Заман Самалбекұлы. Қаратемір (хикаят)

Бөлісу:

01.07.2015 2342


Бір палатада саусақтың саласындай тізілген төрт төсек қатар тұр. Сағат оннан соң шам өшіріліп, дүниенің төрт бұрышында тыныштық орнайды. Десек те, кезекшіліктегі медбикелер мен санитаркалардың ары-бері жүрген аяқ тырпылы талайға дейін тыншымайды. Палата есігін жанап өтіп, кейде тың тыңдағандай кідіреді. Сосын күрсініс сияқты бір ауыр дем есітіліп, тырпыл жолын қайта жалғастырып, үзілгенше ұзай береді.


- Гера, түйіліп қалдым, су әперші!

- Қомағай! Сенің ажалың тамақтан!


Осында жатқан төртеудің ішіндегі «атқамінері» осы Гера. Толық аты-жөні Герман Цимбельман. Еврей ме, неміс пе қасындағыларға ол маңызды емес. Ең маңыздысы қос балдақпен атша шаба алатын жүрдектігі. Бір аяғы ұршығы ери-ери, тек сіңіріне ғана ілініп жүр. Басуға келмейді. Таяуда ота жасамақшы. Гера: «Бір басқа бір аяқ та жетеді!» деп өзінше мәтел шығарып алған. Езуі жиылмайтын күлегеш, елді де күлдіріп жүргені. Осынша ернеуінен асып төгілетін шабыт - шешіндірсең ар жағынан күн көрінетін көкірегіне қалай сиып жүр деп таңырқайсың. Ал, өжеттігі - өзгеше әңгіме...


Бұлар «аштық» жариялағалы бүгін – бұйыртса, үшінші күн. Етек жақтағы іргелес палатадағы жігіттер де осылардың туы астына кеше кірген. Бірақ таяуда отадан шыққан біреуі түскі асқа жетпей талықсып, жансақтау бөліміне жөнелтілді. Сонымен саптағылардың ұзын саны жетеу. Бәрі бір сыныпта оқиды.


Бұлардың сабағы түстен кейін. Тегі, білім іздеп алысқа бармайды. Әр палатада тақта ілулі. Тек, сырт оқушылардың жүре алатындары өздері келсе, жүрмейтіндерді төсегімен сүйреп жеткізеді. Сабақ алдында ары-бері сапырылысып, бүткім аурухана іші дар-дұр, салдыр-күлдір болып кетеді. Иықты, нән санитар ағалар төрт дөңгелекті төсекті ұршықша иіріп, тасымалдауға кіріседі. Жүруге жарамайтындар: сабақты жатып оқып, тамақты да жатып ішуіне тура келеді. Тіпті, дүзге шығу үшін ле сол төсектен ұзап кете алмайсың.


Ертеңгілік егу, таңу сияқты «қинау жұмыстары» атқарылады. Әсіресе, таңу - қылмыскерді сұраққа апарып қинағанмен бірдей. Тек, тырнақ астына ине жүгіртпейді. Дегенмен, жараға жабысып қалған дәкені жібітіп, сыпыру мен жанды жерді қан-жосаға қып қайта тазалау одан кем түспес, сірә!..


Әдетте, сабаққа дейін тәрбие сағаты және түрлі үйірмелер өтеді. Ем-домдар аяқталған соң «Төртбақ» келеді. Иван Иванович ­- бұлардың тәрбиешісі. Ол алапат қан төгісті өз көзімен көріп қайтқан ержүрек майдангер. Бір аяғын да сол Отан қорғау жолында құрбан еткен. Ол кісінің мақсаты: тағдыр тәлкегіне түскен осы балақайларды мықты, қайсар азамат етіп өсуіне өз үлесін қосу. Ол әр сөзінің арасында спартандықтарды мысалға келтіретін-ді. Тек, әскери тәртіп қана ер баланы еразамат етеді деген түсінік оның басты қағидасы еді... Басында оны өзімсініп «Иваныч» деп жүріп, кейін тұрқына сай балалар арасында «Төртбақ» атанып кетті. Көңіл-күйі болмады ма, ол кісі әлденеге ашулы:

- Сендер, күні ертең Отан қорғайтын азамат боласыңдар!

Сондықтан мен сияқты өмір көрген әкелеріңдей адамның ұлағатын қаперлеріңе мықты сақтаңдар. Сендерге кейде, тек жақсы болсын деп қана ұрысамын...

- Иван Иваныч! Айтқаныңыздың барлығы дұрыс. Бірақ, біз – Сіз

үміт артқандай Отан қорғауға талпынсақ та жарамаймыз!

- О не дегенің!? Кеудеңде жаның барда, Отан үшін қасық қаныңды аямау керек! Осындай сөзді майдан шебінде естісем, ешқандай сотсыз, өз қолыммен атып тастар едім!!!

- Атыңыз! Бәрібір ештеңеге жарамаймыз. Әсіресе мен! Күні ертең тоғызыншы ота жасамақшы, мен одан тірі қалам ба жоқ па белгісіз!..


Гера жасқа тұтығып, жылап жіберді. Оның көзінен күлкіден ғана жас шығатынына үйренген жолдастары, абыржып бір-бірлеріне қарасты. Бірақ Гера көзін көп уқалаған жоқ, басын сілкіп тастап, қайта жайраңдап шыға келді. Ол, қара қазандай қайнап жатқан өкінішін, өмірге деген оттай ыстық құлшынысын жыр етпей, тек, өз ішінде сақтап қалды. Осы «Иванычтай» батыр болсам деп ол да армандайтын...


Осындағы жатқан барлық балалардың да бір емес, неше бір армандары бар-ақ. Солардың ішінде осы бір аяғын салақтатып, қос балдақпен шапқылап жүрген Гераның мерейі биіктеу. Өйткені, ол, барам-келем деген жеріне өз қалауынша жүріп-тұра алады. Ал, Аман мен Сұлтан төсекке таңылғалы қанша жыл болды десеңізші. Олар енді қайтіп, аяқтарымен жер баса да алмайды. Жылдан жылға иықтары өсіп, қарудың бәрі қос қолдарына ауысып, ал аяқтары қуыршаққа айналып, семіп барады. Аман осыдан бес жыл бұрын арықтан секіргенде белі кілт етіп, құлаған екен. Содан бергі кешіп келе жатқан күйі осы. Ата-аналары апармаған жер жоқ. Ақыры осы санаториядан мекен тапты, мектеп бітірген соң, ересектер бөліміне ауысады. Одан ары бір құдайым ғана біледі. Саматқа да қатарынан қос ота жасалды. Бір жылдан астам гипске оранып, арқа еттері жалақ жауырға айналғанша жатты. Біраз таяққа сүйеніп жүрген болып еді, жамбас тұсынан тағы бір нәрсе кеулеп, төсекке қайта жығылды.


Түн ортасына таяғанда соноу бір түкпірден аңырау басталады. Қасындағылары түгіл, неше қабырғадан өтіп, бұлардың құлақтарын тұндыратын ащы сарнау, таң ата ғана қалжырап барып тыншиды. «Бұл неткен сарнауық!» деп осындағылардың барлығы жақтырмайды. Расында, жетісіп жатқан ешқайсысы жоқ. Дертің жаныңды қышқашқа салып бұрағанда, ол - шыбынға айналып, көз алдыңда ызылдайды-ау... Ол аздай, бір дәрілерді салған соң, сай-сүйектеріңді қаң-қақсататынын айтсаңшы. Қабырғаға дәрі еккен кесте іліп қойып, күн санағандай санайды. Жүзі кетті, екі жүзі... Әйтеуір, ауырғаннан басқа ермек жоқ. Осының бәріне төзіп, көз жастарын көрпе астында ғана ағызып, ары кетсе, тістене ыңырсу ғана бар табатын ығыттары...


Иван Иванычтың соңғы тәрбие сағатынан соң, бұлар наразылық білдіріп, ол кісіні ауыстыруын талап етті. Бірақ мектеп директоры мен бас дәрігер бұлардың ісін сорақылыққа сайып, құлақ аспады. Ұлы Отан соғысы ардагері, көкірегі толы орден-медаль, қан майданда бір аяғын жоғалтқан қахарман матростың сағын сындыру - олар үшін ақталмас қылмыспен тең еді. Балалардың таққан айыбын – балалық деп шешті.



* * *



Сол күнгі түскі астың соншалықты көркем болғаны олардың өмір-бақи есінде қалды. Шіркін, жайшылықта осындай мәзір тартылса, саусақтарын сорып отырып, мейірлене ішер ме еді. Келген ас: әбден суып, бетіне майы қатып қалқығанша, стол үстінде сыны бұзылмай қала берді. Сонымен, өмірі орын алмаған «Аштық» атты – келеңсіз, наразылық түрі жарияланды...

- Ақырын сөйлеңдер!

- Мен прәндікті жерге түсіріп алдым, Гера...

- Неғыл дейсің маған, қолың жеткен жерді сипала...

- Таптым! Маған бұйырып тұр екен!...

Бұлар күбірлесіп жатып, есік көзінде тың тыңдап тұрған «жансызды» аңғармапты. Есік айқара ашылды да: - Қане, неге жатпайсыңдар! Уақыт қанша болды! Сендерге осы, денсаулық емес, басқа бірдеңе керек-ау деймін, шамасы! ­– деп бүгінгі кезекші медбике шамды жарқ еткізді. Самаладай тұнған ащы жарық көз қарықтырды. Бұл орта жастағы, темекі тартқыш әйел еді. Даусы қашанда қарлығып жүреді. Иванычтың сыңары. Жұмысына мықты, бірақ талай жыл осы сияқтыларды көре-көре олардың мұң-қайғысына етіп өліп кеткен тәрізді. Бұлардың бірі жазылса, екіншісі өліп жатыр. Тағы бірі дертін әбден асқындырып жаны мұрын ұшына таяғанда ғана сүйретіліп жетеді. Қайсы біріне елжірей бересің, бірінікінен-бірі сорақы. Көзіндегі қалың әйнекті көзілдірік оны осы қасіреттерден арашалап тұрған бір қалқан сынды ма дейсің... Ара-тұра онысын қолына алып, әйнегін ақ халатының етегіне сүртіп қайта тағады. Сол көзәйнексіз кезде көздері шамырқанып, оты өшейін деген ошақты елестетеді. Жылдан жылға созылған сұрқай көрініс - оның тек көз жанары емес, сұрланып, жиырылып бара жатқан өңіне де солғын іздерін салған. Зікінеген сөзіне қарап: «Осы кісіде сірә, бала жоқ шығар» деп ойға қаласың. Бұл ойдан арылтқан бір жағдай ғана, оны жолдастарына Самат айтты.


Екінші отадан кейін Самат өзін жақсы сезініп, бұйыртса, таяу арада елге қайтатынын естіп қуанып қалған-ды. Бірақ жағдай олай болмады. Ата-анасына алып кетіңдер деген хабар да жеткен-ді. Олар сабылып келгенде, Самат дене ыстығы күрт көтеріліп, есі кіресілі-шығасылы сандырақтап жатты. Жамбасты кеулеген тағы бір дерт сыртқа жол іздеп, бетіне түскен саусақ ізі қайтпайтын, қызара бөрткен, кеселді ісікке айналды да ақыры жарылды. Бір-жар күн жаны тыншығандай болып еді, қақсау қайта басталды. Тағы бір тұстан «темір тісті құрт» үңгуге кіріскен тәрізді.


- Қалтаны тазалап, пункция жасап іздеу керек.

- Балам, шыдайсың ба?

- Иә.

- Екі қолын таңыңдар, болмайды...

Қалта дегені - жара пайда болған тұс ішіндегісі ақтарылған соң босап, қалталанып кетеді. Оны пинцеттің басына тампон орап, ішін аралатып тазалайды. Шалбардың қалтасына қол салғанмен тең емес. Самат бастапқыда батырсынып жатқан-ды. Пинцет бір-екі айналып шыққанда, көзі шарасынан шыға дәрігерлерге қарады. Олар жұмыстарын алаңсыз жалғастыруда. Уақыт шектен шыға созылып, мына бейнет мәңгі бітпестей көрінді, Саматқа. «Ы-ы-ы!» дегеннен басқаны айтуға дәрмені жетпей, көзінен шелектеп жас құйылды. Бір кезде май құйрығы тұсынан кіркілдетіп бір темірді неше қабат жүгіртті. Оған дейін уыт жайлаған тұстан басталған от бүкіл денесін орап алған еді. Жаңағы піспекті ол шыбын шаққандай да көрмеді. Күллі денесі жансызданып кеткен сыңайлы. Еңкілдеп жылаған Саматтың басын сипап: - Батыр балам! Нағыз партизан екенсің! Жасың нешеде! – деді, өздері жақтырмайтын медбике.


- Он бестемін!...

- Мен, сенің жасыңда керемет өңді болғанмын! Ұнататын қызың

бар ма?

- Қызы құрсын!... Қашан боласыздар!!!

- Қазір балапаным, сәл ғана қалды, шыда!

Бұл кісінің қолынан ұрысу мен зікінеу ғана емес, мейірбандық та келетініне Саматтың көзі сонда жеткен.

- Балалар! Сендердің мына қылықтарың мүлдем дұрыс емес.

Соғыста басынан зақым алған адаммен ерегесіп, өз денсаулықтарыңға зиян келтіресіңдер. Қабылдап жатқан емдерің далаға кеткенмен бірдей. Мені тыңдасаңдар, таңертеңнен бастап, шешімдеріңді өзгертіңдер. Мынау сендерге арнап пісірген бәліштерім, барлығыңа жетеді, мында сусын...


Манадан бері бір қолын артына көлегейлеп тұрған себебі, жасырған дорбасы бар екен. Олар сенер-сенбестерін білмей аңтарылды. Тағы Гера суырылып:

- Сізге көп рахмет! Бірақ бізге садақа керек емес! Біздің

мақсатымыз әділдік! – деп шаншыла қалды

- Мақұл, әділдік қажет болса, талаптарыңнан таймаңдар!

Саматжан мынаны саған тапсырдым. Себетін кейін алам...



* * *



«Мектеп» көшесінің бас жақ пұшпағын «Бесшоқпар» ауылы деп атайды. Баяғыда мінездері өте шатақ, бес ағайынды жігіт болған екен. Той-томалақ, астарда өздеріне қалаулы жілік тартылмаса дау көтеріп, аяғын төбелеске айналдыратын сыңайлы. Сонымен бір сақаулау жеңгелері бұлардың қарасы көрінсе: «Ойбай, Бесшоқпай келе жатый! Қалауын қылып, аман-есен құтылайық!» деп бәйек болатын көрінеді. Ақыры, соноу арғы аталарының даңқы кейінгі ұрпақтарына «таңба» болып жабысты. Бірақ намыстанатын таңба емес – масаттанатын мадаққа айналды. Тегін адам мінезді келмейді ғой. Cол аталарынан тараған ұрпақ ара-жіктері жазылмай үркердей жиналып, ел ішінде өздері бір ел болып отыр. Осы ауылдың өзінен ересек бес-алты бала өріп, мектепке барады. Солардың ересегі осы Самат. Оны құрдастары жұдырығының қаттылығы үшін «Қаратемір» деп атайды. Оның себебі: ұлдар арасындағы күш сынасудың бір түрі жұдырық төбелестіру болатын-ды. Осы сайыста Самат ешкімге дес бермейді. Әрине, жұдырығы тастан жаралмағаны рас, бірақ сыр бермеу де үлкен өнер ғой. Салысып қалғанда жаның шығып кете жаздайтыны рас-ау! Ол кезде бұдан да шырқау азаптардың тосып тұрғанын «Қаратемір» қайдан білсін. Әлде, Жаратушы оны сол сынға алдын-ала әзірлей бастады ма екен...


Қысты күндері доп қуа алмайсың. Бірақ, кей жылдары қарды омбылап жүріп ойнады да. Дегенмен орталық «Құйын» көшесінің бастауында тұратын жігіттер хоккей командасын құрып, ойынның жаңа түрін қолға алыпты. Ащыөзек өзені арнасының кей тұстары қызыл су жайылған кезде мұз айдынына айналатын. Самат өз жігіттерімен барып, көз бе көз танысып қайтты. Қатты таңырқады. «Мектеп» көшесі де тоқалдан туған жоқ деп, бұлар да әзірлікке кірісті. Аудан орталығы «Әндірепкеге» барып, орыс базарынан кәңки сатып алды. Бұрын теуіп көрмеген нәрсе, талай әбігерге салды. Керзі етікке байлап көріп еді, қиқалақтап буындары ұстамады. Сонан тас қылып, қайыспен пимаға байлады. Аналардан озу мақсатында кеуделеріне нөмір жазып, оны төрт бұрышынан көктеп тігіп қойды. Команда капитаны етіп, осыны ұйымдастырып жүрген Саматтың өзін сайлаған-ды.


- Бүгін «Құйын» көшесімен кездесу, кәңкилеріңді қайрап, бауларын мықтап алыңдар! ­– деп команда капитаны Самат, жігіттеріне тапсырма берді. Таяқты клүшке ретінде қайқыбас талдан таңдаған-ды. Бұлар бастапқы кезде талайға дейін аулада сиырдың қиын жаяу қуалап ойнады. Жалпы ойын техникасынан хабардар. Дегенмен, ынта болса алмайтын қамал жоқ секілді, келе-келе кәңкимен алды тұрмақ, артқа сырғанауға машықтанды.

Осы ауылдағы мықты команданың бірі «Құйынның» капитаны Амантай - Саматтың кластас досы еді. Ол - өте қылжақпас, қашанда бекер жүрмей, бір кебісті бір кебіске кигізіп кететіннің өзі. Оған жолықтым дегенше тағы бір күлкі-мазаққа ұшырадым дей бер. Ар жағында кекесінді залалы жоқ, табиғи әжуаға шебер. Біреуді біреуге шағыстырып, екі аңқауды қызыл шеке қылып қою ол үшін шырт түкіргенмен бірдей. Бүгін аса маңызды кездесу. Бір жеті болды «Бесшоқпар» командасының қызу дайындыққа көшкеніне. Ащыөзек өзені арнасындағы «Жабайытал» иірімінің кең айналған иініне шелектеп су тасып, айдын жасап қойған. Екі басына қақпаларын орнатып, бүгін жексенбінің таңын ертелете атырып, тағы су төгіп, айдынды аязға қатырды. Еш жерінде кіртік жоқ, кәдімгі тауық тайып жығылатын көк айдын.

Амантай келе сала:

- Сонша даурыққандағы бітіргендерің осы ма?! Ұлтарақтай жерге бір ожау су төгіп, айдын жасадық деп лепіріп едіңдер!

Оған ешкім үндемеді. Егер, бәлен деп оның жынына тисең, алып соғып ойнаған болып, сілімтігің шыққанша астына салып илектейді. Өзі қатарлас түгілі талай ересектердің Амантайға жүрегі дауалай бермейді. Бойында буырқанған сөзбен қатар, жылпыңдықпен астасқан күш те мол. Ол - туа біткен палуан. Оның нөкерлерінің де жырқылдап, шектен шығып бара жатқанын байқаған Самат:

- Жә, болды! Тіл жағыңа сүйеніп, тағы біреуді арандатуға келдің бе, әлде ойынға кірісейік пе? – деді түсін бұзып...



* * *



– Есі кірді, қарғамның! – деп, Саматтың анасы ауыз бөлмеде қисайып жатқан отағасына дауыстады. Самажан темір төсектің буын-буындарын безілдете ауыр тұрды. Жалғыздары төсек тартқалы ол кісі де күйзеліп, сіркесі су көтермей, тұла бойы да ауырлап, қип етсе жантая кеткісі келіп тұратын. Бұған дейін ондаған жыл жеке отар ұстап келген ол, осы жалғыздың жағдайына бола малды тастап, ауыл ішіндегі күйкі жұмыс күзетке ауысқан. Тынысы кең сайын дала мен ауасынан саумал аңқыған қайран жайлау көзден бұл-бұл ұшып, табиғатына туыс кәсібі малшылықтан да қол үзіп, жарға қамалғандай күй кешіп жүргенде мына жағдай еңсесін езіп-ақ жіберді. Ұзақ өмірдің талай өткелінен өтіп, жаман мен жақсыға да әбден еті үйренген адамның осындай күйрек мінез танытуы жайшылықтан болмас, сірә. Не бір қимас жандардан да айырылып, тағдырдың қатыгез сындарынан сынып барып қайта оңалған ол үшін - енді ешқандай құқайдың құдіреті қорқынышты еместей көрінетін. Сөйтсе, бәрі бекершілік екен. Тағдыр оның ең бір жанды жерінен соғып өтті. Соққанда аяусыз есеңгіретті.


Самажан баласының маңдайынан сипап:

– Садағаң болып кетейін, саған тигенше бұ дерт маған неге тимеді екен?! – деп иегі кемсеңдей, көз жасы мұртының ұшын қуалай төмен тамшылады. Отағасының бұндай босаңсып, боркеміктік танытқанын алғаш көрген Ғайнижамал:

– Үйби-ай, саған не болды, баланы шошытасың, сақтаушы тәңірім қашанда осылай жар бола берсін! – деп баласынан бұрын ақсақалының оқыс мінезінен өзі секем алып, күдігін жамандыққа жорығысы келмей, Самажан мен Саматтың арасында қызғыштай шыр ете қалды. Самат қабыршықтана кезерген ернін тілінің ұшымен ғана әрең жалап, кейіптері буалдырлана бұған төне қарап тұрған ата-анасына іш елжіретер сағынышпен кезек-кезек көз тастады. Ол өзін әлдебір алыс, бейтаныс сапардан оралғандай сезінді. Алдында тұрған екі адам осы дүниедегі ең асыл да, қимас жандар екен-ау! Бұның оралғанын ұзақ тосқандары олардың қалжырап, қамыққан жүздерінен айтпай-ақ көрініп тұр.


Үшінші күн дегенде есін жиған Саматтың алғаш сұрағаны су болды. Әкесі оның басын демеп, анасы сырлы қасықпен аузына су тосты. Еріндері икемге келмей, кей жерлері тілімденіп, шып-шып қан шықты. Анасы оның ұрттай алмасын сезіп, саңлаулай ашқан аузына ерін жібітерліктей әлсін-әлсін тамшылатты. Езу қуалаған осы азғана ылғалдың өзі оның буын-буынына түсіп, мейірлі күйге бөлеп, талықсытып жіберді. Шекесі дымданып, ақ шүберектей бозданған өңіне жұқа қылаң жүгіріп, тәтті ұйқы баурады. Ата-анасы аяқтарын ұштарынан басып, ауыз бөлмеге ауысты. Жүректері орындарына түскендей болғанымен қуануға дәттері жетпей, ымдасуға қорқып отырғанда, апыр-тапыр басып, салдырлай сөйлеп Самажанның ағасы кіріп келді. Мамажан сүйегі ірі, палуан пішінді, мінезі «қожанасырлау» алаңғасар адам еді. Ғайнижамалдың «Баланы оятасыз!» деп шыр-пыр еткенін қаперіне ілер емес. Баяғыда Саматтан кейін тағы бір құрсақ көтерген келінін тағы осындай ұрдажық қылығы арқасында түсік тастатқан еді. Осы жолы да өз ойындағысын бастырмалатты:

- Ұл қайда?! Бақсы таппасам да, тоқпағын тауып әкелдім. Осының

да оқуы бар дейсің бе, жел үзгенді қай қазақ білмейді. Анақы-мынақыны қойып, өзім-ақ желін қуып шығам!

- Қайынаға, сабыр етіңіз. Есін жаңа жиып, бір ұрттам су ішті де қайта ұйықтап қалды. Бір шәй ішкенше ол да оянар. Төрлетіңіз. – деп Ғайнижамал ақсақалды дастарқан басына жайғастырды. Самат төсек тартқалы бұл кісіден де маза кетіп еді. Өзі білетін бақсы-балгерсымақтардың бәрін адақтап шыққан. Мықты дегендері баяғыда өліп қалған екен. Әйтеуір біреуінің үйінде отқа жанып кетпей екі ағаш тоқпақ сақталып қалыпты. Қасиетті адам ұстаған киелі зат тиген жеріне емді өзі-ақ дарытатын сыңайлы. Тек, бар болғаны жел тұрған тұсқа тақап тоқпақтай бер.

Амал нешік, ұйқысы қанып есін жиған Саматтың сегіз көзі мен күреңітіп ісінген сол жамбасын Мамажан ақсақал қанша тоқпақтаса да еш жерден іркілдеген жел табылмады, бойы сүйсінбей азапқа төзген баласына араша болуға екіұдай болып іркілген ата-анасы да жандарын бір шүберекке түйіп іс аяғын тосқан-ды. Баланың беті бері қарағанның орнына науқасы өршігендей қайта есінен танып, бар жұртты шошытты. Осындай не болдымға жолығып отырғанда кім хабар бергені беймәлім, ауылдағы жалғыз дәрігер – фельдшер Надя келе қалды. Ол орыс дегені болмаса ел ішіндегі жөн-жосықты қазақтан кем білмейтін және ауылдағы талайдың тәні мен жанына дауа тауып, кіндігін кесіп «шеше» атанған, еңбегіне ақы сұрап көрмеген адалдығы мол, қарапайым адам еді.

- Бұл не қылықтарың?! Баланы өлтірейін деп жатырсыңдар ма?! - деді Саматтың тамырын ұстап, дене қызуын өлшеп көрген соң.

- Ендігәрі, өз ем-домдарыңды қойыңдар! Әлін жинағанша өзім келіп, қарап тұрамын. Сонан кейін ауданға апарып көрсетіңдер. Жамбас сүйегі сынып, асқынған...



* * *



Сағат таңғы алтыдан тіршілік қайта басталады. Медбикелер ұйқылы-ояу жатқан науқастарға дәрілерін егіп, санитаркалар салдыр-сұлдыр еден жууға кіріседі. Сөйтіп, таңғы асқа дейінгі күнделікті шаралар мүлтіксіз атқарылады.

- Мына сұмдықтарың не!? Астыларыңнан құм төгіле бастаған ба?

Балаларда үн жоқ. Бәрі беттерін көрпесімен бүркеп, теріс айналған. Шыдай алмай тырқ-тырқ күліп жатқандары да бар. Санитарка апай етженді, егделеу көрінетін кісі. Ыңқылдап, бұрқылдап жүріп сыбыртқымен сыпырып, бір уыс қоқым жинап, танауына әкеп иіскеді де:

- Мыналарың пірәндіктің үгіндісі ғой, өкіметтің тамағына тоймай, үстемеге көшкенсіңдер ме?! – деп бұларға алая қарады. Герадан сөз қалғанба:

- «Ас адамның– арқауы» ас тұрған жерде ауруға орын жоқ! –деп тәлімсіді.

- Білем, мен сендердің түнімен неғып ұрлап жеп жүргендеріңді!

Аштықты сынын бұзбай ұстау керек. Мысалы біз сияқты...


Бұл әңгімені Тося апай қателеспесе, осымен он неше рет айтқалы тұр. Жасөспірім кездерінде немістер айдап әкетіпті. Концлагерде болған. Баламысың деген ғой, темір тордың ішінде қамауда жатса да ойындарын ұмытпапты. Бірде, өз қиларын қағазға орап көрші барақта жатқан қыздардың ауласына лақтырады. Бірақ, ол қапшық күзетте тұрған неміс солдатының басына тиеді. Орыстың нәжісіне былғанғанына намыстанған әлгі, бұларды қырып тастай жаздапты. Әйтеуір, әупіріммен аман қалып, есесіне бір жеті жеке қапасқа қамалып, тамақтан қағылады. Қара судың да ештеңеге бергісіз дәмін сонда сезеді. Ал бұлардікі не, тойынғанның ермегі. «Иванычтан азат ету» деген – бостандық үшін күрес. Адамның күлкісін келтіреді. Онымен қоймай, түнімен ұрлап тамақ жейді.


- Сендер мені түріме қарап, кемпір деп ойлайтын шығарсыңдар.

Жоқ. Мен, қырыққа енді ғана таядым. Не көрмеді дейсің! ...

Тося апай аракідік өстіп жылап та алатын. Өз уайымы аздай бұларға да жаны ашиды. Соғыс кезінде бауыры жау гранатасын ойыншық деп ойлап, қолында жарып алған еді. Ішек-қарны ақтарылып, бір ажалдан қалғанымен - қанаттың тұқылы сияқты қос мүлтек не ас ішуге, не басқа харакеттерге жарамады. Жастай ғарып болған ол осы Тося апайынан басқа ешкімге де керек емес-тін. Және күйеуі жол апатынан қаза тауып, өзінің үш баласы аздай, ендігі соқталдай азамат болған сол бауыры да масыл. Ішкі ресейден ауып, қазақ елінің осы өңірінен құтты қоныс тапқан - тәлкек тағдырлы отбасы еді, бұл.


- Тося апай, сонда біздікі дұрыс емес пе?

- Менің пікірім ештеңе өзгертпейді. Бірақ, сендерге бір ақыл

айтайын, «Иваныч қала берсін, тек ол кісі келіп кешірім сұрасын» деп талаптарыңды өзгертіңдер. Мен білетін Иваныч болса, біреуден кешірім сұрағанша өлгенді қалайды. Сөйтіп, екі жеп биге шығасыңдар...

Дәрігерлердің ертеңгілік аралауы басталды. Бас дәрігердің орынбасары мен мектеп директоры және емдеуші дәрігер өз нөкерлерімен бұлардың палатасына сау етіп кіріп келді. Лидия Ивановна - осы мекемедегі жұмысшылар мен науқастарды қойғанда бас дәрігердің өзі сескенетін өте қатал және тым әділ адам еді. Сонымен қатар білгір дәрігер-хирург ретінде де танымал маман.

- Айдар Болатович, мектеп директоры ретінде мен де Сізге

наразылық білдіремін! Бұл - бала-бақшасы емес, ең алдымен емдеу орны. Сондықтан ішкі тәртіпті бұзуға жол бермеймін. Ал, бүгін таңғы асты ішпегендеріңнің ата-аналарыңды шақыртамын! Цимбельманды отаға әзірлеңдер...



* * *



Самат жетінші сыныптың үшінші тоқсаны аяғында осы жерге тап болды. Оқу жылын ол ел қатарлы аяқтағанымен, ләм-мим деп еш сабақтан бір ауыз сөз айта алмады. Қазақ мектебінде оқып жүріп, орыс сыныбына түсу оған оңай тимеді. Ауылдағы бар орыстар қазақша сайрап тұр. Петька, Васька дегендерің тұрпаты орыс болғанымен мақал-мәтелді жыртыс жыртқандай айыратын-ды. Рас, ауыл мектебінде орыс сыныбы болды. Бірақ, қазақша оқитын балалар оларды «шоқыншықтар» деп сырттап жүретін-ді. Сонымен нан сұрарлық қана орысшамен осында келді. «Қазір жатсаң жата бер, бірақ келесі оқу жылында осы сыныпты қайта оқисың» дегенде Самат тілімен жеткізе алмаса да ыммен басын шайқап, екі көзі шатынап, кері шегінбейтінін анық білдірген-ді.


Бұл бірдеңе десе, барлығы шек сілелері қатады. Бірде «пойдем, побазарим» дегенді құлағы шалып қалып, «на деңгі, күпи яблакы» дегені бар, оларды базарға бара жатыр деп ойлап. Сонан бері бірдеңе дер алдында іштей неше қайталап барып айтуды, ғадетке айналдырды. Өйткені, орыстың сөзіне түсетін дыбыстық салмақ біресе басына, енді бірде ортасы яки аяғына ауыса береді екен. Дұрыс айтпасаң күлкі-мазаққа қаласың.


«Чтение» деген сабақ бұған ауылда жүргенде-ақ әбден ығыр болған. Бір күні арнайы дайындалды. Оймақтай ғана әңгіме екен. Балалар тауға серуенге шығады, сондағы олардың бастан кешкендері туралы. Самат он тұрмақ, отыз оқыса да әңгіме мазмұнын өз тілімен қайталап айта алмады. Керісінше тақпақ секілді жатталды. Сосын Зоология пәні болуы тиістін, ол тапсырманы бір оқығаннан қағып алды. Тегі, Самат мұғалімнің түсіндірмесіне аса зейін қоюшы еді. Ойынға бет бұрып кеткен жағдайда сол сабақта ұққанымен-ақ, талай рет тығырықтан шыққаны бар-тын.


Орыс тілі пәні мұғалімі сөзін аса бір мәнермен: - Кто хочеть рассказать о впечатлениях которые получили дети на экскурссии? – деп, оқушылар арасындағы орысшаға жетіктеу деген тұсқа назарын аудара қарады. Самат ойда жоқта қол көтерді.

- Хочешь, выйти во двор?

- Нету, габарит хошу!

- Ну, ладно, иди к доске...

Шыбынның ызыңы естілердей тыныштық. Бұл ешкімнің қаперіне келмеген бір сұмдық секілді оқушылардың бәрі сілтідей тынып, сіресіп қалды.


«Стояло прекрасная погода. И дети решили пойти в гору, на экскурссию...», бейнебір, «Кел, балалар оқылық...» деп, Ыбырай атасының тақпағын зырылдатып тұрғандай Саматтан орыстың небір сөздері ағылып берді. Сол күнгі барлық сабақта тек Самат қана елден ерек қол көтергіш болды. Балалар бұған бірдеңе болған шығар дегендей күмәнмен қарасып қояды. Әсіресе, қыздар мәз!


- Орысшаны судай ағызатын болыпсың ғой! Тек ударениең

келіспегені болмаса, погоданы ауызекі сөзде пагода деп айтады, стояло емес, стаяло, хи,хи!..


Қаншалықты үздік көрінгенмен Саматқа «жақсыдан» артық баға еш мұғалім қоймады. Енді міне сол кезде «үздік» баға қоймады деп мұғалімдермен ерегесіп, оқымағанның зардабын енді шегіп жатыр. «Сен қабілеттісің» деп талайы айтып еді. Расында, сәл-пәл зейін қойса... Жалқаулық дейін десе, ойыннан шаршап көрген емес. Ол да талай еңбек пен қажырды талап етеді ғой. Тек сурет пәнінің мұғалімі: «Сенде талант ұшқыны бар, бірақ сен жалқаусың!» деген. Ол кісіге ызыланып, үйдегі және көршілердің мал-жанын түгел бір күн, бір түн ерінбей ақ қағазға түсіріп, алдына тастағанда: «Айттым ғой, сенде бірдеме бар деп, бірақ келесі тапсырманы сен орындамайтыныңа күмәнім жоқ» деді. Айтқаны келді. Саматтың оған мұршасы болмады. Тіпті ұмытып кетті. Шешесі шыбықпен айдап үйге әрең кіргізетін күйге түскен. Футболдан көшеаралық жарыс қызып жатқан тұс еді, ол...


Сол күндер көзден бұл-бұл ұшып, енді міне төсекке таңылып, бейбақ күн кешуде. Бұл аз болғандай, оқуы да азапқа айналды. Екі күннің бірінде:

- Беделбеков! Скажи-ка мне... – деп, ылғи орыс мұғалімдер

қадалып тұрғаны. Рас-ау, жұмған аузын бір ашпаған оқушыға қалай баға қоймақ. Ал бұның барлығына беретін оның жалғыз жауабы:

- Не могу сказат, понимат могу...

Саматқа ең ауыр тигені ауызша сабақтар болды. Бұрын өзін есепке шорқақпын деп ойлайтын, сөйтсе, мән бермегендіктен екен. Сөйлемейтін пәндерден үлгерімі артып, кезінде өзінің сүйіктісі болған әдебиет, тарих сияқты пәндерді игеру бейнетке айналды. Бір жақсысы: егер солай деп айтуға келсе, бұл баяғыша алакүн доп қуып жүрген жоқ, ендігі досы кітап. Оқуын оқиды. Бірақ түсінбейтін сөздері қаншама. Орыстың балалары, бұл кітаптан басын көтеріп, бетіне қараса қашатын болды. Бұдан құтылудың амалымен «Ожеговтың түсіндірме сөздігін» де тауып берді. Қызық кітап екен, орыстың сөзін орысша түсіндіретін...



* * *



Саматтың тағдыры ертегі тәрізді. Баяғыда бір кемпір мен шал болыпты, олар еріндері әбден кезеріп, шөлден талықсыған кезде құдай бір ұлды бере салыпты... Жер ортасынан талай асқан әке-шешенің ортасындағы құлыншақтай шауып жүрген жалғызы еді. Олардың барлық үміті де өмірі де осы бір – жалғыз да. Жылына неше мәрте келіп қайтады. Ауылдары да ит арқасы қиянда. Самат науқасқа ұшырағалы олардан береке кетті. Елге барса да сол жалғыздың тілеуін тілеп, құдайға не жазғандарын өздері де білмей аңырап отырғаны. Әсіресе, анаға ауыр тиді. Он бір құрсақ көтеріп, соның ішінде бір қыз, бір ұл ғана тірі қалды. Қыз өз бетінше балалы-шағалы. Сүт кенжесі Самат туғанда расында өшкендері қайта жанғандай болған. Осыныкі дұрыс деп бетіне жел тигізбей өсірді. Жалғыз балаға жұғысты еркелік бұны да айналып өтпеді. Жасағанының барлығы ата-ана үшін жарасымды көрініп жатты...


Тегі, Көлбай ауылының жастары да қарттары да өзге ауылға қарағанда өзгеше. Олардың кеудесінде ерекше бір намыс бар. Жөн сұраса кетсең, барлығы кілең батырлар тұқымы. Спорт пен өнер жақсы дамыған. Алдыңғы буынның өнегесі кейінгіге үлгі болып, жалғасын табуда. Мысалы, Саматтың аталас ағасы волейболды өте тамаша ойнайды. Оны інісі ретінде Самат мақтан тұтады. Ал, жалпы «Бесшоқпар» ішіндегі татулық пен ата бірлігі мүлдем ерекше. Ол хақында ауыл адамдары да: «Бесшоқпардың бірлігі уыздай ұйыған, соноу Тастұмада тұрғанда да бір шоқ болып, үйірлестігінен танбап еді, қуалап Көлбай түсіргенде де шашауы шықпады!» дейді.


Расында өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Күршөп деген патшаның үкімімен өздерінше ел болып, күнелтіп жатқан азды-көпті ауылдарды үркінге түскендей қылып, өзге бір мекенге әкеп тыққан. Саматтың алғашқы сыныпта жүрген кезі. Тастұмадағы мектеп жабылған соң, балаларының келешегіне балта шабылып, осы Көлбай ауылындағы ағайындарды сағалауға тура келген. «Тастұманың елі шетінен көшіп келіп жатыр екен» деген хабар күнде тарайды. Бір күні «Бесшоқпарлар да жетіпті» деген сыбыс естілді. Сол уақыттың тәртібі деген сұмдық-ақ еді! Айтты болды. Көш деді, көлігің бар ма, жоқ па, көңілің қалайма, қаламай ма онда ешкімнің шаруасы жоқ.


Қара күздің қақаған қаңтар қысқа айналған тұсы. Бұның тізесіне таяу қар адымын аштырар емес, әбден барлықса да алған бетінен қайтпады. Сөйтіп, Самат аталастары аяқ тіреді деген тұсқа еңбекпен, арнайы іздеп барды. Көз алдына Тастұмадағы сияқты үйлерді елестетіп барғандағы көргені - тіз қатар тігілген төрт-бес қамыс шошола... Күні кеше ғана қанды соғыстың зардабын тартқан бұл бейбақтар енді, бейбіт күнде де атажұрттан адақталып, ақ қар, көк мұз жастануға мәжбүр. Сол тұстағы қайран ел – шетінен көнге айналған көнбіс еді-ау!..


Ата-анасы малда болып, Самат алтыншы сыныпқа дейін ағайын-жұрағаттары қолында пәтер тұрып оқыды. Солардың көбісіне, баласы үшін еті мен шай-майын аямайтын бұның ата-анасының барлығы қадірлі болған сияқты. Тегі, жалғыз бұл емес, мал соңында жүргендердің балалары осындай күйде еді. Оқу аяқталардан біраз бұрын, ауыл төңірегіне қоныстана бастаған отарларды көздеп малшы балалары зу тартады. Біразы соноу оқу басталарда бірақ оралады. Соның бірі осы Самат. Оқушылар қоңырау соғылып, тарасып жатқанда бір топ малшы балалары үдірейісіп, дәлізде тұратын. Ары-бері жүгірген таныс қыздар бұларды: «Әй, әй, кәк тибе не стиднә!» деп мазақтасып өтеді. Олардың өстіп тұру себебі, өздерінің қай сыныпқа барарын білмейтіндіктері. Өйткені, «класта қалды ма» әлде келесісіне өтті ме, одан бейхабар. Және күзгі сынға қалтыру деген де дәстүр бар-тын.


- Сендерге не, жеке қоңырау керек пе? – деп, қоңырау шалғыш

кезекші апайлары ұрысады. Бұларда үн жоқ. Мектеп директоры келіп: «Еріңдер, менің соңымнан» деген бұйрық түскенше мелшиіп тұра береді.

- Иә, сонымен... сенің әке-шешең қайда келіп қоныстанды?

- Көлтабанда,

- Сенікі қайда?

- Құмтоғанда.

- Жарайды, әке-шешелерің тұрғанда сендер класта қалушы ма

едіңдер, тәйірі!...

Келесі күні осылардың бірін таңдап алып, мектеп директоры бір жарты «Мәскеускиі», қорғасынды шәйі, қант-кәмпитін бір дорба қылып теңкитіп, арбасымен малшы ауылына тартады. Бақандай мектеп директоры сәлем-сауқатымен өзі келіп тұрғанда бір ісекте тұрған не бар. Сөйтіп, балалардың да оқуы жақсы, ата-ана көңілі де жәй, қонақ та мәз.


Сол ата-ананың арқасында шолжаңдап жүріп, оқу-білімге аса зейін бермегені кейін опық жегізерін ойлатпапты. Елдің қолында тұрып оқыған жылдары бұның сабағы кімге зәру болыпты. Бір жапырақ нанды қалтаға салып алып, кешке дейін ойын соңында жүргені. Аттандап жүріп, Саматты да өз балаларымен қоса, түнеуге үйге әрең желкелеп тығатын-ды.



* * *



Радиотехника үйірмесі кезінде палата канифольдің түтіндеген исіне толып кетеді. Бастапқы кезде көзді ашытқандай болып, жағымсыз көрінетін иіс келе-келе етенеге айналған. Қос қаусырмалы терезелерді айқара ашып тастап, аракідік палатаға таза ауа қаптырып алады. Үйірме жетекшісі мосқалдау адам, қаладағы байланыс торабындағы қызметі арасында: жетісіне екі қабат бір-жар сағатқа осында келіп тұрады. Тапсырысы бойынша балаларды түрлі тетіктермен де қамтамасыз етеді. Ол кісінің мақсаты: радиотехника саласымен жалпы таныстыру және тәжірибе жүзінде жеңіл-желпі қабылдағыштарды құрастыруды үйрету еді. Бұл тәлімдерінің арқасында физика пәні де құрметті сабаққа айналды.


- Аман, конденсатордың құрылымы және маңызы неде!

- Ол,..Ол... – деп, балалар бір-бірімен жарысып, ағайдан үйренген

тәлімдерін тәптіштеп айта жөнеледі. Бір ғажабы, дәстүрлі сабақтарда бұндай қызығушылық танытып, шын пейілімен еліту тым сирек-тін. Теория мен тәжірибе қатар жүргендіктен бе, бәрін ежіктеп білуге деген құштарлық ерекше ұшқындайды. Тіпті, тапсырмаға қатысы жоқ, бірақ осы салаға сай тың дүниелерге ізденіс жасау арқылы білім толықтыру сияқты жаңашылдық пайда болды. Бұлардың түмбөшкелеріндегі сабақ кітаптары үстінде арнайы жорналдар жатты.


Жалпы осындағы оқушылар бірталай үйірмелермен қамтылған. Біреулері киноқондырғыға әуестік танытса, енді бірі фотосуретпен шұғылданады. Тіпті, би үйірмесі де бар. Бір кемшілігі оған ниет білдірушылер табылып жатқанымен билеп жүргендер некен-саяқ. Болса сол, қыздар жағы қатысатын сыңайлы. Аяғы жүруге жарайтын ұлдардың ішінен бастапқыда Саматты зорлап апарған. Орыс қызы екен тәлімгер тәтейлері, оның үйретуге тырысқаны вальс, сосын әр елдің ұлттық билері... Азын-аулақ қимылдарды меңгеріп қалғанда Самат қайта отаға түсті. Содан бері би бұдан, биден бұл күдер үзуге тура келді...


Енді бұлар болса, жасырын түрде таратқыш жасауды қолға алған-ды. Бір жолы жетекші ағайы: «6П3С» шығу шамдалы не үшін керек?» деп күдіктенген. Бірақ, иі жұмсақ адам еді, онсыз да тағдыр тәлейіне түсіп жатқан балалардың көңілдеріне су сепкісі келмеді ме: «Жарайды, тауып әкелейін, бірақ ертең ұятқа қалдырмаңдар мені, эфирді былғап» деп ықтарына жығылған.


Сөйтіп, радиусі бес-он шақырым қашықтықты қамтитын радиотаратқыш, жасырын түрде екі-үш күннің ішінде құрастырылды. «Ақ аю» деген айдар асынды, бұлар. Бұған дейін де қала жақтан сыр-пыр деп, қырылдап жетіп жататын неше түрлі дыбыстарға әбден тәнті болған. Өйткені талайының таратқыш әлеуеттері нашарлау, сапасыз дауыс шығатыны да сондықтан. Мүмкін, олар радиотехникамен шала-шарпы ғана таныс шығар... Солардың арасында «Сотқар» деген жамылғы атпен шығатыны ғана елден ерек еді. «Мен - «Сотқармын!», мен - «Сотқармын!» деп жеткен таза дауыс құлаққа жағымды естілетін. «Бүгін мен, өзімнің тұрақты тыңдаушыларыма арнап, Битлз тобының сүйікті әндерін ұсынамын, қабыл алыңыздар!» Әсіресе, Пол Маккартнидің саздары керемет еді. Сол тұста осы топтың шығармалары саяси себептермен болуы керек, қалың бұқараға ашық таратылмады. «Іріп-шіріп жатқан капитализмнің мәдениеті - біздің жанымызға жат құбылыс» деген ұстаным етек алған. Әсте, «ит - қорыған жерге өш» деп бекер айтпаған да...


Эфирге тек, демалыс күндері ғана шығуға мүмкіндік бар. Барша билік кезекеші дәрігердің қолында. Ол кісі де темір емес қой, демалыстың аты демалыс. Тіпті, басқа медперсонал да тиісті міндеттерін атқарған соң, шәйларын ішеме, әйтеуір өзді-өзі болып кетеді...

- Мен «Ақ аюмын!», мен «Ақ аюмын!»...

- Сәлем, «Ақ аю»! Дауысың ширақ екен! Адасып қайдан жүрсің?!

- Арктикадан, бауырым!..

- Жарайсың! Көпшілікке қандай тартуың бар? Әзіл ме, ән бе?

- Біз, шынын айтсақ ақ аюдың қонжығымыз, сондықтан...

- Түсінікті онда, «Ақ аюдың» эфирге жаңа келген қонжықтарына

арнап, әсем әуен тарту етемін!..



* * *



Терістік тұстағы қақпаның төңірегіне су қатты төгіліп, жоталана қатқан еді. Ысқыртып келіп, қайта қайырылғанда қыр ұстамай, неше мәрте сол тұсқа бір жамбастап жығылғаны оның көз алдына анық келді. Ақыры, шытынап сынған сүйек дертке айналды. Самат жығылғаннан бері оның командасы да хоккейді тастады. Түске дейін оқуларына барып келіп, күннің қалған жартысын капитандарының қасында өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұрын, ұзына күн қарасы көрінбей кететін балаларын, көрші үйден тауып ала қоятын аналарының да көңілдері жәй.


Ғайнижамал шешелері балалардың асты-үстіне түсіп, үйдегі тәтті мен дәмдіні соларға ұсынып әлек. Самат есін әбден жиған соң, бірер күн таяққа сүйеніп, мектепке барған-ды. Бірақ, қатардан қалғысы келмеген бұл далбасы іске аспады. Жолдастары шын мәнінде арқалап, үйіне әрең жеткізген... Содан бері кісіге сүйеніп дүзге болмаса, қатты-қайырым қозғалыстан қалды. Жамбасы күннен-күнге ісініп, еті өлгендей күлтілдеп, бөтенденіп барады.


Дойбыдан біріншілік. Бес команда. «Ұшқын», «Алау» тағы сол сияқты жанып тұрған айдарлар асынған, әрқайсысы. Күн батқанша қызылшеке айқас. Жарыстың қорытындыларын тіркеп отыратын бір шақпақ дәптер түгесіліп, қалың дәптер ашуға тура келді. «Мектеп» көшесіндегі жарысты естіп, Амантай да жігіттерімен бір-жар рет бас сұққан. Саматтың сарбаздары дойбыға әбден төселіп алғаны соншалықты, ойыншымын деп күпінгендердің адымын аштырмас дәрежеге көтерілді. Қонақтар қабаттаса жеңіліс тапқан соң: «Осы да ойын боп па!» деп қолдарын бір-бір сілтесіп, енді келместей жөнеп берген-ді. Бұрын ешқайсысы мән бермепті, сөйтсе дойбының да не бір түрлі ойындары бар екен ау! Ең жеңілі көрінген «Ер Шапай» сайысы да аса ептілікті қажет етеді.


- Қарақтарым, төрлетіңдер! – деген Ғайнижамал ананың жылы дауысы естілді. Өз беттерінше у да шу болып отырған ұлдар ошарылып, арттарына қарасты. Төрт-бес қыз. Саматтың сыныптастары. Қыздарды көргенде өздерінше ұялып, Саматқа жымың-жымың қарасып қойып, тысқа тайқыды. «Саматқа қыздар келді» деген бір ерекше, көңілге қонбайтын жәйт секілді. Ауыл қыздары ұлдардың есігін ашпақ түгілі, олардың маңынан көрінбеуі тиіс. Алда-жалда ұл мен қыз жеке көрініп қалса, беттеріне қара күйе жаққанмен тең. Бір абыройы, ондай шалт көрініс бұлардың арасында ешуақытта орын алған емес. Оның өте көріксіз қылық екенін бәрі біледі, сондықтан қоғам болып оны құптамайды. Бәрінен Саматтың абыройына нұқсан келетіні оларды қатты абыржытты. Ана «Құйынның» сауысқан Амантайы естісе «Келін түсіріп жатыр!» деген қауесет таратудан тайынбайды-ау! Міне, бала екеш, балалар да, қыздардың келгенін аса жақтырмай, тырқ-тырқ күлісу де...


Саматтардың сыныбында бұларға сырттан көшіп келіп, қосылған бір қызық бала бар-тын. Оның қызықтығы қатарлас партадағы қызға «ғашықтығы». Ел сабақ тыңдап отырса, анау екі көзін ана қызға сатып, мәңгіреді де отырады. Сан рет оны мұғалім: «Мен, не дедім? Қайталашы!» деп есін кіргізген. Тіпті, балалар да оны талай рет селк еткізіп, елге күлкі еткен-ді. Бәрінен ана қызға обал болды, оның не кінәсі бар. Жігітті ұнатқанның орнына одан бетер жек көріп кеткен сыңайлы Ал, әлгі ұлға еш ем қонбады. Бастапқыда оны балалар жылы шыраймен «Мәжнүн» деп атаса, кейін сүйекке таңба салғандай ғып - «Мәнжубасқа» айналдырды. Тегі, құдай осындайдан бек сақтасын!


Ауылдағы бой түзеп қалған қыздардың арасындағы ең сұлуы – Майраға, өз сыныбының ұлдары түгілі жоғары оқитын жігіттер де ғашықтық хат жазып, бұрыш-бұрыштан жауап тосатын-ды. Ал, Самат пен Майра екеуін ата-аналары атастырыпты деген әңгіме де тарап кеткен. Бірде, Саматтың әкесі Майраның үйіне қонаққа барған-ды. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кездері болуы керек. Самат балалалығы ұстап, әкесінің артына тығылып, ойнақтап жүргенде ілулі тұрған Майраның қасқыр ішігі үстіне құлап, астында қалғаны бар...


- Әп, бәрекелде! Менің қызым, ұлыңды бүркіттей бас салды ғой, - деп Майраның әкесі мәз болған-ды. Екі баланың беттерінен оты шығып, қатты ұялған. Үлкен адамдардың нені меңзейтінін бала болса да іштері сезеді, тек, осындай ұятты нәрсеге несіне мәз болатыны оларға таңқалышты еді...

Көңіл сұрай келгендердің арасындағы екі қыз мектепке бірге барып, бірге қайтатын таяу арадағы көршілері. Майра төсектің аяқ жағына тізе бүкті де қалғандары оның сыртын ала тұрды.

- Қалың қалай?

- Жақсы...

Осыдан ары сөз табылмады да біраз үнсіздік орнады. Сәлден соң көрші қыздың бірі: - Тауешкі сияқты секіріп жүруші едің, мына жатысың мүлдем саған жараспайды екен! – деп өзі бастап, қалған қыздар онымен жарыса күлді. Тек, Майра ғана өзге бір ойдың шырмауынан оралғандай тосын күлкіден селт етіп, құрбыларына таң көзбен қарады да көңілжықпастықпен қоса езу тартты...



* * *



Саматтың жүрегі елжірей жақсы көретін бір адамы сол Майра деген қыз еді. Соноу ес білгелі: қараторы, көздері мойылдай қара, сүйкімді қызды ерекше көрді. Тегі, оған ұлдардың бәрі ғашық-тын. Өзге қыздардың бұрымдарынан тартып немесе әппақ формаларына сия шашып жылату болса - Майраға ешқайсысының жүрегі дауалап, ондай сотқарлыққа бара алмаушы еді. Майра едіреңдеп келе жатқан жаман ұлға сәл түсін бұзып, бір қараса болды, әлгінің жыны аяқ-асты тарап кететін-ді.


Бұл төсек тартып жатқанда құрбыларымен келіп, көңілін сұрағандағы Майраның бұған мұңайғандай қарағаны көз алдынан кетпейді. Шын жанашыр, қамқорлықпен елжірей: «Қалың қалай?» деп айтқан бір ауыз сөзі де өмірі өшпестей жадында сақталды. Өзінің бауырластары мен сыныптас достарымен қатар Майраны да қатты сағынатынын сезгенде беті дуылдап, өзінен-өзі ұялады. Әйтеу, бір керемет сағыныш еріксіз баурап әкетеді. Ауылдан хат-хабар жиі келіп тұрады. Жолдастары мектеп жаңалығынан құр қалтырмайды. Бұлардың сыныбына жаңа қыз келіпті. Ұлдар жапа-тармағай ғашық болып жатқан көрінеді. Кеңшар директорының қарындасы екен. Өңлі және өте жақсы оқиды. Одан артық не керек!? Бір жолдасы бұған, өзінің жазған ғашықтық хатының көшірмесін салыпты. «Сүттен ақ, судан таза, айдын көлде жүзген аққудай...», бұндай хатты ертеректе ағалары да жазатын, солардың анда-мұнда шашылып қалғандарын тауып, көшіріп алған сыңайлы. Ал, қу қыздар: «Сен қалай ойласаң, мен де солай ойлаймын!» деп жауап қайтарысатын. Сөйтсе, олардікі де бір-бірінен көшіріп алынған таптама болып шықты.


Бірде қабырға газетін шығармақ болып үш төрт оқушы бас қосқан. Байқаса, аналар зым-зия болып, Майра мен Самат екеуі ғана қалыпты. Сондағы Саматтың дірілдегенін айтсаңызшы, Майраның тізесі бұған тиік кеткенде ол тоқ соққандай шоршып, қаперсіз отырған қызды қатты шошытқаны өмір бақи есінде... Және көз алдынан кетпейтін тағы бір тәтті көрініс - ертеректе бұлар Тастұмада тұрғанда, Майрамен көршілес болды. Ауыл ортасында қаз-үйрек жүзетін көлшік бар еді, аяғында кішкентай ғана, шоқайма, былғары етігі бар Майра сол көлдің жағасында шыбық ұстап, құстарды баққандай серуендеп жүретін. Сол балақыздың бейнесі көңіл төріне портреттей ілініпті. Самат балалығы ұстап, арсалаңдап қасына жетіп барғанда бұған жалт қараған Майраның жанары сол кездің өзінде тұңғиығы түндей терең, ойлы болатын...


- Не болды? Тағы қарагөзіңді сағынып жатырсың ба?!

- Кетші, а! Кімді айтып тұрсың?

- Иә, мені түк білмейді дейсің бе?! Мына суреттер кімдікі?

- Гера! Сен..!

- Ауылдағы қыз әлдеқашан сені ұмытып та кеткен шығар, онанда

ана Людкаға жаның неге ашымайды. Екі көзі сенде. Қолы кем деп менсінбейсің бе? Сенің аяғың ақсақ! Екі жарты бір бүтін. Хи, хи, ха,ха!..


Жер бетінде осындай сөзшең және тұмсығын тықпайтын жерге тығатын адам кем де кем шығар, сірә, соның бірі ауылдағы досы Амантай болар. Япырай, жаратылыс деген ғажап қой, айдаладағы адамдар да бір-біріне ұқсай береді екен.


Пятакова Люда деген молдаван қызы бір сынып төмен оқиды. Тегі ол Саматқа емес, бұл оған қарағыштайтын тәрізді. Көздері ұшырасып қалса, Самат қымсынып, жүзін төмен салады. Оның себебін кейін аңғарды. Бұл қыздың шаралы келген көз жанарын Майраға ұқсатыпты. Оның келбеті - қоңырқай түймелерінде күн сәлесі ойнаған үлбіреген жүзім бауы сынды еді. Әдемілігімен қатар жанары да ерекше. Көзіне көзің түссе қарашығы сиқыр тәрізді тарта жөнеледі. Ол көбінесе Сұлтанды көп маңайлайды. Тек, ол ғана емес, осындағы әдемі қыздардың барлығы соны қоршап отырғаны. Сұлтанның қоңыр дауысы гитармен ән салғанда кімді болмасын баурап әкетеді. Бір ғажабы ол, ылғи көңілді, ырғағы биге шақыратын әсерлі әндерді шырқаушы еді. Ән салғанда ырғақпен тұла-бойы қимылдап, шынымен өзі билеп жүргендей суретті аңғартады. Сондықтан болар, тыңдаушыларының да құйқылжып, орындарында тыныш отыра алмайтыны. Оның дамымай бір уыс болып қалған аяқтарын да ұмытып кетесің... Егер дені сау болса, аққұба келген өңді жігіт болып өсер ме еді. Және, өнерімен - расында талай ару қыздардың жүрегін жаулар ма еді... Балалардың біразы оған іштей қызғанышпен де қарайды. Адамның аяқ-қолы немесе басқа мүшелері кемтар болғанымен көңілге тиым болмайды екен. Басында қапастай көрінген бұл мекенде де әдемілікті танып, соған деген құштарлықтарын жеткізіп жататындар баршылық. Ол жағынан Сұлтан бәрінен де байғазылы. Жүре алатын немесе жүре алмайтын әдемі қыздар қашанда соның төңірегінде...


Самат тек Майраны ғана ұнататынын біледі, өзге біреуді оған ұқсатқаны болмаса. Өзіне қымбат бейнені екі күннің бірінде қағазға түсіріп, онымен бетпе-бет отырғандай іштей сырласуды да ғадетке айналдырды. Кейде, ұйқы кештеткен кездерде терезеден үңілген ай мен жұлдыздарға қарап, Майраға сәлем айтады.



* * *



Өткен жолы бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары Лидия Ивановна: «Цимбельманды отаға әзірлеңдер!» деген нұсқауы шегіне жеткен сынды. Таңғы асты ішкізбей, «өз аяғымен» шапқылап жүрген Гераны итерме арбаға тиеп алды да кетті. Ұқылы-ояу кезінде оған бір дәрі салған, соның әсері ме Гера тойға бара жатқандай мәз. Балалар да «осы соңғы отаң болсын» деп, орталарына тез оралуын тілеп, көңілді шыраймен шығарысты.


Бұлардың күнделікті тағдыры - өмір мен өлім арасындағы алашұбар тұман тәрізді. Отаға баратын жолдастарымен ортақ суретке түсуді - олар біраздан бері дәстүрге айналдырған. Енді қайтіп бұлар көрісе ме, көріспей ме кім білсін дегендері болар... Талайы, расында тірі қайтпай да жатыр. Гера да осы отадан аман оралса әбүйір болар еді. Бірақ, «жүрегі келесі отаны көтермеуі мүмкін» деген дәрігер тұжырымы көпшілікке әлдеқашан аян. Және оның ата-анасынан қол хат алыпты деген алып қашпа сөз де сол қауесетті растай түсті. Сонымен, осы таңға дейін өзіне ғана тән жайраңды жүзден танбаған Гераның, шын мәнінде қандай күйде болғаны тек бір өзіне ғана мәлім.


Сары, дымқыл өткізбейтін жабындылы стөлге көтеріп жатқызғанда суығы арқасын қарыды. Тас төбесінен самаладай жанған дөп-дөңгелек, төңірегіне көлеңке түсірмейтін бірнеше от көздер төнген. Айналасында абыр-сабыр жүрген ақ жамылғылы дәрігерлер. Білегіне ине салды. Ол қыстырулы дәріге жалғанған-ды. Одан бір, екі, үш... тамшы тамғанына дейін Гера есінде болды да ары қарай... Бірақ оның жүрегі соғып жатты. Тек, ол осы жолғы көз іліністен соң қайта оянбады. Отаның сәтті яки сәтсіз аяқталғаны бұл жолы дәрігерлерге де оған да бәрібір болды...


Саматтың жамбасы мен қара санындағы жара ауыздары тартылып, жүріп-тұруға жараған соң, оған емдік денешынықтыруды тағайындады. Алғаш аяғына тұрғаны әлі есінде. Баяғыдай көрдіме, аяқтары жерге тисе жүріп кететін сияқты, лып түскен бойы салмағын ұстай алмай және көзі де қоса қараутып еденнен бір-ақ шыққан-ды. Енді емдік шынықтыру кабинетінде алғаш он-он бес минут, одан жарты сағатқа таяу дәрігер тапсырмасын орындап, ақ тер көк тер болып жүр. Жылдан астам уақыт гипсте оранып жатқанның зардабы енді байқалды. Сол аяғының жамбас пен тізе буындары толық бүгілмейтін халге жетіпті. Егер әйеншектенетін болса, олар бірте-бірте мүлдем сіресіп қалуы да мүмкін екен. Аяқтың басына жіп байлап, етбеттеп жатып, тізені арқа жақтан бүгіп, шытыртала сындырып тартқанда көз алдыңда расында от ойнайды-ау!.. Өзге де не түрлі қимылдардың арасындағы Саматқа ең азаптысы осы сарсуланып қалған буындарды қалпына келтіру болды. Біреуге мұң шағатын жағдай жоқ. Халдері Саматтан да қиындар тұрып кеткілері-ақ келіп, жан таласып жатыр..


Биыл мектеп бітірмекші Коля деген бір ересек, жігітке татыр ұл да Саматпен бірге шынығады. Ол жастайынан күреспен шұғылданған кәнігі спортшы еді. Жарыс кезінде белінен зақым алып, мертігіп осында түскен. Самат оны сырттай танығаны болмаса, араласы жоқ-тын. Бірақ ол, бұның жанын аямай шынығып жүргеніне тәнті болған кейіпте, бірде: - Сен түскі тынығу кезінде не істейсің? - деп сұраған. Бұл таңқалысын жасыра алмады.


- Ел сияқты ұйықтаймын!

- Оның дұрыс емес, егер дені сау елден кем болғың келмесе,

күндізгі ұйқыңды қиып осында кел.

- Рұхсатсыз, болама?

- Біреу сұраса, дәретханаға бара жатырмын дерсің...

Санатория аймағы бірнеше гектар жерді алып жатыр. Балалар мен үлкендерге және басқа да қызметке арналған ғимараттарды қоршай өскен қалың алма бағы бар. Сол бақтың ең түкпірінде жеке қоршалған зират орналасқан. Әр төмпешік те аты-жөндері жазылып, бастарына орнатқан тақта ұшында бес бұрышты қаңылтыр жұлдызшалар қалқаяды. Талайдан бері жаңармаған зират шетінде топырағы отыра қоймаған жас қабір ерекшеленеді. Бұл бейіттер соноу қанды соғыс жылдары пайда болған дейді. Осы емдеу мекемесі сол кезде әскери госпиталь болған екен. Майданнан жараланып келген жауынгерлер осында емделіп, кейбірі мәңгі тыншып, соңғы мекендерін осы жерден тауыпты.


Самат, күнделікті жасырын шынығуларды бірге жасасып, талай тер мен көз жасты ағызуға тура келтірген және жақсы жолдасқа айналған Коля екеуі Гераның басына барды. Соңғы кезде Гера түсіне кіре берген-ді. Оның өмірден озғанына ешкім сенгісі келмейді. Талайға дейін бұлар алағызып, бірнәрсенің жетпейтідігіне алаңдады. Сөйтсе, сәл тыныштық орнаса, су бетін толқыта жөнелетін желемік тәрізді Гераның күлкісі мен кейде ащы, кейде жағымды әзілі жетіспейді екен. Үйінді топырақтан Самат бір уыс алып, сыртқа тастады да үлкендерден естіген «топырағың жеңіл болсын» деген сөзді айтты. Оны бұл жерге неғып жерлегені жайлы нақты дерек жоқ. Сірә, ата-анасы шалғай тұрғандықтан алып кете алмаған шығар. Енді бірі: «Ол жетімдер үйінде өсіпті, ешқандай туысы жоқ екен, Гераның өзі әншейін көз қылып ата-анам бар деген көрінеді» сияқты қаңқу сөздер де болды. Не деседе, кемінде алты-жеті жыл өмірін осында өткізген Гера бұл өңірді туған жеріндей көріп кеткен-ді. Енді соның бір пұшпағынан мәңгілік мекенін тапты.


Самат іштей толқуда тұр. Ол әсершілдеу еді. Жан жолдасы болмаса да осында келгелі өзіне сан шапағаты тиген, залалсыз, періште сияқты баланың өлуі қисынсыз және әділетті емес еді. Көзіне үйірілген жасты жең ұшымен іліп тастады.


- Жақсы жолдасың ба еді?

- Иә, жыныма көп тисе де жақсы көретінмін.

Бұлар үнсіз қайта оралды. Алмағаштар қызыл, сары, күлгін түсті ұсақ гүлдерге бөленген. Ызылдаған аралардың қою уілі. Тобарсып барып, қайта көк жамыла бастаған жер. Табиғат түлеп, жаңа өмірге ден берді. Самат қатар келе жатқан Коляға: - Әншейін өле салуға болмайды екен. Біз де майдан шебінде жүрген сияқтымыз ба, қалай? Иваныч айтқандай: «қасық қаның қалғанша беріспеу керек» деп... Жоқ! Мен тектен- тек өле салғым келмейді!... – деп, көздері шатынай қарады. Коля да ой жетегінде келе жатқан болуы керек, селк еткендей басын көтеріп, серігіне бұрылды да: - Ой! Сенің мына қахарлы түріңнен өлім өзі шошып кетер! – деп күліп жіберді.



* * *



Ел-жұртты көрмегелі үшінші жылға аяқ басыпты-ау! Осы жылдарға дейінгі өмірі көрген түстей болып алыстан бұлдырайды. Алматыдан елге қарай арындап бет алған автобус өзін сол сағынышқа бөленген ыстық шаққа жақындата түсетінін ойлағанда жан-дүниесі тебіренеді. Бұл қанаты сынған құстай осы күйге тап болғанда артында ах ұрып, ата-анасы қалған-ды. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен достарының арасынан жырақтап, есін білгелі көңіліне көркем сезім тудырған сол бір қара көз қыздың бейнесі де алыстан ғана қалықтаушы еді.


Енді, расымен де солармен қайта қауышып, бет-жүздерін көріп, сабағы кілт үзілген балдәурені тағы жалғасар ма екен?! Екі-үш жылда ессіз ұл есейіп, тұлымы желбіреген ерке қыз бой түзеп те кеткен болар. Міне, күні кеше ғана жұдырық төбелестіріп «Қаратемір» атанған Самат та боз өңді бозбалаға айналды. Анау - ажарын уақыттың жұқа қылаңы басқан балаң жастықты қайта көруге құштар бола тұрса да, өз болмысындағы өзгерістері, сағынышпен ұмтылған ол кезеңнің келмеске кеткенін аңғартқандай. Өйткені, достарының бұған жазған хаттарынан ондағы тірліктің күнделікті құбылыста екені көрініп және олардың да талғам-танымдарының өзгеріп жатқаны рай танытатын. Бозбала шақпен қоштасып, әне-міне дегенше үлкен өмірдің есігін айқара ашып, «мен алмас асу жоқ» деген зор құлшынысты кезеңнің де алыс емес екені аңғарылады. Осының бәрін ой елегінен өткізген шақта: көз алдында тұратын асыл бейнелер басқа бір өлшемде қалып қойып, ол енді өзі сияқты болмыс-бітімдері өзгеше толысқан, жаңа жандармен жүздесетін тәрізді. Және осы уақыт арасында рухани байлық ретінде көңіліне тоқыған өнегесі мен татқан тәрбиесін бұл өз тарапынан бір жаңалық қып жеткізгісі келсе, оған достары жағынан да сондай бір сый күтіп тұрғаны күмәнсіз еді.


Ол биыл, оныншы орыс сыныбына баруға тура келетінін ойлағанда көңілі пәс кетті. «Шоқыншықтар» деп талай мазақ еткен балалармен ойнап-күліп жүру мүлдем мүмкін емес тәрізді. Тіпті, көз алдына елестету қиын. Баяғыдай мектеп директоры сен өз сыныбыңа барасың деп жетектеп алып барса ғой, шіркін... Саматтың орысшалап жүргенін көрген мазақтағыш қыздар да бұны жәйіна қалтыра қоймас. Ол «қойшы, жоқтан өзгені!» дегендей басын бір сілкіп, терезеге үңілді.


Туған өлкенің жасыл желекке бөленген таулы-қырлы табиғатын тамашалауға кірісті. Даланың кеңдігі мен еркіндігіне тамсана қарайды. Қараған сайын тынысы кеңіп, сан жылғы қапастан соң азаттыққа шыққан адамдай арқасы кеңіп, расымен қуанышқа бөленді... Ол, туған жер мен елдің өзіне өте ыстық екенін бар болмысымен түйсініп, олар үшін адам таң қаларлық ғажап істер жасай алатынына жан-тәнімен сенді. Әрине, бұл сияқты мәрттік, күрескерлік сезім оның балаң жүрегінде аяқ-асты оянған жоқ-тын; ол - талай рет тынысын тарылтып булықтырған, сарғайған ұзақ түндердің жемісі де болар; ол - тән азабы жанын қинағанда күйректік танытпай, шынығып, шыңдала түскеннен де шығар...


Бір қалыпты көлік тербелісінен Самат ұйықтап кетті. Түс. ...Биік таудың басына қара терге малынып, әрең дегенде өрмелеп шығып, ұшар ұшынан жалаң қолмен тырмалап, тұма көзін ашуға кірісті. Бір кезде лақ етіп, қара лай төменге жөңкіле жөнелді. Қолы жеткенше қазып, тұманың көзін тағы тереңдетті. Бірақ, қанша қиналғанмен қара лай түгесіліп, тұнық кәусардың атқылайтын түрі жоқ. Әбден титықтап, енді не істерін білмей қатты абдырады. Жан дәрменмен қарманғанда қолына ұзын сырық ілінді. Соны тұма ұңғысына неше қабат жүгіртіп еді, лау етіп от жанды да артынша Жанартау тәрізді гүрілдей жөнелді...


Автобус бір сарынды гүрілмен аракідік күшеніп қойып, «ел қайдасың» деп, ағылтып келе жатты...


Заман Самалбекұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар