Жүрегім нені сезесің?

Бөлісу:

17.08.2015 6945

 

                          

itQ8m06dJc11XtUlSQezW8TkSjM370.jpg

“Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?”-дейді хакім Абай. Иә, болмайды. Жүрек сезімдер бұлағы, ақылдың тұрағы, жүректің көзі ашылса қырағы. Жүрек әркімнің де әміршісі, өмірінің тамыршысы. Содан да мінез, пікір-көзқарасы, өміртану қағидасы, қарым-қатынасы, пендешілігі дейсіз бе, бәрі-бәрісі де жүрекке жүгініп, қалыптасады, танылады.

Жүрек шіркіннің сан қилы сезімдерге толып толқитын да, тебіренетін  де немесе селт етпей-ақ оқыс шешімге келетін кездері де кездеседі. Өйткені сезімдер әркімде әрқалай. Сезімге бай, жаны нәзік сезімталдар жоқ емес,  сезімсіздер де аз емес. Сезім жайын айтып жеткізу, яки күйін шерту оңайдан емес. Сезімдер қатпары қалыңнан да қалың, шексіз, түпсіз-тұңғиық, биіктен де биік, алуан сырлы, қисапсыз қырлы, ызғарлы кейде шуақты, көмескі кейде қуатты, тұрақсыз да тұрақты, мамыражай һәм мазасыз, қалауын қайтіп табасыз?

Тұңғиығына бата алмай, биігіне шыға алмай арып-ашасыз, арпалысып азасыз. Жаның әлденеге құштар боп шарқ ұрады, азапқа салады, әмәндә армандап аңсайды тұрады. Сезімдер солай қылдан нәзік, шертсең-ақ үзіліп кетердей, шертпесең сыздап түбіңе жетердей ме, қалай?! Алайда сол селдей сезімдердің тәттісі де қымбат, ащысы да аяулы. Олай болатыны бұлар сенің ішкі әлемің, сол сәттегі хал күйің, рухың, ақыл-санаң, қуанышың -шаттығың, қамығып – жабығуың.

Жүректегі сезімдер үнін санаулылар ғана қалт жібермей есітіп-ұғады, рухыңа шипа болар жауап қатады, іздегендер оны табады. Мұндай бақ шын дарынның маңдайына жазылып, еншісіне бұйырады. Олар сезімдер тұңғиығына батады, биігіне шығады, күйігін де тартады.

                    



                     Сен менің жүрегімді мазалама,

                    Шыдайды ол қуанышқа, қазаға да,

                    Жүрек деген сезім гой, сезіміме,

                    Сеізммен кел, болмаса мазалама, - деп тебіренген Мұқағали  ең сезімге бай, жаны нәзік ақын, шынайы сезім жыршысы.


Ең сезімтал жазушы, шыншыл дарынды сөз шебері - Бердібек Соқпақбаев болар. «Балалық шаққа саяхатты» ерінмен оқу мүмкін емес. Ол сізді жүрекпен оқуға мәжбүрлейтін повесть. Оқи отырып қосыла қамығасың, егіліп-езілесің, аяғанмен көмек бере алмай қиналған сенің де жүрегің нешеме қилы сезімге толады. Мың мысалдан бір мысал: Тұрдыбектің ауруханада жатып, көрік шоғына пісіп қалған қолына қарамай ағасын ойлаған жігерлі бауырлық сезіміне қайран қаласың! Оның жастығының астына тығып сақтаған кәмпиттерді Бердібекке ұсынғанын оқығанда үнім шықпаса да шыңғырып жылап отырғанымды ес жиғанда бірақ сездім.


Ең сезімтал сері – Кенен Әзірбаев. Кенекемнің әсерлі әндері-ай! Жарықтықтың қарапайым да сырлы сөздері-ай! Оның «Бозторғайының» боздауы мен жүректі қозғауының өзі-ақ неге тұрады?! Оны толық түсініп, сезіну үшін қойшының баласы болу керек шығар бәлкім?


Қол астындағы барша сарбазын баласындай көріп, қас-қабағын бағып бағалаған, қаншама рет қанды қасаптан оларды аман алып шығуға жанын салған ең сезімі күшті қолбасшы - Бауыржан Момышұлы. Сезімтал жандар сирек, сирек те болса бар. Сезіну, сезу ушін Жаратқан сезімтал жүрек бермесе қиын.


Жүректе туып, өмір сүретін сезімдердің ең қымбаты ата - әжеңе, әке-шешеңе, бірге туған бауырға, туған ауылға, туған қара шаңырағың мен қарындас-қауымға, ұл-қыздарың мен ұрпағыңа, ағайын-туғанға, айнымас досқа, сеніскен сырласқа, саналы замандасқа, жақсылығын көрген жақсы ағаға, еңбегің сіңген іні-шәкіртке, басқа да барша көңілде ізі қалған жақсы мен жайсаңдарға деген сағыныш болса керек. Кей - кейде, кейбіреуі тырс етпей жатып алып, сағындырады-ай! Сағыныш сезімі тәтті күй, көңілдің қалауы, жүректің алауы. Қазір телефон заманы. «Даусыңды есітіп қояйын деп едім» дегеннен әріге аспайды. Көбісі шақырмасаң келмейді. Арнап шақырсаң дұшпаның да келеді. «Адамның мейірімі екі көзінде» дегеніңіз қазір ескіріген мәтел.


«Атадан алтау тусаң да бір басыңда жалғыздық» деген рас сөз. Әріге бармай-ақ кеше ғана бір ата мен бір ананың баласы болған, бір ұяда өсіп-өнген алты ағайынды Таласбай баба ұрпақтарының бір-бірінен алыстай түскені қашан?! Бүгін алты ағайынды (Алла көп көрмесін) өзімнің де бауырларымнан қазан – ошағымыздың әлдеқашан бөлектенуі, сол бұрынғының қайталануы, бүгінгі көрінісі. Өйткені «Бірге тумақ бар болса да, бірге жүрмек жоқ» деген. Тек қазіргі қарбалас өмір, қат – қабат тіршілік кей – кейде біздерді аталарымыздан да анағұрлым шапшаң алыстатындай көрінетінін сезіну ойлантпай қоймайды.


Ал, өмір жолында кездескен әлде-қалай күмәнді сәттерде саған қатынасы құбылып шыға келген жандар туғызған жүрек пікірі өте ащы, ащы да болса аяулы екен. Себебі-басыңдағы мұндай тағдырдың тағылымы мол, сабағы сапалы. Айналаңдағылардың аласы да, құласы да анықталып, таныла түседі, олар да өздерін терең таныстыра түседі. Кейде көкейіңнің тереңінен сүйкімсіз сезімдер қозғалып, жаныңды тырналаса да ол жағдайдың саған көрінбей тұрған қайыр-жақсылығы көп екеніне көз жетіп жүр.


Иә, сезімдер, сезімдер... Сан құбылған сезімдер сәулесі  мен әуресі алуан-алуан. Бейне бір мұхиттағы құбылыстардай. Бірде тыныш, бірде толқынды, бірде дауыл туғызған қауіпті цунамидей, оның тереңінде не болып жатқаны көрінбейді.


Мен де өмір теңізінде алапат дауылдар туғызған асау толқындармен арпалыса жүріп өз жағалауыма ұмтылумен келемін. Қолымнан келгенінше білім - тәжірибемді сарп етіп, денсаулығымды аямай, жанымды сала ұрпақтың обал-сауабын бір сәтте есімнен шығармай жауапты қызметімді атқардым.


Енді ше? Бір сәт сол дауылдардың ізі де қалмағандай, меңіреу тыныштық орнағандай, тіпті сен сияқты пенде бұл жалғанда болмағандай, беймәлім жағалауда жалғыз қалғандай күй кешіп, сезінуді қалай көресіз?


Ол аз десеңіз сенім артып, үміт еткендерің немқұрайдылығы мен немкетерлігін сезіну қандай ауыр?!


Досыңа балап, жаныңа жақын санағандарды тірідей жоғалту қандай өкініш?!


Үлкен жолдағы алғашқы қадамына қамқорлық көрсеткен, еңбегің сіңіп, тәрбиелеген кішінің өзі болғандай бола қалуын, алдыңды орағытып өте шығуын көріп, сезіну қандай сүйкімсіз еді?!


Ең дарынды суретші алуан сезімдерді көрстеуге бояу түрін жеткізе алмасы анық. Композитор сезімдер сырын әуендермен әрлеп әлек. Қайсыбір өнер түрін алсаң да сезімдерін жеткізудің ең үздік  амалын таппай арпалысатындай. Ақын-жазушылар да жырлап-толғап, жеріне жеткізе айтып-жазғандай болса да бәрібір сезімдер сипатын тауыса алар емес. Ән-сезім, күй -  сезім, би -  сезім, сурет - сезім, көңіл -  сезім, көз -  сезім, сөз  - сезім, сезім, сезім, сезім.


Сезімдер Жаратушысын терең тануға жетелесе, тапса, табысса адастырмайды екен. Сонда ғана нағыз қамқоршыңмен қауышып, жалғыз емес екеніңді сезесің.


Жар таңдауда жаңылмасаң, ұлың үшін ұялмасаң, қызың үшін қызармасаң, ұрпағыңнан ұзамасаң – зор бақытты сезінетініңізге сеніңіз.


Ең бастысы, ең бастысы денсаулық болсын деңіз!

 

Бәкіртай Батырұлы 

 

 

                                                                                

Бөлісу:

Көп оқылғандар