ҰРЫ ӨЛЕ-ӨЛГЕНШЕ АҚПЫН ДЕЙДІ (Жәди бауырға хат)

Бөлісу:

21.04.2015 3778


ҰРЫ ӨЛЕ-ӨЛГЕНШЕ АҚПЫН ДЕЙДІ


(Жәди бауырға хат) 


Қадірлі достар, мен «Қасым батыр», «Сары жұлдыз» романдарының авторы Сағатхан Таңқайұлы боламын. Қырағы көз, қыран қызымыз Айжамал Көпееваның мақаласын оқып, Жәди Шәкенұлы менің аталған екі романымның сюжеттері мен сөз сөйлемдерінің формасын өзгертіп, аударып-төңкеріп, кейде дәл өзі көріп білгендей «Қаралы көш» романына пайдаланғандығын білдім.


Мен Жәди бауырды бір рет көріп, жақсы достардан болған едік. Бірақ, оның бір белдің ар жағына барып алып, біреудің шапанын аударып киеді немесе біреудің аузындағы тамағын таусайды дегенді мүлде ойламаған екем. Сондай жақсы бауырды бұндайға барады деуге әлі де қимай тұрмын. Қиын болды! Бұрын біреу айтыпты ғой: «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деп, сол сияқты Жәди бауырға қатты айтайын десем, жақсы бауыр, үндемейін десем, бұл ісі көңіліме сыймай тұр. Қайту керек? Шешімін Жәкең өзі айтсын – күтейін.


Шығыс Түркістан қазақтарының  XX ғасырдың бастарында қанды жаныштауларға ұшырап, ақтабан шұбырынды болып, туған жерден амалсыз ауып кетуі – қазақ тарихындағы ірі оқиғалардың бірі. Осы оқиғаларды Құрманалы Оспанұлы «Үш майдан», Шәміс Құмарұлы «Көз жасы сарқылмайды», «Бөке батыр», Қабылқақ Күлмесханұлы «Тұманды дала», Саяқат Мейрамханұлы «Өрт пен селдің арасында», «Қара шаңырақ», ал мен «Қасым батыр», «Сары жұлдыз» қатарлы романдарда суреттеген едік. Барлығының  оқиға жүлгесі бір. Алайда бір-бірінен мүлде көшірген, яки пайдаланған жоқ. Әркім, әр қырынан сол дәуірді суреттеп, өткен тарихтың шын сыры мен кертартпа үкіметтің әділетсіздігін ашып көрсеткен. Жәди бауыр да сүйтсе болар еді. Бірақ менің романдарымды үзіп-жұлып жұлмалап пайдаланған екен. Оған не зор туды? «Қаралы көшті» қайтсең де жаз» деп, ешкім зорламаған шығар?


Мен 1978 жылдан бастап Қасым батыр туралы ізденіс жасадым. Қасым батырдың Баркөлдегі қызы Ырысалды, Әліптің жылқышысы Сіләм Үрпекбайұлы, Әліптің қызметші шабарманы Уатхан, Оспан батырдың күйеу баласы Кәбен Буратайұлы, Оспан батырдың қызы Әзапай, Әліптің рулас туысы Құнанбай Нәбиұлы (бұл кісілердің барлығы да марқұм боп кетті), Алтынбек Уәлидің кіші әйелі Әнипа Кенешқызы қазір бар, Қасым батырдың жақын туысы марқұм Мәлік Жөкенұлы, қызыл әскер болған Бижұма Иманбайұлы, көп тарихты жинақтаған қарт педагог Әбіл Ілиясұлы, қазіргі жасы 90-нан асып отырған Қызырбек Көпенұлы, Мұсайып ата қатарлы Баркөлдегі қанды оқиғаларды бастарынан кешірген аз болса отыз-қырықтай ақсақалмен әңгімелесіп, ауызша көп деректер жинадым.


Бұдан сырт Тарбағатай аймағының бұрынғы уәлиі Нұрмұхамет марқұмның Қасым батыр туралы жазба дерегі, Моридағы марқұм Рақат Батыралинның Қасым батыр туралы жазба дерегі және «Шынжаң тарихи материалых (ұйғырша) 11, 18, 13-бөлімдері» және «Шынжаң қазақтарының шығысқа аууы», Халифа Алтайдың «Менің естеліктерім», Баркөлдің бұрынғы әкімі Мұхамештің «Баркөл қазақтарының аумалы-төкпелі ахуалы», Бұрхан Шаhидидің «Шынжаңда өткен елу жыл» қатарлы көптеген жазба материалдарды тауып, солардың Қасым туралы айтқан ортақ ойы бойынша аталған екі романды жаздым. Сол кездесулер мен материалдарда  Қасымды ешқайсысылары жағымсыз етіп көрсеткен жоқ.


Зерттеу барысында білгенім, Қасым – әділет үшін басын байге тіге отырып, Жиң Шурын мен Шың Шысай үкіметінің ұлттарды жаныштаған жауыздығына тұңғыш күрес ашып, оқ атқан ержүрек батыр. Шың Шысайдың Баркөлдегі қолшоқпары Абай дутыңға тұңғыш рет оқ атқан қазақ.


Демек, кім айтса да дәлелдейді. Бұндай халық батырына елім деп, еңіреп өткен ер азаматқа жеке көрқараспен баға беріп, жағымсыз кейіпкер етіп көрсету Жәди бауырдың ойсыздығы болып қалған. Қасымға «Батыр» деген атақты мен емес, сол дәуірдің халқы берген. Сол атақ бойынша Қасым батыр аталып, мұқым Қытай қазағына таныс тарихи тұлғаға және аңызға айналған кейіпкер.


Сүйтіп мен 20 жылдан астам ізденіп, зорға «Қасым батырды» жазып, едім. Ал, Жәди бір рет Баркөлге келе салып, соншалық мол материал мен дерекке қалай қол жеткізе қойды? Қазақта «ұры өле-өлгенше ақпын дейді» деген сөз бар.


Мен Жәди бауырдың роман жазуына тілектеспін, бірақ дайын асты кертіп пайдаланып, басқалар әлдеқашан жазып кеткен сүрлеумен жүруі тым ерсілеу болып қалған. Әлі де тың соныларды тауып, тың жолдармен жүрсе демекшімін.


Қасым батырды жамандап, аруағын ренжітпегені жөн еді, дауға қалғаны да содан ба дейді екенсің. Тарихи тұлғаларға субьективті көзқараспен жеке адамның бағалай салуына болмайды. Сабырлы болғаны дұрыс.


Ендігі жауапты Жәди бауыр өзі айтар. 

 


СЕН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІҢ!


 

Айналайын қызым Айжамал!


Саған көп сәлем! Бүгін бірінші рет мақалаңды көрдім. Шынында менің романымды ұрлап көшіріп екен. Бұл дұрыс емес, егер сен әшкерлемеген болсаң, менің романдарымның сауабы алынбай, обалды кеткендей екен. Саған көп рахмет, шырағым!


«Қаралы көштің» авторы не деп жатыр? Соны білейік. Мен кеше екінші мақалаңды көріп, өз көзқарасымды білдіріп мақала жазып интернетке шығарып қойдым. Көрдің бе? Бұл жақтағы азаматтар шулап, көшірмешілікке наразылық білдіріп, интернетке жолдап жатқанын байқадым. Ол жақтағылар қалай қарауда? Ендігі түйін: көшірушінің өзі дұрыс танып, аңғалдығын мойындаса болды. Сен жеңіске жеттің!


Бұдан кейін де әдебиеттің қарымды қайраткері бола беруіңді  тілеймін.


Енді интернет арқылы хабарласып тұрайық.


 

Құрметпен,

ҚХР Шынжаңнан жазушы Сағатхан Таңқайұлы

 

«Әдебиет порталында» көтерілген даулы мәселеге қатысты Қытайдағы жазушы Сағатхан Таңқайұлының уәжі міне, осындай. Қос тараптың да айтарын тыңдап, жариялау – біздің міндет. 

Тағы бір айтарымыз: жарияланып отырған бұл материалдарды порталдың рұқсатынсыз басуға болмайтынын ескертеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар