Мураками феноменінің кереметі

Бөлісу:

26.05.2015 3256


         murakami_13.jpg




«Мураками феноменінің» басты ғажайыбы – географиялық шалымы, Азиялық таным ақиқатын мүлдем басқаша түсіндіруі, шығармаларына оқырман қай тілде көз жүгіртсе де жапонша оқып отырғандай әсерде қалатыны, кітаптарының мұқабасының өзінен дәстүрлі жапон мәдениетінің мөрі анық танылатыны. Туындысы қай тілге аударылса да қазір АҚШ-та тұратын Харуки мырзамен еденге төселген жалаң дзабутон үстінде отырып еркін әңгімелескендей күйге түсіретіні бар. 


Мураками феноменінің тамашасы – жапон мәдениетін әлемдік өркениетпен байланыстыруында, сәйкестендіруінде. 

Мураками феноменінің кереметі – әлем оқырманын жапон әдебиетіне бейімдеуімен, әлемдік кітапханаға жапон жазушыларын тартудан көрінеді.


Мураками феноменінің ерекшелігі – көпсалалығымен таңқалдыруында. Харуки жалғыз жазушылық дарын иесі ғана дегенге тіл бара ма: Ол шебер режиссер – оқырманды шығармаларына үңілдіріп-ақ тамаша кинолар көрсете алады. 


Ол суретші: кітаптағы жапондық нақыштағы бояуларды айтпай-ақ қойғаным дұрыс, бастысы ол оқырманды кейіпкеріне айналдыратын қылқаламшы. Оны оқып біткен соң, өзіңіздің бамбуктен немесе сабаннан тігілген жаздық аяқ киім киіп, жайдары жымиып отырғаныңызды байқайсыз.


Харуки жанның емшісі: адамзат мінез-құлқы қайнарының басында отырған, үстінде ақ халаты бар мейірімді психиатрды көрмесеңіз, маған келіңіз. 


Мураками феноменінің тәбет ашарлық иісі мен дәмі бар: Бір уақытта оқырман өзінің жапон асханасында ішіне шөкімдеп қана шөп-шалам салынған алдындағы оншақты ұсақ табаққа қарап отырғанын байқап, селк ете түсер.


Мураками феномені туралы айтқанда оның тартылыс күшіне тоқталу ләзім. Тіпті бұл нәрсені арбау туралы ұғыммен алмастырсақ па екен?..


Харуки Мураками кітапқа ғашық болуды үйрететін, оны жақсы көруді насихаттайтын жазушы. 


Бағзыдағы даңқы – шың, тұрқы – заңғар деп бағаланған әдебиеттің деңгейін бүгінде сәннің өлшемімен шамалаймыз, түпкі мағынасы әлем-жәлем моданы тықпаламайтын жер қалмапты-ау, ақырғысы жазбагеріңіз де модный... Осылай сөз саптайтындардың тілімен жеткізсек, Харуки аса сәнді қаламгер. Өйткені, аса мәртебелі проза да аяулы «art» тенденцияларының шеңберіне кірігеді. Мураками кітаптарының тамаша иісі бар, пәлен деген гүлдің иісі дегендей анықтама да айта алмаймын, қайдан шығатыны белгісіз, қандай жұпар екені де аңғарылусыз жағымды бір самал, сірә, түйсіктің аңқымасы. Оның кітабын көрсең кеудеңде қуаныш гүлі өнеді. Соңғы сөйлем менікі емес, Мархабат Байғұт ағамыздікі: «...жазу жағынан жапырып барады. Жарты әлеміңізді билеп алды. ...әлдебір әуені әлдилеп кете барар. Сиқырлай жетектей жөнелер. Кітабын көрсеңіз, қуанып кетесіз»,-деп Мураками феноменінің бағасын әдемі беріп еді.


Бұл жапон соншалықты не жазып қойып еді дейсіз ғой, кәдуілгі өмір: кейіпкерлері кәдуілгіше джинсы матасынан тігілген киімдер киеді, кәдуілгі сыраларды сіміреді, құлақты күнде кеміріп жатқан әуендер тыңдайды, кино көреді, бардың биік үстелінде аяғын айқастырып отырады. Бірақ, іште бір түйткіл бар, олар барлық жерден ӨЗІН іздейді. Харукидың құпиясы осында жатыр. Мураками кейіпкерлері әлдеқашан жоғалып кеткен өздерін іздейді немесе өзі секілді жоқ іздеген біреуге тауып беруге көмектеседі. Мейірбандықты аялауға, айрылып қалмауға, кешіру мен қайғыларға көндігуге үйретеді. Бастысы, оларды алдан үлкен жақсылықтар күтіп тұрғанын ұдайы сендіреді. Осы тұрғыдан алғанда Мураками феномені – медет беруші, жақсылықтарғы сілтеуші күш ретінде де танылады. Оның шығармашылық кредосы -  жақсылықтарға сену мен сезу.


Мураками кейіпкерлері өз ойларын ашық айтпайды, ишарамен, ұялшақ көзқараспен, ым, назар арқылы жеткізеді, айтпақшы, олар үшін көкейдегісін сөзбен жеткізуден гөрі хатқа жазып жөнелту оңай. Онда хат жазу сценалары көп ұшырасады. Хат жазу дағдысы оның кейіпкерлері үшін үміттің құралы. Сал ауруымен ауыратын және ешқашан жазылмайтынына сенетін он жеті жасар қыз өз сүйіктісіне арнаған хатын радионың тікелей эфирі арқылы оқиды немесе өмірден қоштасқаным дұрыс деп тұжырған жігіт соңғы сағаттарында Кеннедидің кездейсоқ өлімін еске түсіріп отырып, өзі досым деп санаған әлдебір такси жүргізушісіне арнап хат қалдырады. 


Харуки өмірді жазумен қатар, өлім стиліне де ерекше орын береді. Оның кейіпкерлері өлімді өмірге қарама-қарсылық ретінде емес, өмірдің құрамдас бөлігі ретінде, тіпті өмірден де мәндірік құбылыс деп байыптайды. 


Мураками нотамен емес, әріптермен саз жазатын тамаша музыкант, әрбір сөйлемінен сыңғыр еседі, оқырман ауамен емес, музыкамен тыныстап отырғанын сезбейді де, тұнық және соншалықты ақылды әуен ойнап тұрған құлаққапты қапсыра киіп оны парақтай бермек. Оның барлық шығармалары ән салып тұрады. 

«...мені қызықтырғаны - ондағы ескі джаз пластинкаларының ғажайып коллекциясы. Джаз пластинкаларының ескі коллекцияларына қатысты сөз болған кезде, сыбызғы дауысына арбалған кобраға ұқсап, қарсы тұрар бар ерік - күшімді жоғалтамын» («Лексингтандағы елестер»), - дейді ол.


Бөлмелер әдетте ас үй, жатын, қонақжай, балалар бөлмесі, жұмыс бөлмесі, кітапхана деп бөлінеді, ары кетсе дәулетті адамның үйінде спортпен шұғылданатын, кино қарайтын бөлме болуы мүмкін. Ал, Харукидың музыкаға құмарлығы соншалықты оның кейіпкерінің үйінде музыка бөлмесі бар: «Уақыт тасқынының тынысын сездірер бұл музыкалық бөлмеде сағат тілі баяғыда тоқтап қалған. ...бір жақ қабырғасын алып тұрған стеллажда алфавиттік тәртіп бойынша тізіліп қойылған ескі пластинкалар тұр, олардың нақты санын тіпті Кейси де біле бермейді. Ол бар болғаны шамалар: Алты немесе жеті мың, шамамен осындай» («Лексингтандағы елестер»). Бажайлағанға жеті мың деген сұмдық дүние емес пе, ал, автор үшін бұл аз, тіпті түк те емес. Сондықтан кейіпкердің аузына «Тағы да дәл осындайы картон жәшіктерде буылып, төбедегі шатырдың астында жатыр» («Лексингтандағы елестер») деген сөз салады. Жазушы бала кезінен музыканың талғампаз тыңдарманы еді және әуенге деген ынтықтығы жасы жиырмаға жеткенде Токионың тыныш жатқан бір аймағынан джаз-бар ашуға мұрындық болған. «Питер Кэт» деп аталатын бұл орынның әлі күнге бар-жоғын білмейміз, бірақ, оның барлық сүйікті оқырмандарын сакура ағашы гүлдеген бір керемет күні солай қарай жол түсіруге жазсын.


Әлемдік мифологияның жалына жармасып алып жасап келе жатқан жазушылар мол. Бірақ, аса мәртебелі маэстро олардың тобынан емес. Будданың жапон ағымы әлсіз сезілгенімен, жазушы бұл қуаттан да қарызға ештеме алмапты. Өз сезімі, өз қиялы – тәтті өтіріктер және түгел ойдан шығарылған, бірақ, соншалықты шынайы һәм сенімді сюжеттер. Ол оқырманды таңқалдыру мен таңдандыру үшін ғана жазады. Ара-тұра қорқынышты трансформация аурасын туынатып, үрейленуге де рұхсатын берген. 


Тегі жапон дегенге Мураками мистикаларын Будданың аңыздарына апарып ойланбастан тели салатындарға өкпем бар, бұл автор дайын мифты қашан пайдаланып еді, тіпті, бұрыннан барды иекемдеген кезі де аз, дұрысы өзі жасайды. Мына бір әңгімеге қаралық, мектептің түнгі қарауылы өз күзетін мінсіз атқарып, үркер ауғанда ғимаратты аралап келе жатқан. Кенет үлкен айнадан бұған қарап тұрған өзін көреді. Артынша бұл жерде ешқашан айнаның болмағанын, қабырғадан тап өзі секілді біреудің қарап тұрғанын байқайды. Айтуынша мистика дегеніміз – адамның өзі. Өзін-өзі іздеуі, өзін-өзі тануы, елес дегеніміз негізі адамның өз қиялында жатса керекті деген ой. Сондықтан оның бауыр төсеген жанрын «психологиялық триллер» деп тек батыстық жаңа әдебиетке балап тастау қиянат болар, мистикалық персонаждар Чеховтың қара кісісі, Булгаковтың жын-жыбырлары, Достоевскийдің делқұлылары болып сонау жылдары-ақ классикалық әдебиетке кіріп еді ғой...


Мен үшін Радлов пен Потанин қазақ, қазақ атамның бел баласы, ұлтым үшін қыруар еңбек қалдырған, дұрысы маған жаны ашыған, ертеңім үшін деп ежелгім мен көнемді жиып-теріп бергенді неге бөлектеуім керек? Сол секілді, қазақ прозасының соңғы жылдардағы жақсы шығармалармен толығуында Мураками туындыларының үлесі жоқ дей алмассыз. Тұлғаның екіге жарылуын, жармақтануды (Т.Әбдіктің «Оң қолынан» тамыр тартатын «Ғарасат майданын» айтып отырмағаныма сеніңіз) жаңалық көрсеңіз, әуелі Харукидың «Стране Чудес без тормозов» деп аталатын фэнтези жанрындағы туындысына көз жүгіртіңіз. Паралельді өмір сүретін адамдардың ортасына топ ете түсесіз. 


Ал, Харуки үшін сюжеттің нашары жоқ. Сіз жаман-жәутік деген сюжеттің өзі оның қаламында түрленіп, жарқырай нұр шашып кетеді. Әлгі оқиғаның біз көрмеген, біз тіпті де назар салмаған бір қалтарысын тауып алады да, оқырманды да тәп-тәуір тамсандырып қояды. Оның «Кенгру үшін сәтті күн болды» дейтін әңгімесінің арқауы хайуанаттар бағына құрбысын ертіп барған жігіттің ход-дог жеп, кола сіміріп тұрып қайдағы бір кенгрудың жаңа туылған баласын тамашалауы. Біреудің дүниесін жасырып қап қайтеміз, оқиғаның бары осы-ақ. Бірақ, нақ осы тұста автор табиғатты үздіге суреттемей-ақ, кісінің ақ шашынан бастап, топылиының тұмсығына жұққан батпаққа дейін санамалап портрет жасамай-ақ, пәлсапаға ұрынып қалмай-ақ адамдар өмір сүретін ортаны жақсы жазуға болатынын көрсетеді. Оның үстіне кенгрудың жаңа туған баласын тамашалау үшін мысығын тамақтандырып болған соң, бастарына күнқағар кепештерін киіп, электричкамен хайуанаттар бағына жеткен, дүңгершектен балмұздақ алып жеп, соңыра сыра ішуге бет алған екеу туралы жазу үшін суреттеу де, портрет те, пәлсапа да керек емес қой... 


Мураками барлық уақытта, барлық талғам үшін қуаныш деп айтқан жоқпын, оның кейбіреулер үшін осал жазбалары да бар: Сұрғылт, дымқыл, аяныш та туғызбайды, ешқандай да жақсылық та сезінбейсің, бойыңнан өкінішті де байқамайсың, әйтеуір бірінші сөйлемінен бастап, соңғы нүктесіне дейін созылмалы баяндауларды оқып шығу үшін сен де бірнеше күн бойы сүйретілесің... Бос пәтерде отырып ұрынарға қара таппаған жас, көшеден ұшыратқан бейтаныс қызды төсекке қалай шақырғаным дұрыс деп бас қатырған нәпсіқұмар, әлдебір электронды гитарды сабалап отырған шала талантты, мағынасыз саяхаттар мен ертеңгілік ас туралы жазбалардан соң кітапты мүлдем қолға алмау туралы ойлар бас көтеруі де мүмкін. Ол шығармашылық төңкеріс жасаймын деген оймен осы саладағы кейбір құндылықтарды құлдыратып та алған. Роман-попса, сентименталды роман жанрындағы дүниелері бұған дәлел. Жазушы қай заманда да адам болмысын айқын көрсетуімен екшелсе, оның кей шығармаларында рухани шекараны естен шығарып, кейіпкерді тым қатты «шешіндіріп» жіберетін тұстары да бар. Мысалы «Норвежский лес» романындағы Ватанабэ студенттің арсыз істері. Тап осы роман арқылы оқырман Наоконы ғана емес, Харукидың өзін де жоғалтып алған сыңайлы күй кешеді (Сондықтан, өз басым Муракамиды оқуды осы кітаппен бастамауға кеңес беремін). 


...Бірақ, Сіз үшін, Ол үшін, тағы біреу үшін бұл шығармалар ғаламат деп бағаланады. Бұл-дағы, Мураками феноменінің бір ерекшілігі, ол барлық адамдарға және барлық жастағыларға арнап жазады. Сөйте тұра, оқырман оның кейіпкері шаттанса қуанып, қайғырса мұңайып, The Beates тобының әндерін бірге тыңдап, соя тұздығына бөктірілген қиярды да бірге жегендей күй кешеді. Харуки Мураками түйсіктің жазушысы.



Лира Қоныс

Бөлісу:

Көп оқылғандар