Мұрат Алмасбекұлы. Ор киік (әңгіме)

Бөлісу:

26.05.2015 3556


(Қазақ даласында он мыңдап қырылған киіктерге арналады)


киік, сайгак, бөкен

Темір жолдың үстінде шоқайып үш-төрт бала отыр. Жел қарыған жанарлары бұлдыраған жол ұшына тесіліп қалған. Жақ жүні үрпиіп, танауынан «көк жорға» жылтыңдаған кішілеу біреуінің тіпті, тісі-тісіне тимей дір-дір етеді. Анадайда мұжық мұржасынан өлеусірей түтін үзген жұпыны үй мен жер бауырлаған шәкене қора-қопсы қалқияды. Бетін бүркеген жыртық бұлттардан пана таппаған күн, ұясына асығулы. Қарлы даланың қойны-қоншын ақтарған оспадар жел осып-осып өткенде, безеріп жатқан болат релістер домбыраның қос ішегіндей бебеулейді.


Балалар үйге баруға құлықты емес. Қолдарын қусырынып, бір-біріне бұйыға түседі. Кенет, алыстан бір қара байқалған. Сұп-суық релістердің бойын жып-жылы үміт ұшқыны жағалады. Ұйлығып отырған балалардың бір-екеуі атып-атып тұрысты.


– Әне, көкем келе жатыр.


– Өтірік айтасың.


– Алақай, көкем екен.


Олар жапа-тармағай жарыса жүгірді.


Үздік-создық жеткен балалар, көкелерін тұс-тұстан құшақтап, айналып-үйіріліп жатыр. Беттері домбығып, мұрны қызарған темір жол қараушы оларды еркелете күлімсіреді. Суық сорған бойы жылынып сала бергендей.


– Бозарып кетіпсіңдер ғой, түге. Нағып сыртта жүрсіңдер?


– Сізді күттік, көке.


– Тоңған жоқпыз.


Соңғы сөзді бағанағы жақ жүні үрпиген кішкенесі айтты. Олар ауыр пимасымен темір жолдың жастық ағашын нығарлай басқан әкелерін қоршай ілесті. Бір-біріне қауана жымыңдап, секіріп-секіріп қояды. Темір жол қараушы бірден үйге кірген жоқ. Алдымен қора-жайды бір айналып, ұлдарына тапсырған жұмыстың қалай істелгенін пысықтады. Онысы бірер лақты ешкі мен жалғыз түйенің су-шөбі болатын. Дірдектеген балалар көкелерінің көңілін жайландырып, тезірек үйге кіргізу үшін атқарған шаруаларын жарыса айтып, алды-артын орап жүр. Ал, бұдан әріге төзімі таусылған жаңағы кішкене, оларды тастай беріп, үйге қарай ұшты. Жұпыны құжыраның есігін жұлып алардай алқын-жұлқын ашқан ол:


– Апа, апа, әкем келді, енді көжені іше берсек бола ма? – деді шешесіне үзіле қарап.


Түстегі қара талқанды қанағат тұтпай, қарындары ашып, тамақ сұраған балаларға анасы «әкелерің келгенде бір-ақ ішесіңдер» деген. Өзі де үпі-тапы жетіп отырған асты «үнемейдік» дегенді, үйелмелі-сүйелмелі тентектер қайдан түсінсін. Қайта-қайта қыңқылдай берген соң, оларды «әкең келсінмен» алдаусыратқан. Мұрнындағы «көк жорғаны» көнетоз мақталы шапанның жеңімен бір жайқап тастап, жағасы жайлауға кете жарапазандай жеткен кішкентайдың шаттанып жүргені сол. Әкесінің қажыдан келген хабарын әкелгендей ентігіп тұрған баланы аяп кетсе де, ана өзі орнатқан «тәртіпке» тастай қатты.


– Келсе, үйге кірсін әуелі. Ал сен киіміңді шешіп, беті-қолыңды шай.


Бала бәрібір, әкесі дастарқан басына отырмай, аузына ас түспейтініне көзі әбден жетті де, алқын-жұлқын сыртқа қайта ұмтылды. Қазанның астын қағыстырған болып теріс айналған ана, жаулығының ұшымен көзін сүртті.


Сам жамырап, қараңғылық үйірілгенде, шам жағылған жұпыны үйдің ішіне жылылық ұялады. Көлеңкесі төрдегі қабырғада зорая түскен әкені жағалай жайғасқан балалар, аласа ас тақтайға емініп, алдарына келген сылдыр-сұйық кеспені «сұрпылдата» тартып жатыр. Үлкендеулері үлестеріне тиген бір-бір жапырақ қарма ананды қарбытып үлгеріп, қасындағы кішілеулердің әлі жартысы да желінбеген нандарына жалтақ-жалтақ қарап та қояды. Күні кешке дейін еріндері көгере тоңып, әрең қолдары жеткен несібесін олар қайдан бере қойсын, көз тіккендердің көмейін арыдан аңғарған кішкентайлар, еншілерін тас қып ұстап, шешелеріне қарай ығыстайды.


Көжеден кейін ешкі сүтін қатқан бір шәугім құла шайды маңдайы шып-шып терши отырып тауысқан күйеуіне әйелі ақырын ғана:


– Шай-тұз да азайып қалды, – деп ақырын ғана «бүлк» еткізді.


Жатар алдында темір жол қараушы сыртқа шығып бара жатып өзіне-өзі «бүгін жапырық інгенге шөпті молырақ салайын, ертең қамыс тартамын» деген. Ескілеу түйе жүн көрпенің астына енді кірген үлкен ұл мұны естіп, шидің түбінен шыға келген қоянның көжегіндей қаздаң қаға ұшып тұрды.


– Көке, қамысқа мен де барайыншы.


– Оны қайтесің, бекер тоңып.


– Тоңбаймын көке, көмектесемін ғой, ертіп алыңызшы.


– Болсын...


Қалдырып кете ме деп қорыққан бала түнімен жөнді ұйықтаған жоқ. Таңертең әкесінің тықыры білінген заман киініп алған. Жапырық өркеш інгенге қайқы бас шананы жеккен темір жол қараушы ұлын тері тонға орап тастады. «Аң бірдеңе кезігіп қалса» деп, шиті мылғытын да асынған. Ұялшақ қыздың бетіне тепкен қызылдай шапағын шашып, күн де көтеріліп келе жатты. Кешегідей емес жел бәсейіп қалған секілді. Қамыс оратын жер темір жолдан он шақырымдай қашық, «Қазанкөлдің» жағасында болатын. Сырылдаған шанада тербетіліп, жылы тонның ішінде ұйықтап кеткен бала, барылдай боздаған түйе дауысынан оянды. Жапырық інген тоқтамай едел-жедел боздап жіберді.


– Балам, алдыңғы жақта әлдененің сұлбасы көріне ме, – деді әкесі ұлына.


Бұлар ойпаңдау жазыққа қарай еңкейіп келеді екен. Шананың үстінде мойнын соза қараған бала, расында қар бетінде қалқақтаған бір белгіні көзі шалды.


– Мал емес пе көке, бірдеңе келе жатқан секілді.


– Иен далада мал жүрмесе керек еді, аң ба екен деймін.


– Қасқыр болмасын. Жапырық інген содан қорқып боздаған шығар.


– Жоқ, әдетте ит-құс тобымен жортатын, мынау аң сияқты, олай болса құдай берді, Алла нәсіп етсе, сендерді қуырдаққа бір тойғызамын.


Әлгі қалқаңдаған нәрсе бұларға тура тартып, таяп келеді. Қамысқа баратын жол сорабынан ауытқитын емес. Темір жол қараушы таңдана бастады. Аңның жолмен жүріп несі бар, жүрсін-ақ мейлі, жел біз жақтан, дауысымызды естіп, өзімізді көріп келе жатыр, баяғыда қашып жоғалса керек еді ғой. Не болса да деп, мылтығын ыңғайлай қарсы жүрген ол, бір кезде түйені шорт тоқтатты. Өз көзіне өзі сенбегендей үңіле қарап тұрды да, «мынау киік қой» деді қайран қалып. Тонды сыпырып тастаған бала да, шананың үстінде тізерлей отырып алған. Міне қызық, анадайда ілби басып ор киік келе жатыр. Ол қуанып кетті, көкем қазір ататын шығар деді ішінен. Тіпті, көз алдына буы бұрқыраған бір табақ тәтті қуырдақ елестеп, еріксіз жұтынып та алды.


Бірақ, көкесі аң ататын бейне байқатпады, керісінше, шитісін «лық» еткізіп, мойнына қайта тастай салғаны. Ашығып, адасып қалған киік болар, өзі неге адамнан қорықпайды, әлде көзі көрмей ме деген бала әкесі мен киікке кезек жалтақтаған. Киік болса ештеңеден жасқанатын емес, расында бұларды көрмейтін де секілді, бір аттам бұра тартпай, тіке келеді. Темір жол қараушы оқыс қимылға көшті, түйені тез бұрып, шананы жол сүрлеуінен алыстау шығарып қойды. Бала аң-таң. «Көкем не істемекші, әлде мына соқыр киікті тірідей ұстап алмақ па?».


– Уа, бәтіреке! Мынау киіктің текесі екен, е-е-е, жануарым-ай, «теке бұрқылдақтан» шыққан бетің-ау, бәсе, бәсе!


Әкесінің екпінді дауысына «елең» еткен бала, бұл кезде шананың тұсына жақын қалған киіктің зор текесіне бақырая қараған. Темірдей аша тұяқтары шыны қарды шықырлата басып, баяу көсіп келеді. Жіп-жіңішке сирақтары сидам денесіне сайма-сай. Бауыры мен тамағының астын тұтас жапқан ақ мамық жүн болымсыз желпінеді. Ұшы сәл қайқы қызғылтым әрі бунақ-бунақ қос мүйізі жаужүрек батырдың қылышындай қаһарлы. Салмалы таудың жотасындай дөңес мұрны да денесіне жарасымды. Ал, мөлдіреген қара көздері тіптен сұлу екен, қасынан өткенде анық көрінді. Тұңғиық мұң әлде сыр жасырынған жанары баланың бойын сілкінтіп жібергендей болды.


киік, теке, сайгак, бөкен


Бір қолымен бұйданы ұстап, бір қолын жанына жапсырған әкесі де, киікке қыбырсыз қарап қалыпты. Мойнындағы шиті мылтығының ұғңғысы шошайып, дәл бір саптың алдынан өтіп бара жатқан генералға құрмет білдірген солдаттай қақшиып тұр. Қозғалып қалса оны үркітіп алардай не жолына бөгет болардай ерекше ыждағат танытады. Ал, қарлы даланың үстінде өзі ғана бардай еш қаперсіз, ессіз, сезімсіз тартып бара жатқан ор киік бұларға мойын да бұрған жоқ. Шанадан он-он бес қадам ғана жол нобайымен, аяғының астынан көз алмаған күйі кете барды. Сылбыр бейнесінен тұралап шаршаған, дығыры құрып, соншалық хал-дәрмені таусылған әлсіз, қуатсыз күйі аңдалады. Әке мен бала, жапырық інген үшеуі оны үнсіз қастарынан өткізіп, ұзатып салды. Әкесінің мылтыққа неге қол апармағанын долбарласа да, осынша ізет танытқанын түсіне алмаған бала:


– Бұл киік неге жалғыз жүр, ауырған ба, әлде аш па, қайда кетіп барады? – деп сұрады.


– Ол киік аш та емес, ауру да емес, адасқан да жоқ. Ол – нағыз еркектің өзі, ал енді қайда баратынын пешенесіне жазылған тағдыры шешетін болар – деді көкесі ұзап бара жатқан ор текенің ту сыртынан толқи көз тастап. Дауысында шын ризалық, көңілінде лепірген сезім тыны бардай. Басқа мақтау айтудың ретін таппаған жол қараушы тағы да, «шын еркек осындай болуы керек» деп, сөзін толықтырып қойды.


Бір бақырып алған жапырық інген мен күртік қарды қақ тілген шана қайта қозғалды. Тонына оранған бала ештеңенің байыбына бара қоймаса да, көкесінің «еркек киік» деп ерекше екпінмен айтқан сөзін көкейіне түйіп қойды. Әлден уақытта артына қайырылған ол, еркек киікті тағы бір көріп қалмақ болып еді, бұлдыраған ор теке ақ сағым ойнаған далаға сіңіп үлгеріпті.



Мұрат Алмасбек

Мұрат Алмасбекұлы    

Бөлісу:

Көп оқылғандар