Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Майра Мұратбекова. «Аяулы ағатайым шын мәніндегі қ...

01.05.2025 3607

Майра Мұратбекова. «Аяулы ағатайым шын мәніндегі қамқоршым еді...»

Майра Мұратбекова. «Аяулы ағатайым шын мәніндегі қамқоршым еді...» - adebiportal.kz

Сайын Мұратбеков – қарапайымдылық арқылы тереңдікке жеткен жазушы. Ең бірінші адам жанын терең түсінуінен де біз Сайынды оқи береміз. Жазушы оқырманмен сөз жарыстырмайды, оның жанына еніп, бірге отырып сөйлескендей болады. Қаламгер шығармаларында мемлекет, соғыс, уақыт, тарих деген ұлы тақырыптар қарапайым адамдар арқылы беріледі. Оқырман жалықпайды, керісінше, әр адам өзін сол кейіпкермен байланыстыра алады.

Сайын Мұратбеков жазуда күрделі болуға тырыспады, дәл осы шынайылығы, қарапайым тілмен әңгімелеуі  – оны нағыз шебер етті. Тілінің қарапайымдылығы – терең мазмұнның сыртқы киімі. Жазушы күрделі метафора, аллегория іздемейді. Ол қарапайым сөйлеммен де адам жанының тұңғиығына бойлайды. Бұл – шынайылықтың, адамға жақын болудың ең ұлы көркем тәсілі. Сайын Мұратбековтегі мұң жасанды драма емес, бұл  оқырманның өзімен үндесетін шын мұң. Мысалы, «Жусан иісіндегі» мұң бөлек, ал жусан  – тек даланың жай шөбі емес, ол балалық шақ, сағыныш, Отан, бейбіт өмірдің символы.

Жазушының – мөлдірлігі, табиғилығы, сыршыл лиризмі мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары көрініп тұратын «Менің қарындасым» әңгімесін көбіміз білеміз. Бұл әңгіме жазушының нақты өз қарындасына арналуы немесе арналмауы мүмкін, бірақ, бәрібір де өн бойында ағаның қарындасқа деген бір ізгі ниеті бары анық. Сайын Мұратбековтің өз аузымен айтқан: «Мұратбектің өзінен жалғыз ұл болған екен, Баймұхамбет деген. Одан Сапарғали, Дінәш деген екі ұл болыпты. Мен сол Сапарғалидың үлкенімін. Біз бес ұл, екі қызбыз, қазір көпшілігі Талдықорған қаласында тұрады. Ең кішіміз – Майра. Майра менің жақсы көретін қарындасым. Өзі жас кезінен өжет, ізденгіш, білім алуға құштар болды», – дегені бар видео үзікті көрдік. Бүгін, міне, Сайын Мұратбековтің туған қарындасы Майра Мұратбековамен сұхбатымызды жариялап отырмыз.  Майра апай «Әдебиет порталына» ағасы жайында бір жақсы естелік айтып берген еді.

- Майра апай, осы сұхбат барысында өзіңізбен бірнеше қайтара хабарласып отырдық. Әңгіме барысында ағаңыз жайлы ерекше зор ілтипатпен, құрметпен еске алған сағынышыңызды байқадық. Бұл бір аға мен қарындастың үлкен сыйластығы шығар деп топшыладық. 

- Ағамызды еске  алып, оқырмандармен бөлісіп отырғандарыңыз үшін зор рақмет. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ағаның «Жабайы алма» повесіндегі соғыс кезіндегі қазақ ауылы мен ондағы қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген жас балалардың тұрмыс-тіршілігін бүгінгі жастарға көрсетудің тəрбиелік мəні зор деп ойлаймын. Жуырда «Жабайы алма» повесінің негізінде телехикая түсірілді – бұл да қуанышты жаңалық. Бұйыртса, 9 мамырда көрсетіледі. 

- Жақсылық құтты болсын, апай! Телехикая сәтті шығып, көрермені көп болсын дейік. Алдымен біздің оқырмандарға өзіңіз жайлы аз кем-айтып өтсеңіз. «Жақсының көзін» түсіруге Алматыға барамыз, Талдықорғанға жете алмасақ өзіңіз келесіз бе?» деп хабарласып, одан жоспар өзгеріп кетіп, өзіміз ыңғайсызданып едік. Сонда сіз түсіністік танытып, аудиосұхбатқа келістіңіз. Ол үшін рахмет. Сөйлеу мәнеріңіз, ұстамыңызға қарап мұғалім бе екен деп ойлағанбыз. Және Сайын Мұратбековтің қарындасы болғаныңыз өз алдына, қоғам ішіндегі адам екеніңіз аңғарылды. Сіздің де әдебиетке қатысыңыз бар ма екен дегеніміз ғой. 

- Енді өзім жайында айтатын болсам, жеті ағайындымыз, сол баланың ең кішісімін. Мен 1952 жылы 5 мамырда дүниеге келгенмін. ҚазМУ-дің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдігі мамандығын, ҚазПИ-дің дефектология бөлімін, Мәскеуден бір жылдық курс бітіргенмін. 

Қыз бала болғандықтан шығар, ерке өстім. Ағам мені ерекше жақсы көрді. Ешкімге көп бағына бермейді екенмін, бірақ, аға келгенде иіліп, сол кісіге жақындап, қасында жүріп, шашымды өргізіп, шашымды қиғызып, бағынады екенмін. Ол кісі қаладан келген сайын қаладан сәлем-сауқат әкелетін, кітап па, қарындаш па... 1959 жылы бардым ғой бірінші класқа, сол кездегі жоқ дүниелерді әкеліп беретін. Әйтеуір, көп қамқорлық жасаған. 1969 жылы мектеп бітіру кешіме жеңгем екеуі келгенде аппақ жейде, ақ туфли әкелгені ешуақытта есімнен кетпейді. Ол кезде көп нәрсе жоқ, қат болған кез ғой. «Майруша» дейтін ағам мені. Ең соңғы сапарына кеткенше солай айтты. «Майруша, біз сені алып кетеміз. Оқуың керек, Алматыға барасың, оқисың» деп ағам алып кетіп, ҚазМУ-ге оқуға түстім, ағам мен жеңгемнің тәрбиесінде болдым. Сол кезде де ағаның қамқорлығы көп болды. Арасында әңгімелесіп, «университеттеріңде не жаңалық бар» деп сұрап қоятын. Одан Мәскеуге оқуға кетті. Іссапарға көп баратын, қай жерге бармасын, ылғи сыйлық әкелетін. Бір барғанда бір уыс қана сыйлық берді. Ішін ашсақ, сол кезде елде жоқ баллон плащ екен. Енді шыға бастаған кезі. Кереметтей дүние. Мен оны университетке киіп келіп, құрбыларыма мақтанып, сол қуаныш болған. Енді бірде қаракөлден шуба әкеліп берді. Бұл да керемет еді. Енді бір келгенде етік әкелді, ол кезде етік те қат еді. Бұның барлығы ағамның маған қамқорлығы ғой деймін. Ештеңеден кенде қылғысы келмейтін. Ертесі сабаққа кетіп бара жатсам, «Майруша, ақшаң бар ма» деп қалтама ақша салушы еді. «Бар ғой, жеңгем берген» десем де, «Құрбыларыңмен киноға барасың ғой» дейтін. Соның барлығы керемет дүниелер екен. Сен дұрыс байқап отырсың, өзіміз біраз жасқа келіп, өткенді еске алсаң бәрі ойыңа оралады... 

Жазғы, қысқы демалыстарда ауылға келемін, демалыстан соң Алматыға келгенде ағам: «Біз Майруша екеуміз біраз әңгімелесейік, – деп ауылдың бар жанын сұрап шығатын, екеуміз ұзақ отырушы едік. «Анау қалай екен, мынаның жағдайы қалай екен» деп сұрайды, сонда қалай ұмытпайды екен деп ойлаймын, ауылға жиі бармаса да, кімнің кім екенін ұмытпай түгел сұрап шығатын. Бәрінің жағдайын сұрайтын, қар қалай түсіпті, егін егіліп пе, қой қырқылып па деп. Үлкен кісілердің жағдайларын сұрайтын, сонда ішімнен ренжитінмін, «бәрін неғып сұрай береді екен осы кісі» деп. Мен біреуін білсем, біреуін білмей жатамын. «Бәрі жақсы ғой» деп қоятынмын. Не үшін қалдырмай сұрайтынын кейін түсіндік, әрине. 

Өзінің әңгімелерін жазғанда «ананы жазып жатырмын, мынаны жазып жатырмын» деп айтпайтын. Бірақ үнемі ауыл адамдарын, туыстарды сұрап отыратын. Оқуды бітіргеннен кейін ауылға қайттым, Талдықорған қаласында мектепте жұмыс істедім. Бір жылдай мұғалім, директордың орынбасары, директор болып, одан ұзақ жыл облыстық оқу бөлімінде, облыстық атқару комитетінде жұмыс істедім. Ағам халімізді сұрап, біліп  тұратын. Мен де барып тұратынмын. 

- Сайын ағамыз туған шаңырақ қандай еді, бүгінде сол жақсының көзінен кімдер бар? Сайын ағаның үйіндегі Мариям жеңгей қайтыс болған екен, қызы Райгүл де... жалпы ол кісінің өзінің отбасы жайында да оқырмандарға мағлұмат бере кетсеңіз.

- Сайын ағамыз бен Мариям жеңгеміздің отбасында бір ұл, екі қыз болды. Ең үлкені – Райгүл, ол 1959 жылы туған. Ағамыз Райгүлді ерекше жақсы көретін. Ол Алматыдағы №12 қазақ мектебін бітіріп, Шет тілдер институтын тəмамдап, Киевте аспирантураны бітіріп, университетте сабақ беріп жүрген кезінде жолдасымен бірге Америкада жұмыс істеді. Бір ұлдары бар – Асыл. Өкінішке қарай, Райгүл инфаркт алып, 2005 жылы қайтыс болды. Бұл жағдай ағамызға өте ауыр тиді. Ауру кімді жеңбейді дейсің, Райгүл қайтыс болғаннан кейін ағам қатты қайғырды, денсаулығы сыр берді. Балаларының арасында Райгүлді ерекше жақсы көретін. Ақыры сол аурудың салдарынан көз жұмды. 2023 жылы екі күн ауырып, ұлы Əлім де дүниеден озды. Екеуі де жас кетті. Қайғылы жағдай болса да, артында қызы Құралай мен немерелері қалды.

- Сайын ағамыз, өзіңіз өскен ыстық ұя туралы естелікке кезек берсек. Жазушының ата-анасы қандай адамдар екен деген сұрақ оқырман үшін де қызық шығар. Ағаңыз қай кезден бастап жазуымен көзге түсе бастаған екен?

-Жаңа айттым, отбасында жеті бала болдық. Сайын ағамыз – үйдің үлкені. Ол 1936 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарасты Қоңыр ауылында дүниеге келген. Əкеміз Сапарғали 1941 жылдың күзінде соғысқа кетеді. Артынша, ауру салдарынан Разия анамыз қайтыс болады. Бес жастағы Сайын атасы Мұратбектің қолында қалады. Сұрапыл соғыс кімді аясын – қанша ағайын-туыс болса да, əркімнің өз отбасы бар.  Келіншектер мен буындары қатпаған жас балалар, жасы келген үлкендер ғана ауылда қалады. Ауылдың ауыр тіршілігі жас балаларды ерте есейтті. Əкеміз атты əскер дивизиясында болып, Смоленск қаласының жанында екі рет жараланып, 1943 жылдың күзіне қарай соғысқа жарамсыз болған соң елге қайтады. Келе салысымен, ауырып тұрса да, ауылда бас көтерер адам болмағандықтан, колхоз жұмысын қолына алып, соғысқа азық-түлік, киім-кешек дайындауға кіріседі. Жалпы, əкеміз бен анамыз – көзі ашық, оқыған жандар. Əкеміз кезінде төте (арабша) жазуды меңгерген, батырлар жырын, қиссаларды жатқа айтатын, өзі де аздап өлең жазатын кісі болған. Анамыз 1938 жылы ауылда алғашқы медпунктті ұйымдастырып, сол жерде 45 жыл еңбек етіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген дəрігері» атағын алып, зейнетке шыққан. 

(“Мына суретте ата-анамыздың жас кездері”, - дейді Майра апай).

Ағаның кітапқа деген құмарлығы, көп нəрсені білгісі келетіні жас кезінен байқалған. Əкеміз ауылда төрт сыныпты оқытып, бесінші сыныпқа өткенде қаладағы нағашы апасының қолына жібереді. Нағашы апамыз да көзі ашық, оқыған адам болған. Ағамызды Талдықорған қаласындағы қазақ мектебіне береді. Ол мектеп –  ЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы мектеп болатын.  Сол мектептен оныншы сыныпты бітіріп шықты. Əдебиетке деген қызығушылығы да осы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ байқалған. Аудандық, облыстық газеттерде мақалалары, фельетондары шығып тұратын. Демалысқа үйге келгенде де бір тыным таппай, інілерін ұйымдастырып, кірпіш құю, малға қора салу, үйдің төбесіне лай жағу, үйдің сыртын сылау сияқты толып жатқан жұмыстарды атқарушы еді (бұрындары тоқал там болатын, соның үстіне лай салатын).

Бауырлар.

- Бәсе, Сайын ағайдың туған жеріне, ауылға деген ықыласы бөлек болғаны оның әңгімелерінен байқалады. Ол кісінің атын Сайын деп қойғанда бір мән бар сияқты көрінеді. Бұның тарихын білмейсіз бе?  «Жусан иiсi», «Кәментоғай», «Көкорай», «Күсен-Күсеке»,  «Басында Үшқараның»... бұлардың бәрінде де осы сайын даланың өмірі, оқиғалары тұр. 

- Сайын ағамыз дүниеге келгенде, əкеміз: «Баламның атын Сайын деп қоямын, Ер Сайын сияқты нағыз азамат болсын», – деп ырымдаған екен. Сайын ағамыздың əңгімелерінде ауыл өмірі, ауылдағы адамдардың көрген қиыншылықтары мен қуаныштары, адалдықтары, шынайы махаббаттары, өмірге деген құлшыныстары суреттеледі. Бұл адамдардың көпшілігі – ағаның өзі туып-өскен ауылдың адамдары. Біз де сол ауылда өстік. Шығарманы оқи отырып, өз ауылыңның тынысын, ондағы адамдарды (кейіпкерлерді) танып, мұның бəрі өмір шындығы екенін түсінесің. 

(Ағаның мектепте мұғалім болған кезі, оқушылармен бірге)

Осы жерде айта кетейін, біздің Қоңыраулының аржағында Ешкіөлмес деген кішкентай ғана тау бар. Ешкіөлместің бауырында Қызылжұлдыз деген ауыл болған. «Жабайы алма», «Жусан иісі» деген әңгімелердің төркіні сол жерден шыққан. Ағаның тағы бір ерекшелігі – ауылға келгенде ерте тұрып, Қызыл жұлдыз бен Қоңырдың арасы үлкен құз, соның арасынан өтіп, жабайы алмаға кетіп қалатын, тауға шығатын. Таңертең бәрі құрақ ұшып ас дайындап, «ойбай, Сайынды оятайық» дегенде ол тоғызға дейін тауға барып қайтып келетін. Таудың арасынан тұма су ағатын, соны бөтелкеге құйып әкелетін.

- Жазушылық қабілеті бар адам о бастан сезімтал, байқағыштығы басым болады дейді, бала кезінде ағай қандай еді? Жазуды мектепте жүргенде бастаған екен. Қандай қылықтары мен мінездері есіңізде қалды?

-  Мектепте жүргенде әңгімелер, өлеңдер, фельетондар жазушы еді. Солардың барлығы облыстық, аудандық газетте шығатын. Аға менен біраз жас үлкен болды, мен жас болдым, көп нәрсені сақтай алмадым. 

"Аға, сіз осы мектепте жүргенде бір фельтон жазыпсыз ғой, сол жайында айтып беріңізші», - дегенде күліп сол кездегі ағаның өз айтқаны бар еді: 

«Ой, ол кезде балалық шақ. Оныншы оқып жүрген кезім еді. Жазғы демалысқа барғанбыз, ол кезде тоқал там ғой, біз бір жағында тұрсақ, дәл қасымызда колхоздың бастығы тұрды. Менің әкем колхозда парторг болды, екі үйдің балалары ойнап, араласып жүре береміз. Жаздыгүні колхозға «Победа» мәшинесін беріпті, бастықтың алғашқы қосағы қайтыс болып, жаңадан үйленген, сол кісі дүкенге барса да, қонаққа барса да «Победаға» отырып барады. Фельетон жазып, оған «Көгілдір көкшіл Победа» деп ат қойып аудандық газетке бердім, ол кезде баламыз, ойымда ештеңе жоқ, жазғаным «үкіметтің мәшинесімен колхоздың бастығы емес, оның әйелі жүреді, бастық оның әйелі сияқты» деген мағынада. Ертеңінде ауданнан комиссия тексеруге келді. Содан комиссия келгенде ауыл у да шу. «Ойбай, Сапеке, сенің балаң менің үстімнен осындай жазыпты» деп бастық ренжіп, әкем баласын іздейді. Ол кезде апамыз бар еді, дереу мені төсектің астына жасырды. Әкем ашуланып іздеп жүр, ұрсайын, ұрайын деген бе, кім біледі. Апамыз қараңғы түскенде мені Талдықорғанға қайтарып жіберді. Одан кейін де «Сиырмен айтысқан бригадир» деп фельетон жазып, бригадирді жұмыстан алып тастаған оқиға болған. Ол кезде көрген-білгенімді жазып едім». 

Міне, осындай жағдайлар болған.

- Жазушы шығармасына негіз етіп алар оқиғаны, кейіпкерді негізі өзінің өмірінен алатыны мәлім. Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қуынышы кем балалық шақты сомдайтын «Жусан иісін» бәрі біледі. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын жылдарға тап келген жазушының көргенін, көңілге түйгенін прозаға арқау еткенін білеміз.  «Жабайы алма» осындай ерекше шығарма болды, кейін «Қалың қары» сыйлыққа ұсынылды. Бұндағы адамдардың прототиптері қазір өмірде бар ма?

- «Күсен Күсеке», «Отау үй», «Жабайы алма», «Жусан иісі» шығармаларындағы кейіпкерлер – біздің ауылдың адамдары. Мысалы, «Жусан иісіндегі» Аян – оның балалық шағы, көрген қиыншылығы, жетімдіктің зардабын тартып өскен, сол қиындықтарға қарамастан ел құрметіне бөленген азамат – Керімбеков Наухан. Бүгінде ағаның кейіпкерлері де аз қалды. Наухан ағамыз да дүниеден озды.

(Суретте Наухан ағай мен Майра апай).

Жазушының біздің «Әдебиет порталында» бір кезде Әмірхан Балқыбекке берген сұхбаты бар екен, онда сұрақтарға ықшам ғана жауап берген. Былайша айтқанда көсіліп отырмайды екен. Жалпы ол кісі табиғатында тұйық па еді? Мінезі қандай еді?

- Ағамыз өте жұмсақ, сыпайы, еш уақытта дауыс көтермейтін адам болатын. Бауырларына да, балаларына да ашуланып дауыс көтермейтін. Бəрін ақылмен шешіп, асықпай, жай ғана отырып сөйлесетін. Əкеміз де сондай жайлы адам еді.

- Ағаңыздың өмірінің соңғы сәттері есіңізде ме? Қай естелік жаныңызды толқытады?

- Ағаның өмірінің соңғы күндері жайлы сұрап отырсыз ғой. Әпкем екеуміз бардық. Ағамыз жүдеп қалған. «Ауру жеңіп барады, өмір осылай өтеді екен» деген еді сонда. Үшеуміз отырып ұзақ әңгімелестік. Бауырларының әрқайсысына тоқталды. «Ең кішкентайымыз Майра еді, ол да біраз жасқа келді, бір-біріңнен ажырамаңдар», - деп сөзін айтты. Жетпіс жаста кетіп қалғаны қабырғамызды қайыстырды. Әке орнында әке болған аяулы адам, әр нәрсені сол кісімен ақылдасып шешуші едік. Қимасақ та, жазмышқа ештеңе жасай алмайсың. Райгүлден үміттеніп еді, оның қазасы қатты батты, соны көп айтып кетті. 

- Кеше «Әбіш ағамыздың немересінен алған сұхбат өте ұнады, ол кісіні бірнеше рет көрдім, ағаларымызды «бес тапал» дейді ғой, сол бес тапалдың бірі сол кісі» деп жатырсыз, осы жөнінде де айтыңызшы. Ол кезде ағалар неше жаста, өздері қандай еді, есіңізде не қалды?

- Ағаның достары көп болды. Өзі де көпшіл, қонақжай адам еді. Мен университетте оқып жүргенде, ағаның үйінде тұрдым дедім ғой, сол кезде ағаның жолдастарын – қазіргі ірі тұлғаларды үйге келгенде көретінмін. Əкім аға, Қалихан, Рамазан, Қабдеш, Жұмекен, Əбіш, Олжас, Мағзұм, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев сынды зиялы қауым өкілдерін көріп, сəлемдескеннің өзі – үлкен бақыт еді.

- Сол Әбіш ағай Сайын ағаның прозасы туралы: «Табиғаты әсем өлкеде туған суреткер көзін аша сала көрген әлемді сөзбен тіркеуге тырысты. Миуалы дүниенің мәуесін мәпелеп тірлік кешкен бағбан ортаның биязы да бипаз құлығын сол қалпында сөзбен жеткізуге ұмтылды. Шалғынның сусылы мен бұлақтың сылдырын тыңдап өскен нәзік сезім тіршілікті пәк қалпында түйсініп, түсініп, өзгелерді де сұлулыққа еліктіре біледі. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ сөз өнері жәрмеңкесінің бір төрінде – Жетісу бағынан жаңа үзіп әкелген бір себет миуадай жұпар аңқып бір үйір кітаптар тұрар. Ол – Сайын Мұратбековтің әңгімелері мен хикаяттары. Дер кезінде жұлынған жемістердей шырыны да сүйкімін таныта алатындай сындарлы туыңдылар», – деп пікір білдірген екен.

- Иə, Əбіш Кекілбаев ағамызды алғаш рет ағамның Жазушылар одағындағы жұмыс бөлмесінде көрдім. Екеуі əңгімелесіп отыр екен. Есікті ақырын қағып, ішке қарап едім – «кір» деді. Сəлемдесіп, жүрексіне кірдім. Аға «менің қарындасым ғой» деді. «Ə, жақсы, жақсы» деп күлімдеп амандасты. Ісімді тез бітіріп, «Сау болыңыздар» деп шығып кеттім. Екінші рет ағамның үйіне келгенде: «Жақсы ма, қалқам?»– деп амандасты. Əбіш ағамыздың «Үркер», «Аңыздың ақыры» романдарымен, «Алтын шуақ» өлеңдер жинағымен таныспын.

- Кейде өзі қатарлас жазушылардың «Сайын қызметке кетпегенде әдебиетке бұдан да көп қазына қалдырар еді» деген пікірі естіліп қалады. Ол кісінің жарияланбай қалған дүниелері, кейін табылған жазбалары жоқ па? 

-Ағаның шығармашылығы туралы өздеріңіз жақсы білесіздер. Соның ішінде «Менің қарындасым» повесі –  ағаның алғашқы шығармасы. Əрине, ол мен туралы деп айта алмаймын. Ағамызға тете əпкеміз – Мағрипа, сол кісіні кейіпкер ете отырып, барлық қазақ қыздарының бойындағы жақсы қасиеттерді – үлкенді сыйлау, адамгершілік, таза махаббатты көрсете білген деп ойлаймын.

- Майра апай, Сайын ағаның ішкі тереңдік пен сыртқы қарапайымдықты шебер ұштастырған шығармаларының бірі «Басында Үшқараның» деп аталатын әңгімесі ғой. Ол шынында да мұң мен сағынышқа, адамның ішкі әлеміне үңілуге құрылған. Осы әңгімесі Әкім Таразиге арналған деген рас па?

- Бір кезде Сайын ағамыз Әкім ағамен сол кісінің ауылына барады. Сол жерде демалып, табиғатты көріп қайтады ғой. Келгеннен кейін «Басында Үшқараның» деген әңгімесін жазады. Көпшіліктің арасында сондай сөз бар. Мүмкін солай шығар. 

- Алматыдағы Зенков пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған екен. Келер жылы 90 жасқа келеді, қандай дайындықтар жүріп жатыр? Халық барда Сайын Мұратбеков бар ғой, оған сөз жоқ. Десе де жазушының туған қарындасы ретінде осы шаруалар істелсе деп ойыңызда жүрген ұсыныс-тілектеріңіз бар шығар?

- Бүгінде Алматыда ағамыз тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Алматы мен Талдықорған қалаларында көшеге аты берілді. Талдықорған қаласындағы мектепке де есімі берілді. 2026 жылы ағаның 90  жылдығы. Осы мерейтой қарсаңында мектептің алдына ескерткіш мүсін қойылса, естелік кітабы жарық көрсе деген ниетіміз бар. Сонымен қатар, басқа да шаралар ұйымдастырылады. Туған ауылында музей ашсақ деген жоспарымыз бар. Ағаның 90 жылдығына дайындық сол – берілген мектептің алдынан ескерткіш қойдырсам деймін. Жылда конкурс жариялайды. Басында облыстық еді, қазір республикалық болып кетті. Сол конкурстан жиналған дүние бар, соны жинақтап кітап шығарсам деймін. Жазушылар одағына барып ағаның тоқсан жылдығын атап өту жайлы ұсыныс айтсам деген мақсат бар. 

- Әңгімеңізге рахмет, Майра апай.

Ескерту. Фотосуреттер Майра Мұратбекованың жеке архивінен алынды. Арасында еш жерде жарық көрмеген фотосуреттер бар. 

 

 

("Ағаның  үйінің қасындағы бақта немерелері, жолдасы және мен").

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар