Рахымжан Отарбаев: "Батырымыз бар – басы жоқ, тайқазанымыз бар – қақпағы жоқ!"

Бөлісу:

20.08.2015 4654


9c39da6821641578dd1f2fb6534.jpg

Прозаға деген махаббат ешқайда мойын бұрғызбады



– Аға, шығармаларыңыздың тiлi бөлек, уызы ерек. Қазаққа төнген қауiптi тап басып тауып жазу Сiзге үлкен бедел әкелуде. Жалпы, әдебиетке, жазуға келу жолыңыз қалай болды?


– Бес жасымда анамнан айрылып, атам мен әжемнiң тәрбиесiнде болдым. Бала болып ойнамаппын. Ата-әжемнiң қасында әңгiме-ертегi тыңдап, ескiлiктi әңгiмелерiн құлағыма құя берiппiн. Орал қаласындағы пединституттың филология факультетiн бiтiрiп, 25 жасымда Атыраудан бейтаныс Алматыға сапар шектiм. Қонақүйге орналаса алмаған соң 28-панфиловшылар саябағына барып басыма бәтеңкемдi жастанып орындықта түнедiм. Ертеңiне Жұмекен аға Нәжiмеденовтi iздеп таптым. Сол күнi Жұмекен ағамның «отыз жылдан кейiн артымнан бiр қара ердi-ау» деп қуанғанын көрсең.


Атырау облысынан болғанда Астрахань қаласына таяу жерденмiн. Зейнолла аға Қабдолов бiзге туыс болып келедi. Сәлемдесiп барғанымда «Жазуыңды таста да маған кел, үш жылда кандидат, жетi-сегiз жылда ғылым докторы етiп шығарамын» дедi. Марқұм Әуез Бейсебаевпен танысқанмын, жазуымды қимағандықтан, амал жоқ ғылыммен айналысуға соны үгiттеп көндiрдiм. Зейнолла ағам «бiздiң ауылдың балалары осы... Отқа айдасаң, боққа қашады» деп қатты ренжiдi. Содан Әукең Зейнолла ағаның тамаша шәкiртi болды, ғылым игердi, факультет деканының орынбасары қызметiне дейiн көтерiлдi. Шынында да ғалым не болмаса орманшы болып кетер ме едiм, прозаға деген махаббат ешқайда мойын бұрғызбады емес пе?!


Әбдiжәмiл аға Нұрпейiсовтен сөздiң құдiретiн, өз-өзiме барынша қатал қарауды үйрендiм. Әбе секiлдi өзiне де, өзгеге де соншама қаталдықпен қарайтын адамды көргенiм жоқ. Әбiш аға Кекiлбаевқа «мен сiзден сөздi көп ұрладым» деп әзiлдейтiнiм бар. Бұл аталарымның әрi бай, әрi конократ болғанын тұспалдағаным. Мен мың жерден керемет болайын, бiрақ Нұрпейiсов те, Кекiлбаев та бола алмаймын. Әдебиетте өз сүрлеуiмдi, өз жолымды сала алсам – соған да шүкiршiлiк. Кей-кейде «фейсбук, ватсап деген шырмауық шықты, шығармаларымды кейiнгi ұрпақ оқи ма екен өзi?» деп те уайым етемiн. Иә, өмiр бойы қаламнан айрылған жоқпын. Бiр бақытым, күйiнiшiм, сүйiнiшiм де сол болар. Одан айрылсам өмiр сүрудiң маңызы қалмайды ғой. Дегенмен, түптiң түбiнде бәрiн таразыға салатын ұрпақ келетiнi анық. Бiр байдың малын сыпырып алып, өзiн айдап әкетiп бара жатса артына қарап жылқышысына «әй, ана сары айғырдың үйiрi су iшпей қалмасын!» деп айқайлаған екен. Бiз де сол сияқтымыз ғой. Кейiнгi ұрпақ рухани байлықтан нәр татпай қалмасын деген алаң көңiлмен күн кешемiн.


– Өлеңдi тастап, прозаға алаңсыз бет бұруыңызға не себеп?


– 1982 жылы «Жалын» журналында «Киiктер» деген өлеңiм жарияланды. «Тағыға әсте балама, Жанары қандай тұп-тұнық. ...Алдыңды туған далада, Кестiрмей жүрсең – мықтылық!» деген жолдары бар. Өлең шыға салысымен жағымпаздар «мына өлеңнiң саяси астары сұмдық!» деп жоғарыға хабар берiптi. ҚКП ОК хатшысы, идеология мәселесiне жауапты Саттар Имашев журналдың бас редакторы Тұманбай Молдағалиевтi шақырып «Мұның астарында «алдыңды орысқа кестiрме» деген ой жатыр. Ұлтшылдықтың иiсi аңқитын өлеңдi бастырып не қарап отырсыңдар? Саяси сауаттарың кем» деп тарпа бас салады. Тұмағаң түсiнiктеме жазып жүрiп басын шаққа арашалаған соң поэзия бөлiмiнiң меңгерушiсi Жұматай Жақыпбаевқа «Мына пәленi қайдан тапқансың? Жоқ жерден басымыз шатыла жаздады. Ендiгәрi жолатпа!» деп тапсырма берiптi. Өзiм құрметтейтiн екi ағамның амандығын ойлағандықтан өлеңдi тастауға тура келдi.


– Кезiнде Өтебай Қанахин, Тахауи Ахтанов оқырманы ең көп жазушылар едi. Бүгiнде оқырмандар олардың аты-жөндерiн ұмытып та үлгердi. Биыл жетпiске толатын Тынымбай Нұрмағамбетовтiң мерейтойы неге өз деңгейiнде тойланбайды? Бұл жәйт қазақтың жадының осалдығынан ба, әлде мәселе сол қаламгерлердiң өздерiнде жатыр ма?


– Тынымбай, сөз жоқ, қазақтың ғажайып жазушысы! Шығармаларындағы сөздiң мәйегi, тiлдiң құнары ерiксiз елiтедi. Әйтсе де, адам ретiнде... мiнезi бөлек. Бiр жылы «Ана тiлi» газетi екеумiзге бас бәйгенi бөлiп бердi. Тынымбай келдi де «бәйгенi мына баламен бөлiп берiпсiңдер, ол кiм, менiң қасымда?! Мә, бәйгелерiң!» деп, қаржысын қалтасына салып, грамотаны екiге бөлiп лақтырды. Осындай мiнез-әрекеттерi көптеген талантты қаламгерлердiң жолын кескенi анық. Жеме-жемге келгенде «мынау бетiмдi тырнап едi» деп билiктегiлер де пенделiкке барады. Бұл дұрыс емес. Дегенмен, шын дарындардың еркелiгiн көтеруге тиiспiз.


Мына қым-қуыт нарық заманында жоқтаушың болмаса ұмытылып кетесiң. Құдайға шүкiр, Мұқағалидың артында қалың елi, Хантәңiрiндей тауы бар екен. Жетiсудың азаматтарына, музейiн, ескерткiшiн салып берген марқұм Заманбек Нұрқадiловке рахмет! Жоқтаушысы болмағандықтан Өтебай, Тахауи, Қуандық Шаңғытбаев, Жұмекендер ұмытылды. Оралхан да ұмытылар ма едi, қалың найман жеме-жемге келгенде ауызбiрлiк танытпағанда?! Әйтпесе әлгiлердiң әрқайсысы бiр-бiр тұлға едi ғой. Бұл тiзiм мұнымен бiтпейдi. «Торғай» толғауын жазған Жайсаңбек Молдағалиев қандай қаламгер едi! Сағи Жиенбаев ше?! Алпыс жылдығы тойлануына жарты күн қалғанда... жүрегi соғуын тоқтатты. Сұмдық трагедия!


Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапханаға басшы кезiмде бұған дейiн аталынбай келген аса дарынды қаламгерлер Сайын Мұратбеков пен Бердiбек Соқпақбаевтың жетпiс жылдығына орай еске алу кештерiн өткiздiм. Соңынан өз қаражатыма ас бергiздiм. Сайын Мұратбековтiң зайыбы Мариям апай екi аяғынан жүре алмай қалған екен. Көңiлi босап, өте риза болды. Самал Соқпақбаева хабарласып, алғыс айтты.


– Сөзiңiз аузыңызда, Ұлттық академиялық кiтапхана деп қалдыңыз, осы қызметтен кетуiңiзге Америкаға барған бiр сапарыңызда тағып қайтқан «халықаралық дәрежедегi қауiптi адам» деген қоңырауыңыз себеп болыпты деп естимiз. Осының мәнiсiн тарқатсаңыз.


– Ұлттық кiтапхана басшыларының халықаралық жиынына Америка Конгресiнiң арнайы шақыртуымен он күнге барғанмын. Залда бес тiлде тiкелей аударма жүрiп жатқан. Конгрестiң бiр қызметкерiнiң «Қазақтар Қырғызстаннан үлгi алуы керек. Нағыз демократия аралы соларда. Қазақстан диктаторлық ел» дегенiне шыдай алмадым. Орнымнан атып тұрып «Президентiне таяқ алып жүгiретiн, штандартын көшеге лақтырып, аяқасты ететiн ел кiмге үлгi бола алады? Қазақстаннан не жамандық көрдiңдер? Елiмiздiң шикiзат байлығын сүлiкше сорып жатырсыңдар. Америка – үндiстердiң сүйегiнiң үстiнде тұрған мемлекет. Сендерде ешқандай адами құндылық қалмаған. Бүкiл мұсылман әлемiне от салып, тас-талқанын шығардыңдар» дедiм. 2,5 мың адам демiн iшiне тартып, сiлтiдей тынды. Сол жерде менi «халықаралық дәрежедегi қауiптi адам» деп жариялап, полициясы қоршады. Америкадағы бiздiң елшiлiкке, елдегi жоғары басшылыққа хабар жөнелттi. Бөлмемдi күндiз-түнi күзетiп, кетерiмде «бес жылға дейiн Америкаға кiруге болмайды» деп құжатыма белгi соғып бердi. «Мұнай керек болса, шелектерiңдi сүйретiп жетерсiңдер әлi-ақ» деп мен кеттiм. Президентiмiз Назарбаевқа «Конгреске жиналған 2,5 мың адамды таратып жiбердi, Американы жауыз дедi» деп жеткiзiптi. Президент «қызметтен уақытша босатыңдар» деп бұйырыпты. Әйтсе де, Елбасыға риза болғаным, бұрнағы жылы менi «Құрмет» орденiне ұсынған. Алдына тiзiмдi апарғанда «Құрметтi» сызып, «Парасат» деп жазыпты. Шамасы «осыған обал болды» деп ойласа керек.



Батырымыз бар – басы жоқ, тайқазанымыз бар – қақпағы жоқ



– Әлгi әңгiмемiзге қайта оралсақ. Шығармашылығы қуатты, қалам қарымы ғажап ақындарымыз жас кезiнде-ақ өз отына өзi өртенiп, жанып кетiп жатты. Бұл тiзiмдi Нұрлан Мәукенұлы, Бауыржан Үсенов, Есжан Айнабеков, Мұратбек Дүйсенбеков секiлдi талантты жастар құрайды. Осы қаламгерлердiң өмiрден ерте өтуiне өздерi өмiр сүрген қоғам кiнәлi секiлдi көрiнедi де тұрады.


– Бұл тiзiмдi соза берсең таусылмайды. Жамбылдық Мұса Рахманбердиев қандай едi, марқұм... Қоғам алмасқан кезде қаламгерлерге оңай болмады. Соғыстың алдында және одан кейiн туғандар (1937-1945 жылдар) бақытты ұрпақтар. Әдебиеттiң алтын ғасырын да солар жасады. Өкiнiштiсi, бұлар – уызына жарымағандар. Кiтаптың қалыңы солардыкi, атақ-абырой да соларға тиесiлi болды. Мен оларға «сендер қатiгезсiңдер, арттарыңда шалқұйрығы сүзiлiп келе жатқан ұрпақты ойлаған жоқсыңдар» деп талай рет айттым. Бiздiң толқын – екi қоғам алмасқан өлiара кезге тап болған бақытсыз ұрпақ. Талантты жiгiттер көп едi... Тағдырлары қақпақыл ғып ойнады. Обал-сауапты бiлмейтiн сауда-заман аяусыз тонады бiздi. Екi-үш кiтабымыз шығып, ендi таныла бастағанымызда қоғамдық формация алмасып кеттi. 1989 жылдан 2005 жылға дейiн өтпелi кезең орын алды. Шыдай алмағандар iшкiлiкке салынды, кейбiреулер жазуын тастап, саудаға кеттi. Осы кезеңде талай таланттарымыздан айрылдық. Мен бiр жақсылығымнан, кереметтiгiмнен аман қалған жоқпын.


– Айыпқа бұйырмаңыз, көпшiлiк аузынан «Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановқа ортақ «Құз басындағы аңшының әңгiмесi туралы аңызын» Рахымжан Отарбаев жазып берген» дегендi ара-тұра естимiз. Осы сөздiң ақиқаты қайсы?


– Бiшкекте елшiлiкте қызмет iстеп жүрген кезiм. Бiр күнi екеуi шай iшiп отырып кiтап жазайық деп келiстi. Идеяны бұрқыратып ортаға тастаған Мұхаң. Екi елдiң тарихы мен тағдырын арқау етiп, билiктегiлердiң тағы мен бағын айтайық деп жиырма шақты тақырыпты қамтитын кiтаптың сұлбасын түздi. Мен де ой, идея тастап, дерек-мәлiмет жағынан көмектесетiнiмдi айттым. Ол кезде электрондық пошта жоқ. Шыңғыс ағадан орыс тiлiнде жазылған жүз елу бет факс келдi. Оны өз стилiме салып, байытып тәржiмаладым. Мұхаңның жазғандарын редакцияладым. Интервью сияқты диалог кiтапқа 15-20 пайыз еңбегiмнiң сiңгенi рас. Ал, жұрт айтқандай, кiтапты бастан-аяқ жазып беруге менiң уақытым жоқ едi, өйткенi дипломаттық қызметтiң жүгi оңай емес. Әлемдi аузына қаратқан Айтматовтың Рахымжанға күнi түсiптi дегенге кiм сенедi, көкем-ау? Екiншiден, осы екi тұлғадан жақсылықты көп көрдiм. Мен мұны екi тұлғаның алдындағы iнiлiк парызым, олардан көрген шапағатымның өтеуi деп түсiнемiн.


Әйгiлi Мұхтар Әуезовтiң саясатқа, заман ағымына сай келмегендiктен қалтарыста қалып қойған «Қилы заман» повесiн кезiнде Айтматов iздеп тауып, орыс тiлiне аударып, Мәскеудегi «Новый мир» журналына жариялады. «Қилы заман» повесi осылайша ғұламаның шығармалары қатарынан орын алды. Айтматов жарыққа шығармағанда әлi де қапаста қала берер ме едi, кiм бiлсiн? Мұны Айтматовтың кеңес дәуiрiндегi ерлiгi деп бағалауға тиiспiз. Шыңғыс ағаның 150 парағын өз стилiме салып аударсам, сол еңбегiне қазақ халқының атынан айтқан рахметiм болмай ма?! Шыңғыстың жақсылығын ұмытты бұ қазақ! Бiреуi о дүниедегi, бiреуi бұ дүниедегi екеуiне тiсiн қайрайды келiп, жан-жақтан. Оларға айбалтасы өтпесе, маған қарай сiлтейдi, жағама жармасады.


– Аға, ақиқатын өз аузыңыздан естiдiк. Ендi келесi сұраққа көшейiк. Ең мықты шығармаңыз жазылды деп ойлайсыз ба?


– Махамбет батыр жайлы «Бас» деген романымды аяқтадым. Бiлесiздер, дұшпандары Махамбеттiң басын шауып алған. Кейiн ақынның бас сүйегiн зерттеумен атақты антрополог Ноэль Шаяхметов айналысады. Ол бас сүйектi қазып алады. Бұл баяғы мемлекет және қоғам қайраткерi Жұмабай Шаяхметовтiң ұлы. Содан Мәскеуге көшетiн кезiнде «Махамбеттiң бас сүйегiн алып қалыңдар» деп құзырлы мекемелерге барғанымен, бәрi ат-тонын ала қашқан. Бұ қазаққа Махамбеттiң ақындығы, атақ-даңқы, жырлары мен күйлерi керек, ал, бас сүйегi қажет емес екен! Амал жоқ, дауылпаз ақынның басын... жертөлелердiң бiрiне тастап кетедi. Сол бас 17 жылдан кейiн табылып, зиратына – денесiнiң қасына қайта қойылады. Жаныңды ауырта ма, ауыртпай ма? Батырымыз бар – басы жоқ, тайқазанымыз бар – қақпағы жоқ! Бұл қазаққа Махамбеттiң басы керек болмағанда, болар-болмас жазуы бар мен керекпiн бе деп ойладым. Сөйттiм де Түркиядан үй сатып алдым. Көрмей-ақ қояйыншы осы қазақты, алыстан сағынайыншы дедiм.


– Махамбет демекшi, Исатай батыр мен Махамбет жайлы романыңыздың қолжазбасын не үшiн өртеп жiбердiңiз?


– Жетпiс жылдық бұғаудың әсерi болар, социалистiк реализмнiң жетегiнде кетiппiн. Жәңгiрдi надан, Фатима тоташты көрсеқызар етiп көрсетiппiн. Кейiннен мұрағатқа кiрiп қолжазбалармен танысқанымда қайран қалдым. Осы уақытқа дейiн солай деп жазып келген ағаларым да, мен де надан екенбiз. Жәңгiрдiң әкесi Бөкей қазақ халқына ұлы жақсылықтар жасаған бекзада екен. 1771 жылы қалмақ үдере көшкенде бос қалған Едiл-Жайық өзендерiнiң ортасын 1801 жылы 11 наурызда I Павел патшадан сұрап алмаса, орыс меншiгiнде қалып қояды екен. Едiлдi берiп еңiрегенiмiз өз алдына, Жайықтан да айрылады екенбiз. Жәңгiр орыс, немiс, француз, парсы тiлдерiн меңгерген, Қазан университетiнiң құрметтi профессоры болған. Студенттерге дәрiс оқыған. Кiшi жүздiң шежiресiн жазған. 1841 жылы Ордада өз қаржысына тұңғыш рет мектеп ашып, бала оқытқан. Үздiктерiн Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербор, Прага қалаларына оқуға жiберген. П.П.Семенов-Тянь-Шаньский жетекшiлiк ететiн Санкт-Петербор ботаника бағының Ордадан бөлiмшесiн ашқан. Қарағайдан бастап алуан түрлi бау-бақша егiп, көшет отырғызған. Пошта жүйесiн iске қосқан. Дәрiхана салған. Ресейден бiлiктi дәрiгерлер алдыртып, шешек, қызылша секiлдi жұқпалы кеселдерге қарсы халықты ектiрген. Фатима тоташ қыздардың сауат ашу мектебiн ашып, қолөнер, би үйiрмелерiн ұйымдастырған. Екеуiнiң ұлы Ғұбайдолла Балқан соғысының батыры атанған. Ресей империясының байланыс министрi болған. Аты-жөнi Кремльдiң Георгиев залында Суворов, Кутузовтармен бiрге алтын әрiптермен жазылған. Елбасы Н.Назарбаевтың өзi «Хандардың iшiндегi ең прогрессивтi хан Жәңгiр» деген. Ал, мен болсам мектеп оқулығындағы Махамбет батырдың Жәңгiр ханға айтқан «Хан емессiң, қасқырсың!» деген өлеңiнiң жетегiнде кетiппiн. Сосын ол қолжазбаны қалай өртемейiн?!


Ағалардың жақсылығын көп көрдiм


– Тарихты бұрмалауға жол бермегенiңiз дұрыс болыпты. Бүгiнде шығармаларыңызды әлем танып жатыр, жазғандарыңыз терi алынбай жатып шет тiлдерiне аударылады. Мұны жолға қалай қойдыңыз?


– Белгiлi бiр деңгейде деңiз. Мәскеудiң «Молодая гвардия» баспасынан 1991 жылы шығуы тиiс кiтабым 18 жылдан соң жарық көрдi. Содан Мәскеуге, «Көркем әдебиет» баспасының бас директоры Пряхинге бардым. «Литературная газета», «Юность» журналы, әлемнiң 56 елiне тарайтын «Форум» журналы шығармаларымды жиi жариялап тұрған. Осы басылымдардың басшыларын жинап «туындыларымды әлем тiлдерiнде сөйлетуге бола ма? Әлде көркемдiк деңгейi төмен бе? Тек шындығын айтыңдар» дедiм. Олар әбден болатынын айтып, сауатты әрi iскер әдеби агент тауып бердi. Сосын ағылшын, француз, итальян, немiс, испан, қытай, корей, т.б. елдердiң баспагерлерiне ұсынды. Олар өздерi аудармашылар тапты. Келiсiмшарт жасалды. Жарнамасы, баспа шығыны, тиражы шотқа қағылып, есептелдi. Содан бастап кiтаптарым Африка құрлығында, Жаңа Зеландияда, Қытайда басылды. Болгар тiлiне аударылып, София дүкендерiне түстi. Қытай баспагерлерi кiтабымды өздерi шығарды. Оларда кiтап дүкендерi баспамен тiкелей байланыс орнатқан. Жалпы шетелде кiтап саудасы жүйелi жолға қойылған. Италияда кiтабымның тұсаукесерi өтiп жатқанда жергiлiктi екi журналист өз журналдарын сыйлады. Сөйтсем екеуi де «Мона Лиза» деген әңгiмемдi қатар басыпты. Егер әдеби агентсiз, жеке аудармашымен жұмыс iстесең – таза тоналасың. Әдеби агентi жоқ иесiз кiтапты шетел дүкендерi қабылдамайды.


– Театрда Оңтүстiктiң оқырмандарымен өткен кездесуде екi iрi жобаңыз, соның iшiнде туған жерiңiздiң жастарына жасамақ жақсылығыңыз жөнiнде айттыңыз. Мұндай шешiмге келуiңiздiң себебi неде?


– Мен ағалардың жақсылығын көп көрдiм. Кезiнде Алматыдағы Панфилов паркiндегi орындықта бәтеңкесiн төсенiп жатқан Рахымжан едiм. Артымнан бiр бала ердi деп Жұмекен қуанды. Шерхан аға «Қазақ әдебиетiне» жұмысқа алды. Оралхан аға ықыласын бiлдiрдi. Фариза апа туған iнiсiндей қарады. Бала-шағамды шұбыртып көшiп-қонып жүргенiмде Олжас аға үйiне шақырып, сейфiнен 1000 сомды (рубль) санап берген. Мұхтар Шаханов Алматыдан үй алуыма көмектескен. Айтматов ықыласын аямаған. Балаларыма аманат ретiнде күнделiгiме «осы адамдардың ұрпақтарының қолына су құйып жүрiңдер» деп жазып кеттiм. Ел азаматтары туған жерiмдегi үлкен көлiне атымды берiп, «Рахымжан көлi» деп картаға енгiздi. Құдайға шүкiр, iлтипат-iзеттен кенде емеспiн. Ендеше, өзiмнен кейiнгi буынға неге ағалық көрсетпеске деген ой келдi. Атыраудан өз қаржыма «Рахымжанның шығармашылық үйiн» салсам деймiн. Туған топырағымда қаулап өсiп келе жатқан қаламгер, сазгер, суретшi, қолөнершi, мүсiншi iнi-қарындастарыма еркiн кiрiп-шығып, бас қосатын орталық құрып берсем. Көзiмнiң тiрiсiнде Алматыдан, Мәскеуден өнер қайраткерлерiн шақырып, шеберлiк-сыныбын өткiзбекпiн. Шағын мұражай, көрме залын жасақтасам. Египетке барғанымда Бейбарыс сұлтанның 3000 беттiк өмiр тарихы мен аңыз әңгiмелерiнiң қолжазбасын көрдiм. Iздейтiн қазақ болсашы... Соны сатып алып, араб тiлiнен аудартып, алты том етiп шығарып, таратамын деп отырмын. Осы қолжазбаны да сол көрмеге қойсам деген ойым бар. Бүгiнде дайындық жүрiп жатыр.


Екiншi жобам – осы күзде отызға тарта түркi халқының прозаиктерiне арнап байқау жарияламақпын. Бұл өзi қазақтың зиялы қауымының арасында бар, өнеге алуға болатын үрдiс. Осыдан 200 жылдай бұрын Ордада Шәңгерей Бөкей әдебиетке бәйге жариялаған. Мен – бар адаммын. Терең ойланып, отбасыммен кеңесе келе түркi әлемi қаламгерлерi арасында екi жылда бiр рет роман жазудан байқау өткiзбекпiн. Бәйгесi 100 мың доллар. Қазылар алқасына әр халықтың қаламгерлерiнен екi өкiлден қатысады. Шашырап жүрген түркi халқының басын қосуға, ортақ үйлесiмге келуiне пияз қабығындай болса да ықпалым тисе деген ой ғой.


– Ұмытпасам, қайсыбiр жылы туған елiңiзге оралған сияқты едiңiз?


– 2000 жылдың басында Қырғызстандағы елшiлiк қызметiнен босап келдiм. Атырау облысының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов әдебиет пен өнер саласындағы жерлестерi – Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Iлия Жақанов, Әзидолла Есқалиев, Ғафиз Есiмов, Шамғон Қажығалиевтi, сосын менi елге шақырды. Әншi-күйшiлерi сырнайлатып қарсы алып, жаңадан салынған тұрғын үйдiң пәтерiне бастап барды. Қонақ етiп күтiп жатқан екен ғой деп ойласақ «Бұл сiздiң баспанаңыз, құтты болсын!» дейдi. Бүкiл жиїазымен, ыдыс-аяқ, қазан-ошағымен, тiптi сүйретпе аяқкиiмiне дейiн дайындап қойыпты. Әлгiнде аты аталған адамдардың барлығына да пәтерлерiн солай асай-мүсейiмен сыйлапты. Сосын облыс пен қала басшыларын шақырып бiздi таныстырды. «Бұл кiсiлердi Атыраудың рухани дүниесiн көтередi деп аттай қалап алдырдық. Айтқандарын екi етпейсiңдер» дедi. Әрқайсымызға қызметтiк көлiкке бiр-бiр «Волгадан» бердi. Дулат Исабеков «Иманғалиды Қазақстандағы барлық облысқа әкiм етiп қойып шықса, шiркiн!» дейдi. Алматыға әкiм кезiнде жас суретшiлерге, журналистерге, ақын-жазушыларға, қолөнершiлерге, өнер иелерiне «Құлагер» шағынауданын тұтасымен сыйлады. «Ақын-жазушылар негiзiнде қияли келедi, олардың құжаты ешқашан түгел болған емес. Жүргiзушiлiк куәлiгiне болса да үйдiң құжатын дайындаңдар» дедi. Иманғалидың жақсылығын басқа да әкiмдерге ой салсын деген ниетпен айтып отырмын.


– Сырыңызды бүкпесiз айтқаныңыз үшiн рахмет, аға! Бүгiнгi заманның өзектi мәселелерiн көтерген туындыларыңызбен оқырмандарыңыздың жүрегiн жаулай берiңiз.



Сұхбаттасқан: Үмiтхан АЛТАЕВА.

http://archiveshare.net/

Бөлісу:

Көп оқылғандар