Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Қажығалымқызы Мұқанованың 60 жастық мерейтойына орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Астанадағы ұлттық кітапханада өткен іс-шараға шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университеті «Шет тілдер» факультетіндегі «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Египет), жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев (Өзбекстан), аудармашы, PhD докторы, Қажы Байрам Уали университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түркия), Хаджеттепе университетінің «Әдебиет» факультетіндегі «Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті» кафедрасының ғылыми қызметкері, өнер магистрі Сабина Саид (Түркия) және өнер магистрі, Фрайбург университетінің докторанты, әдебиеттанушы Верена Цабель (Германия) бар.
Конференцияны шымылдығын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін Мәдениет және ақпарат министрінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Руслан Әли оқып берді:
- Роза Қажығалымқызы – қазақ прозасы мен драматургиясына, өзіндік қолтаңбасын бағдар оқырманның жүрегіне жол тартқан қаламгер. Оның туындылары терең психологиялық мәнге ие. Адам жанының нәзік қырларын ашып, өмірдің күрделі салаларына жауап іздейді. Оқырман мен көрермендерді асқақ арман, өрелі ойға жетелейді. Осынау қажырлы еңбек пен шығармашылық болмыстан туған тұлғаның мерейтойына арналған бүгінгі шара Роза Қажығалымқызының әдебиет, театр, кино және педагогикадағы жарқын жолын тереңнен тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Бүгінгі алқалы жиында қаламгер шығармашылығы ғылыми тұрғыда сараланып, салмақты ой-пікірлер айтылады деген ойдамын. Баршаңызды мықты денсаулық, шығармашылық табыс, конференция жұмысына сәттілік тілеймін!»
Профессор, жазушы Роза Мұқанованың ұзақ жылдар бойы табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан, сан жүздеген болашақ өнерпаздың қанатын қатайтып, томағасын сыпырып, өнер көкжиегіне самғатып ұшырған Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымы да құттықтау сөзін арнады. Университет ректорының м.а., профессор Нұртаза Раушан Сабыржанқызы былай лебіз білдірді.
- Қаламгер бақытты қандай болу керек десе, менің көз алдыма ұзақ келіп істейді. Өзін іздейтін шығармашылығыңдағы әр жаңалықты асыға күтетін оқырманы бар қаламгерден бақытты кім бар? Қазақ театрын «Мәңгілік бала бейне» «Сарра», «Фариза» сынды туындыларынсыз елестету қиын. Бұл туындылар әлемдік сахналарға жол тартты. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің керегесін кеңейту жолында қаламгердің қосқан үлесі зор. Профессор Роза Мұқанованы шәкірттері өте жақсы көреді. «Роза Мұқанованың шәкіртімін!» дегенді мақтанышпен айтады. Ұстаз Ұлағаты болмай, ұрпақ ұлағаты болмайды. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы атынан туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз шәкірттеріңіз ғана емес, тұтас университетіңіздің мақтанышысыз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз.
- Құрметті әріптестер! құрметті қонақтар! Шынында да бүгін Астананың төрінде, құтты ордамыз кітапханада тамаша шара басталып жатыр. Роза ханымды тек әдебиетші, драматург деп ғана қарамай, қазіргі руханияттың бағытын айқындап отырған, өзінен кейінгі жастарға білім, ғылым бағытында өнерді түсіндіріп жүрген үлкен қоғам қайраткері ретінде бағалай аламыз, - деп сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ газеттері» баспасының директоры, филология ғылымдарың докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы өз кезегінде «Қазақ газеттері» ұжымы атынан жолдаған құттықтау хатты оқыды.
- Азат Қазақстанның бүгінгі әдебиетіндегі қайталанбас шығармашылығыңызды, талғамды жұрт ізденістің, ізгіліктің рәмізіндей көреді. «Жарық дүниеден» «Сарраға» дейін, «Құдірет-Киеден» «Бопай ханымға» дейін қос жанрдағы қадау-қалау еңбегіңіз, ұлт руханиятының олжасы. Дара болмысыңыз бен қолтаңбаңыз өзіңізді әрдайым биік абыройға бөлеп, руханиятты орнынан көтергені замандастарымыз үшін де, жастар үшін де айрықша өнеге. «Егемен Қазақстаннан» бастап «Ұлан» газетімізге дейінгі тарихи басылымдардың авторы ретінде де орныңыз бөлек. Заңғар жазушы, Еңбек ері Әкім Тарази ағамызбен бірге ұл-қыз өсіріп, Ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеп, талантты буын қалыптастырдыңыз. Бұл да еңбектің жемісі. Мерейтойыңыздың аясында өзіңіз бен отбасыңызға зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылығымызға толайым табыс тілейміз!
Үш күнге созылатын халықаралық конференция ертең де жалғасын тауып, Германиядан, Түркиядан келген делегаттар жазушының шығармашылығы туралы шеберлік сағатын өткізсе, республикалық театрлар автордың шығармашылығынан қойылымдар қояды.
Жиын барысында сөз алған жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова Роза мұқанованың әр әңгімесі туралы кеңінен сөз қозғап, шығармашыл тұлғаның таланты мен талғамына сүйіне дәлел-дәйек келтірді.
Конференцияда шетелдік қонақтармен қатар арнайы Алматыдан келген әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Ермек Ханкей, өнертану кандидаты, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай мазмұнды баяндама жасады. Сондай- ақ, ақын, Филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Оңайгүл Тұржан Роза Мұқанова драматургиясындағы басты ерекшеліктерді тереңінен талдап берді.
Верена Цабель, Фрайбург университетінің докторанты, әдебиеттанушы (Германия)
Соңғы үш жыл бойы кеңес одағы кезінде жарық көрген орысша және қазақша жазылған әдебиеттермен жұмыс жасап келемін. Бір жыл бұрын ядролық сынақтар туралы жазылған әдебиеттері зерттей бастадым. Ядролық сынақтарды көрсететін әдебиеттің арасында «Мәңгілік бала бейнесі» ерекше, себебі ол жарылысты көрсетпейді. Бұл әңгімеде адамгершілік құндылықтары ерекше көрсетілген. Ол ядролық сынақ құрбандары туралы ғана емес. Бұл жерде ядролық сынақ құрбандары өз көзімен көргендер арқылы әңгіме айтылады. Бұл кейіпкер Лейла. Роза апайдың оқырманға жеткізгісі келгені - Лейла мүгедек ретінде ғана емес, адам ретінде де көрсеткісі келеді. Роза апай бір сұхбатта былай айтқан еді: «Лейланың сыртқы келбеті мүгедек болғанымен, ішкі сұлулықтағы өршілдікті көрсеткім келді. Мен Лейланы жанымдай жақсы көріп жаздым. Оған мүлдем басқа көзбен, терең сезіммен қарадым». Әңгіме де, драма да бірдей әсер етеді. Себебі оқырмандар Лейланы жақсы көреді, оған жан ашиды. Олар Лейланың ішкі сұлулығын көреді. Төменде сол әсердің қалай пайда болғаны туралы айта кетсем деймін.
Әңгіменің әсерін түсіндіру үшін мен стигма және стигматизация сөздерін қолданамын. Себебі, менің ойымша, әңгімеде Лейланың стигманы өмірде қалай көретін туралы айтылады. Сол стигма туралы бірнеше сөзбен, атап өткім келеді. Жалпы стигма деген кемсітушілік деген мағынаны білдіреді. Бұл Қоғамның белгілі бір адамға немесе топқа деген жағымсыз көзқарасы немесе таңба басуы. Стигмаға ұшыраған адамдарға көбінесе қолдау мен көмек алу, қиынға соғу ғана емес, мүлде шетке қағу жатады. Бұл туралы қазақ журналисі Қанат Қабдрахманов да стигма туралы жақсы айтқан. Ол туралы Кабдрахманов әр түрлі мысалдарын көрсетеді. Оның бірі өмірде болған екі ғашық тулары. Қыз бұрынғы полигонға жақын жерде дүниеге келген. Ал, жігіттің әке-шешесі олардың үйленуіне қарсы шығады. Менің ойымша Роза апайның әңгімесі де сол стигмаға қарсы шығады. Себебі әңгіме Лейланың көзқарасы арқылы жазылған. Сол себептен оқырман оларды Лейланың көздерімен көреді. Лейла кейде Қатираның ауыр сөздерін еріксіз тыңдайтын болса, тіпті кейде Катираның көзқарасының өзі Лейлаға стигманы жиі қысымын жасайтынын көрсетеді. Ол Лейланың мүгедек денесіне ғана назар аударады. Оқырман болса Лейланың ішкі сезімдерін, оның армандарын, үміттерін көреді. Сол себептен оқырман Лейлаға жаны ашиды. Ал, Лейла мен жарық айы арасындағы достық бізге қатты тиеді. Әңгімедегі адамдар Лейланы тек мүгедек ретінде ғана көретіндері стигматизацияның және кемсітушіліктің айқын белгісі екенін анықтай түседі. Әңгімедегі жарық ай адамдар арасындағы қарым-қатынастың басқаша мүмкіндігі бар екенін көрсетіледі. Себебі, жарық ай Лейланы мүгедек ретінде емес, адам ретінде көреді. Сонымен “Мәңгілік бала бейне” әңгімесінде адамгершілік құндылықтарының ерекшелігі туралы тақырып көтеріледі және ядролық сынақ құрбандары қоғамдағы стигмаға қалай қарсы шығатындарын көрсетіп бере алады. Рақмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.