Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бір күні бәріміз оянармыз...

21.11.2024 1059

Бір күні бәріміз оянармыз

Бір күні бәріміз оянармыз - adebiportal.kz

 (Нобель сыйлығын алған Хан Ганның «Вегетариан әйел» шығармасын талдау)

Әдет болған бір әрекеттен бас тартудың өзі қоғам таңған қағидамен жүруге дағдыланған адамдардың өмірін қалайша астан-кестенін шығарып жібергенін көріп, қатып қалған дүниеге өзгеріс енгізу оңай еместігіне көз жеткізесің. Дегенмен өзгерісті жүргізу үшін бір адамның жігері жеткілікті. Мызғымас таудай көрінген дүние құмдай сусып жермен-жексен болады екен. Момын да жұмсақ мінезді әйел соңында 30 килодай болып қалса да зорлап тамақтандырмақ болғандардың әрекетінен ешнәрсе шықпағанын көріп, адам ішінде жататын алпауыт күшті ешкім бағындыра алмайтынына көз жеткізсе болады.

Тамақ ішпесе де денесіндегі орасан күшке, салмағы қаңбақтай болса да бірнеше адамға әл бермейтініне персоналдың өздері таңқалады. Дәрігер аурудың ең соңғы кезеңінде де санасын жоғалтпағанын, назарын бір нәрсеге қатты қадап алғанын, бәрін түсініп жатқанын айтады. Хан Ганның «Вегетариан әйел» шығармасын оқып, адамзаттың бойында адамилық қасиеттердің сыртқы көрінісі қалып, ішкі мәні босап қалғанда, егер адам рационалды ақылды өшіріп тастап, бейсанасында қалыптасқан өмір сүру дағдысы мен жадыдағы жаңғырықпен өмір сүретін болса адам жаны хайуани бейнесімен бетпе-бет қалып шошығанда, табиғи тазалығына оралу үшін өсімдікке айналудан басқа жол таба алмай қиналатынын көресің.

Шығарманың бас кейіпкері Ёнхе жыртқыштық болмысынан бас тартудың жолын ағашқа айналудан көреді. Өмірде ешкімге қиянат жасамаған әйелдің бейсанасында бала күнінде өзін қауып алған итті әкесі мотоциклдің артына байлап, аузынан қан кетіп қансырап өлгенінше айдағанын, сол иттің етін өзі жегені сақталып қалған. Бейсана ештеңені ұмытпайды. Адамның хайуани әрекеті, қиналып, аузынан қаны ағып өлген иттің етін жеген оқиға - адамның періштелік болмысы алдында жантүршігерлік әрекет. Рационалды пайым, жады артқа  шегінген кезде бұл естеліктер адамды өзінен бездіріп жібереді. Хайуанға тән бұл әрекеттің елесінен арылу үшін еттен мүлдем бас тартып жануарлық болмысын аштан қатырмақ.

***

Әйел түсінде сарайда қаны ағып тұрған жануардың етін көреді. Аузы, қолы, киімі қанға малынып, шикі ет жеген өз жүзінен өзі шошиды. Бәрін жалмап, аузынан қан аққан бейнеден шошыған кезде, жанын түршіктірген осы сезімнен арылу үшін басында еттен бас тартсам, тынышын кетірген қорқынышты түстен құтылармын деп үміттенеді. Еттен бас тартқанның өзінде ішінде «қанішерлік» сипаттың қалғанын, айуандық болмысынан арыла алмағанына көзі жетеді. Ендігі жерде тамақтан мүлдем бас тартып, тек су ішсем ағашқа айналып, таза қалыпқа ораламын деп қуанады. Екі жағдай Енхеның санасы ауытқып кетуіне триггерлік оқиға болды.

Біріншісі, күйеуінің былай қарағанда қатты да емес агрессиялық әрекеті. Таңертең жұмысына кешігіп жатқан күйеуі жайбасар әйелін асықтырып, тамақты тез дайындауын талап етеді. Ішкі дүниесінде өзімен-өзі қалған әйелге қатты сөздің өзі психикасына қысым болып тиіп, саусағын кесіп алады. Аққан қанды тоқтату үшін саусағын сорып, қанды жұтады. Сол күннен бастап қанын сорғытып шикі етті жейтін бейнені көретін түстен арыла алмай қояды. Күйеуінің қалыпты өміріне ыңғайсыздық енгенінен әйелдің туыстары хабардар болады. Әйелді райынан қайтарып, етті жегізу үшін жақындары әйелді тырт еткізбей ұстап тұрып, әкесі озбырлықпен жағын ашып, аузына етті тығады. Іштегі хайуани бейнесінен құтыла алмай жүрген әйел аузына салынған еттен одан бетер шошып, еркектерге әлі келмесін түсініп, қолын пышақпен кесіп, суицид әрекетіне барады. Ішкі әлемін реттей алмай жүргенде жақын адамдарынан зорлық көргенде, сырт әлеммен байланысты қамтамасыз ететін мидың ақыл-пайымы бөлігінің шылбырын жіберіп алады. Екі бірдей әлемнің қысымына шыдай алмасын ұққан өзін-өзі сақтау инстинкті ақыл-пайымнан мүлдем бас тартуды жөн көреді. Ұйқысы бұзылған адамда онсыз да санасының пайымдау бөлігі жарытып жұмыс істеп жатпаған-ды. Осылайша сыртқы агрессиядан кейін әйелдің психикалық жағдайы нашарлай түседі. Хайуандық сипат өз ішінде екенін ұққан кезде мүлдем ас ішпеймін деп шешеді. Хайуан болудан арылудың жолы ол өсімдікке айналу деп шешеді. Басымен жерде тұрып, тек су ішсем ішім тазарып, таза, бейкүнә табиғаттық қалыпқа келемін деп ойлайды. Ал жан-жағындағы адамдар «адам болып қалуға міндеттісің» деп ас ішуден бас тартқан адамның мұрнына зорлап ас құймақ. Бәрі де адамилық пайым бойынша игі ниетте. Ақылынан адасқан адамға зорлық арқылы көмектесуден басқа жол жоқ екеніне сенімді. Жан-дүниең маңызды емес, бастысы, сырт қалпыңда адамилықты сақтап, барлық адам сияқты ас ішіп, тірлік істеуге міндеттісің дейді.

Қазіргі адамзаттың проблемасы осында. Рационалды ақылдың шеңберінен шығатын дүниенің орындалуы мүмкін еместігін білгендіктен, оған қол созудан өз еркімен бас тартуында. Мысалы, кішкентайынан әкесінен таяқ жеп өскен Енхенің «үйге мүлдем оралмасақ қайтеді» деген балалық тілегі жасөспірім әпкесі үшін мүмкін емес дүние болса, есейгенде «ағашқа айналсам» деген тілегі рационалды адамдар үшін әрине ақылға сыйымсыз дүние. Ең жақындарының өзі еттен бас тартуының түбірін анықтап, жан-дүниесін түсінуге талпынбайды.

Бірде-бір жақыны, не басқа жандар «жарайды, сенің ойыңды қабылдайын» деу арқылы ең құрығанда гипотеза күйінде кейіпкердің әлемін, жай-күйін түсінуге тырыспайды. Егер ең құрығанда ойша ұйғарып (гипотетически допустив), яғни Енхенің пікірін қабылдай отырып, әрі қарай ойын талқылай білгенде әйелге қайшылыққа тірелген жерін көрсетіп, тұжырымын өзгерттіруіне үміт бар еді ғой.

Шығарманың басында үн-түнсіз тірлік істеу арқылы күйеуінің ыңғайына көшіп, сөйлеуден қалып бара жатқан әйелге таңертесінде жұмысына асыққан күйеуінің сөзі триггер болып, осы әлемнің қысымына шыдамаған санасы өзге әлемге өтіп кетеді. Ол әлемде логикалық ойлау қабілет төмен болғандықтан, өзіне келген ойлардың жетегінде кетуге мәжбүр.  Осыған дейінгі санасында қалыптасып, ұстанған адамилық қасиеті ғана өзін шеңберде ұстауға көмектеседі. Дегенмен де анда-санда ол «шеңбер» де үзіліп кетіп, кеудесін жалаңаштап отырғаны өзіне оғаш көрінбейді. Ал қоғам не дейді деген ұстаным үстем еткен заманда жалаңаштану түгіл, бастығы ұйымдастырған кешке әйелінің кеудеқапты кимей келуінің өзі күйеуі үшін үлкен соққы.  Мидың рационалды пайымдау бөлігі істен шығып, адам өз жанымен жеке қалып, жаны таза қалыпқа жанұшыра ұмтылғанда миына келген «адамдар неге ағаш сияқты өмір сүре алмайды» деген ойы өмірді реалистік пайыммен қабылдайтын адамдар үшін нормаға жатпайтын дүние.  Көзбен көріп, қолмен ұстайтын материалистік көзқараспен өмір сүруді реалистік, шынайы өмір деп қабылдайтындар үшін бұндай адамдар жандары дертке шалдыққа науқастар. Негізі кімнің жаны дертке шалдыққанын айту қиын ғой. Мүмкін рационалды пайымдаудан қалған адамдар жанын таза сақтап қалған шығар?

Ақыл-пайыммен өмірдегі жағдайдың бәрін қорытуға қауқары жетпей, іштегі тасыған сезімі, жанының қалауы «ақыл» деген механизмді істен шығарып жіберсе, оның жаны дертке шалдыққан деп айтуға негіз бар ма? Санасының пайым бөлігі істен шықса оған жанының қатысы қанша?

«Күн балаларының» жаны таза, жұмақтық екенін бәрі мойындайды ғой. Ал ересек адамға келгенде неге басқаша логика қолданылады? Сонда ақылмен пайымдай білсе де, жамандық жасаудан қашпайтын, басқаға қиянат жасайтын, біреудің ақысын жейтін, өтірік сөйлейтін адамды қай санатқа жатқызамыз? Өз ақылын басқаға зорлық жасауға пайдаланып жатқан болса, миының «ақыл-пайым» бөлігі дұрыс жұмыс жасамайды деуге бола ма? Жоқ, өз пайдасын жібермесе, ендеше ақылы дұрыс болғаны дейміз бе? Ал жандары ше? Жаны дертке шалдыққан адам емес пе? Сонда керісінше кімнің жанын емдеу керек?

***

Бас кейіпкердің вегетариан жандардан айырмашылығы басқалар логикаға қиыстырып, өз ұстанымдарын саналы сипатқа әкелумен түсіндіріп жатса, Енхе еттен бас тартуының себебін тек көрген түсімен ғана түсіндіреді. Материалдық, логикалық сана үстем ететін орта бейсаналы, яғни иррационалды түсінікті қабылдаудан бас тартады.

Ет жемейтін вегетариандардың тірі мақұлықты өлтіруге қарсымыз деген қағидаларын, тағы бірінің жасыл өніммен ғана тамақтанып ұзақ өмір сүргім келеді деген ұстанымдарын, тіпті діни танымы да біреулер үшін жануар етінен бас тартудың қасиетті ұғым екенін қабылдауға қоғам әзір. Тек тосыннан пайда болған таңсық, түсініксіз дүниені ұсынба. Оған дәстүрді ұстанатын көнекөз ұрпақ та, қоғам таңған таптаурын көзқараспен жүретін заманауи қауым да қарсы. Сандаған жылдар бойы ата-ананы сыйлау, күйеуінің көңілімен өмір сүру деген сияқты дәстүрді үзіп алмасақ миссияны орындағанымыз деген қарт ұрпақ қызы әкесінің ет же деген талабын орындамай бас тартқан кезге не істеу керектігін білмейді. Бар ойлап тапқандары ұятқа қалдырған қыздарынан бас тарту. Бұл олардың жамандығынан емес, мың жылғы дәстүр бұл жағдайда не істеу керектігін айтпайды. Ата-аналық борышын сақтап қалайын десе, санадағы ұстанымға қайшы. Дәстүр бойынша бала әке-шешенің талабына қарсы келмеу керек. Осы күнге дейін сан миллиондаған ұрпақ үшін бұл түсінік бұлжымас қағида болып келсе, жаңа дәуірдегі адам санасында «неге» деген сұрақ қылаңдай бастады. Консервативті шығыс қоғамы үшін бұл үлкен трагедия.

Дағдарыс. Сұраққа жауап әлі табылмады. Сол себепті адасқан ұрпақтан бас тартудан басқа амал ойлап таба алмады. Қоғамда хаос (бей-берекеттік) орын алмас үшін қағидаға қарсы шыққандарды осылай жазалау керек олардың сенімдері бойынша. Ал көне заманнан ілгері кеттік деп өздерін прогрессивті санайтын заманауи топ қоғамның пікіріне тәуелді.

Басқалар не дейді, өзгенің менсінбеушілігіне тап болмайын деген көзқарас үстем еткен кезеңді озық заман деуге келе ме? Өзіне сенімділігі аз адам басқаның, қоғамның пікіріне тәуелді. Қағидаларды енгізу өзін басқалардан артық санайтын адамдар үшін пайдалы. Сол арқылы басқаларды игеруге, үстемдік жүргізу оңай. Себебі қоғамға қандай қағиданы енгізсе халық соны қабылдап, адамға, жағдайға сол қағидаға сай баға береді. Егер киімің брендті болмаса немесе трендтегі шоколадты жемесең, ол басқалардан қалып кеткенің. Басқалардан кемсің деген сөз. Ал бұл қағиданы кім енгізіп жатқаны, кімнің мүддесі үшін енгізілгенін пайымдап жатпайды. Бар болғаны қоғамда қандай қағида бар екенін біліп, соған сай болса болғаны..

***

Басында әйелі еттен бас тартқаны болмаса басқадай ауытқушылық әрекетінде байқалмайды. Сол баяғысынша күйеуінің тамағын істеп, үйін жинап, тіпті жұмысқа да барып келеді. Болмыс пен ғайыптың арасында қалып кеткен санада қоғамда қалыптасқан қағида бойынша әрекет жасамаса ол ұят болады деген сезімнің жоқ болып кеткендігі. Жалаңаш денесін біреу көріп қойса, тек санада сақталып қалған әрекет бойынша қимылдап, денесін жабуға тырысады. Адамзаттың өзі ойлап орнатқан қағидалары жоқ болып кеткен. Ақыл-пайым тізгінін жібере салғанымен, сананың жібінен айрылмаған. Оны көзқарасынан ішкі әлеміндегі буырқанған сезім мен оны басатын күшті аңғарған бажасы да, дәрігерлер де байқайды. Ал жалаңаш денесіне гүлдердің суретін салғанда жануарлық инстинкті, адами болмысы  бәрі араласып, солардың ортасындағы тіршілік иесіне айналғандай сезінеді.  Қан-қан беті іріп-ыдыраған адамның бейнесі кіретін түсінен арыла алмаған әйел денесіне гүлдің суретін салғанда ол түстен арылғанына қуанып әрі қарай әпкесінің күйеуінің ессіз ұсынысына көнеді.Бірақ онымен бірге жыныстық қатынасқа түскенде түсінде мазасын алған адам өзінің ішінде жатқанына көзі жетеді. Өзіндегі хайуандық болмыстан арылу жолын тамақтан мүлдем бас тартудан көреді. Алайда тіршілік ету керектігін біліп ағашқа айналуды таңдайды. Сол үшін ойлаудан да, сөйлеуден де бас тартуға әзір. Тек өмір сүруден бас тартпайды, себебі адамның түпсанасында өзін-өзі сақтау инстинкті жазылған. Үлкен әпкесіне әкенің ауыр қолынан құтылудың амалы өмір сүруге бейімделуге көмектессе, жәбірлікті мойынсұна көтеріп, азарлықты бастан кешу қан мен теріне дейін сіңіп кеткен Енхе ересек өмірде де зорлықты басынан кешуге мәжбүр.

***

Шығарманы оқи отырып сонда жер бетінде адамилық қасиет жоқ болып кетпес үшін кім өзіне жауапкершілік алғанын бажайлайсың. Енхенің әпкесі заты әйел болса да, өзін ойлауды ұмытса да жауапкершілік тізгінін тастамағанын көресің. Осыған қарап не себепті феминистік көзқарастың өршіп тұрғанын ұғасың. Физикалық тұрғыда күш-қайраты әлдеқайда мығым еркек үшін әйел адам табиғи инстинктін қанағаттандырып, үн-түнсіз тамағын істеп, киімін дайындап беруге тиіс, көп нәрсені талап етпей, ыңғайына бейімделіп, ұрпағын туып беретін тірі механизм. Бірнеше функцияны атқаратын биологиялық робот.

Қоғамдағы осы қалыпқа қарсы нәзік жандылар өздеріне таңылған осы рөлге қарсы шығуда. Қарсы болғанда нақты талапты қалай қоярын білмей, бірі еркектерден өш алуға, енді бірі еркектердің «рөлін» тартып алуға, үшіншілері әйелге арналған міндетті орындаудан бас тартуға шақырып, бойкот жасап жүр. «Доминантты тұлғалар өз міндеттерін орындамаса, нәзік жанды біздің неге оған құқымыз жоқ, дүниеге әкелген ұрпақты барыңды салып асырасаң да ержеткенде «бақытты емеспін, неге дүниеге әкелдің» деген кінә артса, бұндай аналықтың қай жері бақыт болмақ?» деп шырылдауда. Құрбандық әрекетімді, қайырымды ісімді бағалайтын ешкім болмаса ендеше өзім үшін өмір сүрген артық емес пе дейді.

Кейіпкердің әпкесі де бар күшін сарқып баласын аяққа тұрғызуға тырмысуда. Алайда ұлының тағдыры беймәлім. Жақындарының арасындағы қай еркектің модельдік рөлін өзіне алады? Атасы ма? Қызы айтқанын тыңдамағаны үшін одан бас тартқан? Жездесі ме? Әйелі қиын жағдайға тап болғанда бас тартып шыға келген? Әкесі ме? Қиялын жүзеге асыру үшін балдызының ауру хәлін пайдалану арсыздық екенін ұға алмай дегенін жүзеге асырған? Әйелдің мойнында отырып, бала алдындағы парызын оны сағынғанда анда-санда көруден аспаған, жауапкершілік дегенді ұғынбаған әкеден үлгі ала ма? Ондай әке ізін қуып кетсе, анасының еңбегі еш кеткені емес пе? Бұлардан бөлек қысқа шығармада автор қазіргі замандағы адам санасындағы жағдайды символикалық бейнелермен керемет жеткізгенін көресің. Адамның жаны қысылып жатқанын әйелдің кеудеқапты киюден бас тарту себебімен көрсетеді. Басқаға тілмен де, тіспен де, аяқ-қолмен де, тіпті көзқараспен зиян келтіруге болады, тек омырауым ғана қару емес дейді. Төсінің астында түйін пайда болған сияқты сезімін осы күнге дейін жеген етінен көреді. Қан мен ет ыдырап, әрбір тініме еніп кетсе, қорытылмай қалған қалдығы жануарлардың жаны болып қабырғамның қуысында жиналып қалды деген ойда. Желімдей жабысқан түйін тынысын тарылтқандай, қараңғы терезеден секіріп кетсем сол бір кесек ұшып кетер ме екен деп өзін кім құтқарарын білмей қиналады.  Күннің астында жалаңаш кеудесімен отыруы фотосинтез процессіне ұшырап, жануардан өсімдікке айналдырып жатқандай. Кейіпкердің жамбасында сақталып қалған көкшіл моңғол таңбасы бала күнгі періштелік таза қалпынан жібі арылмағанын меңзегендей. Туындыларына міндетті түрде ұшақтан бастап шыбынға дейін қанатты тіршілік иелерін бейнелеу арқылы еркек адамның жер бетінде нық тұратын тіреу таба алмағанын бейнелегендей.

***

Шығарманың авторы қазіргі адамзаттың бейнесін шеберлікпен көрсеткен. Кейіпкердің күйеуі үшін тамағын істеп, жағдайын жасайтын ыңғайлы әйелі болып, жұмысында бастығына жақсы көріну осы өмірдегі үлкен арманы. Адам болғандағы мақсатын - табиғи инстинкті мен материалдық жағынан ыңғайлы өмір сүруден көреді.  Әйелі үйдегі еттің бәрін лақтырып тастағанда күйеуінің пайымы мынадай: өзін ғана ойлағаны несі, не деген ақылсыз еді, ішінде эгоисттік ой бар екен ғой деп таңқалады. Ал сол күнге дейін отбасылық өмірде барлығы өзінің ыңғайына ғана сай болғаны ол үшін қалыпты дүние. Өз тарапындағы эгоизмді аңғармай, «не деген өзімшіл, ақылсыз едім» деген ой басына келіп-кетпейді. Қайдағы бір түс үшін еттен бас тарту ақылға қонымсыз қисынсыз дүние көрінеді. Әйелінің түсіне бола ұйықтай алмай қиналып жүргенін көрсе де оның ішкі әлеміне кіруден қорқады. Көмектеспек түгіл өзі кері жолды таба алмай тұзаққа ілігіп қалармын деп жан-дүниесіне үңілуден де қорқады. Күнде түсіне кіре беретін қараңғыдағы сарай, шалшық қандағы жүзін көретін түстен құтыла алмаған әйелінің жағдайын түсінуге тырысса, әрі қарай көмек беру керек болады. Бұл жағдайда шарасыздығын мойындау керек. Бұл еркектік эго-сына тиіп кететін болғандықтан, әйелінен кінә табу арқылы өзінің ар-ұятын тыныштандырмақ. «Артық-кемі жоқ барынша қарапайым әйелді іздеп жүріп алған едім» деп, қалайша ұрынып қалғанына таңқалады. Бұзылған техниканы лақтырып тастағандай, егер уәжді деген себеп таба алсаң адамилық қатынастан аттап өту оңай екенін көресің. Жынды адаммен бірге болсам мен де жынданып кетемін ғой, сырт көзге ғана жұмсақ та елгезек, бірақ әлі ет жемей жүргені дертінен айықпағанын көрсетеді деген еркек бір кездері өз тағдырын өзіне сеніп тапсырған әйелді оңай тастап кете алады. Ар-ұятынан, басқалардың жазғыруынан құтылу үшін дәйекті себеп табылса болғаны. Сондағы себеп - қиналамын деген қауіп. Қиыншылықты бірге жеңу, сол арқылы сынақтан сүрінбей өту деген ой қазіргі адамдарды қатты толғандырмаса керек. Жоқ, қазіргі адам үшін ыңғайлы да қолайлы өмір болу керек. Қиыншылықтарды жеңу емес, олардан бұрылып кете білу маңызды. Бұл әрекетті түсінуге де болар еді, тек адамилық қасиеттің үстінен аттап өтуге тура келгені болмаса. Бажасы оның антиподы, материалдық өмірге бейімделмеген, қияли әлемде өмір сүріп, сезімнің жетегінде жүрген, ол да саналы түрде жетіле алмаған біреу. Не сезімде, не материалдық дүниеде жауапкершілік дегенді өзіне ала алмаған ол әйелінің арқасында тұқымы осы дүниеде үзілмей жүр.

Жақсы әйелге қол жеткіздім деп қуанудың орнына кемшін тұсы үлгілі адаммен салыстырғанда көзге тым айқын түсетін болғандықтан, жағымсыз сезімді тудырған әйеліне риза емес. Кемшілігімен күресіп, түзету арқылы мықты тұсына айналдырудың орнына мінін айшықтап, ыңғайсыздық сезім жүрегінде батпандай зіл тудырған адам өзін тұншықтырып жатқандай қабылдайды. Ең құрығанда әйелі ұрысып-бажылдағанда айыбын, жауапсыздығын, өзімшілдігін ақтауға сылтау таба алар еді. Алайда әйелінің көнбістігі, барын салып өзін түсінуге тырысуы, бойсұнушылығы өзін іштей жеп барады. Ал егер сәл де болса жауапкершілік дегенді ала білгенде игі сезімдердің есігі ашылар ма еді? Өзіне деген сенімсіздікке бола өшпенділік, түңілу, сергелдең, құсалық деген сияқты сезімдердің түбірін іздеуге өмірі кетпес пе еді. Былай қарасаң сезіммен жүретін, өмірдің мәнін түсіне білген жан-ақ. Себебі бастапқы туындысында мейлі іштегі дауыл күштің әсері болсын, бірақ нәзік қимыл, жалаңаш әйел, бүр жарған гүлдер, періштелік таңба, іштегі қуатпен түрленген бояулар – бұның бәрі расымен тіршіліктің мазмұнын суреттеп, ақсұр-қара өмірге жарқын бояуларды енгізгендей. Алайда өзіңе жоқ дей алмасаң, жауапкершілік жүгін көтергің келмесе, ендеше қызулық, құмарлық сезімдеріне ие бола алмай нәпсінің құрбанына айналасың. Нәпсі тұзағына іліктірген болса ендеше тулаған, өршіген сезімдер моральдық қағиданың үнін мүлдем естіртпейді. Сол себепті туындыларында өмір алаулап, сан түрлі бояумен жалындап тұрғанымен, шынайы өмірінде солып қалған гүлдей жігерсіз, тіреусіз, бейімсіз біреу, тек қиялында самғап ұшып жүрген. Тіпті жалғыз ұлына қатысты туындысы да қиялында қалып кеткен. Оның қасында әйелі, бас кейіпкердің үлкен әпкесі осы өмірде өзіне үлкен жауапкершілік ала білген тұлға. Кішкентайынан әкесінің жағдайын жасай біліп, соның арқасында әке таяғынан құтыла алған, бауырына да соңына дейін қамқор болып, күйеуі мен баласы үшін өзін ұмытқан ол да қанша жерден адамилықпен өмір сүрде де, жетіле алмаған тұлға. Басқаларды ойлаймын деп өзін ұмытқан, ең соңында тіпті есінен адасқан сіңлім дұрыс айтып жатыр ма, мына өмірде ағаш болып өмір сүрген жақсы ма екен деп ол да осы өмірге адам болып келгенінің нығметін сезіне алмайды. Қанша жерден адамилық қасиетті биік ұстансаң да қателік жасамаудан кепілдік жоқ екеніне көз жеткізеді. Дәрігерлердің сіңлісін қинап тамақтандырмақ болған зорлық қимылдарын көргенде бауырын өз қолымен осында әкелгенін мойындайды. Сіңлісін тұтқынға әкелген өзі екенін ұғады. Күйеуінің кемшілігіне үнсіз бағына отырып, жарының бұзылуына өзім де үлес қостым ба деп қапаланады. Өзін аямай, төзімділік пен сабырлық танытқанда бұл дүниеде өмір сүрмегенін ұғады. Емі жоқ ауруға шалдығып қалдым деген ой келгенде өзін бұл дүниеде өмір сүрмеген баладай сезінеді. Ал дәрігер «бұл бар болғаны без, алып тастадым» дегенде әрі қарай өмір сүру керектігін ұққан кезде қуана алмайды. Бір уақытта ішінде бір нәрсе өзін жүйткіп келе жатқан поездың алдына лақтырып жіберетіндей қорқыныш пайда болады. Шыдау керек, шыдау керек деген оймен ғана өмір сүргендігін ұғады. Жатырындағы жараның беті жабылмай, керісінше апандай үлкейіп, денесін түгелдей қараңғы тұңғиығына сорып әкетіп бара жатқандай сезінеді. Әрі қарай шыдауға күші қалмағанын ұғады. Себебі өз өмірі өзіне тиесілі емес еді. Зорыққан өмірі тек қана өмірдің елесі немесе спектакль сияқты. Соңғы кездері басынан кешкен ауыртпашылығынан өзі де әдеттегі өмірмен байланыстыратын жіпті қолынан жіберіп алуға әкелер ме еді, егер ұлының өміріне деген жауапкершілігі болмағанда.

Бұл өмірде бізге сынақтан өтуге, қиыншылықтан сынбай өтуге көмектесетін - мойнымызға алған жауапкершілік сезімі. Мейлі, іс болсын, не басқа адамның өміріне қатысты болсын. Ең соңында жүзімнің сабағындай бір-біріне шырмалған денелер жыныстық қатынастағы емес, адам тұқымына жатпайтын бейнелер ретінде көріне бастады. Екеуі де адам болудан құтылып, басқа тіршілік көзіне айналуды армандаған шығар деп естері ауытқыған деп санаған жақындарының ұғымын қабылдай бастайды. Тәнінен елес сияқты қабықша ғана қалған сіңлісінің жаны қай мекенде жүр екен, басымен жер сүзіп тұрған кезде сіңлім қолымен Жердің өзегіне қол созған шығар деп ойлайды. Өмірден қол үзбеу инстинкті санаға тігілгендіктен нендей жағдай болмасын әрі қарай өмір сүре бересің.

***

Адам бойында жануарлық болмысы болады, бастысы адамилық болмысын хайуани инстинкті жеңіп кетпеуі керек. Адамилық деңгейдің жоғары сатысына көтерілу ол табиғи инстинкті санаға жеңдіру арқылы жүзеге асады. Мысалы, жаяу ғана жүретін адам мен кедергілердің үстінен секіру арқылы жүгірумен айналысатын екі адамды салыстырсақ қайсысы физикалық тұрғыда қайратты болады? Кедергіден асу арқылы адам шыңдалған мықты болады. Өмірде ешқандай қиыншылық көрмеген адам мен ыстық-суықтың бәрінен өте білген адам сынақтың қай-қайсына да қасқайып тұра алады емес пе? Сондықтан өмірдегі қиыншылықты кедергі деп қабылдаса болады. Кедергі тек тұрмыстағы қиыншылық қана емес, моральдық та тұрғыда арпалыстың неше түрінен өтеміз. Қанша жерден азғыруға ұрынсақ та жазылмаған моральдық заңды сақтай білсек қана адамилық деңгейде көтеріле түсеміз.

Бұл өмірде үш жақта: материалдық тіршілікте, рухани болмыста, моральдық тұрғыда жетістікке жету маңызды. Біздерге берілген ақыл-пайым, сана, сезім, ойлану, сөйлеу қабілеті, дене мүшелері, бәрі біздің адамилық деңгейде өз әрекетіміз (еңбегіміз) арқылы тек өзімізге тиесілі болатын байлыққа қол жеткіздіреді. Ол байлыққа ие болудан кім озғанын бұл дүниеде білу қиын шығар. Өйткені бұл дүниеде материалдық байлықты қандай да бір өлшем арқылы есебін шығаруға болады. Ал рухани байлықты немен өлшерсің? Адамилық деңгейді қандай шкалаға (межелік мөлшерге) саларсың? Сол себепті емес пе екен бұл дүниеде өлшемге салуға болатын материалдық танымның салмағы басым болып кеткені?

О дүние жоқ деген ұғымды адам санасына құя білсең, ендеше рухани байлық және адамилық ұстанымның қадірі кетпей ме? Ол байлық арқылы кімге нені дәлелдейсің? Жан-дүнием тыныш, іштей бақыттымын дегеніңді дәлелдеу қиын ғой. Себебі ішкі дүниені көзбен көре алмайсың. Ішкі әлемдегі байлықты бұл дүниеде тек сезіне білесің. Көзбен көру, қолмен ұстау мүмкін емес. Сол себепті санасында мәңгілік өмір деген ұғымды өлтіргендер үшін ол құнсыздау дүние.

«Түсіміз шынайы өмір сияқты, бірақ оянғанда басқаша екенін түсінесің. Бір күні бәріміз оянармыз, сонда....». Хан Ган.

Гүлнар ІЗТАЕВА

***

Автор туралы мәлімет

Гүлнар Ізтаева, 1972 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.

Ұзақ жылдар Ауылшаруашылығы министрлігіне қатысты салаларда ұйымдастырушылық және басшылық қызметтер атқарған. 2015 жылдардан бастап жеке кәсіпкерлік, қоғамдық істер және шығармашылық жұмыстарымен айналысып келеді. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Аудармашылар байқауында жеңіске жетіп, Гран-при марапатына ие болған.

2019 жылы «Алтын қалам» республикалық байқауында «Жылдың үздік прозасы» номинациясында жеңіске жетіп, «Таразы өмір» шығармасы жылдың үздік прозасы болып танылған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар