Қазақ қара сөзінің хас шебері дүниеден өтті
Бөлісу:
17.11.2014
3086
Қазақ әдебиеті тағы бір қарымды қаламгерінен, қазақ қара сөзінің хас шеберінен айырылып қалды. Белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Б.Майлин атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Қоғабай Сәрсекеев 75 жасында дүниеден өтті.
Қаламгердің алғашқы әңгімелері 1950 жылдардың ортасынан бастап шыға бастады. «Кілт» (1967), «Қараша қаздар» (1974) деп аталатын әңгіме-повестер жинағы жарық көрді. «Қол мерген», «Кесте орамал», «Ыбырай Алтынсарин», «Мұңлық-Зарлық», «Фатима», «Ашудас», «Сарбаздар» сияқты пьесалары республикалық театрларда қойылған. Халық батыры А.Иманов туралы романының алғашқы бөлігі 1979 жылы, жалғасы саналатын «Заманақыр» кітабы 1990 жылы «Жазушы» баспасынан, орыс тілінде «Смута» деген атпен «Жалын» баспасынан жарық көрді. «1937 жыл» дейтін әңгімесі 1998 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеке кітап болып шықты. «Жол үстіндегі әңгіме», «Ұлы ұстаз немесе – Ахмет Байтұрсынов жайлы ой түйін», «Портреттер», «Үш арыс», «Үш таным», «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп аталатын әңгіме-эсселері мен екі томдық таңдамалы жинағы (1999) жарық көрді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Қостанай, Торғай қалаларының Құрметті азаматы. Халықаралық ақпараттану академиясының, Халықаралық Еуразия академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Францияның «SPІ» алтын медалі мен Халықаралық ақпараттану академиясы алтын медалінің иегері.
Барша қазақ еліне, әдебиет сүйер қауымға қаламгер қазасына орай қайғырып көңіл айтамыз. Қоғабай қаламгердің бейнесі жүректе жатталып, шығармашылығы ойда тоқылып, өнегесі ұмытылмай, тағылымы ұрпақтар көкірегінде мәңгі сақталады.
adebiportal.kz
Бөлісу: