"Дарын" сыйлығына конкурс жарияланды
Бөлісу:
26.10.2014
3537
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы 14 қазан және 14 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына конкурс жариялайды.
«Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығы (бұдан әрi – Сыйлық) Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейiнгi азаматтарына жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтерi үшiн берiледi. Сыйлық талантты қыз-жігіттерді ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.
Сыйлық (саны – 10): ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр мен кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет атаулары бойынша екі жылда бір рет беріледі.
Сыйлық алу үшін қызметі инновациялық болып табылатын, тиісті саланы және жалпы қоғамды дамытуға ықпал ететін үміткерлер ұсынылады.
Бiр кандидатураны сыйлыққа қайта ұсынуға болмайды. Бiр кандидатура бiр номинация бойынша сыйлыққа ұсынылады.
Ізденушіге мынадай құжаттар ұсынылады: ұсынымхат-мінездеме (жетістіктері, марапаттары және т.б.); ұсынушы ұйымның шешімі; жеке анкеталық парақша; 2 фотосурет (4х6).
Комиссия ізденушінің қызметін сипаттайтын қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
Спектакльдердi, кино және телефильмдердi, бейнелеу өнерiнiң көрмелерiн қарауды, концерттiк бағдарламалар мен музыкалық шығармаларды тыңдауды ұйымдастыру, сыйлыққа ұсынылғандардың қызметімен таныстыру ұсынушы ұйымдармен бiрге Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығы жөнiндегi комиссиясына жүктеледi.
Сыйлық алған адамдарға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты атағы берiлiп, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi.
Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.
Сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылады. Марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгі күнiне орайластырылады.
Ізденушілердің жоғарыда аталған құжаттары 2014 жылғы 14 қазан және 14 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаментіне мына мекенжай бойынша қабылданады:
010000, Астана қ., Орынбор көшесі, 8, Министрліктер үйі, 504 бөлме, тел.: 74 99 51.
adebiportal.kz
Бөлісу: