Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке...

25.11.2024 1052

Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке

Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке - adebiportal.kz

(Әңгіме)

– Қатын, қабағың қатулы ғой, – деп Пәштай үйге сөйлей кірді. Әшейінде алдынан жайраңдап шығатын жұбайы Рауғаш қолына ұстаған аудандық «Өскен өңір» газетін жалп еткізіп жерге тастай салды. – Не жазыпты, газетке өкпелі сияқтысың ғой? – деп еді, әйелі шаптығып қалды.

– Жұрттың әйелі он бала туып, герой боп жатыр. Менің жеті бала туып, жүрісім мынау. Сегізіншіге тағы жерікпін, – деп жұп-жұқа төрт бет аудандық газетті жерден алып, қосағының қолына ұстатты.

Пәштай – өндіріс бригаді. Негізі бригад деген колхоз бастықтан кейінгі мәртебе. Бүкіл жер мен егін, отын-суға бөлінген көлік, жыл аяғында жұрттың шекесінен шертіп, артық өнім жазу – бәрі-бәрі бригадтың қолында, тек істің тігісін жатқызып, қара-құрамен тіл табыса білу керек.

– Е-е-е, несі бар, Құдайдың бергені де, – деді тумысында терісі кең Пәштай газетке көз жүгіртіп. – Күміс алқаң мойныңда. Сегізінші мартта селсәбет орамал мен қара кеспе жауып, әтір-сабынның бәрін саған әкеледі. Кімнен кемсің? – деп жұбайының көңіліне дақ салған алақандай аудандық газетті жалп еткізіп жерге тастай салды.

– Жұрттың қатыны герой боп жатыр, – деп бұртиып тіл қатқан Рауғаш шәй қамына кірісті.

Пәштай кейде жақын маңда жүрсе үйге кеп түстеніп кетеді, алыста жүрсе «бөрі азығы – жолда» деп көрінген қазақ үйден дәм тата салады. Бригадты ауырсынатын түтін жоқ.

– Онда сен де онға жеткіз де, күріш ек – деп күйеуі босағада тұрған түртиген темірін көтерсең су ытқып қоя берген томпақ қол жуғышқа алақанын шайды.

– Мен он бала туып, күріш ексем, балаға кім қарайды? – деп Рауғаш сөзін түйіндеп, сәл іркіліп қалды.

– Апам қарайды.

– Апамды көндіріп көр. Он баламен күріш егемін деген не сұмдық! – деп естіген кезде-ақ екеумізге тұра ұмтылмай ма? – Рауғаштың  қайын енесіне деген ызасы әп сәтте бетіне кілкіп шыға келді. – Енем көнсе... бала туу деген түк емес.

– Иә-ә, түк те қиындығы жоқ, тек асырау оңай емес, – деп Пәштай жерде жатқан газетті қайта қолына алды.

- «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өспей ме» деген жұбайының ыза аралас даусын естіген ол дастархан басына жайғасты.

Алақандай аудандық газетті қайта қарап еді, бір бетіне көрші «Еңбекші» ауылындағы Ұлман Жайсаңбаева деген әйелдің күріш дестесіне оранып тұрған суреті мен астында «очерк» деген түсіндірмесі бар «Он үш жұлдыз» деген мақала жарияланыпты. Арасында еліміздің ең басты дөкейі – Бас хатшының Қазақстанның 50 жылдығында сөйлеген сөзінен үзінді жүр. «13 бала тәрбиелеп, күріш еккен Ұлман Жайсаңбаева екі мәрте Ер» депті.

- Апырмай, шынымен он үш пе екен? – деп Пәштай жастыққа жантайып жатып ап, газеттен көзін тайдырып, әйеліне қарады.

- Өлген ағасының үш баласын да атына жаздырып алған, дейді. Өзінен шыққаны он ғой, – деді Рауғаш бір кесе шәйді тістене ұсынып.

- Онды туу да оңай емес, – деп самауыр түбінде қабағы түйіліп отырған әйеліне кесесін ұсынды. – Құдай күш-қуат берсе, келер жылы сегіз болса, екі жылда сенікі де он болады. Сосын «Батыр – Ана» атанасың. Құдай екеумізге де қуат берсін, – деп тағы бір кесені сораптай бергенде, көшеде тұрған мәшиненің «Бип-п!» деп созылған даусы естілді.

- Шопыр кеп қалды. «Көкиірімге» барып жерді көруіміз керек. Жол жаман. Егіске жер таңдап, сүдігер жыртуға дайындаймыз. Өзің де дайындықсыз қалма, – деп күнде көріп жүрген әйеліне сөзбен ши жүгіртіп, орнынан көтеріле берді.

- Сіз дайын болсаңыз, біз дайын, – деп Рауғаштың түюлі қабағы жазылып, өң-жүзіне өмір нұры қалқып шыға келді.

Бригадты күтіп тұрған «ГАЗик» қайқаң етіп дөңгелеп кетті.

«Көкиірім» ауылдан он бес шақты шақырым жер, топырағына түрен тимеген тың аймақ. «Осы жерді Рауғашқа қалдырсам. Бастыққа оңаша айтсам. Оу, «әйелдер жасампаз күш, оларды еңбек майданына шығару керек» деп биліктің өзі айтып жатқан жоқ па? «Біздің Рауғаштың Ұлман Жайсаңбаевадан қай жері кем», – деп қосып қоям. Ол да ертең баланың санын онға жеткізеді», – деп бір қайырды да, шайқалақтап кетіп, шопырға қарады. Ойқы-шойқы жолда төрт дөңгелек жүк мәшинесі шоқырақтап, тәтті қиялы үзіліп, түйінделмей қалды. Әудем жер жүріп жол түзелгесін тәтті ойын одан әрі жалғады. – Әуелі парторгке айтайын. Өзі бізге күйеу боп келеді. Саясатты жүргізетін сол ғой. «Көкиірімнің» түрен тимеген топырағы жаман өнім бермес, – деп өз-өзінен жеңілдеп кетті. Сол жағындағы жылдамдыққа салатын қақайған темірге тізесі тиіп кетіп, денесі ду ете қалды. Көрпе астында Рауғаштың тұлабойын денесі жалап өткенде осындай күй кешетін. – Бүгін қайтсем де парторгпен сөйлесем», – деп, өзі сөйлеп, парторг тыңдап отырған оңтайлы сәтті көз алдына әкелді.

– «Көкиірімнің» төбесі көрінді, – деді шопыр жігіт қақайған темірдің жұдырықтай дүмін алақанымен қыса ұстап. Тегіс жерге түскесін мәшине алып-ұшып жүйтки жөнелді. Шопыр бір қолы рулде, бір қолы қақайған темірдің жұп-жұмыр дүмінде, төрт дөңгелек осы бір жіңішке темірге бағынып қалған секілді. "Тіхниканың болмысы да адамнан айнымайды екен-ау" деп ауылдан ұзап шықпаған Пәштай өз ойына өзі таңқалды.

- Енді жол жақсы, – деді шопыр күбірлеп.

Пәштай тістеніп сөйлеп қалған жұбайына аяқ астынан іші елжіреп, жүзін көріп, бір ауыз тәтті сөз айтқанша асықты. 

***

Отыз жыл бірге жамылған көрпе бұрынғыдан да жып-жылы боп кетті. Ерлі-зайыпты екеуі түнде шәйі көрпенің астында жатып әңгіме тиегін ағытты. Күйеуі бір қырындап алып, жұбайының иығына қолын салып ап, еркектік сезімнің шылбырына шырмалып қалды. Бұрын "күнде көріп жүрген Рауғаш қой" деп қарайтын әйелінің тіліне бал үйіріліп,  ә дегеннен таңдайдан шыққан тәтті сөз тұлабойын баурап әкетіп барады. Кейбір сөзіне қою қараңғыда селк-селк етіп күліп те алды.

- Алматыдан «Еңбекшіге» келген дөкей бастық жиналыс жасапты, Ұлман Жайсаңбаеваның 13 бала өсіріп, еңбек еткендердің алды боп жүргенін атап айтып, ең соңынан: «Сұрақтарың бар ма?» дегенде, сол ауылдың үлкені боп есептелетін бір шал: «Қарағым, Ұлманның еңбегі еңбек-ақ, оның күйеуі Сейсенбайдың еңбегі неге еленбейді» дегенде, дөкей сасып қап: «Еленеді, еленеді», – деп ыржалаңдап күле беріпті, дейді. Шынында еңбек соныкі ғой» дегенде, Пәштай мәз боп: Мені де бағалайтын біреу бар екен ғой. «Соғыста «Отан үшін жан пида!» дегендей, перзент үшін аянбайықшы, – деп қозғалақтап қалды. – Осы сенің ішің бұрынғыға қарағанда үлкендеу ме? – деді жұбайының теңкиген қарнын сипап.

- Алты айлық қой. Ертең доғдырға барам.

- Мен де ертең парторг пен бастыққа кірем. «Көкиірімнен» 20 гектар жер алам сенің атыңа. Екеуі де қарсы бола қоймас. Партия саясатына қарсы шығуға қорқатын шығар. Өздері емес пе, әйелдерді алдыңғы сапта ұстаңдар деп жүрген. Қол-аяғыңды аман-есен бауырыңа алсаң, ерте көктемде егіске шығасың. Кетпен ұстап, анда-санда қарауытып, ел-жұртқа бір көрінсең... – дегенде, аяғы ауыр әйел дүниеде дәл осындай еркек жоқтай қырынан жатып ап күйеуін қатты қысып, құшағына алды.

- Енем де қолдап отыр. «Жұрттан қаласың ба», дейді... – бәріне риза Рауғаштың еміс-еміс үні естілді.

Бұл – қырыққа тақап, қырқылжың шақты бастан өткерген ерлі-зайыптылардың неке түніне бергісіз ерекше тәтті түні болды.

***

Құдай берейін десе, аянбайды екен, Рауғаш күзге салым егіз ұл тапты. Біреуіне Мейрамбек, екіншісіне Әлімбек деп ат қойды. Шілдехана, бесік той деген бұл шаңырақ үшін таңсық емес, аузының салымы бар екі-үш көрші әйелді шақырып, шарананы бесікке салды. Қазақ перзент санамаған, осы жолы іштей біреумен бәсекеге түскен Рауғаш бесік басында тұрып: «Енді біреу тусақ, «Батыр – Ана» боламыз», – деп саңқ ете қалды. Қайын енесі: «Тәйт әрі, жаман ырым жасама!» – деп бетін қайтарып тастады. Рауғаштың шамырқануына тағы бір себеп – «Социалистік Қазақстан» газетінен тағы да Ұлманның суретін көрді. Республикалық әйелдер құрылтайына облыс атынан қатысатын делегат екен. Суреттің астында «Батыр – Ана», мол өнімші диқан" деген сөздер жазылыпты. «Облысты бір өзі ұстап тұрғандай шалқайуын қарашы. Кеудесінде қос Алтын Жұлдыз жарқырап...». Түртпек ой оң бүйірін түртіп қалды. – Өлә, мына қара, қасында Қостанайдағы шошқа бағатын қыздың суреті тұр, – деп Рауғаштың даусы қатты шығып кетті. Әнтек дауыстан бесіктегі шарана шар ете қалды. Бесікті тербетіп тұрып тағы да өзіне-өзі сөйледі.

- Кәпір-ай, күндіз-түні доңыздың қасында қалай жүреді екен!? – Жиіркене қараса да, қыздың кеудесіндегі Алтын Жұлдыздың бір ұшы кірш етіп қадалғандай кеуде тұсы дыз етті. "Осыдан енді... бір жылда бір бала тусам... көрерсіңдер мені де. Сосын тууды біражола доғарам» деп түс ауа келген газетті лақтырып тастап, бір жаққа асыққандай дызақтап, Пәштайдың жолын тосты. Сол келсе ауыр жеңілдеп, алыс  жақындайтындай боп көрінді. Өзі топырағын баспаған «Көкиірім» деген жердегі ұзындығы мен еніне көз жетпес егістік алқап пен төртбұрыш атыздарды көргенде жүрегі дүрсілдеп кеткен. «Бұны сумен қалай толтырады, күріш деген үш ай жаз суда тұрмай ма?» деп кең алқапқа қорқақсоқтай қараған. Сөйтсе кәрі Сырдария бәрін сумен қарық қылады екен, содан арнасын алған ағын су сай-саланы толтырып, көл-дария боп көлкіп жатады екен. «Біз бала емізуден басқа түк көрмеппіз-ау» деп егіске шыққан күні айналасына таңқала қарап, көңілі сергіп қайтқан.  «Осының бәрі бір Пәштайдың арқасы, сол болмаса мен тоғыз балаға толғатып, кетпен ұстар ма едім. Сол аман болсыншы. Құдай соны күш-қуаттан айырмасын» деп талтүсте ерінің жолын тағатсыздана тосты. Егізді қырқынан шығарысымен егіс басына барып, алқапты көріп қайтқан әйел оныншы перзентінің сұлбасын көз алдына кескіндеп селт тұрып қалды да, газеттегі Ұлманның суретін қайшымен қиып ап күн түскен терезенің алдына қойды. «Тегін әйел емес, тегін адам мұндай болмайды». Шошқа баққан қыздың суретін де қиып ап, умаждап, самауыр түтігіне сап от тұтатты. «Қазір Пәштай кеп қалса шәй дайын болсын» деп асығыс-үсігіс қимылға көшті. Бірге отырып шәй ішуді, сосын боз орамалмен желпініп отырып айтар әулекі әңгімені, сосын күннің батып, қас қарайуын күтті. «Он бала туған әйел бұл ауданда аз емес, бірақ Ұлманнан кейін шұбыртып бала туып, кетпен ұстайтын  мен ғана шығармын». Өзіне-өзі риза бір зуыл өнбойындағы жіңішке жіптің бойымен жүгіріп өтті.

Тұтанған от бықсып жана бастады. «Енді сексеуіл салайын» деп түтіндеп жатқан самауыр түтігіне төніп, шошқа баққан қыздың қара күйікке айналып, ирелеңдеп жанған суретіне жаны рақаттана қарады.

***

Колхоздың жалпы жиналысынан бригад Пәштай үнжырғасы түсіп қайтты. Есіктен кірген бетте бетіне жалт қараған Рауғаштың көңілі тоқ, жүзі жайдары, сүйінші сұрағандай алып-ұшып сөйледі.

- Менде жаңалық бар. Жүрегім айни бергесін доғдырға барып едім, аяғың ауыр, деді. Осыны аман-есен босансам, еркек болса – Тоқтарбай, қыз болса – Қоштасу қоям атын. Біз перзентке риза болсақ, олар екеумізге риза шығар. Бәрі сенің арқаң, Пәштай! –  деді де, қабағы түйіліп қалды. Күйеуінің өң-жүзінен кірбің байқады.

- Не, жиналыста бір нәрсе айтты ма?

- Парторг көп сөйледі. Мәскеу жақ дүрлігіп жатыр, дейді. Олар дүрліксе, біз қалтыраймыз ғой. Әйтеуір аман-есен болайықшы.

- Дүрлігіп-дүрлігіп қоят та. Желтоқсан да өтті ғой дүрлігіп, – деп әйелі саясатқа да ауыз салды.

Пәштай шәйін ішіп болғасын төсекке жатуға ыңғайланды. Соңғы кездері отыз жыл отасқан ерлі-зайыптылар дәл бір жаңа үйленген жас жұбайлардай жұмсақ көрпені ерте жамылатын боп жүр. Бүгін де емшектен шығаруға дайындай бастаған шақалаққа көкірегін бір сорғызып ап,  көнтерлі қайын ененің қолына ұстатты да, Рауғаш  жатын бөлмеге жетіп келді.

- Енді бұрыш жағып қоймасам...  жүдә қояр емес қой тартқылап, –  деп омырауын түймелеп келе жатыр. – "Уыз күйіңде көтеріпсің", –  деді доғдыр қыз.

- Күріштің бітімі де жаман емес, – деп күйеуі әңгімені егіске бұрды.

- Екі бақ бірдей қонса... «Батыр – Ананы» бірден беретін шығар. Сосын геройлық болса...

- Әуелі медаль алсайшы. Ол сатылап келетін дәреже ғой, – деп күйеуі атақ-даңқтың мәнісін айтып, түсіндіре бастады.

- Он бала туып, кетпен шауып жүрген қатындар көп емес. Соның бірі біз шығармыз.

- Әуелі оныншыңды жарыққа шығарып ал, қалғанын кейін көресің. Парторгтің бүгінгі сөзі жаман. Бір қауіп бар секілді.

Күйеуінің енжар кейпіне көңілі толмаған Рауғаш аяқ астынан бұртия қалды.

- Өзің бүгін әжептеуір боп қалыпсың ғой.

- Жалғыз мен емес, бастық та, парторг те осындай.

- Қатындары бедеу қалған биедей екі-үш баладан асырмаған соларды қойшы. Еркекпіз деп жүр ғой солар да.

- Не де болса, колхозды ұстап тұрған солар ғой. Қой, жатайық. Ертең ауданда жалпы жиналыс...

Аудандағы жиналыстан білгені – Мәскеу дүрлігіп, Бас хатшы орнынан түсіпті. Енді әр ел дербес өмір сүріп, өз түтінін өздері түтететін болыпты, дейді.  Осыны айтып келгенде Рауғаш балаша қуанды.

- Қайта жақсы емес пе? Біреуге күнің қарағанша өз жыртығымызды өзіміз жамамаймыз ба? Қашанғы Мәскеу деп жалтақтап отырамыз, – деп жеңіл ауыздыққа салып, саясатқа да тура тартты. – Геройлық та өз қолымызда болады.- Колхоз тарап кетсе, не істейсің?

Рауғаш тілін тістеп тұрып қалды. Көз алдына күздің күні сап-сары боп басын көтере алмай тұрған дәні баданадай-баданадай күріш сабағы елестеді де:

- Не дейд... Колхоз тараса, қалай күн көреміз? – деп жыламсырап қалды. – Тоғыз баланы... оныншыны сол үшін... – Рауғаш оң қолын көкірегіне қойып біраз тұрды да, жүрегі айнып, далаға қарай сытылып кетті. Қауындыққа барып ұзақ лоқсыды. Тұлабойы дызылдап, тағы бір лоқсығанда аузынан қып-қызыл қан ытқыды. Періште боп жаралған оныншы перзенттің сұлбасы жерде қалмай көкке ұшып кетті.

***

Биылғы егін бітік болғанмен орылмай қалды. Колхоз тараған соң жерді сатып алған қаладан келген біреу сары дәннің рәсуасын шығарып, бітік егіннің берекесін кетірді. Біресе тірлігіне мәттақам адамдарға, біресе темір-терсек – техникаға жала жауып, қызыл дән ақыры қырманға түспеді. Жекенің тірлігіне көндіге алмаған Пәштай да қазір көптің бірі, қолда бар екі-үш уақ малға қарап, аузы құрғағанда біреуін сойып жеп сорпа ғып ішіп жүр. Тоғыз бала тапқан Рауғаш «Батыр – Ана» атанбаса да, Алла тоғызына тоқтық берсін деп тәуба айтады. Тек анда-санда «Батыр – Ана» Ұлманның аты аталғанда іші удай ашиды.

Жаңалықты оқып тұратын аудандық газет те шықпай қалды. Кеше сол он үш бала өсірген өнегесі мол диқан Ұлманның да уақыты келіп, дүниеден қайтқанын ауылдастардың аузынан естіді. Бұрынғыдай салтанат жоқ, ағайын-туыс қоңырқай күйде шығарып салыпты. Рауғаштың о бастан құлағы түрік, газеттегі жылт еткен жаңалықты құр жібермейді, әрнені сыпайылап жазатын «Лениншіл жас» қазір «Жас Алаш» боп аты өзгеріп, азуы алты қарыс сөзсойылға айналды.

- Пәштай, мына қара. Өлә, сауап болған екен, онан да өлгені жақсы еді. Анау Қостанайдағы шошқа баққан қыз жындыханаға түсіпті. Мә, оқышы, – деді күйеуіне газетті ұсынып.

Пәштай мойнын бұрмайтын жаңалық атаулыны Рауғаштың қызыл тілі құр қалдырмайды. Амалсыз көз қиығын салғанда газеттегі қара бояумен көмкеріліп, қара сызықпен қоршалған сурет пен «Доңыз-өмірдің ақыры» деген тақырыптың сояудай әріптері арбиып-арбиып тұр екен.

- Сол шошқа баққан герой қыз ғой, – деді одан әрі оқығысы келмей.

- Сол... соның дәл өзі, – деді Рауғаш айызы қанғандай алқына сөйлеп.

Есік алдынан ешкінің лағының шыр-шыр етіп маңыраған жіңішке даусы естілді.

- Қозы-лағың бүгіндікке су ішкен жоқ. Бар, суғар, қайтып кеп оқисың, – деп Рауғаш бүктелген газетті томпиған телевизордың үстіне тастай салды. Жындыханаға түскен қыздың самауыр түтігінде түтіндеп жатқан Алтын жұлдыз таққан бейнесі де көз алдынан көлең етті. «Тағы біреулер оқыса керек боп қалар, түкпірге түсіп кетіп жүрмесін» деп газетті саусағымен түртіп, бері ысырды. «Әуелі Пәштай кеп түгел оқып шықса не дер екен?». Қозы-лақты суғаруға кеткен қосағын тезірек келсе екен деп  талтүсте тықырши күтті.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар