Жүрекке түскен сәуле
Бөлісу:
Шегіне көз де, қиял да жетпейтін он сегіз мың ғаламға әуелде сөз киесі қонды. Жаратқан жеті қат көк аспанға тарыдай жұмыр жерді тербетіп, Адам атаның аузына алғашқы сөзді салды. Содан бері адамзаттың көмейінен төгілген тілге тұсау түсіп көрмепті. Бірде шешендікпен шиыршық атып, бірде ақындықпен адуынды жырға айналған сөз шіркін менменсіген талайдың мысын басты.
Азғын ел ақынын іздемейді. Өзегіне жаһанның жегі құрты түскен қоғам мәдениетін мансұқ етіп, әдебиетін аяққа таптайды. Бірақ ежелден сөз кенішін құрметтеп, өлең өрнегімен өмір сүрген қазақ рухани уызынан ажыраған емес. Әуелден жаралған сөз әдебиетсүйер елмен мәңгі бірге. Жақында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Қазақстан Жастар одағының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлының «Сөз киесі» атты лирикалық кеші өтті. Сөз киесін ұғынған халық сөз иесінің поэзия бұлағынан қана ішіп, жан сарайын сұлулыққа бөлеп қайтты.
Жердегілер жейтіндей жасқанамын,
Көрінеді жоқтай-ақ басқада мұң.
Жұлдыздардың арасы адамилау,
Шақырады қол бұлғап аспан-ағын.
Ақынның жан тебіренісін жастар кезек-кезек жатқа оқыды. Жұлдызды аспанның аясында сайраған бұлбұл үніне елітіп, тамылжыған табиғатта ағаш сәкінің түбінде жыр төккен өрендер Әділбек ақынның өлеңдеріне деген сүйсінісін жасырмады. Жастардың лирикасымен түрілген кеш шымылдығы көрерменге шалқар шабыт дарытты.
Әділбек Ыбырайымұлы қатыгез қоғамға аянышпен қарайды. Ерсілі-қарсылы ағылған жұрттың жүрегінен мейірім іздейді. Өкініштісі, адамзатты екі дүниеде де шуаққа бөлейтін ізгіліктің ізі қалмағандай. Десе де, ақын жүрегі жалғаннан түңіліп кетпейді. Қараңғылықтың құшағында нәзік сәулені қарманады. Шабытты көңіл жұлдыздарға көз тігіп, шегі жоқ ғаламға шарқ ұрады. Бәлкім, сол жақта адамгершіліктің өлшемі бар тәрізді. Шабыт шіркін:
Кетіп жүрген кезі ғой сөзге есенің,
Әлі талай сынға мен кездесемін.
Өлеңінде – азамат, өмірде – арам
Ақындардай емеспін, өзгешемін, –
деп шалқып алады да, ар мен ұяттың салмағын таразылайды. Ақын ақ қағазға төккен сырлы сөзін адал ісімен дәлелдеуге талпынады. Бұл жолы өлеңге ынтық сахнадағы жастардың қатары өсті. Әділбектің жырына құштар қолаң шашты жас ару көрерменнің ортасынан атып шықты. Манадан бері жұлдыздан шашу шашқан қою түнді өлеңмен өрнектеп, жыр оқып отырған жастар бейтаныс қыздың поэзиясына қызыға қарап қалыпты.
Лирикалық кеште облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы жылы лебізін білдірді. Көпшілікті өлең бесігінде тербеткен Әділбектің әдеби кешіне Жетісу жерінің қаламгерлер қауымы түгел қатысып, ердің жасына жеткен ақынға шығармашылық жаңа табыстар тіледі.
– Құрметті әдебиет жанашырлары! – деді облыс әкімінің орынбасары. – Жер жаннаты бүгін елу жасқа толған Әділбек Ыбырайымұлының жыр шумақтарымен тербеліп тұр. Қазақ ақынын ардақтаған халық қой. Сүйінбай мен Жамбыл, Құрманғазы мен Махамбет, Абай мен Шәкәрім шыққан киелі өлкеде ақындардың легі үзілген жоқ. Сол даралардың ізін қуып, қазақ поэзиясына ешкімге ұқсамайтын қолтаңба қалдырған Әділбектің шабысы бөлек. Оның жырларын тыңдағанда төбе құйқам шымырлап, көңілім тебіреніп кетті.
Сөз соңында Бақтияр Әлтайұлы ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаттарын оқып берді. Сонымен бірге, облыс әкімі Амандық Баталовтың да ыстық лебізін ақынға жеткізді.
Әдеби кеште Әділбек Ыбырайымұлына «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ақынның кіндігі кесілген туған өлкесі осындай құрмет көрсетті. Абыройлы атақты Ақсу аудандық мәслихат хатшысы С.Серпербайұлы тапсырды. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Жұмабай Құлиев замандас ақынына арнап жалынды жыр оқыды. Ал облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ақ қағазға өлеңнен өрнек салған бір сырлы ақынның композиторлығына тоқталып, қаламы жүйрік прозаик екенін де атап өтті. Құттықтау сөзінің соңында мерейтой иесіне үлкен құрметпен шапан жапты.
Әділбекше жырласақ, «қаны судай шашылып, құмға сіңген бір ұрпақтың өмірі өтті». Дәлірек айтқанда, Ауған соғысының зардабы қазақ боздақтарына ауыр тиді. Ешкімге абырой әпермеген беймәлім соғыста сайдың тасындай жеті жүз жауынгер жер жастанды. Ақын жүрегін он жылға созылған қанқұйлы соғыс қатты жаралаған. Кеште «Құмға сіңген қан» поэмасының желісі бойынша «Бейбіт күннің бейбақтары» атты қойылым көрсетілді. Бейбіт күннің боздақтары асқар таудай әкемен, әлдилеп өсірген анамен қош айтысады. Көрші қызбен достығы да кілт үзіледі. Табиғат аясындағы тыныштық енді жоқ. Балалық шақтан бірге өскен бозбалалар сұрапыл соғысқа аттанады.
Жалмауыз құм жұтып жатыр аққан қанды тамсана,
Тояр емес талайлардың қанын ішіп алса да.
Қаны түгіл, адамды да жұтып алар обыр құм,
Жемсауы үлкен, жалмай берсе, қуанады соғұрлым.
Әділбек жан жарасын сыздатқан соғысқа құм арқылы қарғыс жаудырады.
Кеш соңында туған жерінің төрінде жыр кешін өткізіп, сағынышын лирикалық леппен жеткізген автор қуанышымен бөліскен ағайынға алғыс айтты.
... Әу бастан алты құрлыққа құдіретті сөзбен ажар қосып, әлемді әдемілікпен әлдилеген ақындардың көші бүгін де сұйылған жоқ. Ұлылар салған сол шабыт көшінің бел ортасында ардың теңін арқалаған ақын, қара өлеңнің қара нары – Әділбек Ыбырайымұлы келеді.
Әділбек Ыбырайымұлының кітап көрмесі
Қапал өңіріне саяхат. Біржан сал мен Ақын Сараның айтысы өткен «Ешкіөлмес» тауының етегі
Қуаныш Тұнғатар
Бөлісу: