Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Махамбет-ғұмыр...

19.11.2024 594

Махамбет-ғұмыр

Махамбет-ғұмыр - adebiportal.kz

Қараой. Күз. Махамбеттің бұл жалғандағы соңғы күні. Бұқпантайлап жеткен сатқындық, аярлық, қастандық. Арманда кеткен асыл ер.

Батыр жүрек өзіне тықыр таянғанын сезсе де қобалжымады. Ақын жүрек тек жақсылықтан үміттеніп, жамандықтың боларына сенер емес.

Қараойдағы жалғыз үй кек қуған, сасық пиғылының құлына айналған дұшпан жұмсаған жандайшаптар үшін алынбас қамал секілді. Өйткені үйдің ішінде батыр отыр. Қаруын кезеніп баруға батыл жүрек, жігер керек. Ал жандайшаптар айланы қару етті. Күштіге жағынып, соның қолынан жуынды ішуді көздеген иттерде ерік-жігер, батылдық қайдан болсын?

Махамбет қапыда кетті. Қараойдың қасиетті топырағына ақынның қаны төгілді. Асылдың қаны қабыршақтана қатқан Қараой қасірет мекеніне айналды, бозарып, күңгірттенді.

Күрескердің ерлігімен келген даңқын төмендету, от ауызды ақынның уытты өле­ңін өшіру мүмкін емес екенін сан айлалы дұшпаны жақсы біледі. Енді қайтпек? Бір ғана жол бар, ол – өлтіру. Өлтіру арқылы есеп айырысу. Бұл – рухы әлсіздің ғана амалы... Осы амалға жүгінудің соңы қарғыс арқалау, қарғыс есту, қарғыстың астында бүрісіп, тырысып, қорлықпен күн кешу. Мұны нәпсі ұқтырсын ба?

Махамбеттің бұл дүниедегі соңғы күні ай тұтылған деседі... Мәңгілік өмір басталды. Батыр үшін, ақын үшін.

Махамбет ерлігімен де, өлеңімен де, өлімімен де қазаққа ой салып кетті. Жаттың емес, жақыныңның, қандасыңның, бауырыңның қолынан қаза табудың аянышты, қорлық, қасірет екенін Қараой оқиғасы қазаққа мәңгілікке ескертіп тұр. Бұл ескертпені есепке алар, оған елең етер ел бар ма?

Қараой. Күз. Аспанда сұрғылт бұлт сыздайды. Мысықтабандап келіп «мықтылығын» көрсеткен сатқындықтың қасіретті таңбасы мәңгілікке өшпестей басылып қалды.

Жолдыбай БАЗАР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар