Акутагава Рюноскэ. "Аттың аяқтары"

Бөлісу:

28.05.2015 2661

 

7qt3srsopcew.jpg


Бұл әңгіменің кейіпкері Осино Хандзабуро. Өкінішке орай, ол жәй ғана қарапайым адам. Ол «Мицубиси» компаниясының пекиндік бөлімшесінің қызметкері, жасы отыздарда. Комерциялық училищені аяқтаған соң бір айдан кейін Хандзабуро Пекинге жұмысқа түсті. Жолдастары мен бастықтары ол туралы жақсы пікірде болды десек келіспес, бірақ жаман сөз де айтпайтын. Мінсіз, түссіз – Хандзабуро осылай сипатталады. Оның жанұялық өмірі де осындай. Хандзабуро екі жыл бұрын бір қызға үйленген. Оның аты Цунэко. Бұл өкінішке орай махаббатқа бөленген неке болған жоқ. Екі жас Хандзабуро туысқандары, қарт ерлі - зайыптылардың еркімен  құда түсу арқылы қосылды. Цунэконы сұлу қыз дей алмассыз. Рас көзге қораш боп та көрінбейтін. Толықша қыздың жүзінде ылғи күлкі үйріліп тұратын. Иә ылғи, Мукденнен Пекинге баратын жолда, түнде жатын вагонында бүрге шаққанда ғана жымиған жоқ. Бірақ содан бері бүргелерден қорықпайды: N көшесіндегі қазыналық пәтерінде «Комори» фирмасы дайындаған жәндіктерге қарсы құрал – «Пиретрумның» екі құтысы бар. Мен Хандзабуроның жанұялық өмірі мінсіз, түссіз деп едім, ол расында да солай. Цунэко екеуі бірге ас ішетін, граммофон тыңдайтын, кинематогрофқа баратын, бары сол; бір сөзбен айтқанда өмірлері Пекиннің барлық қызметкерлерімен ұқсас еді. Алайда осындай тыныш өмір салтының өзінде де маңдайларына жазылған тағдыр бұл отбасыны айналып өтпеді. Бір күні түстен кейін тағдыр мінсіз, түссіз өмірдің бейбіт ағымын бір-ақ соққымен үзіп тастады. «Мицубиси» фирмасының қызметкері Осино Хандзабуро соққыдан күтпеген жерде қайтыс болды. Бұл күні Хандзабуро әдеттегідей Дундуань - пайлоу ғимаратындағы жұмыс үстелінде  қағазбен айналысып отырған, қарсыдағы қызметтестері оғаш ештеңе байқаған жоқ. Алайда, ол сірә бір қағаздарды аяқтап, темекіні аузына салып, сіріңке жақпақшы болған кезде, үстелге бетімен құлап, өле салған. Ол тіпті ойламаған жағдайда өлді. Бірақ бақытымызға қарай, кімнің қалай өлгені жөнінде сын айтылмайды. Кімнің қалай өмір сүріп жатқаны ғана сыналады. Осының арқасында Хандзабуро оқиғасы көп сынға алынбады. Тіпті сын да айтылмады. Басшылық та, қызметкерлер де жесір қалған Цунэкоға көңіл айтты. Тунжень емханасының директоры, профессор Ямаидың қортындысы бойынша Хандзабуро ажалы соққыдан болған. Бірақ, Хандзабуроның өзі бақытсыздыққа орай, оны соққы деп ойламады. Бәрінен бұрын ол өлдім деп те ойлаған жоқ. Ол тек бұрын келіп көрмеген кеңсеге қалай тап болғанына қайран қалды. Кеңсенің терезесіндегі перде күн сәулесіне шомылып, желмен баяу қозғалып тұр. Әйтсе де, терезенің сыртында ештеңе көрінбейді. Бөлменің ортасындағы үлкен үстелде бір бірінен қарама қарсы ақ халатты екі қытай гроссбухтарды парақтап отыр. Біреуінің жасы жиырмада, ұзын сарғайған мұртты екіншісі үлкендеу. Хандзабуро жан - жағына қарап өз өзіне келгенше жиырма жасар қытай гроссбух парағына әлдене жазып отырып көзін қағаздан алмай «Are you Henri Ballel, ar’nt you?» деп сұрады. Хандзабуро қайран қалды. Алайда ол барынша таза пекиндік сөйлеу мәнерімен жауап беруге тырысты. «Мен «Мицубиси» жапон компаниясының қызметкері Осино Хандзабуромын» деді ол. «Қалай? Сіз жапонсыз ба?» - деп сұрады көзін ақыры қағаздан көтерген қытай үрейленгендей. Екінші егде қытай гроссбухқа әлдене жаза бастап тоқтай қойып, Хандзабуроға аңырып қарап қалды. «Енді қайттік? Шатастырып алыппыз!» «Мәссаған, қиын болды ғой. Не істейміз енді? Бұл жағдай бұрын соңды, төңкерістен бері болып көрген емес.» Егде қытай ашуланып отырғандай, қолындағы қаламы дірілдеп тұр. «Бол тез, мынаны орнына қайтар!». «Тыңдаңыз е-е Осино мырза! Кішкене күте тұрыңыз!» 

Жас қытай жаңа қалың гроссбухты ашып іштей әлдене оқи бастады да, бірден қайта жауып, одан бетер үрейлене егде қытайға қарап: «Мүмкін емес... Осино Хандзабуро үш күн бұрын өліпті»- деді. «Үш күн бұрын?» «Иә аяқтары да шіріп кетіпті.  Екі аяғы да санынан бастап шіріп кетіпті.» Хандзабуро тағы да қайран қалды. Мыналардың әңгімелеріне қарағанда  біріншіден, бұл өліпті, екіншіден бұның өлгеніне үш күн болыпты. Үшіншіден оның аяқтары шіріп кетіпті. Бұндай сандырақтың болуы мүмкін емес. Шынында да, міне ғой аяқтары. Бірақ аяғына қараған кезде еріксізден жан дауысы шығып кетті: жақсылап үтіктелген ақ шалбар мен ақ бәтеңкенің ішіндегі  екі аяғы да терезеден соққан желмен  тербеліп тұр. Ұстап көрсе, санынан төмен жағы жоқ, қолы ауа қармайды.  Хандзабуро сол беті отырып қалды. Дәл сол сәтте оның аяқтары, дұрысына келсек шалбары желі шыққан әуе шары сияқты еденге сылбыр сырғып түсті. «Ештеңе етпес, бірнәрсе ойластырармыз» - деп егде қытай ашулы кейіпте жас қызметкерге ұрысты: «Бұған сен кінәлісің! Естисің бе? Сен кінәлісің! Дәл қазір мәлімдеме жаз. Әлгі Генри Бэллет қайда?» «Мен жаңа ғана қарадым. Ол Ханькоуға шығып кетіпті» «Олай болса Ханькоуға жеделхат сал, дереу Генри Бэллеттің аяқтарын алғыз.» «Жоқ ол мүмкін емес. Ханькоудан аяқтар келіп жеткенше, Осино мырзаның денесі шіри бастайды.» «Енді қайттік! Ал енді не істейміз?» Егде қытай қатты қапаланғандықтан ба мұрты тіпті салбырап кетті. «Сен кінәлісің! Дәл қазір мәлімдеме жаз. Өкінішіке орай, жолаушылардан да ешкім қалмаған шығар.»  «Олардың кеткендеріне бір сағат болды. Бір ат қалған, бірақ...» «Ол қайдан жүр?»  «Дэшень – мынь жылқы базарынан. Жаңа ғана өлді.» «Аттың аяқтарын қояйық, енді не істейміз? Түк жоқтан гөрі жақсы ғой. Бері алып кел оны» Жиырма жастағы қытай үстелінен тұрып қалықтай жөнелді. Хандзабуро үшінші рет қайран қалды. Бұл әңгімеге қарағанда, бұған жылқының сирақтарын қоймақшы. Адамсың, бірақ аяқтарың жылқының сирағы – неғылған қорқынышты, масқара. Әлі де еденде отырып алып егде қытайға жалынды.  «Өтінемін сізден аттың сирағы керек емес маған! Жылқыны жек көремін! Барлық әуле әмбиелер атымен өтінемін, адамның аяқтарын тауып беріңізші. Генри санның аяқтары болсын немесе басқа біреудікі, бәрі бір. Біраз жүндес болса да келісемін, адамның аяқтары болса болды. Егде қытай Хандзабуроға шарасыз күйде басын изеді: «Болса қоямыз ғой – бірақ адамның аяқтары жоқ боп тұр, сондықтан... Енді қайтеміз бұл бір бақытсыздық болды, тағдырға не шара бар! Әйтсе де жылқының сирақтары да жақсы ғой. Уақыты келгенде тағаларды ауыстырып қойыңыз, жол демейсіз, тау демейсіз жүре бересіз.» Сол кезде бір жақтан қалықтай жүріп жас қытай да келіп жетті, қолында жылқының сирақтары бар. Дәл осылай қонақ үйдегі қызметші бала етік алып келетін. Хандзабуро қашып кеткісі келді. Бірақ аяғы жоқ, орнынан тұрудың өзі мұң. Жас қытай оған жақындап келіп, ақ бәтеңкесі мен нәскиін шешіп алды. «Жо – жоқ аттың сирағы керек емес! Бұл қалай, менің келісімімсіз аяқтарымды алмастыруға кімнің құқысы бар?!»

Хандзабуро айқайлап, қарсыласқанша, жас қытай шалбарының бір балағына аттың сирағын тығып жіберді. Аттың сирағы оң жамбасына тастай қата қалды. Сол кезде сол жақ балағына екніші сирақта салып жіберді. Ол да жамбасына жабыса кетті.

«Міне, түк те жоқ. Бәрі жақсы.»

Жиырмадағы қытай өзіне риза кейіпте күлімсіреп, ұзын тырнақты саусақтарын ысқылап қойды. Хандзабуро амалсыздан аяқтарына қарайды. Ақ шалбардың балағынан жирен аттың тоқ аяқтары, екі тұяғы көрініп тұр. Хандзабуро осы минутқа дейін не болғанын ғана есіне түсіре алды. Бұдан соңғысы оның есінде дәл осылай анық сақталмапты. Ол екі қытаймен төбелескендей болғанын біледі. Одан соң биік баспалдақтан төмен домалағандай. Бірақ осының барлығы есінде анық қалмапты. Қалай айтсақ та күңгірт әлемдегі елестерден айығып өзіне келген соң, N  көшесіндегі қазыналық пәтерде табытта жатқанын білді.  Ол аз десеңіз дәл табыттың алдында Хонгандзи храмының жас миссионері дұға оқып отырыпты.

Хандзабуроның қайта тірілуі түрлі сөздерге жел беруі өзінен өзі түсінікті. «Дзюнтэн ниппон» газеті оның портретін салып, астына үш бағана корреспонденция жазды. Бұл корреспонденция Цунэконың қаралы көйлек кисе де әдеттегіден гөрі бақыттырақ көрінгенін, бірнеше қызметкерлер мен бастықтар жерлеу рәсіміне жиналған қаражаттың күшімен қайта тірілген адамның құрметіне банкет жасағанын жазыпты. Әрине, енді профессор Ямаидың беделіне нұсқан келетін болды. Бірақ профессор қаннен- қаперсіз папиростың түтінін дөңгелете шығарып, төнген қауіптен оңай құтылды. Бұл жағдайды ол медицинаның көзі жетпейтін табиғат құпиясымен байланыстырып, өзінің жеке, профессор Ямаидың беделіне  жалпы медицинаның беделін қалқан қылды. Абыр – сабыр іс шаралардың себепкері Хандзабуроның жүзінен қуаныш байқалмайды. Оның несіне таңқаламыз? Оның аяқтары қайта тірілген соң, аттың аяқтарына айналып кеткен. Жирен аттық аяқтары, бақайдың орнында тұяқ тұр. Өзінің аяқтарына қараған сайын қайғырады. Енді қайтсын, егер біреу- міреу кездейсоқта аяғын көріп қалса, бірден компаниядан шығарады. Қызметтестері де бұдан соң қарым-қатынас жасаудан бірден тыйылады. Цунэке де – құдай қосқан жары – ол да аттың аяқтарын жабыстырған адаммен бірге тұрғысы келмейді. Хандзабуро осының барлығын ойлаған сайын, аяғын ешкімге көрсетпеу керек деген ойға беки түсті. Ол жапон киімінен бас тартты. Биік етік киетін болды. Жуынатын бөлменің есік терезелерін мықтап жапты. Бәрібір де көңілі тыныштала алмады. Әрине бостан бос емес. Неге дейсіз бе?... Себебі Хандзабуро қызметтестерінен сезіктеніетін. Мүмкін содан шығар, өзін салыстырмалы түрде еркін ұстап бақты. Бірақ оның күнделіктеріне қарасақ, бірталай қауіп – қатерден қорғанып жүргені көрінеді.  

«Шілденің ... Ана жас қытай шынында да жап- жаман аяқты әкеп жабыстырып қойды. Бұл аяқты бүргенің ұясы деуге болады. Бүгін жұмыста аяғым қышығанда жындана жаздадым. Қалай айтсақ та біраз уақытты бүргені жоюға жұмсау қажет.»

«Тамыздың... Бүгін бір жұмыспен бастыққа бардым. Әңгіме барысында бастық мұрнын тартқыштап отырды. Сірә менің аяқтарымның иісі етіктен де өтіп кететін сияқты.»

«Қыркүйектің ... Аттың аяқтарын еркін пайдаланғаннан гөрі, атқа салт мінген жеңіл екен. Бүгін түскі үзіліс алдында мені бір тығыз шаруамен жұмсады, баспалдақтан төмен жүгіре жөнелдім. Бәріміз де бұл минуттарда тек жұмысты ғана ойлаймыз ғой. Мен де аттың аяқтары жөнінде ұмытып кетіппін. Есімді жиғанша болған жоқ, жеті баспалдаққа бір ақ сүріндім.»

«Қазанның ... Аттың аяқтарын меңгеруді үйреніп қалдым. Біраз ойланса гәптің бәрі жамбастың тепе-теңдігін ұстай білуде екен. Бүгін сәтсіздікке тап болдым. Бұл жерде менің ғана кінәм емес. Сағат тоғызда рикшамен жұмысқа шықтым. Рикша он екі сэннің орнына жиырма сұрады. Тіпті қолымнан ұстап алып есікке кіргізбейді. Мен қатты ашуланып теуіп жібердім. Рикша футбол добы сияқты аспанға бір ақ ұшты. Әрине, соңынан өкіндім. Әрі, пысқырып та қалдым. Ендігі жерде аяқты абайлап қозғау керек.»

«Шілденің ... Менің ең қауіпті жауым кім? Цунэко. Мәдениетті өмір сүру қажет деп жалғыз жапондық бөлмені еуропаша жабдықтадым: енді Цунэко барда да етікпен жүре беремін.  Цунэко татамиді алып тастағаныма ренжулі сияқты. Бірақ табидің өзінде жапондық еденде мына аяқтармен жүру мүмкін емес.»

«Қыркүйектің ... Бүгін қос төсекті сатып жібердім. Оны бір кездері аукционда бір американдықтан сатып алып едім. Аукционнан қайтып келе жатқанда сеттельмент аллеясымен жүрдім. Ағаштар гүлдеп тұрды. Император каналында су әдемі жарқырады.  Бірақ... қазір өткенді еске алып отыратын уақыт емес. Кеше түнде тағы да Цунэконың бүйіріне тұяғым тиіп кетті.»

«Қарашаның ... Бүгін кір киімдерімді кір жуатын жерге өзім апардым: іш киімдерге, нәскиге жылқының қылы жабыса береді»

«Желтоқсанның ... Нәски шақ келмейтін болды. Ал Цунэкоға айтпай нәски сатып алу қиын.»

«Желтоқсанның ... Түнде де киімшең жатамын. Цунэкоға өкшеңді көрсетпеудің өзі оңай емес. Кеше жатар алдында Цунэко: «Нығылған тоңғақсыз?! Бұл не беліңізге дейін терімен қымтанып алғансыз ба?»-,деді. Кім біледі бұның сирақтары да жария болар шақ алыс емес пе екен? Хандзабуроны бұлардан басқа да қауіп қатерлер күтіп тұр еді. Оның барлығын тізбектей берсек жалығармыз. Бірақ мені оның күнделігіндегі келесі жазба қайран қалдырды:

«Желтоқсанның ... Бүгін түскі үзіліс кезінде Луньфуе храмындағы букинистке бардым. Кіре берісінде ат жегілген күйме тұр екен. Бұл еуропалық күйме емес, қара көк жапқышы бар қытай жеңіл арбасы екен. Көшірі мүлгіп отыр. Мен оған сонша көп мән берместен, дүкенге бет алдым. Дәл сол сәтте көшір бишігін сарт еткізіп «Цо! Цо!» деп қалды. «Цо» деп қытайлар атты шегіндірер кезде қолданады. Осы кезде  мен де – масқара болғанда – дүкенге қарсы тұрып, тротуармен бір басып, екі басып кейін шегіндім. Сол сәттегі қорқыныш сезімімді айтып жеткізе алмаспын. Бір адым болсын алға аттай алмадым – белгісіз күштің шырмауында артқа шегіне бердім. Көшірдің «Цо» дегені қайта жақсы болды. Жеңіл арба тоқтаған кезде мен де артқа шегінуімді қойдым. Бірақ қызықтың бәрі бұнымен бітпеді. Қуыстанып демімді алып, жеңіл арбаға көзім түсіп кетті. Міне, ат арбаға жегілген боз бие түсініксіздеу кісінеп қалды. Түсініксіздеу? Жоқ, сонша түсініксіз емес. Оның кісінегенінен қарқылдап күлгенін аңғардым. Бие ғана емес, менің де тамағыма кісінеуге ұқсас бірдеме келіп тірелді. Олай дыбыс шығарсам масқара болатын едім. Мен екі қолыммен құлағымды басып ап, екі аяққа ерік беріп, қаша жөнелдім.»

Бір күні наурыз айының аяғында ол кенет аяқтарының еркінен тыс шауып, қарғитынын байқады. Бірақ тағдыр Хандзабуроға соңғы соққы дайындапты. Еркінен тыс жабысқан аттың аяқтары бұған неліктен бағынбай барады? Бұл сұраққа жауап беру үшін Хандзабуроның күнделігіне қарау керек. Бірақ өкінішке орай, оның күнделігі ол тағы бір қайғыға душар болған күннен бір күн бұрын бітіпті.

Бұған дейінгі осыдан кейінгі жағдаяттарды есепке ала отырып жалпылама болжамдар ғана айта аламыз. «Жылқы жөнінде жазбалар», «Гекке жылдарындағы бұқалар, жылқылар және түйелер жөніндегі мәліметтер жиынын» және басқа да еңбектерді оқып шығып, мен Хандзабуроның аяқтары неліктен тынышсызданғанын түсіндім. Оның себебі мынау. Бұл сары дауыл кезі болатын. «Сары дауыл» - бұл Пекинге Моңғолиядан көктемде жел алып келетін  ұсақ құм. «Дзюнтэн Ниппон» газетіндегі мақалаларға сүйенсек, сол жылы соңғы он жыл көлемінде сары дауылдың ең қатты соққаны осы екен. «Дэшень- мынь қақпасынан бес қадам жерден қақпа мұнаралары көрінбейді, - деп жазылыпты, содан - ақ дауылдың қалай қатты соққанын біле беріңіз. Хандзабуроға телінген аттың аяқтары Дэшень – мынь қақпасының сыртындағы жылқы базарында өлген атқа тиесілі еді, бұл ат кезінде Калган арқылы  Цзиньчжоуға әкелінген Моңғолдың куньлунь сәйгүлігі болатын. Енді моңғолдың ауасын сезген Хандзабуроның аяқтары шауып тоқтай алмағаны табиғи түрде түсінікті шығар. Бұдан басқа бұл шақта бие қашады, атқорада байланып тұрмаса, еркіндікте көсіле шабатын кезі... Осының барлығын ескере отырып бір нәрсені мойындау қажет: оған жабыстырылған аттың аяқтары тыным таппайтынына жанымыз ашиды. Бұл түсіндіруге жата ма жоқ па – Сол күндері Хандзабуро жұмыста да билей басып, секіріп жүріпті. Үйге қайтар жолда жеті рикшаны аударып тастағанын жұрт айтып жүр. Үйіне келіп алып, Цунэконың сөзі бойынша, бөлмеге кіре салып, теңселіп әрі ентігіп, орындыққа отыра сала әйеліне жіп әкел деп бұйырады. Жүзінде қан сөл қалмайды. Биік өкшелі етіктегі аяқтарын тынымсыз қозғап, өзін тоқтатар күш таба алмайды. Цунэко осының кесірінен тіпті әдеттегі күлкісінен жаңылып, жіпті қайтетінін сұрайды. Күйеуінің жаны байыз таппай, маңдай терін сүртіп: «Бол,бол!.. Сұмдық болайын деп тұр» дегенді қайталай береді. Цунэко еріксізден күйеуіне кәрзеңкені орайтын жіпті берді. Ол жіпті ала сала етіктегі аяқтарын орап байлай бастайды. Әйелі осы кезде күйеуін есінен адасты деп ойлады. Одан көзін алмай , Цунэко дауысына діріл араласып профессор Ямаиды шақыруды ұсынды. Бірақ Хандзабуро жылдамдата аяғын жіппен байлап жатып, әйелінің сөзін тыңдауға мұршасы болмады. «Ол алаяқ нені білуші еді? Ол қарақшы. Жексұрын. Одан да мені ұста» Олар құшақтасып диванда үнсіз отыр. Бүкіл Пекинді шырмаған сары дауыл үдей берді. Тіпті ұясына қонған күннің өзі де күңгірттеніп, жарықсыз қызыл шарға ұқсады. Әрине Хандзабуроның аяқтары да тыныш табуы мүмкін емес еді. Жіппен тастай таңылған аяқтары бәрібір қозғала берді, көзге көрінбейтін педальдарды басып жатқан сияқты. Цунэко оған жаны ашып, көңілін аулауға тырысып, әр нәрсені айтты.

«Неге... неге сіз сонша қалшылдап отырсыз?»

«Ештеңе, ештеңе емес»

«Сіз малмандай су болдыңыз! Жаз шықсын Жапонияға барамыз. Біз үйде болмағалы қашан»

«Міндетті түрде барамыз. Барған соң, қайта қайтпаймыз»

Бес минут, он минут, жиырма минут уақыт тықыр – тықыр еткізіп олардың үстінен өтіп жатыр. «Дзюнтэн  ниппон»тілшісіне Цунэко осы минуттарда өзін шынжырланған тұтқын сияқты сезінгенін айтыпты. Бірақ жарты сағаттан соң шынжырдың үзлген сәті де туды. Шынын айтқанда үзілген Цунэко өзінің шынжыры деп атаған нәрсе емес еді. Хандзабуроны үйіне таңып ұстап тұрған адами қатынас еді үзілген.  Күңгірт қызыл жарық түсіп тұрған терезе, кенет жел екпінімен тарс ете ашылып кетті. Сол сәтте Хандзабуро әлдене деп айқайлап орнынан үш сяку ырғи көтерілді. Цунэко жіптің шорт кесілгендей үзілгенін көрді. Ал Хандзабуро ... бірақ бұл әңгімені Цунэко енді жалғастыра алмайтын болды. Күйеуінің атша қарғығанын көрген Цунэко ес түссіз диванға құлап түскен. Бірақ қазыналық пәтердегі қытайлық сол тілшіге жағдайды былайша баяндады: біреу қуып келе жатқандай Хандзабуро  вестибюльге жүгіріп шықты да кіре берісте бір мезет тұрып қалды, одан соң денесі қалшылдай жылқының кісінегеніндей үн шығарып, көшеде буырқанған сары дауылмен араласып кетті. Сондан соң Хандзабуроға не болды? Бұл әлі күнге дейін құпия. «Дзюнтэн ниппон» газетінің тілшісі сол күні, кешкі сағат сегіздер шамасында, сары дауылмен бұлдыраған көмескілеу ай жарығында әйгілі Падалинь темір жолы бойымен, Ұлы қабырғаны бетке алып шляпасыз адам жүгіріп бара жатқанын хабарлады. Бірақ бұл хабар соншалықты сенімді емес. Сол газеттің басқа тілшісі, дәл сол күні, кешкі сағат сегіздер шамасында, сары дауылды бәсеңдеткен жаңбыр астында шляпасыз бір адам екі жағында адамдар мен аттар бейнеленген Шисаньлин жолының бойымен жүгіріп бара жатқанын хабарлады. N көшесіндегі компания үйінің вестибюльінен жүгіріп шыққан Хандзабуроның үйінен қашуы қайта тірілгені сияқты түрлі әңгімелерге сеп болғаны түсінікті. Бірақ Цунэко сұрағанның барлығына – басқарушыға да, қызметтестеріне де, профессор Ямаиға да, «Дзюнтэн ниппон» газетінің тілшісіне де Хандзабуроның әрекетін есінен адасқандықпен түсіндірді. Әрине аттың сирақтарынан гөрі, есінен адасушылықпен түсіндіру жеңілдеу ғой. Қиыннан қашып, жеңілге жүгіру – бұл жарық дүниедегі ең оңай жол. Осы жолдың өкілі «Дзюнтэн ниппон» редакторы Мудагути мырза, Хандзабуро қашып кеткен соң, келесі күні, өзінің жарқын шығармашылығы ретінде, төмендегі мақаланы жариялады: «Осино Хандзабуро мырза, «Мицубиси» компаниясының қызметкері, кеше кешкісін, бестен он бес минут кеткенде, кенеттен есінен айрылып, әйелі Цунэконың сөзін тыңдамай, басы ауған жаққа қашты. Гуньжень емханасының директоры профессор Ямаидың пікіріне сәйкес, Осино мырза өткен жазда апоплексикалық  соққы алып, үш күн ес түссіз жатқан, содан бері осындай түсініксіз халге душар болған. Цунэко ханым тауып алған Осино мырзаның күнделігінде оның түсініксіз ойға шырмалғанын байқаймыз. Бірақ біз Осино мырзаның сырқатын қалай атауымыз керек деп сұрағымыз келеді. Цунэко ханымның күйеуі Осино мырзаның жауапкершілік сезімі қайда? Ешқандай сыртқы жауларға берлімеген біздің империяның күші жанұялық ұстанымдарға арқа сүиейді. Ол жанұялық ұстанымдарға сүиенген соң, жанұя иесінің жауапкершілігі қандай болатынын сұраудың өзі артық. Отағасы осылайша өз бетімен жынданып кетуге құқы бар ма? Бұл сұраққа біз сенімді түрде – Жоқ,- деп жауап береміз. Ал, күйеулер өз бетінше жындану құқығына ие болды дерлік. Онда олар жанұяларын тастап үлкен жолдың бойында әрі-бері жүріп ән салуға немесе тау тасты, орманды шарлауға  немесе жындыханалардың тамағын ішіп, төсегін тоздыру бақытына ие болар еді. Олай болса біздің бүкіл әлем алдында мақтанатын екі мың жылдық жанұялық ұстанымымыздың күлі көкке ұшады. Данышпан былай депті: Қылмыскерді емес қылмысты жек көру қажет. Біз Осино мырзаға қатыгездік танытқымыз келмейді. Бірақ біз Осино мырзаның ғана қылмысын емес барлық адам өзіне жындануға мүмкіндік беретін қылмысты күналауымыз қажет.

Цунэко ханым кемінде бір жыл N көшесіндегі қазыналық пәтерде Осино мырзаны күтетінін мәлімдеді. Біз адал жардың қайғысына ортақтасып, танымал «Мицубиси» компаниясы Цунэко ханымға қамқоршы болады деп сенеміз.»

Бірақ жарты жылдан соң Цунэконы қайғы бұлты қайта торлады да, ол өзінің шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Бұл қазан айының бір кешінде қараңғылық түскенде, Пекин талдарынан сары жапырақтар жауғанда болған еді. Цунэко өз үйінде  диванда ауыр ой үстінде отырыпты. Оның жүзінде әдеттегідей күлкі жоқ. Алма беті солғын тартқан. Ол біресе қашып кеткен күйеуі жөнінде, біресе сатылып кеткен қос төсек жайында, біресе бүргелер туралы ойлап отыр. Сол кезде есіктің қоңырауы сенімсіздеу соғылды. Цунэко қызметші ашар деп, оған мән бермеді. Бірақ қызметші бір жаққа шығып кеткен бе, есікті ешкім ашпады. Қоңырау тағы да соғылды. Цунэко амалсыз орнынан тұрып, баяу басып есікке барды.

Есіктің алдында үстін сары жапырақтар жапқан, қараңғылықтың әлсіз жарығында шляпасыз адам тұр... шляпасыз ғана емес! Оның үсті басы да жыртық, кір қожалақ. Цунэконы қорқыныш биледі: «Сізге не керек» Адам жауап бермеді. Көптен бері алынбаған алба жұлба шашты басын төмен түсірді. Оның түріне қадала қараған Цунэко үрейлене қайталады: «Не ... сізге не керек?» Адам басын әрең көтерді: «Цунэко»

Бір сөз. Бірақ бұл сөз ай жарығындай боп әлгі адамның шын бейнесін ашып берді. Цунэко дыбыссыз қалғандай, одан көзін айыра алмады. Ол адам -  танымастай әбден арықтаған, сақал мұрты өскен. Ал өзіне қадалған көздері күмәнсіз көптен бері аңсап күткен көздер еді.

«Сіз?!»

Осылай деп айғайлап Цунэко күйеуінің кеудесіне құлағысы келді. Бірақ бір адым аттай сала қызған темір басқандай, кері серпілді. Күйеуінің жыртық шалбарынан қараңғы болса да түсіне дейін анық боп түкті жирен аттың аяқтары көрініп тұр.

«Сіз?!»

Цунэконы  аттың аяқтарына деген шексіз жеккөрушілік сезімі билеп алды. Бірақ ол күйеуімен соңғы мәрте кездесіп тұрғанын да сезді. Күйеуінің көзінде мұң бар. Цунэко тағы да оны қысып құшақтағысы келді. Бірақ жеккөрушілік сезім тағы да оның шешімталдығына бөгет болды.

«Сіз?!»

Үшінші рет сұрағанда, күйеуі шұғыл бұрылып, баспалдақпен ақырын төмен түсіп кетті. Цунэко бар күшімен есін жиып артынан жүгіргісі келді. Бірақ ол бір адым аттамай жатып-ақ ат тұяқтарының дүрсілін естіді.  Күйеуін тоқтатуға күші жоқ, өңі қашқан Цунэко қимылсыз оның соңынан қарап қалды. Сондан соң... ес түссіз сары жапырақтар көмкерген табалдырыққа құлап түсті. Бұл оқиғадан соң Цунэко күйеуінің күнделігіне сенетін болды. Бірақ қызметтестері, профессор Ямаи, редактор Мудагути және тағы басқалары әлі де адамның аттың аяқтарымен жүргеніне сенбейді. Бұл аяқтарды Цунэконың көргенін галлюцинацияға балап жүр. Мен Пекинде болған кезімде профессор Ямаи және редактор Мудагутимен бірнеше рет кездесіп, олардың қате көзқарастарын түзетуге тырыстым. Бірақ олар мені күлкі қылды. Соңынан, - жоқ тіпті жақында ғана, - жазушы Окада Сабуро, тәрізі осы оқиға жөнінде біреуден естіген шығар, шынында да адамда аттың аяғы болуы мүмкін емес қой деп жазды. Окада мырза жазғандай, осы оқиға рас деп ойласақ, оған аттың алдыңғы аяқтары жабыстырылған шығар.  Егер ол жоғары көрсеткішке қабілетті мысалы испан аллюры сияқты жорға болса, алдыңғы аяғымен тарпитын түрлі әдістерге үйренген шығар. Бірақ лейтенант Юаса сияқты шабандоз көмегінсіз аттың өзі бұған үйренуі мүмкін бе, күмәнім ба!? Бұл жөнінде менің де күмәнденуім түсінікті болар. Бірақ осының негізінде ғана Хандзабуро күнделігі мен Цунэконың әңгімесін жоққа шығару жеңілтектік емес пе? Оның қайта тірілгені туралы хабарлаған «Дзюнтэн ниппон» газетінің төменгі жағында, дәл сол бетте, бірнеше бағанадан соң, төмендегідей хабарлама жарияланғанын көрдім:

«Мэй – хуа сау адамдар қоғамының төрағасы Генри Бэллет мырза Ханькоу поездында кенеттен қайтыс болды. Қолында бос құты болғандықтан, өзіне өзі қол салды деген қауіп бар, бірақ сараптама нәтижесі көрсеткендей құтыда спирттік ішімдік болған.»


Орыс тілінен аударған: Нұрлан Балқаш

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар