Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
«Достық, бірлік, ынтымақ!» – ұранымыз!...

01.05.2025 987

«Достық, бірлік, ынтымақ!» – ұранымыз! 12+

«Достық, бірлік, ынтымақ!» – ұранымыз! - adebiportal.kz

Бұл – әсте жалаң ұран емес. Айналаны қауіп-қатердің бұлты торлаған қазіргі заманда татулық пен бірліктің маңызы арта түспесе, тіпті де төмендемек емес.

Адамзаттың мәңгілік аңсары – бейбіт  өмір

Адамзат – Жер шарындағы сан алуан тіршілік иелерінің ішіндегі ақыл-ой, сана-сезімі жоғарысы. Осы тұжырымға сене отырып, мына бір ақпаратқа көз жүгіртелік: «Швейцария статистикалық орталығы ғалымдарының есептеуінше, соңғы бес мың жыл жүзінде, Жер шары тарихында 292 жыл ғана соғыссыз бейбіт өткен екен. 15513 ірілі-ұсақты соғыстар 3 миллиард 640 миллион адамның өмірін жалмаған.» 

Археологиялық қазбаларды зерттеу арқылы ғалымдар адамзат баласының б.з.б 8-7 мың жыл бұрын, яғни неолит дәуірінде-ақ ұйымдасқан соғыстар жүргізе бастағанын дәлелдеген. Демек Жер шарындағы адамзат баласының тарихы – тұтастай алғанда ірілі-ұсақты соғыстар мен қақтығыстар тарихы. Сондықтан да болар, кез келген халықтың ертегілері мен эпостары қазақша айтқанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай өмір кешіпті деген сарында аяталатыны. Бұл да болса адамзат баласының тыныштықтың, бейбітшіліктің, татулықтың қадірін сезінгені, соған деген шынайы аңсары болар.

Тәуелсіз Қазақстан –тыныштық бесігі

1991 жылы КСРО империясы күйреуі нәтижесінде әлемдік картада пайда болған он бес тәуелсіз мемлекеттің бірі – Қазақстан Республикасы. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде әлемдік геосаясаттың «жілігін шағып майын ішкен» білгірлердің көбі-ақ осы жас мемлекеттің бейбіт түрде ырғақты даму жолына түсеріне күмән келтірген болатын. Бұған аргументтер де жетерлік еді. Әсіресе демографиялық көрсеткіштер бойынша ел халқының тым ала-құлалығы, мемлекет құраушы ұлт қазақтардың үлесі қырық-ақ пайызды құрауы, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу барысында күтілетін әлеуметтік дүмпулер т.б. болжанды. 

Бірақ бақытымызға қарай алғашқы жылдарда да, одан кейінгі отыз төрт жыл жүзінде де «бал алушылардың» болжамы расталмады. Қазақстан өзіне ғана тән даму жолымен, ең бастысы ел ішіндегі достық, татулық, бірлікті сақтай отырып, бүгінгі күнге жетті. Бұл – біздің басты жетістігіміз. Бұл жетістікке жетудегі басты негіз – қазақ халқының өзгені жат көрмейтін кеңпейілділігі, асқан төзімділігі, ерекше бауырмалдығы десек, қателеспеспіз. 

 «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында әйгілі саясаткер Збигнев Бжезинский кезінде былай деп атап көрсеткен екен: «Орта Азиядағы бес бірдей жаңа тәуелсіздік алған мемлекеттер арасынан Қазақстан мен Өзбекстан маңызды көшбасшылық рөлге ие. Қазақстан өңірдің қалқаны, ал Өзбекстан – алуан бояулы ұлттық сезімдерді оятушы рухы болып табылады.» 

Айналада алуан түрлі қақтығыстар мен соғыстар үздіксіз жүріліп жатқан қазіргі дәуірде тәуелсіз Қазақстан тыныштықтың пен татулықты ту еткен ел ретінде танылуда.

1 мамыр – Ұлттық бірлік күні

1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланып, бұл күн 1996 жылдан бері тұрақты мерекеленіп келе жатыр. Жалпы алғанда 1 мамыр – әлемнің көптеген елдерінде атап өтілетін танымал мереке. Әсіресе кешегі коммунистік лагерь елдерінде бұл күннің бәсі жоғары болды. 1995 жылдан жаңаша мазмұн беріліп, түрленген Ұлттық бірлік күнінің маңызы ерекше. «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деген сөз бар, қазақта. Иә, өткен отыз төрт жыл жүзінде мемлекетіміз өмірінде қолға келген жетістіктеріміз де, «әттегене-ай!» дейтін өкініштеріміз де болғаны сөзсіз. Дегенмен әлемдегі өркениеттер, мәдениеттер қақтығысының ықпал-күшін, зиянды зардап-салдарларын сезіне отырып, бүгінгі күнімізге шүкіршілік айтуға да болатын шығар, бәлкім? «Өзгенің еркіндігі басталатын жерден сенің еркіндігің аяқталады» дейтін философиялық түйінге саятын болсақ, ірі державалардың мүдде қақтығыстары алаңына айналып, "алыптар көкпарының көк лағы» болып тартылып кетпеуге тырысу – біздің бүгінгі басты ұстанымыз болып отыр. 

Мәдениеттер қақтығысы –  дәуірдің болжалды сипаты

Жер көлемі жағынан әлемдегі алып мемлекеттердің бірі, Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстанның геосаясаттағы маңызы ешқашан төмендеген емес. Орта Азиялық бауырластарға қарағанда, бұл – Қазақстанның ең маңызды да, жауапты ерекшелігі. 

Аралықпын – алтыншы материктей,

Бірақ барша адаммен тең өстім мен, - 

деп Жұбан ақын жырлағанындай, Қазақстан – Еуропа әрі Азия. Алуан өркениеттер мен әр түрлі мәдениеттердің транзиттік көпірі іспетті Қазақстан үшін ұлтаралық татулық пен бірліктің маңызы алдағы кезеңдерде де арта түспесе төмендейтін негіз байқалмайды. Себебі уақыт алға жылжыған сайын айналадығы сан түрлі қақтығыстар саны арта түсуде. Әйгілі саясаттанушы С.Хантингтон: «Жаңа әлемде туындайтын қақтығыстардың басты қозғаушы күші идеология да экономика да болмайды. Адамзат баласы арасындағы ең орасан бөлінушілік негізі мәдениет болады. Ұлт-мемлекеттер әлемдік істердің барынша әлеуетті әрекет иесі ретінде қала береді, бірақ әлемдік саясаттағы негізгі қақтығыстар әр түрлі өркениеттер ауқымындағы ұлттар мен ұлттық топтар арасында жүрілетін болады. Өркениеттер қақтығысы әлемдік саясатта үстемдік етеді. Өркениеттердің мәдени бөліну сызықтары болашақ қақтығыс шебіне айналады», - деп таяу жылдардағы әлемдік өркениеттегі қақтығыстарды болжамдаған екен. Қазіргі әлемде болып жатқан көптеген жағдайларға қарап, осы айтылған болжам әрекет жүзінде ме деп те қалғандаймыз. 

Дегенмен алыс-жуықтағы дүрмекке ілесіп, елдегі тыныштық пен татулықты, бірлік пен берекені бұзып алмауымыз керек. «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дегендей, «Достық, бірлік, ынтымақ!» атты ұранымызды ту етіп, елімізде салтанат құрған бейбітшілікті сақтау – барша жұртымыздың басты мақсаты, қасиетті парызы болса керек-ті. Жалаң ұран, жалған достықтың заманы өтті. Дәуірдің кейінгі жылдардағы сабағы осыған, шынайылыққа үйретті. Халқымыздың бойындағы шынайы асыл қасиеттері арқасында талай сындарлы күндерді сабырмен қарсы алып, еліміздің есейе түсер жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басарымыз сөзсіз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар