Роза Мұқанова: «Бұл сөз не қазақша, не ағылшынша емес...»

Бөлісу:

19.08.2015 3348




«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Әділбек Ыбырайымұлының әңгімесіне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанованың  жазған пікірін ұсынамыз.



www.adebiportal.kz





 





 

26614c85ea84a5338f429437e40b528c.jpg

 

Осы қолжазбаны оқығанда «Жас Алаш» газетіне  осыдан 20 жыл бұрын жазған «Ассалаумағалейкүм, Интерфайлау!» деген сын мақалам есіме түсті.


Онда әрине әлем әдебиетінің классиктерінің сөзін жолма-жол көшіріп, қазақшалап өз атынан жариялап жүрген  жігіттің «жиендігі» айтылған болатын. Қазақтың сөздік қорына «интерфайлау» деген жаңа сөз қолданысын енгіздім деп, өз «құндылығын» паш еткен пақырға біраз сын-ескертпе айтылған болатын.


Мына әңгіменің де аты  «Мәңгелия» - Manhel –«Мәңгі күн нұры құйылған ел» деген ұғымды береді екен. Осы «Manhel» сөзін автор «Мәңгелия» деп қазақшалаған болады. Мейлі  ғой,  қандай тақырып қойғысы келсе де автордың өз еркі. Бірақ деймін, бұл сөз не қазақша, не ағылшынша емес. Яғни не қазақ, не ағылшын түсінбейді. Сонда бұл жасанды сөз кімге керек? Автордың имиджі үшін бе?  Сонымен, қош делік! Егер қазақ оқырмандарына жазылған болса, тақырыпты да  қазақ ұғымына сай келетіндей қойғаны жөн болмас па еді.


Жас авторларға тіс батырып, қатты сын айқың да келмейді. Асқар Сүлейменовтың «Тай мен бесті биені  бәйгеге бірге салмайды» дейтіні бар еді. Бас салып  қамшының астына алсаң, ертең жасқаншақ болар, обалына қалмай, сауабын ғана алғым келіп отырған жайым бар.


Сонымен, «Мәңгелия» хикаятынан мысал келтірейік.


«Жұмысын бітіріп шығысымен смартфонына қарады. Бірқатар қоңыраулар шалынып, төрт-бес СМС, он шақты WhatsАpp хабарламалар тұр. Саусақтары жыбырлай ноқаттарды теріп, лездің арасында барлығын шолып үлгерді. Алайда күткен адамынан бір белгі жоқ, тым құрығанда смайлик келіп түссеші.


Біраздан бері айналысып келе жатқан жұмысының бүгінгі беталысы доцентті қуантты. Ол Жасынның ғылымға ынтызарлығына, еңбекте табандылығына сүйінетін. Енді үлкен ізденіс үстіндегі кішкентай шәкіртіне зертханаға жүйелі түрде келуіне рұқсат етті. Әрі, таяуда Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Нұржан Хабижанұлын Жасынның дербес ғылыми жетекшісі ретінде бекіткен болатын.


Дидар сөзге келмей флешін алып, компьютерге қосты. Мониторда мультимедиялық түрлі модульдер әуеннің сүйемелдеуімен пайда боп, соңында «Ақылды датчик» деген жазу шықты. Enter-ді басып еді, күре жолдың бойында тұрған көліктің бейнесі көрінді»



Немесе,

«Бұл аура 9-шы «ә» сыныбынан ерекше білінді», «Жасындарды әуежайда Қазақстан елшілігінің 3-ші хатшысы қарсы алды», «Қазақ елі мәңгі ел болуға бет алған ол болашақ – «Мәңгелия» -дейді автор. Осы сөйлем, «Мәңгілік ел» деген ұғымды  «Мәңгелия» деп іштей мазаққа ұрындырып тұрған жоқ па деп бір сүрінесің, бірақ автор «Білім.Білік.Бірлік. Мәңгілік елдің жаңа формулусы» деп сендіруге тырысады.


Тіл жұпыны. Көркем туындының тілі төгіліп тұрса игі. Хикаят ауызекі сөздің қарапайым түрімен жазылған. Сөз кестелеуінің өзі оқырманды тарта алмай, қағаз шайнағандай етеді. Тілді суреткер ретінде шебер қолдана алмайды. Автор тілді ақпарат беруші ретінде ғана пайдаланған.  Әдеби тілдің табиғатынынан ажырап  тұрғаны оқырманды жалықтырады.


Автор  әдеби жанрдың табиғатын, заңдылығын біле бермейді, мүмкін тәжірибесі аз болар. Ең бастысы сюжет құра білмеген. Оқиғаның  құрылымы (композициясы ) әлсіз. Әңгіме желісі бір сыдырғы, жаны жоқ. Жаны жоқ дүние, жанға әсер ете алмайды. Яғни оқырман тамақ жеген сияқты, бірақ не жегенін білмейді, қарны тойған жоқ, бірақ шермиіп отыр. Кейіпкерінің образы көмескі. Кейіпкер қызықты емес, оқырманын тартпайды. Кейіпкерді де сомдау үшін суреткерлік керек. Автор Жасынның жан-дүниесіне ене алмаған, Жасынның кескін-келбетін суреткер ретінде өзі көріп отырған жоқ. Сол себепті оқырман  Жасынның әрекетіне де, сөзіне де қаһарман деп қарай алмайды.


Автор көбірек ізденсе, қазақтың мәйекті тілін  игеруге талпынса, қазақ ақын-жазушыларын көбірек оқыса, ұлттық тілдің құпиясын, философиясын, эмоциясын, әуенін өз жүрегіне енгізсе болашақта әдебиет айдынында талай кездесіп, қауышатынымызға күмәнданбаймын. 


Роза Мұқанова


Бөлісу:

Көп оқылғандар