Дидарғайып Дидахмет

Бөлісу:

15.07.2015 2898


 


photo_17129.jpg



Реквием


 

Жалған дүние-ай десеңші, жар­қылдап, жайнап бірге жүрген Дидахметтен айдың, күннің аманында айырылып қаламын деп кім ойлаған… Қарайлауға мұрша бермес мынау қаймалысқан тірлікте бейнебір бір-бірімізді мың жасайтындай көріппіз-ау. Алашапқын болып жүріп, қапияда алданып қалғанымды қарашы! 


Екеуміз егіз қозыдай едік, бір дәуірдің арман қуған мөлдіреген жастары едік. Өмір жолын бірге бастап, қол ұстасып Алматыға бірге аттанып едік. Мен суретші болсам деп, ол ақын болсам деп армандайтынбыз. Айтулы ақын болмаса да, айтағалы жазушы болды. Шыңғыстайдың «Дикөні» болып ауылдан, Шығыстың «Дидашы» болып елден аттанған аяулы дос қазақ баспасөзінде де, қазақ прозасында да айшықты із қалдырды, қалам қайраткері биігіне көтерілді.


 Әрине, Дидаш өмірден жас кетті деуден аулақпыз. Алпысқа жеткен де, жетпеген де бар, сон­дық­тан бұл жасты шүкір дейміз. Жалпы, пайғамбар жасынан асқан жанда өкініш болмауға тиіс. Бірақ, деп ойлайсың кейде, саржамбас болып тар төсекке таңылып, үміт­ті үзген дертті болса бір сәрі. Теп­се темір үзетін тегеурінді, қол-аяғы балғадай, қуат-күші бойында тасы­ған атпал азаматтың бір-ақ сәтте жоқ болып кеткені өкіндіреді. Ол ғана емес, шеберлігі тасқайрақтай шыңдалып, өндіріп жазатын шағы енді ту­ған­да келмеске кете бар­ғаны опындырады. 


Дүниенің қасіреті әкенің өлгені емес, шеше де емес, тіпті, туған аға, бауыр, қарындас та емес, тай-құлындай тебісіп, жарты малта бөлісіп бірге өскен, сенің жан сырыңды өзіңнен жақсы білетін достың өлімі деседі. Сол рас екен… Жан досы Жомарт оқыс қазаға ұшырағанда Ақселеу ағамның запыран құсып, белі қайысып күңіренгенін көріп едім. Жан досы Ақселеу дүниеден өткенде Кәдірбек ағамыздың шөке түсіп, өкіріп жылағанына куә болдым. Елде жүрген адуын ақын Әлібек Қаңтарбаев бала досы Ақылбек қайтқанда басын тауға да, тасқа да ұрып, ақыры көз жасын бұлап отырып ақ қағаздан медет іздегенін білемін. Досы туралы Әлекеңнің жазған повесін мен де оқыдым. Ол туынды әншейінгі қара сөздің қатар түзеген түзілімі емес, тұнып тұрған сырлы саз, көкіректі қарс айырған мұңды музыка. Енді, міне, сондай жағдайды менің де бастан кешіп отырған жайым бар. 


Жан досыңнан айырылу – сенің де жаның­ның жарымы өліп қал­ған­дай болады екен. Бар мен жоқ­­тың ара-жігін ажырата алмай сан­да­­ла­сың. Өмірдің өзі маңы­зын­ан айы­рылып, өлімнің өзі қадірін жоғалт­қандай, тірліктің қызығы кемігендей, қуанышы арзан­дағандай болады екен. 


Қаралы хабар салмағының ауыр­лығы мені де шөкелетті. Аспан қусырылып аядай болды. Дүние тарылып шыр көбелек айналып кетті. Өлім қашанда қасірет қой. Ал, бойына қыдыр дарыған талантты, мақсат-мұра­ты кемел, парасат-пайымы толыс­қан, бергенінен берері көп шығар­машыл жанның өлімі – өксікті өкініш, орны толмас арман, қан құстырған қайғы мен мұң, мәңгілік сағыныш екеніне көз жетті. 


…Екеуміз алғаш сегізінші сыныпта кездескенбіз. Мен Дидашты оған дейін де сырттай білетінмін. Аудандық газетте арагідік оның өлеңдері шығып тұратын. Ол мені танымаса да, мен оны тани кеттім. «Сен сол ма едің», деп бірден жабыстым. Екеуміз ескі таныстардай шүйіркелесе жөнелдік, көңіліміздің бірлігін, жанымыздың жақындығын сезіп, сол күні-ақ бір партаға тізе түйістіре жайғастық. 


Кейін әскерде ғана екі жақта болғанымыз болмаса, содан бергі ұзақ ғұмырда жұбымыз жазылған емес, бір-бірімізден ешқашан айырылған емеспіз. Отбасын құрып, екеумізді екі қыз екі жаққа алып кеткенге дейін Алма­тының 3-тен 8-ші ли­ни­я­­ға дейінгі көшелерінің бірін­де көп уақыт пәтер жалдап бір­ге тұрдық. Әлі есімде, 28 панфи­лов­шы батыр­дың бірі Иван Шепетковтің үйі болатын. Алматы циркінің әртісі Шепетков майданға осы үйден аттаныпты. Біз барғанда екі бөлмелі бәкене тамда жалғыз қызымен батырдың туған қарындасы тұратын. Аула төріндегі бір кезде монша ма, әлде тауыққора болды ма екен, жыртық лашықты әлем-жәлем әктеп, балшықпен сылап-сипап қойыпты. Арзанға түскендіктен, біз сол қуықтай «вре­мянканың» табылғанына қуандық. Ішінде жалғыз төсек пен терезеге жапсырылған шолақ үстел. Сол шолақ үстелде кезек-кезек жазу жазып, қысылып-қымтырылып тар төсекке де сыйып жүрдік. 


Жалпы, мен тәп-тәуір суретші болып кетер ме едім, кім білген… Оған даярлығым да, әлеуетім мен қабілетім де баршылық еді. Жазушылыққа бұрылуыма осы Дидахметпен жастайымнан қатар жүргенім, емен-жарқын достығым қатты әсер етті. Кейін арамызға Ұлықбек келіп қосылғанда, тырп ете алмадым. Тағдыр мені басқа арнаға бұрды да жіберді. 


Көктем шығып күн жылына бізде ылғи да ауылды сағыну дерті басталады. Алтайды аңсаймыз, тауға қарап жалтақтаймыз. Елге ба­райық, жер аралайық деп ал­дын-ала жос­пар құрып, ба­рар жер, ба­сар тауы­мызды айқын­дап, уәде­лесеміз, қол алысамыз. Қызметтің реті, жұмыстың жағдайына қарай ілгерінді-кейінді ел жаққа барып та жатамыз. Кей жылдары бірге барып, Алтайды армансыз бірге аралап, мауқымызды басып та жүр­дік. Сол оншақты күнгі ой жай­лау мен төр жайлауды шиыр­лап, туған жер төсінде аунап-қу­нап қайтқанымыз жанымызға жыл бойы қуат беретін, қыстың суы­ғында да жүрегімізді жылытып жүретін. 


Биылғы жылы да сөйтпекші едік. Ел жаққа бірге барып, Қалихан ағамыздың 80 жылдық мерейтойын өткізуге атсалыссақ деп жобалап қойғанбыз. Содан кейін жүз шақырымдық алыстағы Мұзтауға бармасақ та, іргедегі Бүркіттінің қарлы шыңына бір шығып қайтайық деген жоспар болған. Бүркітті – биіктігі жағынан Мұзтаудан кейінгі Алтайдың екінші алып шыңы. Амал бар ма, соның бәрі бүгінде адыра қалды. 


Бұл заманда қу тірлік кімге мойын бұрғызған… Мен қазақтың жаңа астанасын игереміз деп, осыдан 18 жыл бұрын қайқайып Арқаға кеттім. Дидаш өзінің Алма­тысында қоңыр тірлігін күйттеп қала берді. Алашты зерттейміз деп Тұрсын екеуі шаң басқан архив­терді ақтарумен болды. Том-том кітап шығарудан қолдары тимеді. Мемлекет қызметінде бұрылуға мұрша жоқ, тырп ете алмай мен жүрдім. Солай бола тұра айлатып бір кездессек те, апталап телефон шалсақ та әйтеуір бір-біріміздің аман жүргенімізге көңіл тоқ еді, сол амандығымызды жүрекке сүйе­ніш қылып бейқам жүре беріппіз. Сыртқа сездірмесем де Дидаш досымды көргенде мен іштей түлеп салатынмын. Таныстың да, алыс­тың да амандығын сұрасқанымыз болмаса, шұрқы­расып табысқан кезіміз тағы жоқ. Бірақ кездескен сайын екеуміздің де көңіліміз көтеріліп, жүрегіміз ашылып, іш­тей жайнап шыға келетінбіз.


Оралхан қайтқанда Қалихан ағамыз қасына Дидахмет екеумізді отырғызып қойып, мұңая сыр шерткені бар: «Қаламды мұрат тұтып Алматыда жүрген бесеу едік. Бесеуміз де еншіміз бөлінбеген, есігіміз жабылмаған, мейманын ортақ қабылдаған бір атаның баласы едік. Қырықтың тоғызында Баламер кетті. Қырықтың тоғы­зында, мінеки, Оралханнан айы­рылдық. Алла тағала ендігі қалған үшеумізді көптік етпесін. Әсіресе, сендердің ғұмыр жастарың ұзақ болуын тілеймін!», – деп қолын жайып, батасын берген. Өткен жылғы қоңыр күзде Қала­ғаң­ды өзінің Қоңқайына апа­рып, жер қойнына берген соң, Дидах­мет екеуміз біршама уақыт Бүр­кіт өзенін жағалап кеттік. Сыр­ластық, мұңдастық. Ағамызға деген сағынышты да, сары уайымды да ақтарыстық. Қалағаңның артында қалған мұрасын жинау, естелік кітап шығару, есте қалдырудың өзге де шаралары жайында ке­ңес­тік. Сол жолы Дидахмет: «Бесеу­ден екеу қалдық. Алладан енді екеу­міз­дің амандығымызды тілейік», – деп бет сипатып еді. Енді, міне… Тағдырдың жазуына не шара, сопайып жалғыз қалғандай күйдеміз! Шын мәнінде Дидахмет дәулет­ті, көп ағайынды, текті әулеттен еді. Нағашысы Тікебай


 – Қаратай жұртына аты мәшһүр шешен тілді, көсем сөзді кісі болған. Суырыпсалма ақындығымен де аты шыққан. Ел арасында әлі күнге «Тікебай ақын айтыпты» деген аталы сөз кездеседі. Дидах­метке ақындық та, шешендік те осы әйгілі нағашысынан жұқ­қан дейді үлкендер. Әкеміз Әшім­хан ақсақалды мен де жақсы бі­лемін, көп араластық, ол кісі­нің Шыңғыстайдағы қара шаңы­рағында ғана емес, жайлаудағы киіз үйінде де жамбастап талай жатқанбыз. Жарықтық көп сөйлемейтін, қоңыр шаруасын күйттеп жүре беретін біртоға жан еді. Елге сыйлы, қадірі артқан сол Әшекең ұзақ ғұмыр кешіп, тоқсаннан асып көз жұмды. Шешен тілді шешеміз Бағди қазір тоқсанның төрінде, шүкір, қара шаңырақтың отын өшірмей аман-есен ауылда отыр. Дидаштың өзі де бойына артық ет жимаған, таразыдай тартылған, таза киініп, таза жүретін дегдар жігіт болды. Тегіне қарап біз: «Дидаш та тоқсанды төңіректейтін шығар», деп өзімізше сәуегейлік жасаушы едік. Кейінгі жылдары тынысы жаңа­ша ашылып, Дидахметтің шығар­машылығы шұрайлы өріс­ке шыққандай болған. Бұрқ еткі­зіп классикалық үлгідегі үш әңгі­мені бірінен соң бірін жазып тас­тады. Ол әңгімелердің көтеріп тұрған әлеуметтік жүгі атан түйе­­нің белін қайыстырғандай. Дидаш­­тың өзі «романмен айта алмай­­тын шын­дықты бір ғана әңгіме­­мен жеткізуге болады» деп жүру­­ші еді. Мына әңгімелері со­ның дәле­­ліндей болды… Әде­биет сын­шылары «жазушы Әшімхан­ұлы шығармашылықтың жаңа белесіне шығыпты» деп қуанысты. «Қазақ әдебиеті» газеті өз оқырман­дары­нан «сүйінші» сұрап, «Ақшоқы» әңгімесін бірінші беттен бастап жарқырата жариялап жіберді. 


Дидаш ұлтты ұстап тұратын төрт нәрсені жиі-жиі сөз етіп отыратын. Олар – адамның туған жері, тілі, діні, салт-дәстүрі дей­тін. «Жерді сатамыз» дегенде ол ішкі қарсылығын білдіріп, «Жер аңсаған сары атан» атты хикаят жазыпты. Тіл проблемасы өршіп тұрғанда, орысша білмейтін қаймана қазақтың жас баласының қалаға барып, адасып кеткен бір күнгі хикметін арқау етіп, «Тас­қаланы» дүниеге әкеліпті. «Сары самауырда» қазақтың салт-дәстүрінен біртіндеп айырылып бара жатқанын ашына сөз етіпті. Дін туралы жаза алмай жүреді екен, өткен жылы «Құдайсыздарды» жазыпты. Сондықтан «ұлтымның алдында өзімнің қарызым мен парызымды шама-шарқымша өтеп жүрмін» деп білдірмей мақтанып қоятын. Ғұмыр берсе, әлі де өтей беретінін, көкейін толғандырған көп дүние барын, соларды рет-ретімен жаза бергісі келетінін айтатын. Сыншылар Дидахметтің әңгіме­лерін Бейімбетке ұқсатып жатады. Дұрыс-ақ. Ал оған қоса Дидаш­тың туын­дылары Ғабит Мүсіреповтің ақсүйектігін, биік мәдениетін еске салғандай болады.


Сұлу жазды, жеріне жеткізіп жазды. Өзінің шығармашылығына үлкен талғаммен, сөз өнеріне айрықша құрметпен қарады. Сондықтан да аз жазды, аз жазса да, саз жазды. Сөйтіп, сыршыл да сындарлы туындыларды өмірге әкелді. Сондықтан да оның жазғандарына жалғыз сөз сыналап қоса алмайсың, бір сөзін сызып тастай алмайсың. Жазу мәнері тастай, ұқыпты, сырбаз, жинақы. Сөйлем емес, сөзден соққан монолит дерсің. Мен ондай туындыларды мықты кірпіштен өрілген сәулетті әсем ақсарайға ұқсатамын. Немесе мәрмәр тастан қашалған Роденнің көз арбаған сымбатты мүсіндерін еске түсіремін. Мойындау керек, Дидаш қарасөздің мәйегін шайқап ішкен көркем тілдің тарланбозы, тайпалған жорғасы, әрлі стилисі. Ол шын мәнінде «әдебиетті – ардың ісі» санап, туған тілін кие тұтқан сирек қаламгерлер сапында. Көңілі қаншалықты таза, жүрегі қаншалықты ақ болса – сөз өнеріне, әдебиетке соншалықты адал болды. Көркем аудармада да әжептәуір мұра қалдырды. 


Жасынан Джек Лондонды жақсы көретін, романтикалық табиғатын жанына жақын тартты, содан ба, «Мартин Иден» романын, біршама әңгімелерін қазақшалады. Өзі де алғашқы әңгімелерін өмірден көп қиындық көрген осы жанкешті жазушыға еліктеп жазғаны мәлім. Джон Голсуорсиді аударды. Біз Дидаштың аудармаларын классикаға балайтын едік. Ол осындай аудармалар арқылы әдебиет алыптарынан жазу мәнерін үйренді, шеберлігін шыңдады, өзіне тән жазушылық дара мәдениетін қалыптастырды. Оның көркем шығармаларымен қоса, публицистикалық мақала­ларында да елдік мұрат, ұлттық мүдде сарыны әрдайым аңқып тұрады. Қоғам өміріндегі өзгеріс­терге өз үнін қосып, азаматтық сөзін айтудан әсте жаңылған жоқ. Дидахмет бір интервьюінде былай дейді: «Зиялы қауым ең алдымен ұлттың бірлігін ойлауы керек, соның жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Ұлтты сақтау – мемлекетті сақтау деген ұғым. Біз әрдайым ұлт деген сөзді мемлекет ұғымында пайдаланамыз. Сыртқы күштер бізді іштей ірітуге барын салуда, олар күндіз-түні осы бағытта жұмыс жасап жатқандарын ешқашан естен шығармайық». Бас қосып әңгімелесе қалған­да ол адам бойындағы рух мәселесіне жиі-жиі айналып соға беретін. «Рухы жоқтың намысы да жоқтығын» айтатын. Ал намысы жоқ халық – тобыр, ондай тобыр айтқанға көніп, айдауға жүре береді, малдан ешбір айырмашылығы болмай қалады. 


Қазақтар осыншалық байтақ территорияны қалай сақтап келді дегенде, «қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» деп жатамыз. Дұрыс-ақ! Бірақ ең бас­тысы – жерімізді біздің бабалар рухтың күшімен сақтап қалғаны айтыла бермейді. Содан кейін тілдің бірлігі, салт-дәстүрдің, мейрамдар мен той-томалақтың ортақтығы шешуші фактор болды. Рухы күшті халық қана құрып кетпей, тарих сахнасында аман қалды. Дидаш жазып кеткен тағылымға толы мына бір қағидатты өз басым бүгінде аманаттай қабылдаймын: «Егер сіз тым болмағанда бір айда бір қазақ кітабын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір парыздан құтылғаныңыз. Егер сіз келесі жылға тым болмағанда бір баспасөзге жазылсаңыз – ұлттық намысыңыздың сәл де болса оянғаны. Егер сіз ана тіліңіздегі сол кітап пен баспасөзді ыждағатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені. Егер сіз оқығаныңызды төңірегіңізге айтып, насихаттай жүрсеңіз – онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұмтылғаны. Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің еңсесін, рухын көтере білейік. 


Рухты көтеретін ұлы күш – әдебиет пен баспасөз. Ендеше, бәріміз жиылып осы әдебиет пен баспасөздің көсегесін көгертуге ұмтылайық!». Дидаш сөйте тұра, өзіне ешқа­шан көңілі толмай кеткен қалам­гердің бірі. «Мен өз мүмкіндігін пайдалана алмаған адамдар қата­рынанмын, – дейді ол. – Маған Алла сезім де, жүрек те берген, есте сақтау қабілетім де жақсы. Маған тек екі нәрсені бермепті. Ол – даңққұмарлық пен ақшақұмарлық. Шіркін, деп ойлаймын, егер осы қасиеттер бойымда болғанда мен талай дүниені бітірер едім. Осы екеуін бергенде, олар маған керемет қозғаушы күш болар еді. Байқап отырсам, мен әдебиетті жүрдім-бардым ермек етіп, оның соңына бар ықыласыммен шындап түсе де алмаппын. Шындап соңына түскендей болсам, бүгінде талай биікке жетерім даусыз еді». Дидаштың маңайындағы адам­­дар­мен қарым-қатынасын, жал­пы кісі­лік қасиетін айтпаса та­ғы бол­мас… Көп­шілік оның үлкен­ге құрмет, кішіге ізет дегендей, жұм­сақ даусын, иіліп тұратын кіші­пейіл мінезін жақсы біледі. Енді біреулер оның шапшаң сөйлеп, шалт қимылдар күйгелектігін де көрген шығар. 


Ал біз білетін Дидаш намысшыл жан, басынан сөз асырған емес, жайы келсе бастықты да, басқаны да бір сөзбен орнына қоятын, турасын айтып салатын шалдуарлығы тағы бар. Бойындағы осындай аусарлау мінезі туралы Дидаштың өзі былай дейді: «Мен өзі мінезі күрделі адаммын. Басымнан ешуақытта сөз асырмаймын. Оралхан болсын, Қалихан болсын, көзқарасымыз қайшы келіп қалғанда, олар менің ағам екен-ау деп ойлаған емеспін. «Аға, мынауыңыз дұрыс емес», деп қойып қалатын да кезім көп болған. Оралханның маған қатты ренжіген сәттері де бар. Қалихан ағам түсінетін. Катонқарағайға ойрат елі жақын ғой, таудың арғы бетінде ғана, соны мегзеп: «Әй, осының арғы тегінде қалмақтың қаны бар шығар», – деп қалжыңға сүйейтін де қоятын. Былайғы кез­де көңілім жұмсақ жанмын, кіші­пейілмін, үлкенді де, кішіні де рен­жіт­кім жоқ. Ал принципке, әділет­ке келгенде мүлде басқа адам бо­лып кетем. Шындыққа кел­­генде алдымда атам тұрса да маған бәрі­бір. Бетке айтып салам да, қай­қайып жүре берем. Иілер жерде бес жасар баланың алдында да иіле салам». Қалай болғанда да, Дидаш­тың достарымен, қаламгер әріп­тестерімен қарым-қатынасы кімге де үлгі болғандай-тын. 


Ақжарқын жайсаң мінезді Дидаштың көңілі жарасқан достары әр өңірде толып жатыр. Ал жандары жарасқан дос­тары санаулы еді. Олар Құлбек пен Тұрсын, Сауытбек пен Әбдімүтәл болатын. Бұларға деген оның құрметі бөлек-ті, қай­да жүрсе де аузынан тастамай, мақтауларын жеріне жеткізіп айтып жүрді. Дидаштың өзінің соңынан ерген талантты жастарға деген қамқорлығы да ерекше болатын. Соның жарқын мысалы ретінде Талаптан Ахметжанов інімізді еске алуға болады. Елде жүрген Талаптанның қаламының қуатын сезіп, ауданнан облысқа алдырды. Кейін облыстан Алматыға шақыртты. Ақыры ағасының артқан үмітін Талаптан артығымен ақтады. Кесек ойлы кемел жазушыға айналды. Екеуінің ағалы-інілі жарастығы адам қызыққандай сыйластықта өтті. Өмір – жалған, ажал – ақиқат екені даусыз. Ақиқаттан қашып құтыла алмайсың. Соны біле тұра ойлап кетсең болды – көкірегің қарс айырылады, жүрегің қан жылайды. Болған іске қамырық көңіл сенер емес. «Бұл өмірде Дидаш енді жоқ», деген ұғым қиялыңа сыймайды. Бейнебір, осының бәрі түс секілді, бір серпіліп көзіңді ашсаң – бәрі де өз орнына келетіндей, бәз-баяғыша бола қалатындай көрінеді де тұрады. Дидахмет Әшімханұлындай сырбаз қаламгерді енді қайдан табамыз деп іштей мүжілемін. Соңғы кезде көзі нашарлап кетіп еді, ол да бір себеп пе деймін қамығып. Рас, жазушы үшін жанардан қалу қасірет. Дидаш та оқудан қалды, жазуды доғарды, тіпті, теледидар көруге де тыйым салды дәрігерлер. Көзіне екі мәрте ота жасалды, нар­коз берілді…


Соның бәрі қосыл­ғанда өзі бұрыннан дімкәс жүрек шыдамаған-ау, тегі! Жалғыз ұлы да кештеу үйленіп, немересінің қызығына тоймай кеткені де күйзелтеді. Ұзақ күткен немересінің шілдеханасына бір-ақ күн қалып еді. «Ертең маған келіңдер, Астанадан, Алматыдан достарымды, Шымкенттен құда­ларымды шақырып, айды аспанға шығарып бір тойлаймын», деп қуаныш үстінде жүргенде қайтпас сапарға кете барды. Үш айлық немересі кейін өскенде жазушы атасын суреттен ғана көретін болды, аяулы атасын аңсайтын болды. «Дүние – жалған» деген осы… Елге барған бұл жолы Бұқ­тырманы жағалап, аңғар бойын аралап жападан жалғыз біраз жүріп қайттым. Дидахмет жырлаған самыр­сынның сазына құлақ түрдім. Алтайдың күңіренгенін естідім, орманның ыңыранғанын сездім. 


Біреу дүниеге келеді, біреу дүниеден көшеді. Бәрі де өмір заңы. Ешкім де мың жасамайды, дүниенің тұтқасы болған пенде тағы жоқ. Ол да ақиқат. Ол ақиқатты данышпан Абай да айтып кеткен. Пенденің сұрағаны болмайды, Алланың қалағаны болады. Алайда, «жүрекке түскен салмақ айтса жеңілдейді» деседі. Артық кетсек, кешірім өтінеміз. Бірақ, біз де осы жолдарды егіліп отырып, жақсылық ниетпен, ізгілік үмітпен жазып тастадық. Бұл сөзімді абзал досына ғана емес, оның азаматтық тұлғасына да емес, төл әдебиетімізді әлі біраз сапалық белеске көтере алатын дара дарын, үлкен талантқа арналған РЕКВИЕМ деп қабыл алыңыздар.

 

Әлібек Асқаров

жазушы

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар