№5 Қару мен қалам ұстаған 10 қаламгер

Бөлісу:

03.05.2016 5061

f027eb5dd377d278dd21dafa0f9aefac.jpg


Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынға қатысып, ерлікпен көзге түскен қазақтың ақын-жазушылар аз емес. Қанды қырғынға қатысып, ерлікпен көзге түскен қазақтың ақын-жазушылар аз емес. Қаламын қаруға айырбастап, майданның алдыңғы шебіне ұмтылған жазушы қауымының соғыс жылдарындағы өмірімен таныстырып отыру, сол бір қилы кезеңге байланысты олардың қаламынан туған шығармаларды жариялап отыру мақсатында «Әдебиет порталы» жаңа жоба ұсынып отыр. Жобаның алғашқы топтамасына дүние жүзін шарпыған жойқын соғыстың даңқты жауынгері, қаһарман қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы бастаған майдангерлердің шығармаларын, фотосуреттерін, естелік жазбаларын, бейнекөріністерін жариялау арқылы оқырмандармен қайта қауыштырамыз. Әр шығарылымда он майдангер қаламгерді қамтып жариялап отыратын боламыз.



№5. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер


 

1.       Қайсенов Қасым

 

1.jpg 


1918 жылы сәуір айының 23 күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асу-бұлақ аулында кедей шаруа отбасында туған.

 

Туған ауылында жетіжылдық мектепті бітіргеннен соң Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп оны 1938 жылы бітіріп шығады. Алғыр жас түлек оқуды бітіре салысымен сол жылы техникум маңынан ашылған cаяси ағарту курсына басшылық етуге тағайындалады. 1938-39 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарады. Ал 1939 жылы әскери-барлаушылар  мектебіне қабылданып ол оқу орнын 1941 жылдың күзінде бітіреді. Бұл уақытта фашист басқыншылары Отанымыздың батыстағы көп жерлерін жаулап алып қойған болатын.

 

1941 жылдың қараша айында ол Оңтүстік-батыс майданы  штабының қарамағына жіберіліп, штабтың арнайы тапсырмасымен жау жайлаған Украина жеріне парашютпен түсіріледі. 1941-1942 жылдары Киев, Полтав облыстарында коммунистердің астыртын ұйым жұмыстарына белсене араласып Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастырысып, кейіннен сол партизан құрамасының үшінші партизан отрядына басшылық етеді.

 

1943 жылдың қыркүйек айының 21 күні Чапаев атындағы партизан құрамасы Совет Армиясымен қосылғаннан кейін ол тағы да жау тылына жіберіліп, төрт рет арнайы тапсырмамен Украина, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерлерінде партизан отрядтарын басқарады. 1944 жылдың қараша айының екінші жартысында Карпат тауында партизан отрядтары 44-Украин майданы әскери бөлімдерімен қосылған соң, осы майдан әскері құрамында соғыстың соңына дейін жаумен шайқасып, 1945 жылдың басында туған еліне оралады. 1945-1946 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы  аппаратында референт қызметінде болады,  1946-1949 жылдары Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында аудандық атқару комитеттері председательдерінің орынбасары, 1949-1950 жылдар аралығында ҚазССР жеңіл өнеркәсіп Министірлігінде кадр бөлімінде аға инспекторы қызметтерін атқарады. 1951-1953 жылдары  Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы партиялық мектептің аудармашылар даярлайтын бөліміне оқуға жіберіледі.

 

Оны 1953 жылы бітірген соң ұзақ уақыт «Қазақ елі», «Жазушы», «Қайнар», баспаларында редактор, баспа директорларының орынбасарлары болып және Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарады.

 

Қ. Қайсенов 1957 жылдан Қазақстан Жазушылар одағына мүше.

 

Қ. Қайсенов қолбасшылық ордені «Богдан Хмельницкий», «Чехославакия партизаны», II, III дәрежелі «За заслуги» және 2 рет I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен шетелдердің және Совет Одағының медальдарымен сонымен қатар Қазақ ССР-нің, Украин ССР-ның «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.

 

1995 жылы 24 сәуірде оған «Халық қаһарманы» атағы және армия полковнигі деген шен берілді. 2003 жылы халықаралық А. Фадеев атындағы сыйлықтың, жазушылар одағының Б. Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының иегері болды.

 

Өскемен облысы Ұлан ауданының және Арқалық қаласының құрметті азаматы. Республикамызда оның атында орта, орталау мектептер, елді мекендерде оның атында көшелер бар. Мемлекеттік Шығыс Қазақстан және Қарағанды университеттерінің құрметті профессоры.

 

Қ. Қайсенов 2006 жылы қайтыс болған.

 

Фотосуреттерінол кісі туралы естеліктерді оқи аласыздар 



 

2.       Кузнецов Павел



2.jpg


Шығыс Қазақстан облысы Үлкен-Нарын ауданының Солдатово селосында 1909 жылы 7 тамызда шаруа семьясында дүниеге келді. Оның балалық шағы Өскеменде өтеді. Алдымен приходтық, кейін Семейдегі 2-басқыш мектепте оқып білім алған. Әдебиетпен ерте айналысқан Павелдің «Бұлбұл», «Түc» атты өлеңдері балалар журналында жариялана бастайды.

 

1920 жылдың аяғынан журналистік қызметте болады. Республикалық «Ленинская смена» газетіне келген соң жас ақынның қаламы ұшталып көпке таныла бастайды.

 

1930 жылдары Павел Кузнец, Павел Залетный деген лақап атпен жарияланған мақалалары мен суреттемелері, очерктері мерзімді баспасөзден жиі көрініп жүреді. Осы жылдары жас ақын Волга бойына келіп досы М.Иванусьев-Алтайсиймен бірге Самарада жергілікті газетте істеп, әдеби өмірге белсене араласады. Осында оның үш кітабы шыққан. Жаңа мекен қанша жақсы әсер еткенмен ақын туған өлкесін ұмыта алмай, 1935 жылы Қазақстанға оралады.

 

1937 жылы «Казахстанская правда» газетінде қызмет істейді. Ал 1938-1941 жылдары «Литература и искусства Казахстана» журналының редакторы болған. Сол жылдары ол Талдықорған қызылша өсірушілерінде, Семей мен Ертіс бойында, Қарағанды кеншілері арасында болып, жаңа жырларына жаңа тақырып тапты.

 

Павел Кузнецов Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. 1941-1943 жылдары 8-ші гвардиялық дивизияның «За родину» газетінің редакторы қызметін атқара жүріп, жауынгерлердің ерлігі жайында очерктер жазады.

 

1943 жылдан «Правда» газетінің тілшіcі қызметін атқарды. Сол жылдары халқымыз ақын қаламынан туған «Совет Одағының батыры И.В.Панфилов», «Алматыдан Берлинге дейін» (1945ж.) очерктер жинағы мен «Солдат дәптері» (1944ж.) атты өлең кітабын жылы қабылдады. Бұл шығармалардың қаһарман кейіпкерлері даңқты қолбасшы И.В.Панфилов, полковник Б.Момышұлы, соғыс ардагерлері М.Ғабдуллин, В..Клочков сынды адамдар еді.

 

Соғыстан кейінгі жылдары Павел Николаевич «Советский Союз» журналы редакторының орынбасары болып жауапты қызмет атқарды. Осы уақытта ол тарихи тақырыпқа қалам тарта бастайды. 1916 жылғы қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысы мен Кенді Алтайға келген питерлік коммунарлар өмірі жайлы жинақтаған деректері негізінде «Амангелді Иманов» поэмасы мен «Питерліктер» повесін жазды.

 

П.Кузнецов өз оқырмандарына аудармашы ретінде де жақсы таныс. Ол Жамбыл шығармаларын тұңғыш орыс тіліне аударушылардың бірі. Павел ақынның революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, жырларын, «Сұраншы батыр», «Туған елім», «Менің өмірім» т.б. поэмаларын 1936-1945 жылдар аралығында аударады. Ол Жамбыл өлеңдерінің мағынасы мен көркемдік қасиеттерін орыс тілінде дәлме-дәл жеткізуге тырысты. 1950 жылы П.Кузнецов Жамбыл өмірі жайында тарихи роман жазды. Ақын еңбегі жоғары бағаланып романға Жамбыл атындағы республикалық І -ші сыйлық берілді.

 

Павелдің аударуымен Абай, Ілияс, Сәбит, Тайыр сынды басқа да қазақ ақындарының өлеңдері орыс тілінде жарық көрді.

 

«Мұратына жеткен адам» (1950ж.) және «Тастағы гүл» (1965ж.) шығармалары ақын творчествосының елеулі табыстары болып табылады.

 

Павел Кузнецов «Ертіс жағасында» (1940ж.), «Асыл тас». «Жол соқпақтар» (1946ж.) атты өлең кітаптардың, «Алтай тауларында», «Торғай даласы» атты поэмалардың авторы. Туған өлкенің тамаша адамдары, көрікті табиғаты ақын жанын өзіне тартып тұрғандықтан ол Москвадан Өскеменге жиі келген. Кенді Алтайда болып қайтқаннан кейін орталық басылым беттерінде Павелдің «Ертіс аңызы», «Өскемен-Москва», «Нұр Зайсанның шамшырағы» атты очерктері мен әңгімелері жарияланып тұрған. Павелдің Кенді Алтайға келген сапары мен жазған хаттары жайлы жерлес достары Е.Д.Панкратьева, М.И.Чистяков, Ф.М.Карбушев құрметпен еске алып отырған.

 

П.Н.Кузнецов Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз «Kұрмет белгici» ордендерiмен марапатталған.

Кенді Алтай топырағына кіндігінің қаны тамған жерлес ақынымыз П.Н.Кузнецов 59 жасында дүниеден өтті.

 

3.jpg

 

 

3.       Қамбарұлы Қапан


4.jpg 


1921 жылы 1 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Қандөз аулында дүниеге келген. Түркістан қаласының балалар үйі мен интернатында тәрбиеленіп, педучилищені бітірген соң, ауыл мектебінде мұғалім болды. Алғашқы өлеңдерінің бірі аудандық «Қызыл Түркістан» газетінде жарық көрді. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақстан Орталық партия комитеті жанындағы республикалық партия мектебін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында отыз жылдан аса жауапты қызметтер атқарған.

 

Қазақ университетінің журналистика факультетінде жиырма жылға жуық дәріс оқыды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысты. «Түпнұсқа және аударма» деген кітап жазып, кандидаттық диссертация (1969) қорғады. Докторлық диссертациясы «Ерлік эпосы» деген атпен 1979 жылы «Жазушы» баспасынан жеке монография болып жарық көрді. «Жорық жырлары», «Өшпес жалын» ғылыми-зерттеу еңбектері кітап болып шықты.

 

Отыз шақты кітаптың авторы. «Қанды жылдар» дилогиясы – «Ашыну» (1987) мен «Жаза» (1991) «Жазушы» баспасынан шықты. «Ақадырдың ақ шағаласы» (1982), «Махаббаттың тұрағы» (1994), Қаракөзайым (1996), «Меңсұлу» (1997), «Сейітқасымның жұлдызы» (1997), «Екі арудың махаббаты» («Махаббат кітабы» атты романдары топтамасында, 2003) романдары; «Көксеңгір», «Ақ қайың», «Ертісте», «Алтай аясында», «Таудағы қала», «Ақ жалын», «Туған жер» атты повестері жарық көрді. «Әзірет Сұлтан» атты деректі роман-хамсасы үш том болып басылды. Түркістан қаласының Құрметті азаматы. М.Кольцовтың, А.Довженконың, Н.Ановтың, В.Ванюшиннің бірсыпыра әңгімелерін, «Гүлшешек» кітабын қазақшалады.

 

«Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысына қатысушы», «Георгий Жуков» және басқа 12 жауынгерлік-мерекелік медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 


4.       Қанахин Өтебай



5.jpg 

 

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тәуіп ауылында туған.

 

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

 

1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

 

Әдебиетке елуінші жылдары келді. 1953–1960 жж. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1960 жылдан Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы, мәдениет секторының меңгерушісі, 1963–1966 жж. «Жазушы» баспасында бас редактор, 1966–1969 жж. Қазақстан КП ОК-нің насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1969–1970 жж. «Жалын» альманахының тұңғыш бас редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі, 1975–1982 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық редакциялық алқасының бас редакторы қызметтерін атқарды.

 

Алғашқы әңгімесі «Екі кездесу» 1947 жылы жарық көрді. «Ауыр күндер», «Мұрагер» (1958), «Көл жағасында» (1960), «Маздақ» (1964), «Тұңғыш махаббат» (1966), «Жас дәурен» (1966), «Жер басып жүрсем» (1968), «Дәмелі» (1962), «Жүрек қалауы» (1974), «Бақыт бәйшешегі» (1976), «Құдірет» (1979), «Қарт сарбаз хикаясы» (1986), «Ата қоныс» (1990), т.б. кітаптардың авторы.

 

М.А.Шолохов, А.М.Кожевников повестерін тәржімалады, бірқатар шығармалары орыс, украин, белорус, өзбек, армян, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз және неміс тілдеріне аударылған. 



5.       Лекеров Асқар

 

7.jpg


Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Аягөз ауылында туған.

 

1932-1934 жж. Алматыдағы «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында істеген. 1934-1936 жж. армия қатарында болып, 1936-1938 жж. Алматыдағы журналистер институтында оқыған. Оны бітірген соң, 1941 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында еңбек етеді. Ұлы Отан соғысына қатысып, одан оралған соң 1946 жылдан «Социалистік Қазақстан» газетінде, 1950-1953 жж. КОКП Орталық Комитеті жанындағы партия мектебінде оқыды.

 

 

1953-1954 жж. «Әдебиет және искусство» журналы редакторының орынбасары болды. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы») редактор қызметін атқарды.

 

Әдебиетке 1934 жылдан бастап араласты, кішігірім очерк, әңгімелер жазудан бастады.

 

Еңбектері 1937 жылдан бастап газет-журналдарда жарияланып, 1955 жылы алғашқы өлеңдер жинағы, ал 1957 жылы әңгімелер жинағы басылып шықты. Қытай жазушысы Дин-Линнің «Санған өзені үстіндегі күн нұры» деген еңбегін және «Ауған ертегілерін» қазақ тіліне аударды.

 

Қызыл Жұлдыз, І, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

 

 

Шығармалары:

 

Достар. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1955;

 

Сөнбейтін жұлдыздар. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1957;

 

Гауһар. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1965;

 

Түз гүлі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1968;

 

Өмір оты. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1969;

 

Ауған ертегілері. Аударма. А., 1984.


 

6.       Лемберг Александр



8.jpg


1919 жылы 11 қаңтарда Одесса қаласында туған.

 

Одесса мемлекеттік университетінде оқып жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына майданға аттанған.

 

Соғыстан кейін Қазақстанға келіп, журналист, театр әкімі, «Театральная Алма–Ата» басылымының жауапты хатшысы болып қызмет істеген.

 

Алғашқы өлеңдер жинағы «Паруса в степи» 1956 жылы Алматыда жарық көрді. Қазақ, ұйғыр ақындарының өлеңдерін орыс тіліне аударды.

 

Шығармалары:

 

Паруса в степи. Стихи. А., ҚМКӘБ, 1955;

 

Полдень. Стихи. А., ҚМКӘБ, 1959;

 

Завязь. Стихи. А., ҚМКӘБ, 1963;

 

Свидание в Байконуре. Стихи. А., «Жазушы», 1966;

 

Звезда от света. Стихи. А., «Жазушы», 1969;

 

Отплытие. Стихи. А., «Жазушы», 1972;

 

Нитка света. Стихи. А., «Жазушы», 1974;

 

Вероятности. Стихи. А., «Жазушы», 1978;

 

Неевклидова синева. Стихи и поэма. А., «Жазушы», 1985.

 


7.       Макеев Леонид




9.jpg


1911 жылғы 14 маусымда Петропавл қаласында туған.

 

1931 жылдан журналистік қызметін бастаған. Петропавл газеті «Смычкода» әдеби қызметкер болған.

 

1932 жылы жас жазушының алғашқы очерктер жинағы – «Поход за рабочую смекалку» шықты. 30-жылдары Петропавл, Алматы, Иваново облыстық газеттерінде істеді. Орталық «За индустриализацию» газетінің тілшісі, «Литературный Казахстан» альманахының жауапты хатшысы болды.

 

Ұлы Отан соғысы жылдары майданда Панфилов атындағы 8-гвардия дивизиясының «За Родину» газетінің жауапты редакторы, әскерден оралғаннан кейін «Советский Казахстан» журналының бас редакторы, одан соң «Казахфильм» киностудиясы сценарий бөлімінің аға редакторы қызметтерін атқарды.

 

1936 жылы «В Акмолинских степях» деген атпен Қазақстандағы азамат соғысы ардагерлерінің естеліктерін өңдеп бастырды.

 

1945 жылы панфиловшылар туралы «Имя Героя» атты әңгімелері мен очерктер кітабы жарық көрді. Ғ.Слановтың «Дальные просторы», Қ.Әбдіқадыровтың «Комсомолка Рыскуль», М.Иманжановтың «Первые месяцы» повестерін, С.Мұқанов, З.Иманбаев, М.Зұлпықаровтың кейбір туындыларын орысшаға тәржіма жасаған.

 

«Дед Канбак», «Вольшебный кетмень», «Дальная дорога» (1977), Старик перекати поле. Мальенкий хитрец Тазша (1982). «Простой характер» (1983), «Растущая скала « (1984), т.б. кітаптары шыққан. Қызыл Жұлдыз орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.


 

8.       Мариковский Павел



10.jpg


1912 жылы 9 шілдеде Ресейдегі Хабаровск өлкесінің Вяземская стансасында туған. Қиыр Шығыс медициналық институтын бітірген.

 

Ұлы Отан соғысына қатысқан. КСРО Ғылым академиясының Қиыр Шығыс филиалында энтомолог боп істеген.

 

1946 жылдан бері Қазақ КСР ҒА-ның Зоология институтында лаборатория меңгерушісі болған. Профессор, биология ғылымдарының докторы. Көптеген ғылыми еңбектің, екі монографияның авторы. Ғылыми жұмыспен бірге, жазушылықпен айналысады.

 

Ондаған еңбегі шыққан. Бірқатар кітабы Бүкілодақтық конкурста арнаулы жүлдеге ие болған. Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамоталарымен марапатталған.

 

 

Шығармалары:

 

Мир шестиногих. А., ҚМКӘБ, 1952;

 

Розовая долина. А., ҚМКӘБ, 1962;

 

Муравей-амазонка. А., ҚМКӘБ, 1964;

 

Охота за насекомами. А., «Мектеп», 1965;

 

Маленькие труженики села. А., «Қайнар», 1969;

 

Насекомые защищаются. А., «Қайнар», 1977.



9.       Мәмедов Алие



лдщ.jpg


Түрік Күрдістанының Ван облысында туған.   1926 жылы Арменияға келеді. Еревандағы Мравьян атындағы курд педагогика техникумын бітіреді. 

 

Мұғалім болып жұмыс істейді, әскерге шақырылып, партизан отрядында болып соғысқа қатысады. Соғыстан соң Әзербайжан Мемлекеттік педагогикалық институтын бітіреді, ұзақ жылдар «Рйа Таза» газетінде қызмет істейді.

 

1959 жылы «Хатэ Ханым» деген атпен тұңғыш кітабы жарық көрді. 1971 жылдан КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның қаламынан «Таудағы соғыс» романы, «Гунде Мерхаса» («Ерлер ауылы») атты прозалық және «Де» («Ана»), «Гулистан», «Хафата мын» («Менің арманым»), «Почтение» атты поэзиялық туындылары жарық көрген. Көптеген шығармалары орыс, әзербайжан, армян тілдеріне аударылған. 

 

Әзербайжанның ұлы ақындары Самед Вургун, Расул Рза, Ашук Аласкердің жырларын курд тіліне аударған.

1990 жылдан бастап ол Алматыда өмір кешті. Осы уақытта ол ұлы Абайдың, Олжас Сүлейменовтің кейбір жырларын курд тіліне аударды.

 


10.  Мәуленов Сырбай



ррпр.jpg 


17.9.1922 ж. туған Қостанай облысы; Жанкелдин ауданы; Торғай поселкесі; — 1993) — ақын. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген (1973).

 

1943-1950 Қостанай облысы радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" (қазіргі "Коммунизм таңы") газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жылы. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылы Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші; "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жылы "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды. Тұңғыш өлеңі Жамбыл облысы "Колхозшы" газетінде 1937 жылы жарияланды, "Өлеңдері" атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрді.

 

С. Мәуленов – қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға елеулі үлес ретінде қосылды.

 

Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады. "Жолдас" (1954), "Жас жүрек" (1956), "Жол үстіндегі жалындар" (1963), "Жұлдыз жырлар" (1963), "Қызыл арша" (1969), "Боз қырау" (1976), "Тау гүлдері", "Шалқар", "Жалын" (үшеу де 1979). "Жаңбырсыз күз" (1980), өлендері "Шуақ", "Алтын тасқын" өлендер мен поэмалары (екеуі де 1981); "Жұлдыз жүрек" (1985) жинақтары шықты. Ақын кітаптары сыншылар тарапынан жоғары бағаланды . (1958) жылы "Таңдаулы өлеңдер" атты таңдамалысы, 1966 жылы "Шаңқай түс" жинағы, 1972 жылы "Тандамалыларың" 2 томдығы басылып шықты . Оның "Жаңа көктем" (1956), "Дала таңы" (1957), "Көгілдір таулар" (1964), "Жер нәрі" (1970), "Апрель жапырақтары" (1972), "Таңдамалы лирикалары" (1967), "Тандамала лирикалары" (1972), "Жапырақтар жанады" (1972), өлеңдер жинақтары орыс тілінде Мәскеуде басылды.

 

1981-1984 ж. "Таңдамалы шығармалары", "Алтын тасқын" 1-т. 1981, "Өлеңдері" 2т.-1983; "Өлеңдері", 3т. 1984 жарияланады.

 

Мәуленов – белгілі журналист бола отырып мерзімді баспасөзге белсене қатысты, көптеген публицистикалық мақалалар мен очерктер жазды. "Жар нәрі" атты әдеби портреттер мен очерктер жинағында 1966 республика еңбекшілерін халық шаруашылығын өркендетудегі еселі еңбегін туысқан республикаларға барған сапарларынан алған әсерлерін суреттейді.

 

"Ал Үркер төбеде тұр" 1971 жыл кітабы естеліктер мен портреттерден этюдтерден құралған. Бұл жинақта Абай, Ыбырай; Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қ. Аманжолов, Н.С. Тихонов, М. Тұрсын-заде тағы басқа өмір жолын қысқа әрі көркем бейнеленген. Шындағы шұғыла атты мақалалар мен очерктер жинағында 1972 Отанымыздың 50 жыл ішіндегі қол жеткен табыстары баяндалған. Мәуленов балаларға арнап "Барлаушы бал" (1961), "Құлыншақ", "Бала жолбарыс" (екеуі де 1963), Амангелді Имановтың балалық шағы туралы "Қорқақ торпақ" (1968) тағы басқа өлеңдер мен әңгімелер жазды.

 

Мәуленов орыс және туысқан халықтар әдебиетінің классиктері А.С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А. Некрасов, Т.Г. Шевченко, В.В. Маяковский, А,А. Блок, С.А. Есенин, Н.С. Тихонов, М.А. Шолохов, Ә. Науаи тағы басқа шығармаларың қазақ тіліне аударды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығынаң лауреаты (1970). 1-дәрежелі Отан соғысы; "Қызыл Ту", "Халықтар Достығы", "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталды.



№6. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер


Бөлісу:

Көп оқылғандар