«Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!»

Бөлісу:

31.05.2015 24643


Бүгін қаралы күн... 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Әрбір елдің қуанышты күндерімен қатар қайғылы, азалы күндері де болады. Адам өмір сүргендіктен, ұлт болғандықтан өзінің тарихынан тағылым алып, қайдан шыққанын, қайдан келе жатқанын ұмытпауы керек. 



05VGCJz6.jpg



31 мамырды «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, 1997 жылы Елбасымыз жарлыққа қол қойған. Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Кезінде атылып кеткен Алаш зиялылары бар, қазақтың белгілі марғасқа азаматтары бар, аштық кезінде қырылған біздің ата-бабаларымыз бар. Шамамен тарихшылардың айтуы бойынша сол кезде қандастарымыздың 60 пайызы қырылып кеткен. Бұл басқа елдермен салыстырғанда адамзат тарихында осындай қиянат болмаған. Бірақ, қазақтың мықтылығы осы тарихқа  табына отырып, болашаққа деген талпынысымыз. Кеңес өкіметі болмағанда, қолдан жасалған аштық болмағанда, қуғын-сүргін болмаған кезде қазір 30 миллиондық халқымыз болар ма еді. Яғни біздер тек қана болған нәрсені емес және қандай нәрсе болуы керек еді дегенді тарихи жадымыздан шығармағанымыз дұрыс. «Біз кімбіз, қайдан шыққан едік, біздің бабаларымыз қандай жағдайда дүниеден өтті» деген мәселелерді өзімізге өмірлік сұрақ ретінде қойып отыруымыз керек. 



image11397.jpg



Таболин деген большевик болған. Тарихқа көз жүгіртсек ол қазақтар жайлы: «Қазақтар өркениеті жоқ халық. Олар бәрібір өлетін халық. Қырыла берсін!» деді. Бұл менімше сол кезде қолдан жасалған геноцид. Өкінішке орай, ашаршылықтан кейін қазақтарда үрей, қорқыныш пайда болды. Украинада Чикатило деген маняк болған. Ол ақыл-есі түзу, пионер, комсомол болған білімді кісі. Ғалымдар сол адамды «ол неге жынданып кетті?» деп толыққанды зерттеу жүргізді. Кезінде Украинада соғыстан кейін аштық болған. Сол кезде Чикатило көршілерінің өздерінің туған бауырларын жеп жатқанын көріп қойған екен. Содан ол өсе келе бір күннің ішінде басы ауырып, жынданып кеткен екен. Бұл тек бір ғана адамның тағдыры. Ал, соны көрген бір ұлт не болмақ?! Өкінішке орай бізде психология ғылымы әлі күнге дейін дұрыс дамымай отыр. 


 

8410B712-68B4-4FAE-A6A5-4BA5FDEAAE73_mw1024_s_n.jpg


Ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып, тозып кетті. Бұның барлығы қазақ даласына жасалған қиянат болатын. Мысалы, сол кезде Қазақстанда басшы болған Голощекиннің «Кіші октябрь» саясатының өзі халықты осыған итермеледі. Ол бастапқыда малмен ғана күнін көріп отырған байларға, кейін орташаларға, ең соңында астық екпейтін малшыларға астық салығын салды. Астықты тауып бере алмағандарын шұбыртып, қаңғытып жіберді. Ол кезде баспасөздегі материалдардың барлығы тек біржақты саяси екпінмен, тапсырмамен жазылған дүниелер болатын. Мысалы, 1930 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Мұстафа Шоқайдың «1929 жылғы аштық» деген мақаласы жарық көрген болатын. Онда ол Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ жерінде болған аштықтың кесірі біріншіден табиғаттың қолайсыздығына байланысты болды» («Қазақ жеріндегі ашаршылық» атты мақаладан) деп айтқан пікіріне: «Бұл жерде ешқандай табиғаттың қолайсыздығы деген факті болған жоқ, қазақтың ойлы, қырлы даласында қанша қырғын, қанша жұт болса да, халқы былай жаппай қырылмаған. Сондықтан, Ахмет Байтұрсыновтың мына пікірлері кеңестік електен өткен деп, оның мақаласын шынайы сынға алады. Бұдан біз қазақ жеріндегі ашаршылыққа сол кезде билікте жүрген адамдар болсын, алаш ордашылар болсын, барлығы бір жақты ғана баға бергендігін көреміз. Яғни, олардың барлығы ашаршылықтың себебі табиғаттың қолайсыздығынан дегенге әкеліп тіреді. Ал шын мәнінде бұл биліктің халыққа жасаған қиянаты еді. Әрине, ашаршылық сол кезде жалғыз болған жоқ. Қазақта «жұт жеті ағайынды» дейді ғой. Оған 37 жылы репрессия келіп қосылды. Сол жылдары шығып тұрған газеттерде күзде егінді орып болғаннан кейін қалған масақты тергені үшін сотталып, тіпті халық жауы аталып, атылған адамдар туралы ақпарат бар. Мысалы «Еңбекші қазақ» газетінде Қызыл тақта және Қара тақта деген айдарлар болды. Осы екі айдардың аясында қызыл тақтаға қуғын-сүргін, ашаршылыққа қарамастан шолақ белсенділік танытып жүрген мекемелер, ұйымдар, колхоз-совхоздардың басшылары туралы мақтау-мадақтау материалдары болатын болса, қара тақтада масақ теріп халық жауы атанған қарапайым, кінәсіз адамдардың есімі тізімге ілінді. Қара тақтаға ілінгендер күні ертең ату жазасына кесіліп отырды.



0c752bd255a7420f670c1829ab8e930e.jpg



Ашаршылық пен репрессия тақырыбын айтпас бұрын, сол уақытты кезеңмен, саяси құрылыммен, тарихи деректермен қатар қарастыру қажет. Бір жақты баға беріп, бір жақты көзқарас таныту — тарих беттеріндегі ақтаңдақтарды одан сайын көбейтеді. Мәселен, «Қазақстан тарихы» оқулықтарымызда репрессия тақырыбында тек біржақты мәліметтер берілген. Көп жағдайда тарихшыларымыздың өзі сол уақыттарда болған нақты цифрларды бізге ұсына алмайды. Бірі 2 миллион қазақ қырылды десе, бірі 4 миллион дейді. Ал басқалары ашаршылық пен қуғын-сүргіннен 10 миллиноға жуық қазақ қырылды дейді. Жан-жақты зерттелгенімен, мұнда тіпті бұл оқиғаларға кінәлі адамдардың аты ашық, анық айтылмайды. Тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздіктен кейін шыққан кітаптар болсын, оларда көптеген саяси, тарихи қателер бар. Қазақ даласындағы аштық, репрессия – бұлардың барлығы, менің түсінігімде, отарлау саясаты механизмдерінің бірі. Революцияға дейінгі аштық, қуғын-сүргін – патшаның отарлау саясатының жоспарлы түрдегі механизмі болатын болса, 30 жылдардағы репрессия, ашаршылық оқиғалары кеңестік жүйедегі отарлау саясатының механизмі деп айтар едім. Бұл екеуі де қолдан жасалған оқиғалар. 



dd193922115e0b8fbed3bf71c6c30546.jpg



Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, тіпті Мағжандардан бөлек тасада қалып қойған азаматтар көп. Шығармашылығы толық зерттелмеген тұлғалар, тек қана біржақты баға берілген азаматтар бар. Мысалы, Смағұл Садуақас, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтардің қайраткерлігі, публицистикасы, шығармашылығына әлі нақты баға беріліп, толықтай зерттелген жоқ. Олардың ғұмырларында біз білмейтін тұстар әлі көп. Сонымен қатар, қуғын-сүргін, репрессия кезінде шет елге кетуге мәжбүр болған қазақ азаматтары бар. Тек қарапайым ғана халық үдере көшкен жоқ, олардың басында халықты, елді шашыратып алмас үшін уысында ұстап, оларды аман сақтап қалу үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар бар. 

 
Енді осы күнді еске алу мәдениетіне тоқталып өтсем... Кей қандастарымыз 31 мамырдың қандай күн екенінен мүлдем бейхабар. Тіпті кейбір құрбыларымнан «осы 31 мамыр қандай мереке?» дегенді де естіп жүрмін. Мереке емес қаралы күн екенін білмеуі қынжылтады. Кейбір аймақтарда Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштер орнатылмаған. Тіпті сол күні жастарымыз Алаш боздақтарына тағзым жасау үшін қайда баратындарын да білмей жатады. Бұл күні мен мұсылманмын деген әрбір қазақ мешітке барып, құран бағыштап, дұға тілеуі керек деп ойлаймын. Бұл әрбір қазақтың қолынан келетін іс. 31 мамыр Қазақстан халқы үшін жай күн емес екенін жас ұрпақ жадында сақтаса екен. Бұл қастерлі кезеңді еске алу күні. 


«Алаш туы астында,
Куә болсын арымыз.
Көркейтуге алашты,
Құрбандық біздің жанымыз!
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын, алаш, жасасын!» деп жырлап өткен Сұлтанмахмұт ақынның зарынан бүкіл Алаш қайраткерлерінің жанайқайы мен айта алмай кеткен жүрек сөзі естілетіндей сезіледі маған. Олар сөнген жоқ! Олардың жаны әрбір қазақтың қантамырында, жүрек соғысында. Біздің бүгінгі бейбіт күнімізге сөнбейтін Күнді сыйлаған аяулы ақтаңгерлер жер бетінде ең соңғы қазақ қалғанша мәңгі жасай бермек!  



Салтанат Қожа

Бөлісу:

Көп оқылғандар