Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы......

20.11.2024 1297

Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы... 12+

Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы... - adebiportal.kz

Ақын, жазушы Омарғазы  Айтанұлының дастандары жайлы…

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ поэзиясына ерекше леппен келген талантты ақындардың бірі - Омарғазы Айтанұлы болды. Бүгін ақтаңгер ақынның туған күні.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, өнерге өз бетімен келіп, өзіне ғана тән жасампаздық даралығымен көзге түскен, жүйеден бүкіл қазақ әдебиеті деген алып арнаның сарқылмас бір тармағы болып қосылған әрі дара, әрі дана көкіректі кемеңгер ақын Омарғазы Айтанұлы бүгінгі және болашақ әдебиетіміздің бетіне өз қолтаңбасын қалдырған тұлға. Басқалай айтқанда, сонау 1950 жылдарда өз бетімен, өз үнімен, еліктеп, солқылдаудан ада, қорғасындай салмақты ойға өрілген жұғымды жырларымен әдебиет майданына келіп қосылған кең тынысты, дарабоз ақын.

Ақын, жазушы, драматург Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы 20 қарашада қазіргі Қытай қармағындағы Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Майлы тауында туылған. Орта мектепті үздік бітіріп, заман талабына сай ұстаздық қызметін атқара жүріп, 1957 жылы Шыңжаң институтының әдебиет факультетін бітіріп шыққан талант иесі «Шұғыла» журналына редактор болып тағайындалады. Өкінішке қарай, солақай саясат салдарынан жалынды жастың жұлдызды шағы бұлтқа оранып, көп боздақтың қатарында тас түрмеге айдалып кете береді. От шайнаған жастығында опық қапқан ақын, осылайша өмірінің жиырма жылдан астам уақытын коммунистік қытай саясатының құрбанына шалады. Осылайша тар есік, тас босағада айдауда болған ақын, 1978 жылы ақталып, туған елімен қауышып, қарагер қаламын қайтадан қолға алады. Ой-өрісі шыңдалып, қаламы төселген шағында, 1988 жылы кәсіптік жазушылыққа шығады. Ол – Жұңго жазушылар қоғамының мүшесі, Шыңжаң жазушылар қоғамының бұрынғы тұрақты жорасы, Шыңжаң фольклор қоғамының мүшесі, мемлекеттік үздік редактор, I дәрежелі кәсіптік жазушы. Қажырлы қаламгер 1992 жылы 26 сәуірде Үрімжіде қайтыс болады.

Омарғазы Айтанұлының «Еңбек» атты тырнақалды өлеңі 1951 жылы «Тарбағатай» газетінде жарияланғаннан бергі басылым көрмеген «Ақ мысық» драмасын былай қойғанда, 1981 жылы «Құс жолы», 1986 жылы «Тырналар» атты дастандар жинағы, 1984 жылы «Жыл сораптары» аталатын повестері, 1986 жылы «Аң шадырын оқ табар» романы, 1992 жылы «Таразы» романы, 1998 жылы «Сәукеле», «Түйе» атты өлеңдер мен дастандар жинағы, «Желемік», «Зер жаулық» қатарлы онға тарта сахналық шығармалары, он неше әңгіме, жиырмаға жуық сын-зерттеу мақалалары жарық көрді.

Омарғазының қазіргі қазақ әдебиетіне өз беталысымен, зерделі ізденісімен, өзіне ғана тәуелді жасампаздық даралығымен келген жалыны өшпейтін, шырайы солмайтын, сомдалған дара тұлға екендігін уақыт көп өтпей дәлелдеді. Ақын шығармашылығы туралы сыншы Мырзахан Құрманбайұлының «Омарғазы» атты ғылыми зерттеу еңбегі ақынның көзі тірісінде басылым көрсе, ақын қазасынан соң араға жыл салып, 11 томдық шығармаларының толық жинағымен қоса «Біздің Омарғазы» атты зерттеу, естеліктер жинағы жарық көрді. Әрине бұл еңбектің барлығы Қытайдағы қандастарымыз тарапынан жарық көріп, сол ортаның қазанындағы байлыққа айналып отыр. Санаулы шығармалары 60-жылдардан бастап қазақ еліне келе бастағанымен, кешігіп болса да ақын өлеңдерінің 2003 жылы «Тырналар» деген атпен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан тұңғыш рет кітап болып елімізде жарық көруі, әдебиет танушылардың қаламына ілігіп, зерттеу тақырыбына айнала бастауы жыл өткен сайын омарғазытану мәселесі күн тәртібіне қойылғандай көңілге қуаныш ұялатады.

Мен бұл шағын мақаламда Омарғазы жасампаздығының бір қыры – дастандары туралы тоқталуды жөн көрдім. Себебі ақын әлемінің абыройлы да азапты кезеңі осы дастандарында жатыр деуге болады.

Омарғазы өлең-жыр өлкесіне 1952 жылы жазылған «Майлы-Жайыр» атты өлеңімен келді. Сыншы Мырзахан Құрманбайұлының айтуынша:  «Ол әдебиет әлеміне келе салысымен тосын ақындық стиль қалыптастырып, табанда нағыз ақындық санатқа жарық етіп қосыла алмаған. Ол да өзге ақындар сияқты еліктеу, өнеге тұту, іздену, оқу, дамылсыз тіл ұстартып, ой-өрісін шыңдау, адамды, өмірді, қоғамды жіті зерттеу сынды барыстарды бастан кешіре келіп, содан кейін тың ақындық жол іздеген [1,10 б].

Әрине, Омарғазы поэзиясының қалыптасып, бүгінгідей жұлдызы жарқырап, кемелді өреге көтерілуін оңай-оспақ пайымдаулармен түсіндіру де мүмкін болмаса керек. Омарғазының осындай өрелі өлең иесі болуына жауапты өз сөзімен берсек: «Халқымның атамұра ауыз әдебиеті маған қайнар болды. Екінші: дәуір, заман маған жігер берді, үшінші: мен дүние әдебиетін, басқа ұлттардың қай-қайсысы болсын озық үлгілерін үйрендім, олардан алған нәрімді өз ұлтымның жасампаздығына айналдырдым. Осы себептер менің дара жолға түсуіме, қанат сермеуіме түрткі болды» [2,15 б].

Жоғарыда айтқанымыздай, 1950 жылдарда Қытайда Шыңжаң институтында оқып жүрген кезінен бастап өлеңмен айналысқан ақын тынымсыз ізденіс нәтижесінде 1957 жылы қыста үйіне келген бір айлық демалысында атын алашқа жайған «Менің шығысым», «Табиғат философиясы», «Найзағай» қатарлы әйгілі үш дастанын жазып шығады. Әдебиет деген алып арнадан кеңінен сусындаған ақын шекара шектемесіне өзі ұшырағанымен, өлеңін тұсауламады. Қытайда өмір сүрсе де Қазақстандағы оқырмандарын сусындатуға асыққан ақын жазған жырларын кешіктірмей шекара асырады. Енді сол дастандарды қолжазба күйінде оқып тәнті болған ақын Мұзафар Әлімбаевқа сөз берсек: «Иә, ол сонау 1957 жылдың сары күзі еді... Ойда жоқта, оқыста бір бума поэма қолымызға түсті. Қолжазба күйінде. «Көркем әдебиет» баспасына сонау Қытайдан келіпті. Кезекке тұрып, бірімізден біріміз қағып алып оқимыз. Бір күні әлгі қолжазба менің портфеліме сүңгіді. Үйге келген соң оқуға кірістім: «Менің шығысым» атты публицистикалық дастан екен. 

Сөйлер Самед Вургун бұлақтарынан алып өт, 

Мұхтар аға, 

Абай ағаңды ай астының ақжал атымен... 

Қалай-қалай шалқиды, сабазың! Қандай биік өрелісің! Асқақ романтизм лебі еседі. Сол күні жоспарланған шаруам далада қалыпты. Жазайын деген жаңа өлең жазылмай жатты. Түнімен отырып жас ақын Омарғазы Айтанұлының «Менің шығысым», «Табиғат философиясы», «Найзағай» дастандарын оқып шықтым. Өйткені, ертеңгі кезегін күтіп қомданып отырған әріптесім бар...

Шынымды айтсам, мен лепті поэзияның, өктем дауысты поэзияның ауылынан алыс қонған адаммын ғой, кеше де, бүгін де менің ақындығым майда қоңыр әндерге көбірек ұқсайтын болар. Соның өзінде де соныны сонылаған автордың сөз сілтесі, ықпал-серпіні мені еліктетті, еліктірді. Сол күнгі түйген ойымның негізгі өзегі: «Қазақ поэзиясына төлтума дастандар, өзгелерге атымен ұқсамайтын бітімі мен тумысы бөлек ақын келген екен. Үйреншікті өлшемге, яғни қазақтың қара өлең шеңберіне сыймай бұлқынған, екі иығымен кезек осып-іреп өзіне жол ашқан бір бұла күш көзге елестер. Не керек, сол қолжазба қолдан-қолға өтіп кете берді. Бүгін бүкпей айтатын шындық біреу: Омарғазы Айтанұлының «Менің шығысым», «Табиғат философиясы» атты туындылары кезінде ұстаздық рөл атқара дүниеге келген дастандар болды. Қазақстанның бір топ жас таланттары Омарғазымен «өнер жарысына, өлең бәйгесіне түсті дей аламыз»[3].

Биік адамгершілік өре, ақындық тұлға, әріптестік талғаммен кемеңгерлік ой айта білген Мұзағаңның болжамы бұрыс кетпеді. Мұзағаңды тамсандырған сол жырлар бүгінде бар қазақты таңдай қақтырып отыр десек артық болмайды. Біздің бұл пікірімізді белгілі жазушы Қалдарбек Найманбайұлының: «Қазақ поэзиясының аспанында сонау елуінші жылдардың ортасында жарқ етіп көрінген ол – Қытай қазақтарын ғана емес, Қазақстандағы жырсүйер қауымды да елең еткізген ақынның 1957 жылы Қазақстан Жазушылар одағына келіп түскен «Менің шығысым», «Табиғат философиясы», «Найзағай» аталатын мазмұны терең, философиялық толғанысқа толы, жаңашыл дастандары оқыған әріптестерін серпінді қалам сілтеуімен, көркемдік келелі ізденістермен түгел сүйінткен еді» [4, 2 б], - деген көзқарасы бекемдей түседі. 

Кезінде «қазақтың қара өлең шеңберіне сыймай бұлқынған, екі иығымен кезек осып-іреп өзіне жол ашқан бір бұла күш» – осы Омарғазы Айтанұлы еді. Біздің бұл дастандар туралы айтпағымызды ары қарай, алпыстан асқан шағында артына қарап, ардақты оқырманымен ой бөліскен Омыкеңнің сөзімен сабақтасақ: «Менің шығысымды» мен 1956 жылы жаздым. 

Бұл: Шығыс – Дүние шығысы,

Менің шығысым!

Мен Шығыс шатқалдарының қоңыр аюымын,

Қызыл тікен үңгірін аралап ержеткен.

Есімімді фантазия авторларынан сұра,

Фамилиям 

«Бейжің синантроптары» заманында өткен, -  

деп басталушы еді... Отыз сегіз жылдың алдындағы осы шығарманы мен әлі де жақсы көремін, кейбір жағдайда сол өреден мен өстім бе, жоқ па? Оны да кесіп айта алмаймын» [2, 16-б].

Бірақ аңызға айналған айтулы туындылары еншісі бөлек екі елдің, Совет Одағы мен Қытай қарым-қатынасындағы салқындық салдарынан баспа бетін көрген жоқ. Мұзағаңша айтқанда: «Қолжазба күйінде қолдан-қолға өтіп кете берген-ді». Отыз жылдан астам уақыт архивте тұншыққан сол туындылар сексенінші жылдың аяғында ғана оқырманын тапты. 

«Найзағай» дастаны «Өркен» газетінде, «Табиғат философиясы» дастаны «Шалқар» газетінде басылды. Соңғы жылдар «Жұлдыз» журналында «Тырналар» поэмасы жарық көрді. Ол дастанда ақын:

Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең сыймайды,

Өлең жолдары күреспен өседі.

Табиғат мазмұны мұнда жиналып,

Ақын қиналып,

Тағы бір формаға көшеді [5, 50 б], - 

деген еді. Міне бұл жолдары жаңашыл, талғампаз ақынның әу баста-ақ өнерге күшті жауапкершілік сезіммен, ізденісінің иісі бұрқырап тұрған жұлқынысты екпінмен келгенін айғақтайды.

Омарғазының ақындық қарымы ешкімді де бейжай қалдырмады. Бәрі де Омыкең туралы сөз болғанда, барылғыда аса таңданыспен оның даралығы, даналығы туралы тамсанады. Кезінде белгілі ақын Нүкеш Бәдіғұлұлы да сондай қызғанышсыз сүйсіністі көңілмен былай деген еді: «Ол – қазақ халқы мақтаныш ететіндей кесек дарынды, кемел азамат. Осы ғасырдағы аса көрнекті ақындардың бірі еді. Оның туындыларын жоғары интеллектілік пен философиялық серпінді толғаныстар шоқтықтандырып тұрады. Ол бір кездегі өлеңде орын алған жадағайлық пен ұраншылдықтан қашып, қатпарлы қалыңға түрен салып, поэзия пегасының ер-тұрманын алтынмен аптап, күміспен күптеуге көп күш жұмсайды» [2, 166 б].

Омарғазының тұтас өмірі өкінішпен өтпеді десек те, өртеніп тұрған жастығы тар қапас, тас түрмеде өткені ақиқат. Ол да сол біз көп айта беретін ҚХР тарихындағы «мәдениет зор төңкерісінің» құрбаны болып, 20 жылдан астам жастығын жат босағасында өткізген еді.

Әрқандай жасампаздық иесінің өмірінің куәсі – қаламынан туған шығармалары болатыны шындық. Сол тұрғыдан келгенде Омарғазы дастандары да өз өмірінің айнасы іспеттес. Оған мысалға ақынның құнды шығармаларының бірі «Тырналар» (1980) атты дастанын атауға болады. «Бұл дастанды ақынның соңынан ерген қаламгер інілері Қазымбек Арабин мен Қаһарман Мұқанұлы және Болат Бопайұлы ләззаттана талдады. Сірә, сыры неде? Бізше осы дастанның басты ерекшелігі тұлғалы образдар мен тағанды ойларының гармониясынан байқалатын сияқты» [1, 56 б].

«Тырналар» дастанының жазылу тарихы туралы ақын өз сөзінде: «Нағыз ақын болу деген – әрбір адамның өзінің ізденуіне, табиғаттың оған берген ақыл-ой байлығына, оның сезім, эстетикалық ойлануына байланысты. «Тырналарды» мен 20 жыл дегенде жаздым. Ол 3-4 күннің жемісі емес. Өте көлемді емес, шағын деуге де болмайтын орташа бір дастанды 20 жылда аяқтаудың өзі – бір ақын өмірінің қаншалықты зая болғанын да көрсетеді. 1961 жылы ауыр жұмысқа жегіліп шөп шауып жүргенімде аяқ астынан бір топ тырна аспанға айналып шыға келді. Құбының құмында осы тырналар қиқулап бір аптаға жақын жүріп, сол жылы туған балапандарын аспанға үйретіп, баулып, көп салтанат құрды. Бұл сурет дастанда айтылды ғой: 

Бір шумақ өлең бе әлде, аспанда ұшып жүрген,

Әлдебір керуен бе шөлде кезіп,

Аспанның аясына түсірілген, - 

деп айтылғандай, бір шумақ өлеңге ұқсап, тырналар аспанда айналып жүріп алды. Бірақ осы дастанның («Тырналар» дастанның бірінші нұсқасы) басындағы осы суреттеулері кейінгі «Тырналарға» ұқсағанымен оқиғасы құстарға шекара сызуға болмайды, құстар үшін шекара жоқ, - деген мазмұн еді.

Дастанды «Шұғыла» журналына бердім, онда басылмай із-түссіз жоғалған басқа шығармаларым қатарында ғайып болды. «Тырналардың» арғы тарихы 1961 жылдан басталған. Одан бері есептесеңіз 34 жыл болады. Бірақ аралықта, 1980 жылдың басы кезінде мен осы күнгі «Тырналарды» жаздым. Екі дастанның басталуы ұқсас, мазмұны басқа болды. Дастанның мазмұны өздеріңе белгілі бірі – аспандағы құс, біреуі – жердегі адамзат. О дүниеге кетейін деп жатқан, жүзден артық жасаған шал. Осы екі өмір салыстыра жазылған. Бұл да романтикалық дастан» [2, 17 б] - деп айтқанындай, 1980 жылы жазылған бұл дастандағы тырна – мифтік аңыздардың осы замандағы ақын санасында қайталай елес беруі. Дастанда шым-шытырық сюжет жоқ. 101 жасқа келіп төсек тартып жатқан шалдың кішкентай шаңырақтың кеңістігінен ұшып өткен бір топ тырнаны көріп әсерленгені, Жүз жылдық ескі дәптер ойына оралып мұңайғаны, тырналар алысқа кетіп тырауы үзілгені, шалдың да рухы ұшып шығып арғы дүниеге аттанғаны арқау болады. «Адам өлгенде оның рухы аспанға ұшып кетеді», - дейтін діни танымды көшпенділік таныммен байланыстыру арқылы мұнда үлкен философиялық ой түйген. Аталған дастанның бір шумақ өлеңін оқып көрелік: 

Айналып жер бетінде ұшып жүрген, 

Әлде бір керуен бе шөлде кезіп, 

Аспанның аясына түсірілген.

Не деген ғажайып ед.

Кәдімгі тырна дауысы тыраулаған, 

Әлде бір жылқышы ма, 

Қайырып мың жылқысын құраулаған.

Көрініп шаңырақтан.

Шеп жайып көк жүзіне баяу ұшып, 

Алыстан оралғанда, 

Сол дауыс кейде келіп, кейде кетіп, 

Іркіліп тыңдарлықтай түйелі көш, 

Тоқтатып біз кестесін, 

Бір сұлу отырардай ойға батып. 

Болды екен не сезімде 

Қария төсегінде тыңдап жатып [5, 28 б]. 

Ғажайып поэзия! Расында сөзбен сызылған сурет! Талдап жатудың өзі ерсі. Біз кестесін тоқтатып, тырналар тізбегіне таңырқаған қыздай, қадалып оқып тәнті боласың. 

Оңаша әңгімелердің бірінде О.Айтанұлы өткен жылдарды еске түсіре отырып, досы, жазушы Зейнолла Сәнікұлына өзінің өзегін өртеген екі өкінішін айтады. «Қашқын» және «Бұғы» атты түрмеде жазылған екі дастаны күзетшілердің қолына түсіп жоғалғанын, бұл екі дастан да өзінің тағдыры туралы жазылғанын айта келіп: «Мәдениет төңкерісі кезінде мені қолға алады екен деген лақап таралды. Содан бас сауғалап Еренқабырға тауына қашып шықтым. Апта бойы орманға жасырынып жүрген күндердің бірінде сонау арғы таудың шатқалынан жалғыз бұғының жосып бара жатқанын көрдім. Өз тағдырымды ен даладағы сол бұғыға ұқсаттым. Сонан көп ұзамай түрмеге түстім. Көз алдымнан сол бұғы, көркем тау табиғаты кетпей, сол дастанды жазған болатынмын. Менің арман қылатыным – сол екі дастан», - депті. Қуғынға түскен ғұмыры қашқан бұғымен тағдырлас болған ақынның, қасиетті қазынасынан айырылып, аһ ұрған шағы бұл ғана ма?! Олай емес, өмір оны өлеңінен айырып, талай өксітті. Омыкең туралы жазылған естелігінде осыны баян еткен Зейнолла Сәнікұлы: «Мәдениет төңкерісінде жоғалып кеткен он неше дастанның өзі бір ақынның өмірі үшін оңай ма?» - деген күрсінісін жасырмайды. Жай ғана жазарман емес, ұлттық поэзиясының рухына басқаша бояу сіңірген тұлға үшін бұдан асқан өкініш жоқ та шығар.

Аталған шығармалары мен жоғалған жәдігерлеріне қоса, ақынның өз дәуіріне көркемдік өре әкеле дүниеге келген «Тау арасындағы пойыз дауысы», «Бойтұмар», «Жасыл көйлек», «Құстар қайғысы», «Көк бөрі», «Қорқыт» қатарлы сүйекті дастандарын айырықша атап айтуға болады. Мақала көлеміне байланысты бұл дастандарға жеке-жеке тоқталмадық, ол – алдағы күннің еншісіне берілер сыбаға. Ал біздің мақсатымыз: қарымды қаламгер, дарынды ақын Омарғазы Айтанұлының көлдей мұраларының тамшыдай бөлшегін Қазақстан оқырмандарына кеңінен таныстыру ғана. 

Қорыта келгенде, көзі тірісінде-ақ көркем әдебиетіміздің классигіне айналған ақынның әлі де танылып зерттелмеген тұстары жетерлік. Жалпы омарғазытану – көлденең өткен көк аттының еңбегі емес. Өйткені көрнекті ақын Сәли Сәдуақасұлы жазғанындай: «Ақындық ізденісі, романтикалық ой -қиял парасаты өткен мен болашаққа, бүгінгінің күнгейі мен теріскейіне алма-кезек ат басын тіреп, әлем кеңістігіне шарықтаған Омарғазы поэзиясына қалай баға беру деген мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды» [2, 26 б].

Омарғазы өлеңдері бірден қабылдана бермейді. Ол – күрделі ойдың ақыны. Оның өлеңдері бір оқып өте шыққанға әсер етіп, елең еткізе қоймайды. Омарғазы поэзиясының ылғи да жүйкеге ауыр тиіп, қабақ шыттырар қасиеті мен адамның (лирикалық кейіпкердің) ішкі жан-дүние әлемін табиғат құшағына сіңіріп адам мен табиғатты айырылмас тұтас тұлғаға айналдырып жіберер шек келтіруге болмайтын шеберлігі мен сырбаз құпиясы да осында жатса керек. Жас жазушы Ардақ Нұрғазыұлы айтқандай: «Омарғазы поэзиясы тек Омарғазыша ойланатын оқырманын, Омарғазыша дүниені жырлайтын даңғыл кеудеге мұқтаж. Әуелі бұл поэзия – Омарғазыша тіл қолданудың мәңгілік қасиетін әйгілі етеді» [6].

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құрманбайұлы М. Омарғазы. – Күйтің: Іле халық баспасы. 2003 ж.

2. Біздің Омарғазы (қосымша том). – Бейжің: Ұлттар баспасы, 2004 ж. 

3. Әлімбаев М. Ақын Омарғазы Айтанұлының поэзиясы. // Шалқар, 20 сәуір 1993 ж.

4. Найманбаев Қ. (Алғысөз) Тырналар. – Алматы: Атажұрт, 2003 ж. 

5. Омарғазы Айтанұлы шығармалары (2-том. дастандар). – Бейжің: Ұлттар баспасы, 2004 ж.

6. Нұрғазы А. //Поэзия// Шетел әдебиеті, 2006 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар