Кім менің армандарымды үзбек?
Балалығым.
Жастығым.
Бәрі тізбек...
Саған да...
Оған да...
Барудан бас тарттым,
Жан тыныштығын ғана іздеп.
Не керек, әңгіме, сөз құрғақ?
Өкпелемесін десең, жалғанған жұрнақ.
Өзіммен өзім бола тұрайын,
Ішкі даусымды ғана тыңдап.
Бітті. Болды осымен...
дұрыстыққа кетем,
Өзіңді өзің ұғу – туыстық мекен.
Қандай құдірет бар
тыныштыққа тең?!
+ -
Адамдардың мені мақтағанын қаламаймын,
Өйткені, өз әлемімді
Өзім ғана аралаймын!
Адамдардың даттағаны да маған әсер етпейді,
Өйткені, мықтап қаруланғам
Ешкімнің өсегі өтпейді.
Қадірін ұққам қара сөздің киесінің...
Ешкімде шаруам жоқ
Қарапайым ғана тіршілік иесімін!
Бәлкім?
Бәлкім, мен бе?
Қалықтайды көкте құс.
Мынау ішкі дүниемде кептеліс.
Ақындық па…
Бітпейтін бұл неткен іс?
Еркелігім шектен тыс.
Неге мұнша?
Шамадан тыс желпіндік?
Бәлкім, бала кезде біздер кем күлдік?..
Мұншалықты кімге зиян келтірдік?
Еш уақытта тастай көрме,
Мені ақындық еркіндік!
Қайда, қалай?
Неге бәрі жоғалды?
Бұл ғаламның бар ма, кімде обалы?
Бәлкім, бізді қабылдай да алмайды,
Шектеулердің беделі ме?
Құны сонша жоғары?
Біз
Өз қолыммен салған сурет…
Не деген керемет бояу?!
Жол бойы…
Мейрамханадан әуен естіліп тұрды баяу.
Қала көшесінде келеміз екеуміз ғана жаяу.
Аспан әлемі бөлек!
Жұлдыздар ғана бізге жол сап…
Менің жүрегім сенің жүрегіңнен де жұмсақ.
Қартаюға бола ма,
Кешегі жастық дәуренді аңсап?!..
Осы менің…
Түн ортасында түйгенім енді.
“Асықпай жүре тұрайық!”
“Үйге ме, еді?..”
Асфальт жолдың қақ ортасында
Өзіңмен билегім келді!
Романтика бітпейді бізде!!!
Қайтесің?
Қайтесің?
Қара аспанды төндіріп.
Оданша ақ қайыңдармен билемейсің бе?
Қаланың оттарын өз қолыңмен сөндіріп?..
Қайтесің?
Оралмас шақты сағынып
Қалағаныңша аспан асты сырласпайсың ба?
Мойныңа жұлдыздардан алқа тағынып.
Қайтесің?
Ғажап өмірден жерініп
Қаланың тыныштығы да болады, тыңдап көрші,
Романтикаға беріліп!
Сендім, саған!
Нота
Жуық арада
Бұл қаладан да кетем
Себебі көп.
Суық адамға
Бола алмайды екен мекен.
Көмегі жоқ.
Айға аманаттаймын,
Түндерді ғашық.
Асфальт жолдарға,
Гүлдерді шашып…
Қадірлесе қайда, аялап кәні,
Жая бастады денем тамырларын?!
Өзім серуендейтін саябақтағы,
Ақ қайыңға өлең қалдырамын!
Менің жүрегімде қаласыз!
Несіне көңілге аласыз?
Адамдар көп-ақ қой санасыз.
Сіз білесіз бе?
Биіктеп барасыз!
Биіктік пе?..
Менің жүрегімде қаласыз!
Онсызда пендеміз шарасыз,
Күн кешкен сағыныш Анасыз.
Бірақ та Сіз
Бәрінен мықты дарасыз!
Сол себепті...
Менің жүрегімде қаласыз!
Ақтарсам, кітап па, дана – Сіз?!
Ал кейде ақ көңіл «баласыз».
Уақыт емдейді,
Жан бар ма, жарасыз?
Сөзді қояйық!
Менің жүрегімде қаласыз!
Ән
Осы әнді арнағам
Бұрын да, қазірде.
Жүрегің тыңдауға әзір ме?
Айтарсың ыңылдап көшеде,
Қосып та аларсың кесеңе.
Өзгеше сезім бар дәмінде,
Жалығып...
тыңдайсың әлі де.
Бұл әнмен гүлдейді қайта бақ,
Ішіңнен айта бер, қайталап!
Бұл әнді арнадым
Кеше де, бүгінде
Бал дәмі уы ащы түбінде.
Ертай Бимұханов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР ақпарат саласының үздігі. 1973 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Автордың «Өлеңмен қалдыр оңаша...», «Әуен» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.