Анар Кабдуллина. Сынға – сын

Бөлісу:

21.08.2015 2408



Безымянный.png

Поэзия көгінде Айбол деген жұлдыз туып еді, жарқырасыншы сол!


Өткенде Несіпбек аға Айтұлы айтып еді: «Бүгінгі әдебиетті жасап жүрген алақандай ғана қаламгерлер шоғыры, бір-біріңді аялаңдаршы, көтеріп, дем беріп жүріңдерші. Қатты сынап, сақтарыңды сындырғанда не түседі. Әдебиет одан жақсы болып та кетпейді, жаман болып та қалмайды, сол ұлттық әдебиеттің жүгін арқалаған күйі алдағы бір замандарға барады», - деп. «Әне, кезінде, Сәкен, Сәбит, басқасы бар, бір-бірін өлердей сынады, аямай сынады, соның арты не болды, ал?!» - деп...


Енді бүгін мынау мақаланы оқып, жағамды ұстап отырысым мынау: «Апырым-ау, осындай да зорлықшыл, зілі қатты сын болады екен-ау»!


Көркем шығарманы талдауға ниет еткен адам, оқырман ретінде, алдымен, материалмен жіті танысып, оның эстетикалық қуатын сезінуге, мысқалдай болсын, тырысу керек қой?! Жалпы айтам.


Бүгінгі әдебиетте, сын десе, қаламгер атаулының төбе шашы тік тұрады. Себебі, бүгінгі сын жазушы тым өктем, тым кеудемсоқ. Өзі – сот, өзі – жарты Құдай. Атады, асады, еркіне тисе, жермен-жексен, жоқ қылуға бар.


Тақырыбын қараңыз: «Осылар-ақ жылап жүреді екен...»
Неткен зіл, неткен аты жоқ ащы сарказм?!

Менің сұрағым бар: «Қайсылар-ақ»? Жалпы, ақындар ма? Жыласа, жүрегі бар болғаны ғой!

Оқып-оқып келіп, бір сөзі де көңіліме қонбағанын айтайын.


Бір жеріне келгенде, «Ары қарай оқыңыз», - дейді, ал, оқиық. (Осы қазақтың тілінде «ары» деген үстеу бар ма еді, дұрысы – «әрі» емес пе?) Шынымды айтсам, мынау «таңғажайып сынды» әрі қарай оқуға зауқым шаппай қалды. Дегенмен...


«Ары қарай оқыңыз: 
«Мейірімсіз пенделердің көзінде
жасырдым ғой,
жасырдым ғой мен сені,
Ана!»
«Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам» - қайдағы бір дүниелерді қайдағы бір ойға кіріп шықпайтын жерге жасырады екен? Мұнысы несі?».

Мұнысы былай ғой... 

Көркем қиял, түйсіктің түкпірінен өріліп шығатын мұндай өрнектер, көбінесе, поэтикалық ойлаудың нәтижесі болып келеді де, қарабайыр таным иесінің қабылдауына көнбей жатады. Бүгінгі поэзияның көркемдік қатпарларына үңілсеңіз, оны түсіну үшін, алдымен, қисын іздеп, оны таппай, ақыры ғылыми көзқараспен өзіндік бір түйін жасай салу деген аздық етеді. Жалпы, поэзияның өзі логикаға көнбейді, белгілі ғой! Мына сынды жазған адам ақын өлеңдерінен логиканы көп іздепті. Өлеңнің өзін бас Ақын «Тәңірінің берген өнеріне» баласа, соны жас ақын «көктен жеткен әр үн» деп дамыта шиырласа, бұл жерге қандай логиканың керегі бар?

«Көбелектің жүрегіне жасырғам» деген жерін аса сәтті табылған поэтикалық қолданыс деп бағалар едім.


Айбол ақын – жаңаның басы, өз кезеңінің үні, неомодернизм өкілі. Ол жырлаған бүгінгінің лирикалық кейіпкері өмір сүру дағдысы мен әлеуметтік-психологиялық ерекшелігі тұрғысынан алып қарастырғанда еш қалыпқа сыймайды да еш шектеуге көнбейді. Әрі-беріден кейін, оның мынадай кембағал пікірге түкіргені бар.


Ида жайына келетін болсақ, ақынның өз «Идасы» бар. «Ида –мен!» деп жар салып тұрған жоқ па! Оның Музасы – нәркес сезімтал емес, Ида тектес терең трагедиялы. Лирикалық кейіпкері қоғамның суық келбетіне жатырқай қарайды, әуелден сенуден қалған. Жанын бөгде күй меңдеп алған. Жалғыздық күй. Бүгінде әрқайсымыз кешетін күй. Шын қуана алмаймыз. Шын қайғыра алмаймыз. Ашық не жасырын депрессия мен стрестердің шырмауына әлдеқашан түсіп қалған кем жандар - өзіміз сол...


Ізгілік жүрек тереңде жасырулы. Ол – «Ана» образымен ассоциацияланады және бір бұл ерекшелікті Айбол ақынның бірнеше өлеңдер циклінен байқадым. Осы тұрғыдан алғанда, «Мейірімсіз пенделердің көзінде жасырдым ғой, жасырдым ғой мен сені Ана!», - десе, оқырман ретінде төбе құйқамды шымырлатардай, сезіміме керемет әсер етіп, тебіреніске бөлейді.


Мен Айболды бағалаймын. Шын ақын. Мықты ақын. Жүрегіме қолымды қойып тұрып, былай дегім келеді:
«Онысыз да өлмеші күйдегі бүгінгі әдебиеттің өлермен бір дарынын "өлімші" еткеннен не таптың, беу, қазақ?!»

Шын дарынды бағалайық!


Р.S. Айбол ақынның «Идасына» шын көңілім ауды. Жақын күндердің бірінде талдап, жазсам ба екен...



Анар Кабдуллинаның facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды


Бөлісу:

Көп оқылғандар