Маржан Ершу. Фаризаның қайрағына қайралдым Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің биыл төрт бірдей кітабы жарық көріп отыр. Әуелгі сұрақ осы жайында болды.
- Маржан Аманқосқызы, өзіңізді көзі қарақты оқырман тәуелсіздіктен кейінгі өнімді жұмыс істеген қаламгерлердің бірі деп біледі. Жақында «Кемел-Кітап» баспасынан «Әйелдер галереясы», «Шығармашылық лаборатория», «Кадрия», «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» атты төрт бірдей кітабыңыз жарық көріпті. Төрт кітап төрт түрлі жанрда екен. Осы «Әйелдер галереясы» мен «Шығармашылық лабораториясы» атты кітаптарыңызды поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арнаймын» деп жазыпсыз...
- Менің өлеңге құмартып, қолыма қалам алуыма Фариза ақынның мінезді жырлары әсер етті. Бұл күнде әйелдер поэзиясындағы Фариза салған мектептің өрісі кеңейді, құлашы өсті, табалдырығы биіктеді. Қиын да қызықты шығармашылық жолымда шетқақпай болған кездерім көп. Мен бұған әсте қамыққан емеспін. Керісінше өлең – көшінде «Фаризаның қайрағына» қайралдым. Осылайша әдебиетте өз жолымды таптым, өз соқпағымды салдым. Ақын болу – өзің болу, өлеңге өзіңше өң беру деген сөз. «Адамдық негізі – әйелден» деген еді заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Әуезов қазақ әйелі, қазақ қызы, қазақ анасының бейнелерін образдық тұрғыда шебер суреттеп, әдебиетте әйелдер галереясын жасады. Әуезов дәстүрін кейін Ғабит Мүсірепов, Фариза Оңғарсынова бастаған т.б қаламгерлер жалғастырды. Қазақ әйелдерінің жаны нәзік болса да, қайсар мінезді, ақылды, өнерлі жандар. Ел басына күн туғанда қазақ қызы ерлермен бірге атқа мініп, елін қорғады. Ғылымның да, өнердің де шыңына шықты қазақ қызы. Фариза ақын әдебиетте Сара Тастамбекқызы, Майра Уәлиқызы, Дина Нұрпейісова, Ақбөбек, Әлия, Мәншүк, Ғазиза Жұбанова, Мәриям Хакімжанова, Кәмшат Дөненбаева т.б. биік тұлғалы қыздар тақырыбына көбірек қалам тартып, «Әйелдер галереясын» жасады. Әдебиеттегі Фариза дәстүрін жалғастырып, мен де әйелдер әлеміндегі сан түрлі образдарды ашуды мақсат тұттым. Әйелдер туралы жазу үшін әйелдердің жан-дүниесін терең біліп, біліп қана қоймай, сезіну, түсіну, зерттеу шарт. Кітабыма тарихта ізі қалған ардақты тұлғаларымыз - Әбілқайыр ханның сүйікті жұбайы, мәмлегер, заманында ел билеу ісіне араласқан данагөй ханым атанған Бопай ханым, Айшабибі, Қыз Данай, Көкетай сұлу, Дина Нұрпейісова, қазақтың батыр қыздары – Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспановадан бастап, әнге айналған «Маржан қызға» дейінгі танымал әйелдер туралы шығармаларым еніп отыр. Кітабым поэзия, проза, аударма, драма, сатира, публицистика секілді алты жанрдан тұрады. Өз шама-шарқымша «Әйелдер галереясын» қаламмен суреттедім.
-«Шығармашылық лаборатория» кітабыңыздың да өзіндік жаңалығы бар. Тыңнан түрен салған туынды деп естіп жатырмыз.
- «Шығармашылық лаборатория» - қаламгердің басынан кешкен қилы-қилы оқиғалардың жиынтығынан туатын шығармашылық процестер, жаңа шығарманың дүниеге келу тарихы. Бұл тек қаламгердің өзі ғана сезініп түсіне алатын дүниелер. Әр шығарма шығармашылық лабораторияда әбден қызып қайнайды. Оны қалай қайнату қаламгердің өз еркінде. Яғни, ми мен жүректің қызметі. Сондай-ақ, одан басқа әр шығармашылық адамының өз цехы, яғни лабораториясы бар. Бір ақындар асүйді, бір ақындар жазу кабинетін не саяжайын лабораториям деп есептейді.Сонымен бұл кітап не жайлы десеңіздер, бұл кітап өзім жайлы, өлеңім жайлы, шығармаларымның өмірге келуі және бүгінгі әдебиет мәселесі жайлы. Өлеңім – өмірбаяным. Менің жазған шығармаларым белгілі бір себептермен жазылған екен. Әрқайсысының өзіндік қызық хикая тарихы бар. Демек, өмір мен көңіл маған әсер еткені ғой. Шынында солай. Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» кітабында: «Кейде ақын-жазушылар өздерінің шығармашылық лабораториясы туралы сыздықтап бірдеңе айтады. Бірақ қатпар-қатпар құпияларын аша түсуге олар да құштар емес» деп жазған екен. Ақын табиғаты деген не ? Оның басқалардан айырмашылығы қандай? Осы сұрақтар кейде қойылып қалады. Дұрыс, қаламгердің шығармасы зерттелуі керек. Сонымен қатар қаламгердің жеке басының зерттелуі бізде әзірге жүзеге аспай жатыр.
- Мұны көпшілік оқырман жарнама деп ойлап қалмай ма? Сонымен, бұл кітаптан оқырман не жайында біле алады?-Жарнама деген тәтті сөз. Бірақ, бұл тәтті сөз әдебиетті айналып кетіп жатыр. Жақсы қаламгерлер бар, жақсы шығармалар жазылып жатыр. Бірақ насихаты жоқ. Сын жоқ. Тек мақтау бар. Ақпарат бар. Мақтау мен ақпарат бізге шығарма туралы не автор туралы маңызды мағұлмат бермейді. Қазір ақындар арасында «қара пияр да пияр» деген пікір қалыптасып кетті. Қара пияр тек ат шығару болса, оның әдебиетке әкелер пайдасы жоқ. Әдебиеттің құралы, тақырыбы, мәні – адам. Оқырман санасын ізгілендіру, үмітін ояту, арманына асықтыру, көркемдік әлемін байыту бұл әдебиеттің ежелгі мақсаты емес пе?! Не болса соны тықпалап, әдебиет деген осы ғой насихаттау оқырманды адастыру. Сол тұрғыдан қарағанда , мен бұл кітабымды жарнама үшін жазылды деп айта алмаймын. Өзімді өзім қалай мақтаймын. Шығармашылық оңай шаруа ма?! Жазғанның бәрі ғажап па? Талғам пен таным неге жетелейді? Тылсым сыр ақынға нені ұғындырады? Мен нені құрметтеймін және қандай талаптарға бағынамын. Осы мәселелер жазылды бұл кітапта. Бүгінгі қазақ әдебиетіне жаңа дүние, жаңа серпін керек. Біреуді жабылып мақтау не жабылып жүріп біреуді құлату ол санамызға күш бермейді.
- Мысалы Агата Кристи детектив шығармаларын жазар алдында ваннада отырып, қылмыс болған жерден түсірілген фотосуреттерге қарап, алма жеп отырады екен. Бұл таңғаларлық, бірақ, жазушының осы біртүрлі мінезінен қаншама шығарма туды. Ф. Достоевский «Подросток» романының негізгі сюжетін түсінде көрген. Ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенс те әуелі түс көріп барып, жазуға отырған деседі. Мұндай мысалдар көп. Шынымен де ақындардың әр өлеңінің жазылуы тарихы болатын секілді, өзіңіз осыған бір мысал келтіре аласыз ба?
- Мен де біраз туындыларымның сюжетін түсімде көргенмін. Мына бір қызықты оқиғаны айтайын. 2019 жылы Санкт-Петербургте Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатылды. Бұл хабарға исі қазақ қуанды. Мен де қуандым. Сол қуанышпен супермаркетке кірдім. Ойланып келе жатырмын. «Неге бұл жаңалықты жырламасқа?» дейді бір ойым. «Елдің қызын түгендейтін тек мен бе, басқа бір ақындар жазар» деп бір ойладым. Дүкен ішінде келе жатқам. Ортада шөмеле боп шөлмектер жиналып тұрады емес пе, бір кезде жанынан өтіп жатқам, бір қорап жерге құлап түсті де ақтарылды. Шарап екен. Бұл қалай? Мен тиген жоқпын ғой деп ойлап қоям. Жан-жағымда адам жоқ. Кызметкерлер жүгіріп келді. Төгіліп жатқан қорапты ашты, виски сыныпты. Менің көзім бақырайып кеткен. Камера қараймыз десті, жабылып қарасақ, виски жиналып тұрған қорапты менің плащымның етегі қағып кетіпті, содан құлайды, сынады. Бұл қалай болғаны? Бұл мүмкін емес қой?! Сосын айттым: «Бұл вискиге қанша жыл болған екен, білесіздер ме, сонша жылға шыдамай шөлмек өзі сынып қалған болар, мүмкін, қисайтып жинап қойған шығарсыңдар?» дедім. Дегенмен, кінәлі мен. Содан кұжат толтырдық. Шығынын өтейсіз деді. Көп болса 7-8 мыңдай болар деп тұрғам, бағасы 32 мың теңге екен! Вискиді ішіп сындырсаң ештеңе емес қой, ішпей-жемей қиын екен. Дүкеннен ештеңе де сатып алмай бос қайттым.Үйге келе жатырмын. Әрі ойлаймын, бері ойлаймын, қалай, не боп кетті деп. Әлия ескерткіші туралы ойларым есіме түсті. «Елдің қызын түгендейтін мен бе?» деп нем бар еді?» деп бір ойласам, «осы менің мұсылманшылдығым да шамалы, Құран оқытуды да білмеймін» деп қоям іштей. Жас кезімде: «Қайран, Әлия, Мәншүк! Мини юбка дегенді кимедіңдер -ау, дискотека дегенді білмедіңдер- ау! Енді мен сіздер үшін бір билеп келейінші» деп айтатын сөзім есіме түсіп, қысыла бастадым. Тірі жүргеніме кінәлі жандай жаныма бір мазасыздық кірді. Қатты қапаландым. Вискидің салмақ-бағасы да қинап бір жағынан. Қой, жазайын, болмас деп қалам алдым. Содан өлең жазылды. Ертесіне Ошта өтетін түркітілдес халықтар поэзия форумына шақырту хабар келді. Бұл жақсы хабар көңілді қуантты. Оштан келген соң, «Әлия- ескерткіш» деген өлеңімді фейсбук парақшама шығарып қойып ем, Ошта танысқан қырғыздың ақын қызы Алтынай Темирова өлеңімді қырғызшаға аударып, парақшасына салып қойыпты. Өзі де таңғалып, өзінен-өзі тез аударылды деп қояды. Алтынай Әлия туралы өлеңімнің демімен менің жырларымды қырғызшаға аударды. Аударма өлеңдерім Бишкекте «Жүрегім» деген кітап болып жарыққа шықты. Алтынайға аударма үшін осы «Әлия – ескерткіш» өлеңім баспалдақ болыпты. Өлең деген қызық құбылыс. Кейде жылатады, кейде жоқ жерден сенің жолыңды ашады.
- Қадыр ағамыз «Жазмыш» кітабында: «Шынында автордың өзі жан-жақты зеттелуі тиіс. Мінез-құлқы қандай? Қандай қағазға, немен жазады? Көп түзете ме? Ол қалай тамақтанады? Қалай демалады? Киімді қалай киеді? Аяқ киімі қалай тозады? Байсалды ма? Күйгелек пе? Тағысын тағы, толып жатқан сұрақтар. Бұл сұрақтарға қайтарылған жауаптардан ақын-жазушының табиғаты, болмысы ашылмақ» деп жазған ғой...
- Қадыр аға дұрыс жазған. Мен ол кісіні ақын ғана емес, философ деп бағалаймын. Өйткені, ол өз заманынан елу жыл бұрын жүріп, озық ойларын айтып кетті. Әр ақын-жазушы жеке адам. Өз көзқарасы, өз таным-түсінігі бар. Бірақ, бұл күнде біреудің көзқарасымен қарап, біреудің танымымен өлшейтін қаламгерлер көбейіп барады. Бұл жақсы емес. Әдебиет үшін жақсы емес. Өзіндік мінезі жоқ қаламгерде өзіндік көзқарас қалыптаспайды. «Бәленшекең не айтып жатыр, мен де солай ойлаймын ғой» дей салады. Мінезі жоқ ақыннан оның табиғаты мен болмысын іздеп шаршаудың керегі жоқ шығар. Мінез деген қолға таяқ ұстап алып, айқайлап шабу ма, жоқ олай емес. Мінез - мінезден. Қазір кейбір ақындар, «мен ақынмын, оқырман емеспін ғой» деген сөзді көп айтады. Модный сөз деп, дәреже көтеретін сөз деп ойлайтын шығар олар, білмеймін. Ал осындай ақындарға Қадыр аға айтып кеткен сұрақтарды қойсаңыз, әдемі жауап аларсыз деп ойлаймын.
- Әдебиетті насихаттау жоқ дей алмаймыз, «Қазақ әдебиеті» газеті, түрлі әдеби порталдар бар. Олармен байланысыңыз қандай, жиі жарияланасыз ба? Әдеби агенттер туралы ойыңызды білсек? - Әдебиетте насихат болған жақсы ғой. Мен жиі жарияланбаймын. Үнемі шығармаларымды ұсына беруге, тек маған қарап отырыңдар деуге құмар емеспін. Басқалар да бар. Оларды да оқиын деп отырам. Әдеби агент деген тіркес өмірімізге енгелі біраз болды. Бағыттары жақсы, бірақ олардың жұмысы күнкөріске бағытталған. Неге бізде баспалар жанынан әдеби агенттіктер құрылмайды? Мемлекет жәрдем берсе, жағдай туғызса жақсы болмай ма?! Ол күнге де жетерміз деймін. Менің бұл кітапты жазғандағы мақсатым да сол жақсы күндерге деген құлшыныстан туған еді.
- «Кадрия» кітабында өмірден ерте кеткен ноғайдың атақты ақын қызы Кадрия Темирболатованың жырлары алғаш рет қазақ тіліне аударылып, оқырман назарына кітап болып ұсынылып отыр екен. «Кадрия» шығармаларын аударуға не түрткі болды?
- 2019 жылы Түрксой халықаралық ұйымы өмірден ерте кеткен ноғай халқының атақты ақын қызы Кадрия Темирболатованың туғанына 70 жыл толуына орай Түркияның Адана, Ескішехир және Ялова қалаларында көптеген іс-шаралар өткізген болатын. Кадрияның өлеңдерін он екі тілге аудартып, «Жігіттердің жырымын» деген кітабын шығарды. Ол кітапта Кадрия жырлары қазақ , қырғыз, өзбек, башқұрт, татар, құмық, орыс, әзербайжан, түрік, татар, түркімен тілдерінде сөйледі. Түркияның Ялова қаласында Түрксой ұйымы мен Ялова әкімшілігі ұйымдастыруымен Кадрияға арналған үлкен шараға қатыстым. Ялова қаласында ақын Кадрия Темирболатоваға бюст қойылып, көше аты берілді. Сол жоба аясында мен Түрксой ұйымының тапсырмасымен Кадрияның ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабынан аударма жасадым. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл, дегенмен едәуір айырмашылықтар бар. Кадрия 20 жасында алдына үлкен мақсат қояды. Өз халқының асыл арманын жырлау және ноғайдың атын шығару оның өмірлік кредосына айналады. Ол бір өлеңінде «Үлкен халықты кіші етер замандар, кіші халықты үлкен етер адамдар» деп жырлайды. Кадрияны жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды. Сондықтан маған Кадрияны қазақ тіліне аудару оңай әрі жақсы көріп жасаған ісім болды. Кадрия екеуміздің арамыздағы жақындықтың тамырын тереңнен іздеймін. Бір замандарда Ноғайлы дәуірінде басымыз біріккен жұрттанбыз. Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет атты ортақ жырау ақын бабаларымыз бар. Еділ-Жайықтай қос өзен де – біздің ортақ ардақтымыз. Кейінгі кезде Кадрияның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер бұрын айтылмаған құпия сырларды айта бастады. Достарының пікірлері кісі өлтірушілердің мотивіне қатысты әр түрлі болды. Кадрияның өлімін біреулері шығармашылық қызғанышпен, біреулері қылмыс әлемімен байланыстырады. Шығармашылық қызғаныш, ең үлкен қызғаныш. Расында, Кадрия күн сайын биіктеп бара жатты, кітаптан кітапқа өсіп отырды. Одақ көлемінде танымалдығы артты. Бір жағынан оның өлеңдерінің аудармасы да саяси себепті жоққа шығармайды. «Сіз талантты жас ақынның кенеттен өмірден өткенін білсеңіз, міндетті түрде оның өлеңдерінің әр жолына үңілесіз. Өлеңдерінде бір жұмбақ жасырынып тұрғанын сезінесіз. Аударма жасағанда да бұл сізге қатты әсер етеді. Сіз өлеңдерге, аудармаларға мүлдем басқаша қарай бастайсыз. Сіз олардан осы трагедияға не себеп болғанын іздей бастайсыз, сіз әр өлеңнен астарынан жасырын мағына –кілт іздейсіз. Мен оларды Кадрияның жырларынан таптым. Оның ішкі аласапыран мазасыздық сезімі мен өлімді сезіну түйсігі мені таң қалдырды әрі қорқытты. «От- жалыннан / қара тастардан / Сен мені қайтарып ал, қайтар!». Бұл өлең пайғамбарлық сипаттағы өлең. Мен оны қандай да бір салқынқандылықпен аударсам да, жүрегімді қозғайды»,- деп жазды Кадрияның замандасы, дағыстандық орыс ақыны, аудармашы Марина Ахмедова-Колюбакина. Орыс аудармашысы шындықты айтып отыр.
2022 жылы Мәскеуден Кадрия Темирболатованың шығармаларының үш томдық академиялық жинағы шықты. Осы жинақтың 1-томында Кадрия өлеңдерінің аудармасы 12 тілде берілген екен. «Қазақша» деген бөлімде менің аудармаларым, Қадрияны қазақ тілінде сөйлеткен жырларым енді. Кадрияның жалынды жырлары жаңа ғасырда түркі әлемімен қайтадан жаңғырып, ноғайдың ақын қызының асқақ рухы қалғып кеткен көңілдерге дем берді,туысқан халықтар поэзиясын бір біріне жақындатты. 29 жыл өмір сүріп, артына өшпестей өлеңдерін қалдырған, ноғайдың аяулы ақын қызы Кадрия Темирболатова тірі болса биыл 76-ға келуші еді. Амал не, өмірден өзі кетсе де, артында алтындай тозбас поэзиясы қалды. Біздің санамыздағы Кадрия мәңгі жас. Жиырма тоғызда ғана. Сол жайнаған жастық бейнесімен өмірдің мұңы мен махаббатын, қуаныш пен қайғысын, арман мен мақсатын өлең болып шертіп тұр. Ең өкініштісі, сол жұмбақ өлімнің шешімі табылмады , құпиясы ашылмады. Кадрия өлгенмен, жыры өлмеді. Тек ноғай халқы ғана емес, бүкіл Түркі дүниесі таңырқап, сағынып, танысып Кадрия жырларын іздеді. Кадрия жырлары қайта түлеп, әдебиет жанашырлары атап айтсақ, Халықаралық Түріксой ұйымы қолдау білдіріп, түркі тілдес халықтардың көптеген тілдеріне аудартып, Кадрия өлеңдерінің өрісін кеңейтіп, тынысын ашты. Кадрияны қазақ оқырмандарға таныстыру үшін осы кітапты дайындадым. Кітапқа менің және Абзал Бөкен, Мейірхан Мейрамбекұлы сияқты белгілі қазақ ақындардың аудармалары еніп отыр.
- «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» кітабыңыз ұлттық тәрбиеге негізделген тұңғыш әдістемелік құрал ретінде кітапханашылар мен педагогикалық сала мамандарына арналып отыр екен. Қазір кітап оқу мәселесі қоғамдағы күрделі мәселеге айналды. Ертегітерапияның кітап оқу тәрбиесінде қаншалықты маңызы бар?
- Ертегі – халық педагогикасының ең қуатты тәрбиелік құралы. Ертегілердегі ақыл-ой тәрбиесі ғана емес, адамгершілік, эстетикалық дене тәрбиесі, отан сүйгіштік, еңбек тәрбиесі, мұның бәрі адамзат баласының дамуы үшін аса қажетті мақсат-мұраттар болып есептеледі. Ертегі – көркем әдебиетке баулу, баланы тәрбиелеуге арналса, ертегітерапиясы сол тәрбие арқылы баланың көзқарасын бағдарлау, ішкі әлемінен хабардар болу және жүрегін ізгілендіру, ой-қиялын дамыту, жанын емдеу тәсілдері болып табылады. Ертегітерапия – бұл тұлға дамуының жан жақты даму әдісі, әдебиет пен тіл, психология, педагогика, психотерапия, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі. Жаңа ғасырдың жетістіктерімен қоса, өз қиыншылықтары да жыл өткен сайын көбейе түсуде. Әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, табиғат заңдарының тепе-теңдігінің сақтала бермеуі салдарынан рухани құндылықтардың тоқырауы, материалдық құндылықтардың алға шығуы болашақ ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан да қазіргі кезеңде бала тәрбиесін рухани тұрғыда дамыту өзекті мәселеге айналды. Қазіргі баланың ұғымы басқа. Талап-түсінігі басқашалау, себебі интернет олардың миына кіріп алған. Ұлттық тәрбие негізіне бағытталған дүниені мейлінше кеңірек қолданысқа енгізу – болашақ ұрпақ тәрбиесіне игі әсері тигізері сөзсіз. Ертегілерді батыстың көптеген атақты психологтар мен педагогтар , психотерапевттер өз зерттеу еңбектерінде қолданып , ертегілердің адам дамуы және қоғамды ізгілендіру үшін пайдалы тұстары көп екендігін айтады. Ертегі жанры өте көне замандардан бері жалғасып келеді. Баланың ой-өрісін, қиялын дамытуда ертегілердің рөлі зор. Бала естіген немесе оқыған ертегісінің мазмұнына мән береді, оны өз ойымен қабылдап, жеткізуге тырысады. Кейіпкерлердің қилы іс-әрекеттері, таңғажайып көріністер, теңеу, оқиғалардың әдемі тілмен бейнеленуі баланы қызықтырып қана қоймай, ойлау жүйесіне ықпал етеді. Ертегі-сиқырлы сөз. Сиқырлы сөз -бұл өзгерістің басы. «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» әдістемелік еңбегімде ертегітерапиясын дамытудың педагогикалық әдіс-тәсілдері этнопедагогика мен ойшыл, ағартушы-ғалымдар еңбегінің аясында өрбіп, рухани дамытудың жолдары көрсетіледі. Ашығын айтсақ, Ертегітерапия – оқитын ұлт қалыптастырудың алғышарты. Бұл жобаны кітапхана мен мектептің оқу-тәрбие процесіне енгізу өте маңызды болмақ.
- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.