихы, былай образды айтқанда шеті мен шегі көрінбейтін ұлы теңіз сияқты. Оның тереңінде жатқан асылдарды, бергі бетіндегісінің де бәрін көріп-білу оңай шаруа емес. Сондықтан оның бәрін бір адам қамти алмайды. Ал енді менің айтатын шаруамды түсіну үшін мынаны айтайын: біз мектепте, университетте, институтта оқыған тарих, тіпті Ұлт академиясының Тарих институты шығарған академиялық «Қазақстан тарихы» туралы еңбектерде де (тәуелсіздік алғаннан кейінгі төрт томдық пен бес томдықта) жоқ дүниелерді айтамын. Бұл айтатындарымды осы жерде тілшілерге сұхбат беруде шет жағалап, қазақша толық айтпағанмен, жобалап айтып жүрмін, бірақ жай жұрт үшін түсінуге қиындау екен. Кейде біреудің айтқан фантастикасындай көрінеді. Оқымай, білмей келгендіктен, шын мәнінде қазақ халқының, жалпы түрік халқының жазылған шынайы тарихы жоқ деп ойлаймын. Тарихымыз бар, бірақ біз оқыған тарих еуропалық таным‑түсінікке, орыс оқиғаларының мүддесіне құрылып, жазылған тарихтың бір мазмұндамасындай ғана. Оның өзінде де қазақ халқының тарихы емес, қазақ мемлекетінің тарихы көбіне археология, қазба деректеріне негізделген. Кейінгілері көне жазба деректермен тіркелген. Ал қазақтың өзінің ауызша тарихы есепке алынбаған. Сондықтан менің сөздерімді бірден қабылдай бермеулеріңіз мүмкін. Дұрыстап түсіну үшін әуелі өркениетке ертерек жеткен, қазір мықты деп есептелетін халықтардың көне замандағы шындықты жазған ғалымдарының төрт‑бес пікірінен қысқаша үзінді келтіргім келеді. Солардың әрқайсына зер сала тыңдасаңыздар, менің сөзім де түсінікті бола бастайды. Әйтпесе, бір қиял‑ғажайып ертегі айтып отырғандай болып кетемін.
Ендеше, әңгімені созбай бастасам: он үшінші ғасырда өмір сүрген әрі химик, әрі геолог, әрі математик, әрі физик, әрі дінтанушы – талай ірі мамандықтың иесі, заманында «ғажайып доктор» атанған ағылшын ойшылы Роджер Беконның мынадай сөзі бар екен: «Біз, еуропалықтар, түріктерді неліктен және қалайша жабайы етіп көрсететінімізге таңқаламын, түріктердің адамгершілігі, рухани тәрбиесі, ұлттық бірлігі арқылы әлемдік мәдениеттің өріміне қосқан үлесін біле тұра, көре тұра, оларды ұлы халық деп мойындамасқа амал жоқ», - дейді. Бұл – он үшінші ғасырдың адамы, ағылшын азаматының сөзі. Менің айтып отырғаным – түріктің дәуірлеп тұрған заманында да түріктей қоғам болмаған, өздерінше өмір сүрген деген емес, бұл – дербес ғалымдарының бағасы.
Екінші бір француз ғалымы – әрі жазушы, әрі математик, әрі физик, әрі жаратылыстанушы Жорж-Луи Леклерк де Бюффон былай дейді: «Дүниежүзіндегі алғашқы мемлекет туралы сөз болғанда, көне заманда Каспийдің шығысында жасаған бір халық ғылымды, өнерді және басқа игіліктерді өмірге әкелуімен ерекше құрметке лайық».
Он сегізінші ғасырда өмір сүрген француздың тағы бір ұлы ғалымы Шарль Луи де Монтескьё де осы іспетті ой айтады: «Қазіргі халықтардың ішінде жауынгерлік ерлігі мен даңқтылығы жағынан әлемде бірде‑бір халық түріктерден асып кете алған жоқ. Бұл халық шын мәніндегі әлемнің әміршісі болды, басқа халықтарды құдай осыларға қызмет ету үшін жаратқандай еді. Әлемде болған ең ұлы империяларды құрған да, оларды құлатып‑құртқан да осы халық. Тек жеңістерге мәз болып, сол жеңістердің ұрпаққа жеткізер тарихын толық жазып қалдырмаған».
Тағы да осындай, әрі ақын, әрі тарихшы Альфонс де Ламартин түріктің ерекшелігін айта келе былай дейді: «Меніңше, адамзатта осындай даңққа бөленген түріктерге дұшпан болу – бүкіл адамзат баласына дұшпан болу ғой. Құдай мені сондай күнәлі болудан сақтаса екен деп тілеймін», - дейді.
Бұлардың бәрін ғалымның пікірі десеңіз, шведтің королі Карл он екі де түріктердің тұтқынына түскен адам. Содан босап шығып, еліне келген соң, атақты корольдердің бірі ретінде жаңа соғыста жастай қайтыс болды. Естелігінде өзі: «Мен түріктердің тұтқынымын. Бірақ, әділетті елде тұтқын болудың өзі қандай бақыт», - деп айтады. Қарапайым адам емес қорламаса, тамағын берсе, соның өзіне-ақ риза болатын. Жалпы, өздеріңіз де талай кітап оқыдыңыздар ғой, тарихта да, жазушыларда да «тұтқын болған адамның бақыттымын» дегенін оқыдыңыздар ма? Осындай ел шетелдің басшысын да таңқалдырып, мойындатқан жұрттың тарихын қай жерден оқып, қайдан көріп жүрсіздер?!
Міне, сондықтан да түріктерді сыпайылап айтқанда, «өз аталарын мақтай береді» дейміз. Әйтпесе, бәрін аңыз ғой, әңгіме ғой дейді. Айтқаным – жазба деректерге сүйенген әңгіме.
Менің мамандығым – журналист. ҚазГУ‑дің филология факультетінің журналистика бөлімшесін бітіргенмін. Ол кезде журналистика жеке факультет емес болатын. Содан кейін он жыл, тіпті жиырма жеті жылым осы журналистикаға кетті. Сол кәсібімнен демеу алып, жазушы боламын деп талпынып, жаздым, повестер де, әңгімелер де жаздым. Сөйтіп, алғаш бір конкурс болды, Жалын журналы жариялады. Сол конкурста бәйге алып, жас кезім ғой, «жазушы болып қалған екенмін» деп, жұмысты тастап, Алматыға бардым. Бірақ, мен барғанмен, Қойшығара деген жазушы келеді деп күтіп отырған да адам жоқ, білетін де адам жоқ екен. «Журналистикаға қайта барайын ба?» десем, намыс жібермейді. Бір жерге барсам – не журналы алмайды, не газеті, не баспасы қабылдамайды. Сөйтіп, азғантай жинаған ақшам таусылып, әжептеуір қиындықта қалдым.
Сол кезде өзімді шын бақытты санадым, маған кілең жақсы адамдар жолықты. Бірі қол ұшын беріп, «Социалистік Қазақстанға» орналастырды. Осы газет мені адам қылды. Оған дейін, рас, «жазушы болсам болды, қызықты бірдеңе жазсам болды» деп ойлайтынмын. Ал жазу арқылы ой айту, ұрпақ тәрбиелеу, ұрпақ санасын ояту, көкірегіне сәуле түсіру деген ұғым менде бекіп үлгермеген еді.
«СҚ» өте беделді газет болатын. Партияның органы, мінбері – оған шығу атақты ғалымға да, жазушыға да арман. Мен сонда әдебиет бөлімінде істедім, сол жерге қызметкер болып бардым. Жағдайым жақсарды. Сол арқылы қазақтың талай ұлы ғалымымен, көзі тірі алып жазушыларымен жолықтым. Сәбит Мұқановтармен талай сұхбат жасадым. Әсіресе, Бейімбеттің тойында жеті күн бірге жүрдім. Марғұлан ағамыздан бастап талай ағаның тәрбиесін көрдім, біразынан сұхбат алдым. Сөйтіп, олар маған ағамдай, мен оларға інідей болып, көзімді ашты.
Мен қазір Ахмет Байтұрсыновтың атын ардақ тұтамын. Бірақ университетке келгенде оның атын білмей келдім – ол кезде Ахметтің аты аталмайтын. Кейін Ахмет ақталды, кітаптары шықты. Сөйтсем, оның біраз өлеңін баяғыдан жатқа біліп жүр екенмін. Сол заманда-ақ ауылда өзім де өлең жазатынмын. Мен соғыстың алдындағы баламын ғой. Соғыс кезінде ағаларымыз елге өлеңмен үн қатты. жиындарда да, басқа басқосуларда да сол өлеңдер оқылатын. Қаза болғандар туралы толғаулар айтылып, кейде әйелдердің жылауына ұласып кететін. Ал ол тұста Байтұрсыновтың шығармасы түгіл, атын атау қауіпті еді: «пәленшенің үйіне түсіп кетті» дегеннің өзін жау санап, атып жіберетін. Сол себепті ол кісінің атын атауға болмайтын.
Менің психологиям да өзгерді. Үлкен ағалармен танысқаннан кейін олар маған газет қиындысын, журналдарды, ағылшын авторларының кітаптарын беріп, талай әңгіме айтып берді. Сол әсерлер санамды жүз сексен градусқа бұрып жіберді деуге болады. Содан кейін газетке жазған шағын хабардың өзінде ұлтқа қатысты бір қайырым қосып жіберетін дәрежеге жеттім. Сөйте жүріп, «жазушы боламын» дедім, бірақ «тарихшы болам» деген ой болған жоқ. Жазушы болу үшін де айтар ой керек екен. Тақырыпты іздеп, ой елегінен өткізіп жүріп, сол ағалардың арқасында менің тарихқа келгенімді айтуға бекіндім – бәлкім, біреулеріңе ой салар.
Жалғасы бар…
Лекцияны көшіріп, дайындаған: Балнұр Қызырбекқызы
Бөлісу: