Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
28 қыркүйек - үш заңғардың туған күні...

28.09.2025 46

28 қыркүйек - үш заңғардың туған күні 6+

28 қыркүйек - үш заңғардың туған күні - adebiportal.kz

28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің үш бірдей заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні. 

Қазақ прозасы мен көсемсөзі, драматургиясы мен журналистикасы туралы сөз қозғалғанда бұл үш қаламгер шығармашылығына соқпай өту мүмкін емес.

Әдебиет сүйер қауым үшін бұл есімдердің туған күндері қыркүйек айына тұспа-тұс келуі – қазақ әдебиетінің тарихындағы тағылымды бір сабақ, мерейлі мереке.

Мұхтар Әуезов (1897–1961) – қазақ әдебиетінің классигі, әлемдік деңгейдегі жазушы. Қасиетті Шыңғыстау елінде дүниеге келген болашақ классик жазушы Мұхтар Омарханұлы ес білгеннен-ақ Абайдық даналық, ақындық әлемін зердесіне тоқып өскені анық. 

Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы Күшікбай асуында зорлықшыл күштің құрбаны болған Ғазиза қыздың атғдыры арқау болған «Қорғансыздың күні» әңгімесінен бастау алады. Әңгіме қазақ қоғамындағы әділетсіздік пен надандыққа қарсы жазылған алғашқы реалистік туындылардың бірі саналады.

Жазушының бұдан кейінгі «Қаралы сұлу» әңгімесінде дәстүр мен әйел тағдыры мәселесі көтерілсе, «Жетім» шығармасында баланың ішкі әлемі, қоғамдағы қорғансыздық күйі ашылады. Ал «Барымта», «Көксерек» әңгімелерінде қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен табиғат құбылыстары көркемдік шешімін табады. Әсіресе, «Көксерек» әңгімесі адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты терең философиялық деңгейге көтерген шығарма ретінде ерекше бағаланады.

Әуезов әңгімелерінің басты ерекшелігі – тілінің көркемдігі, халықтық сөз өрнектерін шебер қолдануы және кейіпкерлердің жан дүниесін психологиялық тұрғыдан дәл бейнелеуі. Оның шағын әңгімелері де терең ойға жетелеп, ұлттық болмысты айқын танытады.

Алғаш шағын әңгімелерден басталған шығармашылық машығын жетілдіре отырып, өзінің басты туындысы «Абай жолы» эпопеясын жазды.

Бұл көлемді туынды өткен ғасырдың қырқыншы жылдарындағы советтік дәуірдің, коммунистік цензураның қырағы қыспағы ауқымында жазылса да, қазақ халқының ХІХ ғасырдағы өмірін, тұрмысын, әлеуметтік қайшылықтары мен рухани болмысын көркемдік тереңдікпен суреттеген эпопея ретінде тарихқа таңбаланды.

Телегей-теңіз білімді, туған халқының рухани көсемі болған академик Мұхтар Әуезовтің драматургия, әдебиеттану салаларындағы еңбектері де ұлттық мәдениеттің асыл қазынасына айналды. Ол қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеріп, ұлттық тарих пен рухты көркем тілде айшықтай білді. Мұхтар Әуезов есімі халқымен бірге мәңгі жасап келе жатыр. Қаламгердің әр жанрдағы классикалық туындылары әрқашан оқылымдылығымен, сахнада қойылымдылғымен ерекше.

Оралхан Бөкей (1943–1993) – қазақ әдебиетінде поэтикалық прозаның өкілі. Қазақ даласының ең күншығыс бетіндегі табиғаты көркем Катонқарағайда дүниеге келген Оралхан Бөкейдің таланты туған облысында қызмет істеп жүргенде-ақ әдеби ортаға таныла бастады. Әдеби, рухани орта Алматыға келген соң оның қалам қарымы, шығармашылық әлеуеті жарқырай көрінді. Оралхан Бөкей шығармалары табиғат пен адамның тұтастығын бейнелейді. Алтайдың арғы замандардан келе жатқан алтын аңыздарын туындыларына арқау ете отырып жазған хикаяттары мен әңгімелері оқырман қауымды бірден баурайды.

Оралхан Бөкей прозасының өзегі – ауыл тіршілігі, қарапайым адамдардың тағдыры, арман-қиялы мен үміт-мұңы. Ол кейіпкерлерін көбіне табиғат аясында көрсетіп, олардың жан дүниесін туған жердің мінезімен ұштастыра бейнелейді. Жазушының әрбір әңгімесі мен повесі – адам мен табиғаттың, уақыт пен тағдырдың сырласуы. Мысалы, «Қар қызы», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Атау кере», «Біздің жақта қыс ұзақ» сынды шығармаларынан адамзаттың мәңгілік ізденісі, рухани сағынышы, жалғыздық пен үміт, махаббат пен мұң қатар өріледі.

Оралхан стилінің басты ерекшелігі – поэтикалық көркемдік пен философиялық тереңдік. Оның сөйлемдері көбіне жыр жолдарындай ырғақты, бейнелі келеді. Кейіпкерлерінің ішкі монологтары арқылы ол адам жанының құпиясын ашып, оқырманды ойлануға жетелейді. Жазушының сөз қолданысында ұлттық таным мен әлемдік әдебиеттің гуманистік сарындары тоғысып жатады. Сондықтан да оның шығармалары тек қазақ оқырманына ғана емес, өзге жұртқа да түсінікті әрі жақын.

Оралхан Бөкей жасаған Алтай тұрғындарының галереясы – қазақ прозасына тың леп әкелгені анық. Адам мен табиғат үндестігінің жыршысы, жаршысы болған Оралхан Бөкей туындылары оқырманды терең ойларға жетелейді. «Қар қызы» хикаятында ол: «Қардың ақтығы – адам жүрегінің тазалығына ұқсайды» деп жазып, адам мен табиғат арасындағы нәзік байланысты астарлап жеткізеді. Оралхан Бөкейдің көркем тілі, ұлттық бояуы қанық шығармалары қазақ прозасының көркемдік көкжиегін кеңейтті.

Шығармашылық талантының нағыз шырқау шыңына шыққан кезеңінде, 1993 жылы Үндістан еліне жасаған сапары – жазушының ғұмырының да мәңгілік сапары болды. Оралхан Бөкей шығармашылығы – қалың оқырманның ең сүйіп оқитын туындылар ретінде бірнеше буын ұрпақтың рухани азығы болып, жазушы рухы туған халқымен бірге жасап келе жатыр.

Шерхан Мұртаза (1932–2018) – көрнекті жазушы, публицист, қоғам қайраткері. Әкесі жазықсыз жаланың құрбаны болып, жастайынан жетім қалып, қиындықты көп көріп өссе де, ол өмірдің қатал сындарына төзе білген қайратты тұлға. Шерхан Мұртазаның қаламынан шыққан туындылардың ішіндегі ең көлемдісі – «Қызыл жебе» роман-тетралогиясы. Осы туынды арқылы ол халық жүрегінен нық орын алды. Бұл шығарма қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмір жолына арналса да, кеңестік дәуірдегі күрделі тарихи кезеңнің бейнесін аша алған туынды деуге болады. Жазушының шығармаларында әділдік, ұлттық рух, халық тағдыры негізгі арқау болды. Анасы екеуінің тағдыр жолында бастан кешкен қиыншылықтары туралы «Ай мен Айша» туындысы да халық жылы қабылдаған еңбек болды. Шерхан Мұртаза – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан қазақ журналистикасының дамуына зор еңбек сіңіріп, талай буын қаламгерлерге ұстаз болды. «Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін, мақтанышпен айтылатын, кәсіби біліктіліктің нышаны ретінде ұғылатын сөз – осы бір тұлғаға берілген әділ баға мен сый-құрмет болса керек-ті. 

Шерхан Мұртаза кеңестік дәуір мен азаттық алған кезеңде де еліміздің  ақпарат саласындағы биік-биік лауазымды қызметтерді атқарды. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде бірнеше рет халық қалаулысы болып сайланып, заң шығарушы биліктің мінберінен ұлттық тіл, діл мәселесінде өткір-өткір ойларын ашық білдіріп, ел есінде қалды. 

Үш жазушының туған күні бір кезеңге сәйкес келуі – қазақ руханияты үшін ерекше маңызға ие әдебиет тарихындағы символдық мәні бар құбылыс. Дәл осы күні әдебиет сүйер қауым ұлы қаламгерлердің мұрасын қайта еске алып, олардың шығармаларына жаңаша баға береді. Әуезовтің тарихи тереңдікке толы эпопеясы, Мұртазаның әділет жолындағы күресі, Бөкейдің поэтикалық прозасы – қазақ әдебиетінің алтын қорындағы баға жетпес қазына.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар